Жарық нұрдың сәулесі

Әбдібектің әңгімесі

Мұхаммеджан (Қарамолда) Нұрекеевтің (1988-1937 жж.): Әби (Әбиболла), Қалтай (Қалиолла), Қырғызбек (Ибраһим) үш ұлы да тума таланттар еді. Үлкені Әби ағаның Әбдібек, Ақылбек есімді ұлдарыда сөйлегенде әңгіменің мәйегін тәттілеп тыңдаушыға жеткізіп айтатын азаматтар. Өткен 2020 жылы туғаныныа 200 жыл толған Күдері кожа Көшекұлынан тараған әулеттің үлкені болғаным, одан тараған ұрпақтардың алдында ағалық жауапкершілігімді еселей түседі. Ал менен кейінгі  інім Әбдібек  Харьковтің  Коммуналдық құрылыс институтын қалалық қатынас мамандығы бойынша тәмәмдаған. Қазақстанда аталмыш мамандық сирек кездесетіндіктен, көп жылдар бойы Алматыдағы трамвай  паркін басқарды. Қазір сонда тұрады.

-Көке үйде болсаңыз сәлем беріп кеткім бар. Бір шаруалармен Қызылордаға келіп едім деп телефон соқты. Қуанып қалдым. Бір ойым мен Қалтай ағамның өмірін, шығармашылығын көбіне жазба деректерден білемін. Ал Әбдібек болса Қалағаңмен Алматыда күнде кездесіп, ақылын тыңдап, ақылдасып отыратын інісі. Демек, кейбір маған беймәлім деректерді білетініде анық. Осындай ойлармен ұзақ әңгіме  дүкен құратынымызды есептеп,  кешкілік үйге қонатын бол деп мәселені нығарлап қойдым.

Межелеген уақытта Әбдібекте келді. Гүлназия жеңгесі (жұбайым) дайындық жасап қойған. Дастархан басындағы амандық-саулықтан кейін, әңгіменің тиегін ағыттық. Мен  оның әңгімесінің тыңдаушысымын ғана.

-Қалтай көкем елге белгілі көптеген азаматтармен араласып тұратын. Әсіресе сол кезде Алматы қаласын басқарған Нұрқаділов Заманбек Қалабайұлымен ағалы-інідей сыйласатын. Пайғамбарымыздың жасаған жақсылығынды өзің айтпа, оны көргендер айтсын деген хадисі бар. Заманбек ағаның жасаған жақсылығын ешкімге айтпап едім. Әңгімемді содан бастайын.

Алматы ол кезде Қазахстанның астанасы. Қаладағы үлкен мекеме трамвай  паркін басқарамын.  Отбасылымын. 13 жыл 3 баламмен жатақханада тұрдым. 1989 жылы пәтер алуға тұрған кезегім келіп, білуге барсам қаланың  Ташкентская көшесіндегі бейітке жақын жерден, берілетін үйден мағанда пәтер бөлініпті. Жұмысым қаланың ортасында қатынауым  қиын. Не болсада Қалтай көкеме жағдайымды айтып, орталықтан пәтер алуыма көмек сұрадым. Көкем ертең ертерек Коммунист проспектісінің  Октябрьский көшесімен қилысқан жерінде орналасқан горисполкомға кел деді. Таңертен ертерек аталмыш мекемеге келсек, алдында адамдар көп екен. Сағат 9-да Заманбек аға кабинетіне кіре бергенде, Қалтай көкем мені қолымнан ұстады да әй-шайға қарамай  кабинетке ендік. Біздің артынан келе жатқанымызды күтпесе керек, столына отыра бере: -Уа, Қалеке  кешіріңіз деп орнынан тұрып көкемді құшақтап амандасты. Отырыңыздар- деп ишарат білдірді. Қал жағдай сұрасқаннан кейін ал Қалеке айта беріңіз деді Заманбек аға. Мұхаммеджан Қарамолдадан үш ұлмыз. Үлкеніміз Әби аға Ленинградтың сауда институтын бітірген. Әкемізге тартқан ол өлеңде жазады, аудармашылықпенде айналысады. Соғыс және еңбек ардагері. Кешегі Квантун армиясының соңғы солдатын буындырып өлтірген хас батыр. Қазір Қызылордада тұрады. Мына Әбдібек сол ағамның үлкен ұлы. Жауапты қызметі бар. Пәтер алу кезегі келгенмен, қаланың шетіндегі бейіттерге жақын жерден тиетін түрі бар. Шамасы пәтер бөлетіндер біздің қожа екенімізді білген болуы керек. Бірақ інімнің жұмысынан қашық. Бейіт басына барып кожалардың басқаларға қарағанда көбірек құран бағыштайтынына сенсең, пәтердің ыңғайын орталыққа жақындатсаң. Өтінішім сол. Қалтай көкемнің сөзін мұқият тындаған Заманбек аға орынбасары Халявкинді шақырып, менің жазып барған өтінішіме бұрыштама соғып тапсырма берді де, Қалеке шаруаңыз толық орындалды ініңіз пәтер алды дей беріңіз деді. Қайта-қайта рахметімізді жаудырып кабинетінен шықтық.

Көп ұзамай өтінішіміздің нәтижесін білуге пәтер бөлетін мекемеге барсам, тізімде менің фамилиям жоқ болып шықты. Қайтадан Қалтай көкемді ертіп, Заманбек ағаға мән-жайды айттық. Қатты ашуланғанда екі беті нарттай қызарып, қой көзі отша тұтанып кетеді екен. Дереу орынбасары Халявкинді шақырып айқайға басты. Менің қойған бұрыштамамды оқысаң, қаланың орталығынан берілгелі тұрған үйден Ә.Мұхаммеджановқа пәтер бөлінсін деп жазбашада, ауызшада тапсырма бергенмін. Неге орындамадың? Бұл жер Бирабиджан емес Қазақстан! Тапсырмам орындалмаса мына тұрған ел білетін қазақтың Қалтайының алдында менің кім болғаным? Мен бір түрлі өзімді кінәлі санап шыға тұрайын дегеніме Заманбек аға отыр, сенде бір мекеменің басшысын тында деді. Халявкинге мәселені мен айтқандай тез шеш, өзім бәріне жауап беремін кете бер деді.

Қалеке көрдіңіз ғой ол еврейлігіне басып отыр. Шамадан тыс қызбалыққа салынғаныма айып етпеңіз деп сабасына түсті. Біз үкілі үмітімізді арқалап, Заманбек ағамен қоштасып шығып кеттік. Тағыда өзім білетін пәтер бөлетін мекемеге келсем, маған берілгелі жатқан үйдің  шеткі есігінің (подьезд) 5 қабатынан пәтер бөлініпті.

Тағыда мұң-зарымды арқалап Қалтай көкеме келдім. Заматында Заманбекке телефон шалып былай деді-Ау, Заманбек өзің құрқылтайдың ұясындай үй бересін, оны тағыда 5 этаждан бересін. 1945 жылы Жапонияның жеңілмейтін императорлық Квантун әскерін талқандаған ағам Әбибулла баласына қыдырып келсе қалай 5 этажға көтеріледі деп ойладың? Закең Қалеке түсіндім деді де орынбасарларын бір шыбықпен айдап алды. Қалеке ертең ініңіз квартуправленияға барсын деді.

Ертең квартуправленияға келсем орталықтағы Жандосов көшесіндегі берілгелі тұрған үйдің ортасындағы подьездің 2 этажындағы  қабылдайтын комиссияға дайындалған пәтер маған бұйырыпты. Қалтай көкеме деген, інілік еркелігім болар «Көке 3 этаж дұрыс болатын еді деп қалдым. Көкем мұрның бір –екі умаждап жіберіп (ашуланғандағы әдеті) әй, Әбдібек 1,5 этаж қазақтардікі, ал 2 этаж еврейлердікі, сен еш ремонтсыз кіре беретін пәтерге еге болып отырсын. Заманбек інімнің  мені сыйлаған ерлігіне рахметтен басқа  айтарым жоқ. Осымен әңгімені доғар» деді. Менің пәтерлі болғанымның қысқаша тарихы осылай деп Әбдібек інім сөзін аяқтады.

Қазір осы үйімде болып жатқан қуаныштарымның бәрі Қалтай көкеммен Заманбек ағаның арқасында болғандай сезінемін. Олардың рухтарына жиі құран бағыштап отырамын. Жақында Алматы қаласы автобус паркінің директорлығына шақырылғанымдада, сол ағаларымның рухтарының мені желеп-жебеп жүргендері-ау деп сезінемін.

Әбдібек інімнің бүге-шігесіне дейін  айтқан әңгімесінен Заманбек Нұрқаділов сынды тау тұлғалы азаматтың Қалтай ағамен сыйластығының менде куәгері болғандай, ұмытпай тұрғанда елге жеткізейін деген ниетпен қаламыма ұмтылдым. Әбдібек інімнің Қалағаң жайлы таң атқанша айтқан кейбір әңгімелерін кейінге қалдыруды жөн санадым. Осы жылдың мамыр айында Қалтай ағамның қайтпас сапарға кеткеніне 20 жыл толады. Демек, қазақтың Қалтайы жайлы айтылатын маған беймәлім әңгімелер кезегімен келе берер деген ой түйдім.

Қазыбай Құдайбергенұлы, профессор

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button