Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Арқадан дәурен кеткен соң

Арқадан дәурен кеткен соң,

Қуғындап орыс жеткен соң,

Тіпті амал жоқ, қазақтар,

Түсті соның торына.

Орыс – бүркіт, біз – түлкі,

Аламын деп талпынды.

Орыстан қорлық көрген соң,

Отырып билер алқынды.

Мың-мың жылқы айдаған,

Сары қазы шайнаған,

Қымызын судай сапырған,

Ішіп мас боп ақырған.

Арқаның құтын қашырған,

Қимаймыз деп айырылдық,

Көк орай  майса шалғынды.

Арқаның жері бейіш-ті,

Жылқының етін жемес-ті

Жағаласқан мына жау,

Кетірер сөйтіп сиқыңды.

Қолыңды қойса айдауға,

Жарар сол да  жылқыңды.

Бұқарға жетер күн болса,

Тыншытар ма едің ұйқынды?

Онда қазақ баруға ,

Кетірер ме мына жау?

Алдыңда тағы Қоқан бар,

Кәпірден жаман тамақсау.

Қанар кәпір халқыңды,

Көп жасады неліктен?

Көтерілді керемет,

Кәлемдегі әріптен,

Тәубесі қабыл бір жан жок,

Біздің қазақ кәріптен.

 

Сөйлеген сөзі жалған-ды,

Шайнаған асы арам-ды.

Кім мұсылман, кім кәпір,

Бір Аллаға аян-ды.

Он екі құйрық, қырықшалғы,

Ұядан  сұңқар таранды.

Дос кісіге қас қылсаң,

Өз бойыңа жаман-ды.

Атасы ұлға нанбады,

Көңілі қатып қалғанды,

Пірлерден кетіп керемет

Патшадан кетіп ғаделет[1],

Ақырзаман таянды.

 

Таянбай енді не қылсын,

Тәубесінен қазақ жаңылды,

Дұшпанға  жаман табынды.

Адыра қалғыр Арқаның,

Ақ шөбін  қимай бағынды.

Бағынғанның белгісі

Бірлік кетті басыңнан.

Береке кетті асыңнан.

Өмірі қызық көрмедің,

Тарлықтан басқа жасыңнан,

Ұл-қызыңнан әл кетіп,

Айырылды құда-досыңнан.

Мұнан қиын не болсын?

Өлім менен осыдан?

Тірі жаннан хал кетіп,

Жөнсіз оқтай қаңғырып,

Жан шіркін ақыр берік екен,

Үзіліп кетпей неғып тұр.

Енді не амал қыламыз,

Тырнақтап жиған малыңа,

Басы мұштай (кішкентай) би шығып,

Қалмайды енді шошайып.

Шұнағыңыз тұсында,

Ағашы мұның күйелі,

Ақылыңды алып тұр,

Сүт, саумалы биелі.

Қонысыңды алып тұр,

Қомы сынған түйелі.

Шернеуде (тағдыр) салған іс болса,

Несіне оған күйеді.

[1] әділет

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button