Бір суреттің сыры

Кіші Әке

Әке рухына арнаймын

Әке! Әрбір пенде баласы үшін осы бір үш әріпке екі дүниенің бар құдіреті сыйып тұрғандай болатыны һақ. Иә, Әке – құдірет, Әке – даналық әлемі.

…Өз әкемнің туған бауыры, кешегі қиын күндерде әулетімізге пана, Алтынбек атамыздың ұрпақтарына дана бола білген Оспан Алтынбекұлы жайлы жүрек түбінен қозғалған пейіл дестесін «Кіші Әке» деп айдарлағанымды түсінбей отырған боларсыздар. Рас, Әкенің үлкен-кішісі болмайды. Әке – кімге болса да, асқар тау!

Ал, менің, менің емес Ғомар ұрпақтарының бұл кісіні «Кіші Әке» атауында өзіндік себеп бар.

Осекең – әкемнің тете бауыры. Кіші Әкемнің тұңғышы сәби шағында шетінеп кетеді де, біршама жыл перзент сүю бақыты кешеуілдейді. Бауырының жүрегіндегі дерттің салмағын пайымдаған Ғомар әкем бір күні:

– Оспанжан, сен қамығып жүргенде, мен ұл-қызымның маңдайынан иіскеп, мейірімді қандырып отыра алмаймын. Алланың маған бергені – саған бергені. Мынау Бекзатты атыңа жазып берейін, бауырыңа бас, – деп, мені інісіне бәсіре еткен екен. Өзі қамығып жүргеніне қарамастан Кіші Әкем:

– Кіші аға, неге олай етесің? Неге мен сенің сәбиіңді ана сүтінен айырып, екіжақты етуім керек? Сенің балаңның маған, балаңа менің бөтендігім бар ма?! Егер, бұл сөзіңді шын ниетіңмен айтып отырған болсаң, балаларыңа мені «Аға» демей, Кіші Әке деп қабылдауын аманат ет, – депті. Сол сәтте серт байласқан қос бауырдың аманатын адал өткеріп, Алтынбек атамыздың ұрпақтары Осекеңді «Кіші Әке» атап келеміз.

…Арқа жұртының ардағы болған Алтынбек атамыздың кіндігінен алты перзент өрбіген. Төрт ұл, екі қыз. Ұлдары – Қосман, Ғомар, Оспан, Оспанбай, қыздары – Сәлия, Сәлиман. Қосман әкеміз – ел басқарған, халқына қал-қадірінше адал қызмет атқарған азаматтың абзалы еді. 2011 жылы дүние салды. Менің әкем Ғомар 41 жасында, інісі Оспанбай 31 жасында озды мынау жалғаннан. Қазір Ақтоғай жұрты Алтағаң атап, ардақ тұтқан Алтынбектің төрт ұлынан қалған – осы Кіші Әкем. Екі қыздың ортасында бар әулетке пана болып жүр. Алла қуат берсін!

Кіші әкем ғұмыр бойы әскери қызметте болды. Барша Ақтоғай жұрты «военком Оспан» атап кеткен. Абыройын аласартпай қызмет етті. Қолынан келгенін ағайыннан да, қайманадан да аянып қалмаған. Менің анам Қайынжамал:

– Оспанның шапалағын білмеймін, осы төңіректе шапағаты тимеген жан жоқ, – деп отырады үнемі. Анамның сөзінің астарына үңілеміз де, жан-жағына нұрын төгіп, шапағатын аямаған Кіші Әкемді мақтан етеміз.

…Әкем Ғомар дүние салғанда 11 жастағы баламын. Анамның аңырағанын, ағайынның күйзелгенін көрген бала көңілім енді біздің шаңырақ үшін қызық-қуаныш сарқылғанын сезінгендей құлазығанмын. Ендігі жерде мәңгі күлмейтіндей, мүлде шаттанбайтындай сезіндім. Үпір-шүпір 13 бала жетім қалдық. Тағдырдың сол бір тауқыметті күндерінде маңдайымыздан сипап, арқамыздан қаққан бір жан болса, ол – Кіші Әкем! Анамызды пір тұтып, әлі күнге дейін еркелеп жүреді. Біз Кіші Әкемді арқа тұттық. Әуелі Алланың, содан кейін осы Кіші Әкемнің қайрат-жігерінің арқасында жетілдік десем, артық айтқаным болмас.

Тәубе. Кіші Әкемнің ел ішіндегі абырой-беделі мен азаматтық қалпының өзі азық болды біздің өмірімізге.

Елге еңбегі сіңіп бақты Кіші Әкемнің. Аудандық әскери комиссариаттан зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырған жоқ. Естеріңізде болар, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы ауыр күндер. Жезқазған облысы жабылып, Приозерный ауданы Ақтоғайға қосылды. Аудан орталығы Шашубай кенті «шашылып» қалуға шақ қалған. Осы кезеңде менің Кіші Әкем Шашубай кентінің әкімі болып, ел басқарудағы ерен қырын танытты. Жаңа заман талабына да тез икемделіп, Бақыт шешеміз екеуі кәсіпкерлікпен де шұғылданды. Несібін адал еңбекпен еселеген шаңырақта Қымбат есімді тамаша қарындасымыз өсіп, Болаттай күйеу бала берді Алла.

…Ұрпақ қызығына кенеліп, Аллаға шүкіршілік етіп отырған Кіші Әкемнің адал пейілін барынша бойыма сіңіруге тырысып, еліктеп бақтым. Алайда, әркім өз соқпағымен сапарлайды екен. Екеуміз бір атаның ұрпағы болғанымызбен, екі әлембіз. Бірақ, бізді сабақтастырып тұрған бір тылсым бар. Ол – қанымыздағы тектілік. Ақ Қожаның ұрпағы деген атқа кір келтірмей өтсек деген жалқы мақсатқа ой тоғыстырғанбыз. Сол соқпақта келеміз әлі.

Мен Кіші Әкемнің саяси сергектігіне риза боламын. Сонымен қатар, озық технология тілін игерудегі шеберлігі таңдай қақтырады. Бүгінгі таңда жастардың өзі әрең меңгеріп жүрген әлеуметтік желі дегеннің тілін менің Әкем әлдеқайда игеріп алған. Білгенге – әлеуметтік желі еріккеннің ермегі емес. Көп азаматтардың болмыс-бітімін, адами ұстанымын сол әлеуметтік желідегі оқшау ойлары мен байыпты пікірлері арқылы бағамдап жүрміз ғой. Менің Кіші Әкем де елін сүйген жүрегінің лүпілін сол желідегі байсалды пікірлері арқылы танытып жүр. Бұл – азаматтық ұстанымнан ажырамаған адамның шынайы бейнесі!

…Қазір жолда келемін. Анамды, отбасымды алып, Балқаш қаласына сапарлап барамын. Онда Кіші Әкемнің 70 жасқа толған мерейтойына арналған салтанат бар. Жол – алыс. Серігім – ой. Мерейлі жасқа толған Әкеге деген ыстық ықылас межелі жерге асықтырады. Тойының тізгінін ұстамасам да, бір пұшпағына ие болып, Кіші Әкемнің бір кәдесіне жарасам деп келемін. Күбірлеп қоямын арасында:

– Кіші Әке! Сіз енді кіші емессіз! Алтынбек әулетінің өрен-жаранына кешегі қиын күнде пана болған, әрқайсымыз үшін дана болған парасат иесі қалай ғана кіші болып қала бермек?! Алтынбек ата кіндігінен өрбіген төрт ұлдан қалған жалқы жақсы қалай кішірейеді?! Сіз – біз үшін асқар таусыз! Аласармайсыз мәңгі! Біз Сізге қарап бой түзедік, парасат-пайымыңыз арқылы ой түзедік. Әкесіз күнімізді сезінбеген едік. Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында. Сіз бар болыңыз! Сіз бізге ғана емес, Елге керексіз, Әке! Алтынбек әулетінің алтын қазығы – өзіңіз! Сондықтан да, Сіз – кіші емес, биіксіз! Аласа емес, асқарсыз! Қайсібір абыройдың биігіне көтеріліп, жетістікке жетіп тұрған шағымда да Сіздің биікке қарасам, басымдағы қалпағым жерге түседі, Әке! Мен шыққан биік – Сіз шыққан төрден төмен қашанда.

…Алтынбек атамыз бен Жаңылған анамыздың арманы ұрпағының бірлігі болған екен. Шүкір, бірлігіміз – бекем. Оның дәнекері – Кіші Әкем! Менің Әкем жетпістің желкенін көтерді. Жүзі жарқын күйінде жүзге жетсін!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

«Білім меценаты», «Алтын Жүрек» сыйлығының иегері, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты

Орталық Қазақстан газеті 2016 жыл

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button