Ғақлиат

Шабдалы

Қаладағы Жаңабазарға жақын, Қ.Баймағанбетов көшесінде, жер үйде тұрамыз. Шағын ғана, тұйық көше. Бірде, жұмыстан ертерек үйге келсем, апам (анамыз Төлеу Төремұрат қызы 1925-2014) өзінің шағын бөлмесінде дастарқан жасап күтіп отыр екен:
-Айналайын, келе ғой, шәй ішіп ал! -деп, бәйек болып жатыр. Жуынып-шайынып дастархан басына жайғастым. Дастарханда күнделікті ас-аухатымыздан бөлек, жұдырық басына жақын төрт шабдалы тұр. Өте әдемі, көздің жауын алады. Алыстан келген дәм болса керек. Қалай ғана соғылмай, бұзылмай жеткенін?! Бақтан жаңа үзгендей, қызыл-сары реңі еріксіз көзді арбайды. Апам да ақ шәйнегін әкеліп дастархан басына жайғасты. Бұл кісінің «пенсиясы» келсе базарды бір айналып, немерелеріне дейін керек жарағын алып шығатынын білемін. Оның жарысын тиын күйінде майдалап, мәсісінің қонышында былғарыдан тіккен қара әмиянына* сақтап, Алланың берген оншақты немерелеріне соны, айдың аяғына дейін жеткізеді. Тұрақты алымшылары, Қазбек (жиен), Зейнолла т.б. Бастауыш сыныптағы Ғайнолла деген баламыз: «Біздің, әжемнің ақшасы өмірі таусылмайды-ау!»-деп, тамсанып қояды.
Апам қаймақтап шәй құя бастады. Әңгімені өзім бастадым:
– Апа, дастарханыңыз түрленіп кетіпті, мына жемісіңіздің аты не?-деп жатырмын. Апам, өзіне тән әдемі күлкісімен:
– Ал, енді бала, осы «шабдалының» әңгімесін айтайын деп, өзіңді күтіп отырмын. Бұл, бір жатқан «ікая»-деп, апам көңілденіп әңгімесін бастап кетті:
– Базарды аралап, жеміс-жидек сататын жағын жағалап келе жатсам, біздің ізімізді қуып жүрген бір келісті әйел, үнемі осы шабдалыны сатып тұртынын көруші едім, бүгін де орнында екен. «Алмасжан аузының дәмін алсын»- деген оймен, әлгі әйелге сөз басы болсын деп:
– Ау, замандас өзбекке тиіп алғанан саумысын? Шабдалы қаншадан?-демеймін ба. Ол:
-Оның жәйін білмек болсаңыз, бері келіп шәй ішіңіз, айтып берейін-деді. Екеуміздің сәлем-саулығымыз екі ауыз сөз болды. Хан базардың ортасы. Менің де асығыс жұмысым шамалы, айтқанына көніп, ықыласын қайтармадым. Орнына қасындағы қызды қойды да, барын алдыма жайып, шәйді қоюлап құйып: «Ал, енді тыңдай беріңіз» -деп, әңгімесін бастады:
– Құдай басыма бір қыз беріп, соны оқытамын деп Алматыға тасынбаймын ба. Ол, КАЗГУ-дың Юрфагіне түсті. Әкесі заңгер еді, қайтыс болып кеткен. Әкемнің жолын жалғаймын деп жүргені. «Ал, болсын!»-деп, қатарынан қалдырмай, кешегі 90-шы жылдың қиын-қыстауында, жинаған бар қорымды сол қыздың оқуына, жүруіне-тұруына жұмсап болдым. Өзі ерке-шолжаңдау, «не кием?», «не ішем?»- демей өскен қыз, мені аяған жоқ… Мен де тартынбадым… Әкесі болса, өлді. Осы, қыздан басқа кімім бар?! Тәуекел! Қатарынан қалмасын, «әкем болғанда ғой»-деп көңіліне алмасын. Қолына дипломын алып қызметіне тұрып, теңін тауып ел болып кетсе болар- деп, жүрмін… Облыстағы әкесінің заң орындарындағы достары да қуанып, практикасын өздерінде өткеріп, болашақ орнын да дайындап көмектесіп жатыр. Көз көрген жандар. Әйелдер жағы: «Динара сұлу болып, бой жетті. Өзі ақылды. Оқыды-тоқыды, бізде де ұл бар, құда түсеміз»-деп жатыр. Оларға:
– Тапқаным жалғыз қыз, қай бұйырғаның алыңдар-деп, күліп қоямын. Айтып жүрген балалары да алтын асықтай. Оқыған, қызметері бар, өзіміздің қолымызда өскен жастар. Келген сайын ол жаңалықты да айтып, құлағына салып отырамын… Сонымен қыз оқуын бітіріп, иығымнан ауыр жүк түскендей күй кештім. Оқуды «қызыл дипломмен» бітірді. Алматыдан келетін мезгілі жақындаған сайын, бұрынғы шаршағандарым бір күнгідей болмай, қуанғанымнан «келгесін ағайынның басын қосып әкесіне құран оқытып, үлкендердің батасын алып берейін»-деп, сойыс малыма дейін дайындап күтіп отырмын. Қыздың келетін уақытты өтті. Хат жоқ, хабар жоқ. Бұл қызға не болды? Өлі ме, тірі ме?-деп, отырғанда почтамен хат келді. Бір сұмдықты сезіп, хатты жалма-жан ашып оқысам, болды. қыз байға кетіпті… «…Біз, Сайд екеуміз … Тәшкен… «- соны-ақ оқыдым, құлағым гүңгірлеп, басым айналды… Есімді жисам, қасымда ақ қалатты жедел жәрдемнің қыздары отыр. Үйде оқып жатқан ағайынның екі қызы бар еді, солар шақыртып, жаным қалған екен. Олар:
– Апа, қатты уайымнан болған. Тынығыңыз. Укол салдық. Қан қысымыңыз көтерілген-деп, жатыр. Оларға:
– Рахмет айналайындар! Мен де, бір қыздың күйігінен өртеніп жатырмын. Ол, бетпақты ма!?… Осыдан тұрайын, сосын болсын жұмысым… Есімді жинап тұрып, әлгі хатты қайта оқыдым. «Мама, Сіздің келісім бермейтініңізді білдім. Ол, өзбек жігіті…» Одан әрі тағы да оқи алмай көзімнен жас кете берді…
– Алда ғана, бетпақ-ай! Айдалада өзбекке тигені несі?! Ағайын-тумаға не бетімді айтамын?!… Қызымның шынымен басында торғайдың миындай ақыл жоқ, сорлы қыз екенін енді түсіндім… Екі көзім төрт болып жолына қарап отырғандағы сыйы осы ма?!… Ашуым келгеннен, үйдегі қыздың біреуін қасыма ертіп, сол күні поезға мініп, ертеңіне тәңертең Тәшкеннен бір-ақ шықтым…»Шашынан сүйреп алып келейін. Байсыз кетсе де…»-деп, белді будым. Қолымда әдірісі бар қоямын ба? Бостандық ауданының колхозының, бір бөлімшесі екен. Күйік пен ашудан көзіме ештеңе көрініп келе жатқан жоқ… Ол қызды «дуалаған», болмаса қорқытып алып кеткен… Таксимен бөлімшеге келдім. Бөлімшенің басшысы отыратын жерді тауып, ішіне кірсем жас жігіт отыр екен. Ұшып тұрын сәлем беріп жатыр. Сәлемін не қылайын. Қолымдағы хаттың ішіндегі:
– Сайд деген «өзбек» осы бөлімшеде тұра ма? Тұрса үйі қайда, көрсет!-дедім. Ол бала дереу телефонға жармасып:»Мехмандар келді»- деп, біреуді шақырды. Кешікпей машинемен жігіт ағасы болған өзбек келіп, сәлемдесіп столға жайғасты. Сол бөлімшенің бастығы екен. Оған да, келген шаруамды айттым. Ол жігіт, өзбекшелеп әңгімеге тартты:
– Сіз, Қазақстаннан келдіңіз бе? Сіз, ишон бобоның құдағайы боларсыз… деп, келе жатыр еді:
– Әй, ишан, шиқаныңда шаруам жоқ. Мен қызымды іздеп келе жатырмын. Қызымды «дуалап» алып кеткен. Мен де, пуркорордың қатынымын… Ертең бәрің де, заң алдында жауап бересіндер!-деп, тепсініп тұрмын… Одан әрі әңгімеден ештеңе шықпайтынын білген ол, далаға шығып мініп келген көне мәшинесінің шопырына тапсырма беріп, бізді мінгізіп жіберді. Ол шопыр, бізді мінгізіп жолды-жолсызбен ауыл аралатып, елдің шетіне шыға келді. Одан:
– Әй, баратын үй қайда?-десем;
– Болады, болады-деп, ауылдан шығып, қара жолмен біраз жүріп бір жарманың(канал) басына келіп тоқтады. Айнала, мақта егіп тастаған… Шопыр түсіп қолымен сілтеп:
– Анау, бір шақырым жердегі бауды көрдіңіз бе? Сіз, іздеп келе жатқан Ишон бабаның үйі сол. Сайыт, сол атаның баласы. Ол жерге машын бармайды. Мына жарманың басымен жаяу барасыздар-деп, түсіндіріп, машинасына мініп кетіп қалды… Аспан қайнап жерге түскендей, күннің аптап ыстығы болса мынау…
– Алда ғана, қатын-ай!?… Мына қыздың берген азабын-ай! Осыдан тірі болсаң көрермін. Каналды жағалап келе жатсақ, алдымыздан он-он бір жасар бала қарсы жүгіріп келе жатыр. Ол бала бізге:
– Пахтаға су кетіп жатыр, бұл жолмен өте алмайсыздар – деп, орта жолдан кері қайырып, бағанағы жерімізден каналдың екінші бетіне шығарды. «Бір қатынның қырсығы, қырық қашырға жүк болды»-деген… Қырсыққан қыздың жолы қайдан болсын?… Бала алдымызға түсіп алып, жүгіре басып келеді. Үйінің тұсына жеткенімізде, каналға екі бөреннен көпір салып қойыпты. «Өлетін жерге енді келдік. Мына қыз бізді каналдың суына ағызып құртайын деген шығар». Қасымдағы қызға өт десем, зарилеп ол өтпейді. Бала әрі-бері өтіп, «өтің-өтің» де жүр. Зорға өтіп үйіне қарай бұрылдық. Теректің ортасында жалғаз үй. Үйдің үсті шипырланбаған. Тамды соқтан құйған. Қорасы бар. Оның ішінде үш баспақ тұр. Үйдің айналасы көлкіген арық, атыз, су… Есікке жақындағанда іштен қызым шықты. Үстінде өзбек көйлек, басында маңдайынан тартып, желкесінен түйіп байлаған орамал, бұтында дамбалы…
– Ойүбөөй, сорла-ай! Таза сорлаған екенсін! Мына қызды таза «дуалаған»… Қызым мені көріп, жақын келіп:
– Мама!-дегені сол… көктікті қойсай!?… Басындағы орамалын жұлып алып, жағынан салып-салып жібердім. Қызым,кейін шегініп тұрып қалды. Одан әрі, бар ашуым ақтарылып, айтпаған сөзім қалмады. «Неден кемдік көрдің?», «Алты жыл Алматыға арқаланып оқытқандағы сыйың осы ма?», «Қазақтан бай табылмады ма?», «Жинал менімен кетесін!»-дегенде, қызым:
– Мені, алып кетемін деп әуре болмаңыз. Біз, Сайд екеуміз осылай шештік. Сайд, осы үйдің үлкені. Ол, осы колхоздың жолдамасымен СХИ-дың Агрофагын бітірді. Қазір бұл үйдің барлық адамы мақтада, жұмыста. Кешке келеді… Енді, ашуыңызды басып, жолдан келдіңіз жуынып-шәйініп үйге кіріп, демалыңыз-демесі бар ма!? «Белге соққан жыландай» дәрменім кетіп, көлденең жатқан ағаштың кеспегіне отыра кеттім. «Ойбүйй қатын-ай! Барлығын өзі, өлшеп-пішіп қойған екен ғой!… Қап, бұныңды білгенде Қызылордаға ғана оқытып, сол жерге байға беретін едім!?», «Сенен пуркурор, сот шығады деп жүрген мен ақымақ»… Мақтаның ортасындағы жалғыз үйде, жалғыз өзім бүлініп жатырмын. «Қой»- дейтін, қызымнан басқа пенде болсай. Бағанағы бізді әкелген он жасар бала, есіктен ауық-ауық сығалап қарап қояды. «Топыраққа от қояйын ба?», орнымнан тұрып қыздың ізіне еріп, үйге кірдім. Төрт бөлмелі үйдің кіреберіс оң жақ бөлмесінде, тапшанға қойылған ас ішетін жайына орналастық. Қыз, сол үймен біте қайнасқандай қарама-қарсы ас бөлмесінде қолы-қолына жұқпай, өз жұмысына кірісті. «Ой, Алла-ай! Үйде еңкейіп жұмыс істемеген мына қыздың, тірлігінің түрін қара?!»… Оған да қарап отыруға шыдамай:
– Әй, қыз! Бұл үйде сенен басқа тірі жан бар ма?-деп ем, ол:
– Бар. Атам мен алты қайным бар-демесі, бар ма!
– О, қасқа маңдай!… Не дейді!?…
– Я, солай. Атам сыртта баудың ішінде жүр.
– Ол, атаң саңырау ма? Осыншама айқай-шуды естімейтін? Жоқ, «ешегі судан өткесін» не қылсаң, ол қыл деп жүр ме?… Қызым:
– Оны барып сөйлесіңіз- деп, өзім зорға отырғанда отқа май құйып жіберді…
– Барсам, бармамын!-деп, қайта тұрдым. Қызым маған бұрылып:
– Ол кісі, сыйлы адам. Сәл екпініңізді басып сөйлеңіз-демесі бар ма:
– Әй, мен – сен құсап сол өзбекке тиейін деп келді дейсін ба? Кәне көрейін, қызымды алып қашап, он бес күн үнсіз жатқан өзбекті-деп, далаға шықтым. Қораның сыртында әу, дейтін жерде дарақ ағаштың түбінде, бір кісі отыр. Солай жүрдім. Ол кісі, қырыннан қарап отыр. Жақындағанда көрдім, басында өзбек тақиясы бар, сыртынан ақ орамал ораған, ақ сақалды кісі екен.. Үстінде ақ көйлегі, ызып тіккен, ескі көк шапаны бар. Тасфих тартып отырғанын байқадым. Ол кісі мені көріп, орнынан тұрып, екі қолын көкірегіне қойып «Ассалауғмалейкум!» деп, сәлем берді. «Саламатсыз!»-деп, сүйей салдым… Өзінің астындағы тозығы жеткен төсенішті, қағып-сілкіп менің астыма төсеп, отыруымды өтінді. Басқа отыратын жер жоқ, аяғымды созып жіберіп отырдым… Өзі жерге отырды. Таза өзбек. Отырған бойда әңгімені қоя бердім: «Ал, кәне кешірімге неге адам жібермедің?», «Сұрауы жоқ дедің ба?», «Пәленбай жыл оқыттым», «Жағыдайыңа қарамайсын ба?»,»Біздің елде кешірімге, құдалыққа, ананың сүт ақысына т.б.» қанша ақша кететінін білесін бе?… Онда былай – деп, түгел тізіп бердім… Ал, ала қой қызды!?… Әрі айтып-бері айтып, басылдым-ау әйтеуір. Қорасында үш баспағы бар сорлы, не істер екен?-деп, тоқтадым. Ол кісі, – екі қолын қусырып, жүресінен үнсіз тыңдап отыр. Сәлден соң:
– Құдағай, адам мен адамды, әуелден Алла қосады. Сіз бен біздің еркімізден тыс. Ата-ана махнатын шегіп ұл мен қызды өсіреміз, ырызық-несібесін, бақ-дәрежесін Алла пешенесіне жазады. Қай жерден ырызық- несібе бұйырса, пенде соны теріп жейді… Сіздің айтқан сөзіңіздің бәрі мақұл. Келіннің анасысыз. Ананың орны, екі дүнияда – ұлық… Бұл балалардың анасы, алдыңыздан шыққан он жасар баланың үстінде, қайтыс болды. Он жылдан бері жесір шалмын. Жасым жетпіс алтыда. Баламның үлкені Сайдқа: «Балам, сен оқы. Соңыңда алты інің бар. Оларды жеткізу екеумізге оңай болмайды… Біз, пахташылық қылайық»-деп, күні-түні мехнатшылық жасап жүріп, бір баланы оқыттық. Алланың жазуы, балам қолұстасып келінді еріте келді. Сіз айтқан пұл бізден қазір табылмайды.Иншалла, қарыз да болмаспыз. Біз, диханшылықпен айналысамыз. Пахтаның айлығын, соңыра қысқа жақын береді. Одан қолымызға не тиеді, оны тағы Алла біледі? Қорадағы үш тананың екеуін балаларымның айлығының есебінен, біреуін Сайдқа үй болғанына көмекке, колхоз беріп отыр. Күзге дейін осыны, пақтаның «паясына» семіртіп пұл қылсақ дейміз. Той беру, Алла қаласа, пахтаны жинап алғаннан соң болады- деп тоқтады.
– Ойбүй, құдай-ай! Жесір қатын, жетім шал құда болсақ жетіскен екенбіз!? Қоралы жетімге келген, мына қыздың маңдайының соры бес елі екен! Енді, ашудың орнына, бойымды дәрменсіздік билеп, көзімнен жас кете берді. Ақылыма сыймайды… Бір кездері, ол кісі:
– Құдағай, көп қапа болмаңыз. Біздің де, Алладан үмітіміз бар. Жастар бақытты болсын деп тілейік. Сіздің аналық ақыңызға, мына «дарақты» сыйлап отырмын-деп, түбінде отырған талды көрсетпей ме?!
Шошып кеттім. Сөзінің аяғын күтпей:
– Не дейді?… Оны не істеймін?!… Отын қыламын ба?… Орнымнан атып түрегелдім. Елде, адам естімеген бәлені мен естідім-ау! Үйге қарай тұра жөнелдім… «Ағашың, өзіңе табыт болсын… Ағаш сыйладымы несі-ай, а?!… Ата-бабам талдың басынан тамақ жеп көрген жоқ»… «Қызынан ағаш мініп келіпті дей ме жұрт», «Ағаш атқа мінгізді»-деген, осы шығар… Ашуым қайта қаптады. Келе қызды қайтадан түтіп жедім: «Оңбаған, ертең-ақ өзің қайтып келерсін. Бұл жерден не ішіп, не киемін деп жүрсін?! Не мақсатың бар?»-деп, бар ашуымды алып жатырмын. Қызым :
– Мама, не болды, соншам даурығып? Жалғыз қызы күйеуге тіиген, тек сіз бе? Ұят емес пе?! Болды енді үйге кіріп, шәй ішіп демалыңыз-деп, жатыр… Амалым жоқ, беті-қолымды жуып үйге қайта кірдім.
Дастарқан басына отырып бір-екі кесе шәй іштім. Шөлдегенімді сонда білдім. Маңдайым жіпсіп, «уһ» дедім-ау! Содан соң айналама қайта қарадым. Ақыл келгендей болды: «Қой, қыз тиетін байына тиді. Аман екенін көзім көрді. Қалғанын бақ-талайынан көріп алсын!»-деп, есімді жинай бастадым. Қызым да қабағымды аңдып отыр екен:
– Мама, мені кешіріңіз! Сіздің, қыйналатыныңызды білдім. Сайд екеуміз бірінші курыстан бастап танысып, достастық. Отбасының жағыдайымен де бұрыннан хабардармын… Бізді, бұл жерде жас мамандар деп жақсы қабылдап жатыр. Мен де ауылдық кеңестің маманы болып орталыққа жұмысқа орналастым. Сіздің келе жатқаныңызды үйге телефон шалып білдім. Бәрі жақсы болады-деп, жұбатып қояды… Сонымен кешке, қараңғы түскенде күйеу бала, Сайд та келді. Сырттан жуынып-шәйініп, «Ассалаумағаликум» деп, екі қолын кеудесіне қойып ішке кірді. Үстінде жаңа тігілген ала шапан, басында ала тақиясы. Белін орамалмен байлаған. Ұзын бойлы, шыпта кірпік қараторы жігіт алдыма келіп жүресінен отырып, таза қазақша сөйледі:
– Құрметті Бибінұр ана, біздің қателігімізді кешіріңіз?! Я-десеңіз, анамыздының орнана – бізге ана болыңыз?!-деп, еңсесін көтеріп, көзіме тіке қарағанда жанарындағы көлкіген жасты көріп, өксіктен жүрегім аузыма тығылды… Сон-ау заманда, ауылдағы әке-шешеден қыстауда отырғанда иіс тиіп бірдей айрылып, ауданда мектеп-иернатта жатқан ініміз бен екеуміз қолұстасып, жылап жүріп жетілген күндерім есіме түсіп, көзімнен жас саулай берді… Өзім он екіде, інім онда… Әркімнің қабағынан ата-анаңның жылуын іздеп жалтақтап, сағыныштан «айналайын» деген, дыбысын жүрегіме тұмар қылып, талмаусыратып жүріп құдай бізді де жеткерді-ғой… Жетімдік пен жесірлік, жоқшылықтан баршылыққа жеткізген құдайға шүкірлік қылып, тәубама түстім… Сайдтың жанарындағы жас, жүрегімнің түкпірінде жатқан шерімді қозғап, санамның саңлауын ашып жіберді… Сайдты құшағыма алап, маңдайынан сүйдім… Қасқағым сәтте өткен өмір көз алдымнан көлбеп өтті. Баланың анаға деген сарқылмайтын сағынышы, өзімен кететін өкініш екенін, Сайд екеумізден артық кім біледі?!… Ананың мейріміне қанбай өскен перзенттің өксігі, өмірбойы тарқамай өтеді. Одан артық қасырет бар ма?!… Аңсайсын, іздейсін, көнесін… «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар»-деп, өлмесең жетілесін…. «Бұл екеуі білімді азаматтар емес пе?… Бірін-бірі ұнатып, ел болуға бекінсе шүкірлік етейін»-деп, сабама түсіп, «Алланың бұйыртқаны болар»-деген,ой түйдім. Қызымды да маңдайынан сүйіп, баурыма басып, көкірек сарайым кеңейіп жеңілдеп қалдым… Байқағаным, қызым тез жетіліп, азамат болуға бой ұрғандай көрінді. Әкесінің салмақты, тәуекелшіл мінезі болатын еді, табиғатынан соны байқадым. Қызым су әкеліп, беті-қолымды жуып, «құдағайлық қалпыма түстім». Онымен қоймай, қызым:
– Енді, құда балдарыңызбен танысыңыз-демесі барма… «Ассалаумағалейкум!»-деп, бірінен соң бірі, алты бала кіріп қол алысып амандасып, қарама-қарсы жүрелеп отырды. Барлығы да жібек шапан, ала тахиясын киіп, белін буып алған. Алды жігіт болған. Тойда жүргендей салтанатты. Сайд таныстыра бастады:
– Сізге, әулетімізді таныстырайын: Сіздің құдаңыз, әкеміздің аты-жөні; Сайд Ахмат. Халық «Ишан баба» атап кеткен… Сіздердегі, Сайд Қожалар әулетіміз… Менің өзімнің толық аты-жөнім Сайд Камал, інілерім: Сайд Калам, Сайд Баттал, Сайд Акпар, Сайд Ғафур, Сайд Жүсіп, Сайд Иса – кіші ініміз -деп, таныстырып жатыр. Аты аталғанда әрқайсысы кеудесіне қолын қойып алдыға еңкейіп, ізет жасап отыр. Мектептің шәкірттері секілді. Бір Сайдты іздеп келіп, сегіз машайықтың үстінен түскендей күй кешіп отырмын… Олардың үстіне тура солай киінген құда кіріп, төрге отырды. Балалары түгел орындарынан тұрып, ол кісі отырғаннан кейін қайта отырды. Сайд пен Динара бәрінен төмен жайғасты. Динараның көйлегі мен орамалының өзіне сонша жарасымды екенін сонда байқадым… Барлығының басы қосылғанда үйдің төріне нұр құйылғандай жайнап кетті… Құда:
– Құдағи, біз он жыл көлемінде салтанатты киім киген жоқпыз. Мына шапандарды Динара Тәшкеннен ала келіп, кигізіп отыр. Ертең тойға киесіздер деп-дегені сол, көзімнен тағы да жас кете берді. Қызыма қарап жүрегім уылжып кетті… Қызым да әкесін қатты сағынған екен-ау! -деп… Өзімді-өзім зорға тежедім… Құда одан әрі:
– Бұл, перзентерімде менің аталық ақым болса, әуелі,- Сізді қапа қылмауын сұраймын!? Сіздің, Динараға берген «аналық ақ сүтіңіздің өтеуіне», өзіммен бірге Алланың берген – бұл жеті перзентім де қарыздар. Себебі анасының ошағына, он жылдан соң жылылық алап келген Динара келінге, – Алланың нұры жаусын!-деп қолын көтеріп дұға оқып, бата берді… Елден бұрын атып тұрып қолымды жайдым. Жүрегімді толғаныс пен қуаныш бірдей билеп, «Аумин!»-деп бетімді сипадым… «Ойпырмай, Алланың тағдырлас жандарға жолықтырып, тәубама түсіруін-ай!»-деп, басымды шайқадым… Қой басыңды ауыртып қайтейін!?… Ертеңіне Сайд пен Динара Тәшкеннен поезға мінгізіп салды. Сонымен, Қызды өзбекке беріп өтеее шықтым… Құдағай да, құда да өзім, кешірімді де өзім беріп ауылға келдім… Сұрағандарға: «Қыз Тәшкенге, өзбекке тиіп кетті»-дедім де, қойдым. Ағайын аң-таң… Жаз ортасына таман қызым телефон шалып, амандық-саулықтан соң:
– Мама, Сіздің үйдің алдына Тәшкеннің автобусы барып тұр. Құдаңыздың сізге салып жіберген сәлемдемесі бар, соны қабылдап алыңыз-демесі бар ма. Жалма-жан:
– Әй, қыз, ол не?-деп, терезеге қарасам, әйдік қызыл автобус қақпаның алдында көлденеңдеп тұр екен. Телефон ажырап кетті… Далаға шықсам жүргізуші дарбазаның алдына жирмашақты қорапты түсіріп қойыпты. Қазақ екен. Мені көріп:
– Сәлем бердік, апа! Сіз Ишан бабаның құдағайысыз ба?-деп жатыр.
– Я, сол кісімін.
– Онда сарайыңызды ашыңыз. Мына заттарды кіргізіп берейін. Маған құдаңыздың тапсырмасы солай-деп, іске кірісті. Сарайды ашып бердім. Сөзшең жігіт екен…
– Құдаңыз мықты адам екен, апа. Бір сағаттай әңгімелестім… Сіздің «сүт ақыңызға» арнап, тағы бес тал жеміс ағашын белгілепті. Мына жемістер сізге атаған ағашының өнімі… Енді он күннен кейін басқа жемістері піседі екен. Бұл «Шабдалы» деген жеміс. Ол кісі, ата-бабасынан бері қарай осы жеміс ағашын өсіремін деді.. Бұл тұқым сол аймақта, тек осы кісіде ғана бар екен. Айтқанына, қызығып кетіп, құдаңызға:
– Біреуінің дәмін татып көрейін деп едім: «Балам, аманатқа, қиянат жүрмейді. Келесі жолы, өзіңе бір қорабын дайындап қоямын»- деді. Апа, ол кісінің жемістерін өзім тасып тұрамын-деп, ағынан жарылып әңгімесін айтып жүр… Өзі Жаңақорғанның жігіті екен. Үйге кіріп, нан ауыз тиіп кете барды… Өңмен-түстей… Қызым кеткелі келген бірінші сәлемдеме. Шапан емес, шыт емес, ақша емес – осыншама нәрсені не істеймін?… Ағайынға таратсақ, «қызын өрікке сатқан ба?»-деп, тағы күлкі боламыз-ау… «Қой, не де болса көрейін»- деп, қағаз қораптың біреуін ашсам, «Шабдалы»- қызыл-сары түсі алаулап тұр… Әрбір түйірін жұмсақ ақ қағазға орап, ұядағы балапандай бөлеп қойыпты. «Не деген ұсынақтылық!?»-деп, көргенде таңқалдым. Төрт-бесеуін алып үйге кіргенім сол, телефон қайта шырылдады. Алсам, қызым:
– Мама, заттарыңызды қабылдап алдыңыз ба?
– Я, алдым. Оның бәрін не істеймін?
– Қазір сізге, базардан менің құрбым барады, соған үш қорабын, ақшасына беріңіз. Бірге барып, қаншаға сатқанын көріңіз. Сонда сізге түсінікті болады…
– Әй, қыз! Сен мені саудагер қылайын дедің бе? Әкең өмір бойы саудагермен алысып өтті емес пе?!… Елдің бетіне қалай қараймыз? Әлде, сен өзбекке тиді деп, мен өзбек болайын ба?-деп, бұрқытып жатырмын… Телефон тағы үнсіз… Ой, Алла-ай! Тура әкесінің кәсібі. Ол да, артық кеті бара жатсам, телефонды қоя салатын… Ойым онсақта… «Қой, маған бұйырғаны осы шығар.»-деп, жуып-шәйіп әкеліп, біреуінен ауыз тидім… «Тойып жейтін ас емес, тастап кетер тас емес»-деп, отырғанымда, үйге сәлем беріп бір келіншек келді. Қыздың айтқан құрбысы екен. «Күйеуім жол апатынан қайтыс болып, жылын берген соң, балақамына шықтым. Базарға шыққаныма бір ай болды. Үш балам бар»- дейді.
– Апа, мынау үш қораптың ақшасы-деп, қолыма көлемді ақша ұстатты. Базардан не түседі, оны да тең бөлемін. Менімен бірге жүріңіз-деп, машинасымен алды да кетті… Әне, сол отырғаннан осы жерде он бес жыл болды отырғаныма… Мына қыз сол қыздың үлкені-деп, орнына қойған қызбаланы көрсетті. Қазір он төртте. «Қыз алып қашқан қалай болады екен?»-деп, өзімнің атыма бір қыз, бір ұлын аудартып алдым. Екеуі де осында, қазақ мектебінде оқиды. Күйеу бала сол ауданның ауыл шаруашылығының бастығы. Қыз, сол ауылдың ауылдық кеңесінің төрайымы. Сайд Ишан құдамның өмірден өткеніне екі жыл болды. Өзі барда, екі баланы атыма аудартып, ескі үйімді құда балдарыма қайта салғызып:
– Құдағай, қалғанын Алла жеткереді. Мен, Алланың құзырына бетімді дүзедім, осы баланың барлығы сіздің балаңыз!-деп, аманаттап кетті… Міне, келіншек – «Шабдалының» әңгімесі демесі бар ма…
– Қыздың қалың малы қайтты ма?-десем:
– «Қалың мал», бержағында қалды. Жылына төрт-бес айда екі миллиондай ақша тек жеміс-жидектен түсіп отыр-деп, еңкейіп құлағыма сыбырлап қояды. «Ердің назын – жер көтереді»- деген, диханшылықтың астарында даналық пен адал еңбек тұрады екен, соған көзім жетті- деді, әлгі әйел… «Алмасжанның анасы болсаңыз, ол халықтың баласы»- деп, беріп жіберген сол апаңның сәлемдемесі-деп, апам да әңгімесін аяқтады. Шабдалыдан қауындай тіліктеп алып ауыз тидік. Шынында дәмі тілді үйіреді екен…Асыл анамыздың көп әңгімесінің, бұл мір мезеті ғана… Естелік болып қалды.

А.Н.Алматов. 28.11.2016. Қызылорда.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button