Жарық нұрдың сәулесі

Шұбар атты Мәлім Сейіт


Әзіретәлі мен Бибі Фатима анамыздан таралатын ұрпақты Сейіт Қожалар деп атайды. Сейіттердің шежіресіндегі 29-ыншы ұрпағы Ер Есімсейт Ешмұхаммед, лақап аты Шұбар атты Мәлім Сейіт. Әдетте Ташкент, Шымкенттіктер бізден Сейіттің қайсысынансыңдар деп сұрайды. “Шұбараттыданбыз” десең тез түсініп, танысып, туысып жатамыз. Себебі, ол жақта көбісі өздерін солай атайды.
«Шұбаратты» атану себебінде Алланың кереметі жатыр. Бабамыз таң намазын шұбар атымен барып, күнде Меккеде оқып келеді екен. Бұл құпияны ешкім білмеген. Бірде Ошақты руынан шыққан Қабыл деген кісі ниет етіп, Меккеге қажылыққа барады. Жолда көп қиындық көріп жетіп, зиярат етеді. Елге қайтуға қаражаты таусылып, амалы таусылған Қабыл мешіттің имамына жағдайын айтады. Ол кісі «менің өзімнің
берер еш жәрдемім жоқ. Бірақ бір байқағаным, күнде таң намазына сіздің елдің адамына ұқсайтын бір кісі шұбар атпен келіп қатысып кетіп жүр, бір жәрдем берсе тек сол кісі берер, соны күтіп жолығып көр» деп кеңес береді. Ертеңгісін мешіт алдында күтіп тұрған Қабыл шұбар атын ағашқа байлап, мешітке асығыс кірген кісіні байқайды. Күткен адамы осы екенін білген Қабыл намаз бітіп, ол кісі атына асығыс келіп мінуге ыңғайланған уақытта тізгінге жармасқан күйі жағдайын баяндай бастайды.
Бейтаныс кісінің қиналған күйін түсінген бабамыз «бір шартымды орындасаң ала кетейін» дейді. Қабыл ақсақал «мақұл, орындаймын» деп уәде береді. «Көзіңді тас қылып жұмып, мен аш дегенше ашпайсың, екінші, менімен келгеніңді ешкімге айтпайсың» дегенге уәде берсе де айналаға бір қарасам деген құмарлық билеген Қабыл бір көзін ашып жерге қараған сәтінде аттың сауырынан домалап жерге түсіп қалады. Шұбар атты кісі болса ғайып болып көрінбей кетеді.
Жерге түсіп, үсті-басын қағып-сілкіп төңірекке назар салса, еліне жақын маңайға түсіпті. Еліне жетсе, кеткеніне жыл жарым уақыт болған мұны туыстары өлдіге санап оған ас беріп жатыр екен. Ендігі жерде құдайы тамақ той тамаққа ауысып, мәре-сәре болып қуаныш болып қалады. Той аяғында ауылдың ірі басты ақсақалдары Қабылды ортаға алып, қалай бардың, қалай келдің, неге кешіктің деген сұрақтың астына алады. Ол болса қалай қиналып жеткенін, Меккеде зиярат еткенін қуанып айтып береді. Қайтарға қаражатым таусылып, содан кешіктім.«Енді, міне келіп жеткенім» деп сөзді доғарады. «Қалай жеттің?» деген сұраққа «оны айта алмаймын» деп күмілжиді. «Ендеше сенің қажылыққа барғаның да өтірік» деп сенімсіздік білдіре бастайды көпшілік. Өтірікші атану өлімнен бетер, болғанды амалсыз айтып береді. Сонан айнала отырған ауыл үлкендері «бұл бір керемет екен, бізді енді сол кісіге алып бар, әулиеге жолығайық, рахметімізді айтайық» дейді. Ертесіне жараулы атқа мініп, сапарға шыққан оншақты кісі сұрастырып жүріп шұбаратты Қожаның ауылын тауып келеді. Келсе, Шұбар атты Мәлім қожа өмірден озып, ел жаназасын шығарып жатыр екен. Оқыс жайдан қатты әбіржіген Қабыл ақсақал бір сәт не істерін білмей, жерлеуге көтеріп алып бара жатқан мәйітке жақындап «Қожеке, мен сізді пір етейін деп ауылдың ақсақалдарымен келіп едім» деп дауыстап жылайды. Сол кезде көтеріп әкеле жатқан мәйіт оң қолын көтеріп, «Уәдені аяғына дейін орындамадың, пір еткің келсе менің ұрпағымды сыйла» деп, көтерген қолын жинап алады. Әрі қарай барлығы бірге жүріп мәйітті жерлейді. Қайтып келіп отбасына көңіл айтып, Қабыл ақсақал «Енді біздің Қожамыз осы Сейт қожалар деп танимыз. Бүгіннен бастап мен осы қожаның ұрпағына қызмет жасаймын.
Мені ертең дүниеден озғанымда осы Шұбаратты Қожаныңқабірінің аяқ жағына жерлесеніздер» деп ақсақалдарға тілек, өтініштерін айтыпты.
Қазір Шұбаратты Мәлім Қожа бабаның зираты Хорезм облысының Қожа елі деген жерінен Түркіменстанға шекарадан 24 шақырым кірген жерде, көне Үргеніште үлкен көлемді зиратта. Манағы Қабыл ақсақал көктасы қабірдің аяқ жағында. Тілегі орындалған. Ол жердің халқы зиратқа үлкен құрметпен қарайды. Өте таза күтімде екені белгілі. Алла риза болсын!
Шұбаратты Мәлім Сейт бабаның 8-ұрпағы Махтұмсейіт баба зираты Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шаған аулынан 15 шақырым жерде, елді мекеннің солтүстік батысында, Сырдария өзенінің бойында. Баба зираты 2019 жылдың 19 наурызында облыс көлемінде қасиетті киелі орындар тізіміне ілінді.
Халық Махтұмсейіт бабаның терең білімді, парасатты, шарапатты, аруақты адам болғанын, өз дәуірінде елге өте танымал, беделді болғанын, ғаріп кісілерге қамқоршылық еткенін, елді сауаттандыруға көмек етіп, мешіт ұстағанын ризалықпен айтады. 1590 жылы дүниеге келіп, бүкіл өмірін Сыр өңірінде, осы жердің тұрғындары – есентемір, алаша, таздар, тама, табын, керейт, ошақты, жалайыр, қарақойлы, қаңлы, жаппас, қыпшақ, найман, т.б. ағайындармен етене араласып өткізген екен. Махтұмсейіт ұрпақтарынан Қазан төңкерісіне дейін мешіт ұстап, имамдық еткен 20-ға жуық ишан болған. Меккеге қажылыққа зиярат еткен үш кісі болыпты.
Махтұмсейіт бабаның ертеректе салынған күмбезі тозып, жартылай құлай бастапты. Күмбез үйін қайта салудың өзіндік тарихы бар. 1926 жылы Махтұмсейіт баба 7-інші ұрпағы Смағұл қожаның түсіне еніп: «Менің жатқан жерім тозып барады. Бір белгі салсайшы» деп аян береді. «Ата, мен оны біліп жүрмін. Бірақ менің шамам келмей бітіре алмасам ұят болар» дегенде: «Сен жұмысты бастасаң, одан арғысы бола береді» дейді. Осыдан кейін сұрастыра жүріп Ізтілеуов Нұрпейіс ұстаға барады. Жағдайды түсіндіріп айтқанмен ол кісі: «Биыл менің қолым тимейді. Бір кісінің мазаратын салатын болып келісіп, кіріскелі отырмын, келесі жылы барайын», – дейді. Жақын жерде бөтен ұста жоқ, уайымдап қалған Смағүл қожаға ертесіне ертемен Нұрпейіс ұстаның өзі келіп:
– Болмады, атаң түнде түсіме енді. Алдымен сол кісінің күмбезін салатын болдым. Дереу дайындал, – дейді. Содан жұмысқа кірісе бастағаннан қаржылық мәселесі де шешіле бастайды, сол жерге орналасқан ел түгелімен малдай, қаржылай жәрдемін аямайды. Күмбез бітуге жақындағанда Смағұл қожа:
– Атам түсіме енді. Жұмыс ақысына не бересің? –деп сұрады.
«Мал да, қаржы да жетеді» деп едім, «Жоқ, ол кісі перзентке зар болып жүр, мынаны бер» деп құндақтаулы баланы ұсынды. «Атын Қожжанқожа деп қойсын» деді, – деп Нұрпейістен сүйінші сұрайды. Шындығында перзенті болмай жүр екен. Нұрпейіс
қуанғаннан «Я, Алла!» деп жылап жіберіпті.
Бұл құрылыс 1927 жылы күз айында бітеді. 1928 жылы күзге таман Нұрпейістің бәйбішесі Кенжебайқызы Қалбибі ұл туып, атын Қожжан қояды. Қожжанқожа қоюға сол кездегі саясат ағымынан қорқады. Дінге карсылық, нәубет басталған кезең болатын. Дүниеден өткенше Нұрпейісов Қожжан құрметті зейнеткер, елу жылға жуық жас ұрпақтарды тәрбиелеген кісі.
Махтұмсейіт баба мен сәби атына себепкер болған Қожжанқожа екеуі құрдас, бірін-бірі өте сыйлаған адамдар болған екен. Кезінде «Сен шөлді, мен сулы жерде қаламын» дегенге күліп, “Мен шөлде қалғаныммен айналамнан ел кете қоймас, ал сен су ортасында қаларсың.
Саған қатынас қиындау болар», – деген екен бір-біріне. Бұл сөз ұрпақтан- ұрпаққа айтылып сақталып келеді. Дуалы ауыз, халық сыйлаған кісілер ғой. Қожжанқожаның бейіті тұрған жері шөлге тән, бірақ айналасынан ел кете қоймаған. Ал Махтұмсейіт бабаның мазараты Сырдарияның жағасына жақындау биікте. Ертеде су өте көп болып, дариядан тасыған су күмбездің ел жағын түгел басып,
40 жылдан аса зияраттаушы халық тек жел қайықпен ғана барып-келіп отырған. Қазірде елді мекен 15 шақырымдай жерде орналасқан. Егіс бригадасына баратын тас жолмен қатынас бар.
Махтұмсейіт бабаның ұрпақтары да Қазан төңкерісіне дейін халық арасында үлкен беделге ие болған адамдар. Кезінде отбасынан сауат ашып, соңынан Бұқараға медресеге барып оқыған, дін жолын ұстаған. Ұрпақтарынан шыққан әзірше білетініміз қажылар:
Алдаберген қажы, Сейітасан қажы, Байбүріс қажы. Ишандар: Сейітағзам ишан, Темір ишан. Сейітасқар  ишан, Басапа ишан, Қасым ишан, Ташмұхамед ишан, Есім ишан, Икрам ишан, т.б. Махтұмсейіт әулиенің тағы бір кереметін айта кетсек. Осы біздің Сыр елінде тұратын, баласы болмай біраз жыл бойы қиналып жүрген бір әйел бір күні жолы түсіп Ташкент қаласына барады. Сол жақта көріпкел ме, емші ме бір кісіге кездеседі. Бұл әйел бала көтермей жүргендігін айтады. Сонда әлгі кісі: “Бұған бізден не көмек сұрайсың? Өз Сыр еліңде әулиелер бар ғой, солардың бірінен сұрамаймысың?» – деп, осы Махтұмсейіт бабаны сілтеген екен. Сол әйел келіп, Махтұмсейіт бабаның басына қонып Алладан сұрап, кереметін сезініп, көп ұзамай ұл туыпты. Сол ұрпақтар өсіп-өнуде. Ел Махтұмсейіт бабаның басына түнеп Алладан ұлсыздары ұл, қызсыздары қыз сұрайтын болыпты. Бабамыз қасиет дарыған кісі екен. Ел әулие атайды. Мақтұмсейіт бабаның 8-інші ұрпағы
Пірмағанбет (Піртай гармонмен өлең айтып, Оңтүстік Қазақстан облысында танымал болған) жасы 60-тан асқан кезінде жалғыз баласы Әшімнен ұрпақ болмай жүргеніне уайымдап, бұл қалай болды деп, құмалақшы, балгерлерге барып жағдайын айтады. Олардың бәрінің айтатыны «сіз балаңыз бен келініңізді өз бабаларыңызға апармапсыз. Алладан рахым болса, тек сол бабаңызға барғаннан көмек болар» деп жауап беріпті. Сонан ол кісі Қызылордаға тартып, баба басына келіні мен баласын әкеліп түнетіпті. Зиярат етіп еліне оралғаннан кейін келесі жылы Алла бір перзент беріп келіні ұл бала туып, атын Сейітқали қойды. Қазір ол бала дені сау азамат болып өсіп келеді. Келес ауданы бұрынғы Бірлік кеңшарында. Мақсұмсейт бабаның 6-ұрпағы Сейітасан қажы 1855 жылы дүниеге келген. Бүкіл өмірін Мақтұмсейіт
бабаның мазараты маңайындағы елді мекенде өткізген. Мешіт ұстаған имам болыпты, ол кісі құмалақ ашып, сәуегейлік жасағандарға, дін беделін түсірушілерге наразылық білдіріп отырған, пендеге жазу, оны жарылқау тек бір Алла деген қағиданы қатаң ұстанған.
Мынандай бір оқиға болыпты. Ұрлық малдың буына піскен бір кісі балаларының ұрлығын тоқтатуға тырысқан әкемізге: «Қожа, бұл жерде ішер асың жоқ, жұртқа жол сілтей бермей, менің үйімнің қасына көшіп барып, сорпа-су ішіп тыныш отыр», – деп ат үстінде үстемдік айтыпты. Бес баласы атқа мініп, түнделетіп, алыс жерден ұрлық мал әкеледі екен. Жағдайы жақсы, тамағы тоқ, бірақ құдай, аруақпен ісі жоқ кісі екен. Әкеміз «Мен ешкімнің сорпа-суын ішпеймін, бабамның көлеңкесінде жөніммен отырған », – деп, жауап беріп қала беріпті.
Атын әрлі-берлі ойқастатып, сотқар кетеді. Сол кісінің он шақты күн шамасында екі баласы құлап атқа мінуге жарамай қалады. Сол жерде көршілес отырған ауыл адамдары, бұл әруақты әулие тұқымына тіл тигізгеннен болды дейді. Өзі де науқасқа шалдығып, жағдайлары нашарлап, біздің әкеміздің жанына көшіп келіпті. Өз қателігін мойындап, тәубеге келіп, кешірім өтініп, халыққа осы оқиғаны үнемі өзі айтумен дүниеден өтіпті.
Сейітасан қажының Тәжігүл, Ысқақ, Ыбырайым, Смағұл, Күлзада атты перзенттері болған. Үлкен ұлы Ысқақ қожа арабша сауатты кісі болыпты, Жетірудың табындары ортасында мешіт ұстаған имам болған көрінеді. Ысқақ қожаның Мырзахмет, Сейдахмет, Нұраддин, Патыма, Үмбіш деген ұл-қыздары болған екен. Шаған елді мекенінде тұратын Әбдіқадыров Ыбраш деген зейнеткер кісі де бір болған жайды айтады. Сейітасан қажының мешіті Сырдариямен Шіркейлі каналынын ортасында Талқанбай деген жердің батыс жағында болған екен. Сол жерден екі ауыл алаша, есентемірге тең қоныс жасап, дау-дамай болса, әділетпен шариғатпен шешім жасап қызмет жасапты.
Соғыс кезінде ауылда қалған азаматтар колхоз шаруаларын басқарған уақыт еді. Қожекең қайтыс болған. Мешіті әлі құлай қоймаған уақыт. Колхоз малын жазғы жайлауға, сол мешіт жаққа көшіріп апарыпты. Көздеген жерге жеткенше күн батып, қас қарайыпты. Бірге көшкен Есжанов Насыраддин деген кісінің кемпірі Зейнегүл де, Ыбраш бар да басшылық жасап жүрген кісінің жиырма шақты бұзауды түнде мешітке қамауына қарсылық жасап, «өзіміз кезектесіп бағып шығайық» десе де, бастық көнбей қойыпты. Таңертең тұрса, барлық бұзау түгел қырылып қалыпты. Ал жаңағы бастық ауылға бара жатқанда аттан  құлап мертігіпті. Ел аузында бұл жағдай «аруақты сыйламағаннан болды» деп айтылып жүр.
Мақтұмсейіт әулиенің мазаратының тұсында Сырдарияның жағасына ел жайлауға шығып отырады екен. Дарияның суы кейде о бетке, кейде бұ бетке ауып, жағасын жебір жеп, тіпті бұрынғы ағып жатқан арнасынан асып тұрады екен. Ол кезде Дарияда су өте мол болған. Сонан бір күндері жебір Мақтұмсейіт мазаратына қарай ауып, жар құлай-құлай дария бері жақындай түсіпті. Мұны көрген ауыл тұрғындары судан қорқыныш сезіп, Сейітасан қажыға келеді. Ол кісі «ертең азанда дария жиегіне жиналыңдар» деп халыққа сабыр айтады. Құлақтанған халық ертеңіне дария жағасына жиналады. Сол жерде Сейітасан қажы сәлдесін шешіп, бір ұшын ұстап сүйретіп, дарияны жағалап жүріпті. Төмен қарай ауыл тұсынан өткенде барып тоқтайды. Дұға қылып, Аллаға өтініш етіп, Бабаға бағыштап құран окып, елді тыныштандырып, үйлеріне таратады. Ертеңіне жебір арғы бетке ауып кетіпті. Содан сол жерден әлі солай ағып жатыр. Бабаның өрісі кең. Қазір ол кісінің ұрпақтары Түркістан облысында. Астана, Алматы, Түркістан қалаларында, Қызылорда облыстарында және Сырдария ауданында халық шаруашылығының барлық саласында жақсы еңбек етіп, елге қызмет етіп жүр. Ақжарма елді мекенінде Басапа ишанға жаңадан мешіт салынып, ашылуында облыс көлемінде ас берілді.
Сырдария ауданы көлемінде кешегі кеңес заманында ұстаздық өміріне араласып, қызмет еткен кісілер Әбдулпаттаев Оспанға қазір аудан орталығында мектеп аты берілген. Абдулпаттаев Сәпиулла – тарих ғылымдарының докторы, ҚазМУ-да 1970 жылдан бастап 25 жыл бойы үздіксіз дәріс беріп, өмірінің соңына дейін ұстаздық етті. Ерсейітов Сейтбек Нұрсейтұлы – ішкі істер органында абыройлы қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін 1995 жылдан бастап бабалар ісімен діни жұмыстарға бет бұрды. Құран Кәрімді толық аударып, түсіндірме жасау бағытында еңбек етіп келеді. Мәмбетов Алматбек Әбілқасымұлы  ҚР Азаматтық авиациясын басқарды, қазір ұшқыш, әуе лайнерінің капитаны. Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма тетарында режиссер Әмір Темір Хұсейін әлі де еңбек жолын жалғастыруда. Сейтасқаров Мұрат – Алматы қаласында білім беру саласында басшылық қызметтер атқарып келеді. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, саяси ғылымдар кандидаты. Мақтұмсейіт бабамен туысатын Бектім Сейт баба ұрпақтарынан Бекенов Есенкелді Мамырайұлы – халқына адал қызмет еткен құрметті зейнеткер. Қазір бабаға тиісті жұмыстарға белсене қатысуда.Қажылыққа үш рет барып қайтты. Балалары да имандылық жолында. Алла риза болғай. Қазір Алматыда қажылық сапарын ұйымдастыратын компания президенті Әбдіхалықов Аманкелді Еренғайыпұлы да абыройлы жұмыс атқарып келеді. Арабтілінен аударма жұмыстарын да атқарады. Бүгінгі күн талабы – ата-баба өмір жолымен, үлгісімен кейінгі жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білу, харамнан бездіріп, адалға әкелу, туған елін, жерін қасиет тұтуға үйрету.
Құрбан СМАҒҰЛҰЛЫ, зейнеткер Шаған ауылы

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

  1. Ассалямуалейкум мүмкін болса ағылшын аудармасы болса қызым қазақша сөйлейді бірақ сауаты жоқ кирилицаны танымаиды АҚШ-та туылған өзіне оқылатын деген едім ағылшындар ойы жетік

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button