Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Фильмді жылы қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Қазақтың басынан кешкен тарихын көрсететін деректі – қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу керек» деп айтылады. Осы ретте, қазақтың ұлы перзенті Шортанбай Қанайұлының (Али Мұхаммед) туғанына 200 жыл толуына орай Жырау жөнінде түсірілген деректі фильмнің алар орны ерекше екендігін атап өткен жөн. Бұл Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен осы туындының қоғамдық көрсетілімі кезінде толық аңғарылды да. Алматы – Талдықорған – Астана – Қарағанды және ақынның мәңгілік мекені Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылы жерлеріне жасалған «Шортанбай-200» киноэкспедициясының материалдары бойынша дайындалған KALILAFILM студиясының «Зар заман жыршысы Шортанбай» атты деректі фильмін көруге зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, Сыр елінен арнайы келген қонақтар, діни қызметкерлер, студенттер, БАҚ шақырылып, фильм төңірегінде пікір алмасылды. Елу минутқа созылатын бұл деректі фильм барысында атақты Жыраудың мұрасы жайлы терең де мазмұнды әңгіме өрбіп, небір тың деректердің беті ашылды. Әсіресе, тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаевтың, белгілі жазушы, шортанбайтанушы Кәмел Жүністегінің, қоғам қайраткері, заңгер-ғалым Қабылсаят Әбішевтің ХІХ ғасырдың орта тұсынан басталған зар заманның бас ақыны және қазақтың соңғы ханы Кенесарының кеңесшісі ретінде бағаланған Шортанбай Қанайұлы туралы айтқандары көптің көңілінен шықты. Мәселен, Қабылсаят Әзімбайұлы 1870 жылы Шортанбай Қанайұлының өзінің қолымен жазған дұғасының аталарының қолына қалай түскендігі туралы айта келе, Жыраудың азан шақырып қойған есімінің Али Мұхаммед екенін жария етті.
Келелі басқосуда Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылығы әлі де болса терең зерттеуді қажет ететіне назар аударылды. Бұл тұрғыда, ол кісінің ел арасында асыл дініміз Исламның дәнін сіңірген діни қайраткерлігі тың тақырып деген пікірлер айтылды.
Жалпы алғанда, белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Ұлы дарын қоғам қайраткері, ірі идеолог» деп баға берген Шортанбай Қанайұлының өзінің рухты, жалынды жырларымен ұлт-азаттық көтеріліске дем беріп, сол кездегі қоғамдық сананың сілкінуіне сүбелі үлес қосқаны еш күмән тудырмайды, әрі Жыраудың қазақтың жаңа замандағы ақыл-ойы мен санасының қалыптасуына терең із қалдырары анық. Олай болса, деректі фильмнің сценарийін жазған сөз мәдениетінің білгірі, қаламы қарымды майталман журналист Айгүл Уайс пен фильм режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинорежиссер Қалила Омаровтың еңбектері жоғары бағалауға тұрарлық. Ең бастысы осындай құнды дүниелерді үлгі етіп ұсына берсек – ұрпақ алдындағы парызымыз өтеле түсері анық.

Кенжеболат  Жолдыбай

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button