Жарық нұрдың сәулесі

Мұхаммед ибн әл-Ханафия

Мұхаммед ибн әл-Ханафия Мәдина қаласында шамамен 637 жылдары, ислам шежіресінде қазіреті Омар дәуірі деп аталатын кезеңде дүниеге келіп,  700/701 жылдары қайтыс болған. Алла Елшісінің немере інісі әрі күйеу баласы төртінші имам хазіреті Әлидің (р.а) Фатимадан кейінгі әйелі Хәулә бинт Жағфар ибн Қайстан туған ұлы. Тарихи зерттеулерде оның ірі қоғам қайраткері болғанын білеміз. Әл-Джунайд: «Мен Әлидің (р.а) өнегесін молынан алып, оның көп нәрсесін риуат еткен Мұхаммед ибн әл-Ханафиядан артық  адамды көрген емеспін» дейді. Әлидің Мұхаммед есімді үш ұлы болды: үлкені Мұхаммед әл-Акбар Ибн әл-Ханафия – бану Ханифадан шыққан Хаула бинт Жафардан туған және аналары басқа Мұхаммед әл-Аусат (ортаңғы), Мұхаммед әл-Асғар (кіші).

Ибн Касирдың «әл-Бидая уан-ниһая» кітабында мынадай бір ғибратты оқиға бар. Абдулла бин Мутиъ және бірқатар бүлікшілер Мұхаммед-Ханафияға, сол тұстағы халифа Язидтің үстінен шағым айтып келеді. Мұхаммед-Ханафия – аналары бөлек болғанмен, хазіреті Хасан мен Хусейннің әкелері бір інісі. Бүлікшілердің мақсаты Язидті тақтан тайдыру болатын. Бүлікшілер көсемі: «Мағауияның баласы Язид халифа намазын оқымайды»,- деп үлкен айып тағады. Әрине, бұл үлкен күнә. Сонда хазіреті Әлидің баласы Мұхаммед-Ханафия: «сендер айтқан мінді халифадан көргенім жоқ. Мен оның құзырында болдым, сарайында бірер уақыт қонақ та болдым. Ол намазына өте мұқият, үнемі жақсылыққа талпынып тұрады, шариғат жайлы көп сұрайды және де сүннетке берік», – деп өз бағасын береді. Ал, бүлікшілер «оның бұл әрекеті тек сен үшін жасанды және көзбояушылық ретінде жасағаны» – деді. Мұхаммед-Ханафия болса: «Жасанды істейтіндей, менен қорқады ма, әлде менен бір нәрсе дәмеленеді ме? Сендер оны өз көздеріңмен көрдіңдер ме? Егер көрген болсаңдар, сендер оның күнәсіне ортақсыңдар. Ал, көрмеген болсаңдар өздерің білмейтін іске куәлік етулерің шариғат бойынша жөн емес», – деді. Бүлікшілер: «біз көрмесек те, ақиқатты айтып отырмыз»,-деп сендірмек болып тырысып бақты. Сонда хазіреті Хасан мен Хусейннің інісі Мұхаммед-Ханафия өзінің тоқтамға келетін сөзін айтты:«білмей тұрып куәлік етуді Аллаһ тағала тыйым еткен»-деп «Тек шын куәлік бергендер бұған қосылмайды»,-деп Зухруф с. 86а. оқыды.

Абдуллаһ ибн Аббас сахабалардың ішіндегі ең білімділерінің бірі болатын. Көзінің тірісінде оны Хибрулъ-умма (үмметтің дана ғалымы) және тәржуманул Құран (Құранды аударушы және бізге жеткізуші) деп ұлықтаған. Абдуллаһ ибн Аббас 687 жылы Тайфте қайтыс болды. Жаназа намазын Әлидің баласы Мұхаммет-Ханафия оқыды. Ол: «Бүгін бұл үмбеттің ең білгір ғалымы қайтыс болды. Оның өлімі мұсылмандарды мұңға батырды»,-деген болатын. Мұхаммед-Ханафияға халифаның үстінен шағымданып келуі, Абдуллаһ ибн Аббас сияқты мәртебелі сахабаның жаназасын шығартуы, Мұхаммед-Ханафияның өзі өмір сүрген ортада, замандастарының арасында сый-құрметке ие болуының дәлелі.

Бір кездерде Мұхаммед ибн әл-Ханафия мен ағасы әл-Хасан ибн ‘Алимен ара қатынасы суығандай болыпты. Мұхаммед ибн әл-Ханафия оған: «Расында, Алла сені менен үстем етті. Сенің анаң Мұхаммед ибн ‘Абдаллулланың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатима, ал менің анам Бәну Ханифадан шыққан әйел. Сенің нағашы атаң Алланың елшісі әрі жаратылғандарының ең жақсысы, ал менің нағашы атам Жағфар ибн Қайс… Менің бұл хатымды алған кезде маған келгейсің, бітімге кел, сөйтіп,  барлық жағынан да меннен артық бол» депті. Әл-Хасан бұл хатты алған бойда Мұхаммедтің үйіне асығып келіп, құшақтасып табысыпты.

Бір деректерде «Мұхаммед ибн әл-Ханафия былай деп еске алды: «Осман өлтірілгеннен кейін Асхабтар әкеме (Имам Әли) келіп: «Сізден артық халифатқа лайықты ешкімді білмейміз»,- деді. Әли: «Мен сенің әміріңнен гөрі саған көмекші (уәзір) болғаным артық», – деді. Олар: «Біз ешкімді танымаймыз және сенен басқа ешкімге ант етпейміз!»,-деді. Ақырында, ұзақ уақыт өткен соң келіссөздер кезінде Әли егер үммет оны мойындауға келісім берсе, билікті өз қолына алуға дайын екенін мәлімдеді».

Қазіреті имам Мұхаммед-Ханафияның үшінші халифа қазреті Османның қызы Бибі Шамсиядан алты ұлы болды: Абу Хашим, Абдаллах, Жағыфар, Шаһ Мансур, Абд ал -Фаттах және Абд ал-Маннан. Соңғы екеуінен – Әбді әл-Манан уә Әбді әл-Фаттақ ұрпақтары елімізде ислам ағартушылары деген атаққа ие болып, түркілердің шайықтары және қылует иелерінен есептеледі. Орталық Азия түркілері пір тұтатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың өзі де осы Мұхаммед Ханафия ұрпағы екенін ескере кеткеніміз жөн.

Ал қазақ даласында кеңінен таралған қисса-аңыздарға негіз болған оқиға былайша түзіледі. Ислам туы астында хазіреті Әли (р.а)  бір жорықтарда жас жауынгермен айқасады. Әлінің зұлфыхары жігіттің басындағы дулығасын ұшырып түсіргенде, жауынгердің қара шашы төгіліп, оның бойжеткен екенін біледі. Екеуі пайғамбар алдына барған уақытта қыздың Үрім-Қайсар патшасының қызы екендігі, атының Ханафия екендігі т.б. белгілі болады. Осыдан кейін Мұхаммед пайғамбар екеуін қосыпты, қыз мұсылман болыпты делінеді. Әліге шығар алдында қыз пайғамбарымызға бірнеше шарт қойса керек: «біріншіден, өкіл қыз етіп аласыз, оған Фатиманың өзінің ықыласы болсын, екіншіден менен тараған ұрпақ та Бибі Фатимадан тараған ұрпақпен бірдей сайид әулеті атансын», үшінші ұл тусам сіздің атыңызды қосақтап Мұхаммед Ханафия деп қойылсын» депті. Осы шартқа байланысты туған балалар да сайид атанады. Олардың ішіндегі ең атақтысы Әлі (р.а) мен Ханафияның үлкен ұлы – Мұхаммед Ханафия дейді аңыз-әпсанада.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button