Жолбарыс аңызы
Ысқақ қожаның мешіт ұстап отырған елді мекенін жұрт «Сасық» атап кеткен екен. Себебі: төмендегі өлеңде айтылғандай жолбарыс пен үлкен жайын денесі ыстық күнде еріп, майы сасып, сол елдің алдындағы көлге ағып, ауылды сасытып жіберген екен. Сонан осылай аталған. Сол жайлы жазылған мына шумақ өлең де оқырмандардың назарынан тыс қалмасын деп жариялап отырмыз. Әнге қосып айтады.
Жолбарыс аңызы
Күйдірсе де күннің көзі,
Қарыса да сан ызғар.
Бабалардан бізге қалған,
Өшпейтұғын,
сырға толы сан із бар.
Өтсе-дағы пәлен ғасыр,
Ел ішінде сақталған,
Сыр бойында өшпейтұғын
Мынадай бір аңыз бар.
Өтсе-дағы сақталады
Мұндай ғажап болған іс.
Естігенде көкейіңнен,
Ұалмай болмас толған іс.
Дарияға жақын маңда,
Өткен ерте заманда
Мекендепті Сыр бойын,
Бір айбарлы,
Жуан мойын жолбарыс.
Қос күшігі болған екен,
Көз ашпаған жас әлі.
Паналапты жұрт көзінен
Қалың қамыс тасаны.
Сол қос күшік қаз басып
Көтерген соң бауырын,
Суға беттеп дарияның
Жағасынан асады.
Суға келіп бас қояды
Алдыменен анасы.
Тәтті судан ішіп жатыр
Қасында екі баласы.
Бір кездері су бетіне
Көтеріліп нән жайын,
Апыр-топыр болды лезде
Дарияның жағасы.
Қос күшігін бірдей жұтып,
Құйрығымен қақты да,
Сөйтіп суға кете барды,
Су астына ақты да.
Жолбарыс та іле-шала қ
Қойып кетті артынан.
Сәлден кейін демі жетпей,
Атып шықты аптыға.
Жолбарыстың өтіп жатты
Қайғыменен сан күні.
Мазалады жанын қоймай,
Жолбарыстың тағ-мұңын.
Қайғы-қасірет ішін өртеп,
Кек алмақшы болды бұл.
Жатып судың жағасында
Нән жайынды аңдыды.
Үшінші түн өтіп таңы,
Күн сәулесі өрілді.
Әлі жатыр аш жолбарыс,
Ызаланып өңірді.
Бір кездері дарияның
Лайланып жиегі,
Су бетімен нән жайынның
Қыр арқасы көрінді.
Жолбарыс та ыңғайланып,
Күшін жинап сақ тұрды.
Жыртқыш қой ол, өткізген ғой,
Өзінен көп тапқырды.
Ыршып түсіп нән жайынның
Арқасына аузын сап,
Жұлып алып су бетінен
Жағалауға лақтырды.
Айналаға аянбастан
Төккен шақта күн нұрын
Басып жатып нән жайынның
Соңғы демін тындырды.
Өзі де өлді, өйткені
лақтырғанда жайынды,
Ауыр салмақ жолбарыстың
Омыртқасын омырды.
Сұлқ түсіп су маңында,
Жатыр өңір тұншығып,
Сырдария, кетті ол да,
Көзін салып күрсініп.
Осы екен ғой ұрпақ үшін,
Тайталасқан тағдырың.
Осы екен ғой, құрып қалғыр,
Тез бітетін тіршілік.
Құрбан СМАҒҰЛҰЛЫ ,
БАБАЛАР, АТАЛАР ОНЫҢ ЖАЛҒАСЫ (Мақтұмсейіт әулие ұрпақтарының шежіресі) кітабынан