Тәжікстанға көшіп келіп, тұрақтап қалған қазақтар бастарынан қилы-қилы оқиғаларды кешкені мәлім. Бір жерден екінші беймәлім жерге, бейтаныс ортаға қоныс тебу де оңайға түспегені анық. Өз тағдырын атамекеннен тысқары жерде өзге халықпен ортақтастыру әрине айтуға да оңай болмағаны шындық. Қазақтардың ертерек келіп қоныстанған мекені «Әр-әрәк» («Теректі») ауылы екен. Сол ауылда бүгінде ешкім тұрмайды. Мұның себебі, 1930 жылы болған қанды оқиғаға байланысты екенін көпшілік жұрт біледі екен. Қирап қалған үйлердің қабырғалары, таспен қаланған дуалдар мен үй іргетасының қалдықтары және қурап, тамыры шіріп жатқан ағаштар сол елді мекеннің адамдарының басына түскен апаттың бейне бір куәгері сияқты.
Қарттардың айтуынша, Қожамқұлдың берген мәліметінше, бұл ауылда көп уақыт бойы қазақтар тұрған, тұрғындарының барлығы да діндар, зиялы адамдар болған. Сол тау етегіндегі қыраттардың бірінде орналасқан бұл шағын ауылда мешіт, медресе болыпты. Сол жердегі мазаратқа қарайтын шырақшының үйінің қалдықтары байқалады. Осы мазардың шейхы – «қазақ әулие» атанған қазақ ишаны екен. Ол кісі көбінесе медреседе дәріс беріп, шәкірт тәрбиелепті. Көрші ауылдардан да ишаннан дәріс алуға адамдар келіп-кетіп жүретін болған. Бірақ 15-20 шаңырақтан тұратын осы ауылдың қазақтарының қашан, қалай келіп мұнда қоныстанғандығын ешкім дәл біле бермейді.
ХХ ғасырдың басындағы төңкеріс жылдары Тәжікстанда Кеңес үкіметін орнату жолында күресіп жүрген әскерлердің назарынан бұл гүлденген ауыл да тыс қалмапты.
1925 жылдың қақаған қысының суық күндерінің бірінде 40 адамнан тұратын қызыл әскердің бір тобы бұл ауылдың мешіті, медресесін бұзып тастауға осы елді мекенге келіп түседі. Сол күні бұл ауылда ағайынды Әлім және Әкім деген екі жігіттің үйлену тойы өтіп жатады. Қалыңдық та осы ауылдың қызы екен. Бұл жігіттер өте батыр әрі иманды адам екен. Олар аңшылықты кәсіп етіп, отбасылары мен туыстарын етпен қамтамасыз етеді екен. Той үстіне келіп түскен мына қарулы адамдардың ниетінің бұзықтығын аңғарып қалады да, істің насырға шабарын біліп, бірнеше өрімдей жас жігіттер таса жерден аңдып жатады. Жігіттерде таулы жерде аң аулауға қолайлы ауған (ағылшын) бесатарлары бар еді.
Әскерлер тойға жайылған дастарқаннан тамақ жеп, тойып алған соң, жұрттың бәрін жинап бұл ауылдан тез арада кетулерін бұйырады. Ал егер бағынбайтын болсаңдар атып та, шауып та тастаймыз деп елді қорқытады. Әлім мен Әкім мұның бәрін тастың тасасынан көріп отырады. Әкімнің әкесі сом денелі, батыр кісі екен. Ортаға шығып, әскердің командирімен сөйлесу үшін оған қарай жақындай береді. Мұндайды күтпеген командир оны аяғынан атып жаралайды. Ол кісі жерге құлап түскенде мұндай қорлыққа шыдай алмаған балалары өздерінің нағыз мерген екендігін байқатып, лезде әскерден он адамды оққа ұшырады. Істің мұндай насырға шапқанынан қорыққан әскер қайда барарын білмей сасқалақтап қалады. Сонымен қақтығыс басталып кетеді. Ауыл адамдары да қолға түскен қаруын алып, әскерге қарсылық көрсетеді. Ал Әлім мен Әкімнің оқтары әскерге қатесіз дөп тиіп жатады. Өздерінің жерін, дінін, отбасын, намысын қорғаған ауыл адамдары 35 қызыл әскерді жер жастандырады. Ауыл адамдарынан бір кісі өліп, екі кісі жаралы болады. Әскердің қалған бесеуі қашып Гумсуға, одан аудан орталығына барады да болған оқиғаны хабарлайды.
Мұндай бұрын-соңды болмаған үлкен адам шығыны әскербасыларының ашу-ызасын туғызады. «Бұл ауыл осы түнде жермен-жексен етілсін!» деген бұйрық беріледі. Сөйтіп бес жүздей әскер бұл ауылдың адамдарына қарсы аттанады.
Ал ауыл адамдары мазараттың ханақасы жанында жамағатпен кеңес өткізеді. Мынадай жағдайда енді не істеу керек деген пікірді ортаға салады. Кейбіреулері кешірім сұрап оларға бағынуымыз керек, мүмкін жазадан аман қалармыз десе, ендігі бірі осы түннен қалмай бұл жерден көшіп кету керек дегенді айтады. Ауылдың ендігі бір бөлігі: «Болар іс болды, Алланың тағдырға жазғанын көрерміз, не болса да осыған ризамыз, басқа шара жоқ», десті. Айтқандардың барлығын тыңдап, өзінің асатаяғына таянып тік тұрған шейх Әлім мен Әкімге қарап былай дейді: «Менің батыр ұлдарым, сендер не дейсіңдер?» – деп сұрайды. Мылтықтарын иығына іліп алған Әлім мен Әкім ортаға шығып, Әулие бабаға тағзым етіп: «Сіз біздің пірімізсіз, біз сізден ислам мен иманнан дәріс алдық, бүгін дініміз бен иманымызға қатер төніп отыр. Егер сіз рұқсат берсеңіз, тамшы қанымыз қалғанша біз екеуміз жауға қарсы тұрамыз. Алланың дінін қорлап, тыныш жатқан елге бүлік салып, иманымыз бен намысымызды жерге таптатуға көне алмаймыз», – десті.
Қария асатаяғынан өңменін көтеріп, тік тұрды да үгіт-насихат айтты: «Аңсаған арманымның орындала бастағанын енді білген сияқтымын. Аллаға мың да бір шүкір. Соғысқа дайындалудан басқа ешқандай шарамыз жоқ, жау да жақын келіп қалды, ар-намыс, иманымызды қорғау үшін күрескендердің жаны жәннатта болады. Біз Құдайдың пендесіміз, оның алдына қашан да болса қайтып барамыз», – деді де өзі ханақаның есігіне қарай жүре берді.
Ауылдың барлығы ұрысқа дайындала бастайды, әйел-балалардың бәрін тау үңгірлеріне жасырады да, құрал-саймандарын алып, тау бөктеріндегі қолайлы жерге орналаса бастайды. Барлығы отыз шақты адамның қолында өлген қызыл әскерлерден алынған қару да бар болатын.
Түн ауа атты да жаяу қыруар көп әскер ауылды қоршап алады. Атыс басталып кетеді. Бұл жерде тұңғыш рет болып отырған жауынгерлер түн ішінде қай жерді паналауды білмей, сергелдеңге түседі. Сондықтан да олар жазық жерге орналасады. Ал ауыл адамдары тау басынан дәлдеп атып жатады. Әскерлер кез келген жаққа оқтарын боратып жатты. Әппақ айлы түн болатын, жерді қалың қар жапқан. Атыс таңертеңге дейін тоқтамапты. Таң ата жүзге жақын әскердің оққа ұшқандығын көрген командирлер шұғыл шабуыл жасайды. 25-30 ауыл адамдарының 500 әскерге қарсы соғысуы мүмкін емес-ті. 30 ұлдың ешқайсысы да қорықпай отбасы үшін, намысы мен ары үшін әскермен шамасы келгенше арпалысады.
Күш басым еді, соған қарамай тайсалмай ерлік көрсеткен отыз адам осы жерде шаһид болады. Данышпан қартты әскердің командирі мазардың ішінде намаз оқып отырған жерінен тауып, атып тастайды. Ауылдың барлық үйлеріне от қойып, өртеп жібереді. Әйел, бала-шағаларын да тауып өлімге бұйырады. Бір күн – бір түн қарулы әскермен соғысқан бұл ержүрек қазақтардың әңгімесі ел аузында қазірге дейін айтылады. Осы жердегі мазарат «Шаһидон» (шаһид болғандар) мазараты деп аталады. Бұл мазарға зиярат ету үшін келгендердің көбісі бұл қазақ мазарының тарихын біле бермейді. Білетін қарттардың айтуынша, осы жойқын қырғыннан соң өз үйінде өлтірілген адамдар сол жерге көмілген. Сонымен бүкіл ауыл мазаратқа айналған. Бүгінде ол жерде адам тұрмайтыны сондықтан болса керек.
Бабалардың зиратын іздеп бардым…
(Қожамқұлдың әңгімесінен)
Біз бұрын әуелі Шығыс Бұқарада, кейін Тәжікстанда ұзақ уақыт тіршілік еткен қазақтардың тәжіктермен өте тату-тәтті тұрғандығын, дос, көрші, құда-жекжат ретінде бірін-бірі қатты сыйласып өткендігін айтқан болатынбыз. Сірә, тәжіктер мен қазақ жастарының аралас некелі отбасыларының көптігі осыған байланысты болса керек. Бұл игі дәстүр қазір де жалғасын табуда. Тәжіктер қазақ мазарларын қастерлеп, оларды зиярат етіп, құран аяттарын бағыштап отырады.
Осыған орай Қожамқұл Нұрматовтың мына әңгімесіне назар аударғымыз келді.
«Көктем күндерінің бірінде досыммен сол тегіс қирап, адамдары шаһид болған ауылды көріп қайтуға бардық. Шынында бұл ауыл жұмақ сынды тамаша шалғынды жерге орналасқан екен. Жапырақтары жайылған түрлі ағаштар, сылдырап ағып жатқан бұлақтың мөлдір суы, сайраған құстардың үні, жайқалып тұрған гүлдері мен көк майсасы адамға рух бергендей еді. «Шаһидтер» мазарының басында құран аяттарын оқып, ойрандалған ауылдың қалдықтарын көріп шықтық. Онда тіршілік еткен адамдардың өмірі көз алдымызға елестегендей болды. Қирап жатқан тас дуалдар, күтімсіз қалған бау-бақшалар бір кезде бұл жерде адамдар тұрғанын айғақтап тұрғандай еді.
Бұрын айтылғандай, тариқат жолын қуған әулие кісіні ханақа ішінде атып өлтірген еді, ал сол ханақаның қабырғалары әліге дейін құламай тұр. Ақыл, санасы бар адамдар бұл жердің қасиеті мол екендігін сезіп білед. Сол шаһидтердің рухы тіріліп келгендей болады екен.
Мазаратқа айналған ауылды аралап зиярат еттік те, сәл жоғарыдағы «Оби дулона» («Долана суы») бұлағының басына бардық. Бұл бастаудың суы қысы-жазы тынымсыз ағып жатады. Суының дәмі тамаша-ақ. Адамдар бұл бұлақтың суы асқазан ауруларына шипалы деп айтады. Біз бұл бұлақ суынан шөліміз қанғанша іштік, шынында да суы тамаша, салқын да дәмді екен. Оның жоғары жағында бір кісінің 10-12 жасар қызымен дәрілік шөптерді жинап жүргенін көрдік. Ол кісімен сұқбаттасу үшін жанына бардық. Сәлемдескеннен кейін ол кісі бізді отырып әңгімелесуге үндеді. Қоржынынан дастарқанын алып жайды да, диірмен ұнынан пісірілген күлше нан қойып, өзі шәй қайнатуға кірісті. Әңгімеміз де жалғаса берді. Бұл кісінің аты Баба, әкесінің аты Хушбахт екен. Ұлты тәжік, көп жылдар бойы түрлі салада инженер болып қызмет атқарған. Қазір зейнеткер болғандықтан, кейде немерелерімен дәрілік өсімдіктерді жинаумен шұғылданады екен. Әңгімесі өте жақсы, ақжарқын, қарапайым кісі болып шықты.
Бұл кісіден біз не жинап жүргендігін сұрадық. «Бірнеше жылдан бері мен анзур (тауда өсетін жабайы пияз) пиязын жинаймын», – деді ол кісі. – Соңғы екі-үш жылдан бері белгісіз себеппен мұнда анзур пиязы бірден азайып қалды. Кейде немерелеріммен үш кісі болып бір күнде зорға 2 килограмдай ғана пияз жинайтынбыз. Бұған таң қалып, немерелеріме енді бұл тауға пияз жинауға келмейміз дедім. Содан біраз уақыт бұл жерге келмей кеттік.
Бір түні түсімді өзім бұрын көрмеген, түрік пішінді, көрікті де нұрлы жүзді бір қарт маған қазақшалап тіл қатты, қиын болса да оның айтқандарын түсіне бастадым. Түсімде осы ауылдың жұртының ортасынан өтіп, тауға пияз жинауға бара жатыр екенмін. Сол жерде мешіт бар екен, оның жанында басына ақ сәлде ораған таза киімді әлгі қарттың асатаяғына сүйеніп тұрғанын көрдім. Ол кісіге сәлем бердім. Менің сәлемімді алып, көптен таныс адамдай: «Ей, Баба Хушбахт, пияз теруге келдің бе?» – деді. Мен: «Солай бабажан, неше күннен бері тау басына дейін шықсам да, керегінше пияз таба алмай, шаршап-шалдығып үйге қайтумен болдым. Бұл тауға не болған, берекеті қалмаған сияқты немесе пияз жинаушылар көбейіп кеткен бе екен, не болғанын біле алмады, бабажан», – дедім.
«Баба Хушбахт, қам жеме. Бірақ сіз көптен бері біздің жанымыздан өтіп кетесіз де, бізге сәлем бермейсіз. Анау жердегі біздің егістікте пияз көп, керегінше ала бер, бірақ әр келгенде сәлем беруді ұмытпаңыз», – деді. Ұялып, қысылғанымнан не дерімді білмедім. Қартпен қоштасып, нұсқаған жеріне қарай жүрдім, қарасам, әлі сабақтары көкпеңбек тамаша анзур пиязының егістігі екен. Құдай-ау, ғажап бір іс болды бұл деп өзімнен өзім сұраймын. Мен талай рет осы жерден өттім, ешқашан бұл ауылдың осыншама абаттанған жер екендігін көріп, біле алмады. Я, Алла, бұл түсім бе, өңім бе екен деп аң-таң қалып тұрғанымда оянып кеттім. Түсім екен.
Одан соң көзіме ұйқы келмей-ақ қойды. Алланың сол пендесінің келісімді пішіні көз алдыма елестей берді. Ертесіне таң атпай тұрып, намазымды оқыдым да, Аллаға шүкіршілік етіп, түсіме кірген сол қарттың рухына арнап дұға оқыдым.
Таң атқан соң немеремді жаныма алып, жүрер алдында: «Бабаң бұл түні пияздың көп жерін тапты», – дедім. Немереммен осы жаққа келіп, әуелі шаһидтер ауылындағы сол қираған мешіттің жанына барып сәлем бердім де, отырып құран сүрелерінен оқыдым. Содан кейін басымды төмен салып біраз үнсіз отырдым. Содан кейін сол қарттың түсімде көрсеткен жеріне қарай жүре бердім. Аздан кейін қарсы алдымнан сол баяғы түсімде елес берген пиязды жерді көрдім. Тегінде бұл сол қираған ауылдың егістігі болса керек деп топшыладым. Бұл ауылдың адамдары тек қана аңшылықпен емес, диқаншылықпен де шұғылданған екен ғой деп ойладым. Отырып тағы да олардың барлығының рухына арнап дұға оқып, Алла Тағаладан ол адамдардың рухын жарылқауын жалбарынып сұрадым. Сонымен біз осы әулие кісімен дос сияқты болып қалдық. Мен мұнда келген күндерімде ол кісіге сәлем беріп, тірілерше әңгімелесемін.
Жыл сайын анзур пиязын жинау уақытында мен ол кісінің бейітінің басына барып құран аяттарынан оқып, сұқбаттасамын. Содан соң қуатыма қуат қосылғандай өзімді сергек сеземін. Кейде немерем маған: «Баба, сізге не болған, күні бойы өзіңізбен өзіңіз сөйлесіп жүресіз, деніңіз сау ма?» – деп сұрап та қалады. Шынын айтқанда, бұл қасиетті жер менің рухани нәр алатын жерім болып қалды», – деп әңгімесін аяқтады Баба Хушбахтов.
Біз ол кісімен қоштасып, үлкен ауыл «Шар-шарға» қарай жүрдік», – деп әңгімесін бітірді Қожамқұл ақсақал.