Ғақлиат

Иманның саламаттығы жақсы

Иманы саламат деп кімді айтамыз?

– Кімнің сабыры мен шүкірі толық болса иманы саламат деп білеміз. Әрине, Алланы бір, Мұхаммедті хақ деп исламды мойындаған, иман келтіру жолында еңбектенген, тағадат-ғибадат еткен жан үшін сол иманның артықшылығынан артық не бар. Барлық хақ жолын-дағы іс-әрекеттің нәтижесі де иман. Осы иманның саламат болуына, жарқын жүзіне сәл де болса көлеңке түсірмей, пәк, таза күйінде сақтау бұл табандылықтың, тұрақтылықтың, сабырлылықтың нәти-жесі. Олай болса әркез сабыр мен шүкірді ойдан шығармай, жанның (діл) қаруы, иманның қарауылы етіп сақтау керек. Адам баласы қамшының сабындай келте өмірде басынан не өткермейді. Аш та, жалаңаш та болады, мал-дүниесі тасып зор да болады, арып-ашып қор да болады. Міне, осындай аумалы-төкпелі асуларда, бәлесіне сабыр етіп, өзін-өзі жоғалтпай, ұстамға таянып, ақылға жеңдіріп, тоқтам тапқан адам ғана өзін-өзі сақтай алады. Ал керісінше аз ғана сәтсіздікке бола шашын жұлып, барлығына тілі тиіп, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып дегендей, шала бүлінген кезде әрине ақыл қашып, иман сізден аулақта қалады. Сіз де иманыңызға көлеңке түсіріп, бетіне қара күйе жағасыз. «Ашуы келгенде біреуді ұрып жыққан емес, өзін-өзі тоқтата алған адам шын мықты», – деген хадисті Алланың Расулы осы кезде айтқан.

«Бәлеге сабыр, қазаға разы болыңдар» деген ұлағатты сөз де бар. «Адамның азаматтығы оның дінінен, парасаттпылығынан» деген хадис ақыл, парасат, мінез шын мәнінде иманды адамның қасиеттерінен екенін дәлелдейді. Қазақта «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» деген ұлағатты сөз бар. Асылында адам тек қанағат еткенде ғана тояды. Қанағаты кеткен адамға бүкіл дүниені берсең де аз көрінеді. Азға қанағат еткен адам көпке шүкір ете алады.

Әрбір өзін мұсылманмын деген адамға ең алдымен пікір тазалығы керек, яғни әрбір іс-әрекетке таза амалдарды ғана ойға алып, таза әрекеттерге ұмтылуы керек, мұны сопылықта пархез дейміз, яғни, өзін әрбір шүбәлі құбылыстардан бастамақ. Пікір тазалығына келіп тоқтау үшін тоқтам жай, бекет керек, мұны мақамат деп айтады. Әрбір өзін пікір тазалығына тоқтата білген кісі енді осы бекеттен әрі қарай қозғалғанда, барлық болмысын өз діліне бағындыра алса, әрекеттері шын мәнінде адамдық, мұсылмандық, имандылық болады. Пікір, ішкі жан-дүниесінің тазалығы ең әуелі тәубе арқылы ғана іске асуы мүмкін. Өзінің өткеніне өкіну, енді бұрынғы қателіктерін қайталамауға серт ету, іс-әрекеттерінде Алла қаламаған амалдарды саралап көре білу, теріс әрекеттердің Алла бұйрығына, ез діліне, айналаға қаншалықты зиян екенін білу, залалды амалдардың зиянын пайым ету және ендігі жерде оларды тағы істемеу, бұл тәубе арқылы пікір тазалығына алып барар жол. Ал енді ішкі пікір-ой толғамды дәйімі таза ұстау үшін зікір болуы шарт. Мұны – Бұзырық иман дейміз.

Қалауаты иман не?

Жауап: Қалауаты иман пәк болу. Ислам дүниесінде қылуетке отыру деген ұғым бар, яғни барлық қоршаған ортадан бөлектеніп, жеке отырып Алланың зікірін айту. Түркі халықтарының ұлы машайығы Қожа Ахмет Йасауи 63-ке келген соң жер астынан жеке жай жасап алып, қылуетке отырған, дүние әурешілігінен өзін сақтап, өмір жолындағы көрген-білген, ойға түйген арман-тілектерін қағазға түсіріп, келер ұрпаққа өшпес мәңгі мұра хикметтерін қалдырған. Бұл ұлық зат осы әрекетімен араб-парсыны білмеген сахара адамдарына, яғни түркі тілдес халықтарға Алла жолын ез ана тілінде жеткізіп берді.

Мұнан қылуетке отыру, яғни оқшау өмір сүру ислам заңы екен деген ұғым тумауы керек. Бұл әзіз адам 63 жасқа дейін диқаншылық еткен, үйлі-жайлы болған.

Демек пәк болу қылует иманы. Бүкіл өмір тіршілігінде алдау-арбаудан, күнәлі істерден, зорлық, менмендік, өсімқорлық, зина, парақорлықтан таза, өз еңбегімен өмір сүру, айналаға мейірімділік таныту, нағыз кемел тіршілік иесі болу. Бұл айтылғанның барлығы да сабыр мен шүкірдің жемісі болса ғана қолға кіреді.

Шүкір деп арыл-азығанда да кісі өзін жоғалтпай, Алланың көрсеткеніне қанағат ете білсе, асып-тасығанында, бар болып бай болғанында, көкірек көтермей Алланың бергеніне шүкір етіп өзін баса алса, яғни қай кезде де Алласын есінен шығармауы керек.

Хабарда келер: Расул с.ғ.с. бір заманда алты күн тағам жемеді, сонда Расулуллаһ дұшпандарым көзіне қарным тоқ болып көрінсін деп қасиетті қарнына тас байлар еді. Алты күннен кейін Алла тағала Жәбірейіл періштені жіберді, ол жер жүзіндегі барлық қазыналардың кілттерін алып келіп: Иә, Расулуллаь, Алла тағаладан саған сәлем және жер жүзіндегі қазыналардың кілтін саған беріп жіберді, міне, алғын, оны өз қажетіңе жұмсағын, мүқтаж болма, аш-жалаңаштықтан құтылғын» деді. Расул с.ғ.с. айтты: «Е, пірәдарым, Жәбірейіл, әрбір жұмсаған қаржының есебін беруім керек. Жәбірейіл, одан да бұл кілттерді қайта әкеткін, маған керек емес, мен оның есебін бере алмаспын, аш болсам сабыр қылармын, тоқ болсам шүкір етермін. Мен дүниеде асып-тасып жүрсем, ақыретке асы болған үмбеттеріме қалай шапағат етермін. Ақырет бәлесі зор, зағип үмбеттерім сабыр ете алмаса қашан ақыретте тынышталғанша олардың жапасын мен тартамын. Дүние мұқтаждығын сол үшін ықтияр етіп тұрмын, себебі, оларға жасаған шапағатым қабыл болғай».

Демек, өзін-өзі тоқтатпаған, нәпсісіне өзі әмір ете алмаған адамның біреуге жәрдем беруге, кісі әжетін өтеуге шамасы келмес екен, яғни не тапса да өзіне жапсырып, не тапса да, алдымен өзі пайдалануға ұмтылады. Бұл ислам тәрбиесіне қарсы, Алланың қаламаған әрекеттері. Бай болыңыз, адал еңбек, таза әрекет етіп һәм бұқараға, туған-туысқандарға көз салып тұрыңыз. Әр кез жәрдем қолыңызды созуға әзір болыңыз.

Мал-дүние адамдарды сынау үшін берілген, әр кез мал-дүние жамандыққа да, жақсылыққа да себепкер, қолы байлыққа жеткен кісі мал-дүниесін Алланың разылығы үшін жүмсауға құмбыл болсын. Өз халіне шүкір ете білген, сабырмен өзін тоқтата алған адамның әркез пікірі таза, тоқтамды. Пікірі таза адам ғана зікірін түзеп, орнықты етіп, Алласын есінен шығармай, әр кез шүкір етуші болар.

Бақилық иман нешеу?

Бақилық иман үшеу:

  1. Әуелі шат болмақ, иманның бақилығына жақсы амалдармен жеткен кісі өзін ғұмыр тосқауылдарынан жақсы алып өтсе ғана мәңгілік тұрақтылыққа ие. Орнықты пікірі бар, амал бәден, тасдық тіл, ықырар діл, парыз, сүннәтты мойындаған, шын көңілімен Алланың ықырарында болған адам ешуақытта жолынан айнымайды.
  2. Қамкөңіл болмақ, иманның аздығына, яғни мен иманды адаммын деп көңілін тоқ санамай, осы әлдеқалай жаңылыс кетіп бір жерден қателестім бе, немесе иманға кештеу келдім бе, істеген амалым аздау ма, шама-шарқым келгенше әлі де иман амалдарын дамытайын деп өзін-өзі дәйімі қамшылап жүру.
  3. Қауіп, иманды тәубесіз набыт етуден дәйімі қауіптеніп, өзін-өзі қадағалап тұру, яғни өз иманына қарауыл болып әрбір басқан қадамын, айтқан сөзін аңлап әрекет ету.

Ислам дүниесінде қалыптасқан мынадай қағида бар: Бүкіл әлемнің негізі Нұр мен Рух. Алла табарака уа тағала, барлық әлемнің негізін Мұхаммед Мүстафа с.ғ.с. нұрынан жаратты. Нұр дегеніміз сәуле. Сәуле қай жерге түссе, сол жерде өмір басталады, сәуле түспеген қараңғылықтағы өмір биологиялық дәрежеде болмайды.

Барлық әлемнің кілті қолына берілген, Алланың ең әзіз жаратқан мақұлықаты адам болса, осы адамның көңіліне Алланың нұры түссе, иман болып орнықса, сол адамның төбесінен иман нұры сонадайдан жарқырап көрініп түрады. Біз мұны күнделікті көріп жүрміз, бірақ осыған мән бермейміз. Дәлел: сіз көшеде бір салауатты, жақсы адамды көріп қалдыңыз, сол адамнан тек қана жақсы сөз, салауатты ақыл ғана есітетініңізге сенімді болғандықтан, яғни иманды адам екенін білгендіктен жолын кеспей, амандасып өтуге асығасыз. Бұл осы адамның төбесінен көрініп тұрған иман нұры. Күпір де сондай дәрежеде алыстан көрінеді, бірақ бұл ол адамның тұрқынан бақа-шаян секілді жиіркенішті нәрсе болып көзге шалынады. Дәлелі сіз енді біреуді көріп қалдыңыз, өзі боқауыз, дөрекі, арақпаз, болмаса нас, біреуге тілі, біреуге қолы тиіп жүрген оны сіз сонадайдан көрген мезет айналып кетуге әрекет етесіз.

Алла тағала көңіліңізге ез нүрынан орнатып, сізді адамдардың әзізі етуге жазсын. Күпірлігінен аулақ етсін, Әумин.

Рух (жан) әрбір жаратылған заттың қозғаушы күші. Мысалы ағаш өз денесінде рух күші болғандықтан өседі, жапырақ жаяды, гүлдеп өнім береді, бір бұтағын кесіп алсаңыз тамырынан ажырап, рухынан бөлектенгендіктен енді өзінше әрекет ете алмайды. Өздігінен әрекеті жоқ болғандықтан қоршаған ортаның ықпалына көшеді: қасық бол десең – қасық, таяқ бол десең – таяқ, отын бол десең – отын бола-ды. Барлық жанды заттың денесінен рух күші кеткен соң еркі кетеді.

Адам баласы да сондай: оз рухынан нәр алып, гүлдеп, еніп беріп тұрған кезінде дүние амалдарына жақсы, жаман, пәктік, настық әрекеттерге ерікті, ал денеден рух кеткен соң әлгі айтылған ағаш секілді, себебі кесілген ағаш түзу, таза, бақуат болса, әлдеқандай пайдаға асады, ал қисық, шірік, әлсіз болса сатылып отын болады, болмаса қарадай жатып іріп-шіріп кетеді.

Пайдаға асқанның ғасырлар бойы кәдеге жарауы табиғи жайт, сол секілді адам баласының денесінен рухы кеткен соң көзге көрінбес екінші өмірі басталады, егер өмірі мағыналы, пайдалы, келер ұрпаққа қажетті амалдары болса, оның өзі арамызда жоқ болғанымен елдің, халықтың есінен шықпай, ғасырлар бойы емір сүреді, ал керісінше, от басы, ошақ қасында ғана өмір кешкен, араласқан адамдары әлдеқашан естен шығып кетеді. Болмаса оны ауызға алған адам нәлет айтады.

Ал рух Алла құзырында мәңгі өмір сүретіндіктен, жақсы амалды, ілімді, артына өлмес сөз, өсиет-насихат қалдырғандардың рухына салауат айтылып турады, демек олардың рухы әр кез шаттықта болар, Иншалла!

Иман-жүйесін – «Шар кітаптан» алып, басқа кітаптар мен толықтырып түзеген Сейт Омар Саттарұлы

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу