Нұр
Сұрақ: – Алла тағала иманды неше нәрседен жаратты?
Жауап: үш нәрседен пайда қылды: әуелі нұры – пәк, екінші нұры – зат, үшінші нұры – хақ. Нұры пәк (таза) – Алла тағаланың нұры. Нұры зат – Мұхаммед с.ғ.с нұры. Нұры Хақ – Адам ғ.с.х. нұры.
Нұры пәк, яғни адам баласы Алла дәргейіне тек пәктікпен ғана жетеді. Алла барлық кемшіліктерден пәк. Алланың бәнделерінен сұрары да пәктік. Дүниеге адам пәк таза күйінде келеді, кірдің жуылмаса денеге біртіндеп жиналатыны секілді, күнә, арам пиғыл, айуандық әрекет, қоғамға жат қылық өз уақытында қайтарылып, тәубе арқылы тазаланып тұрмаса, көңілге қалыптасып орнығып қалады. Ұлы шайыр және сопы Жалалиддин Руми: «Ей, Құдайдың талабында жүргендер, өзіңіз Құдайсыз, ол сізден тысқары емес, бәлкім ол өзіңізбен бірге болар. Жоғалтпаған нәрсеңізді неге іздеп жүрсіз, ал егер жоғалтқан болсаңыз несіне іздейсіз?» – дейді, яғни, өзіңіз пәк таза болсаңыз онда Алла тағала құзырындасыз. Ал, лас, арам болсаңыз оны іздемей-ақ қойыңыз, алдымен өз көңіліңізді тазалаңыз, өйткені өзіңізде жоқ нәрсені іздеудің қажеті жоқ, жете алмайсыз. Сол себептен Алла тағаланың сөзі бар: «Мен жасырын қазына едім және сізді сүйіп қалдым, енді мені біліп алыңдар, мен жындар, періштелер, адамдарды жараттым, мені білсін деп». Иманды адам мақұлықаттың асылы, адамдардың гүл тәжісі. Алланың жердегі халифасы (орынбасары) екен, онда Алла сипаттары болуы табиғи жайт. Жасырын қазына болған Алла тағала ілім хикметтердің бір бөлімін адам көңіліне жайластырған, яғни адам жасырын қазынаны сақтаушы қазынашы.
Сопылық пәлсаласына қарай адам қарама-қарсы екі нәрседен – рух және тәннен жаратылған, сондықтан онда осы екі қасиет те, бірі рухани талап және дүниелік те бар. Егер дүниелік талап жоғары тұрса хайуандық, егер рухани талап жоғары болса, илаьи (пәктік) қасиет орнығады. Рухани талап дүниелік талаптың құлы болып қалмауы керек, керісінше дүние талабы рух үшін өмір сүрсін. Рух қызметкері болсын. Рухани талап жоғары келген адам әр кез дүниеге симай әлемдік тұрғыда қанат қағып, Аспан әлемі дүниесіне қатынасып, араласуға қайрат етіп талпынады, тылсымнан хабар береді, әр түрлі кереметтер көрсете бастайды. Міне, бұл дәрежені түн мен күннің шекарасы таң белгісімен сипаттаса болады. Түн түрілгенде, күн шыққанша таң белгісі болып, күн шыққан соң қараңғылық жоғалып Әлемнің нұрға толғанындай бұл адамның да көңілі Алланың нұрына толады.
Иман-жүйесін – «Шар кітаптан» алып, басқа кітаптар мен толықтырып түзеген Сейт Омар Саттарұлы