Жарық нұрдың сәулесі

Қара шайх (лақабы – Қайып ата) әулие

ТҮРКІСТАННЫҢ ҮЛГІЛІ АУЫЛЫ – ШАРБҰЛАҚТЫҚТАРҒА ҮНДЕУ
АССАЛАУМАЛЕЙКУМ, АУЫЛДАСТАР!
Алдымыздағы сенбіде Тұрбаттағы Ысмайыл Ата зияратжайында үлкен халықаралық оқиға болмақ. Әлемнің ең танымал шығыстанушы ғалымдарының бір тобы ауданымызға келеді. Олардың ішінде Түркияда ИРСИКАда істейтін еліміздің бас Ясауитанушысы Ә. Момынов, тұрбаттық Ысқақ Атаның еңбегін Кабул архивінен тапқан АҚШ ғалымы Д. ДиУис, Түркияның атақты Ясауитанушысы Н. Тосун, Өзбекстанның әлемге танымал шығыстанушысы Б.Бабажанов, Ысқақ Ата еңбегі бойынша диссертация қорғаған Phd Ө. Тұяқ, т.б. әлем және еліміздің тарихшы ғалымдары Тұрбатқа ат басын тіремек.
Осыдан екі айдай бұрын Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» МТМ музей-қорығының Ясауитану Ғылым Орталығын ашу салтанатында Ясауи жолы тарихын зерттеуге Ысмайыл ата ұлы Ысқақ қожаның «Хадикатын» кеңірек пайдалану жөнінде сөз болған еді.
Енді сол тарихты зерттеуші әлемдік ғалымдардың үлкен тобы Ясауия жолын жалғастырушы, әулиелердің мөрі атанған Ысмайыл ата мен оның ұрпақтарының отаны – Қазығұртқа келе жатыр екен!!!
Бұл әңгімені сіздерге неге айтып отырмын. Бізге не қатысы бар деп жатқан боларсыз.
Тікелей қатысы бар. Ауылымыз орталығында Қайып ата мазаратындағы шлакоблок ғимаратта Ысмайыл атаның екінші ұлы Қара шайх (лақабы – Қайып ата) әулиенің сегіз ғасырдан бері тұрған қабірі бар. Бұл мәліметтің аңыз емес, тарихи шындық екені Ысқақ қожа еңбегі деректерімен дәлелденген.
Қазіргі кезде Қожа Ахмет Ясауи жолын жалғастырушылардың бірегейі, ХІV ғасырда Әмір Темірдің өзі оларды пір тұтып, басына кесене салған Ысмайыл ата мен оның тұңғышы Ысқақ ата тұлғаларына әлем шығыстанушыларының назары түсіп тұр. Осы сәтті өңірімізде туризмді дамыту қарқынын өсіруге пайдалануымыз қажет. Бұл үшін Ысмайыл ата кешеніндегі мешіт көптеген игі істер атқаруда. Ерлер мен қыздарға медресе ғимараттарын тұрғызып, көріктендіру жұмыстарын аяқтап келеді. Мешіт имамы Әнуар қажы өз қаржыларымен кешен аумағында кесенелер сәулетіне келтіріп Ысмайыл ата тарихы музейінің ғимаратын тұрғызуды , аудандық музей оған қажетті жер және жобалау құжаттарын дайындауды міндетіне алды. Сол музейдің экспонаттарының бірі ретінде – Ысмайыл атаның Ысқақ атадан кейінгі екінші ұлы Қайып атаның кесенесі ретінде біздің мазараттағы кесене суреті мен оның тарихынан мәлімет, әрине қойылатын болады.
Мазараттағы Қайып ата кесенесін жаңғыртып, сәулетін келтіріп қайта тұрғызу ауылда 4-5жылдан бері әңгіме болып келе жатыр.
Ысмайыл атада болып жатқан жақсы жаңалықтар сіздерге кесене мәселесін қайта көтеріп осы үндеумен шығуыма себеп болып отыр.
Қысқасы біздің Қайып ата Ысмайыл атаға барар жолдағы туристік бағдардың тартымдылығын арттыратын киелі қақпа іспеттес кесенеге айналуы керек.
Қайып атадан кейін Тұрбаттағы Ысмайыл ата сәулет кешені, үлкен ұлы Ысқақ ата кешені, 9-шы ұлы Ақтастағы Қажы ата мазары, т.б. зияратжайлар келушілерді күтетін болады.
«Үлгілі ауыл» атымызға лайық абырой әперетіін осындай бір істі талқыларыңызға тастап отырмын!

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button