Ғалымның хаты

АЙҚОЖА ИШАН: тұлға тағылымы

Төреғали ТӘШЕНОВ, ақын

Жұмақтағы төрт өзеннің бірі – Сыр бойында

Кімдер бүгінде мешіт-медресе салмай жатыр. Сондықтан ашылу салтанаты таңсық емес. Діни насихатқа да пәлендей мұқтаж ешкім жоқ. Басында солай ойлағам. Бірақ, ашылатын Айқожа ишан мешіті дегенде елең ете қалдым. Енді ше, бір әулеттің емес, бүкіл қазаққа ортақ атақты төрт ишанның бірі. Ауғанстандағы қырық мың мүриді бар ғұлама ғалым Ислам Шайхтың қолынан шатырхат алған төрт шәкірті: Марал ишан, Құлболды ишан, Қосым ишан, Айқожа ишанды айтып отырмыз. Ал олар ұстанған дәстүрлі дініміз адамзатқа ортақ тарихымызбен біте-қайнасып кеткен. Сол топтың ұлы ұстындарының бірі Айқожа ишанның туғанына 250 жыл.

Сонымен Жаңақорғанға жетіп жығылып, ертеңіне Сыр өзенін  өрлеп жолға шықтық. Жарықтық Сыр өзенінің бойы  қамысы шулаған, жайыны тулаған, кең жайылған ен тоғайдан көрінбейді.  Берекеге толы құт мекен.

Хадис бойынша жұмақтың төрінде төрт өзен сарқырап ағып жатады демей ме. Олар: Ніл мен Евфрат және Сейхун мен Жейхун. Соңғы екеуі  Орта Азиядағы Сырдария мен Әмударияның ескі атауы. Сәл ғана таратып айтсақ, Пайғамбар миғражға көтерілгенде, Жұмақтан төрт өзен көргенін айтқан: бірі тұнық судан, бірі дәмді сүттен, бірі тәтті шараптан, бірі таза балдан екен. Хадиске тәпсір жасаған оқымыстылардың дені (Мүсілім, Әбу Хурайра т.б.) төрт өзеннің біреуін бастау көзін Түркиеден алып, Сирия арқылы Иракка ағып баратын, одан Тигр өзеніне қосылып, Парсы шығанағына құятын Евфрат өзені деген, оның жалпы ұзындығы 2800 шақырым. Екінші өзенді Ніл депті: Эпиофиядан бастау көзін алып, ондаған мемлекеттің жерін басып өтіп, Мысыр арқылы Жерорта теңізіне құяды, ұзындығы 6650 шақырым. Қалған екі өзен Арал теңізіне құятын Сырдария (ұзындығы 2212 шақырым) мен Әмудария (ұзындығы 2540 шақырым) Мәуереннахрда, яғни Орта Азияда. Хадиске түсінік бергендер бұл төртеуін исламның ақыретке дейін үзілмейтін  руханият өзені дейді, яғни дін-исламға қызмет еткен бүкіл қасиетті тұлғалар, бабтар мен аяулы әзіз әулие-әнбиелер, ишандар мен мақсымдар, шайхтар, мағзұмдар, ахундар, қысқасы ғұлама алымдар  осы төрт рухани өзеннің бойына  орналасқан, бұл рухани өзендердің суын сарқып ішкендер  солардың шарапатымен жұмақ тұрғындарынан болады делінеді. Зердесізге бұл аңыз-ертегідей естілер, зерделі өзі-ақ ұғып-сезер.  Сол сырға толы Сырдың бойындамыз. Алыстан мұнартып Қаратау көрінеді. Арғы беті – Теріскей, бергі беті – Күнгей. Болса да Түркістан тиіп тұр.

«Қарасопы» қорымында

 

Зияратымызды  атақты Қорасан баб әулиенің кесенесіне тәуап етуден бастаймыз дегенбіз.  Солай ұйғарысқан  жол бастаушылар. Осыдан соң  автобус толы зияратшылардан бөлініп, жеңіл көлікпен  алға шығып кеткенбіз. Бір кезде көлігіміздегі  белгілі кинорежиссер Қалила Омаров шыр-пыр болды да қалды. Сөйтсек, зияратты алдымен «Қарасопы» деген қорымнан бастайтын болыппыз. Аттың басын қиыс бұруға тура келді. Әне-міне дегенше көздеген жерге де жетіп келдік. Бұл жер бұрын Айқожа ишанның ескі жұрты болған екен. Ал Қарасопы Айқожа ишанның мүриді болған, алғаш осында жерленгеннен кейін бұл жер «Қарасопы қорымы» аталып кетіпті. Айқожа ишан Бұхарадан оқу оқып келгенде осында қоныстанып, мешіт тұрғызыпты. Әлдебір дәретсіз әйел бірінші болып  киелі ғимараттың  табалдырығынан аттап қойғаны үшін мешіт үйін бітпеген күйінде қалдырыпты. Одан бері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де сол бітпеген күйі тұр. Аздап аялдап, құран сүресін бағыштаған соң, ары қарай жылжыдық.  Сәулеті келіскен үш қабат үйдің биіктігіндей  көне кесене жарқ етіп шықты алдымыздан.  1895 жылы салыныпты. Мемлекеттің қорғауында екен. Ішінде Айқожа ишанның қос ұлы: Мамырайым шайх пен Ыбырайым шайхтан бөлек, аяқ жақтарына оларды пір тұтқан жергілікті  алты ата Қоңыраттан шыққан датқа мен би-болыс та  жерленіпті. Қожа сыйлап өскен елдің баласы  емес пе, күні бүгінге дейін бабалары қол берген пірдің аруағы үшін олардың тұқым-түяқтарына жасы кіші болса да пайғамбар ұрпағы деп жол беріп, алдын кеспейді екен бұл өңірдегі үлкендер. Бұл да өсер елдің ата салтқа берік тағылымы-ау деп түйдік.  Жаңақорған ауданындағы қоңырат тайпасының  Жауғашты, Ноғай, Киікші, Қырғызәлі, Қараша, Божбан т.б. рулары туралы айтып отырмыз.

Қорасан баб басында

Келесі бет алған жағымыз болса да атақты Қорасан баб кесенесі. Қорасан баб кім болған десек, жазба шежіренің баяндауы былай. 748 жылы Қытайдағы Таң династиясының сансыз қолы Түркі даласына басып кіргені тарихтан белгілі. Бір-бірімен алауыз Түркі қағандары Таң билігін мойындап, Қытай империясына қызметке кіріседі. 751 жылы мұсылман әскері түркілерге көмекке келіп, қытайларды тас-талқан етіп жеңеді. Тауарихта «Талас ғазауаты» деп таңбаланған бұл зор жеңістен кейін 764-768 жылдары ағайынды Ысқақ баб (Баб ата), Әбдіжәлил баб (Қорасан ата), Әбдірахман баб (Бурахан ата) үшеуі Шамнан (қазіргі Сирия) шығып, Түркістанға хижратпен «ислам аша» келеді.  Бұл жайында әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қазақ шежіресіне қатысты жазбасына сүйенсек, Мәшекең онда былай дейді: «Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрам маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық» атанған шаһар болыпты. Оның билеуші-бастығы Ысқақ баб деген батыр болыпты. Мұның заманында қазақтан Өтеміс деген батыр шығып, орталарында көп соғыс болып, ақырында Ысқақ сауыр тонды Өтемісті байлап алып, қорғанның бір бұрышына тірідей қалап жіберіпті. Сол қорған бүгінге дейін бар деседі».

Мұнда айтылатын Қарғалық қаласы қазіргі Бабата (Созақ ауданы) ауылының  тап маңында болған. Бабатада Ысқақ баб кесенесі  тұр. Ал оның Өтемісті байлап алып қорғанның бір бұрышына қалап жіберген жері, қамал бітпей қалып  Шолаққорған атанып кетіпті. Бабата мен Шолаққорғанның арасы қырық шақырымдай, екеуі де Созақ ауданында орналасқан.

Біз кесенесін көруге келген Қорасан баб Өтеміс батырдың қолынан намаз үстінде қаза тапқан соң, жан тапсырған орнында  жерленген. Ағайынды екі бабтың жатқан жері белгілі, ал үшінші Әбдірахим бабтың қайда жерленгені әлі күнге белгісіз. Айтушылар оның қабірі Қытайдың ежелгі тарихи астанасының  маңында қалуы мүмкін деседі. Егер қытай тарихын шындап зерделеушілер шықса, қытайша атпен аталып кетуі мүмкін қабірі ол жақтан болашақта шаң беріп қалуы да ықтимал.

Жаңақорғаннан шамамен қырық шақырымдай жердегі Қорасан баб кесенесі айналасы қоршалып, жайқалған баққа айналған алып аумақты алып жатыр екен. Суыққа пана, ыстыққа сая тал-дарағы суарулы, басынан адам арылмайтын күтімі көрініп тұр. Бұл жер заманында «Тотықұс» деген арал болыпты. Дәл қасында бұрын Сыр өзені шалқи ағып жатыпты. Қазір бұл жерден  оның тек ескі арнасын ғана көруге болады, өзен басқа жаққа аунап кеткен.

Кезінде  Құл Қожа Ахмет Яссауидің өзі зиярат етіп келген  Қорасан бабтың кесенесіне тура қасына келдік. Қорасан бабтың өз өсиеті бойынша әуелі кірер ауыздағы баласы Үсейін қожа кесенесі арқылы өтіп барып, баба басына зиярат еттік.

Қағбаның көшірмесі

Қорасан атаның өзге киелі жерлерден ерекшелігі – мұнда  Меккедегі Қағбаның көшірмесі бар. Ол бұл жерге қашан және қалай тұрғызылған? Қағбаның сұлбасы Әбдіжәлил бабтың тірі кезінде салыныпты деседі. Бірақ ол туралы нақты дерек жоқ, ел аузында аңыз ғана бар. Аңыз бойынша Қорасан баб күнде таңертең екі бас намазын Меккеге барып оқып келеді екен. Ұлы Үсейін қожа осыны байқап «Ата, сіз күніге Меккеге барып келе бересіз, онан да Меккені осында алып келсек қайтеді?» депті. Қорасан баб рұхсат бермейді. Күндердің бір күнінде Үсейін қожа әкесіне: «Ата, далаға шығып қараңызшы» деп өтігнеді. Хорасан ата сыртқа шықса, бұлт үстінде қалықтап тұрған Қағбаны көреді. «Көлеңкесін сызып ал да,  тез орнына жібер» деп бұйырыпты әкесі. Бұл ислам тарихы мен пәлсапасындағы Ибраһим пайғамбардың басынан өткен тарихқа ұқсайды.  Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға Меккеде Қағба үйін салуға бұйрық бергенде, ол «Е, Раббым, мен Қағбаның қандай екенін білмеймін ғой» дегенде, бұлт арасынан Қағбаның сұлбасы көрінген. Ибраһим пайғамбар сұлбаның сыртқы пішінін сызып алып, сол сызықтың үстіне Қағбаны тұрғызған.

1995 жылы Жаңақорған ауданында Қорасан атаның өмірден өткенінің 1100 жыл толуы кеңінен аталып өткен. Сол кезде ғұламаның ұрпақтары жиналып, кесенені қайта жаңғыртқан. Жанындағы Қағбаның сұлбасы да жөнделіп, ретке келтіріліпті. Кесененің күнбатыс бетінде жап-жақын жерде екен, көрдік, сыртын қоршап қойыпты, бұрынғы төрт бұрышты текшенің қабырғасын тек қоршаудың ішіне кіріп, қолмен сыйпап қана байқауға  болады. Бұрын  ашық болыпты, сыртын қара бояумен сырлап, кәдімгі Меккедегі Қағбаға ұқсатып қойған екен. Содан кей зиярат етушілер оны жеті рет айналып, Меккедегідей қажылық ғұрыптарын орындай бастапты. Әрине, бұл үлкен адасушылық. Бұл жерді ешқашан «Екінші Қағба» деп атауға болмайтыны балаға да түсінікті. Сонымен  Қағбаға ұқсайтын ескерткіштің түр-сипатын өзгертіп, қоршап қойғандықтан, бұрынғы Қағба көшірмесін қазір көре алмайсыз. Тек қоршау ішіндегі бұрынғы қабырғасын алақанмен сипаған болдық. Қалай десек те, бұл орынға да құрметпен қарауға тиіспіз, өйткені онда бабалардың тұнған тарихы жатыр. Тарих қашан да құрметтелуі тиіс. Қасындағы емдік суы бар құдығынан мейірлене су іштік. Қазақ даласындағы тылсымға толы  киелі мекеннен рухани қуат алған соң, бірқыдыру жердегі қасында Айқожа ишанның мазары бар Ақтас мешітіне қарай бағыт алдық.

«Ақтас» мешітінде

Білетіндер бұл жердің «Ақтас» мешіті аталу себебі, VIII ғасырда Ақтас деген әулие араб сардарларының бірі жерленген, сол кісінің құрметіне аталыпты деседі.

«Ақтас» мешіті қайталанбас өнер туындысы,  биіктігі 20 метр екен. Республикалық маңызы бар мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында. 1884 жылы салыныпты.  Бұрын қасында талай ғұламалар сабақ алған үлкен медресесі болыпты. Бұл медресе 1925 жылы кеңес заманының қысымымен жабылыпты. Мешіт те бұзылып кетер ме еді, көзіқарақты кісілер әдейі қасынан елді көшіріп жібергенге ұқсайды. Елеусіз қалған мешітке тие қоймас деген амалсыз әрекет. Бүгінде мешіт айналасында ел қалмаған, айдалада жалғыз өзі асқақтап тұр. Бұрын таң бозында төбесінен Түркістандағы Әзірет Сұлтан  кесенесі менмұндалап көрініп тұрады екен.  Кезінде қызыл белсенділер бұл мешітті атқора жасапты. Сталиннің көзі кеткен заманда әлдебір НКВД офицері болған ұлты орыс кісі төтеннен қатты ауырады. Беймәлім ақ сақалы бар мұсылман кісі түсіне еніп, тыныштық бермей қояды. Дәрігерлер еш диагноз қоя алмайды. Содан қожа-молдаларға жасаған қаныпезер қиянаты есіне түсіп,  арнайылап осы мешітке келеді.  Мешіт ішінен қалыңдығы 20-30 см болатын жылқының қиын бір өзі сыртқа шығарып, әбден тазалаған соң ғана, әлгі орыс кісінің кеселінен жазылғанын жұрт әлі күнге жыр қылып айтып отырады.

Мешітте бүгінде бес уақыт намаз оқуға барлық жағдай жасалынған.  Қарама-қарсы бетінде құдайы тамақ беретін үлкен асханасы, тағы да басқа шаруашылық жайлары бар.

Ақтас мешітінің тап қасындағы қалың қорымда Айқожа ишанның жаны жай тауыпты. Сәулетті етіп салынған кесенесіне тәуап етіп, құран бағыштадық.

Айқожа ишан Темірұлы 1773 жылы осы аумақта туып, 1857 жылы 84 жасында осы жерде дүниеден озыпты. Қайтыс болған соң он бес жыл өткенде 1773 жылы осы кесене тұрғызылып, 1857жылы қайта жаңғыртылыпты.

12 жасынан Ташкент, Бұхарада оқып, әрі қарай діни білімін жетілдіру мақсатында Ауғанстандағы Герат қаласының маңындағы Каррух елді мекенінде Ислам Шайх ұстаздан он жылдай білім алады, ол жерде Марал, Құлболды, Қосым ишандармен бірге жоғары білім алып, ұстаздарынан Пір дәрежесіне құқық беретін шатырхат алады. Олардың ұстаз Пірі Мүхаммед Ислам Шайх Каррухий Бухарий 1726 жылы туып, 1807 жылы дүниеден озыпты. Осы Пірдің рұхсатымен Айқожа ишан Түркістан аймағында  пірлік етуге Жаңақорған жеріне 1800 жылдары оралады. Ұстазының қасына қосып ертіп жіберген мүриді Қарасопымен бірге Түркістан өлкесімен қоса Арқа жұртына да діни имандылық тәрбиесін берумен айналысып, елді сауаттандырады. 1808 жылдан бастап Қоқан ханының бұйрығымен Жаңақорған жеріне қазы болып тағайындалады. Кіндігінен тараған он бір ұлы кейін Орта Жүз руларының қожасы болады.

Жақында Айқожа ишанның ұрпақтары болып келетін белгілі кинорежиссер Қалила Омаров пен кәсіпкер Талғат Әшімов екеуі Айқожа ишан ізімен Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Ауғанстанның Герат қаласына  барып, Ислам шайх Каррухи ұстазының Айқожа аталарына берген рұхсатын, силсилә, яғни рухани шынжыр бойынша Нақышбанд тарихатының Түркістан аймағындағы 31-ші пірі екендігі парсы тілінде жазылған ижазасын  (шатырхатын) алып келді. Әрі ұстазының кесенесіне зиярат етіп, деректі фильм түсіріп қайтты. Бұл қасиетті бабаны ұлықтау жолындағы үлкен жетістік.

Айқожа ишан заманынан бері Сыр мен Арқа арасындағы рухани жол үзілген емес. Сонау Арқа ғана емес, Қазақстанның батысы мен шығысынан, тіпті шет елдерден  ат арытып келген қонақтарға арналып кешке мешіт кешенінің кең залында салтанатты қонақасы берілді, салихалы әңгімелер айтылған рухани кеш болды.  Тарихтың ашылмаған беттері ашылып, талайлардың жүректер нұрланды. Сол кеште құттықтау  сөз сөйлегендердің бірі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, белгілі шығыстанушы ғалым Төрәлі Қыдырдың айтуынша, ғасырлар бойы сабақтасып кеткен дініміз бен дәстүрімізге қарасақ,  қазақ даласына діннің таралуының үш жолы болған. Олардың ең біріншісі  ислам алғаш келгендегі бабтар кезеңі; екіншісі Қожа Ахмет Яссауи бастаған Хакім ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Данышпан ата, Сүзік ата, Ұзын ата, Исмайыл ата, Ысқақ ата, Қошқар ата, Бекет ата секілді көптеген қасиетті әулие аталар кезеңі; үшіншісі ишандар кезеңі деп аталады. Ал Қазақ хандығы тұсында екі мектеп: рухани қайнардан нәр алған ишандар мектебі мен шариғатты терең игерген ахундар мектебі қалыптасқан. Сол мектептерді енді ғылыми түрде негіздеуіміз керек. Бүгінгі таңда Әдебиет және өнер институтында қырық мыңдай қолжазба бар екен. Сол қолжазбалардың тоқсан пайызы араб әрпімен шағатай тілінде, дұрысын айтқанда бүкіл дешті-қыпшақта қолданылған түркі әдеби тілінде жазылған екен. Осында әкеліп қойылған Астана қаласындағы «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы қалпына келтірілген көне діни кітаптардың көрмесіне қойылған тас баспамен басылған кітаптардың негізгілері түркі әдеби тілінде (шағатай тілінде) жазылған еңбектер болып шықты. Бұдан ислам әлеміндегі араб, парсы тіліндегі құнды дүниелердің бәрі орта ғасырлардың өзінде-ақ түркі әдеби тіліне аударылғанын байқаймыз. Бабаларымыз сол еңбектерді оқып, тұшынған. Абайдың өзі Қожа Хафиз, Фирдоуси, Сағди, Науайыларды осы аудармалар арқылы оқып білген. Жақында Астана қаласында түркі халықтарының діни ақсақалдар кеңесі құрылыпты, бұл жат ағымдармен ортақ кеңістікте қоғам болып күресуіміз үшін қажет екен. Сөз жоқ, бұл бұрын Дешті-қыпшақ пен Қорасан атанған ұлан-ғайыр аймақтағы ата дініміздің, ишандар жолының дұрыстығын айғақтайды.

Айқожа ишан атындағы мешіт ашылды

Айқожа ишанның 250 жылдығына арналған шара ертеңіне Жаңақорғанда Айқожа ишан атындағы мешіт-медресенің салтанатты түрде ашылуымен жалғасты. Батыс Қытай мен Батыс Еуропа тас жолының бойында қолайлы орналасқандықтан бұл мешітте  сапардағы кез келген жолаушы құлшылықтарын орындай алады, тынығып алуына молынан мүмкіндік бар. Тоғыз жолдың торабы. Құлшылық үйінің есігін айқара ашқандар баба дәстүрінің бұл мызғымас ережесіне берік екенін танытты деуге болады.  Көптен күткен қуанышқа халық та молынан жиналды.  Қос мұнаралы сәулеті келіскен мешітте бір мезгілде үш жүз адам намаз оқи алады. Одан бөлек 600 орындық асханасы, 60 балаға шақталған медресесі де бар. Бұл жастардың діни сауатын арттыруына мол мүмкіндік береді. Ғибадат үйіне жиналған халық елдің бірлігі мен тыныштығына дұға етті.

Мешіт үйін ары қарай ұстап тұруды өз міндетіне алған Айқожа ишанның ұрпағы, алматылық кәсіпкер Талғат Әшімовтің айтуынша, мешіт-медресе құрылысы былтыр желтоқсан айында басталыпты. тоғыз айда пайдалануға беріліп отыр. Медресінің екінші қабатында 60 шәкірт қонатын орын бар, ал оқу орталығына 150 шәкірт сияды. Мешітті ұстап тұру үшін асхана салынған, ал медресені ұстап тұру үшін болашақта коммерциялық мақсатта шаруашылық жайлар салынбақ.

Мешіттің ашылу салтанаты кезінде Өзбекстаннан келген  Самарқанд қаласындағы Имам Бұхари атындағы Халықаралық ғылыми-зерттеу институтының доценті Мехрожиддин Амоновтың  «Орта Азиядағы Нақышбандия-мужаддидия тарихаты (ХVIII-ХIХ ғасырлар» атты монографиясының қазақ тіліндегі аударма кітабы мен белгілі журналист Айгүл Уайсованың «Айқожа ишан: әулеттің асыл мұрасы» атты кітабы және Айқожа ишан ұрпақтарының жазып қалдырған қолжазбалары негізінде құрастырылған «Өзімнің білгенімді сөз қылайын» атты жинақтың  тұсаукесері болды. Бұл үш кітаптың шығуына демеушілік жасаған Айқожа ишан ұрпағы Әшімов Талғаттың бабалар мұрасына адалдық танытқаны үлгі етерлік іс. Сондай-ақ жиналғандар Айқожа ишан мен оның ұрпақтарынан қалған жәдігерліктер, солар ұстанған мүліктер, киген киімдер, сирек кітаптар мен қолжазбалардың көрмесін тамашалады.

Келелі жиынның соңы  «Айқожа ишан және Сыр бойындағы тасааввуф иелерінің функционалдық қызметтері мен қилы тағдыры» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.

АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН  «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН

 

Жаңақорған, Айқожа ишан мешіт-медресесі  

2023 жылы 14-15 қазан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button