ІІ Тарау
Шортанбай ақынның өмірбаян деректері тым тапшы. Көпшілік зерттеушілер оны Қаратауда, Түркістан маңында Қарнақ қыстағында дүниеге келген дейді. Әсіресе арнайы еңбек жазған Х. Сүйіншәлиев[1], С. Талжанов[2], 175 жылдық мерекесі кезінде мақала жазған Т. Тебегенов [3] және бұған дейінгі зерттеушілер осы пікірді қолданып келді. Көпшілік деректерде Шортанбай 1818 жылы дүниеге келіп, 1881 жылы өмірден өтті деген айтылып, жазылуда. Алайда Сәділ Талжанов 1959 жылы «Шортанбайдың өмірбаяны жөнінде Академияның кітапханасында бір белгісіз автордың жазғаны бар. Оның айтуынша, Шортанбай 1801-1805 жылдарда туып, 1870-1875 жылдарда өлген сияқты. Бұл жайтты да еске алған жөн болар, ал біз бұрынғы – 1942 жылы жазушы Сәбит Мұқанов көрсеткен мөлшерді бұзбадық» [4] деген де дерек айтты.
Жырау өмірбаянына қатысты тың деректер тауып, іздестіріп жүрген жазушы Кәмел Жүністегінде біршама толық тарих бар.
Шортанбай өмірбаянындағы басы ашық бір жай – өмірінің басым көпшілігі Арқада – Қарқаралы төңірегінде өткендігі, қазіргі Жезқазған облысындағы Ақсу-Аюлыда мүрдесі жатқаны.
Шортанбай – белгілі Жанқұтты биге аса жақын адам. Арқа елінің арғы-бергідегі жақсы-жайсаңдарымен бірге жүрген, қатар болған. Кәмел Жүністегі жиыстырған деректерге сүйенсек. «Шортанбай әкесі Қанай – Балқаш бойындағы Шұбыртбалылар арасына келіп сіңген қожа тұқымы. Оның Қаратаудан шыққаны даусыз. Қанай арқадағы (осы күнгі Шеті ауданы) Нақып қожаның қызына үйленген. Ақын шешесінің аты – Шүкіман»[5].
Шортанбайдың Алдаберген, Аязбай деген ұлдары, Бәтіш атты қызы болған. Аязбай Арқада дүниеден өткен, ал Алдаберген қиын кезеңде Қаратау жаққа кеткен. Ұлы нағашылары Есмағамбет қарияның үйінде 1931 жылы келіп қайтқанын ел ішінде есте сақтап, айтып отырғандар бар. Соның бірі – Есмағамбеттің баласы Әбдісадық.
Елуінші, алпысыншы жылдары көз көрген адамдардан Кәмел Жүністегі Шортанбайдың көп өлеңін жазып алады, өмірбаян мәліметтерін жиыстырады. Сол кездегі шет ауданы «Қызыл теңдік» колхозында Шортанбай мұрасын дәріптеп қадірлеуші үлкен топ болған Ыбыштың Жүнісі дейтін ақсақал (Кәмелдің әкесі – Қ.М.) Бұқар мен Шортанбайдың біраз мұрасын жинаған. Осы күнгі Ақадыр ауданы, Киікті станциясында тұрған Досбергеннің Қалиы деген жыршыдан бірталай өлең-толғаулар жазып алыпты. Соның бірі – «Ақжолтай Ағыбай батыр» жыры. Сол елде жыршы Анарбек Шоқатұлымен Кәмел Жүністегі 1976 жылы кездесіп, біраз дүние алған. Бұл жазбалардың көпшілігі қазір біздің қолымызда. Оның біразын жазушы Кәмел Жүністегі түрлі басылымдарда жариялатты. Бұл шығармалар, негізінен, қайсыбір басылымдарда, ту-у арыдағы «Бала зарынан» бастап, ұзақ, біртұтас толғаулар ретінде беріліп келе жатқан жыр толғауларының үзік-үзік бөліктері іспетті. Бірақ өзгерісі де, өзгешелігі де бар. Сөз жоқ, Шортанбай мұрасына тануда, табуда, толықтыруда көп көмегі тиер құнды, қисынды үлгілер. Олардың қайсыбір қисындары жайлы Шортанбай шығармаларының текстологиясына қатысты сөз болған тұста аталып айтылмақ. «Ақынның қайтыс боларда айтқаны», «Ғибрат», «Пысықай», «Өсиет», «Байды құдай атқаны», «Замана», «Келер заман сипаты», «Заман», «Шортанбай – Орынбай айтысы», «Шортанбайдың Асан бұғыға айтқаны», «Шортанбай – Шөже айтысы» (үзінді), «Ақжолтай батыр», «Көз көрген қазақ батыры», «Қапалық», «Әйел туралы», «Шортанбай мен Асан бұғының айтысы» атты өлең-толғау, айтыс, дастандардың қайсыбірі, мәселен, «Байды құдай атқаны», «Пысықай», «Өсиет», «Шортанбайдың Асан бұғыға айтқаны», т.б. ұзақ толғаулардың ішінде еніп жүрген өлеңдер болса, бұрын ешжерде кездеспеген, жарияланбаған, сақталмаған шығармалар.
Мәселен, «Қапалық» дейтін толғау 28 жолдан тұрады. 1976 жылы Анарбек жыршыдан жазып алынған. Сөз қолданысы, мәнер-айшығы Шортанбай мұрасымын дейді. Өлең мазмұнынан да Шортанбай шығармаларындағы басты сарын – заманға мін айту, сын айту, алаңдау, торығу, түңілу сарыны анық аңғарылады.
- Жабырқап осы жалғаннан,
Жанға көңілім қалып тұр,
Жан дүниеге салып тұр
Тәнге көңілім қалып тұр.
Жатқа көңілім қалып тұр,
Жұрт залымға нанып тұр,
Өтірік өрлеп күшейіп,
Шын жеңілдік болып тұр.
Бақ дегенге байлау жоқ
Оған адам танып тұр.
Тағдыр шіркін тап беріп,
Тамағынан алып тұр.
Жала деген аңдушың
Тақымыңнан алып тұр.
Бәле деген төбетің
Балтырынан алып тұр.
Сауысқан, қарға, қара құс
Жемтігін аңдып бағып тұр.
Көре алмаған күншілер
Көңіліне мұның жағып тұр.
Әншейін де дегенің,
Айызы әбден қанып тұр.
Жаны шығар жақынның
Көзінен жас ағып тұр.
Айыруға амал жоқ,
Арты қалай болар деп
Жүрегі от боп жанып тұр.
«Әйел туралы» дейтін өлеңі қазақ поэзиясындағы дәстүрлі жақсы әйел мен жаман әйелдің жайынан. Өлеңде мінезсіз, долы, кесір, кержалқау әйелдің іс-қимылы, кейпі берілген. Сонан соң жақсы әйелдің қасиеті көлденең тартылады.
Болады жақсы әйелдің сөзі жүрдек,
Шаруасын бітіреді өрге сүйреп.
Арасы ағайынның араз болса,
Екеуін табыстырар үйдеп-бүйдеп…
Әбдіғұл Маясарыұлынан «Шортанбай мен Асан бұғының айтысы» – осы сөз қағыстырудың толық, көлемдірек түрі. Әр толғауда шашырап, араласып жүрген ұғынықсыз үзіндісі емес, қисынды, жүйелі, өзіндік өлшем-өрнегімен көрінетін нұсқа. Айтыс қысқа. Бірақ Шортанбайдың ата тегінен мәлімет бере кететін тұсы бар. Әрі ол уақыттың өзгеріс-шындығы бой көрсетер, Аан бұғымыз кім дегенге анығырақ жауап берер тұстары да жоқ емес. Көркемдік жақтан да бас-аяғы, айшықты, арынды, ұтымды сөз қағыстыруларға құрылған туынды. Айтыс Шортанбайдың Асанға заман кейпін, аз күндік арзанға малданбауды, саудамен тапқан тиынның соңына түсіп кетпеуді айтумен басталады. Жасың жетпіске жетті, иман сұра, ақирет қамын қыл, адамшылықты ойла, аталас туған жақыным деген ниет, тілек, ескертумен дөңгеленеді.
Замандасым, ей Асан,
Тұрақсыз заман, ойласақ
Бірақ шіркіне мәз болма,
Тұрмайды баста байласаң.
Тұрмайтынның себебі,
Арқаны алған мына жау,
Сені де қоймас, түбі, сау.
Саудамен тапқан тиынға,
Әулиедей сиынба,
Мұсылманның баласын,
Хан, ақсақал данасын,
Қыспаққа алған кәпірге,
Сенің дағы малыңды
Тартып алу қиын ба…
Шортанбай өмірінен жеткен азғана мәлімет, деректің өзі оның қайсыбір шығармаларының туу себептеріне, жырау ғұмыр кешкен замананың қайсыбір қырларына бойлата түсеріне дау жоқ.
Ғалым Темірхан Тебегенов Шортанбай өмірбаянындағы елеулі кезеңдерге тоқталып, ақын мұрасына бүгіннің көзімен, ақиқаттың сөзімен баға береді. Мұхтар Әуезов пікіріне сүйене отырып, Шортанбай өнернамасын салмақтап, саралағанда «әдебиетіміз тарихындағы бір дербес мектептің көшбасшысы» [6] бола білді дегені көп салмақ көтерген ой. Т. Тебегенов «Ана тілі» газетінде жарияланған шағын мақалада ақынның өмір жолын барымен, мәнімен түйіндеп айтады. Өнерпаздық ерекшеліктеріне тоқтала отырып, айтыстарына айрықша қарайды. Өмір кезеңінің көпшілікке беймәлім қайсыбір тұстары аса қызғылықты берілген.
Хан кеңесі басталар алдында Ағыбай батыр Кенесарыға бүгін өзінің жігіттерінің Жамантай төре ауылының бір топ кісілерін жол үстінде тоқтатқанын, оның ішінде белгілі Шортанбай ақынның бар екенін айтады. Жамантай мен Құсбек төрелердің өзіне қосылмағаны, ермегені – Кене ханды қатты мазалайтын, сол Жамантай мен Құсбектердің ордасындағы ақын, дін насихатшысы Шортанбайдың атағына сырттай қанық Кенесары оны өзінің көргісі, тыңдағысы келетінін білдіреді.
… Үнсіздікті шұбыртпалы Ағыбай батыр бұзды:
– Шортеке, хан иеміз сіздің осы біздің бәрімізге ортақ қасиетті ісімізге қатыспау себебіңізді білгісі келеді.
… Мен адамдардың ұрыспай, қағыспай, бейбіт өмір сүруін тілеушімін. Кәпірлерге ырық бермеу үшін халық құдайдың, Мұхамед пайғамбарымыздың ұлы қағидаларын басшылыққа алса екен. Қолға қару алған бұл соғысқа сіздерменен қатарласып қатыса алмауымның мәні осы! Мен Кене хан мен оның төңірегіндегі батырлар ерлігін жоғары бағалаймын. Құдайым батырларымыздың қасиетті істерін желеп-жебей берсін!»[7].
Шортанбайдың хан Кененің қазасына арнап жазған «Көз көрген қазақ батыры» атты шығармасы бар Ағыбай батыр жайлы дастанда да Кенесары қозғалысы қамтылған.
Ғалым Т. Тебегенов «Көз көрген қазақ батыры» жайлы былай дейді:
«Ақынның «Көз көрген қазақ батыры» жыры Кенесары хан мен Наурызбай батыр туралы арнау, жоқтау мазмұнындағы толғау»[8]. Шортанбай Кенесарының, Наурызбайдың
– Көз көрген қазақ батыры,
Алысқа кеткен дабыры.
Хан Кенедей ер қайда?
Шейіт боп кеткен тағдыры!
Наурызбай төре ер еді,
Өн бойы өнер, сері еді.
Күркіреп солар тұрғанда
Қазақты жау жеңбеді…
Шортанбай өмірі жайлы біраз мәліметер бізге, негізінен, 17-18 жасында ақынның атқошысы болған Әбеу дейтін ақсақалдан, жырау толғауларын айтқаны үшін жиырма жылға жуық ғұмырын саяси лагерьде өткізген Анарбек жыршыдан, тоқсанға келіп қайтқан Қази ақсақалдан Кәмел Жүністегі жазып алған деректері арқылы жетіп отыр.
Көз көрген, құлақ естіген жайлардың бүгінге жеткен жаңғырығы – жыраудың Қарнақта туылды дегені қате дейді. Оған мынандай айғақтар айтады.
«ХҮІІ ғасырда Шұбыртпалы руы Арқаға қоныстана алмай, Сыр бойын мекен етіп жүргенде Шортекеңнің бабалары сол румен қыз алысып, араласып бірге көшіп жүрген. Ақынның әкесі Қанай Арқадағы Айыртау (Ақадыр ауданы) мекен етіп, Сарым ішіндегі Нақып қожаның қызы Шүкіманға үйленеді. Нақып – осы фактілерді айтушы Есмағамбет қарияның үлкен әкесі» [9]. Шортанбай нағашысының аулында 1818 жылы көктемде туған. Сауатын ауыл мектебінің молласы Ыбырайым деген кісіден ашқан. Кейін Шаяндағы медреседе, онан Бұхарада оқиды. 17 жасар жас, сауатты, шешендігімен көре түсе бастаған Шортанбайды Жамантай, Құсбек төрелер шақыртып Қарқаралыға барады. Өнерлілерортасында жүріп, өлеңге жақын Шортанбай өзін жетілдіреді. Сан жүйріктік сынға түсіп, шыңдалады. Соның бірі – Орынбай ақын. Шортанбай мен Орынбай айтысы қазақ айтыс өнеріндегі белгілі айтыстың бірі.
Шортанбай Кенесарының тілеулесі. Оны Айыртауда Орта жүздің ханы сайлағанда Шортанбайдың қатысқанын айтушы жұрт бар. Қази ақын 1980 жылы сол тұста Шортанбай шығарған мына бір толғаудан үзінді айтқан, өкінішке орай ұзақ толғаудан есте қалған үзінді ғана.
Ұлары шулап Ұлытау,
Орыс-қазақ қылған дау.
Алаша хан, Жошы хан,
Қазақтың басы қосылған.
Жалаңаш мінген ер жігіт,
Қолдаса құдай келер сау…
Шортанбайдың заманға зар айтуы – осы хан Кененің жеңілген тұсы. Мұны әдебиет зерттеуші ғалымдарымыз әрқашан ескертіп те келеді. Әсіресе, М.Әуезовтың, С. Мұқановтың пікірлері тарихтың, саясаттың бет-бейнесін көріп-біліп отырып, ішкі пиғылын сездіре айтқан ақиқат пікірлер.
«- Арқадан дәуен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң.
Тіпті амал жоқ қазағым,
Түст і барып торына, – деген
шумақтардың көтерілістен кейінгі торығу кезеңінде тууы дау тудырмаса керек» [10].
Шортанбай Бесата ішіндегі Қояншы-тағай – Сарымның бір қызына үйленген. Аязбай деген ұлын Жанғұттының Қасенінің қызына үйлендіреді. Ол әкесінен бұрын қайтыс болған. Қызы Бәтіштен де бүгінге жеткен, өз кіндігінен тараған ұрпақ жоқ. Алдабергеннен ұрпақ қалды ма, жоқ па белгісіз. Бәтіштің бауырына салып алған Құлшық ұрпағыөздерін қазірде Шортанбайдың жиені санайды.
Шортанбайдың бар ғұмыры патша отаршылығының сан салалы сайқал саясаты өрістеп, өсе түскен кезінде өтті. ХІХ ғасырдың бел ортасынан былай тіпті күшейе түскен рухани отарлаудың бір қыры- халықты дінінен айыру еді. Сол тұста қазақ арасында бұл құбылысқа қарсы қозғалыс, әрекет жандана түскен… Мешіт, медреселер салынып, дін уағызы, дінді ұғындыру, тарату бел алды. Шортанбай замандасы Тобықты Құнанбай Қарқаралыда мешіт салдырды.
1855-57 жылдар шамасында Жанғұтты би Аюлы тауының батыс жағындағы Қойкөл өзеніне таяу тұстан мешіт салдырған. «Бұл кез ақындығымен де, діни философиялық көзқарасымен де елге әйгілі болған Шортекең досы Жанғұттының өтініші бойынша осы мешітте жыл жарымдай уақыт амамдық етіп бала оқытады. Табиғатынан сөз өнерін қуған, жыраулық дәстүрді мықтап ұстанған Шортанбайды онан кейінгі уақытта имамдығын жалғастыра бермеді деп ешкім сөккен емес. Міне осы тұста бір жағы Қуандықты, екінші жағы Тарақтыны аралап жүрген Шөже ақын сөз өнерін жарастырып сынап көрмекке Шортекеңді іздеп келеді» [11].
Шортанбайдың бірнеше айтысы бар. Соның бірі осы Шөжемен айтысы. Айтыстары әр қилы жағдайда, түрлі айырмашылық өзгерістермен жетіп отыр. Орынбаймен, Шөжемен, Асан бұғымен айтысының басылып жүргені, ҰҒА Қолжазбасы бөліміндегісі, Кәмел Жүністегінің жиыстырғаны бір қалыпта емес. Шумақ, сөз, жол айырмасы, мағыналық өзгешеліктер бар. Шортанбай Бесатаның ішіндегі Елемес ақынмен жұмбақ түсті деген дерек кездеседі, бірақ айтыстың өзі сақталып жеткен жоқ.
Шортанбай Құнанбаймен жақын болған. 1867 жылы Ақ патша тұқымынан князь Владимир Омбыға келгенде, кездесуге барған қазақтың жақсы мен жайсаңының ішінде Құнанбай тобымен барған Шортанбай ақын да болыпты. Ертістің бойына жапа-тармағай қоныстанып жатқан, сыңсыған орыс мұжығын көрген ақын қатты налыпты.
Ертістің бойы ен жайлау,
Көшіме түсті бір байлау.
Алғанын мұжық аз дейді,
Жер қосып тағы жаз дейді.
Келіп те қапты төресі.
Жоқ шығар бізге бересі,
– деп налып, түңіліп оралыпты.
Шортанбай елдің мұңын зарлы өлеңге түсіріп, уайымға батсада қайратқа шақыратын сәті де аз емес.
Жалаңаш мін де жауға шап,
Қатын-бала қамы үшін.
Өзінің бірқыдыру насихатында ел-жұртқа арғы-бергіңді ойла, өлместің қамын қыл дегенді айтады. Жыраудың халыққа егіншілікпен айналысып, отырықшылдыққа көшу жөнінде де айтқан ойлары болыпты.
Қалың қазақтың ішінде заманды ұғындырып, саяси қатерге қарсы ем іздеп шарқ ұрған Шортанбай ақын ел аралап жүрген бір сапарында, Семейден қайтып келе жатып, жол үстінде дүниеден өтті…
Шортанбай – қазақ әдебиеті тарихындағы зар заман ағымы әдебиетінің айтулы тұлғасы. Оның шығармаларында белгілі бір тарихи жағдай туғызған жаңа әдеби ағымның барша басты ерекшелігі, барша басты сипаты бар. Ақын толғауларының, дастан, айтыстарының сарыны, бағыты, мазмұн, мәні, түрі, тілі – тұтастай заманның күйі.
Ақпа-төкпе ағынды дарын Шортанбай қиюын тауып, қисынын келтіріп, арқаланып, аруақтанып отырып өз қоғамының, өз дәуірінің шынын айтты. «Өксігіңді ойласам, ұйқы беріп, қайғы алам!», – деп Дулатты аһ ұрғызған заман – Шортанбайдың да жан азабы.
Шортанбайдың қазақ әдебиетінің тарихындағы орны ертеден-ақ белгілі болғанын Мұхтар Әуезов 1825 жылы айтып, зар заман ақындарының ішіндегі ірі жырау, үлкен ақыны екенін атап өтсе де, өкінішке орай, қилы-қилы замандарда Шортанбай мұрасын бағалау мәселесі қисы саққа жүгіртілді. Тұтастай зерттеу нысанасына ілігіп, жан-жақты жүйеленіп, талдан қойған жоқ. Қайткенде қайшылық, кемшілігін ащы айтып, қатты айтуға бейім тұрғанымыз рас. Көбіне ақынның шығармасындағы саяси астарларға назар аударыла берді де, ақындық шеберлігі қағаберіс қалып, жалпылама қамтылды. Жалпы ел ішінде болсын, әдеиеттануымыздағы қайсыбір зерттеулерде болсын Шортанбай жырау деген тіркес те жиі ұшырасады. Шынында Шортанбай шығармашылығының жыаулар өнерімен аса туыс тұстары көп. Сол төңіретке те біраз мәселені қарастыру, айғақтау қажет десек, оның өзі де жалпы әдебиетіміздегі жыраулық өнер, жырау статусына байланысты бұрын-соңғы тұжырымдарға жүгіне отырып сөйлеуді қажет етеді. Жырау өнері ту бастан зар заман әдебиетінің де бр түрі, басты түрі екенін ескерсек, ол ұғымның Шортанбай мұрасымен тоқайласар тұсы көп.
Шортанбай өлеңін талғам таразысына салуда М. Мағауиннің ескі поэзиямызға байланысты мына бір тұжырымын есте ұстағанымыз жөн. «Көркем шығарма қашан да өзін туғызған дәуір кейпімен, сол кездің ой-өрісімен салыстыра бағаланбақ, өз заманымен өлшенбек. Және көркем әдебиетке қойылар талап, оның критерийі әр уақытта әр түрлі болғандығын да есте тұтқан жөн. Яғни шығармаларында кездесетін кейбір кінараттар жырау талантының кемдігінен емес, оның заманының ескіргендігінен, біздің көркем әдебиетке қояр талабымыздың өзгергендігінен, өскендігінен» [12].
Сонымен қатар, біздің пайымдауымызда А. Байтұрсынов айтқан пікірге де құлақ салу абзал: «Қазақтың ауыз әдебиетін алсақ та, діндар дәуіріндегі әдебиетін алсақ та, қандай жақсы болғанымен, мінсіз сұлу болмайды. Бір жерінде сұлулығы қандай зор бболса, екінші жерінде міні де сондай үлкен болады. Ақындығы қандай күшті болғанмен, айтылған екі дәуірдің ақындарының сөздерінде әдемілігінің жанында ат сүрінгендей міні тұрады». «Сондай-ақ қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері жаман әдеттері өнерпаз Европа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып, көзге түседі» [13].
Осы жерде бір мәселенің басы көрініп отыр. Абайдың Бұқар, Дулат, Шортанбайға байланысты айтқанын көбіне Абай профессионал әдебиет деңгейінен қарады деген тұжырымымыз Европалық мәндегі профессионал әдебиет екенін айқындап айту керек. Әйтпесе, қазақ әдебиеті ежелден профессионал әдебиет. Ол Абайдан кейін ғана пайда болды деп қарауымыз, әлгіндегі европалық мәндегі профессионалдық әдебиетке байланысты. Жаңа мазмұндағы, бағыттағы, сарындағы, түрдегі өзгерістерімен өзгеше әдебиет десек бір жөн.
Қазақ поэзиясы, соның ішінде жыраулар поэзиясы – атам замандағы жаратылысынан профессионал өнер. Жетілген, келіскен кемел өлең! Қай түрде, қай үлгі, қай бағыт, қай сарында айтылуына қарамастан, ғылыми тұрғыдан келгенде де жыраулар өнернамасы, халық поэзиясы – өлең теориясы тұрғысынан тұжырымдалған, өзгешелік, ерекшеліктері сараланған поэзия.
Шортанбайдың ақындық мұрасына көз салғанда, біздіңше, Шортанбай ақын, Шортанбай жырау. Шортанбай айтыс ақыны деген анықтамалардың барлығының да қатысы бар; барлығы да сыяды. Шортанбай жырау дегенге байланысты ескерте кетер бір жай: әрине, оның шығармалары Қазтуған, Шалкиіз мұраларындай, Ақтамберді толғауларындай асқақтықтан ада. Күйініш, шарасыздық басым; өз заманының басқа шындығын, өзгешелігін айтқан кезде аспандай алмайды; жерде тұрып , азып-тозып бара жатқан елдің кебін киіп тұрып, таусылып, сөніп бара жатқан үміттің шоғын өшіріп алмасақ екен деп, үреймен толғанады.
Біздің танымымызда өзінің көп сипатымен қоса алғанда, жырау – өз заманының бас идеологы. Заманның қалпы, кеше мен бүгін жайлы толғаныс, халық санасын шарпитын өнеге-үлгі, үгіт-насихат, халқының бары мен жоғы, мұңы мен зары – оның поэзиясының арқау, арнасы. Жырау- ақын. Сол ақын қажет күн туғанда қажет тілмен, қажет түрмен сөйлеп жырауға айналады. Халықтың құлағына саясат құяды. Шортанбайдың заман күйін шерткен толғаулары сол мақсаттан туған. Хан сарайында болып кеңес айтпағанымен, жаугершілік күйін толғамағанымен (себебі, заманы басқа – Қ.М.), Шортанбай бір жағынан – жырау. Оған айғақ боларлық негіздер ақын шығармашылығында аз емес. Өлеңінің мәні, сипаты жағынан да, өлеңінің түрі, үлгісі де, ұйқас, ырғағы жағынан да жыраулық поэзияның теориялық негіздеріне бағынып жатқан тұсы көп.
Ғалым Н.Келімбетовтың жыраулық өнер жайлы тұжырымдары Шортанбай жырау деген анықтаманың астарын аша түсуге айғақ: «Ел басқарған әкімдердің іс-әрекетіне, мінез-құлқына сол дәуірдің моралдық нормасы тұрғысынан баға беру – қазақ жырауларына тән қасиет. Әйтсе де дәстүрдің қайнар-бастауы түркі тілдес халықтардың ортақ поэзиясында жатқанын ұмытпау керек» [14].
Жырау өнернамасындағы толғау жанрының туу жайын М.Мағауин Шалкиіз жырауға телиді. Н.Келімбетов те бұл үлгінің шешендік-дидактикалық поэзияның бұрын болмаған, ежелгі түркі ақындарының гуманистік, әлеуметтік және философиялық ой-пікірлерінің ХҮ-ХҮІІІ ғасырда жаңа тарихи жағдай талаптарына сай жетілдіріле түскен түрі екенін айтты.
Қажым Жұмалиевтің жыраулар жөнінде теориялық тұрғыда ажыратып, айғақтаған піікрлері әдебиетану үшін құнды тұжырымдар. Бұқар, Дулаттар – шын мәнінде жыраулар. Ақындармен олардың түйісетін жері – сөздерін ырқаққа, ұйқасқа құрушылықтары. Ал тақырып, мазмұн жақтарынан жырау сөздері өзгешелеу келеді, жыраулар әлеуметтік мәні зор, ірі мәселелерді сөз етеді де, әр алуан өмір құбылыстары жайлы өз көзқарастарын афористік түрде қорытады. Жырау емес, жай ақындардай махаббат мәселесі, айтыс, салт-тұрмыспен байланысты өлеңдер шығаруда жыраулар өздеріне қол көрмейді.
Бұл анықтаманың да Шортанбай шығармашылығына қатысты жерлері аз емес. Оларға қарағанда Шортанбай – бір жағынан жырау, бір жағынан – ақын. Бұл құбылыс қазақ әдебиетінде ХІХ ғасырда да, ХХ ғасыр басында да көп байқалды.
Шортанбайдың заманында тас жарып шыққан бұлақтай қайсар, тұнық, биік жыры мол қазақ өлеңі ащы мұңға батты, қорғасын ойлардың салмағына тұншықты.
Шортанбай шығармаларының бар қыр-сыры тек заманға зар айту, дінге бас ұру деген пікірлер, әрине, көбіне ақынның күрделі поэзиясын ашу мақсатында емес, өшіру, өлтіру ыңғайында айтылған ойлар болды.
Шортанбай әлеміне онша ой бөліп, жүрекпен, сезіммен келгенде ашар сыр аз емес. Оның өлеңі адам баласының опасыз жалған дүниеден іздегені мен тапқанын, тіршілікке тірек етер мұрат-мақсатын көлденең тастайды. Жаратылыстың ештеңеге бағынбайтын өктем, ұлы заңдарын мойындатады.
«Қолыңнан құсың қашырсаң –қайта қонбас қолыңа», «мінезге бағым табылмас, ғадетіне кетеді», «сұғанақ болып ұмтылма, сыбағаң болса, тұрып ал», «ашты-тоқты болсаң да, иманың сақта ұятты» деп келетін Шортанбайдың тіршілік философиясы – көреген, тіршілік иірімдерінен тиянақ, тірек таптырар дана толғаулары, тоқтамдары жайлы, өлең өру құпиясы, қара сөзге қан құйып, жан кіргізу шеберлігі жайлы айту оңай емес. Бірінші себеп, ақын мұрасын әуелгі өлең боп туған қалпында қарастыру мүмкіндігінің жоқтығы. Ақын мұрасын төңкеріске дейін бірнеше мәрте кітап болып басылғанымен де, бізге өз қалпында жеткен жоқ. Үзіліп-жұлынып, өзгеріп-түрленіп, жоғалып барып ғасыр аласапырандарын бастан кешіп барып жетті.
Шортанбайдың шығармашылығы жан-жақты сөз болуға көп кеселін тигізер жайдың бастысы осы, яғни ақын шығармаларының текстологиясында. Ал текстология проблемасы – тек Шортанбай шығармашылығы ғана емес, біздің бүкіл әдеби мұрамыздың қасиеті.
Мәселен, Шортанбай толғауларындағы ұқсас, бунақ, тармақ жайлы үзілді-кесілді айту – ақын өлеңі қырық түрлі хикметті бастан кешіп, жоғалып, орын ауысып, басқалардың мұрасымен араласып кетіп, қолдан өзгертіліп, т.б. жеткен бұл қалпында ақиқатты айту оңай емес. Сондықтан ол жағын қайсыбір қисындарына қарап қана шамалап, болжалдап сөйлеуге мәжбүрміз. Ал сөз қолданысы жөнінде дәстүрлі тіркестер мен өзіндік, тың сипаттары жайлы қазіргі сақталып жеткен, қолдағы бар мұра, негізінде сөйлеуге тура келеді.
Шортанбайдың әдеби мұрасын түсінуде әрқилы шалағайлықтың кездесуі Рәбиға Сыздықованың: «Өткендегі әдеби мұралардың тілінде қазіргі нормамен салыстырғанда құлаққа бір қыдыру жат естілетін, қате сияқты болып көрінетін кейбір жеке грамматикалық тұлғалар мен амалдар ұшырасып отыруы сөзсіз… Яғни қазіргі әдеби тіліміздің даму тарихын зерттеуге бізге қазір де болмашы ғана болып көрінетін, түзете салғаннан еш нәрсесі кетпейтіндей болып сезілетін байланыстыру, шикілеу тұлға-тәсілдердің сол қолданылған күйінде көтерілуінің мәні айрықша демекпіз… Осы себеппен қазіргі бір қыдыру тұрпайылау, әдеби емес болып көрінетін мұндай тұлғалар өткендегі әдеби мұралардың тілінде кездесе қалып, оларды әдеби нормаға келтіріп редакциялаудың қажеті және жоқ. Бірақ, өкінішке орай, мұндай редакциялар әсіресе ауыз әдебиеті нұсқаларының соңғы басылуларында өте-мөте көзге түседі» [15] деген пікірі күні бүгінге дейін мәнін жоймаған, мәселеден түспеген пікір.
Шортанбай шығармаларының қазіргі қал-күйі жайлы айту үшін осындағы бірнеше негізді, ғылыми мысалдарға да сүйену міндет. Жалпы текстология сөздің орын ауысуы, немесе өзгертілуі, немесе түсіп қалуы ғана емес, тіл білімінің қайсыбір ғылыми сипаттарына да байланысты екенін ұға түскен абзал. Мәселен, орфограмма – сөздердің жазылу мәселесінде қазақ тілінің өз заңдылығы емес, басқа сеептерден болатын жағдайлар, яғни
- Кітаби тіл әсері,
- Татар әдеби тіл өнері,
- Қазан, Уфа, Орынборда басылуы, шағатайша, татарша таңбалануы дәлелдер.
Шортанбай мұрасына көркемдік сипат, тілдік тұрғыдан зерттеуде аса нақтылы қарастыру бола қойған жоқ. 1959 жылғы конференцияда Ы.Дүйсенбаев сол тұстағы барша әріптестері сияқты саяси шеңберде сөйлеу тұра, қайсыбір тұста Шортанбайдың әдебиет тарихындағы Шортанбай болып қалу мәнінің шын сырларына да қиянат жасамаған.
«Ол кейбір өрнекті поэзияда боларлық шешендік, аламыш сөз кестелерін, түсініксіз сөз құрамдарын да қумайды, қайтсе де оқушыларына түсінікті болу мақсаты көздейді. Өлең жырлардағы мысалдарда құрғақ қиялдан туған дерексіз ұғымдар жоқ, өмір шындығынан алынған, қолмен ұстап, көзбен көрсететін дәлді деректілік бар. Бұл ерекшелік Шортанбайдың ең күшті, ең өтімді жағы. Бірақ тағы ескертеміз: бұл үгітші ақынға тән ерекшелік. Өйткені әрбір көпшілікке арналған үгіт, әсіресе дін үгіті көпке түсінікті болуды шарт етеді. Шортанбайдың халық тілін мол пайдаланатын себебі осы» [16], – деп, соңына қарай бұрылыс жасауы замана идеологиясының әсері болуға тиіс.
С. Талжанов Шортанбайдың әдеби мұрасындағы көркемдік сипат жөнінде ескі фольклордан көркем әдебиетке жақындығынан, тарихи әдебитке таянғанын, бірақ ескі фольклор салтынан ат құрылған мүлде кескен жоқ, өлең кестесінде 11 буынды өлең мен 7-8 буынды жыр түрі ғанабар, басқа түр жоқ деген пікір айтады. Сөзі сұйылмаған – дәл, образбен сөйлеп, ойын көркем берген – метафораның ұлғайған түрін қолданып суреттейді; ұластырылған эпитет, метафора, параллелизм, әдемі сөз кестесі бар Шортанбай мұрасы әдебиет тарихын сөз еткенде ұмыт қалмауға тиіс деп отырып, ғалым Шортанбай поэзиясының ежелгі жыр дәстүрінен озат тұрғанын атап көрсетеді. Мұның бәрі, әрине, орынды да құнды, шортанбайтану көкжиегін көтере түсуге септігі мол ойлар болатын. Қарап отырсақ, ақын мұрасы сол жағынан арнайы қарастырылмаса да, көркемдік сапасы біршама қамтылып, өзіндік ерекшеліктері талай айтылыпты.
Шортанбай поэзиясы асыл сөзге кенде емес. Қазақ өлеңіндегі дәстүрлі нақыл, ақыл, қанатты тіркестер, қанға біткен шешендік төкпелер жыраудың жырәлемін жатырқамайды, жатсынбайды. Емін-еркін билеп төстейді.
«Атасы топқа кірмеген, сөзге салмас құлағын», «қалықтаған сұңқар ем, қанатым сынды ұша алмай, қиядан қуға түсе алмай», «опасы жоқ сұм дүние оттан ыстық болар ма», «құбылып тұрған қызыл гүл, қураса кетер мәнері, өтіп кеткен нәрсеге, өкінсең жоқ келері» сияқты тіршілік қисындары – Шортанбай жырау толғауларының түпқазық негізі.
Нақыл, өнеге сөз Шортанбайдың шығармаларын ұстап тұрған негіздер десе боларлық.
«Шортанбай шығармаларының негізгі арқауы деп, оның шығармаларының ақылгөй, өсиетшіл келетінін айтқан жөн… Ақылдар айтады, нақылдар қалдырады» [17], – дейді Х. Сүйіншәлиев.
Жалпы Шортанбай шығармашылығына, 1992 жылы жарық көрген «ХІХ ғасыр әдебиеті», оқулығында профессор Х. Сүйіншәлиев кеңінен тоқталып, оның өлең-толғауларының мәнін, мазмұнын талдап, ұғындырады. Ұзақ жылдар бойғы үркуден кейінгі, қазақ әдебиеттану ғылымындағы Шортанбай тұлғасын әдебиет тарихында орнықтыра түсу мақсатындағы байыпты зерттеу. Ақынның өлеңдегі көп қыры қамтылып, сыны мен міні, сатирасы, өсиеті мен өнегесі таралып айтылған.
Ер басына күн туса,
Бұта түбі үй болар.
Ат басына күн туса,
Көпсімдегі күй болар.
Көңіл арып, бой тозса,
Киген көйлек киіз болар.
Шортанбайдың толғаулары негізінен афористік сипатта болғандықтан оған дидактизм тән дейді ғалым. Шортанбай жайлы түйінді пікірдің бірі – «өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен жырауы» [18]. Ақын мұрасын көркемдік сипаттар жағынан қарастырғанда әсіресе текстологияға назар аудару қажет сияқты.
Сәбит Мұқанов Шортанбай мұрасының 1500 жолдай [19]өлең-толғау екенін 1942 жылы айтқан-ды. 1959 жылы Сәйділ Талжанов 3500 жолдай деді, содан беріде табылып, қосылып жатқаны бар. Қазірде қолымызда ақынның 3000 жолдай өлең-толғауы бар. Соның барлығын тұтастай сөзбе-сөз ақтарып, арғы бергісін тауысып айту бір күннің ісі емес.
Шортанбайдың арғы басылымдарын былай қоя тұрып, қазіргі жазу үлгісінде жарияланып шыққан өлең-толғауларын бір шолып шыққанның өзінде көп мәселемен бетпе-бет келеміз. Ал әріден қозғасақ, Шортанбай мұрасының өзі қайтыс болған соң, Қазан төңкерісіне шейін бірнеше рет басылым көргені белгілі.
Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының ғылыми кітапханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба бөлімінде сақталған шығармаларының ішінде жарық көрмегендері де бар. Ел ішінде айтылып жүрген, жиналып жатқан шығармалары де кездеседі.
Шортанбай толғауларын қарастырғанда сөздік-мағыналық, негізгі ой жүйесіндегі, шығарма тұтастығындағы айырма-ауытқулар, өзгешеліктер; талас-пікірге сұранып тұрған, ізденіске шақырып тұрған қисын-болжамдар аз емес.
Қазақтың сөзін ұстау оңай емес. Ана мағынада да кетіп қалатын тұстары көп. Сондай ұғымдардың аржағына шығу үшін асықпай саралап, өлеңдегі негізгі ой ағымның ұрымтал тұстарына дәлдеп, қисындай тұжырымдау қажет шығар. Әйтпесе, «онын сатып пұл қылды», ма, «отын сатып пұл қылды», ма, «ана болар бір елге», «ана болар бір үлгі ме», «төрт қарыс бөз» бе, «төрт қары без» б, «жер тырнадай қор болмас» па, «жер таянбай тұра алмас» па, «негізі байдың тоймайды» ма, «тояды» ма, «жұрттан жиған Шортанбай» ма, «жұрттан жеген Шортанбай» ма, «Құнанбай» ма, «Қонақбай» ма, «Шонақ би» ме, «Шұнақ би» ме, «жесір болып тұл қалды» ма, «жесір қатын тұл қалды» ма, «арттағы құдай басынды» ма, «ағартты құдай басынды» ма деген көлденең көп сұрақ шыға береді.
Текстология жайында, жалпы, қоздайтын қисындар көп болады. Шортанбай мұрасын бұл тұрғыда қарастыру да аса күрделі.
Ақынның кейінгі жарияланымдарының кез-келгеніні алып бірімен-бірін салыстыра бастасаңыз да, төңкеріске шейінгі шыққан кітаптағы тексімен түгендесеңіз де сөз, жол айырмашылықтары, мағыналық өзгешелік-өзгерістер; ауысып, араласып ктекен шумақтар, тіпті адасып бір толғаудан екіншіге «түсіп» жүрген тұтас бір оралымдар алдыдан шығады. Оның түрлі себептері бар, әрине. Ең әуелі, қилы-қилы заман болды, Шортанбайды кім деп тануға мәжбүр болдық, қалай көрдік, сол қалыпқа түсіруге тырыстық, күзедік, түзедік. Ол өз алдына, араб әліпбиінен латынға немесе кириллицаға түсіруде төтелеп, долбарлар кеткен тұстар да болды. Тағы да толып жатқан әттеген-айлар бар. Тіпті, кейбір қатенің кейіннен редакторлардың, корректорлардың көзінен таса қалып қойғаны да даусыз…
Бірақ себеп – сылтау емес. Көп себепті көлденең қоя бермей, кірісетін шаруаның ең басында ақын шығармаларының ғылыми текстологиясын жасай тұруы керек. Онсыз біз Шортанбайдың түгендей алмаймыз. Текстологиялық талдау жасауға мүмкіндік мол, негіз мықты десек, тым асып кетерміз; бірақ ауызды құр шөппен сүртуге де негіз жоқ. Бірнеше арнаның түп етегінен ұстауға мүмкіндік бар.
Алтынсарин жинақтары, «Бала зары» жинақтары.
ІІ. Қазан төңкерісінен кейінгі жарияланымдар:
- «Қазақтың ескі әдебиет ұсқалары»
- «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары», 1962.
- «Бес ғасыр жырлайды», 1989.
- ХІХ ғасыр әдебиеті (хрестоматия), 1991.
- «Ай заман-ай, заман-ай» , 1991.
- «Жұлдыз», № 1991; №2, 1992.
- «Зар заман», 1993.
- Шортанбай шығармалары, 1993.
- Айтыс, 11 том, 1966.
ІІІ. ҰҒА қолжазба қорында тұрған, ара-тұра үзіп-жұлып пайдаланылғанымен, әлі де басым бөлігі қорғаусыз жатқан өлеңдері:
1) 1946 жылы Темірғали Исмаилов өткізген қолжазба 1957 жылы жинақ етіп шығаруға дайындалған сияқты. «Алдаушы жалған» толғауын «Жұлдыз» (№3, 1991) сол қолжазбадан алып басты.Қалған дүниелердің де қарастыруды қажет етіп жатқан, назар аударуға тұрарлық, көп жайдың шешімін табуға көмегі тиер жазбалар екені даусыз. М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер нститутының қолжазба бөлімінде Орталық ғылыми кітапханада сақталған қолжазбаның көшірмесі бар (ҰҒА 12: 5224, 1-12; 5203,1). Мұндағы өлең-толғаулар:
- «Зар заман» (1-16 бб).
- Шортанбай. «Зар заман жырының» бір жүйесі (17-22);
- Қисса Шортанбай. Шортанбайдың «Бала зары» (23-36);
- Шортанбайдың өлер уақытында айтқан насихат сөздері (37-63);
- Шортанбай мен Орынбай (64-68);
- Шортанбай ақынның өз атынан шығарып айтқан өлеңі (69-80).
2) Әдебиетші ғалым Шайхы Кәрібаевтың аса бір нақтылықпен, талғампаздықпен жиып-терген дүниесі, таразыдан өткізіп, талғам талқысына сан мәрте түсіп-шыққан дерек, жазбалары, ой-тұжырымдары 1981 жылы қатталып, реттеліп әдебиет институтының қолжазба бөліміне өткізіліпті. Қыруар дүние. Түпнұсқа үлгілерінде арабша, латынша, қазіргі жазу үлгіміздегі көшірмелері кездеседі. Түрлі ой түйіндері, қазіргі жырау үлгіміздегі көшірмелері кезедеседі. Түрлі ой түйіндері, болжамдар, бағалар бар ( Қ.879/2 17-дәптер 1-39 б;Қ. 879/3 41-дәптер, мұның өзі 6 дәптерден тұрады: 1-35, 1-59, 1-20, 1-70, 1-36, 1-25, Қ. 879/3 51-дәптер 1-22 б). Бұл жазбалардың 41а дәптерінде «Зар заман» берілген. Соңында: Соңы. Барлығы 362 жол. С.Сейфуллин, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» деген сөздер жазылған.
«Зар заман» толғауының бірнеше жарияланымын, жарияланбай жатқан нұсқаларын салыстыру мақсатында Шайхы Кәрібаев жазбаларындағы «Зар заманды» ғана көшіріп алды. Қалған, бірді-екілі үзінді өлеңдері болмаса, тұтас жазбалардың ар жағындағы сырда ашу қажет екенін сездік.
ҮІ. Ел арасында әлі де қатталып, қағазға түспей, түссе де жүйесін таппай таралып, шашылып жүрген дүниелердің сақталу мүмкіндігін ескерген жөн. Түрлі уақыттарда жасырып, аман алып қаламыз деген ниетпен; басқа толып жатқан себептермен тасада қалып қойған өлеңдері де аз емес. Сондай дүниелердің біразын жезқазғандық жазушы Кәмел Жүністегі «Жұлдызда» (№12, 1992) жариялатты. Қазір де қолында біраз дүние бар. Шортанбайдың көзі көрген кісілермен жүздескен; әркімнің қолында әлдеқалай жағдайларда сақталып қалған өлеңдерін баяғыдан жиыстырып келе жатқан адам. Жазушының қайсыбір өлең жайлы қисынды пікірлері де бар. Кей нұсқадағы орын ауысуларға, мағыналық өзгешеліктерге Кәмел Жүністегінің айтар уәжі көңілге қонымды. Шортанбайдың басқа нұсқалардағы бір толғаудың ішінде жүрген қайсыбір ой иірімдері Кәмел Жүністегінде жеке-жеке тақырып болып келген. Олай бөлудің дұрыс-бұрысын айта қою оңай шаруа емес. «Зар заманның» өзі әр басылымда, әр қолжазбада әр қилы қалыпта жүргенін ескерсек, ойлантар жай баршылық. Шайхы Кәрібаевта «Зар заман» тақырыпшаларға бөлінбеген. Бірақ басқа нұсқалардағыдан айырма көп. Негізгі бөлігінің тексі басқа. Сәкен Сейфуллин құрастырған «Ескі әдебиет нұсқалары жинағына» сүйенген.
Сәкен Сейфуллин Шортанбайдың бірнеше шығармасын баспа жүзіне шығарды. Оның көпшілік өлеңдерінің туу тарихын баяндады. Жалпы Сәкен Шортанбай ақындығын, оның сөз қуатын, ой қуатын айқын таныған. «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағына шығармалары ең көп енген ақын – Шортанбай.
1931 жылғы «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағының түсініктемесінде Шортанбай жырларын 6-7 түрлі деректен жинастырып, салыстырып, құрастырып шығарғанын, бірақ әлі де Шортанбай жырлары да түгелденбегенін, мұнда да жаңылыс сөздер барын айтады [20].
«Ескі әдебиет нұсқаларында» Шортанбайдың «Зар заман», «Заман қайтіп оңалсын», «Тәңірдің ісі қымбат-ты», «Шортанбайдың бала зары», «Опасыз жалған», «Осынша азды ел неден», «Жалғыздық – кедейлік», «Жас өмір», «Не болар?», «Еділді алды», «Азған заманда», «Шұнақ бидің тұсында», «Жүдеме», «Өзі туралы», «Шортанбайдың ноғайға айтқаны», «Шортанбайдың өлердегі айтқаны», «Ендігі заманның адамдары қандай болады», «Бай кедейді көрмейді», «Байды құдай атқаны», «Асан қожаға арнау», «Ақырғы сөз» өлеңдері жарияланды.
Бұл шығармалардың қайсыбірі сонау алғашқы басылымдардан бері-ақ ұзақ толғауларға қосылып басылып жүр, қайсыбірі өз алдына бөлек сақталған. Сол орайда Кәмел Жүністегінің мына бір пікірінің қисынсыз емес екендігіне назар аударуға тиіспіз. «Ақынның бар сөзі бір-бірімен араласып кеткен, қарсыластырының айтыстағы сөздері Шортанбайға танылған. Оның үстіне ақынның бар өлеңі өлерінде ғана айтылған сөз болып шыққан. Шындығында ақын бұл өлеңдерді әр уақытта, әр уақиғамен байланысты шығарғаны – даусыз…
Асан Бұғының айтыстағы:
Қаратаудың халқы елдің
Бір атадан жалқы едің, –
дегенін тегіс Шортанбайдың өзіне айттырып, «сарт» едім деп солардың өзгерткенін Әбеу ақсақал үнемі айтып отырушы еді [21]. Бір қарағанда, бұл пікірге қосылмауға негіз бар. Себебі, Шортанбайдың «Бала зары» жинағында («Қазан», 1906) Шортаннбайдың Асан қожаға арнап сөз айтқаны бар, соның ішінде өзін сарт едім дейді. Бір қарағанда, Кәмел Жүністегінің пікірі де көңілге қонымды. Несі бар, жинақта солай жүр екен деп, бас шұлғи береміз бе. Оның үстіне жинақты Шортанбай өз қолымен жазып, бастырып апарып өтікізіп, басы-қасында жүріп шығарған жоқ. Жинақтың әзірленуінде кеткен шалағайлықтардың болуы әбден мүмкін. «Өсиетнамада» Шортанбай өлеңдері Дулат шығармасы деп берілгені жөнінде Ысқақ Дүйсенбаев, Қажым Жұмалиев, Құлмат Өмірәлиевтер айтқанын еске алайық. Шортанбай шығармалары басқаға ауысуымен бірге өзара да әбден араласқан; оны ақынның қай шығармасынан да байқауға болады.
Мына-бір тұсқа қаралықшы. «Жұлдыздағы (№3, 1991), «Жесір қатын тұл қалдыдан» кейінгі:
Ала көжеге қаңсыған
Қаратауда халық едім,
Қожа емес едім, сарт едім
Көк есекті мінуші ем,
Арқаға шығып нан жедім
Нан жеген соң дәндедім
Қазақтың жүйрігін мінсем деп,
Сұлу болса сүйсем деп,
Күннен күнге сәндендім
Арқадан қылдым жайлауды,
Әркімнен алдым байлауды
Қиямет күн болғанда
Қандай жерде мекенім
Мен ғаріптің сайлауын? –
дейтін жолдар 1906 жылғы «Бала зарында» жоқ. Шынында, Кәмел Жүністегі айтқандай, бұл сөздер Шортанбайдың аузына кейіннен «салынған» сияқты. Өлім аузында жатып бала мен әйеліне арыздасып жолдаған сәлем-толғауына онша кірікпей тұрғандай…
Шортанбай шығармалары, бір ғана түрде, үлгіде жеткен жоқ. Қилы қалыпта, әр түрлі атаумен сақталып жетті. «Зар заман» толғауының 1870 жылғы Радлов басылымы мен 1883 жылғы Лютш басылымының өзінде басталу, көлем жағынан біраз айырмасы бар.
Мұхтар Әуезов 1933 жылы Шортанбайдың «Тар заман», «Бала зары», «Опасыз жалған», «Осынша азды ел неден», «Байды құдай атқаны»шығармаларын атаған. Қажым Жұмалиев Шортанбайдың негізгі шығармалары «Тар заман», «Бала зары», «Өлердегі айтқан сөзі», «Опасыз жалған», «Орынбай мен Шортанбай», «Шортанбай мен Шөже», «Асан мен Шортанбай» дейді.
Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба бөліміндегі 1946 жылы Темірғали Исмаилов өткізген өлең-толғаулардың да өзіндік айырым, өзгешелігі бар екендігін айтуға тиіспіз.
Қарастырылған мәлімет, деректер бойынша Шортанбайдың әр жағдайда, әр түрлі көлемде, әр қалыпта, әр қилы атаумен берілген, кейде бір алынып, кейде ажыратылып, кейде үзік-үзік араласып, кейде мүлде бөлек, басқа атаумен беріліп, басылып, айтылып, сақталынып келген 40 шақты шығармасы бар. Шортанбай шығармаларын бірер басылымнан салыстырғанымыздың өзінде бірталай өзгешелік, өзгеріс байқалады.
«Бес ғасыр жырлайды» (1989), «ХІХ ғасыр әдебиеті» 991, хрестоматия) жинақтары мен «Жұлдыз» (№3, 1991) журналында жарияланған; ҰҒА қолжазба қорындағы сақтаған қайсыбір нұсқаларда, Кәмел Жүністегі жинағандарды салыстырғанда мынандай айырмашылықтар көрінді.
- Жекелеген сөз айырмашылығы;
- Жол айырмашылығы (көлем құрайтын жол және нақты жолдың мағына өзгешелігі);
- Түсіп қалған, немесе бір нұсқада бар, бір нұсқада жоқ жолдар, шумақтар;
- Тұтастай орындары ауысып, басқа толғауларға түсіп кеткен үзінділер, шумақтар;
- Өлең-толғаулар атауларының өзгешелігі;
- Бүтіндей өзгешелік (мәселен, Ш.Кәрібаевтың жазбасында белгілібір тұстан кейін мүлде өзге текст кетеді – Қ.М.);
- Кейде алғашқы басылымда болмаған жолдардың кездесуі, қосындылар.Жеке толғауларды алып, түрлі басылымдағы көлем, бастау, аяқталу айырмашылықтарын қарастыру не көрсетті?
І. «Зар заман» толғауы.
- «Жұлдыз» (№3, 1991) – 349 жол.
«Зар заман, зар заман» деп басталып,
«Қазылған қара көріндей» деген жолмен аяқталған.
- Шайхы Кәрібаев Сәкен Сейфуллин құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағынан қазіргі жазу үлгісіне түсірген (ҰҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қолжазба бөлімі. 879/3 41 а)
«Сөздің басы бісімілла-мұсылманның тарихы» деп басталып,
«Қазақ іш қанбас сөзіңменен» аяқталады. Көлемі 362 жол.
- ҚР ҰҒӘ ӘӨИ ҚБ. 1946 жылы Темірғали Исмаилов жинап өткізген жолжазба. Көлемі – 425 жол.
«Зар заман, зар заманмен» басталып,
«Жамандығы ішінде, жан-жағына қарасыппен» аяқталады.
Ілгеріде аталған 1,2 пункте қатысты айырманың өзі «Жұлдыз» бен Шайхы Кәрібаев жазбасында 58 түрлі; 3 пункт бойынша «Жұлдызда» Ш. Кәрібаевтағы 32 жол жоқ. Ш. Кәрібаевта «Жұлдыздағы» 12 жол жоқ (текст тұтас өзгеріп кеткенге шейін – Қ.М.); Т. Исмаиловтың тексі негізінен «Жұлдыз» – дағы текст. Бірақ екеуінде де бірінде бар көп жол, бірінде қысқарған; орын ауыстырулар бар.
Ж[22] «Сақта құдай солардан,
Сол себепті қорқамын!» нан кейін
«Байлар ұрлық қылады,
Мал түзіне көрінбей», деген шумақ басталады.
Бұл жолдар Ш. Кәрібаева соңына қарай,
«Дуанды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр көріңдей» деген жолдардан кейін келген.
ТИ «Патшадан кетті ғаделет,
Ақырзаман таяндыдан» кейінгі
«Таянбай енді неғып тұр,
Артынан кәбір біліп тұрдан» басталып,
«Шернеуде салған іс болса,
Несіне оған күйелі», – деп
Аяқталатын 18 жол «Жұлдызда» жоқ.
Ал ШК «Жарлы да өліп қалған жоқ»
Ж, ТИ «Жарада өнім қалған жоқ» (100).
Ж, ТИ-да «Көңілін беріп аллаға
Дүниеге көңіл жұбаттыдан» кейін
«Зар заманның аяғы,
Заманның кетті баяғы»
жолдары жалғасады.
Ал ШК-дағы «Көкейін беріп алдаға,
Дүниеге көңілін жұбатты», – деп кейін
Мүңкір менен нәңкірге,
Күнасын жазып сұратты «мен жалғасып,
«Кәлиматсыз кәпірге
Кіріптар қылдық (?)» жолдарымен
Аяқталатын 99 жол Ж-бен ТИ-да жоқ.
Ж-дағы текст «Абақты тұр қасында,
Қазылған қара көріндей»- мен аяқталады.
ТИ-да, Ж-да бас жағында, 98-беттер берілген.
«Байлар ұрлық қылады,
Мал көзіне көрінбеймен»
Әрі қарай жалғасады да 6 жолдан кейін Ж-дағыдан басқа текст кетеді.
«Айтса қайтып тоймайды
Қайсарысып тілін тартпайды.
Баласышоқпар саптайды» – мен жалғасып,
«Жамандығы ішінде,
Жан-жағына қарасып» … пен
Аяқталады.
ШК «Мұның өзі зар заман
Зарлығының белгісі
Ұл сыйламас атасын
Арамсідік болған соң
Атасы бермес батасын», – деп
жалғасатын жолдар.
Ж-да (98) «Бір-бірлерін күндеген,
Жай-жайына жүрмеген», – деп жалғасады.
Екеуінде (ШК, Ж) екі түрлі текст кетеді. ТИ-дағы
«Тәңірім болғай демесіннен» кейінгі
«Жасы кіші інісі
Сыйламады ағасын
Бір-біріне көпсініп,
Көмек қылар баласын.
Қой деп айтса қоя алмас
Ақсақалдан ұялмас,
Жүгірісіп қалаға
Қаныққан соң жалаға
Көшеде жүрген көп тілмаш
Көк қағазды көрген соң,
Мініп шабар шанаға
Дұшпаным менің осы деп,
Алып келер аулына –
Өзінің тұрған баурына.
Келген соң ол кімді аяр,
Жығып салар дүреге
Қызыққан соң параға.
Көшіп кетер жерің жоқ,
Айырып алар кісің жоқ,
Сүйтіп қалмай не қылдың
Құтылмастай бәлеге» – мен бітіп,
«Ант жұқпас бойыңға» (Ж-дай) жалғасады.
К-да басқа текст кететінін жоғарыда айттық.
Көріп отырмыз: 3 басылымда толып жатқан сөз, жол, мағына, ой, тұтас текст айырмашылығы бар.
ІІ. Бір жерде «Бала зары» (Ж), енді бір жерде «Қисса Шортанбайдың балалары һәм қисса қаһарман» («ХІХ ғасыр әдебиеті»), бірде «Ақынның боларда қайтыс боларда айтқаны» (КШ) атауларымен жүрген толғауларына қатысты да – есте ұстар біраз жай бар.
- «Бес ғасыр жырлайды».
«Атамыз – адам пайғамбар» деп басталған. 304 жол.
Ескерту: салыстыруға қолайлы болу үшін әл үстінде халыққа айтқан насихатын, келер заман адамы туралы, Асан қожаға айтқаны дейтіндерді бөлек-бөлек қарастырдық. Әйтпесе, текст ұзақ. Араласып, түсіп қалған, т.б. сұраулы шумақтарды түгендеуді тым қиындатып алатын болдық.
- «ХІХ ғасыр әдебиеті». «Қисса Шортанбайдың балалары һәм қисса қаһарман». Көлемі – 324 жол.
- «Жұлдыз» (№3, 1991) – 375 жол.
(Ескерту: «Жұлдыз» 1906 жылы Қазанда шыққан «Бала зары» жинағынан алған; ол жинақты біз де қарастырдық.
Сәл-пәл айырмашылықтарына кейін тоқталамыз – Қ.М.).
- БҒ – Ж-ға 60 жол жоқ.
ХР-ғы – 10 жол жоқ.
Ж-да БҒ-дағы 23 жол ғана жоқ.
- БҒ түсіп қалған жолдарға мысал:
Ж – «Мұсылман, кәпір – халық боп» (101),
Бір-біріңе беріскен,
Дәм мен тұзың халал-ды» (102),
«Осы ақыр заманда» (77),
«Бай жарлының панасы» (102).
«Бай жарлының панасы» (102).
«Мағлұм-дүр хұдаға
Пенденің қылған күнәсі
Уа, алла ағлам, құдай біледі,
Осылай шығар расы» (102).
«Тіріге де мал керек» (103),
«Хақ дидарын көрерсің,
Ахрет қамын қылғаның» (103) т.б.
- БҒ мен Ж текстерінде екі түрлі жүрген, екіұшты мағнаға меңзейтін жолдар.
БҒ – «Мегежіннен ұл тумас»,
ХР – «Мегежіннен ұл тумас» (78),
Ж – «Мегежіндей ұл тумас» (102).
«Мекежандай ұл тумас» – («Зар заман жүйесінің бір жүйесі» – Т.И.)
Ж – «Түшіркеген ұйқы жоқ» (102)
ХР – «Түшіркенген ұйқы жоқ» (78)
БҒ – «Түшіркенген ұйқы жоқ»
БҒ – «Өлімге де мал керек»
Ж – «Өліге де мал керек»(103)
ХР – «Өлімге де мал керек» (78)
БҒ – «Сахарменен тұрғаның»
Ж – «Сахарамен тұрғаның» (103)
ХР – «Сахарменен тұрғаның» (79).
БҒ – «Аан болар елге»
Ж – «Ана болар бір үлгі» (103)
ХР – «Ана болар бір елге» (78).
БҒ – «Жер тырнадай қор болмас»
Ж – «Жер таянбай тұра алмас» (103)
ХР – «Жер тырнадай қор болмас» (79).
БҒ – «Дүние, малын сүйгендер»
Ж – «Малдың көзін сүйгендер» (104)
ХР – «Дүние, малын сүйгендер» (80).
ІІІ. «Шортанбайдың өлер уақытында қатын-бала, ел-жұртына араздасып айтқан насихат сөздері».
- Ж – 16 шумақ – 68 жол.
«Мінеді ғаділ патша алтын таққа»
«Адамның жалған дүниесімен» жалғасып,
«Қалған дүниеде пайда жоқ,
Жарылқа, құдай, алдымнанмен» біткен. – 241 жол.
ХІХ ғасыр әдеб. Алдыңғы 16 шумақ – 64 жол жоқ. Былайғы толғау «Шортанбай әл үстінде жатқанда әмме отырған халайық: «Біздерге бір насихат айтыңыз» , – дейді. Сонда айтқаны:
«»Адамның жалған дүниесі…
Деп жалғасқан толғау. Жолы – 242.
- БҒ. «Шортанбай әл үстінде жатқанда әмме отырған халайық: «Біздерге бір насихат айтыңыз», – дейді, Сонда айтқаны:
«Адамның жалған дүниесі»,
Соңы: «Әркім де біздей қайғырған». 220 жол.
11 буынды қара өлең үлгісіндегі 64 жол – 16 шумақ мұнда да жоқ.
- КЖ «Шортанбайдың өлер алдында көрген аяны». 17 шумақ – 68 жол бар.
«Мінеді ғаділ патша алтын таққа»
Сонан кейін:
«Сәлем айтып кетейін» нен басталып,
«Айта гөр, Шәке, иманды» мен аяқталған
7-8 буынды жыр үлгісіндегі 299 + «Аллаһо ағпар» – 300 жол толғау. Бұл текст тұтас, дұрыс сияқты. Әйтпесе, осының ішіндегі кейбір шумақ, кей желі басқа өлеңдерге араласып кеткен текстер бар – Қ.М.).
- 1906 жылы Қазанда қайта басылып шыққан «Бала зары» жинағы.
«Шортанбайдың»өлер уақытында қатын-бала, ел-жұртына араздасып айтқан насихат сөздері . 11 буында өлең – 68 жол. 7-8 буынды
«Адамның жалған дүниесі» мен басталып,
«Жарылқа, құдай, адамнан!» мен біткен 236 жол жыр.
Осы текстердегі қайсыбір айырмашылықтар:
Ж (105); БЗ – «Шортанбай өзі тірі заманда»
КЖ – «Шортанбай көзі тірі мезгілінде».
Ж (105); БЗ – «Құдайдың ойлап тұрсам қаһары қатты»
КЖ – «Алланың ойлап тұрсаң кәрі қатты»
Ж (105); БЗ – «Жатқанда екі кісі түсіме енді»
КЖ – «Жатқанда екі кісі түсіне енді».
Ж (106) – «Сөйлес деп, түсте тұрып хабар бердім»
БЗ – «Сөйлес деп, тыста тұрып хабар бердім»
КЖ – «Сөйлетіп, түс жорытып хабар бердім».
Ж (106) – «Белгілі жүйрігі едім тамам елдің»
БЗ – «Белгілі жүйрік едім тамам елден»
КЖ – «Белгілі жүйрік едім тамам елге»
Ж (106) – «Мені көрген дүниеден ғапыл қалма»
БЗ – «Мұны көрген дүниеден ғапыл қалма»
КЖ – «Мен көрген дүниеден қапыл қалма»
Ж (107) – «Ұл, атаны сыйлаңдар»
БЗ – «Ұлы атаны сыйлаңдар»
Ж (107) – «Басшы, біткен кәріңе»
БЗ – «Бас бүтін кәріңе».
(Ескерту: Кәмел Жүністегі жинаған текст ара-тұра өзгеріп кетіп отырады. Сол себепті салыстыруда осы арада үздік. Ол текст дұрыс па, жоқ «Жұлдыз» бен «Бала зарындағы» баяндау желісі дұрыс па, оған көзқарасымызды ілгеріде құлаққағыс еттік. – Қ.М.)
Халел Досмұхамедұлы 20-жылдары текстологияының әдеби мұрадағы орнына меңзейтін мынандай ескерту айтады: «Революцияға дейін Қазанда әр түрлі адамдар қазақ халық әдебиетінің өте көп үлгілерін басып шығарды. Бұл басылымдардың бәрі аса көп қатемен, бұрмаланған түрінде жарық көрген, сондықтан оны тек дайындығы мол адамдар ғана пайдалана алады» [23].
Жыраулар өнернамасына байланысты, Шәкәрім шығармаларының басылымына текстологиялық талап тұрғысынан келіп айтқан М. Мағауин пікірлерінің жалпы алғанда Шортанбай мұрасына да қатысы бар. Жалпы араб жазуымен келген барлық әдеби мұраға қатысы бар пікірлер. Жарияланым, басылым кезінде әр ақынның өзіндік өрнегіне, өлең өлшеміне, басқа да өзіндік ерекшелік қисындарына аса мұқият болу керектігі өзінен өзі түсінікті. Шортанбай мұрасын шет жағынан шолып көргенде, әлгіндей мәселенің бәрі жамырап шыға бастайды.
Ол – Мағауин атаған араб жазуындағы қолжазба ерекшелігі, өлең өрнегінің таңбалы көрініс таппайтыны, текстің проза үлгісімен біртұтас күйде берілетіні;
Араб графикасында араб-қазақ жазуымен жарияланған шығарманы қатесіз оқып, көшіріп алу үшін жай ғана хат тану жетпейтіні;
ақынның сөз қолдану ерекшелігін;
дәл сол баспаның өзіндік «қолтаңбасын» білу;
өлең өлшеміне, өрнегіне, көркемдік кестесіне байланысты дәстүрлі заңдылықтарға;
әр ақынның қазақ өлеңіне өзі енгізген жаңалығын байқау, табу. Өкінішке орай, осының бәріне ала салып шешім айта салу мүмкін емес. Шортанбай мұрасы асықпай ақтарып, аударып, саралап бағалауды күтуде.
Сонда да болса Шортанбай туындыларын қолда бар қалпында көркемдік сипаттар жағынан талдау қажет. Сол талдаудың өзі текстологиядағы бір кмәнді арылтпаса да, қайсыбір, ақын қолтаңбасын айқындай түсер негізгі ерекшеліктер жағынан сол текстология көмектесері, негіз болар да даусыз.
Профессор Б.Кенжебаев: «Қазақтың ертедегі әдебиетінде өте көп ұшырасатын өлеңнің бір түрі – жыр.
… мақал, нақыл, естірту, жоқтау, беташар өлеңдері де жыр ретімен келеді.
… жыр өзінің тақырыбына, мазмұнына, айтылуына, әуеніне қарай жыр, толғау, терме, тақпақ деп аталады. Ал, бірақ, құрылымы (шумағы, өлшемі, ұйқасы жағынан бұлардың бәрі бір. Осыдан олар өлеңнің бір түріне, жырға жатады» [24], – дейді.
Бұл саралаумен қарағанда Шортанбай өлеңі көбіне жыр үлгісімен жазылған терме, толғау деп тұжырымдауға негіз бар.
Енді жыр ерекшелігі және Шортанбай өлеңі ерекшелігін салыстырып көрелік.
1.Жыр үлгісіндегі әр алуан ерікті шумақ, тармақ санының ақын қалауына қарай көбейіп, азайып отыруы Шортанбайдың бар толғауында кезедеседі.
– Алдаушы жалған дүниенің
Алдайтұғын бұлы бар.
Аяқты теріс баспаңыз,
Жаманнан басың жырып ал!
Сұғанақ болып ұмтылма,
Сыбағаң болса, тұрып ал!
Қазылған орға кез келсең,
Атың басын бұрып ал!
Үй менікі демеңіз,
Үй артында ұры бар!
Асыл туған жақсының
Құн жетпейтін пұлы бар,
Кейбір сабақ маңғаздың
Сегіз рет қыры бар,
Бақ талас қып ерлерге,
Кейбір жаман былығар.
Өте қусаң қорқақты,
Батыр болып шынығар.
Текті туған ер жігіт
Кедейлік басса, құлығар.
Аяқты қия басу жоқ,
Орыстың салған жолы бар.
Емін-еркін заман жоқ,
Ендігі жүрген жігіттің
Маңдайында соры бар.
Бұл шумақ 25 тармақтан болса, келесі шумақ 27 тармақ, онан кейінгі – 14, әрі қарай – 37 тармақ, онан әрі – 33 тармақ болғанын, яғни ой ағынның тұйықталуына бағыныштылығын көреміз. Бұл жерде Шортанбай толғауларының басылымында қайсыбір шумақтардың бірінен келесіге тармақ ауысып кетіп отырып қағазға түсуі, жиналуы, басылуы мүмкін екенін, оның өзі тармақ санын дәл ажыратуда дәлдікке кедергі жасайтынын, әрі қанша жол түсіп қалды, қанша жол қосылып кетті, дегеннің бәрі де шумақ, тармақ санын анық бөлуге кедергі келтіретінін айтқан жөн. Мәселен, «Зар заман» толғауы қайсыбір жазбада, басылымда «Сол себептен қорқамын!» – деп аяқталып отырады. Ал кейде ол шумақ басына ауысып кеткен, немесе бір шумақта бірнеше рет кездесетін болып басылған жайлар көп.
- Бірнеше түрлі: 6-7, 7, 7-8, 8-9 буынды жыр өлшемі «Зар заман», «Бала зары», «Алдаушы жалған», т.б. толғауларында кездесе береді.
- Бірнеше түрлі жыр ұйқасы ақсақ, ерікті, шұбыртпалы, кезек, қапсырмалы, шалыс, аралас, сыңар, бес аяқ, алты аяқ (Б.Кенжебаев), шумақаралық, өзекті, желілі қосымша (З. Ахметов), егіз (Қ. Жұмалиев, З.Қабдолов) ұйқастар Шортанбай толғауларында тұтастай дерлік кездеседі.
Жыр, толғауда тармақтың буын саны жағынан міндетті түрде әркелкі болатынын зерттеушілер атап көрсетеді.
7
- Жарар сонда жылқыңды
8
Бұқарға жетер күн болса
9
Тыншытар ма едің ұйқыңды?
(Шортанбай)
М. Мағауин өлеңдегі тармақтардың буын санының әр түрлі етіп жасалуы – жырау поэзиясына ерекше өң, әдемі нақыш, өзгеше көрік беретінін, сондықтан да оның жыраудың ең басты қаруларының бірі екенін атап айтады [25].
Әдебиет теоретиктерінің негіздеуінше жыр ұйқасының ең көп қолданылатын басты түрі – қосымша, жанама ұйқастардың желілі ұйқасқа қосарланып, өріліп отыратын түрі. Бұл ұйқас – шұбыртпалы жырдың табиғатын танытатын қазақ өлеңінің елеулі бір ерекшелігі [26].
Буын жағынан, тармақ саны жөнінен, ұйқас, шумақ, түйдек жөнінен Шортанбай шығармалары негізінен – жыр үлгісі. Толғау.
Жыр ерекшеліктері:
- Шумағы әр алуан, ерікті.
- Жыр өлшемі бірнеше түрлі.
- Ұйқасы бірнеше түрлі.
4)Жыр көбіне сөз буыны сөз ұйқасы емес, ой түйдегі ой ұйқасына қарай қиыстырылады [27].
Сонымен, Шортанбай шығармалары негізінен жанр ретіндегі өзіндік ерекшеліктері сараланған (ұйқас, екпін, ырғақ, буын, бунақ, түйдек, шумақ жөндерінен) бұрынғыжыр үлгісінде келеді. Жырдың ішінде – толғау. Академик Зәки Ахметов айырмасындай түйдектеліп, тармақтар тобы кесек-кесек жатқан ширақ өлең. Ойды сатылап дамытып, тарау-тарау айтудың үлгісі. Ой желісінің түйінді-түйінді тұсында белгілі бір сөздердің қайталанып келіп отыру шарты – Шортанбай толғауларында аз кездеспейді. Мәселен, «Зар заман» толғауындағы «Сол себепті қорқамын!» түйінінің белгілібір түйдектің соңында қайыра келіп отыруы, жыр-толғаудағы, дәстүрлі, әр тұста бір оралып отыратын желілі ұйқасты жасап тұр.
Шортанбай толғауларында ежелгі жырдағы бір сөздің қайталанып, негізгі түбір сақтала отырып түрленіп отыру ерекшелігі де көп кездеседі. «Бала зары» толғауында бол етістігінің болса, болар, болсақ… түрінде қайталанып отырар тұсы көп.
Шортанбай жырдың, өлеңнің өнер ретіндегі шарттарын аса жақсы білген. Соны сақтаған. Жалпы, ақындықтың екі сөздің басын құрай салу емес, қас өнер есебіндегі бар ерекшелігін тізгіндеп, тұсаулаған. Өлең теориясы тұрғысынан келгенде – өлеңде оның бар шарты: тілі, құрылымы, мазмұны біріне-бірі байланысты. Онсыз өлең жоқ.
Шортанбайдың әйгілі толғауы – «Зар заман» құрылым жағынан бұзылған заманның кейпі, неге зар заман болу себептерін түйіндеу мазмұнындағы бірнеше желіні қамтиды. Шартты түрде әр түйдекте – бір мән деп қарастырсақ, бұл толғау 14 түйдектен тұрады, соған орай алуан түрлі жайды, мәнді алға тарта отырып, заман күйін таратады. Ой түйдектері «Сол себепті қорқамын!» болып түйінделіп отырады.
1-түйдек. Ар-ұят, адамгершілік. Кесірлік көбейіп, жігіттің бағасы кетті (
Кетіріп, құтын қашырып отырған заман).
«Бағасы кеткен жігіттің бетінен алар зайыбы».
- Саяси билік. Әуелгі қорлар зор болып, зорлар қор болып, бар –
жоқ болып, жоқтар болып, жөн білмеген жамандар ел билеген
бек болды.
- Экономикалық ахуал. Жерден айрылу. Тұрмыс-күйдегі өзгерістер.
– Қыс көбейді жаз аз боп,
Бай таусылды мал аз боп.
…- Ағашты тауға үй салып,
Алды кәпір ақымдап.
Биді жарысқа кірген жақсыға күн жоқ, ерік жоқ.
- Ақша дейтін малдың шыққаны.
- Дін, иман жайы… Тәубаны ұмытпау.
-Кешірмейді құдайым
Бес намаздың қазасын.
- Ұрлықтың көбейгені. Пара. Ел бұзылды. Енді қазақ ұлы
жиылып, өлместің қамын қыл деген уағыз.
- Заманға анықтама. Зар, тар заманның белгілі –
мұсылманнан хал кетті.
- Мына заман қай заман?
Азулыға бар заман.
Азусызға тар заман…
- Арқадан дәурен кетті, қуғындап орыс жетті.
Тұтастай отар болу.
Орыс- бүркіт, біз – түлкі,
Аламын деп талпынды.
Орыстан қорлық көрген соң,
Отырып билер алқынды.
- Тағы да адамшылық қасиеттердің азғындап, ел
пиғылының бұзылуы. Әділет жоқ. Асылық асқан заманның
ұлы да, қызы да бұзық. Әрі өнеге, насихат айта отыру:
- Мал, дәулет, дүние, күнкөріс жайы. Қазақ тірлігі, ұмтылар
мұрат. Әрі мін, сан айту, әрі тұрмыс күйін жеткізу.
-Қартайғанша мал дейді,
Өлгенінше жан дейді,
Бұ дүниенің қызығын
Көңіл шіркін қоймайды.
Ақы төлеудегі әділетсіздік, теңсіздік. Жарлының жаны берік екен, он екі ай мал үшін қой бағып жалғыз тоқты алады.
- Ел қамқоры сандалды. Қазақ ұлы қайда барарын білмей
қамалды. Тұс-тұсынан жау шықты. Саяси кіріптар күй.
- Кетемін десе – алды тар,
Тұрайын десе, кәпір бар.
- Қазақтың ұлына өмірде қорлықтан басқа ештеңе көрмедің
деген арнау. Ағайын-туыстан, құда достан ажырадың, ұл
мен қыз ол бір бөлек көңілде, билігің жоқ, болыс пен
орыс дегенін істеуде, жеріңді жеңіп алды, ел бұл құсаға
шыдар емес. Ендігі күн не болар?
- Қазақ кез мойын атқа міне алмас,
Кең шалбарды кие алмас.
Кете алмайсың.
- Алдыңызда Қоқан бар,
Орыстан жаман тым-ақ жау.
Малыңа да билігің жоқ. Қазаққа атар таң жоқ. Өзіміздікін өзіміздікі – дей алмаған күй.
Ұорлық, өтірік, адамға баулу. Бұл оралым, ойтүйдегі салыстырмалы түрде алғанда басқалардан көлемді. Ілгеріде айтылғанды және бір қайырып алу. Осындай бір тұстарда ежелгі жыр дәстүрі байқалып қалып отырады.
- Мұнда жаратушы алла, оның құдіреті және міндет-парызы ескғ салынады. Алла бәрін жаратты.
….- Алты мың да, алты жүз
Алпыс алты аятты
Кітап пенен құранды,
Мақұлқатты жаратты.
- Түйін. Қазақтың ұлы қандай қалде тұрғанын суреттеумен аяқтайды.
Зар заманды толғап келіп, тоқтағанда айтары: заманның кетті баяғы, үлкенде билік жоқ, жарлы жалғыз таяғына сүйеніп тұр, заман жауға кетті, жаттың қолында, ұлықсып ұл тұр, былықсып қыз жүр, жамандық жайлады. Жақсылар жақынын ұмытып, кәпірмен ауыз жаласуда. Бұ дүниенің тұтасы мал екен, соған кәпір-қазақ таласты.
Бүкл заманның саяси суреті түскен, кейін ащы, аяусыз өткір тілмен суреттелген. Қарсылық жоқ, күш жоқ. Көну бар, өлу бар. Құрдымға кеткен күй. Тұрмыстық, әлеуметтік жақтан тұтас қамтып, ұласа түскен езгі. Халықтың бейшара күйі. Қарсылық – абақтымен бітпек.
Жалт беріп жақынын сатқан, жамандыққа мойын ұсынған жақсылық. Тұрмыс күйіне енген өзгешеліктер халықты жат пиғылға орап әкетіп барады, әкетіп барады. Елдің атам заманғы өмірі жоғалды. Елдікті, ірілікті ұстап тұрған еңселі-еңселі ұстыңдар – биік қасиеттер сұлап түсіп жатыр…
«Алдаушы жалған» толғауында ақын заман әлгідегі, енді бұл ақырмазан апатынан қалай аман шықпақ керек дегенді алға тартады. Жырау халықты атамзаманнан келе жатқан ізгіліктерге үндейді; алдаушы жалған дүниенің алдайтұғын бұлынан сақтан, биігіңде қал, тазалыққа ұмтыл деген насихат айтады. Қазақ поэзиясындағы туу әріден келе жатқан ежелгі үлгілердің бірі. Халықтың өзін-өзі сақтау шарттарының бірі болған – насихат. Толғау афоризмге толы. Дәстүрлі «үй менікі демеңіз, үй артында ұры бар» дегендей қолданыстармен бірге ақынның өз қолданысы ақпа-төкпе шешендік, мірдің оғындай өткірлік, өлең өрімін шиырлай түседі.
- Сұғанақ болып ұмтылма,
Сыбағаң болса, тұрып ал!
- Асыл туған жақсының
Құн жетпейтін пұлы бар.
Толғау негізінен шалыс ұйқаспен келіп отырады. Бірінші түйдекте тіршілік нақылдарын алға тартады. Не істеп, не қоюға үйрету мақсатын жеткізеді.
- Аяқты теріс баспаңыз,
Жаманнан басың жырып ал!
…- Қазылған орға кез келсең,
Атың басын бұрып ал…
Екінші түйдекте елдің, ендігінің адамының әрекеті сипатталады. Бірін бірі арыздап, зәкүн қуып, ақыры орыстың торына оралып, қамалып, бірін-бірі айдатып, арандатып жатқан жұрт. Кәдімгі Абайды жылатқан абыройсыздық. Ақын енді талапты туған ерелеріне арнап сөз айтады. Аз күндік алдамшыға еріп адаспа дейді.
«Жаманнан басың сатып ал».
Үшінші түйдек – және зар. Ел бұзылды – дария шалқар көл бұзылды. Төртінші түйдек жігіттерді жақсылыққа үндеуді жалғастыру. Елдің бәрі ез емес, біткен жоқпыз, таусылған жоқпыз дегенді де айту.
- Түзу тартып кей жақсы
Өз жұртына жағып тұр.
- Жігерлі туған кей сабаз
Елін жаудан қорып тұр.
Шортанбай исатай-Махамбетті, Хан Кенені қысқан, жалпақ жұртты үркіткен саяси қысымды көріп отыр.
- Бір ауыз үгіт сөйлесең,
Алдыңнан тұзақ құрып тұр.
…- Мұсылманды бұл күнде
Орыс кәпір жеңіп тұр.
Бесінші түйдекте қазақтан шындық кетті, ант сөзге сенбейді дейді. Тағы да азғындауды айтады. Бірге туған қарындас бірін-бірі көре алмайды. Жаманға ақыл қонбайды.
Өз заманы, оның адамы, ол сақ болар жамандық, ол ұмтылар қасиет айтылады. Заманды ұғындырады. Толғау бейнеге толы. Билік қуған, мал қуған пенденің сиқы мынау:
- Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір-біріне жетем деп,
Аласұрып өліп тұр.
«Бала зары» толғауында жалпы жаратылыстың түп негізін түсіндіруден бастап, өтірік, ұрлық, ғайбат, зорлықтан аулақ болсаң, залал көрмессің деген уағыз айтады. Алланың ақ жолын айтып отырып, жақсы мен жаманның сапасын санамалайды. Өмірде не дұрыс, не бұрыс дегенге тоқтам жасар тіршілік шарттарын алға таратады. Дін – мұсылман парызы, адам баласының көрер жарығы, сөніп, өшуі, өлімі сөз болады. Құдіретке көн, иманды ойла, оараза-намаз ұста, медресі, мешіт салдыр деген уәз айтылады.
Осы ұзақ толғаудың ішінде бірнеше тіршілік қисындары жүр. Олардың кейде бөлек-бөлек шығарма ретінде жеке алынып берілуі де сондықтан болар. «Бала зары» толғауын мағыналық иірімге бөлгенде ұзағы бар, шағыны бар – 18, жеке тұрса да мәнін жоғалтпас қысқа толғаулар шықты.
Толғауда ежелгі жыр дәстүріндегі құлақ күйін келтіріп алар қыстырма тіркестер де кездеседі. Мұның өзі зерттеушілеріміздің Шортанбай толғаулары басы артық дүниеден таза, ауыз әдебиеті үлгілерінен үздік деген пікірлері негізінен дұрыс болғанымен, қайсыбір тұста Шортанбайдың ауызша жыр үлгісін де
Пайдаланып отырғанын көрсетеді. Ол қисынды да. Себебі Шортанбай әрі айтыс ақыны. Суырып салма, ауызша өлеңнің ілкі дәстүрден қол үзіп кетуі еш мүмкін емес.
Бұқар толғауын талдай келіп, З. Ахметов айтқан мына тұжырымның Шортанбай поэзиясына да қатысы жоқ емес: «Жыр түйдегінің осы композициялық құрылысы өмірде әр түрлі өзгеріс болуы мүмкін, бір қалыпта тұрмақ жоқ деген философиялық ойды қатар-қатар келіп жатқан көп мысалмен, нақтылы жайлармен дәлелдеп көрсету мақсатына сәйкес туып отыр. Сөйлем құрылысындағы біркелкілік, ұқсастық (синтаксистік параллелизм) және осының ұйқас құруға әсері күштілігі, ұйқакста үнемі бір сөздің (демеңіз) қайталанып отыруы – міне, бұлар суырып салма ақындардың терме, толғау түріндегі көптеген жырларына айрықша хас ерекшеліктер» [28].
«Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына араздасып айтқан насихат сөздері» 1906 жылғы «Бала зары» жинағында «Қисса» деп барып басталған. Жалпы бұл сол тұста, одан ілгеріде қисса жанрының қазақ арасында көп таралып, тасөа басылған сөздің бәрін қисса деп қабылдаудан туған айырым болса керек. Әйтпесе, аталған қоштасудың қисса жанрының зерттеушілер көрсетіп жүрген шарттарына келер тұсы аз. Жырау дүниеден өмір, тіршілік, өзінің жалған дүниеден көргені мен түйгенін баяндайды. Кейінгіге сәлем, өсиет, өнеге айтады. Ендігі заманның өзі қандай, адамы қандай дегенге жауап айтады. Бұл толғаудың ілгерідегі толғаулардан бір өзгешілігі – айтарын ақын енді қарсылық, сын, ашынумен емес, көбіне насихат, өсиеттүрінде жеткізеді.
Шортанбай шығармалары өз заманының жай-күйін, отаршылдық саясат емін-еркін етек жайған қазақ даласының әлеуметтік қалпын бар қырынан ашты. Адамзаттың даму көшінде басып өтер тар жол, тайғақ кешулердің қазақ халқының тарихына, тағдырына бұйырған аса бір мәнді кезең – ХІХ ғасырдың болмысы өзгеше болып еді. Соның бар қайшылық, бар күдігі, бар шындығы Шортанбай ақынның жүрегінен өтті. Өлең-тарих, өлең-өмір, өлең-шындық болып ұрпағына қалды. Шортанбай шығармаларындағы басты сарын – әлеуметтік ой толғау, оянуға, тазаруға, ұлт болып – ұяны бұзбай, ұл өсіріп, қыз өсіріп өркендеуге түсер жолға шақыру. Ел ішінде еніп алып, індетке ұласып бара жатна шамандықтардан сақтандыру, экономикалық бетбұрыс – өзгерістің адам құлқын бұзар өктем күшіне мәңгілік ізгілік мұраттарды көлденең қою.
Ақын өз толғауларында бірнеше мәселенің басын қайырып әкеп, тұтас ой түйіп, заманмен заман туғызған адам кейпін алға тартады.
«Пысықай» өлеңінде (толғаудағы жеке мағыналы түйдектердің кейде өз алдына шығарма есебінде басылым көргенін, таралғанын айттық. «Пысықай» – соның бірі – ҚмМ.).
Шортанбай:
- Алмаған нәрсе қоймадың,
Еш нәрсеге тоймадың, – деп
ел пысығына мән айтады. Мал, дүние соңында алақтап шауып жүрген алаяқтық, ұрлық, зорлық, өтірік, өсек, мақтаншақ жайлаған, түсі бұзылған заманның, түрі өзгерген адамның кейпі.
«Замана» толғауында сол бұзылудың, өзгерістің нендей себептерде жатқанына бойлайды. Әлеуметтік-саяси кіріптарлық, экономикалық тығырықтарды алға тартады. Бұл заманда «шошала деген үй шықты, шошаңдаған би шықты». Ел пиғылы бұзылып, ниет тарылды. Барын басқамен бөліспей, тығып ішер күйге түсті. «Мініп көрер күші, сауып ішер сүті жоқ ақша деген малды жеткізе алмай қалтырап, жаны шығып, құты қашқан жұрт. Байдың малы – өзінікі емес. «Ит кәпірдің олжасы». «Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың..» – деп, Абайды түңілткен экономикалық кіріптарлық. Бәрінің иесі – басқа. Қазаққа соның қалғаны тимек….
«Байды құдай атқаны өлеңінің айтары биді ел өз ішінде бірін-бірі талауда. Әлі жеткен кішкенеге күш көрсетеді. Күйін кетіреді. Бар шығында кездейге салған бай да – Шортанбай танымында елдіктің, адамгершіліктің жауы. Жаңа экономикалық тұрмыс күй тудырған жат бейне.
Енді бар шығармаларында Шортанбай бұзылған ел, азған адамды қалыпқа келтіруге талпынады. Үгіт, насихат, өсиет айтады. Жалғанды жолдас деп, дүниені қимай азғындамаңдар. Ақырет қамын іздеңдер дейді. Адамзат тірлігінің арғы-бергісін алға тартып, түйін жасайды. Ойға түсіреді. Отаршылдық ойраны, опасыз озбырлық Шортанбай шығармаларының он бойында үзілмейтін желі. Заманға келген кесепаттың бетпердесін жыртуда ақын қаламы аяусыз.
«Көз көрген қазақ батыры» толғауында ел намысын қуған ерлердің «жолсыз жорығына», «шейіт боп біткен тағдырына» жоқтау айтады.
Наурызбай төре ер еді,
Он бойы өнер сері еді.
Кәпірмен сансыз шайқас сап,
Дәл ортада айқасып,
Бекерге өлем демеді
Күркіреп солар тұрғанда
Қазақты жау жеңбеді…
Хан Кене кетіп арадан
Орысқа қазақ қараған
Шуыртпалы Ағыбай,
Тобықтыда Құнанбай,
Байсейіт пен Жанғұтты,
Дүйсенбай мен Қоңыр жүр.
Тілеп жәрдем алладан
Басқа амалы қалмаған,
Нысапсыз екен бұл кәпір,
Жеріңді алды, малды алды,
Пәлесі жоқ салмаған
Қайысады қабырғаң,
Көтере алмай салмағын.
«Келер заман сипатында» да осы отаршылдыққа лағнет айту, наразылық сарыны.
Балаңды алар солдатқа,
Міне алмассың жалды атқа,
Алақандай бет қағаз,
Табынарсың мандатқа…
Заманның кейпі бұл толғауда да бар қырымен көрінеді.
- Айғыр айтып сойсаң да
Бұрынғы заман келер ме…
Шортанбай әлемтапырақ өзгерістер өтіп жатқан заманның бет-алысын болжайды, сырын түсіндіреді. Келе ме деуі өткені аңсау ғана емес. Келмесін көріп отырып кесім айту. Ендігі күннің күйін ұғындыру.
Шортанбайдың оқиғалы эпикалық сарындағы шығармасы «Ақжолтай батыр» дастаны. Ағыбай батыр, оның айналасы, оларды соңына ерткен Кене ханы үшін ерлік қуып емес, жанды ортаға салғаны елдің қамы еді дегенді айтып басталады.
Атақты ер Ағыбай шұбыртпалы,
Белгілі сарбаздарын шұбыртқаны.
Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұхарбай,
Бұларды соңына ерткен Кене ханы
Мал үшін ерлік құрған емес,
Салғаны жанды ортаға елдің қамы.
Шығарма 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Сөз кестесі, ой қисындары, өлең үлігісі бұл дастанның жазбаша туған шығарма екеніне меңзейді.
Дастанда басы артық сөз жоқ десе де болар. Заманның сұсы, ер үстінде күн кешкен ел азаматтарының суыт жорақ жақтарының қалпы түскен, ой иірімдеріне, сезім шиырларына, қас-қағым сәттердің қайталанбас суретіне суарылған өлең.
Шығармада аттың сыны келістіріле сипатталады.
Сұйық жал қаншыр мойын, күміс құйрық,
Кең танау, омыраулы, тіп-тік иық.
Бір ел бар деп естідік күншығыста
Жылқысы аса сұлу, мінсіз жүйрік…
Эпикалық сарындағы шығарма.
Шоқпармен жолбарысты бірақ қақты,
Бір ұрғанда-ақ өлген иттей домалатты.
Екі көз екпінімен шығып кетіп,
Жығылып шекесінен жерді қақты.
… Сол кезде бұл тұлпардың төрт-бес жасы
Дәл бір көз қырым ет жоқ кесер басы.
Қақпанбел, қамыс құлақ белдемелі,
Ағаштың бөлігінде қабырғасы.
Төрт елі қабырғасы екі шалпақ,
Шіреген шақпақ еті бұты талтақ.
Үстіне кісі мінсе қоразданып,
Қарайды жан-жағына жалтақ-жалтақ.
Дастан оқиғасы Кене сарбаздарына мініс ат қарастырып жүрген Ағыбай батыр тобына айдалада кездескен жұмбақ жігіттің сырына құрылған. Адамшылық парыз, намыс пен ар жайлы таусылмас тақырып арқау болған.
«Қожа, молда» өлеңінде бұзылған заманның өзгерген адамы, соның ішінде дін сөзін сөйлеушінің де алланы ақшаға айырбастап кеткен опасыздығы сыналады.
Шортанбайдың бірнеше айтысы бар. Соның аса белгілері Орынбаймен, Шөжемен айтыстары. Бір назар аудара жай: Шортанбайдың өз заманының айтулы тұлғасы болғаны осы айтыстарда қарсы жақтың аулының айтуында да көрініп отыратындығы.Шөже Шортанбайға: «Басқа ақын тап өзіңдей ірі ме еді, ел сыйлаған пірім едің», дейді.
Жалып бұл айтыстар дәстүрлі сөз қағыстыру, әуелгі қайырымды көтермелеп алып, соңғы қайырымда мін, сын айту үлгісінде келеді. Орынбаймен айтысты да, Шөмемен айтысты да Шортанбай айтыстың өнер есебіндегі міндетін алға тарта, өлеңге мән бере, салмақ сала сөйлеуге шақырады.Орынбайға өнерінің асса ғана, сый көресің дейді.
Шөжеге:
Әй, Шөже, ғибрат қып сөз айтайық,
Бос мақтан, пәни сөзін азайтайық.
«Сен жеңдің, мен жеңдімнен еш пайда жоқ,
Тілейік мұсылманның амандығын,
Халыққа ой түсетін наз айтайық.
Шортанбай шығармаларында қолданылатын көркемдік тәсілдеріне келер болсақ, онда көне түркі әдебиетінен келе жатқан дыбыс қуалау (аллитерация, ассонанс) көп кездесіп жатады.
Бір пара жанды малды қып,
Бір пара жанды малсыз қып,
Бір пара жанды ғалым қып,
Бір пара жанды залым қып,
Бір пара жанды дінді қып,
Бір пара жанды дінсіз қып… [29]
…- Зар заман, зар заман,
Зарлап өткен бір заман… [30]
Ара-тұра алғашқы сөздің, алғашқы буынның қайталануы, өлең тармағы буынға ғана емес, екпінге де негізделіп құрылатын сәттері де аз кездеспейді.
Шортанбайдың ақындық сөз айналымында троптардың орны айрықша бөлек. «Текеметтің түріндей құбылған заман», «орыс- бүркіт, біз – түлкі», «ұстараның жүзіндей аударылған дүние», «сусыз жерге су түсіп, сусылдап келіп қу түсіп», «ұзын аққан Сарысу», «Арқаның жазы бейіш-ті», «құбақан сағым бел, самалды шалқар көл», «арғымақ ат тасырқап, тағалы болған замана», «көп – жалғыздың саясы», «жарысқа кірген жақсылар», «сауысқан, ала қарға құстың құлы» деген теңеу, кейіптеу, бейнелеулер жыр ажарын кіргізіп, өлеңді тірілте түседі. Жалпы, Шортанбай поэзиясының екпіндеп, түйреп, ашынып отыру ерекшелігі сөз қолданысындағы аса мол, көбіне тек өзіндік өрнектерге, оралымдарға байланысып жатады.
Шортанбайда жыр-толғаудан басқа қара өлең үлгісіндегі тарихи жыр да, оқиғалы (сюжетті) өлең де, айтыс та, Шортанбайды айтыпты деген бірқақпайлар да бар. Ол өз өлеңінде өз заманының мінез-құлқын, саяси бейнесін, тұрмыс күйін аса шебер, отты да ұшқыр, сиқыр да сырлы поэзия тілімен жеткізді. Заман мінезін кейіптеудегі бас құралы – тілі, тіпті де қарапайым, қарабайыр емес. Қазақ астарлы сөзді, асқақ сөзді, сұлу сөзді бесікте жатып ұққан. Оның талғамын білетін Шортанбай жадағай сөйлемейді. Шортанбай шығармалары осындай да мынандай дей салған сырт топшылауларға ішін бермейді. Былайда үзік-үзік, бейберекеттеу ұйқас, ырғақ, буын, бунақ дегендері өлең заңдылықтарын бұзып тұрғандай көрінгенімен, Шортанбай поэзиясы ішіне енген сайын сиқырлап, шырмап тастайды. Әрине, ілгеріде айтылған текстологиялық түйткілдердің көлеңкесі бар; бірақ бәрібір ақын өлеңі – өлең сөздің өрінде тұрған өнер.
Шортанбай өлең сөздің бейнелеу құралдарын мейлінше мол пайдаланады. Алайда Шортанбай өлеңінің сезім қуаты, көркемдік күші бейнелі көркем тіл ғана емес; Шортанбай өлеңіне поэзиялық сәуле түсіріп тұрған – наразылық, жаттық ісінен іс жию, ұрпағын жамандықтан сақтаудағы жанұшыру сезімі. Ақынның тіл кестесінде ежелгі дәстүрлі қолданыстармен бірге өзіндік, өз заманының ерекшелігін жеткізер тіл айшықтары аз емес. Бір ғана заман ұғымы ақын қолданысында зар-заман, тар заман, асылық асқан заман, ақыр заман, арғымақ та тосырқап, тағалы бболған заман, т.б. түрінде қырланып, түрленіп сипатталады. Шортанбай толғауларындағы заманның аяусыз, сұмпайы, қатыгез, тоғышар, сұрқия, тоңмойын, қасиеттен ада кейпі жан шошытып, жүрек суытады. Заманның тұрмыс күйі, саяси сайқалдығы, іш мерезі, қасірет бұлты тұтас түскен бұл толғаулар – зар заман әдебиетінің қомақты да сүбелі саласы.
Қазақ поэзиясының кейіптеу тілі, теңеу тілі зар заман дәуірінде басқа сипатқа енді. Ашынып, көктеніп, жек көріп, айбаттанып, сес көрсете сөйлеу поэзия тіліне жаңа айшықтар әкелді. Махамбет Жәңгірді қасқырға, жыланға, шаянға, т.б. теңеді. Дулат шығармаларындағы ел мінезін, атқамінерлердің болмысын ашу – қазақ поэзиясына жаңа қырлар енгізді. Зар заман ағымы халық поэзиясындағы дәстүрлі кейіптеу, бейнелеу құралдарын молайтты, түрлендірді, өзгертті. Шортанбай тілі – сол өзгерген, нақтылана түскен, өткірі, өтімі өскен өлеңнің тілі. Әрбір өзгерген қалыптың, тіршілік дамуының жаңа сөз тудырып отыратыны белгілі. Зар заманның өз сөзі болды.
Академик З. Ахметов: «Өлең сөздің суреттілік қуат-күші қисапсыз мол. Сондықтан идея, мазмұны жаңа поэзияның жаңалық табу, бейнелеу құралдары одан әрі жетіліп, өркендей беру мүмкіндігі де шексіз», [31] – дейді. Зар заман дәуірінде өлең сөздің жаңа сапағаойысқаны – даусыз ақиқат.
Шортанбай заманның бейнесін, сол заманда жасаған адамның бейнесін бар кейпімен, ерекшелік, өзгешелігімен өлең сөзге көшірді. Өлеңге түсірді. Кейіннен Дулатты, Абайда нақтылыққа көшіп, көрініс берген ел мінезі Шортанбайда да бар. Бірақ, жалпы айтылады. Жақынын жатқа сатқан, сайлану үшін жан салып, әдептен әдеттен ада болған пиғылы бұзылған бөтен жұрттың тұтас бейнесі жасалады.
Зар заманның адамы Шортанбай кейіптеуінде:
… Қолында тұрып ұрлығы,
Мойнында тұрып зорлығы,
Ойында тұрып жалғаны
Көңілде тұрып арманы,
Баласын беріп моллаға,
Көңілін беріп аллаға,
Дүнияға көңіл жұбатты. [32]
…Залым туған сұмырлайлар
Осылайша жеңіп тұр.
Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір-біріне жетем деп,
Аласұрып өліп тұр.
… Бұл заманның адамы,
Ұстасады көре алмай,
Аз болса бөліп бере алмай,
Шындық кетті қазақтан,
Ант сөзіне сене алмай. [33]
Қайыры жоқ қабан, көнеуі жоқ кейбіреу, күңнен туған көбеген, ақылы жоқ есер құл, арам сулы бала, қайыры жоқ бай, жалмауыз болған үлкен, жағаласқан мынау жау, асылық асқан заман, жалға жүрген жалшыдай, мал деген қайуан доңыз, бес күндік жалған қызық, ит кәпір, аузы түкті кәпір, елу басы, он басы, ол – сайтанның жолдасы, жәдігөйжауғаш, қайырсыздың көп малы, жұртты жеген тауық, некесіз туған шата, сотқар орыс, күнәсі асқан бұл пенде, келеуі жоқ кей білер, ит жерімес арамнан, мініп көрер күші, сауып ішер сүті жоқ ақша деген мал, шошаңдаған би, шошала деген үй, т.б. Осының бәрі – заманның түрі. Заман билеген адамның түрі.
Ғалым М.Мырзахметов «Отаршылдық дәуір әдебиеті» атты зерттеуінде ел билеудің жаңа жүйесі туғызған сұлтан правительдер мен билердің, старшындардың бұрын-соңды болмаған образдар жүйесі жасалғанын, олардың халық атынан айыпталып, сыналуы сол тұстағы қазақ әдебиеті тарихына енген соны құбылыс екендігін айтып, Махамбет, Дулат шығармаларындағы ел билеушінің, елін сатқан атқа мінерлердің бейнесіне тоқталып өтеді. Орыс отаршылдығын 3 кезеңге бөліп, сол тұста туған, жасаған көркем шығарма атаулының бәріне тән ортақ сарын отаршылыққа қарсылықтан туған құбылыс екендігін тұжырымдауы зар заман ағымының тарихи негіздерін бекіте түсер айғақтар. Басы ашық бір жай: қазақ әдебиетінде тарихтың айтулы бір шағында өмірге келіп, саяси мән, негізгі сарын, көркемдік өзгешелік – ерекшелік жақтан қалыптасып, орныққан, жасаған әдебиет айырмашылығының болғандығы. Ол жайлы қазақ әдебиеті тарихында, әдебиеттану ғылымында бір емес, әлденеше зерттеушінің ой түйгені, тұжырым жасағаны, қисындар ұсынғаны белгілі.
Ал енді сол ағым іштен тұтас аршылып, ашылды ма дегенге келсек, жалпы мұраны емес жалқы, жекелеген өкілінің шығармашылық қырларын қарастыруда, оларды өзара сабақтастырып ортақ ой түюде атқарылар қыруар шаруа алды.
Зар заман ағымы ақырынан Дулаттың, Мұраттың шығармашылық мұрасы біршама қарастырылды. Х. Досмұхамедұлы негізін салса, арада өткен қилы уақытта толыға, саралана түскен мұраттану ғылымын жас ғалым Б. Омарұлы әрі қарай негіздей түсті. Жалпы Мұрат ақынның өмірбаян деректері белгілі дәрежеде бізге біршама жеткен. Шығармашылық бмірбаяны жайлы кең сөйлеуге негіз бар.
Дулаттың әдеби мұрасы ақын өлеңіндегі жаңалықтарымен, сонылықтарымен, тіл кестесіндегі сиқыр сұлулығымен сөз таныған жұртты әу бастан-ақ тамсандырып, табындырып баурап әкеткен. Дулат мұрасы әдебиетші ғалымдардың да, тіл мамандарының да әр уақытта назарында болды. Ақынның шығармашылық әлемі жан-жақты қарастырылды. Қ. Жұмалиев, Х. Сүйіншәлиев, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, т.б. зерттеуші ғалымдар қазақ әдебиетіндегі дулаттану ілімін әр қырынан қамтып, орнықтырып, дамытты.
Шортанбай жайлы да айтылған сөз аз емес. Бірақ көбіне ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы орны саяси-әлеуметтік жағынан сараланды да, шығармашылық ішкі әлем әлі күнге атүсті талданумен келе жатыр. Сондықтан, тұтас бір дәуірдің әдеби ағымына ат қойып, айдар тағуға себеп болған Шортанбай ақынды әдебиет тарихында сол кезең арқылы; әрі Шортанбай мұрасы арқылы әлі айтары айтылып болмаған сол кезеңді де аша түсу міндет.
Зар заманның кейпін, заман туғызған адамның кейпін Абай- Абайша, Дулат- Дулатша, Махамбет – Махамбетше өлеңге көшірді. Шортанбай көріп отырған да сол заман. Әрине, Шортанбайдың да заманға мінездеме беруі – Шортанбайша. Оның өлеңінде ежелгі түркілік, шығыстық үлгі басым көрінеді. Озбырлыққа, зұлымдыққа, дүниеқорлық пен дүмшелікке Шортанбай ізгілік, имандылықты көлденең қойып отырып сөйлейді. Бұзылған заманды түйреп, сөгіп отырып, түпкі мұраттарды қосқабат өрістетеді. Орта ғасырлардағы түркі әдебиетінде ел билеушінің жағымды сипаты мен жағымс ыз тұрпаты; жалпы ел басқарудың өнер, жауапкершілік ендігі; оның әлеуметтік, адамгершілік негіздері көп айтылған.
Шортанбай көне түркі, араб поэзиясының қыры мен сырын еркін меңгеріп, игерген ақын екендігі даусыз. Жалпы оның шығыс мәдениетімен, мұсылманшылдық идеясымен астарласып жатқан қырларын ашу – келешектің шаруасы.
Шортанбай баяғына баяндап беруші емес, өз дәуірінің шындығын нақты көрініспен өлеңге өзіндік өрнекпен көшірген ірі дарын. Ілгерідегі өлең дәстүрін дамытып, байытушы, заманға сай жаңа түске көшіруші.
Шортанбайдың ақындық ерекшелігі, шеберлік жайы дегенде есте ұстануға тиіс бірнеше түйінді мәселе бар. Әрине, олар тереңдетуді, тауысып айтуды қажет етіп жатқан жайлар. Сонда да болса, басы ашық айғақ – ол Шортанбайдың поэзиясындағы ауызша әдебиеттен жазба әдебиетке ауысу кезеңінің өзіндік өрнектері, сипаттары жатқандығы. Ол сипат Мұраттан да айқын байқалады. Ал Дулатта ауызша туған дүние жоқ сияқты.
Шортанбай жазып та өлең шығарған; ауызша, суырып салып айтып та өлең шығарған. Бұл жерде жыр-толғаудың бәрі ауызша туады деген пікірден аулақпыз. Жалпы, жырдың жазба үлгілері де көп болғаны белгілі. Мәселе басқада. Шығармахарактері айғақтап, ауызша туған дүние ме, жазба үлгі ме деп тануға тартып жатар тұс көп.
Өлеңнің шарты жазба әдебиетке шейін қандай болып еді, кейіннен қандай өзгері – талаптар енгендігі тұрғысынан келсек, Шортанбай мұрасының ауызша туындысы мен жазба үлгілерін ажыратуға болады. Әдебиетіміздің тарихшы 2 дәуірге діндар, сындар дәуірге бөліп қарастырған А. Байтұрсынов сындар дәуірге діндар дәуірдің көп дүниесі кереғар екенін, ұнамағанын айтады. Расында да Абайдың Бұхар, Шортанбай, Дулат жөнінде сын айтуы сол сындар дәуірде туған талап. Және деөтпелі кезеңнің әдебиетіндегі ала-құлалықты көірп, енді жаңа өлең жасауға көшейік деген талап. Абай «бәрі жамау деді ме, бірі жамау деді ме» деген төңіректе мәселе жиі көтерілді. Біздіңше Абай «бірі жамау, бірі құрау» деген. Бірі – арғы әдебиетке қарай бұрып жатуы, бірі – жаңаға талпынып, соны қамтуға ұмтылуы – сол дәуір әдебиетінің қисынды шындығы. Біті- болмысы. Ол туралы әдебиетті зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдарымыз айтып өткен тұстар да бар. Ілгеріде біз жалпы профессионал әдебиет жөнінде осы пікірлерге негіз болар ойларды алғатарттық. Мәселен бір заманға мін көрінген сипат – өзге бір заманның көркемдік жетістігі, табысы болып қалуы – заңдылық. Ғалым М.Мағауин жыраулар өнернамасы жөнінде сөйлегенде, кейіннен өлең үлгісін, поэзия шартын бұзып тұрған мін есебінде қабылданатын қайсыбір өзгешеліктердің сол поэзияның діні, негізгі арқауы, биік пен тереңнің жеткізер өлшемі екендігін айтады.
Шортанбай шығармаларының қазақ әдебиеті тарихындағы орны, оның астары мен айтқаны, айшығы мен асылы жайлы сөйлеу тек ақынның өзінен қалған әдеби мұраны мазмұндап берумен түгелісетін шаруа емес. Қазақ әдебиетінің түп-төркін бастауларынан келе жатқан дәстүрді, әр заман әкелген, соның ішінде зар заман туғызған басты сарын, өзгерістерді сабақтастыра, ьайланыстыра айту. Шортанбайдың шығармашылық мұрасы тартып жатқан әлем кең. Соның басты мәселелері төңірегінде басын қайырған бірер жайдың өзі ақын өлеңі жайлы қаншама жұмбақ дүние ашуды күтіп жатқанын көрсетті.
[1] Сүйіншәлиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті. – Алматы: Ана тілі, 1991.
[2] Талжанов С. Шортанбай Қанайұлы. Әдеби мұра және оны зерттеу. – Алматы, ҚҒАБ. 1961.
[3] Тебегенов Т. Шортанбай. «Ана тілі», № 18. 1993.
[4] Әдеби мұра және оны зерттеу. – Алматы: ҚҒАБ. 1961. 184-б.
[5] Шортанбай. Толғаулар, айтыстар, дастан. Алматы: Айқап, 1993, 5-б. Ақын Өмірбаяны Кәме Жүністегінің мәліметтері негізінде жазылып отыр. Қ.М.
[6] Тебегенов Т. Шортанбай. «Ана тілі», № 18. 1993.
[7] Тебегенов Т. Шортанбай. Алматы: Ана тілі, №18. 1993.
[8] Сонда.
[9] Жүністегі К. Шортанбай жырау ғұмырнамасы. «Заман», №48, 1993.
[10] Жүністегі К. Шортанбай жырау ғұмырнамасы. «Заман», № 48.1993.
[11] Жүністегі К. Шортанбай жырау ғұмырнамасы. «Заман», №48, 1993.
[12] Мағауин М. Ғасырлар бедері. Алматы:Жазушы, 1991, 48-б.
[13] Байтұрсынов А. Ақ жол. Алматы: Жалын, 1991, 446-б.
[14] Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы: Ана тілі, 258-б.
[15] Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы, ҚҒАБ, 1961, 271, 272-беттер.
[16] Әдеби мұра және ооны зерттеу. Алматы, ҚҒАБ, 271, 272-беттер.
[17] Сүйіншәлиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті. Алматы: Ана тілі, 1991, 124-бет.
[18] Сонда, 115-бет.
[19] Мұқанов С. ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер. Алматы, 1942.
[20] Сейфуллин С. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары. Алматы, 1931.
[21] Жүністегі К. Қолжазба.
[22] Ескерту: Мұнан былайғы жерде мынандай қысқартулар қолданылады:
Ж – «Жұлдыз»,
ТИ – Т.Исмаилов,
ШК – Ш.Кәрібаев,
КЖ – К. Жүністегі
[23] Досмұхамедұлы Х. Аламан.Алматы: Ана тілі, 1991. 37-бет.
[24] Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. Алматы: Жазушы, 1986, 87-бет.
[25] Мағауин М. Ғасырлар бедері. Алматы: Жазушы, 1991, 144-бет.
[26] Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973, 158-бет.
[27] Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. Алматы: Жазушы, 1986, 93 –бет.
[28] Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973, 153-бет.
[29] Шортанбай. Толғаулар, айтыстар, дастан. Алматы: Айқап, 1993. 16-бет.
[30] Сонда, 10-бет.
[31] Ахметов з. Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973, 121-бет.
[32] Шортанбай. Толғаулар, айтыстар, дастан. Алматы: Айқап, 1993. 17-бет.
[33] Сонда, 21-бет.