Бір суреттің сыры

Болат Омарәлиев: 50 жылдық фотоархивім 8 қап пленка болды

– Мұрағаты бай фотографсыз. Мұра­ғат жинақтауды қай кезден бастап қолға алдыңыз?

– Мұрағатымда 16 жасымнан бастап тү­сірген пленкасы сақталған суреттер бар. Өзім фототілші ретінде мұрағат жинауды 19 жасымнан бастап қолға алдым. Сол 19 жасымнан 67 жасыма дейін жинаған пленкамды 2015 жылы зейнетке шыққанда қарасам 8 қап болыпты. Пленкаларды орап-орап целлофан пакеттерге салып, сыртына жылын жазып сақтай бергенмін. Тіпті үйдегі кітаптардың арасына кесіп салыппын. Осыдан 44 жыл бұрын тү­сірген «Таң алдындағы ән» деген суретімді газет-журналдардың бәріне ұсындым, еш жер баспады, ешкімге ұнамады, сол күйі мұрағатымда шаң басып жатты. Суреттің жақсы екенін біліп тастауға қимай жүргенмін. Былтыр «Ауыл» партиясы ұйым­дастырған, 200-дей фотосуретшілер­дің еңбегін сарапқа салған «Ауыл нақыштары» атты фотобайқауда осы «Таң алдындағы ән» деген суретім бас жүлдені иеленді.

– Өзіңіздің жаныңызға жақын, көңі­ліңіз толатын, ерекше ұнайтын су­­­реттерді қай жылдары түсірдіңіз?

– Мысалы, он бала тапқан әйел балалары­ның бәрін бірдей жақсы көреді. Сол сияқ­ты суреттерім де өзімнің ішімнен шыққан сияқты. Құдай адамға шығармашылықты беретін уақыты және бере алмай адамның тоқырайтын уақыты болады. Менің шабытты жұмыс істеген уақытым 1975-1988 жылдар аралығы. Жаныма жақын, ұнататын суреттерім көп, бөле-жара ай­татын болсам, «Таң алдындағы кездесу» деген суретім. Осы суретті түсіргенде жасым 25-тен енді асқан. Қазірге дейін осы су­ретке рахаттанып қарап отырудан жалық­паймын.

– Газеттің фототілшісі болып талай елді араладыңыз, өңірге келген игі жақ­­сылармен дастарқандас болдыңыз. Қазақ зиялыларының бейнесін тас­паға түсіре алмай қалған сәттер болды ма?

– Ондай сәттер көп болды, әлі күнге дейін есіме түссе жанымды қоярға жер таппаймын. Тұлғалардың тек жай суреті емес, көркем қимыл-қозғалысын шығара алмаған сәттерім көп. Мысалы, бір тұлғаның көркем суретін түсіру үшін «мынаны ұстап тұрыңыз», «былай қарап тұрыңыз» деп айта алмай құримын. Қазақстанның халық әртісі, композитор Шәмші ағамызды 1 кадр түсіріппін де, аңқиып отыра беріп­пін. Өңі жүдеу, өзі күрк-күрк жөтеліп отыр­ған ағамызға «былай қарап тұрыңызшы» деп айта алмадым. Бойымды аяныш билеп, есінен айырылған  адамға  ұқсап қалыппын. Өте өкінішті, әйтпесе Шәмші ағамызға нахалдық жасап 100 суретін түсіруіме болар еді. Сол сияқты қанша түсірсем де Ш.Уәлихановтың, академик  С.Сартаевтың көркем, нанымды бейнесін ала алмадым.

– «Сыр бойы» газетінде 50 жылға жуық еңбек еттіңіз. Сізді Алматыға, бас қалаға жұмысқа шақыртқанда бармауыңыздың себебі неде?

– Шерхан Мұртаза мені он үш жыл бойы «Қазақ əдебиеті» газетіне жұмысқа ша­­қырды. Барғым келмеді. Бала-шағамды шұ­быртып, пәтер азабын тартқым келмеді, от­басым қиналмасын дедім. Бойдақ кез болса, қолды бір сілтеп Алматыға сіңісіп ке­тер едім. Сырда қалғаныма өкінбеймін. Қо­лымда Сырдың 50 жылдық фотошежіресі бар.

– Суреттеріңізді әлеуметтік желіде жа­риялап отыру туралы ой  қалай кел­ді?

– Желіге кіргенде сурет саламын деп ой­лаған жоқпын. Мен көп көргенмін, көп бі­лем, көп оқыдым, соны жазып отырам деп ойласам, желіде менен көп білетін бі­лімді азаматтар отырады екен. Солардың жаз­­ғанын көріп аузым ашылып қалды. Ме­нің білетінім түкке де тұрмайды екен. Ше­жіре туралы бірдеңе жазып едім, қып-қы­зыл дау болды да қалды. Содан жазғаным­ды өшіріп, тұра қаштым. Таныс достың бірі «Болат, сен жақсы сурет­шісің. Неге суретіңді салып отырмайсың?» деді. Осы сөз көкейіме қона кетті. 8 қап суретті 4 жыл отырып сканер деген ап­паратпен компьютерге электронды нұсқа­сын аударып алдым. Аударып жатып ара­сында бірер суретті желіге жылт еткізем, бәрі шу ете қалады. Байқаймын, суретіме жұрттың ықыласы бөлек. Осыған дейін қанша сурет жариялағаным­ды есептемеппін. Мен тек ешкім көрмеген, ешқайда жарияланбаған суретте­рімді салып жатырмын. Менің түсіргенде­рімнің көбі кезінде газет талабына келмеген суреттер. Газет жұмысымен жүргенде осын­дай шығармашылық суреттердің бей­нелері кездеседі. Ондай сәтті қалт жібер­мей түсіріп аламын. Осыдан 49 жыл бұ­рын түсірген Арал теңізі толып тұрған кез­дегі суретімді де енді жариялап отырмын.

– Сіз фотоларыңыз арқылы адамның өзіне беймәлім қырларын ашатын секілдісіз. Өзіңіз объективті қолға ал­ғанда түсіретін адамға қарап, бі­рін­ші не туралы ойланасыз?

– Рақмет, мен түсірген адамның бей­мә­лім қырын сезіп жатсаңыз қуанамын. Бі­рінші суретке түсіретін кейіпкеріме қарап бұл кісінің болмысын қалай жеткізе аламын деп ойланамын. Сосын түсіре бастағаннан-ақ миға ой келе бастайды. Қызылорда облысында соғыста 2 баласы хабарсыз кеткен жасы 100-ге келген Қалампыр әжейді екі күн бойы суретке түсірдім. Алғашында әжей суретке түсуге көнбеген соң амалсыздан «Әже, ұлдарыңыз тірі, хат жазыпты, онда апамның суретін салсын деп­ті» деп алдадым. Әжейді алдағаныма әлі өкі­немін. Екі күнгі түсірілім барысында 100 кадр түсірдім. Бірақ соның 99-ы жарамады, тек біреу кадр ғана жарады. Осыдан-ақ шығармашылық фотосуретшілердің еңбегін біле берсең болады.

Бүгінде қолына сапалы фотоаппарат ұстаған жастар көп. Бірақ селт ет­кізер ерекше суреттер аз…

– Бүгінгі фотосуретшілерге жетіспей­тіні – білім. Жастар кітап оқымайды, кітап тү­гіл өлең оқымайды. Смартфон шұқылап отырғандары. Қарапайым адамнан тұлғаларды ажырата алмайды. Жақсы суретші ақын сияқты сезімтал болу керек. Қайбір жылдары «Соғыс жесірлері» деген сериялы суреттерді үш жыл түсірдім. Жесірлер жоқтау айтып жылағанда қосыла жылаған күн­дерім болды.

– Сіз жайында «Қоғалыкөлдің «Құла­гері» деген кітап жазылып жатқанын естідік.

– Жазушы, телевизия саласының ардагері Тілеген Бекарыстанов мен туралы кітап жазып жатыр. Бұл – көркем шығарма түрінде жазылған дүние. Тілеген екеуіміз кітапты осы көктемге дейін шығарамыз ба деп жүрміз. Екеумізде кітап шығаратын ақша, не демеуші жоқ. Алғашында аз ғана данамен шығарып көрейік, кейін сұранысқа қарай шығара береміз деп отырмыз. Кітаптің ішінде 150-дей шығармашылық суреттер бар. Бұл жай суреттер емес, бү­кіл Сыр бойының тарихы, қазақтың бү­кіл ірі тұлғаларының қимыл-қозғалыс үс­тіндегі суреттері. Бірақ менің өнерімнің қа­заққа керегі жоқ қой деймін. Әйтпесе осын­дай кітапқа Қызылорда облысының әкі­мі демеуші бола алады ғой. Өкінішке қа­рай, әкім менің кім екенімді білмейді, біл­се де білгісі келмейді. Кезінде Мәскеудің үш жерінде, Украинаның Армавир қаласында және Польшада көр­мелерім өтті. Бірақ туған жерім Қызылор­дада бір көрмемнің өтпеуі қынжылтады.

  Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

 Барлық құқықтар сақталған. Материалды көшіріп бассаңыз https://turkystan.kz/article/97083-bolat-omar-liev-50-zhyldy-fotoarhivim-8-ap-plenka-boldy?fbclid=IwAR2vOPuBzoeUvp5x6-47iz03tu-VrOkZezskP4uLGFVWjjGfU26NMuwtzII гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button