Ғақлиат

Құран – сарқылмас ғылым көзі

Бисмилләәһир-рохмәәнир-рохиим.

Құран Алла  тағаланың  Пайғамбар  Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі  болсын)  мұғжиза  етіп, 23  жылда  Жебірейіл (а.с.)  арқылы  түсірген, оқылуымен  құлшылық  етілетін  сөзі.

Адамзаттың асыл тәжі, пайғамбарлардың сардары, Алла Тағаланың жаратқандарының ең абзалы, Жаратушы Раббаның құлы, елшісі, әрі досы Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла берген мұғжизаларының ішіндегі ең кереметі 23 жыл бойы періште Жебірейіл (а.с.) арқылы уахи еткен Алланың кәләмі – қасиетті Құран Кәрім. Қасиетті Құран Кәрім Алланың тарапынан Пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскеннен бері 14 ғасырдан астам уақыт өтсе де, осы уақытқа дейін оның бір әрпінің немесе бір сөзінің өзгермеуі және онда айтылған тұжырымның қоғамның барлық мүшелерінің тарапынан ешқандай қайшы пікір тудырмауы, Құранның Алланың тарапынан жіберілгендігін және ақырғы кәләм шариф екендігін, қиямет қайымға дейін өзгермейтіндігін, Пайғамбар Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзат баласына жарылқаушы ретінде жіберілген соңғы пайғамбар екендігінің бірден-бір дәлелі. Мұны ақыл-ой парасатына салып ойланған адамның түсінері кәміл. Қасиетті Құран Кәрімнің аяттары Мухкам (түсінікті) және Мутәшәбиһ (астарлы) болып екіге бөлінеді. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Әли–Ғимран» с. 7-а.:«(Ей, Мұхаммед!) Алла саған кітапты (Құранды) түсірді. Онда ашық айтылған аяттар бар, бұлар – кітаптың (Құранның) негізі, сондай-ақ, меңзеп айтылған (жасырын мағынадағы) аяттар да бар. Көңілінде «көлденеңі» барлар фитна шығарып, өз жорамалдары бойынша түсіндіреді. Мұндай аяттардың ұғымын Алла ғана біледі және білімділер біледі. Олар (ғылым иелері) былай дейді: «Біз оған сенеміз, мұның барлығы Алладан аян болған аяттар. Мұны тек ақыл иелері ғана түсінеді» деген. Мысалы: Мухкам – түсінікті аяттар қатарында «Ықылас» сүресі: «(Ей, Мұхаммед!) Былай де: ол Алла жалғыз (серігі жоқ). Алла жалғыз мәңгілік (Ол тәуелсіз, мұқтажсыз, оған күллі жаратылыс тәуелді, мұқтаж). Ол тумады, тудырмады. Оған ешкім тең емес (ұқсамайды)».

Ал Мутәшәбиһ астарлы аятқа мысал «Таһа» с. 5-а.: «Әррохману ъәләл ъаршистауа – Сосын Алла аспанға истауа етті» делінген  көп мағыналы «истауа» сөзінің қай мағынада айтылғанын анық білмегендіктен ғалымдар «Истауа» сөзін аудармай  екі түрлі мағынада түсінуді ұсынған.

  1. Алланың истауа етуін қабылдап, мағынасын Аллаға тапсыру;
  2. Алланың истауа ету сипатын жоққа шығармай, оны ешнәрсеге ұқсатпай, оны дене ретінде танымай, шариғатқа сай түрде жорамалдау, ауыспалы мағынасын алу. Аятқа келуі бойынша сену.

Имам әл-Бәйһақидің «әл-Әсмә уас-сифат» кітабында: Имам Мәлик (р.ғ.) мешітте жамағатқа уағыз айтып отырғанда,  бір  адам келіп: «Әй, имам, «Ар Рахман ъәлә ъарши истауа» деген аяттағы «истауаның» мағынасы не?»  дейді. Сонда имам Мәликтің ұнжұрғасы түсіп, қиналып қара терге түседі. Сосын  басын көтеріп, терін сүртеді де, денесін тік ұстап: «Аяттағы «истауа» сөзі белгілі, бірақ оны қандай деп ақылға салып айтуға болмайды. Ол жөнінде сұрау дінге кіргізген жаңалық (опасыздық). Мұндай бидғатшыны мешіттен қуып шығыңдар!» дейді. (Дін – насихат. Астана, 2014 ж. 235-б.) Олай болса, Құранның астарлы аяттарының мағынасын талдауға адамның шектеулі ақылының шамасы жетпейді. Сондықтан, көпшілік ғалымдар, «Әррохману ъәләл ъаршистәуәә» дегенге сенеміз иман келтірдік» деп, Алланың сөзін талдамай иман келтіреді. Сол себепті, дін білімін жетік меңгермегендер, Құран аяттары мен хадистің мағынасын өз бетінше талдамай, мешіт имамдарының уағызын басшылыққа алғаны ләзім. Бұл туралы «Әнбия» с. 7-а.: «Егер өздерің білмесеңдер, зікір (білім) иелерінен сұраңдар», «Зумар» с. 9-а.: «(Алланың алдында) Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!» деген.

Өкінішке қарай, дүние жүзіндегі адамзаттың арасында таралған әртүрлі діндердің жетегіне ерген, кешегі «дін апиын» деген дінсіз қоғам тәрбиелеген, пендені адастырушы ібілістің азғыруына ерген «данышпандардың» идеологиясымен сусындаған бауырларымыздың түсінігінде: «Құранды, Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның маңайындағылар жазып таратты» деген ауыр, күнәһарлық дерттен, құдайсыздық пиғылдан арыла алмай жүргендер баршылық. Кейбір  бауырларымыз теріс діни ағымдардың исламға жаққан  күйесіне  иланып, басқа діндердің жетегіне еруі, Құран аяттары мен Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің  мағынасын түсінбей, ислам дінін жоққа шығаруы немесе бұрмалауы Алланы бір, Пайғамбарды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хақ деп таныған, «лә иллаһа иллаллаһ Мухаммадар Расулуллаһ» деген әрбір мұсылманды бей-жай қалдырмасы анық. Сыртқы азғырушылар мен кешегі құдайсыз идеологияның кесірінен Алланы бір, Пайғамбарды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хақ деп тани алмай, шындыққа анық көзі жетпей жүргендердің көкірек көзін ашып, хақ дін исламға оралуына септігі тиер деген мақсатпен, Құранның пендені тура жолға бағыттаған ашық, айқын аяттарын, одан кейін 14 ғасырдан соң ашылған ғылыми жаңалықтармен салыстырып, оқырманға ұсынуды дұрыс болар деп қолға қалам алдым.

Заманымыздың ұлылары қатарындағы ғалымдар Құранда ашық айтылған тұжырымдарды ғылыми тұрғыдан жаңалық ретінде бірнеше ғасыр өткеннен кейін ашып жүр. Құран Кәрімде айтылған ашық тұжырымдарды озық ойлы ғалымдарымыз бүгінгі күні техника мен технологияның шарықтап дамыған құралдарының көмегімен танып білгеннен кейін, хазірет Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он төрт ғасыр бұрын тіккен байрағын көріп, Алла Тағаланың тура жолды нәсіп еткен жандары тілін кәлимәға келтіріп, мұсылмандық атмосфера ішінде имани нұрға бөленуде.

Ханафи мазһабындағы беделді имам Мұхаммед ибн Ғабидин (1784-1836ж.) «Раддулл-Мұхтар», «Таңдаулы жауаптар» атты кітабында «Жаңалықты қолдану уәжіп болатын жағдайлар болады. Мысалы: «исламға нұқсан келтіретін түрлі идеологиялық ағымдарға қарсы (оларға жауап беру үшін нақты дәлелдер келтіру) істелуі жақсы саналатын бидіғат» десе, Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зайыбы, мұсылмандардың анасы Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте: «Кімде-кім осы  ісімізге (дінімізге) оның негізімен ұштаспайтын қандай да бір жаңалық енгізетін болса, онысы  қабылданбайды» деген (Бухари сулх 5).

Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран аяттарын, оның мұғжизаларын адамзатқа түсіндіріп, жаратылыстың мән-мағынасын үйретуге келді. Жаратылыс сырын түсінген адам Аллаға шынайы сеніп, жүрегі ауыртпашылықтан  арылып, тап-таза бейкүнә күйіне түсіп, кіршіксіз жүрекпен асқақ рухтың заңғар шыңынан орын алмақ. Бұл туралы Құранның «Рағыд» с. 28-а.: «Алланы еске алумен жүрек тыныштық табады» деген.

Алла Тағала Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жебірейіл (а.с.) арқылы уахи еткен Құран Кәрімде, ашық мазмұнмен адамзатқа ненің зиянды, ненің зиянсыз екендігін баяндаған. Яғни, Алла  адамзатқа зиянын тигізетін зат пен амалдарды, ішіп-жеуге болмайтын тағамдарды харам, ал қолдануға болатын зиянсыз пайдалыларын халал деп, екі-ақ сөзбен жеткізген.

Егер адам баласы харам мен халалдың негізіне көз салып, ой жүгіртсе, харам амалдардан адамға ерте ме, кеш пе зиян келетінін, ал халал амалдардың әр уақытта пайдасы бар екеніне көз жеткізері сөзсіз. Құран Кәрімде адам өмірінде қажетті іс-амалдың негізгілеріне толық мағлұмат берілген. Сондықтан, Құран Кәрімді алты топқа бөліп қарастырса болады:

  1. Адамның жаратылу тарихы, кейбір пайғамбарлар мен халықтың және пенделердің тарихы кейінгі ақырзаманға дейін өмір сүретіндерге ғибрат үшін;
  2. Алланың сипаттары. Адам баласының ақыл-ойына түсінікті мөлшерде Алланы таныту;
  3. Аллаға иман келтіріп, құлшылық етіп, сыйынып, жалбарынып, ғибадат етіп, көмек тілеу, дін, иман мәселелері. Адамзатың негізгі міндеті Алла Тағалаға құлшылықтың мән-мағынасы баяндалған;
  4. Пенденің күнделікті амалдарының жақсы жақтары мен істеуге болмайтын нашар тұстары, немесе харам мен халал, мінез-құлық туралы, қоғамдық тәртіпті сақтау және теріс қылықтармен күресу үшін өзінің ынта, жігерін жұмылдыру жиһад;
  5. Жалған өмірден кейінгі бақилық ғұмыр;
  6. Ғылымның бүкіл саласын қамтитын нұсқаулар мен тұжырымдар.

Құран Кәрім аяттарында адам баласына түсінікті ашық мазмұнда айтылған, жаратылыс ғылымы саласында мағлұматтармен бірге адамзат өзінің ақыл-өрісінің, дүние танымының кеңеюі барысында түсініп-түйсіне алатын жасырын тұстары да бар. Сондықтан да, озық ойлы, асыл мұратты ислам әлемінің білгір ғалымдары қанша заман өтсе де, адамзаттың ақыл-ойы өркендеген сайын Құран жаңара береді, жасара береді, дүние тоқтағанға дейін жаңара бермек деп таниды. Сондықтан да, Құран Кәрім ақырдың соңғы кітабы.

Біз Құран Кәрімде ашық мағынамен жазылған тұжырымдарды, көптеген институттардың мыңдаған ғалымдары қазіргі кездегі жетілген құрал-жабдықтарды пайдаланып қол жеткізіп, олардың ашқан жаңалықтарын ғасыр жаңалығы деп танып, жаңалықты ашқан ғалымды ұлылар қатарына көтеріп жүрміз. Ғалымдардың мыңдаған жыл ізденген еңбектерінің мағынасын Алла Тағала 14 ғасыр бұрын Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 23 жылда бөліп-бөліп, Жебірейіл (а.с.) арқылы уахи етіп, адамдарға жеткізгенін біреу білсе де, біреу білмейді. Ал оны білетін кейбір ғалымдардың көкірегінде көзі болмаған соң оны мойындамайды. Әйтпесе, олар «біздің жылдар бойы еңбектеніп ізденгеніміз Құран Кәрімде баяғыда-ақ жазылып қойылған» деп дүние жүзіне жар салып, Алланы бір, оның пайғамбары Мұхаммедті (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хақ деп танып, оны тануға барлық адамзатты шақырар еді.

Алланың кәләмі Құран Кәрім тұтастай тұңғиық терең, сарқылмас ғылым бұлағы, ғылымның саласы дамыған сайын оның сырын адамзат баласы танып, түсініп, Алланың ұлылығына таңданып, бас иетінін сөз басында қозғаған едік. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала әр ғасырдың басында менің қауымыма дінді жаңартатын адам жіберіп тұрады» (ҚМДБ «Желмая» ғылыми аударма орталығы. 1001 хадис. Алматы, 1991 ж. 28-б.).

Енді ғалымдардың ғасырлар бойы зерттеп, қол жеткізген ғылыми жаңалықтарының біразын, әлемнің жаратылысы мен құбылыстары жайында ашық айтылған Құран аяттарымен салыстырайық.

Жердің формасы жөнінде ертеректе айтылған тұжырымдардың нақты дәлелі болмаған соң адамзаттың санасында әртүрлі болжам орын алды. Атақты ғалым Магеллан 1522 жылы жер шарын айналып, жүзіп шыққаннан кейін, жер формасының шар тәрізді екені анықталды. Ал Құранның «Назиғат» с. 30-а.: аудармашылар «Одан соң жерді жайды» деп аударғанымен, аяттың арабша мәтініндегі «дәхәһә» сөзінің толық мағынасы «Содан кейін жерді түйе құстың жұмыртқасы пішініне келтірді» мағынасын білдіреді. Сондықтан, бұл аяттың дұрыс түсінігі «Содан кейін жерді түйе құстың жұмыртқасы пішініне келтірді» деп түсініледі. Жердің формасының шар тәріздес екенін және оның өз осінен айналатынын «Зүмәр» с. 5-а.: «Ол, Алла күнді түнмен орайды және түнмен күнді орайды» (бұл аяттағы «таккуир» деген араб сөзі, домалақ нәрсенің сыртына бір нәрсені орау немесе байлау мағынасын білдіреді) деп, 10 ғасыр  бұрын көрсетілген.

Дарынды ғалым Коперник XVI ғасырда әлемнің бірлігін, жер мен көктің (аспанның) бір заңдылыққа бағынатындығын болжап айтса да, оның болжамын цензура 1828 жылға дейін жарыққа шығармады. Яғни, гелиоцентрлік (күнді, күн системасының денелері айналады) жүйесіне геоцентрлік (жер қозғалмайды  ал басқа денелер оны айналады ұғымын) жүйені қарсы қойып, оны дәлелдеуге амал жасаған Дж. Бруноны өртеп жіберсе, Г.Галилейді көзқарасынан безуіне күштеп көндіріп, ондаған жылдар үй қамауында ұстады. АҚШ профессоры атақты геолог Альфред Кронеге «Әнбиә» с. 30-а.: «Қарсы болғандар, негізінде көктер мен жер түйіскен еді. Екеуін ажыратқанымызды, әр жанды нәрсені судан жаратқанымызды көрмей ме, сондай-ақ сенбей ме?» деген  аятты оқып бергенде ол қатты таң қалып, Мұхаммедті (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) меңзеп, «Бәдәуй бұны қайдан білген. Бұл жақында ЭВМ мен техниканың көмегінің нәтижесінде белгілі болды. Бұны 1440 жыл бұрын өмір сүрген ядролық физика туралы ештеңе білмейтін адамның жер мен аспан денелерінің бір уақытта жаратылғанын ақылмен танып білуге қабілеті жетпейді. Оның мұны білуі мүмкін емес» дей келіп, өтіп жатқан симпозиумда Құранды «Бұл ақиқат, Құдай жоғарыдан түсірген нұр» деп сөзін қорытындылаған.

Жапонияның тауларды зерттеуші ғалымы, геолог-профессор Сиеведа материктік және су астындағы таулардың жер бетінен төменгі бөлігін зерттеп, «Материктік және су астындағы таулардың ерекшелігі мынада: «олар бейне-бір жерге қағып кіргізілген қазықтар сияқты. Олардың жер астында жалғасы бар» деген ғылыми жаңалығын жария еткенде, оған Құранның «Нәбә» с. 6-7-а.: «Жерді бесік, Тауларды қазық етпедік пе» деген аяттарын оқып бергенде, Сиеведа: «Бұл адам сенгісіз жағдай. Тіпті мүмкін емес. Алайда Құрандағы нәрсе ақиқат, шындық және дәлме-дәл» деп жауап берген және «Бұған дейін мұны ғалымдардың ешқайсысы білген жоқ еді. Бұл қазіргі кездегі ғылыми шындық. Ислам шындыққа қарсы келмейді» деп мойындаған.

«Зарият» с. 47-а.: «Біз аспанды құдіретімізбен жараттық және оны әрі қарай кеңейтудеміз» деген аяттың мағынасын әлемдік ғылым, астроном Hubie 1922 жылы «Кеңістіктің кеңеюі» теориясын ашқаннан кейін ғана түсінді. «Кеңістіктің кеңеюі» теориясы бойынша «Бізге (Күн системасына) ең жақын орналасқан бес-алты галактикадан (аспан денелері) басқалары бізден, жарықтың таралуы жылдамдығына сәйкес, миллион жыл қашықтықтағы галактикалар жылына 167 км, екі миллион жыл қашықтықтағылар одан екі есе артық 334 км, ал үш миллион жылға қашықтары үш есе артық 501 км жылдамдықпен тоқтамастан ұзайтындығын» анықтаған.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Хижр» с. 26-а.: «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық» деп анық адам денесінің негізі топырақ екені көрсетілген. Бүгінгі күні адам денесінің 78 пайыздайы судан, қалғаны жер жынысы элементтерінен тұратындығын ғалымдар зерттеумен білді. Яғни, Құранның «Таһа» с. 55-а.: «Одан (топырақтан) сендерді жараттық, оған қайтарамыз да, екінші рет содан шығарамыз» аятының мән-мағынасы адамзаттың санасына енді ғана жетіп, оны өз мәнінде түсініп, олар, Құрандағы «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық» аятын мойындады. Геология және биология ғылымдарының білгілікті мамандары саз балшықты илеп, пайдаланбағанын екіге бөліп зертханасының сыртқы есігінің екі жағына төккен. Бірде ғалым зертханаға кіріп келе жатып саздан шыққан сәулені көріп, таңданып сазға кешенді түрде зертеулер жүргізген. Зерттеумен «Массачусетс технология» институтының ғалымы Хайман Хартман, Калифорния университетінен Лейл М. Койн, Бельгияның «Liege» университетінен Пьер Лазио және «Glasgow» университетінен Грахман К. Смит айналысқан. Бұлардың бәрі әлемге есімі танымал атақты ғалымдар және өз мамандықтарының хас шеберлері. Доктор Лейл М. Койн зерттей келе «Саз сәуленің қайнар көзі екеніне және кристалдық элементтен тұратынына, кристал молекуласы бір-біріне байланысты жапырақ тәріздес екеніне және сыртқы әсерден кристалды иондық тізбек бұзылғанымен, уақыт өте оның қайта алғашқы қалпына келетіндігіне» көз жеткізген.  Сонымен бірге, бұл өз кезегінде иондық байланыс тізбегін, ал иондар бекітілген бағдарлама бойынша қозғалып, ультракүлгін сәулелер шығаратынын анықтаған. Саздың бұл қасиеті тірі жасушаның қасиетіне ие деген сөз. Иондық байланыстың қозғалуы электр қуатының пайда болуына әкеледі. Қуаттан күш алған ол өмірдің қарапайым қозғалысын еске салады. Бұл адам денесінің топырақтан жаратылғанына дәлел» дей келе, доктор Лейл М. Койн: «Біз зертханада  адамның бейнесін жасай аламыз, бірақ адамның өмірін жарата алмаймыз. Бұған Ұлы Жаратушының ғана құдіреті жетеді» деп Жаратушыны мойындады.

Адамның ұрпағының өсіп-өрбуі турасында Құран Кәрімнің «Ниса» с. 1-а.: «Ей, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ана) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббаларыңнан қорқыңдар» деген. АҚШ-тың Пенсильвания университетінің ғалымдары Африка континенті тұрғындарын он жыл тереңдетілген генетикалық тексерудің қорытындысында жер шарындағы барлық халықтың тегінің алғашқы тұрған жері қазіргі Оңтүстік батыс Африка аймағында орналасқан Намибия мен ЮАР мемлекеттерінің шекарасы екендігін анықтаған. Қазіргі ғылым мен білімнің, техниканың дамуының арқасында ғалымдар дүние жүзін мекендейтін адамдар, мейлі ол қара, қызыл, ақ нәсілді болсын бәріне ортақ бір жасуша (клетка) бар екендігін анықтап, осының негізінде бүкіл адамзат Адам ата мен Хауа анадан тарағанына қөздерін жеткізді.

Енді адамзаттың  түрі, түсі, тілі, көзінің түсінің әр түрлі болуын Құранның «Хужурат» с. 13-а.: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» делінген.

Қол саусақтарының бедерлері әрбір адамда қайталанбайтын әртүрлі екені бүгінгі таңда көпшілікке белгілі. Бірақ, бұл барша әлемге аян шындықты адам баласы тек өз ақыл-ойымен XIX ғасырдың басында ғана, еуропалық полицей қылмыскерді тауып, оның қылмысын мойындату үшін жасаған ізденісінің нәтижесінде анықтағанын біреу білсе, біреу білмейді. Ал бұл Құран Кәрімнің «Қиямет» с. 3-, 4-а.: «Адам баласы біз сүйектерді жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине, оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасай аламыз» деп анық көрсетілген. Құранның: «Муминун» с. 15-, 16-а.: «Бұдан кейін сендер өлесіңдер, сонсоң сендер қиямет күні күдіксіз тірілесіңдер» аяты мен Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамзаттың барлық нәрсесі шіриді. Тек бір сүйегі шірімейді. Ол Ажабуззанаб сүйегі. Осы сүйектен қиямет күні адам қайта пайда болады. Ажабуззанаб омыртқаның соңына жайласқан кішкене ғана сүйек. Ол кез-келген қалыпта шірімей, өзгермей өз қалпында сақталады» (Мүслим, Нәсәй, Ибн Хиббан) хадисінің мағынасын ғалымдар, қазір ғана әрбір адамның сегізкөзінде өзіне ғана тән, басқаларда қайталанбайтын бір жасуша (клетка) бар екендігін және оның  ешқандай жағдайда да бұзылмайтындығын анықтады да, енді ғана түсінді. Бұл Құрандағы болашақты меңзейтін ғылыми тұжырымдама, осы өмірден кейінгі бақилық жағдайдың мәнін енді-енді ғана түсініп тануға қол жеткізіп келе жатқандықтың айғағы.

Құран Кәрімнің «Муминун» с. 12-, 13-, 14-а.: «Расында біз адамды балшықтың маңызынан жараттық. Онан соң оны берік орында (жатырда) тұратын шаһуат тамшысына айналдырдық. Одан соң ол тамшыдан ұйыған қан жасадық, ұйыған қанды кесек етке айналдырдық. Одан соң кесек етті сүйекке айналдырдық та, сүйектерге ет қаптадық. Одан соң оны басқа бір жандыға (адамға) айналдырдық», «Сәжда» с. 7-, 8-, 9-а.: «Ол күллі затты аса шебер жаратты. Адамның жаратылысын балшықтан бастады. Кейін оның ұрпағын судың тамшысынан (мәниден) жаратты. Содан соң оны толық бейнеге келтірді, оған өзінің рухынан үрледі (жан кіргізді)» делінген. Білімнің шарықтап дамыған кезеңінде медицина ғалымдары алдымен ет, ол сүйекке айналып, оның етпен қапталатынын 1960 жылдары анықтады. Адам ұрығының жатырда даму үрдісін одан да кейін пайымдап түсінуде. Бұл жөнінде Нобель сыйлығының лауреаты, Канаданың Торонто университетінің құрметті профессоры, әлемнің 8 тіліне аударылған «Эмбриология человека» кітабының авторы Кейт Мур «Мен Құранды 20 жыл бұрын оқығанымда, Нобель сыйлығын бұдан 20 жыл бұрын алатын едім» деген болатын. Осы  Доктор Кейт Мур мен АҚШ ғылыми-зерттеу Ислам академиясының ғалымы Шейх Мустафа «Құранда пайдаланылған терминдер эмбрионның әр сатыда даму өзгерістерінде болып жатқан әр түрлі процестерді хронологиялық тәртіппен, өте дәлдікпен баяндап береді. Адамның іште дамуы туралы ғылыми жаңалықтар ХХ ғасырда белгілі болып жатқанда VII ғасырда Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ондай нәрселер қайдан белгілі болсын. Алла тағалаға біздің өсіп дамуымыз ғана емес өміріміз де, жасаған әрекетіміз де белгілі» деген.

«Нахл» с. 15-а.: «Сендерді теңселтпеу үшін жер жүзінде тауларды орналастырды». Жер шары өз осінен бір қалыпты айналуы үшін Алла тағала жердің белгілі бір бөліміне тауларды орналастырып, оны жерге қазық қылып қағып бекітті. Жиырмасыншы ғасырдың басында техника ғылымының дамуымен әрбір өз осінен айналатын құрылымға айналу барысы бір қалыпты болу үшін айналатын  құралдың барлық жақтарының салмағы бірдей болуының заңдылықтары анықталып, қазіргі күнгі автомашина дискісіне орнатылған  қарсы салмақ (противовес) деп аталатын темірлердің міндетті түрде орнатылуы Құранның жоғарыдағы аятының түсінігіне адамзаттың мыңдаған жылдар тер төгіп іздестіруінің арқасында қол жеткізуі екенінің толық айғағы. Құран Кәрімнің «Сад» с. 36-а.: «Оған бұйрығымен қалаған жеріне апаратын пайдалы желді бағындырдық», «Әнбиә» с. 81-а.: «Сүлейменге (а.с.) дауылды желді бағындырдық. Оның әмірімен біз мүбарак қылған жерге жүреді». Сүлеймен пайғамбар (а.с.) желдерге Құддыста отырып билік ететін. Құддыс қаласы желдің орталығы еді. Желдің көмегімен ол шалғай жерлерге аз уақытта жетіп баратын. Осылайша, Алла Тағала Құран кәрімде адамзатқа келешекте ұшатын аппараттар мен ракеталар жасауға пайдалы желді бағындыру арқылы қол жеткізуге болатындығын нұсқады. Қазіргі заманда адамзаттың пайдаланатын техникасының барлығының моторының жұмыс істеу қағидасы желдің көмегімен іске асады. Жанармай тұтанғанда жарылыс беріп, желдің көлемі ұлғайып, поршынға қысым түсіру арқылы коленвалды айналдырады. Міне, жер бетінде пайдаланылатын ұшақтың да, ракетаның да, тіпті мылтықтың оғының да ұшуы осы қағидаға негізделген.

Атақты ғалым Циолковский ракетаны ұшыруды қолға алғанда Құран Кәрімнің осы аяттарымен таныс болуы ықтимал, бірақ бұл жөнінде зерттеп жүрген ешкім жоқ сияқты.

Лут (а.с.) қауымының ерлері әйелдерімен жыныстық қатынас жасаудан гөрі еркектерді қош көретін және ашық істейтін. Осы қауымды бұзықтықтан тыйылуға үгіттегенмен, олар сорақы істерін одан әрі қарай жалғастыра берді. Осы жөнінде «Ағраф» с. 80-, 81-а.: «Лутты (өз қауымы Садұм еліне пайғамбар етіп жібердік), ол еліне былай деді: «Сендер осындай да  пасықтық істейсіңдер ме? Дүние әлемінде бұран ешқандай пенде мұндай пасық іс істемеген еді. Сендер әйелдерді қойып еркектерге шақуат құясыңдар ма? Әрине, сендер азған елсіңдер», «Шұғара» с. 165-, 166-а.: «Дүниеде (әйелдер тұрғанда) еркекке қосыласыңдар ма? Раббыларың сендер үшін жаратқан әйелдеріңді тастайсыңдар ма? Сендер асқынған елсіңдер», «Каһф» с. 58-, 59-а.: «Егер қылмыстарыңа қараса тәңір кәпірлерге тартқызатын азабын тездетер еді. Бірақ оның да белгіленген уақыты бар. Азғындық жасағаны үшін біз қанша қаланы жойып жібердік» деді. Көрсетілген бұзық қауымды, Алла Жебірейіл (ғ.с.)-ды жіберіп, аспаннан әрқайсысының аты жазылған тас жіберіп, елдің асты-үстін ойрандап, жойып жіберді. Помпей қаласының жер бетінен жойылып кетуін тарихта жанартау атқылауынан болған деп қарастырады. Қаланың жер бетінен жойылуы мен тұрғындарының опат болуы жанартаудың атқылауынан болған жағдайда, жанартаудан атқылаған лава жолындағының бәрін күйдіріп, күлге айналдырар еді. Алайда, археологтар қаланың орнын қазғанда, қала ғимараттары зақымданбағандығын, опат болғандардың денесі бүлінбей, күймей сол қалпында, бет-бейнелеріне дейін сақталғандығы анықталған. Сондықтан, қаланың күйреуі – басқа бір алапат күштің әсері. Бұл Құранның жоғарыдағы аяттарында көрсетілген жауыздықтары үшін Алла тарапынан жазаланған Лут қауымына келген апатқа ұқсастығына меңзейді. Анығын Алла біледі.

Әлемге танымал Альберт Гор, Тони Блэйер сияқты саясаткерлер, бір жыныстылардың отбасын құрып, жыныстық қатынасқа баруын адамзат баласының өркендеуі, еліміздің алға жылжуы деп мойындап, дәріптеуі өте өкінішті. Себебі, бір жыныстылардың өзара қатысуынан әр түрлі емі жоқ аурулардың, әсіресе СПИД, сифилис, жүйке ауруларының көптеп таралуы осыны көрсетеді.

Дүние жүзіне белгілі океанограф, төрт теңіздің тұңғиығына сүңгіп  зерттеген Жак Кусто «мұхиттар мен теңіздердің мен білмейтін жұмбақ сыры жоқ» деп ойлайтын. Теңіз өмірін зерттеуге бағытталған «Тірі теңіз»  бағдарламасы бойынша Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің қосылған жерін зерттеп, олардың суы арасында көрінетін бөгет болмаса да араласпайтынын анықтап, таң-тамаша болады. Бұл туралы он төрт ғасыр бұрын жазылған, «Рахман» с. 19-, 23-а.: «Ол араласып кетуі мүмкіндігі бар екі теңізді қосып, қатар ағызып қойды. Бірақ араларына бір белгісіз тосқауыл тастады, олар араласпайды. Тәңірдің қай тағылымын жоққа шығара аласыңдар.  Екеуінен де інжу-маржан шығады. Тәңірдің қай ізгілігін теріс дей аласыңдар» деген аятты оқыған ғалым жағасын ұстап, Исламды қабылдаған.  Қарағанды облысындағы Балхаш көлінің жартысының суы тұщы, ал екінші жартысының суы ащы болса да, олардың шекарасы бұзылып, тұщы су ащы, ал ащы су тұщы болған емес.

Сол сияқты, 1962 жылы неміс ғалымдары Аден шығанағы мен Қызыл теңіз, Қызыл теңіз бен Үнді мұхитының сулары қосылатын Баб-эль-Мандеб аралында теңіз сулары қосылғанымен, бір-біріне араласпайтынын және олардың әрқайсысы өзіне тән ерекшеліктерін сақтайтынын анықтаған. Бұны білген, профессор Моррис Бюкай: «Бұл ғажап емес, бұл феноменнің мәні адамзатқа 1400 жыл бұрын келген Исламның кітабы – қасиетті Құран Кәрімде анық жазылған. Содан бері мен Құран – Алланың сөзі екенін ұқтым. Нәтижесінде, жалғаз ақиқат дін – Исламды қабылдадым» деген.

Құран Кәрімнің «Таһа» с. 77-, 78-а.: «Расында Мұсаға: «Құлдарымды (Исраил ұрпақтарын) түнделетіп алып кет, оларға теңізден құрғақ жол аш, олардың қуып жетуінен қорықпа да, шошыма!» деп уахи қылдық. «Сонда оларды қуған Перғауын мен оның әскерлерін теңіз басып, ішіне алды» «Юнус» с. 90-, 91-, 92-а.: «Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда Перғауын және әскерлері жауыздық, дұшпандықпен оларды қуды. Ақыры ол суға батар сәтте «Исраил ұрпақтары иман келтірген тәңірден басқа Тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен бой ұсынушылардан болдым» деді. «Енді ғана сендің бе? Расында сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болған едің. Сенен кейінгіге үлгі болуы үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз». Жоғарыдағы аяттарда баяндалғандай Перғауын мен әскерлері қашқындарды (Исраил ұрпақтарын) Қызыл теңіздің жағасында қуып жеткенде,  «Шуғара» с. 63-66-а.Мұсаға: «Асаңмен теңізді ұр!» деп уахи бердік. Сонда (Мұса (ғ.с.) теңіз суын асасымен ұрғанда теңіз жарылып (он екі сала жол ашылды), қақ айрылған су бөлек-бөлек тау болып тұра қалды. Соңғыларын (Перғауын тобын) да бұл араға ентелеттік.  Мұсаны және онымен біргелерді түгелдей құтқардық. Одан соң басқаларды (Перғауын тобын) суға батырдық». Мұса (ғ.с.) Алланың әмірімен теңіздің суын таяғымен ұрғанда теңіздің суы екі айырылып, Исраил ұрпақтарына жол ашылады. Ашу-ызаға булыққан Перғауын сол жолмен қашқындарды қуып, теңізге түскен мезетте теңіздің суы қайтып қосылып, Перғауын мен оның әскерлері суға кетеді. Аятта көрсетілгендей, 3 мың жыл өтсе де, бұзылмай сақталған Перғауынның денесін ХХ ғасырдың ортасында Қызыл теңіздің жағалауынан Жәбалайн деген жерден ағылшын зерттеушілері топырақ астынан тапты. Мүрде Британия мұражайында осы күнге дейін сақтаулы. Зерттеулер мумияның үш мың жылдық екендігін анықтап, Мұса  (а.с.) тұсында өмір сүрген адамның денесі екендігіне меңзейді.

1144 жылы бақилық болған Әз-Замахшари (а.с.) «Юнус» с. 92-а.: «Сенен (Перғауыннан) кейінгіге үлгі болу үшін денеңді (Перғауынның жансыз мүрдесін) құтқарамыз. Расында адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз» деген аятын тәпсірлегенінде, Алланың құдіретімен өзі өлгеннен кейін сегіз ғасырдан соң табылатын Перғауынның қаңқасын көзімен көріп тұрғандай суреттеген. Бұдан шығатын шындық Құранның әрбір сөзі тұнып тұрған ғылым. Алла тағала, адамзаттың білімін дамытып, Құран аяттарының сөзін түсінетін деңгейге жеткізгенде, оның әр сөзінен пендесіне үлкен ғылыми жаңалық ұқтырады.

Құран аяттары мен оның тәпсірлері оқиғаның шын болғандығын дәлелдейді. Қазіргі кезде Қызыл теңіздің тартылуына байланысты теңіз табанынан көп адамның сүйектерінің табылуы – адамзаттың ақылы жетпейтін құбылыс, аятта баяндалғандай, Алланың кейінгі ұрпаққа ғибрат үшін сақтаған жәдігерлері. Бірақ көпшілігіміз бұдан тиісті ғибрат алмаймыз.

Ғалымдар: «Мүмин» с. 67-а.: «Сондай Алла  сендерді топырақтан, сосын мәниден, сосын ұйыған қаннан жараттық» аятының мағынасын ғылыми ізденудің нәтижесінде түсініп мойындады. Зерттеу жұмыстарымен әлемге есімдері танымал «Массачусетс технология» институтының ғалымы Хайман Хартман, Калифорния университетінен Лейл М. Койн тағы басқа да ғалымдар айналысқан. Доктор Лейл М. Койннің айтуынша балшық қозғалмайтын зат болғанымен, оның ішіне жұмбақ әлем жасырылған. «Мен кеуіп қалған сазды балтамен екіге бөліп тастадым. Мына қызықты қараңыз, әлгі бөлшек бір ай бойы зертханамда ультракүлгін сәулелер шығарып тұрды. Саз – сәуленің қайнар көзі болғаны мені қатты таң қалдырды. Мен алғашқыда ештеңе түсіне алған жоқпын. Зерттей келе, ол кристалдық элементтерден тұратынына көз жеткіздім. Кристалл молекулалары бір-біріне байланысқан жапырақ тәріздес қатарлардан құралған (судың да молекулалары жапырақ тәріздес). Ал бұл өз кезегінде иондық байланыс тізбегін түзейді. Саздың әр бөлігінде орналасқан иондар бекітілген бағдарлама бойынша қозғалады. Бұл тірі жасушаның қасиетіне ие деген сөз!» дейді ғалым. Зерттеу қорытындылары көрсеткендей, саздың сыртқы әсерлерден кристалдық иондық тізбектері бұзылғанмен, арада біршама уақыт өткенде жапырақ тәріздес қатар қайта қалпына келеді (тірі заттың, судың да жапырақ тәріздес қатарлары қалпына келеді, қандай сәйкестік!). «Иондық байланыстың қозғалуы электр қуатының пайда болуына әкеліп соғады. Қуаттан күш алған ол өмірдің қарапайым қозғалысын есімізге салады. Бұл адам денесінің топырақтан жаратылғанына тағы бір дәлел» деп, өз сөзін нақтылай түседі доктор Лейл М. Койн. Ал Хартман: «Заманауи құрылғылармен біз саздың молекулаларының тіпті, атомның құрылысын зерттеуге әбден шамамыз келді. Үлкен жетістіктерге жеткенімізге ешбір күманданбаймын. Бірақ, зертханада адамның өмірін жарата алмаймыз. Бұған Ұлы Жаратушының ғана құдіреті жетеді» деп мойындады. Мойындаудың өзінде үлкен сыр бар. Өйткені адамның жанын (рухын) пенденің жарата алмайтыны ақиқат. Бұл жөнінде қасиетті Құранның «Исра» с. 85-а.: «Олар сенен жан (рух) туралы сұрайды. Жан дүниесін Тәңірім ғана біледі. Сендерге берілген білімнің шегі аз ғана де» Осы бір аят пен ғылыми жаңалық, Ұлы Алланың қасиетті Құран Кәрімде адамзатқа қажетті білімді толық қамтып, оның сырларын уақыты жеткенде пендесіне әлсін-әлсін білдіріп отырғанының дәлелдеуді қажет етпейтін көрінісі. Жоғарыда баяндалған ғалымдардың сазды кешенді зерттеп, оның қасиеттеріне көз жеткізуіне себеп саздан шығатын сәуле.

Алла өзінің құдіретімен Доктор Лейл М. Койнға саздан тараған сәулені көрсетіп, сазды кешенді тексеруге себеп қылды да, ғалымның саздың сапасын тексеруге қызығушылығын туғызды.  Міне, Доктор Лейл М. Койнға саздың қасиетін білгізіп, сол арқылы адамның денесі топырақтан жаратылғандығын ғалымға мойындаттырып, ал ол кезегінде басқалардың мойындауына себепші болды. Жер басып жүрген адамның бәрі иленген кепкен сазды күн сайын көріп жүрсе де, одан тараған сәулені көрмейді. Бұл қасиетті Алла доктор Лейл М. Койнға нәсіп етті. Бұл деген «Фуссилат» с. 53-а.: «Оның (Құранның) бұлтартпас ақиқат екендігі айқындалғанға дейін әлемдгі және өздеріңдгі белгілерімізді таяуда көрсетеміз» деген түсінігінің көрінісі емес пе?!

Ойлансақ, Алланың жаратқандарында өлі деуге жататындары жоқ. Ұлы Иеміз жаратқандарының бәріне өздеріне тән тіршілік сыйлаған. Тіршілік түсінігінің синонимі қозғалыс, қимыл десек, ал Алла Тағаланың жаратқандарының бәрі өзіне тән ерекшелікпен қозғалады және әлемнің қалыпты жағдайының сақталуына өз шама-шарқына қарай қызмет көрсетіп, үлесін қосады. Алланың алдында олар бас иіп, құлдық ұрады. Ой тұжырымына дәлел, Қасиетті Құран Кәрімнің аяттары мен Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне жүгінсек. Құранда «Ахзап» с. 72-а.: «Біз аманатты, (дінді) көктер мен жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қабылдаудан бас тартты, қорықты. Оны адам қабыл алды» делінсе, «Исра» с.  44-а.: «Жеті қабат аспан, жер және осындағы барлық нәрселер Оны (Алланы) пәктеп ұлықтайды. Оған хамд (шүкіршілік) айтып, ұлықтамайтын ешнәрсе жоқ, алайда, сендер олардың ұлықтап пәктеулерін түсіне алмайсыңдар» делінген. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қой бағып жүргенде немесе шөлді жерде жүрген уақытта, намаз үшін азан айтқанда даусыңды көтер. Өйткені азаншының дауысын естіп, қиамет күнінде азаншыға азан айтпады деп куәлік етпейтін ешбір жын, адам немесе басқа жаратылыс жоқ» (Табарани. Әбу Сағид әл-худри, Сахих Бухари; Муатта; Сунан кубра; Сунан Ибн Мажа; Сунан Насаи) деген. Бұл хадисте, жанды жаратылыс демей, басқа жаратылыс деу арқылы бүкіл жаратылысты меңзейді. Сондықтан, әлемнің озық ойлы ғалымдары жер шарының тұрғындарын Алланың жаратқандарын аялап, бүлдірмей сақтауға жан айғайымен шақыруда. Өкініштісі біз, бейқам күнәһарлар, бұл шындықты білмейміз, білгіміз де келмейді. Білгеніміз немқұрайды қарап, көңіл аудармаймыз, халық арасында үгіт-насихат жүргізбейміз. Келешек үшін, саусағымызды да қимылдатпаймыз. Х-ті Алидің (р.а.) «Адам ұйқыда, өлгеннен кейін оянады» деген нақылы осы заманда өмір сүруші біздерге арналғандай.

Токио обсерваториясының директоры, профессор Ешиди Крзан жұлдыздардың газ тәрізді зат пен түтіннен пайда болғанын айтады. Құранның «Фуссилат» с. 11-, 12-а.: «Одан соң аспанды жаратуға кірісті, көк жүзі тұманданып тұрған еді. Одан аспан мен жерге: «Ерікті, еріксіз түрде келіңдер (әмірімді орындаңдар)» деп бұйрық берді. Ол екеуі: «Ерікті, түрде келдік» деп үн қатты. «Алла жеті қат аспанды екі күнде жаратты. Әрбір аспанның істерін өзіне білдірді (лайықты үкім және қажеттермен қамдады). Ең жақын аспанды жұлдыздармен безендірдік және қорғауға алдық. Бұл – үстем әрі білуші Алланың еткен тағдыр-өлшеуі» деген аятты оқыған соң, профессор Ешиди Крзан: «Мен әлем дүниесін зерттеудің жаңа тәсілін таптым. Біз телескоптар арқылы аспан денелерінің массасы мен топталуын көре алмаймыз, сондықтан да мен Құранды оқып, сауалдарға жауап алып, Құранның көмегімен алдағы уақытта әлем дүниесін зерттеудің тиімді жолын табатынымызға сенемін» деп ой түйіндеген.

Америка құрама штаттарында екі әйел бір мезгілде босанып, біреуі ұл, екіншісі қыз баланы өмірге әкеледі. Мейірбике нәрестелердің қайсысы қай әйелден туғанын  шатастырып алады. Осыдан кейін әйелдердің арасында «ұл баланы мен таптым» деген талас-дау туады. Нәрестелердің ДНК анализдері біріне-бірі өте жақын болғандықтан, дауды шешуге негіз бола алмайды. Қысылған дәрігерлер басшыларына қоңырау шалып ақыл сұраса, олар «бұны шешсе мұсылман ғалымдары ғана шешуі мүмкін, солармен ақылдасыңдар. Олар Құраннан өмірде кездесетін барлық түйіні шешілмеген сұрақтардың жауабы табылады дейді ғой» деп кеңес береді. Амалдары таусылған дәрігерлер, Мысырлық шейх-ғалым Имаи Шарауийге қоңырау шалып, «Сіздер Құранда өмірде кездесетін барлық қиын сұрақтардың жауабы мен шешімі бар дейсіздер?» дегеніне Имаи Шарауий «Иә, солай» дейді. Дәрігер жағдайды түсіндіргеннен кейін, ғалым: «бұл проблеманың шешуі өте жеңіл. Шешелерінің сүтінің сапасын анықтап, салыстырыңдар. Ұлды тапқан ананың сүтінің сапасы жоғары болады» депті. Дәрігерлер әйелдердің сүтінің сапасын талдап салыстырғанда, біреуінің сүті екіншісінікінен анағұрлым сапалы екенін анықтап, ұл баланы сүті сапалы әйелге беріпті. Осыдан кейін американдық дәрігерлер таңданып, Имаи Шарауийден, «Сіз ұл баланың анасының сүтінің сапасының жоғары болатынын қалай білдіңіз?» деген сұрағына ол: «бұған жауап Жаратушы жалғыз Алланың қасиетті Құранының «Ниса» с. 11-а.: «Балаларың (тиесілі мирас) турасында Алла мынаны бұйырады, Бір еркекке екі әйелдің үлесіндей» деп көрсетілген деген жауап беріпті. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне: «Әрбір бала өзінің ақиқасына (туғанда қуанып, Аллаға шүкіршілік қылып шалынатын құрбандық) тәуелді» (имам Ахмет), Ақиқа құрбаны: «Ұл бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қой сойылсын» деген (Тирмизи). Алла ер адамның үлесін дүние-мүлік пен қаражатта ғана емес, нәсібесі анасының сүтінен бастап артық жаратқан.

Барлық түсініктің салыстырмалы екені даусыз шындық. Жердің қозғалысын салыстыратындай жердің маңайында қозғалмай тұрған нәрсе болмағандықтан, жердің өз осінен айналатындығын, онымен бірге жердің сағатына 1560 км шамасында алға қозғалатынын біз түйсініп, сезіне алмаймыз. Егер қозғалмай тұрған зат болмаса, екіншісінің қозғалғандығын, уақыт деген түсінік болмаса, белгілі бір істі орындауға жұмсалған еңбектің мөлшерін, не қашықтықты жүріп өтуге кеткен уақытты білмес едік. Сол уақыттың өзі де салыстырмалы. Себебі, жол жүргенде пайдаланылған көлігіне қарай бірдей қашықтыққа әр түрлі уақытта жетеміз. Бір литр судың көлемі, 1 см куб десек, сол судың қатты мұз не бу күйіндегі көлемі одан әлдеқайда үлкен. Біздің күн мен түннің ұзақтығын өлшеуге пайдаланатын өлшеміміз, басқа планеталарда басқаша ұзақтыққа ие.

Адам баласының өмірінің қазіргі кездегі орташа ұзақтығы 65-70 жыл десек, Адам пайғамбар  930 жыл, Нух пайғамбар  950 жыл жасаған. (Смайыл Сейтбеков. «Иман негізіздері», Алматы, 2011 ж. 254-б.)  Міне, осы өмірдегі салыстырмалылық заңдылығын Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» с. 54-а.: «Күдіксіз раббаларың сондай, Алла көктер мен жерді алты күнде жаратқан, сонан кейін ғарышны меңгерген» деп көрсету арқылы салыстырмалылық заңдылықтың негізі нұсқалған болуы мүмкін. Анығын Алла біледі. Бірақ, Құран Кәрімде көрсетілген күннің ұзақтығы біздің уақыт өлшемімізбен қанша екенін әлі ғылым дәлдікпен дәлелдей алған жоқ. Әрине, адамзаттың асыл ойлылары Алланың қалауымен мұны да дәлдікпен есептеп, Алланың Құранда көрсеткен күн мөлшерін, осы өмірде пайдалануы келешектің еншісі болуы мүмкін.

Қадірменді оқырман, мақалада  әл-қадарымша Құран Кәрімнің әрбір аяты, әрбір сөзі мыңдаған том ғылыми еңбекке арқау бола алатындығын, Құран Кәрімде ұлы бабалардың басынан өткендерін, осы өмірде кездесетін және болашақта болатын жағдайды аз сөзбен терең мағынада екі дүние сардары, пайғамбарлардың ардақтысы ақырғы Пайғамбар Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи ету арқылы білдіргенін түсіндіруге талпындым.

Зер салып, назар аударып оқыған оқушы Құран Кәрімнің аяттарында ғылымның барлық салаларына қатысты тұжырымдамалар мен байламдар бар екендігіне көз жеткізері сөзсіз. Сондықтан да, өздерін зиялы қауымның мүшесі санап жүрген адам ислам дінінің негізін қалаушы Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның маңайындағы аздаған топ деген түсінігінің қате екендігін түсініп, Алланың тарапынан адамзатқа түсірілген хақ дінді – Ислам дінін мойындап, Алла жалғыз, Құран шын, Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хақ деп, тілін кәлимаға келтіреді деп сенемін.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button