Жамал Қарши және түркінің көне қалалары
Тарихи-жағрафия-филологиялық “Мұлхақат ас-сурахтың” авторы Жамал Қарши 1230/31 жылы Жетісудың Алмалығында дүниеге келген. Ол моңғолдар Отырар, Сығанақты жаулап, халықты қанға бояғаннан кейін, 10 жылдан соң туылған. Оның аса құнды, тарихи шығармасы ұзақ жылдарға дейін белгісіз болып келді. XIX ғасырда Орта Азияның Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалаларын патшалық Ресей басып алған соң аталмыш шаһарлардан империя астанасы Санкт-Петербурге Бұхарадан әкетілген сандаған қолжазбалар арасында Жамал бабаның да “Мұлхақатының” бір бөлігі болған. Оған Орта Азияның атақты зерттеушісі В.В. Бартольд (1869-1930) көңіл аударған. Мұхаммед Хайдар Дулати, В.В.Бартольд, В.Розен, Н.Ф. Петровский, В.П.Наливкиндерден кейін Кеңес Одағы кезінде қазақ ғалымдарынан Жамал баба туралы салиқалы ойларын ортаға салған академик Әлкей Марғұлан. Әлкей ағамыз оны “Жетісу топырағында туып-өскен ғалым, тарихшы, жазушы… Әкесімен бірге Қаңлы тайпасының ортасында болып, олардың тарихи шежіресін, аңыздарын көп тыңдаған… Ол моңғол дәуірінде Орта Азия мен Жетісудан шыққан жеке-дара жазушы. Сол заманда Орта Азия мен Жетісуда болған оқиғаларды жете біліп, оны бірінші рет толық жазған ғұлама ғалым… Жамал Қаршидың бұл қасиетін Жетісудың одан үш ғасыр соң жасаған тағы бір тумасы Мұхаммед Хайдар Дулати ерекше бағалап, оны өзінің ұлы ұстаздарының бірі санаған” дей келіп, оның өзі мен шығармашылығына жоғары баға берген. Бұл ретте өзбек ғалымдарының да еңбектерін атай кеткен жөн. 2005 жылы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты “Истории Казахстана в персидских источниках” атты сериямен Жамал бабаның “Мұлхақатын” Наманған қолжазбасы бойынша орыс тіліне аударып алғы сөз, түсіндірмелер, мәтін факсилимесімен шығарды. Тәржімалап зерттеуін жүзеге асырғандар Ш.Х. Вохидова, Б.Б. Аманова, жауапты редакторы Әшірбек Момынов. Біз Жамал туралы мақаламызда осы тәржімаға да сүйендік.
Жамал Қаршидың “Ас-Сурах мин ас-Сихахының” 700 беттік парсы тіліндегі қолжазбасын мен Каирдегі “Кітаптар үйінің” қолжазба қорынан 2000 жылдар басында таптым. Оны енді мұқият зерттеу керек.
Жамал Қаршиды сөйтіп Жетісудың Алмалығының тумасы дедік. Әкесін ол жоғарыда айтылғандай Баласағұндық хафиздердің бірі еді десе, ал шешесі Марылық шейх Әбу Әли шаһтың тұқымдарынан-ды. Алмалық қазір Қытай жерінде. Алматы облысы Панфилов ауданындағы Қазақстан-Қытай шекарасынан 13-15 шақырым, Іле өзеніне жақын жатыр. Шаһар қираған. Болашақ ғалымның жастық шағы міне осы Алмалықта өткен. Өйткені ол ұстазы Захир ад-дин Ашраф бин Наджиб әл-Касаниден дәріс алып жүргенде 12 жаста екен. Бұл 1250-1251 жылдары дүние салған Бұзаргұлы Сұқнақ текіннің билік кезі болса керек.
Жамал мемлекет басындағылардан көп қамқорлық көрген. Өйткені ол Жошының қызы Білген-бикенің перзенті Сығнақ (Сұқнақ) текіннің ұлы Ил-Бұтардың тәрбиешісі болған. “Мен оны еңбек етуге, оған өзімнің білім, білігімді ектім. Себебі өзім солай тәрбиеленген едім. Менің мақсатым – солардың [патша] сарайы еді. Өйткені онда пайда келтіргім келді. Сондықтан да мені (олар) әл-Қарши [сарайлық] деп атай бастады. Һижраның 648/1250-1251 жылы Маңкухан таққа отырғанда Сығнақ текін дүниеден өтті. Баласы Данышпан текін әкесі Сығнақ текіннің мәйітін ол жақтан Алмалыққа алып келді. Ол әке тағына ие болды. Бағынбай жүргендерді бас игізді. Данышпан текін әдепсіз, тәуекелшіл, жомарттығы ысырыпшылыққа жақын, епті және батыр жасөспірім еді. Ол һижраның 655/1257 жылы Күз Балықта (Баласағұн маңындағы кент) қайтыс болды. Оның денесі Алмалыққа әкелініп қамалдағы әкесінің сағанасында жерленді. Ал Ил Бұтар Һижраның 673/1274-1275 жылы Алмалықты тастап Қашғарға бет алғанда тым жас кезінде дүниеден өтті” деп еске алады.
Жамал Қарши Исмайыл әл-Жауһаридің “Тадж әл-луға уа сихах әл-арабийасымен” Қашғар қаласына барған кезде, ұстазы Бурһан ад-диннің кітапханасында танысқан. Ол Отырар перзентінің еңбегі негізінде оны араб-парсы сөздігі етіп қайта жасаумен қатар оған “Ас-Сурах мин ас-сихах” деген атау бермек болады. Сөйтіп ол мақсатын һижраның 681 жылы (1282 жылдың) сафар айында (27 мамырда) Қашғарда орындаған. Жамал дүниелерінің литографиялық нұсқалары Индия мен Ираннан табылған. Соңыра Жамалдың сөздігіне қосымшалар мен түсіндірмелер қосылса керек.
Арада біраз уақыт өткен соң Жамалдың өзі аталмыш сөздігі “Ас-Сурах мин ас-сихахқа” ескертулер (Мұлхақат) жасамақ болады. Ол оқушыға сөздіктің тиісті жерлерін түсінуге көмектеседі деп ниеттенген. Дей тұрғанмен оның ол дүниесі әртүрлі болып шыққан. Бірте-бірте ол “Мұлхақат би-сурах” деп аталып, жеке еңбекке айналған. Табылған нұсқаларына қарағанда “Мұлхақат би-с-сурах” жиі көшіріліп тұрғандықтан, жеке томға айналып кеңірек таралған.
Сонымен Жамал һижраның VII ғасырының екінші жартысында бірқатар жұрттарға сапарлар жасайды. 1269-1270 жылдары Әндіжан мен Талас өңіріне, ал 1272-1273 жылы Шашта (Ташкентте), 672/1273 жылы Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Баршынкент пен Жендте болады. Дәл сол жылдары мәшһүр шейх Камал ад-дин әл-Хорезми ас-Сығнақи қайтыс болған-ды. Ол моңғолдардың қолынан 1221 жылы Хиуа маңында қаза тапқан атақты сопы Наджм ад-дин Кубраның (1145-1221) шәкірті еді. Жамал оның зиратына барып, құлыптасына қазанаме (эпитафия) жазған.
Шашқа ол бір емес, 1293-94 жылдары екінші ретте барса керек. Сонан соң сонда тұрып жатқан ұлының жұмысына байланысты үшінші рет те сапар шеккен. Ол сондай-ақ Сырдарияның шығысындағы қазіргі Тәжікстан жеріндегі Ходжендте де болған. Онда ол жергілікті шейхтармен танысады. Ол туралы Жамал өз еңбегінде ескертіп отырған.
Сонымен “Мұлхақат би-с сұрахты” тарихи, діни, филология және жағрафиялық шығарма дедік. Онда грамматика, сонан соң әлемге белгілі тұлғалар, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жұбайлары мен ұрпақтары, аналары, есімдері, пайғамбарлардың, Адам атаның (ғ.с.) шежіресі, данагөйлер мен билік басындағылардың және пайғамбарлардың ата-тек шежіресі сөз болады.
Оған қоса Алла елшісінің (с.ғ.с.) бабасы Абд әл-Мүтталибтің ұрпақтары, шииалардың 12 имамы, ансарлар мен мухаджилер ізбасарларының аты-жөні, Бану Умаийа руларынан шыққан билік иелерінің ныспылары, аббастық халифалар мен олардың өмір сүрген жылдары, қазасы, грамматика мен лексикография ғылымының белгілі өкілдері туралы естелік, қарилердің, қасиетті кітаптың тәпсіршілерінің аты-жөні, кейінірек ғұмыр кешкен қасиетті Құранның тәпсіршілері, көне дәуірлік (джаһилийа) араб ақындары, олардың ішіндегі белгілілері әңгімеленеді.
Сонымен қатар атақты мұсылман билеушілері мен сұлтандар, Мауараннаһрлік түркі текті белгілі хақандар, Сам руынан шыққан атақты билеушілер мен сұлтандар, Селжұқтардан шыққан әміршілер мен сұлтандар, кейбір белгілі билеушілер мен уәзірлер, Хорезм шаһтық сұлтандар, моңғол текті хақандар мен олардың тарихының мазмұндамасы, белгілі әмірлер мен уәзірлер шығармаға арқау болған.
Еңбекте машһүр кісілер мен атақтылар жайлы тәптіштей жазылған сыпаттама, белгілі имамдар, сәлде иелері, саййдтар мен шарифтерді еске алу, Алмалықта тұрған білгір садрлар мен саййдтар, атақты имамдар, Қашғар қаласы мен оның атақтыларының сипаттамасы, ұлық қасиет иелері, белгілі кісілер, Хотан шаһары мен оның атақтылары, Ходжент қаласы, Ферғана елі, Шаш қаласы, Баршынкент жұрты, Женд шаһары жайлы мәселелер қамтылған.
АЛМАЛЫҚ
Жамал Қарши “Алмалық шаһары – Алла оны өзінің үлкен жарылқауына бөлесін. Мен әдейі Алмалықтан бастап отырмын. Ол заңды да. Өйткені ол менің туған жерім, беліме кременнен от шығарған, беліме қанжар байланған мекенім, отаным, достық байланысым болған жер, өмірімнің бір бөлігіне айналған, даңқым басталған елдегі астана, дін кіндігі, билеушілер мен хақандардың тұрған жері. Оның ауасы жанға жайлы, желі жеңіл, ал суының дәмі тәтті. Жел ол жерге жанға жайлы жылылық пен ылғал, жері хош иіс жағынан мускустан да асып түседі. Бақтар гүлдеп тұр, ал талдарының бұтақтары жеміс салады, жайлауы шөпке бай, тоғандары – тола, таңертеңгі сұхбат желдері кешкімен қосылып, ымыртта қоңырсалқын хош иіс әкеледі,”– десе ал, Мұхаммед Хайдар Дулати “машһүр қалалардың бірі – Алмалық. Бұл қазіргі кезде де белгілі қала.
Тоғылық Темір ханның мазары сол жерде, онда [байырғы] қала тіршілігінің белгілері сайрап жатыр. Хан мазарының күмбезі өте биік, әрі жазулармен әшекейленген. Тоғлық Темірдің (1329-1362) Моңғол хандары арасында бірінші болып ислам дінін қабылдағандығын айтқан жөн.
Алмалық қаласы қазір жоқ. Бірақ Тоғлық Темірдің кесенесі аз-кем бұзылып, өңі кете бастағанымен сақталып біздің заманымызға жетті. Шыңжаңдықтар Алмалық маңында күні кешеге дейін негізінен қазақтар тұрған дейді.
БАЛАСАҒҰН
Қазақ Совет энциклопедиясында: “Баласағұн – Қарахан мемлекетінің астаналарының бірі болған ортағасырлық қала атауы. Жазба деректерден X-ғасырдан бастап белгілі. Әл-Макдисидің мәлімдеуінше, ол “игілікке бай, үлкен қала” болған. Ал Махмут Қашқари Баласағұнның Күз-Ұлыс немесе Күз Орда деген басқа атауы болғанын хабарлайды. Зерттеушілердің пікірінше:Баласағұн алғашқыда (VIII ғ.) түрікше Беклік (Бекелік-бекініс), соғдыша Семекне деп аталған. Баласағұн тұрғындары түркі және соғды тілінде сөйлеген. Қала 1210 ж. Шыңғыс хан әскерлеріне қарсылықсыз беріліп, Бабалық (“Жақсы қала”) деп аталады. Шығыстанушылар: В.В. Бартольд, А.А. Бернштам, М. Тынышбаевтар Баласағұнның дәл орнын анықтауға күш салды. Баласағұнның орны туралы ғылымда бірнеше пікір қалыптасты. 1974 жылдан ҚазМУ археологтары (жетекші У.Х. Шалекенов) зерттеп жатқан Шу өңіріндегі Ақтөбе деп аталатын көне қала Баласағұнның орны деген де пікір қалыптасты. Онда ұсынылып отырған осы қалалардың қайсысы да V-XIII ғасырларда дамыған өркениет орталығы болған”[i] деп жазылған.
ҚАШҒАР
Жамал Қарши “Қашғардың ислам құзырындағы тамаша қала, ұлылардың бесігі, қасиетті әмірлердің отаны, ұлы ғұламалардың мекен-жайы, шаһар жері жағынан құнарлы да шұрайлы, жүзімі мол, жеміске бай, кемшіліксіз, алқаптарының суы мол, егістіктері жаңбырға мұқтаж емес, климаты құрғақ; көктем мен жазда жаңбырсыз, ал қыс пен күзде қар бола бермейді; Қарлы қыс жазда жеміс бере бермейді, ал көктемгі жаңбыр күзде мол өнімге кенелте қоймайды. Ауасы ылғалды-залалды, ал құрғақшылық жанға жайлы. Қала халқы жер жыртуға жаз кезінде өгіз бен сиырды пайдаланбайды, сол себепті жерді кетпен және киркамен өңдейді. Олардың өміріне қажетті астық, жеміс, үйге қажет керек-жарақтар, әшекей заттар, көрпе-жастық және т.б. бар”деп жазады.
1994 жылы Мұхаммед Хайдар Дулатидің жерленген жерін анықтау мақсатымен Қашғарға барғанымда Жамал бабаның осы жазғандарының ақиқаттығын көріп, таң қалдым.
ШАШ
Жамал Қарши еңбегінде айтылатын, мың жылдан астам тарихы бар Батыс Түркістандағы ежелгі Шаш, қазіргі Ташкенттің де өзіндік тарихы бар.
“Шаш, Чач – Сырдария өзенінің оң жағы, Шыршық өзенінің алабындағы ертедегі тарихи облыс. “Чач” атауы Сасан әулетінің патшасы Шанур I-нің (б.з. 262 ж.) жазбаларында, ал “Шаш” атауы арабтардың Орта Азияны жаулап алған кезіндегі араб тіліндегі жазбаларда кездеседі. 712-713 ж. Шашты арабтар талқандады. Саман әулеті мемлекеті құрылғаннан кейін Шаш оның негізгі облыстарының бірі болды. Таяу Шығыстан Қытайға баратын “Ұлы Жібек жолы” Шаш арқылы өтті. Шаштың астанасы Бинкент (XI ғасырдан Ташкент) бір кездері Шағатай ұлысы хандарына, ол құлаған соң Темір әулетіне қарады. Ташкент маңындағы феодалдық иеліктер “Шаш” деп аталды”.
Иә, Шаш туралы да Жамал баба жақсы пікір білдірген. Әдеттегідей ол оны “суының дәмді, климатының жанға-жайлы, өсімдіктерінің бай, жайыла өскен шаһар бұрындары исламның үлкен қалаларының бірі еді” деп жазады.
Сондай-ақ әрі қарай: “бұрындары дінсіз түркі халықтарының бірі шаһарды түнде келіп қоршап, оған топан судай қаптаған. Олар (түркілер) соғыс жағдайын барлау үшін таңертен келіп көргенде, қамал ішінен әлдебір дауыстарды естиді де: “Бұл нендей дыбыстар” деп сұрайды. Оларға жұрт ол азаншылардың таңғы намазға шақырып жатқан дауыстары ғой деп жауап береді. Түнді жаңғыртқан шафиғилар таңғы намазға шақыруларын үзбей жалғастыра берген еді. Шашта төрт мыңнан астам мешіттер бар болатын. Әрқайсысында 70 яки 60 үйден жұрт тұратын. Осы жайтты естіген олар (түркілер) мұндай жауаптан шошып кетеді. Сонда олар: таңертен ұйқыларынан оянған олар, өздерінің бізден көп екенін көріп, бізге қуып жетіп түкірсе, түкірігіне батырып жіберер дейді де қаша жөнеледі. Мұның бәрі олардың намазға шақырған азандарынан болған жайт еді.
БАРШЫНКЕНТ
Жамал Қарши Сыр бойындағы Баршынкентте де болған. Баршынкент Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін оғыздар мен қыпшақтар арасындағы шекаралық аймақтағы үлкен маңызды стратегиялық бекініс және мәдени-сауда орталығы болған. Хорезм, Қыпшақ, Қимақ хандықтары әскерлеріне табанды қарсылық көрсеткен. Кейін ұзақ уақыт қаланы ала алмаған. Жошы хан әскерлері қамалды қоршаған орға өзен суын бұрып, қаланы суға бастырып, берілуге мәжбүр еткен. Шапқыншылықтан қираған қала көп ұзамай қалпына келтіріліп, Жошы ұлысының Сыр бойындағы орталығына да айналды. Баршынкентте теңге соғатын сарай болғаны да белгілі. Осының бәрі оның Алтын Орда тұсында да ірі саяси, мәдени және білім ордасы болғандығын көрсетеді.
Баршынкент туралы мәліметтер ортағасырлық тарихшылар мен елшілердің қолжазбаларында көп кездеседі. Солардың бірі Плано Карпини: “Сыр бойының халқы мұсылман тілінде сөйлейді, салт-дәстүрлері де мұсылманша. Осы маңда қираған қамалдар мен қалалардың орындары өте көп. Жақын жерден өтетін өзеннің бойында тұрғаны – Жанкент, Баршын және Ашанас. Олардан басқа да қалалар бар, бірақ біз олардың аттарын біле алмадық.. Қаланың аты XV ғасырдан бастап жазба деректерде кездеспейді. Оның күйреуіне не себеп болғаны әлі зерттелмеген. Баршынкент жайлы көптеген ғалымдардың (Д.Оссонның, В.Бартольдтың, Ә.Марғұланның) еңбектерін оқуға болады деген.”
Ия, сөйтіп Жамал Қарши Сыр бойындағы қалалар мен онда тұратын халықтардың тарихын хатқа түсіру ниетімен 1273-1274 жылдары Сыр еліне арнайы келген. Бұл жылдары Отырар мен Сауран, Сығанақ пен Жент секілді рухани орталықтардың қиратылғанына елу жылдан асқан еді.
Міне осы Баршынкент тарих бетінен жойылып кеткей тұрған кезде мұнда жоғарыда айтылғандай Жамал баба Қарши келіп, қаланы оның маңын, халқы мен оның ұлы перзенттерін көзімен көріп, байқағандарын хатқа түсірген.
ЖЕНД
Жамал барған тағы бір қала Женд. Ол туралы Қазақ Совет энциклопедиясы: “Жент, Женд, Дженд – орта ғасырда Сырдарияның төменгі ағысы бойында болған қала. Сол кездегі авторлардың айтуынша, Жент өзенінің сол жағасында “мұсылман дүниесінің шекарасында” тұрған. X ғасырда түрік-оғыздарға қараған. XI ғасырдан моңғол шапқыншылығына дейін Жент Сырдария бойындағы бай қала болды. Мұнда беделді мұсылман билеушілері тұрған. “Жаһаннаме” шығармасына қарағанда XII ғасырда Арал теңізі Жент теңізі” деп аталған. Бұл сол кезеңде Жент қаласының маңызы бар болғанын көрсетеді… Моңғол шапқыншылығынан кейін бұрынғы гүлденген, құрылыс үйлері мен мешіттері көп үлкен қаланың орнынан шағын қыстақты көрген. В.В. Бартольдтың пікірінше, Жент Хиуа мен Бухара аралығынан өтетін ескі керуен жолы бойындағы Тұмарөткел сайына орналасқан Қышқаланың қираған орны болса керек”.
«Моңғол шапқыншылығына дейін Жент үлкен қала болатын. Қаншама зобалаңға ұшыраса да, ол сауда-саттыққа қолайлы боп қала берген. Мұнда сауда-саттық жасау үшін өзгелер секілді көпестер де асығатын. Пайда тауып, ісінің сәтті болуы үшін олар бәсекеге де түсіп жатады. Қала базарлары көл-көсір» деп жазады Жамал Қарши. Бұл 1273-1274 жылдар болатын.
Жентке келген соң ол қаланың қираған жерлері мен аман-сау қалған үлкенді-кішілі көшелерін ұзақ аралаған. Шаһарды қоршаған алып дуал мен көгілдір күмбезді ғимараттардың орнында тек күл қалғаны оны жабырқатпай қоймаған. Солай бола тұрса да, мұнда мәдени өмір біржола тоқырауға ұшырамағаның көріп, көңілін жұбатқанға ұқсайды.
СЫҒАНАҚ
Сығанақ жайлы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы “Худуд әл-Әлемде” кездеседі. Моңғол шапқыншылығынан бұрын Сығанақ Хорезмшаһ Текештің қол астында болған. 1219-1220 ж. Сығанақта Жошының әскері қоршап алған. Қала тұрғындары моңғолдарға берілмей, олардың елшілерін өлтіріп, күшті қарсылық көрсеткен. Жеті күндік толассыз шабуылдан кейін жау қаланы басып алып, тұрғындарын түгел қырып тастаған.
XIII ғасырдың 2 жартысында қала қайта жандана бастады. Жошы ұрпақтары кезінде Сығанақ Ақ Орданың орталығы болып, онда тиын соғылған. XV ғасырдың 80 жылдары қаланы қазақ ханы Мұрындық иеленген. XV-XVIII ғасырларда қала бұрынғысынша сауда орталығына айналған. Оны орыс саудагерлерімен елшілері жақсы білген. Сығанақ XVIII ғасырға дейін жеткен.
Қаланың қазіргі орны Сунақата деп аталады. Ол 10 га жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Жан-жағында көптеген үйінділер, ертеде су жүргізілген құрылыс іздері сақталған. Табылған заттар Сығанақтың VI-XVIII ғасырларға жататынын дәлелдейді”.
[i] Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Алматы, 1999, 2-том, 104-бет.
Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану
институтының директоры, филология
ғылымдарының докторы, профессор