Жарық нұрдың сәулесі

Бір өлеңнің тарихы

Мырзаби деген бек шықты

Бұл өлеңдi ақын, термешi Тұрсынәлi Айнабекұлы өзiнiң немере ағасы Рахымбекұлы Орынбектен 1957 жылы 3 қаңтарда үзiндiсiн жазып алып, соңғы 12 жолын Мәделiқожаның немере iнiсi Мүсырза ақсақалдан естiп-бiлiп толықтырған. Тұрсынәлі Айнабекұлының осы «Мырзаби оқиғасына» қатысты мынадай сирек те, құнды куәлiк бар. Оны бала кезiнде сол оқиға болған ауылда тұрған Рабиға әжей әңгiмелеп берген екен.

«Ташкенттен шыққан Қоқан ханының бегi Мырзаби қарулы 40 жiгiттен құрылған зекетшiлерiн ертiп, төс елiндегi дулаттардан аяусыз алым-салықтар жинап, Шымкент төңiрегiндегi қоңырат елiне ойысады. Зекетшiлер келiсiмен шектен тыс алым-салық салып, жергiлiктi халыққа өрескел зорлық-зомбылық жасайды. Зекет жинаумен қатар күн сайын Мырзабидiң қойнына қыз әкеп салуды талап етедi. Мұндай жағдайға шыдай алмаған ел қыз-келiншектердi еркекше киiндiрiп, шаштарын төбесiне түйгiзiп, көше бастайды. Қоқандықтар бұл жағдайды сезiп қойып, жасырған қыздарды тартып алып отырады. Осы қорлыққа шыдай алмаған халық Мәделi, Мұсабек, Ырысқұлбек батырлардың басшылығымен Мырзабидi зекетшiлерiмен қосып түгел өлтiру үшiн астыртын ұйғарым жасап,  баталасады. Бадам өзенiне жақын жердегi Ордабасы қыратының  маңындағы  «Қотырбұлақ»  деген жерде,  Асқар датқаның  баласы  Жәбек бидiң  отау үйi  орналасқан екен. Мырзаби тобын өлтiру үшiн бiрден-бiр қолайлы жер осы Жәбек бидiң үйi деп белгiленiп, зекетшiлер сол үйге қонаққа шақырылады. Мырзаби қырық жiгiтiмен Жәбектiң үйiнде алаңсыз отырғанда Мәделi, Мұсабек, Рысқұлбек бастаған жасақтар Мырзаби тобын түгел қырып тастайды. Зекетшiлерден тек жалғыз адам қашып құтылып үлгередi. Осы жағдайды көзiмен көрген Рабиға әже сол кезде сегiз жасар қыз екен. Ол кiсiнiң 1932 жылы 82 жасында дүние салғанын ескерсек, уақиғаның болған уақыты 1858 жылға тура келедi. «Жәбек бидiң он қанат отауының уылдырықтары туралып, керегелерi талқандалып кеткен едi» деп есiне алған сол күнгi болған оқиғаны Рабиға әжей.

Мырзаби дауын тындыру iсi Ташкентке және Ташкент өңiрiндегi қоңырат елiне беделдi Асқар датқаға тапсырылады. Ташкенттегi  Қоқан хандығының билеушiлерi бидi Асқар датқа баласының үйiнде өлтiргендiктен бұл жағдайға Асқар датқаның да қатысы бар деп есептеп, iшкен тағамына бiлдiрмей у қосып бередi. У iшкен Асқар датқа көп кешiкпей Ташкентте дүние салады. Мырзабидi өлтiрген соң қалың ел Арыс өзенiнен асып, төменге қарай дүрлiге көше бастайды. Асқар датқа өлген соң  Мырзаби дауын тындыру iсiн Мәделi өз қолына алады. Мырзабидi кiм өлтiрдi деген қоқандықтардың сұрағына батыр «Адам баласының ары мен шариғат заңына сиыспайтын iс қылғандықтан Мырзабидi өлтiрген менмiн» деп өз мойнына алады. «Адамдық ар-намыстарың болмай, шариғат заңына қарсы әрекет iстей беремiз десеңдер, Мырзабидi өлтiрген менi өлтiрiңдер. Бiрақ, халыққа тыныштық берiңдер» – дейдi. Халықтың көтерiлiсiнен сескенген Қоқан өкiлi  Мәделiнiң уәжiне тоқтап, лажсыздан «Мырзабидiң қанын кештiк» деп, дүрлiге көшкен елдiң бетiн қайтаруды Мәделiге тапсырады.

Мәделiнiң бұл ерлiгi халық аузында аңызға айналып, елден елге тарап кетедi» деп жазыпты Тұрсынәлі Айнабекұлы өз қолжазбасында.

Ералы  Оспанұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button