Әулие Қарахан
“Мың бір түн” қиссасында Әбілхасан Таразидың аты-жөні баспаның қателігінен араб қарпіндегі ұқсас келетін “Т” мен “Д”, “З” мен “Ж” шатастырылып, ашық түрде “Даражи” деп жазылады.
Менің қолыма Махмуд ишанның ұрпағынанда сақталған Қарахандық қожалар Шежіресі тиген соң Абд әл-Хасан Қараханидың Абд ар-Рахимның (р.а.) екінші ұлы екеніне ешбір күмәнім қалмады. Осы сенімімді пысықтай түсу үшін “Нұр әл-Улумның” орысша мәтінін қайта қарап шықтым. Кітаптың 272-бетінде оның есімі “Абд әл-Хасан Әли Ахмад Харакани” деп жазылыпты. Әли деген сөздің алдынан үстінгі жағында үтір қойылған. Бұл (Әбу – әкесі) Әли Ахмадтың әкесі Әбд әл-Хасан дегенді білдіреді. Осы кітапта бұдан әрі: “Абу Сайд ибн Абу-л-Хайр… поехал через Харакан. …шейх Абу-л-Хасан … послал навстречу своего сына Ахмада и нескольких муридов” деп жазылады (273-бет). Осылайша автор біздің пікірімізді барынша нықтылай түседі.
Абд әл-Хасан Қараханидың болмысына орыс зерттеушілерінің қызығушылық танытуы да көңіл аударарлық. Шығыс әдебиетінің білгірі, белгілі ғалым В.А.Жуковский Әбу Сайд ибн Абул Хайырдың еңбектерін зертеп жүріп, оны Абд Аллаһ Ансарисыз түсіне алмайтынына көзі жетеді. Бұл жөнінде аталмыш кітапта: “Издание избранных стихотворений Ансари, как явствует из собственных слов В.А.Жуковского (“Песни”, стр. 113) было как бы предварительным сообщением, за которым должна была последовать более обширная работа на ту же тему. Работа эта выполнена не была. …Жуковский установил, что Ансари в сильнейшей степени зависел от своего муршида… Абу-л-Хасана Харакани…” делінеді. Содан Британия музейінен “Нұр әл-Улумның” фотокөшірмесін алады. Бұл өте қарапайым, ауызекі тілмен құрастырылып, шет-шеттеріне Фарид-ад-дин Аттардың (1119–1220 жж.) “Тазкиратул аулийасынан” сілтемелер жазылған дүние болып шығады. Кітапты (235-бет) зерттеушілер Абд әл-Хасан жазбаған, ол “1299 жылдары құрастырылған, көшірме” деп табады. Осы жерде еш дерекке сүйенбестен, Абд әл-Хасан Хараканидың өлген уақытын неге екені белгісіз 1033–1034 жылдар деп көрсетеді. Бұдан әрі Абд әл-Хасан Харакани: “Жағыфар Сыддықтың (765 ж.ө.) шәкірті Әбу Язид Бистамидан (р.а.) (878 ж.ө.) увайсия жолымен рухани ілім алды” дегенді қайталайды. Кітаптың баяндауынша “Шейх Абд әл-Хасан 12 жасында, біреулер 18 жасында дейді, Әбу Язид Бистамидің қабіріне зиярат етіп барады. Қабірден Ұлы ұстаздың: “Саған отырықшы өмірге көшетін уақыт жетті” деген даусы естіледі. Абд әл-Хасан: “Уа, Шейх, менің ісіме қамқор болғын, мен сауатсыз адаммын, шариғатты да білмеймін, Құранды да зерттегенім жоқ” дейді. Қабірден сонда: “Бізде болғанның бәрі бізге берілген, соның бәрі сенің шарапатыңнан болған” деген дауыс естіледі. Ол: “Уа, Шейх, сен менен 200 жыл бұрын өмір сүрдің ғой” дейді. Оған сонда мынадай жауап берілді: “Бірде мен Карахан арқылы өттім, сонда жерден Аспанға көтеріліп, бұлттарды жарып өткен Нұрды көрдім. Отыз жыл бойы мен өз тілегіме жете алмаған едім. Сонда Аспаннан хабар жетті: “Сен мына Нұрдан дәнекерлік сұра, сонда сенің тілегің орындалады”. Мен: “Бұл қандай нұр?” деп сұрадым. Аспаннан: “Бұл шын берілген құлдардың ішіндегі ең жақын болған құлдың Нұры. Оның аты – Әли, лақабы – Абд әл-Хасан” деген жауап алдым. Менің тілегім қабыл болды”. Содан соң: “О, Абд әл-Хасан, “мен Аллаһқа жүгінемін” деп айт” деген дауыс шықты. Абд әл-Хасан ханакасына оралғанда Құранды толық жатқа білетін болып шықты. Бұған сенсек, Абд әл-Хасан бабамыздың туған уақыты 1078 жылы болуы керек.
Кітапта сондай-ақ, Махмуд Газнауидың (1030 ж.ө.), Әбу Әли ибн Синаның Абд әл-Хасан Қараханиды іздеп барғандары, оның Әбу Бәкір Шиблимен таныстығы (945 ж.ө.) секілді оқиғалар жиі айтылады. Мұның бәрі Абд әл-Хасан Қараханидың өмір сүрген уақытының қолданыстағы әдебиеттердегі дерегі сан қилы екендігі мен олардың бірде-бірі шындыққа жанаспайтынын көрсетеді. Өйткені, 1111 жылы өлді деп есептелетін имам Ғазали біз айтып отырған Қарахан бабаның шәкірті Шейх Әбу-л-Қасым Гураганидың (Қожа Ахмет Ясауидің силсиласында Әбіл Қасым Қарахани. Біз М.Х.Дулати нұсқасына жүгіндік) шәкірті Қожа Абу-л Әли Фармиди Тусидің шәкіртіне шәкірт болған. Шәкірттік мерзім қашықтығы 50-ден басталып 70-жасқа дейін жалғаса береді. Одан ерте емес. Оған себеп, тариқат тәртібі бойынша ұстаздық дәреже (пірлік, мүршидтік) “шалдыққа” жетпеген, яғни 40-тан аспаған адамға берілмейді. Осылай есептегенде 1111-ден кемі 200 жылды алып тастау керек. Сонда 900-жылдарға дейінгі уақыт шығады.
Бірақ не Шейх Әбу-л Қасым Гургани, не Қожа Юсуб Фармиди туралы “Нұр әл-Улумда” да, орыс зерттеушілерінің түсінктемелерінде де бір ауыз айтылмайды. Оған керісінше, басқа әдебиеттерде (М.Х.Дулати) “Үндістан жорықтарының алдында Махмуд Газневидің (1030 ж.ө.) Қарахан бабаның өзін емес, ханакасын зиярат еткені” айтылады.
“Нұр әл-Улумға” сенсек, олар кездесіп, сұхбаттасқан. Бұл деректер бойынша Абд әл-Хасан Қарахани бабамыз 95 жыл өмір сүрген дегеннің өзінде оны 800-жылдардағы оқиғаға жалғастыра алмаймыз. Кітаптың түпнұсқа болмауы, оған Фарид ад-дин Аттардың кітабынан үзінділер жазылуы орыс зерттеушілері пікірлерінің де сын көтермейтінін көрсетеді. Ал, “Мың бір түн” қиссасында Әбілхасан Таразидың аты-жөні баспашының қателігінен араб қарпіндегі ұқсас келетін “Т” мен “Д”, “З” мен “Ж” шатастырылып, ашық түрде “Даражи” деп жазылады.
Тағы бір ескеретін жайт, “Мың бір түннің” Қалмахан Әбдіқадыров аудармасынан басқа нұсқаларынан бұл хикаяны таппадым. Жұрттың айтуынша, бұл кітаптың аударылуында біздің әкеміз Әбдіқайым ишанның ықпалы күшті болған. Меккеде ұстазы Әбу Язид Бистамимен, имам Шағбимен сұхбаттасқанын, солардың сілтеуімен ұзақ жылдар бойы ізденіп жүріп, имам Жағыфар Сыддықтан увайсия жолымен уәзипа* алғанын баяндайды. Осы уәзипаға сай Абд әл-Хасан Қарахани бабамыз ұрпақтарына: “Біріншісі, алдарыңа бір нәрсені мақсат етіп қойсаңдар, соның жолында тарықпаңдар, зерікпеңдер, шағылмаңдар, мойымаңдар (Алла рухы осал пенделердің тілегін бермейді). Екіншісі, адамды сыртқы келбетімен, киімімен танымаңдар, кебенек (киім) ішінде, жүрегінен таныңдар (“адам аласы ішінде, мал аласы сыртында”). Түнді түгел ұйықтамаңдар. Алла түнді түгел ұйықтау үшін бермеген. Ойланыңдар, оқыңдар, ізденіңдер, өздеріңе-өздерің есеп беріңдер, Аллаға зікір етіңдер” деген үш өсиет қалдырып кетеді.
*Уәзипа – тапсырма Сонымен, жазбаша шежірелерде көрсетілгеніндей, Абд ар-Рахим бап Қашғарда 30 жыл патшалық құрса, орташа өмірі 70 жыл болғанның өзінде Талас ғазауаты кезінде кемі 30 жастан асуы керек. Демек ол 800-інші жылдың ар жақ, бер жағында дүниеден өткен. Оның “Биярлық пен Балхтың Қылышты Қарахан” атанған ұлы Абд әл-Хасан емес, Абд әл-Кәрім Сыддық Бохра Қарахан. Өйткені, біз сөз етіп отырған Ұлы Шейх Абд әл-Хасан Қараханидың жаулап алушылық соғыстарға қатысқандығы туралы ешбір әдебиетте, аңызда бірде-бір дерек кездеспейді. Ал Шежіреде оның “жиһангерлік пен батырлық тарихы” қозғалмайды.
Қазіргі “данышпан тарихшылардың” Айша бибі анамызға байланысты айтып жүрген аңыздарының да бәрін де негізсіз етіп шығарады. Ол Қарахан бабамыздың некелескен әйелі, Сайд әулетінен (яғни қазіргі қожалардан) шыққан Ысқақ (р.а.) баптың қызы. Қарахандықтардың бүкіл ауызша Шежіресінде олардың көбіне-көп Ысқақ (р.а.) бап әулетімен құдандалы, барыс-келіс болғандарына, қыз берісіп, қыз алысқандарына ерекше мән беріледі. Бұған тағы бір дәлел, “бибі” деген сөз араптарда да, түріктер де “немере қарындас” дегенді білдіретіндігі. Тіпті бертінге дейін қожалар қожадан алған әйелін “бибі” деп, басқасын жергілікті халыққа тән атаулармен атаған. Айша бибі анамыздың жанындағы кесенесі қатар бой түзеп тұрған Баб Аджа Хатун анамыз оның қызметші емес, Түркі дәстүрінде Хакан (Қағанның) әйелдерін құрметтеп Хатун (бидің әйелін – бикеш, бектің әйелін – бегім, байдың әйелін – бай бише, ханның әйелін – ханым, сұлтанның әйелін – сұлтан бегім, т.т.) деген. Қазір қазақтар әкесінің анасын “әже” дейді. Ал бұрын Абай Құнанбаевтың тілімен айтқанда “кемел адам”, сопылық тілмен айтқанда “кәміл инсан” (аджа) дәрежесіне жеткен, бүкіл әйелдер қауымына Пір болған аналарды ғана “аджа, ажа” деген. Қазақта сол заманнан қалған: “Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ” деген фразалогияны бүгінге дейін тұтынып келеміз. Ал, “баб” деп бір емес, бірнеше тайпаны Исламға баят еткізген, Ислам үшін қылыш ұрған Ұлы тұлғаларды, дін қаласының жамағат кірген қақпасын ғана айтамыз. Бұл Баб Аджа Хатунның ары кеткенде Абд әл-Хасан бабамыздың түркі тайпасынан алған әйелі, болмаса Исламды қабылдаған Түркі қағандарының бірінің әйелі екенін көрсетеді. Қазақша аударғанда «Ханым әже баб» болып шығады. Аталған кесенелердің екеуінің де шатыр тектес салынғанына қарағанда бұл олардың көзі тірісінде өздері тұрған, әйелдерге арналған ханакасы, алқаптың мұсылман әйелдерінің тұрағы, сондай-ақ медресесі болғанын көрсетеді. Ал біз өреміздің тайыздығынан әркімнің сөзіне еріп, Ұлы аналарымыздың биік рухын, дін Исламға қызметін аяқасты етумен келеміз. Бұл мәселеге сол себепті де алдағы кезде бір емес, бірнеше мәрте, қайта-қайта тоқталып отыратын боламыз. Өйткені оған біз мұқтажбыз.
Әбдікәрім ӘБДІМОМЫНОВ, «Қарахан әулеті» кітабынан алынды
Ассалаумалейкум құрметті қожалар кз сайтының ұжымы!
Менің сіздерден сұрайтыным, қожалар шежіресі мен ортағасырда жазылған «Насабнама» кітабының қазақшы аудармасын толық жарияласаңыздар екен.
Сіздің қарахан сайд тан қыз алған дегенге қосылам менің анам сабылт қожа апам да сабылт қожа жеңгемде сабылт қожа өзіміз қарахан қожамыз ес білгелі әкеміз тегіміз жайлы айтып отырады
сәлеметсіздер ме! Сіздің қарахан сайд тан қыз алған дегенге қосылам менің анам сабылт қожа апам да сабылт қожа жеңгемде сабылт қожа өзіміз қарахан қожамыз ес білгелі әкеміз тегіміз жайлы айтып отырады