Ежелгі шығыс даналығында «ұстаз» ұғымын жіктегенде; тәлім ұстаз, тәрбие ұстаз, сабақ ұстаз, іліми ұстаз, рухани ұстаз деп шәкірттің таным баспалдағының деңгейіне сай тақталап, өлшестіре айтылса керек. Бұл қағидатты Бұхари-Шарифте* білім алған көне көз қариялардың аузынан балалық шағымызда жиі еститінбіз. Ілім мен білімнің көркейіп, кемелденер тұсы да ұстаз бен шәкірттің ұстанымына байланысты екенін көкірегімізге түйіп өстік…
1976 жылдың шілде айы. Армия қатарынан оралып, Қармақшы ауданының «Жаңақала» совхозында ауа-райын бақылайтын «Қарақ» станциясында жұмыс істеп жүргенімде аудандық комитеттен шұғыл шақырту алып орталыққа келдім. Айтылған уақытында белгілеген кабинетке кірсем стол басында екі адам отыр екен. Сәлем беріп шақыртумен келгенімді айттым. Бірі өзіме таныс аудандық комитеттің нұсқаушысы Тұрсынбек Бекпанов, екінші кісі таныстыруды күтпей-ақ шалт қимылдап, орнынан ұшып тұрып:
– Айналайын, аман-есен жеттің бе? Мына жерге отыр!- деп, өзіне қарама-қарсы орындықты нұсқады. Қаршығадай қараторы кісі бірден әңгімесін бастап жіберді:
– Менің аты-жөнім Мардан Байділдаев. Алматыдағы Қаз ҒА-ның қызметкерімін. «Жаңақаладан» келсең мына кісілерді білесің бе? Олжабай Жүргенов, Машарап Әлиев, Орақ Дәнекеров, Әбдіқалық Үмбетбаев,- деп тізбектей жөнелді. Қызметі мен отбасы мүшелеріне дейін сұрап отыр. Кілең жыраулардың тізімі. Бұл кісіге таңқалдым.
– Білсең, ол кісілердің жай-күйі қалай?- деп, үстін-үстін жедел сұрақ қойды. Өз кезегімде:
– Ол кісілерді толық танимын. Олжабай жыраудан өзгесі аман, жұмыстарында. Барлығы да өзіме ұстаз кісілер,- деп тоқтадым.
Ол кісі қойнынан бір жапырақ қағаз алып, одан әрі:
– Өзіңнің аты-жөнің Алмас Алматов, 1956 жылы туғансың. Әкең Нұрмахан 1900 жылғы, былтыр қайтыс болған, анаң Төлеу Төремұратқызы. Өлең айтуды он үш жасыңнан бастапсың. Ұстаздарың жоғарыдағы кісілер, – дей келе:
– Ал, айналайын, оқуың керек! Бүгін «Ақжардағы» Көшенейдің үйіне барып анасына сәлем беріп келе жатырмын. Ол кісі баласының қайғысына шыдамай:
– «Мардан, Көшенейді оқытамын деп жүріп сен өлтірдің! Ауылда жүре бергенде болатын еді!» деп күйзелді. Барлық іске мұрындық болған өзім едім.
Алматыға Ғылым Академиясына жұмысқа алдырып, одан Москваға аспирантураға жібердік. Сонда жүргенде 27 жасында электр поезы қағып кетіп, 1973 жылы наурыз айында қапыл қайтыс болды. Інісі Бидасқа анасы домбыра тарқызбай қойыпты. Қайтеміз, тағдырдың жазуы да!? Ізінде ұрпақ қалды, жетілер… «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», өмір солай құрылған айналайын. Енді өзің секілді талапты жастар Көшенейдің бастаған жұмысын жалғастыруы керек. Болашақта жыраулардың мектебін ұйымдастырып, жоғары оқу орнында оқуына қол жеткізу Көшенейге міндеттеген тапсырмамыз еді. Өмірі қысқа болды. Отбасыңмен, анаңмен кеңес. Мынау менің Алматыдағы телефоным, мекен-жайым, хабарлас! – деп қолыма бір жапырақ қағаз берді.
Сол күннен бастап Мардан Байділдаев ағамызды өзіме ұстаз тұтынып, ізіне ердім…
Ғұлама ғалым, фольклор зерттеуші, ұлт жанашыры М. Байділдаев: «1926 жылы, 12.04. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, «Аққошқар» ауылында дүниеге келдім» деп жазады өз өмірбаян дерегінде.
Бұл кісінің шын мәніндегі өмір жолы қазақ халқының тағдыр тауқыметіне толы 1920-30 жылдардың өзегімен өріліп жатады.
Бірде, «Сырбойы» газетінің бөлім меңгерушісі Әділхан Бәйменов ағамыз жолығып:
– Алмас, сен Мардан ағаңмен хабарласшы!? Маған айтқанына да бірталай болып еді- деді.
– Ол кісіге бірдеңе болды ма?- деп қарсы сұрақ бердім.
– Ағаң науқасқа шалдыққан секілді. Өзің барып қайтқаның дұрыс! – деп кеңесін берді. Жедел жолға шығып кеттім.
Алматыға түскен бойда өзіміздің кеңес ордамыздай болған Пушкин №29 үйдің бірінші қабатындағы есігінің қоңырауын бастым. Алдымнан Гүлстан апай шықты. Асхана бөлмеге барып апайдан бар жағдайды білдім. Айта беретін науқас. Біздің күбір-күбірімізді естіп, өз бөлмесінен Мардан аға шықты. Үстіндегі киімі мен басындағы тақиясы да кеңейіп кеткендей көрінді. Сәлем бердім.
– Ал, айналайын, қош келдің! Қазір Бекарыстан да келе жатыр. Гүлстан шәйіңді дайындай бер. Біз жұмыс істейік,- деп өз бөлмесіне беттеді, соңынан ере кірдім.
Кешікпей Ақтөбеден Бекарыстан да келді.
Бекарыстан Мырзабаев тарихшы. Мардан ағамызбен екеуі «Әділет» қоғамын құрып, 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, есте қалдыру т.б. шетсіз-шексіз қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі мол азамат. Алғаш Ырғыз ауданында Темірбек Жүргеновке Мардан ағамыздың бастауымен ескерткіш қойылуына мұрындық болып, оны іске асырған да осы жігіт болатын.
Екеуміз, бұл кісінің қос қанатындай болып қалыптастық. Мардекең өз орнына жайғасып, алдағы істелетін істерді жіктеп, түсіндіріп жатыр.
– Орталық мешіт бітпей жатыр. «Әділет» қоғамының жұмысы тоқтап қалды. Т.Жүргенов, Ұ.Құлымбетов, С.Есқараев т.б. жайлы айта келе, Бекарыстанға:
– «Т. Жүргеновтың НКВД- дағы толық құжаттарын табу, оны халыққа жариялау, «Әділет» қоғамының алдағы жұмыстарын тапсырды».
Одан соң маған қарап:
– Шырағым, Алмас! Мен өмірімді халқымыздың фольклорлық мұраларын зерттеуге, жинақтауға арнадым. Менің ұстазым академик М.О. Әуезов болды. Тұрмағамбет ақынның мұраларын зерттеуіме сол кісі ақыл-кеңесін берді. Ол кісінің басына 1950 жылдары «бұлт үйрілгенде, қырағы көздер бізді де қуғыннан шет қалдырған жоқ. Барлық қиыншылықты көрдік. Тұрмағамбетті «халық жауы» деп айыптаған адамдардың ол кезде көздері тірі еді. Олар енді мені «жау» қылып шығаруға бел байлады. Оған да негіз жоқ емес. Әкеміз Келдібай би, Темірбек Жүргеновтің әкесі Қарамен екеуі «халық жаулары» қатарында тізімге алынды.
Қара ұсталарында:
-«Келдібайға хабар айтыңдар, басын қайттасын!» – деп астыртын адам шаптырып, алдын-ала хабар бергізеді. Жетпістен асқан әкемізді ағайындары Өзбекстан бетіне бой тасалатып алып кетті. Анам Ажар аштықтан көз алдымда жан тапсырды. Анам сүйріктей аппақ адам еді. Жан шығарында басында жылап отырған маған, әбден әлсіреп жатып, қолымды қысып айтқан соңғы сөзі:
– «Балам қаш, құтыл!» деген сөз болды. Немеремнің атын Ажар деп қойдым, ең болмаса аты аталып жүрсін деп. Әкемнің досы Тұрмағамбет ақын атымды азан шақырып «Шаһмардан» деп қойған екен, «халық жауының баласы» дегеннен құтылайық деп «Шаһ» дегенін алып тастап Мардан деп өзгертіп, фамилиямды Байділдаев деп нағашы жұртымыздың атына жаздырдым. Қорлықты көріп жүріп жетілдік. «Ұрғаннан, түрткен жаман» дегендей, «халық жауының баласы» деген атақ қалмады. Бастауыш мектепте оқып білім алып,1941 жылы колхозға счетовод(есепші) болып жұмысқа кіріп, еңбек жолымды бастадым. 1948-1951 жылдары Совет Армиясы қатарына алынып, сержанттық мектепке қабылдандым.
Одан үздік бітіріп, Ленинградтың жоғары артиллерия әскери училищесіне емтихан тапсырып, соған түстім. Қатарымнан қалмас үшін күні-түні оқып, оқу озаты, саяси сабақтардың үздігі атанып екінші курсты бітіріп тұрғанымда елден «халық жауының баласы» деп әшкерелеген арыз түсіп, оқудан шығарылдым.
Елге баруға тағы қаймығып, сол кездегі облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы болып тұрған Зейнолла Жарқынбаев ағамызға хабарластым.
– Аға, үстімнен арыз түсіп оқудан шығарылдым. Не істеймін? Қайда барамын?- деп сұрадым.
Ол кісі:
– Мардан, сен елге келме. Белсенділер қайта атқа қонып тұр. Саған тыныштық бермейді. Алматыға бар. Азаматтармен ақылдасармыз деп ақылын айтты. Осылайша 1951 жылы Алматыға келіп, КазГУ-дың филология факультетіне оқуға түстім.
Университетті аяқтаған соң 1956-58 жылдары «Жазушы» газетінің редакторы, 1958-1986 жылдар аралығында Қаз ҒА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтында қызмет атқардым.
Халық жауларын әшкерелегіш топ бұл жерден де табылды. Сөйтіп, әкемнің жауларынан құтыла алмай жүріп Тұрмағамбеттің жауларының жүгін қоса арқаладым.
Сондықтан маған Тұрмағамбетті ақтау, оның шығармаларын баспа бетіне шығару оңай болған жоқ. Халықтың атынан хат жаздырып, көзін көрген жандардың атынан қол жинап, баласы мен әйелінің атынан үкімет орындары мен заң орындарына ізденіс жазып, тынымсыз жұмыс жасадым. Қаншама жанашыр азаматтар атсалысты. Нәтижесіз болған жоқ.
1962 жылы, «Шаһнама» дастанының екінші бөлімі М.О. Әуезовтың алғы сөзімен «Рүстем – Дастан» тарауы жеке кітап болып шығып, 70 000 (жетпіс мың) таралыммен халықтың қолына тиді. Одан кейінгі жылдары ақын шығармаларын «Назым» атты жинаққа біріктіріп екі қайтара бастырып шығардым.
Екі жүзден астам халық ақындары мен жыршы, жыраулардың шығармаларын жинақтап академияның қорына тапсырдым. Елуден астам кітап басылымдарына редакторлық, құрастырушылық қызмет жасадым. Алда істелетін жұмыс көп. «Қысастық қырық жыл» дегендей Тұрмағамбеттің жаулары әлі де ізінен қалған жоқ. Сырбойы ақын-жырауларының ішіндегі жеке өзінің қолжазбасы сақталған жалғыз адам да осы, Тұрмағамбет.
Бұл кісі әлемге әйгілі ғұламалар дайындаған Бұхарадағы «Мирараб», «Көкілташ» медресесінің соңғы шәкірті.
Егер бұл қолжазбадан айрылсақ, онда «Сыр сүлейлері» деп жүрген жүздеген ақын-жыраулардың шығармашылығы жоққа шығады. Қазіргі әдебиет зерттеушілері оларды ақындар санатына қосып жүрген жоқ. Оларды өтпелі кезеңнің ақындары деп жүр. Шын мәнінде, уақыты келгенде бәрі керісінше шығады.
«Шаһнама» дастаны толық екі том болып факсимилесімен шықпайынша Тұрмағамбетті толық ақталды дей алмаймыз!?
Біз үлкейдік, денсаулық сыр берді. Енді осы жұмысты Алмасжан өзің қолға ал! Оқыдың-тоқыдың, білімің жетеді. Мен Рәтбек қажымен Түркияға бара жатырмын. Сол жақта тәуір докторлар бар дейді, бір есебім көрініп қайтсам деймін, – деп сөзін аяқтады.
Бекарыстан екеуміз үнсіз тыңдадық. Өмірде әкеміздей қамқоршы болып, халықтық іс, ұлттық мүдде, намыс пен жігер отының өшпес ошағындай көрінген жомарт жүрек жанның, сағымдай көтеріліп кетер шағына санаулы уақыттар қалғанын сезгендей болдық…
Ақтық демі үзілерде көзін ашып, жан-жағына бажайлай қарап, басында иманын үйіріп отырған ғұлама Халифа Алтайға қолын беріп, айтқан соңғы сөзі:
-«Тақсыр-ай, үлкен мешіт бітпей қалды. Ұят болды-ау! Кешіріңіз!» – деп жарық дүниенің сәулесін қабағымен жауып, жалғаннан жөней берді, біздің ұстазымыз! Бұл, 1994 жыл еді.
Аманат жүгін арқалап Бекарыстан екеуміз тапсырылған жұмыстар бойынша іске кірістік. Халқына ақысыз-пұлсыз, шен-шекпенсіз, атақсыз қызмет жасаған Мардекеңе замандасы, ақын Ә.Тәжібаевтың: «Мардан бар жерге құлдың қажеті жоқ» деген сөзі бізге де қамшы болды.
Нәтижесінде:
1998 жылы 0621- «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығының Мемлекеттік оқу стандарты бекітіліп (авторы, жетекшісі: проф.А.Н.Алматов), жоғары оқу орнында кәсіби білікті маман дайындауға қол жеткіздік.
Бүгінгі таңда айтулы мамандық бойыншы үш деңгейлі үздіксіз білім беру жүйесіне сай музыкалық мектеп, музыкалық колледж және бакалавр деңгейінде білім алуға негіз қаланды.
Елге танымал жыршы, жырауларымыздың алды ғылыми дәрежеге қол жеткізді.
Олар: ф.ғ.к. Б.М.Жүсіпов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.к. Ұ.М.Байбосынова, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, ө.т.ғ.к. Е.А.Жаңабергенова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың доценттері Ш.Т.Бимбетова, Р.Ахметов секілді педагог мамандарымыз өсіп жетілді. Астанадағы ҚҰӨУ-нің магистратурасын «Дәстүрлі –жыр» мамандығы бойынша «Өнертану магистрі» Қ.Байтасов, К.Т.Түрікпенова, А.Дабыловалар үздік бітіріп, Д.Қ.Нұрабаева бастаған талантты жастарымыз ғылыми ізденісін жалғастыруда.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығында «Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде» (Директоры: жырау С.О.Жақсығұлов), Арал ауданындағы «Нұртуған ақын», Шиелі ауданындағы «Нартайдың әншілік» мектебінді жүздеген шәкірттер дәріс алуда.
Бұл күнде таланты шәкірттеріміз әлемдік саханаларда жыршылық, жыраулық өнердің жоғары кәсіби орындаушылық шеберлік үлгісін көрсетуде. Олар: Е.А.Жаңабергенова, А.Елшібаева, Ұ.Байбосынова, А.Ә.Ноғайбаева, М. Сәрсенбаева, А.Өтепбергенова, Ш.Бимбетова, Р.Ахметов, С.Жақсығұлов, З.Иманғазиева, К.Түрікпеновалар…
Ұстазымыздың өзіме тапсырған тапсырмасының келесі бөлімін төмендегіше топтастырдық:
– 2004 ж. М.Байділдаевтың өзі дайындаған нұсқасы бойынша халық ақыны Т. Ізтілеуұлының (1882-1939) «Шаһнама» дастанының жыр тіліндегі аудармасының екі томдығы (І-ІІ том, 60 б.т.) «Жазушы» баспасынан жарық көрді. (Жауапты шығарушылары: Ә.Асқаров, А.Н.Алматов).
– 2007 ж. М.Байділдаев жинаған Т.Ізтілеуұлының төрт томдық (І,ІІ,ІІІ,ІҮ том) шығармалар жинағы (60 б.т.) Жауапты шығарушысы: А.Н.Алматов. «Жазушы» баспасынан жарық көрді.
– 2008 ж. «Көрұғлы» М.Байділдаевтың экспедициялық еңбектері бойынша жыр мақамдары нотаға түсіріліп, «Музыкалық эпос» топтамасымен (жауапты шығарушылары: А.Н.Алматов. Т.Тоғжан) «Дайк-Пресс» баспасынан (23,66 б.т.)жарыққа шықты.
– 2009 ж. Т.Ізтілеуұлының түпнұсқа қолжазбасы негізінде «Шаһнаме» дастаны толық факсимилесімен «Сарыарқа» баспасынан екі том(І-ІІ том,103 б.т.) көлемінде жарыққа шығарылып (жауапты шығарушылары: А.Н.Алматов, И.Жеменей), ақынның қолжазбасын немересі Нөсер Әбдірауықов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Сыр бойына сапары кезінде мемлекеттік құндылық есебінде салтанатты түрде Президент орталығының қорына тапсырды.
– 2013 ж. Т.Ізтілеуұлының 40 000 жолдық «Шаһнама» дастанын Сыр бойының жыршы, жырауларымен 68 сағат көлемінде жырлап, күйтабаққа түсіріп, «Музыкалық эпос» күйінде халыққа ұсындық (жоба авторы: А.Н.Алматов. Музыкалық жазылымы: Р.Тайманов.)
– 2014 ж. Т.Жүргеновтың өмірі мен шығармашылығы. М.Байділдаевтың жинақ қоры бойынша (І-томы, 36 б.т.) «Сарыарқа» баспасынан жарыққа шықты. (Жауапты шығарушысы: А.Н.Алматов., Б.Б.Мырзабаев.)
Бұл кітапта Т.Жүргеновтың НКВД тарапынан жүргізілген тергеу құжаттары мен сот үкімінің орындалуына дейінгі хаттамалары алғаш рет, түгел жарияланды.
«Халықтың қамын ойласаң қардарың соның ішінде» демекші, ғалым, фольклор зерттеушісі Мардан(Шаһмардан) Байділдаевтың(Келдібайұлы) әдебиетіміз бен мәдениетімізге сіңірген еңбегін осыдан он жыл бұрын Сырбойының халқы кең көлемде ұлықтап, ғалымның 80 жылдығына орай Қызылорда облысы Жалағаш ауданының «Аққошқар» аулындағы №232 орта мектептің аты М.Байділдаев есімімен аталып, мәрмәрдан мүсіні орнатылды.
Академик Тұрсынбек Кәкішев, ескерткіштің ашылу салтанатында:
-«Азаматын қадірлеуді Сыр елінен үйрену керек!» – деп, халыққа жүрек жарды алғысын айтты.
Өмір мен өнердің қазанына қайнатып, мақсат, міндетімізді айқындап берген ұстаз бейнесі жан сарайымыздың төрінде тұрары анық.
Біз, «Атаңнан – ұстаз ұлық» деген, шығыс даналығының астарын енді түсінгендейміз.
Алмас Алмат
ҚҰӨУ, Астана. 11.04. 2016ж.
Суретте:(солдан) А.Алмат, профессор Әуелбек Қоңыратбаев, шебер, б.ғ.к. Шәзінда Махамбетов, ғалым Мардан Байділдаев, жас талап Сұлтанбек Ақмырзаев.
Қызылорда. 1985ж.