Бір суреттің сыры

ТАҒДЫР: НӘДІР ШАХ және БЕРІШ ҚҰЛ МӘЛІ мен АДАЙ ҚҰЛ МӘТІ

Адай Құлмәті

Адайлардың Жары Тоқтамыс атты руында Мәті деген кісі болған. Ол өзін қызылбас елінің патшасы Нәдір патшасының ұрпағымын дейді екен. Мәті тоқтамыстар қолына бала кезінде келіпті. Тоқтамыс немересі Доспамбет Мәтіні (7 жас шамасында болса керек) әйелі Таңсықтың астынан өткізіп өзіне бала атандырады. Бұндай балаларды еліміз «көйлекті бала» дейтін болған. Біздің ұрпақты тентек ауыздылар: әзірбайжан, қызылбас, құл, «көйлекті» деп келеке ететін кездері болған. Бірақ Мәті тарихы көйлекті бала тағдырына ұқсамайды, қайта текті бала тағдырына келіңкірейді…

Тоқтамыс ақсақалдары Мәтіні бала етіп алып, өз қолын өз аузына жеткізген Доспамбеттің баласы десе, енді бірі тым жастай өліп кеткен, үйленіп үлгермеген Доспамбеттің інісі қазақ-қалмақ соғысының, қазақ түркімен қақтығыстарының батыры Еспембет (1725 – 1750 жж.)  атын жоғалтпау мақсатында Мәтіні Тоқтамысұлы Еспембет атына тіркеп жатады.

Біз осы екі нұсқаның соңғысына тоқтадық. Еспембет батыр атағы ел есінде сақталғаны дұрыс болар дедік.

Сонымен біздің әулет: Адай – Мұңал – Жаулы – Жары – Тоқтамыс (1680 ж.т.) – Тілеке (1700 ж.т.) – Еспембет (1725ж.т.) – Мәті (1740 ж.т.) – Әзберген (1783 ж.т.) – Тағыберді (1820 ж.т.) – Сәрсен (1862 ж.т.) – Назарбек (1909 ж.т. – Сайын (1941 ж.т.) – Нұрлан (1969 ж.т.) – Досан (2004 ж.т.) болып келеді.

Қазақ-Жоңғар соғысы кезінде батыр атанған Тоқтамыс мүрдесі Қаратау, Түркістан жағында қалады. Біз 2014 жылы бабамыз басына (Жаңақорған ауданы, Тоқтамыс төбе) көрнекті күмбез орнаттық.

Еспембет, Доспамбеттер Маңғыстау Ойына алғаш құлаған алпыс үй құрамында болған. Еспембет теңіздің терістік жағасында, Ембі тауының етегінде, Доспамбет Қаратөбе әулиеде жерленеді. Әзберген Сисем Атада, Тағыберді, Сәрсен, Назарбек Құлбарақ әулиеде.

2016 жылы біз Еспембет батыр басына құлпытас орнатып, жан-жағын қоршап құрмет көрсеттік.

Мәті – тегі түркі тайпасының афшар руынан тараған, талантты қолбасшылық қасиетінің арқасында әуелі әзірбайжан патшасының сеніміне ие болған, бара-бары қызылбас елінде шах дәрежесіне дейін көтеріліп, өзінің Нәдірқұл (Надир Гули) аты ұмытылып Нәдір Шах атанған тарихи тұлға. Мәті баба басына 1990 жылы Тұрсымбай Елемесұлы, ал 2003 жылы өз ұрпақтары құлппытас орнатты.

Адай тайпасының Мәті (Мәті Гули, Құлмәті) ұрпақтары секілді Беріш тайпасындағы Мәлі (Мәлі Гули, Құлмәлі) ұрпақтары (Махамбет ақын атасы) өздерін Нәдір Шах ұрпақтарымыз деп танытады екен.

Мәлі мен Мәті тарихтарымен жақсы таныс Әбіш Кекілбайұлы осы екі адамның тумалас балалар екені туралы болжам жасайды. Бұл болжамда тарихи негіз бар екендігін, зерттеуге тұрарлық пікір екендігін Кембридж университетінің профессоры Л.Лоренцтің Лондоннан 1938 жылы шыққан, Нәдір Шах тарихы жөніндегі ең үздік шығарма деп танылған «Нәдір Шах» атты (ағылшыншадан орыс тіліне аударылып, 2004 жылы Бакуде басылып шыққан, Азербайжан ғалымы Н.Гезелова) кітабында келтірілген Нәдір Шах өмір деректері нақтылай түседі.

Нәдір Шах Персияның тақ мұрагері деп жариялаған немересі өзінің тұңғыш ұлы Рза Гулидің тұңғышы Шахрух болатын. Сарай төңірегіндегілердің азғыруымен Шахрухқа жала жабылып Нәдір Шах Шахрухтың екі көзін ағызып жібереді. Артынан кінәсіздігі анықталып, осы қастандықты ұйымдастырған 50 парсы адамдары дарға асылады.

Бір жорық кезінде 1747 жылы шах қарауылдарын сатып алған үш парсы әскербасылары өз шатырында Нәдір шахты қылышпен турап өлтіреді. Сосын тақ мұрагерлерінен құтылу үшін Нәдір Шахтың бес ұлын түгелдей, 15 ұл немересінің 12-і бауыздайды. Бір немересі Шахрух тірі қалдырылады. Екі немересі төңкерілісшілер қолына түспей кетеді. Біздің ойымызша олар қазақтар арасына жасырылған болу керек.

Сол екеуінің бірі, адайлардан пана тапқаны Мәті тірілей әулие атанады. Артында “Мәті – аурудың келді сәті” деген мақал қалады. Өзі жасы жетіп қайтыс болса керек. Каспий теңізінің солтүстік шығысындағы Тасорпа құдығының батыс бетіндегі екі шақырымдай төбе басына жерленеді.

Маңғыстау өлкесінің қолымен қалам ұстаған, аузымен сөз саптаған қайраткерлерінің бірі, өлке зерттеушілерінің көрнекті өкілі Құлыбек Сүлейменұлы «Жаңа өмір» газетіндегі (2 қазан, 1992 ж.) «Диқан батыр» атты мақаласында: «…Ақшағыл, Байырбай, Құлмәтінің шетін шаруа жайымен аралап жүріп…» деп, жер атын Құлмәті (тарихи парсыша аты Мәті Гули) атайды.

«Қазақ халқының шежіре тарихы. Адайлар тайпасы», 7 том, 190 бетінде де жер аты Құлмәлі деп беріледі.

Ауыл ақсақалдарының естелігіне сүйенсек Мәті ұрпақтарында әртүрлі қасиеттері байқалған, ақындығымен көзге түскен, шеберлік өнерімен елге танымал болған кісілер баршылық.

Әзбергеннің бәйбішесінен туған Қожабек атты ұлы асауды мінбей жуасытатын ерекше қасиетіне қоса, есепсіз қара күш иесі де болса керек. Елге атақтары жайылған палуандарды жыққандығы жөнінде аңыздар сақталған. Төлесін молданың естелігінде оның қасиетіне сенген тоқтамыстар Сүйінғараның асығыс қол жиып, Хиуа әскерінің соңынан қуған сәтсіз жорығында Қожабекке Әтембектің атақты атын мінгізіп, тоғыз тоқтамыс аулының жігіттеріне бас етіп, жорыққа аттандырған екен дейді. Сол қанды жорықтан Қожабектің қайраты мен қасиетінің арқасында тоғыз тоқтамыс жігіттері түгел аман оралған…

Нәдірше ханның баласы едім дейтін тағы бір бала беріштер аулында тәрбиеленіп, қазақ халқына бостандық жолындағы күрестің символына айналған Махамбет ақынды сыйлапты.

Олардың да (беріштердің) дәл Мәті аңызы секілді Мәлі (Құлмәлі) туралы аңызы бар екен. Біздің аңыз тарихымызға бала кезінен құлағы қанық Әбіш үлкен жазушы шағында Махамбет Өтемісұлы тарихын зерттей жүріп кездескен бір-біріне соншама ұқсас аңыздарды зерделей келе “Мәлі мен Мәті тумалас адамдар болар” деген тұжырым жасап Махамбеттің 200 жылдық тойына арналған өзінің “Шандоз” атты кітабында егжей-тегжейлі әңгіме етеді.

…“Шандоз: Махамбет және қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы” атты кітабының 175 бетінде: “Сонда Нәдірше және оның  балалары деген не әңгіме осы” –  деп, өзіне-өзі сұрақ қойып алып, соған жауап береді… Сол кітаптан біраз үзінділер келтірелік.

…18 ғасырдың басынан ауған тайпаларының үстемдік жолындағы күресі күшейе түсті. 1722 жылғы 22 қазанда Сұлтан Хұсейін шах басындағы тажын ауғандар көсемі Махмудқа кигізуге мәжбүр болды. Жеңімпаз ауғандар талап-тонау мен қырып жоюды шектен асыра бастады. Ел ішінде қарсылық күшейді. …Қаһарына мінген Махмуд 1723 жылы 25 қаңтарда Хусейн шах пен қызылбас жайсаңдарын тойға шақырып, сол арада 300 иран ақ сүйегін жайратып тастайды (М.С.Иванов. Очерк истории Ирана. М. 1952. 84-85-беттер).

…Атыраудың түстік жиегі Мазендеранда ауғандарға қарсы күрес қозғайды. Оны Хусейн шахтың ұлы Тахмасп басқарады. Оған әуелі болашақ Қаджар билікші әулетінің негізін салушы Фатих Әли хан Қаджар көмектеседі.  1726 жылы орасан мол әскерімен Нәдір Афшар да оған қосылады. Бұның тегі түрік еді. Сыр бойынан Маңғыстауға, одан Еділ бойындағы Хазарияға, одан Әзірбайжанға ауып барған аусары (афшар), апсар тайпасының Қырықұл руынан шыққан оғлан еді (Маңғыстауда Аусары деген елді мекен, бұлақ әлге дейін бар – Ә.К.). Сефевилер өзбектерден қорғану үшін афшарларды Әзірбайжаннан Хорасанға көшіріп апарады. Нәдір сол Хорасанда 1688 жылы туыпты. Жас кезінде малшы, кіреші, дихан, әбзелші болыпты. Жол тонаушылықпен де айналысып көріпті. Нәдір Сеистан билікшісі Мәлік Махмудтың қол астына өтіп, талантты әскер басы болып танылады. Сондай адамның Тахмасп жағына өтуі оның Мәлік Махмудқа қарсы жорыққа шығып, Хорасанды бағындыруына мүмкіндік берді. Хорасанның астанасы Мешхедке шабуыл барысында Нәдір Фатих Әли хан Қаджарды қастандық ұйымдастырып жүр деп, Тахмасптың қолымен өлтірткізеді. Сосын-ақ ол Тахмасп шахтың оң қолына айналады. 1729 жылы ол Гератты алып, абдалдарды түгел бағындырып береді. Сол жылдың 29 қыркүйегінде Ашрафтың ауыр қолы Нәдірден күйрей жеңіліп, қашып құтылады. Тағы да сондай бір жойқын соққы беріп, Ашрафты Испаһаннан қуып, Тахмаспты шах тағына отырғызады. Нәдір желтоқсанда Фарсқа аттанып, Ширазды паналаған Ашрафты әуелі Ларға, сосын Белуджстанға бездіреді. Сол арада 1730 жылы Ашраф қаза табады. Сөйтіп, Нәдірдің арқасында ауғандар 1730 жылы Ираннан түпкілікті қуылады.

Нәдір Иранның шын билеушісіне, Тахмасп әншейін “қуыршах патшаға” тақ иесіне айналады. Афшар тұсында түрік қолына кеткен біраз жерді қайтарып алады. Тебризді алып тұрғанда, абдалдар көтерілісі шығып, Исфаһанға қайтып оралады. 1731 және 1732 жылдары Нәдір сол абдал көтерілісімен алысады. Сол кезде Ереван мен Нахичеван үшін болған соғыста Тахмасп тұтқынға түсіп қала жаздайды. Алдында ғана Нәдір қайтарған жердің біразын Тахмасп түріктерге қайтадан беріп жібереді. Бұны естіген Нәдір Исфаһанға оралып, Тахмаспты тағынан түсіріп, сегіз айлық баласы Аббасты шах деп жариялайды. 1732 жылы Түркияға қарсы соғыс ашып, 1733 жылы Бағдат бітімін жасасады. Ол бойынша Иран соңғы он жыл ішінде Түркияға кеткен жерін қайтып алатын болады. Бірақ түрік үкіметі бұл келісімді бекітпей, 1734 жылы соғыс қайта жанданады. Бұл кезде түріктермен соғысып жатқан Ресей 1732 жылы Реште бітім жасасып, Тахмасп берген Гянжі  бітімі бойынша, егер Түркиямен бітім жасаспайтын жағдайда, Баку мен Дербентті қайтып беруге келіседі. Алайда 1736 жылы Түркиямен ондай бітім жасалып, баяғы Бағдат келісімі күшіне енетін болып шешіледі.

Түріктермен жасалған бұл бітім Нәдірдің өзін шахпын деп жариялауға мүмкіндік береді. 1736 жылғы 8 наурызда Нәдір Иран тағына отырып Нәдір Шах атанады. Сол бойда 80 мың әскермен шығыс жорығына аттанып, Кандаһар, Қабыл, Балқыны алып, Пешавер мен Лахор арқылы Делиге аттанады…

…1747 жылы маусымда Хорасанда түн жамылып келген дұшпандары Нәдірді өз шатырында бауыздап кетті.

Нәдір шах өлген бойда-ақ ол құрған мемлекет бет-бетіне ыдырай бастады… (Шандоз. 175-179 беттерден.)

Айдарбек қарт естелігінен

Бабамыз Мәті тоқтамыстардың «көйлекті баласы». Доспамбеттiң әйелi босана алмай  көп қиналыпты. Доспамбет Мәтiге кiсi жiбередi. Араларында араздығы болып Мәтi көшiп кеткен кезi екен дейдi. Мәтi – аруақты риза етемiн десе, “Асау торыны аруақ жолына атасын, сонда барамын” – деп, хабаршысын керi қайтарыпты. Келiсiмiн алып келген хабаршыға ерiп барған Мәтi табалдырықтан аттар-аттамаста бала шыр етiп жерге түсiптi. Содан сол баланың аты Қуан қойылып едi. Сол Қуан қазір Тоқтамыс руының бір тақтасының басы.

Мәтiден Әзберген. Әзбергеннiң тоқалы (ұлы енесiмен аттас Таңсық екен) Таңсықтың үш ұлы – Алдабердi, Тағыбердi, Тiлеубердi – үшеуi де бай болған.

Алдабердi Қамысбай Балқасым болыстың (Тобыш болысы) қызын айттырып алған. Құдасына қыр ғылып үй маңында тапырақтап жүрген жас құнанша, тайлақтарына: “Шөк жайрағыр, шөк жайрағыр! Кем басымды тең қылған сен жайрағыр, сен жайрағыр!” – дейдi екен.

Сәрсен – әкесi Тағыбердiден қалған көп малды орынсыз шашып, кедейленiп, Кеңес өкiметiнен сәл бұрын қайтыс болған. Зергерлiк, шеберлiк кәсiп қылған. Дағыдұщының аяғына егiн еккен. Атқұмар, қызылшыл адам едi. – Өзiне ұнап қалған бiр ұйма шекпендi бiр нар берiп сатып алып едi – деп таң қалады екен, жүзге жақындап қайтыс болған Бөлтек ақсақал. Жаманадай Тәжiғара деген кiсiге өзі 20 бойдаққа сатып алған арғымақ атын сыйлап жiберген… Қашығұлдың шешесi өте шебер кiсi едi. Сол кiсiге тiктiрiп алған жабуымен тұрған жүйрiк атын Қаратоқай Итемген Көтеннiң бiр жiгiтiне мінгізіп жіберген… Тегін бере салған…

Кеңес өкiметi орнағанда бұлар кедейленiп бiткен екен…  Сәрсеннiң бiрiншi әйелiнен – Жұмабек, Мырзабек, екiншi әйелiнен – Нұрлыбек, Айдарбек, Найзабек, Назарбек. Қызы Саржан Жаңайларға берiлген.

Нәдір шах ұрпағының есімдерінде Гули сөзі, былайша айтқанда «Құдайдың құлы» деген ат жйі кездеседі. Біздің пайымдауымызша ҚұлМәлі өз елінде Мәлі Гули де, Мәтісі Мәлі Гули болған болар. Сол сөздерге қазақша мән берген біреулер жалпы жұртқа оларды соғыста қолға түскен құл екен деп, немесе кеме апатқа ұшырап тірі қалған балалар екен деп аңызға айналдырып жіберген секілді… Бұл аңыздар мүмкін балалардың  тегін жасыру үшін әдейі айтылуы. Өйткені оларды Нәдір тұқымын құртқандар талай жыл іздеген болар… Содан болар Тоқтамыс ағайындар арасында Құлмәті атына байланысты «құл» атағы да тағылатын болған. Бірақ олардың тарихы жетім-жесір тарихына ұқсамайды. Мәлі бірден адайлардың атақты батыры Тоқтамыс батыр шаңырағының баласы атанады. Мәлі де солай. Осы деректерді зерделей қарасақ бұл балаларды Иран жерінен қашырғанда адай елінде кімдерге тапсыратыны да белгілі болған секілді…

Салманов Орынбай әңгiмесiнен…

Өсiп-өнген Жарылар iшiнде Тоқтамыстар онша көп емес. Қол бастаған батыр, өмiр бойы өлiм мен өмiр арасында, соғыста жүрген. Мойнында бiреулердiң жазықсыз қаны бар шығар, мүмкiн бiреулердiң қарғысы тиген болар, әйтеуiр, бiздер, жарылар iшiнде онша көп өсе қоймаппыз.

Адайлар Сайрам, Түркістан маңынан Мұғаджар, Үстірт, Маңғыстау өлкелеріне қоныс аударғаннан кейін Жетісу Алатауында, Сыр бойында  қалған аталарына барып ас беріп қайтқан үш ру бар. Бірі Есендер Өтебай аталарына ас беріп келсе, екіншісі Табай мен Майтан бастап барып Тоқтамыс батыр басына ас береді.

Тоқтамыстың екi баласы – Бабеке, Тiлеке. Бабекеден Табай. Табайдан Досан көтерiлiсiнде қол бастаған Орақ батыр шыққан.

Тiлекеден – Доспамбет, Еспембет, Өтембет, Майтан, Құлтығай, Қаржау.

Тоқтамыс Бабекенi жастай жекпе-жекке салып, ол мерт болады да, өкiнiшке шыдай алмай өзi шығып қалмақты айбалтамен қақ бөлген екен.

Тiлекенiң жеңге алғанынан Өтембет, Доспамбет, Еспембет,  атты ұлдары болады. Айттырып алған бәйбiшесi Ысық қызы екен одан Майтан туады.  Қалмақ әйелiнен Құлтығай, Қаржау атты ұлдары болған.

Еспембет көкжал батыр, тентек, барымташы жан болыпты. Ембi тауларының үстiнде отырған түрiкпен  көршiлерiнiң қолына түсiп қалып, қол аяғы кiсендеулi тұтқында қалады. Түрiкпен аулының ересек адамдары тойға кеткенде бала-шағаға әл бермей Еспембет қорланып таудан ұшып өледi. Арғы аталары қызылбас патшасының тұқымы делінетін Мәті атам балаларын біздер Еспкмбет атағына жазамыз.

Мәтi тiрiлей әулие атанған адам…

…Тоқтамыстың он шақты адамы бір алыс сапарға бара жатып бiр кiшкене көл жағасында отырған ауылға жақын қалғанда кенеттен Мәтi ауылға қарап тұра шабады. Шауып келе жатып “сал орнына” деп айқайлаумен болады. Мәтi – сол ауылдың бiрнеше күн толғатып босана алмай, ендi өлдiге есептелiнген келiнiн аман босандырады. – “Бұл кiсi нағыз әулие адам екен, жаны үзiлдi деп бетiн жауып жатыр едiк. Ендi тек қана келiнiмiз тiрi қалған жоқ ұл балалы да болдық” – деп, сол ауыл Мәтiнi алғаш әулие атандырыпты.

Майтанның Өсерiнiң әйелi Жаңай қызы екен. Жетiбай дөңiнде отырған төркiнiне барғанда жеңгесiмен ерiп барған жас жiгiт сол ауылда ешкiмге бой бермей тұрған асауды мiнбей жуасытып берiптi. Жылқы малы сол кiсiнi бiр көргеннен жуасиды екен десетiн.

Сайын Назарбекұлы  естеліктерінен

Мұсылманның ұлы мейрамы “Ораза-Айт” күні, 2004 жылдың 14 қарашасының таңында үшінші сынып оқушысы немерем Жәмиләның парақтап отырған “Махамбет елі” кітабындағы бір суретке көзім түсті.

Әлгі бейнеге қарап әкемді көргендей қатты әсер алдым. Аты аталған кітаптың соңғы бетінде Махамбеттің Махмұтының қызы Нұрбикеден  тарайтын Есболай қарттың суреті беріліпті. Махамбеттің ұлы Махмұттан Нұрбике, Нұрбикеден Еңсеп, Еңсептен Есболай, Есболайдан Мамай деген жолды оқыдық… Суреттен көз алмай қарап қалыппыз. Қараған сайын әкем Назарбектің, әсіресе әкемнің ағасы Айдарбектің бейнесі көз алдыма елестей берді. Кейін әкемді танитын біраз кісілерге Есболай суретін көрсеткенде біреулері Айдарбек деп (әкемнің ағасы) таныса, біреулері өз әкеңді танымай отырсың ба деп өзімді келеке етті.

…Енді Мәлі мен Мәті тумалас адамдар екен деген жорамалға дәлелдер де табыла бастады.

Біріншісі – осы адамдардың мына суреттегі ұқсастығы.

 

Біріншісі – осы адамдардың мына суреттегі ұқсастығы.
Сол жақта: адай Еңсепұлы Есболай. Еңсептің шешесі Махамбетұлы Махмуттың қызы Нұрбике.
Ортада Нәдір Шахтың Мешхед мұражайындағы мрамор мүсіні.
Оң жақта: Мәті ұрпағы Назарбек

Мәлі мен Мәті жастарының бір-біріне замандастығын анықтау үшін біз Мәліні Тоқтамыс руынан шыққан Абал ақынмен, Абылды Махамбетпен  шендестіріп байқадық.

Туған жылдары белгілі Абыл ақын мен Махамбет замандарын салыстыру және рулық таралым бойынша әрі тумалас, әрі заманы шамалас Мәті мен Абылды салыстыру арқылы Мәлі мен Мәтінің өмір сүрген уақыттарын зердеден өткіздік.

Салыстыру үшін жасаған кесте Мәті мен Мәлінің замандас болғанын нақтылай түсті.

Тұрсынбай Елемесұлы естелiктерiнен…

Мәтi атамыздың тұқымынан әртүрлi адамдар шықты. Сәрсен балалары iшiнде Айдарбек, Назарбек атаққа iлiндi. Жұмабек қасиетті аңшы, атақты мерген кiсi болған. Найзабек бала секiлдi кiсi екен. Алтыншыда тұз шығарып жүрiп бiреуге қарызға ақша берiптi. Алажағың қанша едi деп сұраса, бiлмеймiн, бергенiм ай сияқты суреті бар ақша едi деген сөзi ел арасына тарап кеткен.

Мырзабек те бостау, аңқаулау жан едi дейтiн.

Мәтi ұрпақтарында Қожабек атты ересен қайратты кiсi болған. Сүйiнқараның шабарманы болған едi деседi. Қасиеттi болған. Жүген салмай ат жуасытатын едi дейдi. Бiр жолы бiр жеңгесi Бақажан байдың аулына, қайын жұртына ерiтiп барыпты. Сол тойда жарысқа түскен бар палуанды жығыпты.

Назарбек Сәрсенұлы естеліктерінен

…Біздің әулетіміздің біз білетін буыны Мәті атамыздан басталады. Аңыздарға сенсек Мәті қасиетпен періні бағындырған құдіретті кісі болыпты. Ел аузында “Мәті әулие” деген аты қалды. Пенде  болып қолға түсіп, әулие атанып өмірден өтті. Жастау кезінде,  тоқтамыстар ортасына келіп, Доспамбет қолында тәрбиеленеді.  Қызылбас ханы Нәдірше ханның баласымын дейді екен.

…Құлағымызға шалынған аңыз әңгімелер мен уақиғаларды санадан өткізгенде біздердің, қазіргі Мәті ұрпақтарының өз аталарына өкпесі болуға тиісті емес.

…1961 жылы бойына туа біткен қасиетті ұстай алмай Сақып қатты ауырды да біздер, Шаншарбек, Әбдірахман, Тұрсынбай төртеуміз оны Тасорпадағы Мәті әулиенің, өз атасының басына түнетіп қайттық. Әулиеннің басына биіктігі 4 метрдей сырық ағашқа алюмийниден ай жасап қондырдық. Бірақ ол жер сары бітелі жер екен, ағаштың ғұмыры ұзақ болмас. Сойып, дайындап алып барған малымыздың етін асып отырғанда  бұрын Маңғыстаудан көзіме түспеген құртақандай көк қүс қайта-қайта от басына жақын келіп, назарымызды аудара берді. Бәріміз де осы қүстың жүріс-тұрысын ерекше көріп әңгіме еттік. От басында қисайып жатып көзім ілініп кеткен екен, Әбдірахманның: “Назеке, қозғалма, әлгі құс басыңа қонып отыр” – деген даусынан оянып кеттім. Құс біраз қонақтап отырғаннан соң ұшып кетті және содан қайтып соққан жоқ. Ішімнен атамның маған берген белгісі деп есептедім…

Ертесіне қасымдағылар атамыздың қасынан сыбаға алып кетеміз деп (шеттерінен аруақ аттаған, дінсіздер деп, әкем осы әңгімені айтқан сайын қатты ренжіп отыратын, С.Н.) дайындала бастады. Мен аң қууға бармаймын, осы жерде қаламын, қайтарда соғып ала кетіңдер деп жатып қалдым. Екі-үш сағатта қайтып келмек болып кеткен олар түс қайта да келмеді. Бірдеңеге ұшыраған болар деп машинаның ізіне түсіп, жүрдім де отырдым. Күн бұлыңғыр, тұмандау еді. Машина шоқалаққа соққанда ұшып кетті ме, есігін ашқанда түсіп қалды ма, жолда мен машинаны бұрап қыздыратын ручкасын тауып алдым. Стартері жоқ машина, қызыруға моторын бұрайтын құралы жоқ, бір жерде тұрғанына көзім жетіп, аман болар деген дәмемен ізден көз жазбай жүре бердім. Оларға да ренжіп келемін. өздері осылай ізге түссе жоғын баяғыда тауып алмай ма?.. Сонымен күн батуға таянғанда оларды тауып алдым. Олар да іздестіріп жүр екен. Барлығы да Мәтекең біздерге ренжіген болды деп, аруақтан кешірім сұрап жатты…

Әкем – Назарбек те, оның ағасы Айдарбек те кәсіп етпегенмен өлең құрастырған кісілер еді. Арттарында бір дәптерлік өлеңдері қалды. Олардың немере ағасы Тұрғамбайдың  тәуір ақындығы, шешендігі  бар еді деседі…

Ә.Кекілбайұлы Мәлі мен Мәті тумалас адамдар болуы керек деген болжам жасап,  Махамбеттің 200 жылдық тойына арналған өзінің “Шандоз” атты кітабында егжей-тегжейлі әңгіме етеді.

Махамбеттің 200 жылдық тойына біз де атсалысып,  “Махамбеттің бір күні” атты пьеса жазған едік. Бұл жұмысым Атырау, Астана театрларында сахланалған болатын. Махамбет өмірін, тарихи деректерді біршама зерттеген болатынмын.

Нәдір шах туралы біраз деректер бізге Л.Локкардтың «Нәдәр Шах» кітабы арқылы белгілі болды.

            Нәдір Шахтың туған інісі Бекташ Бек баласы Қазым «Надір наме» деген кітап жазған. Сол кітапта ол Нәдір Шахтың 5 ұлы, 15 ұл немересі болды деп анық көрсетеді дейді Л Локкард.

Парсылар 1747 жылы Нәдір Шахты жорық шатырының ішінде өлтіреді. Содан оның барлық 5 ұлын, 12 немересін бауыздайды. Бір немересін Рза Гули ұлы Шахрухты тірі алып қалады.

Нәдір Шахтың әскерлерінің көбі түркі тұқымдас жауынгерлер болатын. Сондықтан басталып кетуі мүмкін көтерілістен қорқып, Нәдір шах орнына Нәдір Шахтың інісі Бекташ Бектің үлкен ұлы Али Гули Ханды отырғызады. Бірақ  екі жылдан кейін оны өлтіріп орнына Шахрух соқырды таққа отырғызады. Шахрух  саған қастандық ұйымдастырды деген сөзге сеніп шах өз немересінің екі көзін ағызып жіберген еді. Кейін оның жазықсыздығы анықталып күдікті деген 50 ирандақтар дарға асылған болатын. Сол Шахрухты парсылар өлтірмей алып қалып өз саясаттарына пайдаланады.

1 ұл немере тірі қалдырылады. 12 ұл немере бауыздалады. 2 немере таптырмай кетеді. Олардың жанашырлары Нәдір Шах әскеріндегі көп қазақтарды (Нәдір Шахқа  қазақтың Аққойлы, Қарақойлы рулары түгелімен, Жалайыр руы, Харазым, Маңғыстау өлкелерінің адамдары,  тағы басқа рулар да қараған) пайдаланып, теңіз арқылы Маңғыстауға асырып жеберген секілді. Жұрт аузындағы аңызда олар теңіз апатынан аман қалған деген сөздің жаны бар сөз. Ол кезде Хиуа хандығы (Әбілфейіз хан) да, Маңғыстау да парсыларға бағынып тұрған кезі болатын. Екі немерені теңіз арқылы өткізіп, бір  белгілі адамдарға тапсыруды міндеттеген секілді. Ал теңіз апаты ойдан шығарылған сөз болар.

Аттары белгісіз жоғалған екі немере Иман Гули балалары деп ойлаймыз.

Екі бала қазақтар қолында тәрбиеленеді. Қазақтар оларды жетім-жесір санатында емес дәрежелі санатта қабалдап, құрмет тұтқандығы байқалады.  «Көйлекті бала» болып келіп екеуі де екі елде зор атақ пен байлыққа ие болып, бірнеше әйел алуға жағдайы жетуі тегін емес.

Құлмәлі, Құлмәті аттары  парсылардың Имам Гули, Надір Гули, Мәлі Гули, Мәті Гули деген аттарын қазақ тілінде Құлмәлі, Құлмәті атандыруынан туындаған аңыз болса керек. Мүмкін қашқын екі немерелердің тегін жасыру үшін үшін ойлап тапқан амал, айла ма?.. Қалай болғанда да Мәлі де, Мәті де қазақтардан жетімдік көрмеген. Махамбеттің әкесі Өтеміс белгілі тұлғаға айналған. Оның теңдес, тайлас адамы атақты Исатай батыр болуы соның дәлелі.

Адай Еспембет ұрпақтары шежіресін автордан білуге болады

НӘДІР ШАХ БАЛАЛАРЫ МЕН НЕМЕРЕЛЕРІ

 

Имам Гули Бек – Нәдір Шах пен Бекташ Бектің  әкесі

 

Надир Гули Бек (Нәдір Шах)

(1688-1747 ж.)

 

 

Бекташ Бек балалары:

Али Гули Хан – Нәдір Шахтан кейін екі жыл таққа отырған.

Мұхаммед Али Бек

Хусейн Бек

Қазым-Надір Шах кітабын жазған

 

Нәдір Шахтың 5 ұлы                        Нәдір шахтың 15 ұл немересі

Абиварда билеушісі баба Али Бек қызынан (бірінші әйелінен)   1 ұл :

1. Рза Гули,    (1719-1747 ж.)

 

Рза Гули ұлдары:

1. Шахрух         (1734-1796 ж.)

2. Фатали          (1735-1747 ж.)

3. Ахмед Гули  (1736-1747 ж.)

4. Хумаюн         (1741-1747 ж.)

5. Биситун         (1744-1747 ж.)

6. Махмуд Хан (1744-1747 ж.)

7. Аты белгісіз

 

13 жаста

12 жаста

11 жаста

6 жаста

3 жаста

3 жаста

 

 

Екінші әйелі Абиварда билеушісі баба Али Бек қызы Геһар Шадтан 2  ұл:

2. Насруллах     (…. – 1747 ж.)

 

3. Иман Гули   (….. – 1747 ж.)

 

Насруллах ұлдары.

8.  Йолдыз Хан          (1739-1747 ж.)

9.   Мұстафа Сұлтан (1742-1747 ж.)

10. Сухраб Сұлтан     (1743-1747 ж.)

11. Мртаза Гули Хан (1745-1747 ж.)

12. Огузлу Хан           (1745-1747 ж.)

13. Асадуллах            (1747-1747 ж.

 

8 жаста

5 жаста

4 жаста

2 жаста

2 жаста

1 жаста

 

Үшінші әйелі Разия Бегім

Ұлдары туралы дерек жоқ.

…………………………………….

 

Төртінші әйелі (Бұхара ханы Әбілфейз хан қызы) 2 ұл:

4. Шыңғыс хан

(1744-1747 ж.)

5. Мұхаммед Аллах Хан                                                                                                                                                                                                 

                           (1746-1747 ж.)             

 

 

 

3 жаста

 

1 жаста

Сайын Назарбекұлы:

Біздің ойымызша Қазақтар арасына жасырылған Нәдір Шахтың екі немересі Иман Гули балалары секілді.

14. Мәлі Гули       (1740 – ……..  ж.)

15. Мәті Гули       (1740 –  ж.)

 

Бұл кесте Кембридж университетінің профессоры Л.Лоренцтің Лондоннан 1938 жылы шыққан, Нәдір Шах тарихы жөніндегі ең үздік шығарма деп танылған «Нәдір Шах» атты кітабының 351 беттегі  деретерінен алынды.

 

 

  1. Бабадан – Қани,
  2. Қаниден – Қожа (Қожа баба, Қарақалпақстанда), Құдайберген, Ысқақ.
  3. Құдайбергеннен – Сапарбай, Жаңабай, Сәрсенбай.
  4. Ысқақтан – Жақсылық, Иса, Муса, Айса.
  5. Жақсылықтан – Амангелді.
  6. Ахмет ұрпақтары Қарақалпақстанда деген дерек бар.
  7. Егізбай ұрпақтары Түркіменстанда деген дерек бар.
  8. Тілеубердіден – Қожахмет, Қалдыбек, Қожан(-).
  9. Қалдыбектен – Жарылғап, Жарылғас(-), Жақып, Сақып, Нұрғали.
  10. Жарылғаптан – Қуантқан, Жұбатқан.
  11. Қуантқаннан – Сағындық.
  12. Жұбатқаннан – Сапар, Амандық, Бекболат.
  13. Жақыптан – Бердіхан, Өмірхан, Айбек, Мейрамхан, Айнабек,Болат.
  14. Бердіханнан – Нұрлан.
  15. Болаттан – Айдос.
  16. Өмірханнан – Бауыржан, Жоламан.
  17. Айбектен – Бақытжан, Бауыржан.
  18. Мейрамхан – Қанат, Қайрат.
  19. Айнабектен – Нұртөре, Жандос.
  20. Болаттан – Айдос.
  21. Нұрғалидан – Сәрсенбай, Серікбай, Берікбай, Марат,

Кенжеғали.

  1. Сәрсенбайдан – Мүрсәт.
  2. Берікбайдан – Нұрбек.
  3. Алдабердіден – Тегіс, Бисен.
  4. Бисеннен – Қилан, Теңел, Жұмаш.
  5. Қиланнан – Жұмаш.
  6. Жұмаштан – Алтынбек, Спанғали.
  7. Алтынбектен – Қазыбек, Сембек, Нұрбек, Русланбек, Рустембек.
  8. Спанғалиден – Ақарыс, Бейбіт, Мейірман, Бекарыс.
  9. Тағыбердіден – Жексен, Сәрсен.
  10. Сәрсеннен – (бәйбішесінен) Жұмабек, Мырзабек, (тоқалы Дәметкен)

Нұрлыбек, Айдарбек (молда), Найзабек, Назарбек шебер).

  1. Айдарбектен – Аққази, Базарбай, Масқуыт.
  2. Аққазидан – Жомарт, Самырат.
  3. Базарбайдан – Өтемұрат, Ержан.
  4. Ержаннан – Әбубәкір.
  5. Жомарттан – Саламат, Әбіш.
  6. Самыраттан – Жанкелді, Ақмұрат.
  7. Назарбектен – Сабыр, Сайын (жазушы, сәулетші), Дайын.
  8. Сабырдан – Арман, Ғажап.
  9. Арманнан – Темірлан.
  10. Сайыннан – Нұрлан.
  11. Нұрланнан – Досан, Абыл.
  12. Дайыннан – Марлен.
  13. Марленнен – Шыңғыс, Дархан.

 

Нәдір қанша тырысқанмен тағдырды жеңе алмайды. 1747 жылы өлтіріліп, өзімен бірге бес баласын, он екі немересін ала кетеді.

Қатал тағдырдың тырнағынан аман құтылған Мәлі Гули мен Мәті Гули қазақтардың Беріш, Адай тайпаларының құрметті адамдарына айналады.

ТОҚТАМЫС САЙЫН НАЗАРБЕКҰЛЫ телефоны:87075509999

Астана, 2018 жыл.

 

 Мақаланың соңы: Бастапқы бөлімін  мына сілтемеден оқи аласыздар:

ТАҒДЫР: НӘДІР ШАХ және Беріш ҚҰЛ МӘЛІ мен Адай ҚҰЛ МӘТІ

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button