Ғалымның хаты

Рухани кеңістіктегі ишандық жол

Төрәлі ҚЫДЫР, шығыстанушы

Дәстүрлі ислами құндылықтардың қалыптасуында өткен ғасырларда өмір сүрген діни қайраткерлердің еңбегі орасан. Қараһандықтар, Алтын Орда, Қазақ хандығы, сондай-ақ, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген баптар, аталар, ахундар, ишандар, кәлпелер мен хазіреттер дәстүрлі діни танымның қалыптасуында өзіндік із қалдырды. Мәурәннәһір, Хорасан һәм Дешті Қыпшақтың исламдануында рухани мектептердің орны ерекше болды. Қараһандықтар тұсындағы иасауилік пен Қазақ хандығындағы нақышбандылық жолдар рухани кеңістіктің нығайуына өз септігін тигізді. Аталар мен ишандардың рухани жолы – түркілік рухани кеңістіктің кепілі десек артық айтқандық емес.

Расында да, қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі мұсылман жұртының исламдануында тариқат тізгінін ұстаған пірлер мен мүршидтер, яғни рухани ұстаздар ерекше еңбек етті. Өз заманының тақ иегеріне Алладан келген кереметтерін көрсетіп, олардың иманға келуіне себепкер болды. Мысалы, Жошы ұлысының ханы Беркенің (1209-1266 жж.) Исламды қабылдауында Нәжм әд-Дин Кубраның шәкірттері себепкер болса, Өзбек ханның (1280-1341 жж.) Хақты тануына иасауилік шайқылардың әсер еткені тарихтан белгілі. Берке мен Өзбек хандардың иманға келуінің нәтижесінде қазақ даласы тұтастай исламданды. Нәтижесінде Шыңғыс хан әскерімен келген ру-тайпалардың бәрі дерлік Хақ дінді қабылдады. Осы секілді Хорасан мен Мәурәннәһір өлкесінде билік құрған хандықтар мен әмірліктердің исламдануында да белгілі бір дәрежеде рухани ұстаздар әсер еткені белгілі.

Рухани тұтастықтың алғышарты – бір имани-сенімнің орнауы. Яғни, қоғамда бір мәзһаб пен бір діни дүниетанымның қалыптасуы. Түркі мұсылман халықтарының (Ирандағы әзербайжандарды қоспағанда) басым бөлігі фиқһта – Әбу Ханифа мәзһабын, ақидада – Имам Матуриди жолын ұстанады. Сондай-ақ, ихсандағы иасауилік пен нақышбандылық жолдың тұтастануы ортақ түркілік мұсылман дүниетанымын бекемдей түсті. Нәтижесінде Хорасан, Мәурәннәһір һәм Дешті Қыпшақта бір рухани кеңістік орнады. Иман, Ислам және Ихсан үштағанын берік ұстанған ата-бабаларымыз рухани бірлікке ерекше назар аударды. Герат, Балх, Бұхара, Самарқан, Ташкент, Түркістан секілді ислами орталықтардағы қадімгі діни медреселерде руханият негізіне ерекше назар аударылды. Дешті Қыпшақтың тумасы Мәурәннәһірде, Мәурәннәһірдің тумасы Хорасан өлкесіндегі медреселерде тәлім алды. Олардың алған ілім-тәліміне жергілікті халық жатырқай қараған жоқ, себебі ол кездегі рухани кеңістік бір еді. Яғни, рухани тұтастық бар еді.

Қазақ даласынан шыққан ахундар мен ишандар да рухани тұтастыққа ерекше назар аударды. Алғашқы білімін өз ауылындағы мектептерде (ол кездегі мектептер медресеге дайындық ретінде болатын) тәлім алып, өздерінің ілім-білімін Бұхара, Самарқан, Герат, Балх секілді шаһарлардағы белгілі діни медреселерде жетілдіретін. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ діни қайраткерлерінің біразы сол жерлерде тәлім алған. Солардың қатарында Тұрмағанбет Ізтілеуов, Қалжан ахун Бөлекбайұлы, Шәді төре Жәңгіров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Айқожа ишан Темірқожаұлы секілді діни ағартушылар да бар. Бірі ахундық дәрежеге жетіп, фиқһтық мәселелерге назар аударса, ендігі бірі ишандық жолға бет бұрды. Исламның заһири (сыртқы) жағы ахундар тарапынан насихатталса, ишандар көбірек батини (ішкі) жағына ықылас қойды. Сол арқылы Исламның заһиры мен батины тұтас қамтылды.

Шариғат негіздерін, яғни фиқһты жетік білген фақиһтар ахун деп аталды. Себебі парсы тіліндегі «ә-хунд» сөзі – оқымысты деген мағына беретіні белгілі. Яғни, медреседегі діни ілімдерді оқып, игерген жандар ахун деген атақ алған. Негізінен, шарғи мәселелерге назар аударылғандықтан да, ахундарды фақиһтар десе де болады.

Ал, ишандар, негізінен, руханият мәселесіне назар аударды. Ихсан ілімінің қыр-сырына үңілген ишандар рухани ұстаздың рөлін атқарды. Түсініктірек болу «ишан» сөзінің түп-төркініне үңілу қажет.

«Ишан» сөзі парсы тілінде «олар» деген мағына береді. Алайда, сопылық термин ретінде рухани ұстазға қарата қолданылады. Бұл терминнің дүниеге келуінің өзіндік мәнісі бар:

Дінде «менмендік» ауыр күнәлардың қатарынан саналатыны белгілі. Себебі менменсіп, тәкаппарланғандықтан да Ібіліс Алланың қаһарына ұшыраған. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 34-ші аятында: «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды» – деп, Әзәзілдің тәкаппарланып, Алланың әміріне қарсы келгені айтылады. Себебі адам «мен»-ді екі рет айту арқылы, «менмен» болатыны анық. Сондықтан да, иманы кәмел адам «менмен» деген сөзді айтпауға тырысқан.

Қожа Ахмет Иасауидің даналық сөздерінде:

`Ишқы тексә, күйдүргусі жан-у тәнні,

`Ишқы тексә, уәйран қылур ма-у мәнні,

`Ишқ болмаса, таныб болмас Мәулім Сені,

Һәрнә қылсаң, `ашиқ қылғыл, Пәруәрдигәр, –

деген жолдар кездеседі. Осында Иасауи Алланың шынайы ышқы келген уақытта «ма-у мәннің» күл талқаны шығатынын жазады. «Не қылсаң да, ғашық қылғын, Пәруәрдігәр» деп жырлаған Түркістанның пірі «менмендік» тұрмақ «ма-у мәнді» сын садағына алғанын көреміз. Тағы бір хикметтерінің бірінде ол:

Қайда көрсәң көңлі сынуқ мәрһәм болғыл,

Андағ мәзлум йолда қалса һәмдәм болғыл,

Рузи Мәхшәр дәргаһігә мәхрәм болғыл,

Ма-у мәнлік халайықдин қачтым мәна, –

деп жырлаған. Көңілі жарымдарды демеп, жәбірленушілерге қол ұшын созуды бұйырған Иасауи соңғы жолда «Ма-у мәнлік» халайықтан қаштым» деп жазады. Осындағы «ма» деген сөз парсы тілінде «біз» деген мағына береді. Сонда ақын «Біз және мен» дегенді айтып отыр. Иасауидің «біз және мен» дегенде пенденің бізді, яғни өзінің айналасындағыларды айту арқылы түп негізінде өзін айтуы көзделеді. Иманы кемелдер бұл сөздің астарында да «менмендік» ұғымы жатыр деп түсінген.Тіпті Алланың Өзі жалғыз бола тұра Құранда «біз» деп айтқан. Сондықтан да, «ишан», яғни «олар» ұғымы келіп шыққан. Зерттеушілер «ишан» сөзінің сопылық терминге айналуында Әбу Сәид Әбу әл-Хайир Майханидың еңбегін ерекше атап өткен.  Х-ХІ ғасырларда Хорасан өлкесінде өмір сүрген ол өз заманының белді тұлғаларының бірі болғанын: «Кейін біздің шайқымызды зиярат ету үшін Чағры мен Тұғрұл екі ағайынды Майханаға келді. Әдеттегідей шайқы біраз уақыт басын төмен қаратып отырды да, кейін басын көтеріп Чағрыға: «Біз саған Хорасан өлкесін береміз», ал Тұғрұлға (қарап): «Ирақ өлкесін береміз», – деді», деген жолдардан аңғарамыз. Селжүктер билігінің негізін қалаған Чағры мен Тұғрұл бектердің рухани ұстазы болған Әбу Сәид Әбу әл-Хайир көптеген шәкірттер тәрбиелеп, кемелдік ұстындарын насихаттаған. Біздің заманымызға дейін оның рухани мұрасын қамтитын «Әсрәр әт-тәухид фи мақамат шәйх Әбу Сәид Мухаммад ибн Мунәууәр Мәйхәни» деген еңбек жетіп келген. Осы туындыда Әбу Сәид Мәйхәнидің «мен», «біз» деген сөздерді айтпауға тырысатыны, олардың орнына «олар», яғни «ишан» сөзін қолданытыны жазылған. Риядан құтылу үшін де ол өзінің жасаған жақсылықтарын жасырып, «олар жасады», «олар істеді» деп айтатын болған. Кейіннен бұл сөз тариқат жолындағылардың негізгі тірегіне айналған. Содан сопылық ұғымындағы «шайқы», «пір», «ата» ұғымдарының баламасы ретінде «ишан» сөзі пайдаланылды. Қазақ хандығы тұсында бұл ұғым кеңінен қолданыла бастады.

Қазақ руханиятының ажырамас бөлігіне айналған Нақышбанд ілімінің «Қолың еңбекте, жүрегің Аллада (болсын)!» («Дәст бе кор, дел бо Йор») деген ұстанымы ақирет қамымымен бірге дүниәуи мәселелерге де назар аудару қажеттілігін алға тартты. Осының негізінде «Мәңгі өлмейтіндей еңбек ет, ертең өлетіндей құлшылық қыл!» түсінігі қалыптасты. ХV-XVI ғасырдан бастап қазақ халқының рухани жолына айналған бұл тариқат Орталық Азия, Кіші Азия, Еділ-Бұлғар, Кавказ түркілерінің арасына да кеңінен тарап, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Қазақ даласындағы рухани ұстаздардың еңбегінің нәтижесінде дін мен дәстүр сабақтасты. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан халықтың бай ауыз мұрасы ислами астар алса, кейбір рухани құндылықтар Құран және хадистен бастау алды.  Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдегі ұлттық һәм рухани құндылықтар мансұқталмастан, қайта дәріптелді. ХV-XVI ғасырларда өмір сүрген Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Жиембет, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жыраулардың жырларында дін мен дәстүр сабақтастығы көрініс берді. Зар заман ақындарынан саналатын Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердерінің өлеңдерінде имандылық мәселелері басты орында тұрды.

Ишандық дәрежеге жеткен тұлғалардың бірі – Айқожа ишан Темірқожаұлы. Ол дәстүрлі медреселерде тәлім алып, кемелдікке келген. Бір кездері ислами оқу орталықтарының бірі болған Хорасан өлкесінде білімін жетілдіріп, нақышбанды рухани ілімінің насихатшысына айналған. Оның тәлім алған жерінде қалып қоймастан, өзінің туған жері Сырдың сағасына келіп, шәкірт тәрбиелеумен айналысқаны белгілі. Оның діни ағартушылық қызметі туралы ел арасында аңыз-әпсаналар мен әртүрлі қызықты оқиғалар сақталған. Аңыз-әпсаналардың түбінде ақиқат жатқанын ескерсек, Айқожа ишан туралы ел арасына тараған дүниелердің өзіндік хақиқаты да бар. Ишандық жолдың «шариғат, тариқат, мағрифат және хақиқаттан» тұратынын ескерсек, сондағы шынайы ақиқатты түсініп, ұғыну маңызды. Соңғы жылдары Айқожа ишанға қатысты тарихи деректер архивтардан ақтарылып, жинақталып жатыр.  Оның қазақ даласындағы тарихи рөлі мен қазақтың рухани кеңістігін бірегейлендіруде сіңірген еңбегі әлі де зерделене түсері анық.

АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН  «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН

Жаңақорған, Айқожа ишан мешіт-медресесі  

2023 жылы 14-15 қазан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button