Жарық нұрдың сәулесі

Қудалауға түскен Қосым ұрпақтары қақында

Аппақ Ишан Сейдахметұлы -160 жыл (баяндама)

БИСМИЛЛАХИР РАҺМАНИР РАХИМ!

Ассалаумағалейкүм қасиетті Түркістан елі! Қонақтар мен жиынға қатысушылар!

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан мешіт-медреседе 40 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет еткен, әулие, ғұлама, ұлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның тікелей ұрпағы Аппақ ишан Сейдахметұлының 160 жасқа толуына орай

«ҚУДАЛАУҒА ТҮСКЕН ҰЛЫ ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С.)-НЫҢ ҰРПАҚТАРЫ» туралы болмақ

…Атыс-шабыс. Аштық. Жауыздықтың шегіне жеткен қызыл империя тарихта өшпес атын қалдырды. Жұртқа «Қызыл репрессиямен» мәлім бұл зұлмат қазақ елін түгел шарпыды. «Халық жауы» деген жаламен қудалауға түскен қожалар, байлар мен қазақтың зиялы қауымы. Қиын-қыстау заманда Сейіт-қожа ұрпақтары да Кеңес өкіметінен қалыс қалмады. Оларды «халықтың ең басты қас жауы» етіп көрсетті. Қуғын-сүргін көрген қожалар тау-тасты, сай-саланы, орман-тоғайды, басқа шет елдерге бас сауғалауларына тура келді.

Кеңес өкіметінің шырғалаңына түскен әулеттің бірі – сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның тікелей мұрагері Сейдахмет ұрпақтары. Соның ішінде алты алашқа Пір болған атақты Аппақ ишан Сейдахметұлы және оның бауырлары, балалары, отбасы мен туған-туыстары. Ел біле бермейтін ишандар көрген қиындықтың кейбір тұстарын әңгімелеуге тырыстық.

ҚОСЫМ ҰРПАҚТАРЫ

Қосым ұрпақтары – Сейдахмет ишанның 8 ұлы болған. Солардың ең үлкені – 1) Аппақ ишан, 2) Мәді, 3) Рахматулла, 4) Асадулла, 5) Сабыр, 6) Абдуғаппар 7) Ыдырыс, 8) Низамиддин.

Барлығы да ілімді, діни сауатты болған. Соның ішінде Аппақ ишан алты алашқа рухани ұстаз болған жан. Діни сауат ашумен қатар, елді бірлікке, татулыққа шақырып, халықтың руханиятқа байланып, иманды ұрпақтың өсіп-өнуіне көп ықпал еткен данагөй ұстаз.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫ» АТАНҒАН ҮШ АҒАЙЫНДЫ

Сөйтіп, Шымкент абақтысына көппен бірге «халық жауы» деген жаламен Аппақ ишан және оның ұлы Бақиболла мағзұм, інісі Сабыр ишан үшеуі бірге қамалады. Абақтының іші сыз, еденнің ызғары денесіне сіңіп қалмасын деп 26 жасар Бақиболла мағзұмды астына шапанын төсеп, ағайынды Аппақ ишан мен Сабыр ишан екеуі кезегімен аяғының үстіне ұйықтатады екен. «Бұл балам әлі аманатты арқалап, жолымызды жалғастырады, тариқатымызды жандандырады» – дейді екен. Намаз уақыты болғанда кедергісіз есіктің құлпы ашылады (бұл тылсым сыр, ақылға сия бермейді). «Мен Мауияның үйіне барып намаз оқып, шәй ішіп келем, іздемей-ақ қойсын, өзім намаздан соң қайта келем деп, абақтыдан шығып кетеді екен. Бір күні сақшылардың бірі: «Сен шал, тәртіпке бағынбайсың» деп атаға жекіп, балағаттап қолы тиеді. Ата оған бір сөз айтады. Арада біраз күн өткен соң әлгі сақшының әкесі келіп, баласының үйде қорсылдап, доңыз құсап жер сүзіп жатқанын айтып жылап, кешіруін сұрайды. Сонда Аппақ ишан «оқ атылып кетті ғой» деп, әлгі кісіге қосылып жылап, «Аллаға көп жалбарынып кешірім сұраған» екен.

Шымқаладан қызыл вагонға тиеп, Алматыға жөнелтетін кезде Аппақ ишан атаның бір мүриді бір қап тоқаш пен қоржында ет алып келіп береді. Вагон қазақ, орыс, әйтеуір әр түрлі ұлтқа лық толы. Адамдар аш, екі көздері қапта, жұтынып отыр. Аппақ ишан баласына қарап: «Мағзұм, бұл кісілерге тамақтан бер» – депті. Аппақ ишанның баласы Бақиболла ата беліндегі орамалды жерге жайып, үш рет қос уыстап тоқаштарды тастайды. Аш адамдар жерге түсірместен қағып алып жатады. Сол сәтте Аппақ ишан орнынан тұрып: «Ай, балам, қолдан бергенге құс тоймас» деп, үстіндегі шекпенін шешіп қаптағы тоқашты аудара бергенде біреу шап беріп қапты ұстай алып: «Мен бәріне теңдей бөліп берейін. Мына елдің бәрі аш, таласып бірінің үстіне бірі шығып, біріне тисе, біріне тимей, бей-берекет топалаң болып кетпесін» – деп жабыса кетеді.

Шымқаладан шыққан вагон Алматыға бір жеті жүреді. Әр бекетке барғанда вагонды оқшау жерге ажыратып қойып, бір күн, жарым күннен соң қайта сүйреп кетеді. Бір-бірінен естіп хабарланған пірәдарлар, тоқтаған бекетте кезектесіп ет, тары, талқан, нан, тоқаш жеткізіп тұрады.

Алматы бекетіне келген соң, қатарға тұрғызып 10-15 шақырым Ақсай абақтысына қарай жаяу жүргізеді. Вагонда бірге болған адамдар аса сияқты сүйеніп келе жатқан екі таяққа үстіндегі шапанын шешіп байлап, зембіл жасап, Аппақ ишан атаның алдына тосады. Атаның қарсылығына қарамай кезектесіп аяғын жерге тигізбей көтеріп алып барады. Вагонда өздерімен бірге болған орыс кісі сауатты болса керек, қағаз, қалап ұстап, тізім жасап, жататын жерлерге бөлістіріп кіріп-шығып жүреді. Бір күні ол Аппақ ишан атаға келіп, «Сіздерді Керекуге (Павлодар) жіберетін болды. Ол жақ суыққа үйренбеген сіздерге қиын болады» – дейді. «Алматының ет комбинатына қасапшыларды алып қалады. «Қасапшымын» десеңіз, осында қалдырайын» – дейді. Сонда Ата: «Өмірі істеп көрмеген кәсіпті «қасапшымын» деп қалай өтірік айтамын» – деп көнбейді.

–        Сіз мал соймай-ақ, бірге жүрсеңіз болды, Сіздің норманы бәріміз жабылып жауып отырамыз, – дейді.

–        Аппақ ишан ата болса, «Өтірік айтқан Алланың дұшпаны» – деп көнбей қояды.

–        Жарайды, Сіз үндемей-ақ қойыңыз. Ертең қасапшылар бір қадым алға дегенде, алға бассаңыз болды, қалғанын өзім реттеймін, – деп әлгі орыс кетіп қалады.

Ертесіне қасапшылар бір қадам алға шықсын деген кезде Аппақ ишан ата орнынан қозғалмайды. Сөйтіп, үш ағайынды этаппен Керекуге айдалып кете барады. Ол жерге барғанда абақтының бастығы қасиетті кісінің жатқанынан хабардар болып, Аппақ ишан атамен біраз сөйлеседі. Ата оған қарап: «Анаң хәл үстінде. Сенің жолыңа қарап жатыр. Ағаң мен жеңгең қарамай кетіп қалған, қарындасың мен анаң көп қиналып тауқымет тартып жүр екен. Барайын десең жағдайың жоқ. Бір адам сырттан саған ақша әкеледі, соны алып анаңа барып қайт» десе.

–        Ол не пара ма, қарыз ба? Алмаймын, – дейді.

–        Алланың ризашылығы үшін, анаңның тілегін орындап жатырмын- дейді Аппақ ишан ата.

Сөйтіп, абақтының бастығы еліне барып, ауру анасымен дидарласады. Көп кешікпей анасы дүниеден өтіп, ертеңіне жерлеп келген соң, Аппақ ишан атаға келіп: «Барлығы Сіз айтқандай болды. Сіздің әулиелік қасиетіңізге шын ықыласыммен тәнті болдым. Сізге деген ризашылығымның белгісі мен рахметім болсын. Сізді абақтыдан босатамын» – дейді. Ата оған «біз үшеуміз ғой» – дейді.

–        Үшеуіңізді бірдей босата алмаймын. Бір адамға ғана шамам келеді, – дейді ол.

Аппақ ишан ата, сонда баласына емес, інісі Сабыр атамызға қарап: «Менің орныма Сіз шығыңыз» депті. Сіз алымсыз, елге ілім таратасыз, – дейді Аппақ ишан ата.

–        Дініміз үшін болса, әміріңізге құлдық, орындауға дайынмын. Бірақ дін жолында жүргендер түгел абақтыға тоғытылып жатса, бұл күнде саясаттың сайқалдығынан заманы тарылып жүрген халықтан ілім талап ететіндер табыла қояр ма екен? Табылған күнде де құдайдан безген өкімет, бізді жайымызға қоймас. Қара басымның қамын ойлап, Сізді бұл жерге тастап кете алмайды екенмін. Не көрсекте, Сізбен бірге боламын. Біздің нәпсіміздің тәрбиесі үшін осы жер қолайлы екен, – деп абақтыдан шығудан бас тартады.

–        Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Шамаң келсе баламды босат, – дейді абақтының бастығына. Сонда ол:

–        Жасы үлкен қария болса бір сәрі, ауру-сырқау, есі ауысқан деген сияқты анықтама қағазбен босатуға болар еді. Балаңыз жас, оны босата алмаймын. Шығарудың мүмкіндігі болып жатса, өзім хабар беремін, – дейді.

Бір күні қатты жауыннан соң тікен сымның астынан еңбектеген адам сиярлық бір жыра пайда болады. Сол түнде Аппақ ишан ата баласын ұйқыдан оятып: «Мағзұм, Сізге жол ашылып тұр. Тез аттаныңыз» – деп әмір етеді. Шойын жолды жағалап жүре бер, аржағынан көмек келіп қалар» – дейді.

Сөйтіп, Бақиболла ата тікен сымның астындағы жырадан еңбектеп өтіп, қаша жөнеледі. Жыраның ішіндегі көлшік сумен балшыққа малынып, киімі зіл батпан болады, оны елеуге шамасыда жоқ. Бақиболла атаның шығып кеткенін ешкім байқамаған болады, артына қуғыншы түспеген. Бұл өңірдің табиғаты ерекше, жері құнарлы, шөбі шүйгін, қара күзге дейін жап-жасыл болып құрап кетпей жайқалып тұрады. Жергілікті халық шапқан шөбін орған жерге шөмелей жасап үйіп қойып, қар түскен соң шанаға (өгіз, ат, түйе, әркім шамасына қарай) жегіп тасиды екен. Бақиболла ата ойға шомып отырып қалғып кетеді. Бір кезде қамшының сабымен етігінен біреу  түртіп оятады. Қараса дәу біреу тұр. Мұрты шаптай, белінде қайыс белдік (ол кезде беліндегі үшелі келетін қайыс белдікке желкеден асырып ені бір елідей қайыс таспа  тағылады, бұтына галифей шалбар, аяғында етік, өкімет адамдары да, шолақ белсенділер де солай киінетін). «Тұр!» – деп бетіне бажырайып біраз үнсіз қарап тұрады. Түріне қарасаң шолақ белсенді ме деп қаласың. Біраз үнсіздіктен соң, жөн сұрасып: «Аппақ ишанға кім боласың?» – деді. Баласы екенін білген соң «Аллаға шүкір» деп, өзі Аппақ ишан атаға бір тай беріпті. Ата оған: «Өзіңде тұра берсін, уақыты келгенде, өзім кісі жіберемін» – деп аманат етіп қалдырған екен. «Аппақ ишан ұсталып кетіпті» дегенді естіп, не істерін білмей жүргенде түсінде Аппақ ишан ата: «Аманаттың иесін жібердім» – дейді. Сөйтіп, түсінде көрген жерді айнымай танып, тауып алып, Бақиболла мағзұмға кез болады.

Сонымен күн бата Аппақ ишанның мүриді жарау шоқтығы биік, тоқпақтай кекіліне қолын созған адам әрең жететіндей, жуан аяқ, құйма тұяқ, майда жал, тықыр жүнді, жүзіктің көзінен өткендей сұлу бір атты әкеліп, алдына көлденең тартып: «Аппақ ишанға атаған тайым, міне биыл бесті айғыр болды, белгілі тұлпардың тұяғы, Сізді жолға тастамас» – деп қолтығынан сүйеп мінгізеді. Қоржынға жолға азық салып, үстіне жақсы тон кигізіп, қалтасына ақша салып, қолына ауылнайдың (ауыл әкімі) мөрі басылған қағаз береді. (Ол заманда паспорттың орнына Пәленше деген пәлен ауылдың тұрғыны оңтүстікке қызына, жекжатына қыдырып бара жатыр деген сияқты мәтінде бір жапырақ суреті жоқ қағаз берілетін). Бақиболла атаға ақ жол тілеп тұрып:

–        Тақсыр, жолда мүридтеріңіздің үйіне түспеңіз. Заман қиын. Бірін-бірі ұстап беріп жатқан кез. Сізді ешкімнің танымағаны дұрыс. «Құдайы қонақ» боп мына қағазда жазылған аты-жөніңізді айтып кете беріңіз. Туған елге бармай әрі Ташкент жаққа қарай асып, заман түзелгенше бой тасалай тұрыңыз – деп шығарып салады.

Сталин өлген соң саясат өзгеріп, 1955 жылы «комендаттық режимді» алып тастап, репрессияны тоқтату сияқты заң шыққан соң, Бақиболла ата елге барып-келіп, қатынаса бастаған екен.

Ал Сейдахмет атаның бесінші баласы, Аппақ ишанның бауыры – Сабыр ата. Аппақ ишан ата екеуі Павлодардың абақтысында бірге болады. Халық «Сабыр дамла» деп атаған. Сейдахметұлы Сабыр 10 жасында елден кетіп жат жерде білім алады. Ол Бұхара, Хиуа қалаларында 30 жыл оқыған. Сөйтіп, 40 жасында елге оралып ілімі асқан ғалым болып келеді. Шаян  медресесінде мударис (дүниенің тілімен айтсақ «профессор, академик» деген лауазымдар) ұстаз болып қызмет атқарады. Сабыр ата қырық жасында үйленіп, екі әйелінен үш ұрпақ тарайды. Үлкен әйелінен Таһир мен Шайықхасан, кіші әйелі Орынгүлден – Біләл мен қызы Мехризариф дүниеге келеді (репрессиядан кейін Тайыр болып, ал Сейдахметовтер – Ахмедов болып ауысады. Көбінің аты-жөні өзгерген). Сабыр дамланың Таһир атты үлкен баласынан – Әуесхан мен Тәжіхан дүниеге келеді. Ал екінші ұлы – Шайықхасан әйелі – Мәді ишанның қызы Руман. Олардан –  Абдунаим, Абдухалим, Абдужамил атты ұлдар мен Әлимахан, Гауһар есімді қыздары дүниеге келеді.

Кеңес өкіметі Сейдахмет ұрпақтарын қамауға алған кезде Сабыр ата 60 жастың шамасында, Аппақ ишан ата 62-65-тер шамасында, Бақиболла ата 26 жаста болады. Үшеуі «Халық жауы» деген жаламен қамалып кеткен соң, олардың әйелі, бала-шағасы да «қоғамға зиянды элементтер» деп қудалауға түседі. Сабыр атаның кіші әйелі баласы Біләлмен Шәуілдір жаққа төркінін сағалап кетеді. Ал үлкен әйелінен екі баласы Кентау жаққа Ащысай кенінде қара жұмыс істейді. Ол жерде де қара тізімге ілінеді. Ишанның жанашыр мүридтерінің бірі: «Ертең қара тізімдегілерді ұстап алып кетуге Шымкенттен әскер келеді, бүгін түннен қалмай кетіңіздер» – деген хабарды жеткізеді. Ағайынды Таһир мен Шайықхасан екеуі түйеге жүгін артып, үстіне бала-шағаны отырғызып, өздері есекке мініп, түнделетіп көшіп бара жатқан бір ауылға еріп, Өзбекстан жаққа қарай аттанады. Тіке кетпей айналма жолмен із жасырып, түнде жүріп, күндіз сай-саланы паналап, бірнеше айдан кейін Өзбекстанның Шахрисабиз деген жеріне жетеді. Әрі қарай Ауғанстанға өтуге қолайлы сәтті күтіп сол жерде бірер жылдай тұрып қалады.

Елдің біразы қалатын болып, басқалары түнделетіп үдере көшіп Ауғанға қарай кетеді. Ол заманда қызыл жендеттер ауылын тастап көшкендерді тұтқынға алмай ұстаған жерінде қатын-қалаш, бала-шаға демей қырып салатын болған. Көшпей қалғандары артқа шегінеді. Ыстылар (Ақ қойлы, Қара қойлы рулары) Жиззақ төңірегіне қоныстанып қалады да ал Сексендер руы, Таһир, Шайықхасан аталарымызбен бірге Ташкент шаһарына жақын «Қызыл Қойлық»  колхозына бір ауыл болып орналасады. Кеңес өкіметінің қудалауымен қашып, аты-жөндерін өзгертіп, қара жұмыс істеп күнелтеді.

Екі ағайынды Аппақ ишан мен Сабыр ишан дініміз үшін, ұрпағының жалғасы үшін, өздерін құрбан етіп баласы Бақиболланы құтқарды. Аппақ ишанның ұлы Бақиболла ата мен жұбайы Асадулла ишанның қызы Мәтлубахан анамыздан: ұлдары – Қалмұхаммет, Тұрмұхаммет, Әлмұхаммет, Сапарәлі, Құрбанәлі, қыздары – Феруза, Махфуза, Бибімариям тарайды. Бұл күнде олар бір қауым ел болып өсіп-өніп, ұрпақтарын дін жолына тәрбиелеп, аталарымыздың отын өшірмей келеді.

Бақиболла атамыздың кенже ұлы – Құрбанәлі Ахмет ишан бабалар салған жолмен тариқатты жандандырып, ұлы да, қасиетті «Аманатты» арқалап, жауапкершілікті мойнына алып, асыл дінімізді насихаттап, бабаларымыз ұстанған «Нақышбандия тариқатының» жолын жалғастырып келеді. Бабалар еккен жеміс бау-бақшасын, гүлзарын Кеңес өкіметі кесіп, отын бағбанды абақтыға тығып, жермен жексен етіп, көзін жойдық деп ойлады. Бірақ Алланың қалауымен заман өзгеріп, көктем келіп, күн жылынып, тамырынан бүршік атып, бау-бақша қайтадан жайқалып көгеріп келеді. «Алмас қылыш қап түбінде» жатпас дегендей, Құрбанәлі Ахмет ишан Піріміздей бағбан мәпелеп өсіріп, нәсіп еткендер жемісінің дәмін татуда. Ал көкірегі ашылмаған соқырлар оны қайдан ұқсын?! Рухты яғни жан-дүниесін таныған адам, өзін таниды. Ал өзін таныған адам, «Алланы» таниды. «Пірсіздің пірі шайтан демей ме» қазақ атам. Бұл жолда Пірсіз (ұстазсыз, жолбасшысыз) адам адасады. Аппақ ишан атаның немересі Құрбанәлі ишан Бақиболлаұлы – бабаларымыз еккен бау-бақшаның бағбаны, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның ізбасары, мұрагері. Нақышбандия тариқатының 36-Пірі.

«Орталық Азиядағы сопылық» атты (шетелдік зерттеулер) мақалалар жинағында Фриц Майерді (1902-1998) еске алуға арналған (құрастырушы әрі жауапты редактор А. А. Хисматуллин Санкт-Петербург Мемлекеттік Университетінің филология факультеті 2001 жылы шыққан) жинақта Нақышбандия тариқатының 35-Пірі Хазірет Ибраһимжан ишан баба және қазіргі 36-Пірі Хазірет Құрбанәлі ишан туралы жазылған. Мұнда сопылықты зерттеуші шетелдік ғалым Фриц Майер Нақышбандия тариқаты туралы кеңінен толғайды. Нақышбандия тарихаты осы әулиенің атымен аталады. Нақышбанд сөзін аударғанда нақыштау дегенді білдіреді. Яғни «Алла» сөзі адамдардың жүрегінде нақышталып нұрланып қалсын дегені. Алла әулиелерінің жүрегіне өзінің нұрымен қарайды; кім осы тақуа адамның қасында болса, осы нұрдың батасын алады. Ол айтты : «Кім біздің тариқатқа қол беріп және бізді жақсы көріп, соңымыздан ерсе, ол адам батыста болып, біз шығыста болсақ та , оның күнделікті тіршілігінде жарық және махаббат ағысынан азық береміз»,- деген.

Шайх Хазіреті Ибраһимжан ишан баба (қ.с.) Шайх Хазіреті Құрбанәлі Ахмет ишанға Пірлік етуге иджаза беруі яғни сопылық жолда шәкірт тәрбиелеуге рұқсат етуі туралы былай дейді: «Түсінбегендерге түсіндіріп қойыңыздар. Енді мына Құрбанәлі қожа ініміз, біздердің алдыңғы Пірлеріміздің тарапынан рұқсат берілген, мына пірәдарларға тәлім-тәрбие беруге рұқсат берілген пірәдарымыз. Бұл кісімен болған сұхбатты, мәмілені ол кісімен емес Хазіреті Бахауиддин (Нақышбанд) Пірімізбен болған сұхбат деп. Бізге сабақты сол жоғарыдан берілді деп қабыл қылсаңыздар, осы дәрежені, осы фәйіз-берекетті Алла Тағала нәсіп етеді екен» – деп, Шейх Хазіреті Ибраһимжан ишан баба айтқан екен.

Тектілерден тараған ұрпақ – қуғын-сүргін көрсе де бабалар жолын жалғастырып келе жатқан «Руханият әлемінің дарабозы» болған Аппақ ишан атаның немересі Нақышбандия тариқатының 36-Пірі Шейх Хазіреті Құрбанәлі Бақиболлаұлы Ахмет ишанның халқына берері орасан зор. «Пірім бар, не қамым бар» деген әрбір жан руханияттың бесігіне тербеліп, жолы ашылады. Әр пенде өз нәпсісімен күресіп, Пірін мойындап, осыны ұғына білсе, халқымызға «Алланың даңғыл жолы ашылып, нұр үстіне нұр құйылады».

Ал руханиятқа бөленген адамның жамандыққа бармайтыны анық. Сондықтан, ел болып, осы ишандық мектептерді дамытуды қолға алсақ, әрине халқымыздың болашағы жарқын болары хақиқат. Бұл қазіргі уақытта ұлтымыздың рухы биік халық боп сақталуы үшін ауадай қажет. Ата-бабаларымыз осы дәстүрлі дініміздің яғни сопылықтың арқасында ұлт болып қалды. Ал рухы биік таза халық ешқашан өлмейді! Ешкім мұндай аруақты жандарды жер бетінен құрта алмайды. Болашақ ұрпағымыз осы дәннен нәр алып сусындап өссе, болашағымыздың жарқын болатынына сенемін. Еліміздің шамшырақтай таза рухты ұрпағы көбейе берсін. Халқымыз мұндай зобалаңды ешқашан көрмесін. Шейх Хазіреті Піріміз Құрбанәлі Ахмет ишан айтқандай «Аруаққа сиынатын қазақ болайық!» Халқымыздың дарабоз әулиесі Аппақ ишан бабаларымыздың аруағы баршаңызды желеп-жебеп, демеп жүрсін!

Көңіл қойып, тыңдағандарыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін! Баршаңызға Алланың нұры жаусын!

 

Лаура-Ләйләхан Айтқожақызы Қуаналиева,                   Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button