
Пір мен Ишан бір ұғым. Сондықтан да қазақ даласында ғұмыр кешкен барлық Ишандарды Пір деп қабылдаған жөн. Соған орай Палман шайыр кезінде:
«Тірегі мұсылманның Ажам, Араб,
Мұхаммед пайғамбардан шыққан тарап –
Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда
Кіші Мекке атанған алтын дарақ.
Алланың арыстаны Ер Әлінің
Мұхаммед-Ханафиясынан өскен тарап.
Ысмаил, Айқожа ишан, Сайыпназар
Солардан шыққан ұрпақ «Иа, Аллалап», – деген екен.
Міне, осы Ишандардың әр ауылда әлі күнге дейін мұрттары (мүридтері) бар. Бағзыдан қалыптасқан дәстүр бойынша Ишандық мектеп тағлымын көрген қарабайыр халық өз Ишандары ұрпағын қазір де төрге оздырады. Әйтсе де ондай құрмет күн өткен сайын өз мәнін жоғалтып барады. Жүсіп Баласағұн соны білгендей:
«Құлдан бөлек, бек кісіден ерекше,
Адамдар бар, араласар керексе.
Бірі олардың пайғамбардың әулеті
Қадірлесең, қонар құт пен дәулеті.
Сүй оларды көңіліңмен, жаныңмен,
Нәрсе сыйлап, жақсылық қыл барыңмен,
Бауыры бұлар пайғамбардың ет жақын,
Пайғамбарлық қақы үшін сүй, ей жаным!
Сұрастырма еш қарекет, сырларын,
Айтқан сөзін еш қайтармай тыңдағын», – депті.
Әйтсе де қаншама жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан дінсіздендіру саясаты өз нәтижесін берді. Соған орай адамдар құқы теңестірілді. Ер, әйел, жалпы барлық адам бірдей болған соң әулиелерді бар деп білмейтін болдық. Тіпті діннің өзі әулиелерді өткен тарих еншісіне қалдырды. Содан келдік те, Ишанды – молда, ал Пірді – жай ақсақал деп қана қабылдайтын болдық. Ишан мен Пірдің қадірі осылай құлдыраған соң қарапайым сопылар туралы сөз етудің өзі артық. Құдай абырой бергенде, бізді бүгінгі күнге жеткізген дін емес, әруақ. Бақ дейік, шақ дейік, қазақтың Құдайы – әруақ. Қазақты сақтап қалған да, ертеңгі күні ұшпаққа шығаратын да сол әруақ. Бұл тұрғыда нақышбанди тариқатының Пірі Құрбанәлі Ахмед Ишан былай дейді:
بسم الله الرحمن الرحيم
«Біз әруағымыз асса – мерейленіп жүретін;
Әруағымыз қозса – төңкеріп тастайтын;
Әруағымыз қысса құрбандық шалатын халық емес пе едік!
Біз қиналсақ та «Әруақ!», қуансақ та «Әруақ!» деп әруақты арқаланатын халық емес пе едік!
Біз құлшылық етсек те әруақтан айналған;
басымыз жерде жатса да әруақты аттамаған халық емес пе едік!»
Иә, солайы солай. Бірақ біз сол әруақтан ажырап қалдық. Себебі, әруақ иесі – Пірді тәркі еттік. Байыбына барсақ, Пір мүмкіндігін жоққа шығару, Құдайдың мүмкіндігін жоққа шығарумен бірдей. Себебі біз Пірден ажырасақ, әруақтан ажыраймыз, ал әруақтан ажырасақ, Құдайдан ажыраймыз. Бұл тұрғыда біз кезінде «Пір» деген өлең жазған едік. Оқып көрелік:
«Әуелгі сөздің басы Пірім болсын!
Тілеуім бәріңнің де Пірің болсын!
Пірсіз қазақ болмаған ілгеріде,
Пірің бар, өзің жоқсың, білсең – Солсың.
Пірсіздің білесіздер Пірі шайтан,
Бұл сөзді білгеннен соң мен де айтам.
«Пірің бар, өзің жоқсың» дегенді ұқсаң,
Сен болып тіл қатады сонда шайтан.
Пірсіз сен бұл сөзімді ұға алмайсың,
Шайтаннан және өзің боп шыға алмайсың.
Шыға алмайсың сондықтан тілді безеп,
Өзіңді және өзгені құр алдайсың.
Момынның қай кезде де Пірі жары,
Онсыз келмес шайтанға тіпті әлі.
Адамның жанын баурап жүретұғын,
Аятпен расталған шайтан бары.
Қол бер Пірге егер де соны білсең,
Шайтандандың сен емес егер күлсең.
Қайтейін өкінішті – Ібілістің ,
Құрығына ілінген емес бір сен.
Пір мәнін «ойпырмайдан» ұғынасың ,
Пірсіз таппас еш адам құбыласын.
«Ой, Пірім – ай» деп егер жүрмесек біз,
Онда бір күн бәлеге ұрынасың .
Пірдің әр кез жүреміз жетегінде,
Демейсің мақсатқа онсыз жетемін де.
Пірсіз шайтан иманға таласады,
Дүние шыр айналып өтерінде.
Жеттік біз бүгінгіге әупірімдеп,
Әупірімнен шығады « О, Пірім!» кеп.
Тапсырып қойсақ егер Пірге өзіңді,
Тіршіліктің бәріне болады сеп.
Пір – Алла, Пір – Мұхаммед, Пірім – Құран,
Бұл сөздер жай әншейін емес ұран.
Олардың әрқайсысын әлі айтармыз,
Сіздерге арналады барлық жыр -ән».
Біздің дәстүрімізде «Бата алу» деген бағзыдан келе жатқан жол бар. Соған орай: «Жаңбырменен – жер көгерер, батаменен – ер көгерер», – деп қоямыз.
Рас, жаңбыр жауса жердің көгеретінін ешкім де жоққа шығармайды. Себебі, ол – Алланың нұры. Мәселе мәніне осы тұрғыда назар аударсақ, батаның да Алланың нұры екендігі мәлім болады. Сондықтан да біз батаны да соған иелік ететін адамнан аламыз. Ол адамды: ишан, ақсақал, әулие, пір, бір сөзбен айтқанда, әруақты адам деп қабылдаймыз. Ал әруақ дегеніміз – Аллалық әлем. Демек біз батаны да сол әруақты әлеммен байланыста тұрған адамнан алады екенбіз. Біздің бата алған адамның көгеретініне сенім артатындығымыз сондықтан.
Басы ашық жәйт. Пірге (Ишанға) қол бермеген адам өз бетінше әруақ әлемімен байланысқа түсе алмайды. Бұл тұрғыдағы алғашқы қадам Бата алу арқылы жүзеге асады. Соған орай аузы дуалы батагөй қарттар әр ауылда да болған. Әрине, абыз, батыр-билердің орны өз алдына. Алайда түптеп келгенде солардың бәрі бір бір Пірге (Ишанға) байланады. Тура әлгі сахабалар тәрізді. Жалпы қай сахабаның етегінен ұстасаң да Пайғамбарымызға (сғс) барып байланатының күмәнсіз. Сол сияқты елді аузына қаратқан қай би-шешеннің де өзі қол берген Пірі болған. Мәселен, Төле бидің Пірі – Мағзаман, Әйтеке бидің Пірі – Мүсірәлі, Қазыбек бидің Пірі – Ер Сейтімбет қожалар болған. Мүсірәлі үш жүзге Пір болғаннан кейін Тәуке хан:
«Үш жүздің пірі Мүсірәлі қожаның іргесі Кіші жүздің Қаракесек әулетінің ортасында болады. Хан Кеңесіне дейінгі жолмен шешілетін бүкіл дау әзіреті піріміз Мүсірәлі қожаның алдында мәмілесін тауып отырсын», — деген жарлық шығарады. Бұл деген Билер кеңесінің барлық мүшелері Мүсірәлі Пірге қол берді деген сөз. Жалпы Билер кеңесіне неше кісінің мүше болғаны жөнінде басы ашық дерек жоқ. Төле, Қазыбек, Әйтекеден басқа Қаражігіт, Қу дауысты Құттыбай, Шаппа, Тиес, Сасық, Әнет тәрізді билердің аттары аталады. Қалай десек те қазақтың Майқы биі, Аяз биі, Мөңке биі, Бейсенбі биі, Әнет биі, Бұхар биі, Төле биі, Қаз дауысты Қазыбек биі, Әйтеке биі, Нияз биі (Тілеуліұлы), Шоң биі, Шеген биі (Мұсаұлы), Мамашәріп биі, Беген биі (Азынабайұлы) және тағы да басқа билері данагөй, қара қылды қақ жаратын әділ, ел мен елді, ағайынды бір-бірімен жарастырушы бітімгер, халық қатты құрметтеген тарихи тұлғалар болғаны күмәнсіз. Олар сол биікке Пірге мүрид болғандықтан қол жеткізді. Соған орай олардың қай-қайсысы да әруақ әлемімен үндесіп тұрды. Ал ол қандай әлем?
Бәрімізге белгілі, Қазыбек би 14 жасында қалмақ Қонтайшысының алдында билік айтады. Сонда Цебдан Рабдан сөзден тосылып, бала Қазыбектің барлық талабын орындайды. (Осы жерде Қазыбектің бала кезінде Төлебай деген батыр-биден бата алғанын ескерген жөн). Кейін қалмақ Қонтайшысынан: «Баланың алдында неге сөзден тосылдыңыз?», – деп сұрағанда, ол: «Сендер байқамадыңдар ма, оның екі иығында екі аю маған айбат шегіп тұрды ғой», – деген екен.
Жалпы бізге жеткен осы әңгімеге шамалы түзету енгізу қажет. Шынтуайтына келгенде, Қазыбектің екі иғында айбат шегіп тұрған аю емес, жолбарыс болу керек. Себебі, қазақты желеп-жебеп жүретін әруақ – жолбарыс. Ал аю – орыстарға тән. Сондай-ақ айдаhар – қытайдыкі. Әйтсе де олар әруағының бәсі төмен. Себебі, біздікі рухани да, олардыкі халықтың сенімі арқылы қолдан жасалған әруақ. Соған орай кезі келгенде Мұса пайғамбардың асасы сияқты біздің жолбарыс та аю мен аждаhаңды жұтып жібереді. Алайда ол үшін біз сол жолбарыс иесі Пірге (Ишанға) сенім артуымыз керек.
Уақыт алмасты. Көзқарастар өзгерді. Ишан туралы түсінікті көне тарих еншісіне қалдырдық. Сол-ақ екен біз бағзылық болмыстан, өр рухымыздан ажырап қалдық. Мінез өзгерді. Жолбарыс түсімізге кірмейтін болды. Соған орай өздерінің қойға ұқсайтынын мақтан тұтатын ұрпақ қалыптасты. Қой мінез, момындық алға шықты. Ишан тағлымын саяси идеология алмастырды. Алайда олар қанша тыраштанса да Ишан арқылы қалыптасатын өршіл рухтың орнын толтыра алмады. Мәселен кешегі КСРО кезінде коммунистік сананы балабақшадан бастап қалыптастыру жолға қойылды. Ол сана октябраттық, пионерлік, комсомолдық тәрбиемен толықты. Коммунистік таныммен кемелденді. Бұған қосымша қаншама идеологиялық машиналар жұмыс жасады. Осы жолда жанын қиған батырлар, еңбек озаттары үлгі тұтылды. Рас, осыншама еңбек нәтижесіз болған жоқ. Соған орай, бір сөзбен айтқанда, бүкіл әлемді тітіркенткен КСРО халқы қалыптасты. Алайда КСРО билігі өз халқы бойындағы «өршіл» рухты сан қилы идеологиясына қосымша ұдайы арақ беру арқылы көтеріп отырды. Мұндай жәйт өршіл рухтың сыналар шағы соғыс кезінде тіпті белең алып кетті. Соған орай негізінен маскүнемдер даңқ тұғырына көтерілді.
Жә, өзімізге келейік. Қазіргі емес, дін-мұсылман аман кезге. Иә, ол кездің батырлары жауға жалғыз шабатын. Себебі… Дұрыс. Қай батырдың да қол берген Пірі (Ишаны) болатын. Дәйек келтірейік:
«Кәміл пірлер жебеді,
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені
Ат үстінен шіреніп
Сонда тұрып тартады,
Кәміл пірлер сенгені.
Құрулы бақан басында
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені».
«Қобланды батыр» жыры.
Міне, осылайша Піріне сыйынып ай астындағы теңгені атып түсірген Қобыланды Қүртқа сұлуға қол жеткізеді. Ал қалмақ батыры мен Ер Тарғынның жекпе жегі жырда былайша суреттеледі:
«Сонда тұрып Домбауыл
Қорамсаққа қол салды,
Суырып алған қу жебе
Көп оғына жол салды.
Кезегендей қалады,
Созағандай алады.
Тарлан аттың басы деп,
Алтынды ердің қасы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толғанып тұрған Тарғынды
Толғап атып салады.
Кірістен шығып кетеді,
Тарғынға таман жетеді.
Тоғыз қабат ақ сауыт ,
Сегізінен өтеді.
Жыртылы жаздап сауыттың
Қатарланған жағасы,
Қабыл еді Тарғынның
Ежелден бермен тобасы.
Өтер еді мұнан да ,
Жібермеді бұл оқты,
Сыйынып жүрген Тарғынның
Бітуәже бабасы».
Тап осындай оқиғаларды барлық Батырлар жырынан кездестіруге болады. Мәселен, «Бабалар сөзінің» 46-томында былай делінеді:
«Сөйдеді де ер Әділ,
Пірлеріне жалынды.
Сол уақытта қызылбас
Шапса қылыш кеспеді,
Атса мылтық өтпеді.
Көк найзасы теспеді».
Одан әрі жыр былайша өрістейді:
«Сол уақыттары ер Қази
Әлсіреген досының
Аузына сусын бергенде,
Орнынан Әділ тұрады.
Бұзайын, – деп, – кісенді,
Қылыш салып кеседі.
Қылыштың жүзі қайырылды,
Қандай мықты десе де.
Сол уақыттары Қарасай
«Бұзайын, – деп, – кісенді”,
Қолыменен бұрады.
Әділ сонда қарленді,
«Тоқта, – деді, – достарым”,
«Я, пірім” деп ұмтылды,
Таусылып ердің шыдамы.
Алмас кісен қолдағы
Быт-шыт болып сынады».
Міне, біз қолдағы кісенді быт-шыт қылатын сол қуаттан айырылып қалдық. Тіпті әруақты, сол әруақ иесі Пірді бар деп білмейтін болдық. Болмаса қазақтың әруақ шақыруы кодтық сөз еді. Сол сөз ауызға алынғанда жауға жалғыз шапқан батырдың артында тек жау көзіне көрінетін әскер түзілетін. Біз бұл сөзді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Бұл ұғым аят арқылы бекітілген.
Рас, біз әруақты бүгін де ауызға аламыз. Бірақ айбарымыздың асқақтап отырғаны шамалы. Себебі… Дұрыс. Піріміз жоқ. Ал Пірсіз ол әскер ешқашан түзілмейді.
Бір мәселе айқын. Өлген адам Аллаға ғибадат жасай алмайды. Ал адам баласы болса, хадисте айтылатынындай, өлі. Олар тек өлген соң тіріледі. Соған орай тағы бір хадисте: «Өлмей тұрып өліңдер», – делінеді. Біз, біз ғана емес, біздің ата бабаларымыз тілге тиек ететін Ишан – сол өлі жандарды тірілтетін адам. Ол тірілу діни тілде Ихсан деп аталады. Дін мамандары Ихсанды: «Ғибадатты Алланы көріп тұрғандай жасау, егер Алланы көрмесең, онда Алланың сені көріп тұрғанына сенім білдіру», – деп түсіндіреді. Осы түсініктің өзінен-ақ Алланы тек тірі адамның көретіндігі мәлім болады. Демек Ихсан – Алла мен адам арасындағы байланысты түзетін жүйе. Ал Ишан мұсылмандарды сол жүйеге қосатын адам. Ол жүйеге қосылмаған адам, кім болса ол болсын, өлі адамдар санатына жатады. Шайтанның басты қызметі – мұсылмандардың осы жүйеге қосылуына жол бермеу. Басқа діни ғибадаттың бәрін жаса, тіпті үйіңді мешіт жасап ал, шайтан оған мүлде қарсылық танытпайды. Егер Ишанды мойындамай, өзің ұстанған жолдан айнымасаң, шайтан сенің қызметіңде жүріп, тіпті дәрет суыңды да жылытып береді. Себебі ол өлі адамдардың ғибадаты қабыл болмайтынын жақсы біледі.
Бәрімізге белгілі. Адам атамыз жәннаттан жерге түсті. Осы орайда Алла тарапынан: «Бір-біріңе жау болып түсіңдер!», – деген әмір бар. Көп діндәр мұны адам мен шайтан арасындағы жаулық деп түсінеді. Шынтуайтына келгенде, бұл – адамның өзі мен өзі арасындағы жаулық. Сол «Өз»-дің бірі – сенің өзің де, екіншісі – нәпсі. Біз «адамдар өлі» деп биліктің нәпсі қолындағы кезін айтамыз. Пірге (Ишанға) қол берген кезде сол нәпсі өледі. Өлген адам – жоқтыққа өтеді. Міне, солайша адам өзін жоқ ете алғанда Бар (Алла) көрініс береді. Ихсан дегеніміз сол. Тек сол кезде ғана сен Алланы, Алла сені көреді.
Тағы бір жәйт. Қазақы ұғымда: «Әйелдің Пірі – ері», – деген түсінік бар. Дұрыс түсінік. Себебі, қай әйел де еріне мойынсұнғанда өзіндік «Менін» өлтіреді. Дұрысы – ілгергі дәуірдегі біздің апаларымыз өлтіре алған. Ал шайтанның бар жұмысы соған жол бермеу. Кешегі КСРО кезінде «әйел теңдігі» соған орай ойластырылды. Ал бүгін гендерлік саясат алға шығып отыр. Болмаса біздің аналарымыз… Мәселен, «Қыз Жібек» жырында анасы Төлегенді шығарып салып тұрып былай дейді:
«Аһ, дедім құдая!
Дарғаһыңа бас идім!
Сөзді сөзге ап келіп,
Күйгенімнен жапсырдым.
Кетер болсаң қарағым,
Әуелі құдай мен сені,
Кәміл пірге тапсырдым
Қол иесі Қамбар – ау,
Жол иесі Қамбар – ау
Қарағыма көз сал – ау!
Рақым қылсаң құдая
Сенен өзге кім бар-ау?
Ғашықтардың пірі едің
Ләйлі – Мәжнүн сіз бар-ау!
Ғашықтардың сәруәрі
Зылиха – Жүсіп пайғамбар!
Әйелдің пірі бибі Бәтима!
Баламды сізге тапсырдым!
Адасса жолға салып жүр,
Сүрінсе қолдан алып жүр.
Бәлекет келсе қағып жүр;
Бір ғашықтың дертінен
Қарағым менің нағып жүр,
Әзіреті ер сұлтан
Рақым қылып сіз тұрсаң
Баба түкті шашты әзіз!
Баламды сізге тапсырдым».
Ал біз өзімізді, өзімізге жақын өзге адамдарды Пірге тапсыра аламыз ба? Жоқ, егер біз тапсыратын болсақ, онда тікелей Аллаға тапсырамыз. Себебі… Дұрыс. Өліміз.
Біз ғасырлар алмасқан сайын қоғам дамып жатыр деп ойлаймыз. Енді оны қалайша теріс дерсің. Тіпті өткен ғасырды былай қойғанда, қазір қол жеткізген жетістігімізді осыдан жиырма жыл бұрын қиялдай да алмайтынбыз. Ал ертеңгі күніміздің бұдан да ғажап болары күмәнсіз. Солай бола тұра діни таным әлгі біз соңына түскен «ғажап өмірді» ақырзаман деп атайды. Демек, ғасырлар алмасқан сайын қоғам шайтани ілімнің соңына еріп, кері кетуде.
Енді сауал. Осы түсінікке біреуді иландыра аласың ба? Жауап айқын. Әсте мүмкін емес. Осы жерде мұсылмандардың әлемдік өркениет дамуына не себепті үлес қоспағанын қаперге алуға болады.
Басы ашық жәйт. Ілгергі дәуір ғылымын дамытқан, жалпы заманауи ғылымға жол ашқан сопылар. Олар өркениет дамуына жоғарғы әлем қалауына орай араласты да одан кейін ол есікті жапты. Ал ислам дінін сопылық әлемнен тыс танушылар ол есікті бар деп те білмеді. Исламның догмалық төменгі шекке дейін құлдырауы сондықтан.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Бәрімізге белгілі, адамзаттың абзалы – пайғамбарлар. Егер мына біз ардақ тұтқан өркениет, бүгінгі ғылыми жетістік Алла алдында соншалықты қадірлі болса, онда бүгінгі қызылды-жасылды әлем пайғамбарларға тиесілі болар еді.
«Ол кезде заман басқа болды ғой», – деп өзіңізді алдамай-ақ қойыңыз. Заман – сол заман. Ол ешқашан өзгерген емес. Өзгерген тек адамдар. Енді күннің ол кезде басқа жақтан шықпағаны белгілі ғой. Сол сияқты жер бетіндегі әу бастағы жаратылыста бүгінгіден ешқандай да айырмашылық болған жоқ. Оның үстіне пайғамбарлар, олардың «сахабалары», әулиелер, бір сөзбен айтқанда, әр дәуірдің сопылары уақыт алмасуынан тысқары тұрды. Бұл деген, жұқалап айтқанда, «адам баласы барлық кезде, барлық жерде өмір кешеді» деген сөз. Оған Пайғамбарымыз (сғс) миғражына мән берген адам көз жеткізе алады. Оны бүгінгі квант физиктері де жоққа шығармайды.
Біз сопылық тағлымның біршама парақтарының бетін аштық. Бұл тұрғыда Аралбай Оңғарбекұлы былай дейді:
«Жаббар Хаққа ұнайсың,
Зікір айтып зарласаң.
Жамағатқа ұнайсың,
Пікір етіп барласаң.
Одан өткен амал жоқ,
Шартарапты шарласаң.
Осыларға бекем бол,
Ақыретті қамдасаң.
Мәдинада – Мұхаммет,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет,
Солардан сұра нанбасаң»
Хакім Абай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі», – дейді.
Иә, «көкірегі ояу» деген әңгімені біз де естіп жүрміз. Бірақ оның неге ояу екеніне жете мән берген емеспіз. Тіпті соған мән берген хакім Абайға да терең бойламай, ақынның тек: «Адамның хикмет кеудесі» дегенін ғана тілге тиек етіп, дұрысы сол сөзді ғана ұғынған болып, адам кеудесінде көп сырдың бұғып жатқанын білген адам сияқты кейіп танытамыз. Шынтуайтына келгенде, ол кейіпті де хакім Абайды зерттеп тастаған данышпан ойшылдар ғана танытады. Ал біз, несін жасырайық, осы бір шумақ өлеңде жасырылған сопылық тағлымға ешқашан мән берген емеспіз. Ал ол қандай мән?
Әуелгі мән – жүрек көзінің ашылуы;
Келесі мән – Хақтың сәулесі;
Соңғы мән – іштегі кірден арылу.
Міне, осы мәндер сыры ашылғанда адам кеудесінің хикмет екені мәлім болады. Ал ол мәндер сыры қалай ашылады? Жауап айқын. Тек қана Пір (Ишан) арқылы ғана ашылады. Осы жерде хакім Абайдың да жас кезінде Бұхарада 18 жыл оқыған Қамараддин хазретке қол бергендігі туралы бүркеулі тарих бетін ашатын уақыттың жеткенін айта кеткен жөн. Тарихқа жүгінсек, Қамараддин ишан атымен танылған Айжарық дамолла 1852-1863 жылдары Сарыарқа жерінде бір топ жастарға дәріс береді. Мәшhүр Жүсіп алғашқы сопылық тағлымды осы ұстазынан алады. Сол тағлымды хакім Абайдың да алуы мүмкін екендігі жоққа шығарылмайды. Оған Абайдың 1866 жылы Омбы Кадет корпусында оқып жүрген інісі Халиолла Құнанбайұлына жазған үшбу хаты дәлел бола алады. Аталмыш хатта: «Сізден бізге хат жазған Қамараддин моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз. Һәр бір сізге дінқарындасы тұрғысынан сынан қылған жақсылықтары Алла тағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыт тар болды», – делінеді. Бұл кезде Абайдың жасы 21-де, Халиолланың жасы 17-де екендігін ескерсек, ағайынды шәкірттердің Қамараддин хазретке қол бергенін жоққа шығара алмаймыз. Хакім Абайдың біз жоғарыда қаперге алған өлеңі соған меңзейді.
Жә, енді әлгі мәндер сырына келейік. Басы ашық жәйт. Адам баласының кеудесінде Алламен байланыста тұратын бес нүкте (көз) бар. Оның екеуі – жүректің асты мен үстінде. Тап сондай екі «көз» оң жақ кеудеде орналасқан. Осы төртеуінің тап ортасында тағы бір «көз» бар. Бұл «көздер» сопылық тілде: қалып, рух, сыр, хафи, ақпа деп аталады. Осы «көздердің» әрқайсысына тілді таңдайға жапсырып тұрып тек жаныңмен «Алла», «Алла» деп күніне жүз, мың, он мың реттен айтып тұрсаң, яғни осылай деп зікір салсаң, әлгі «көздер» ояна бастайды. Хакім Абай: «Жүректің көзі ашылса» деп соны айтады. Сол «ашылған көз» біртін-біртін жүрек сияқты бес жерден соғып, лүпілдеп тұрады. Лүпілдеп қана қоймайды, Хақтың сәулесі түскен соң «Алла», Алла» деп тынымсыз соғып тұрады. Ал іштегі кір тек зікір арқылы қашады. Ол үшін зікірге отырғанда өзіңді Піріңе тапсырасың. Бұл деген, өзіңді жоқ ету деген сөз. Өзіңді жоқ еткен кезде, тек Пір алға шығады. Пірдің діни тілдегі тағы бір аты – мүштаhид (ұдайы Алламен байланыста тұратын адам). Міне, осы жәйтты қаперге алғанда, зікірге отырған сопының өзін Пірі арқылы Аллаға тапсырғаны мәлім болады. Осы тапсырудан кейін зікір салушы сопы: «Отырған орным – қабірім, киген киімім – кебінім, жұтқан демім – соңғы дем», – дейді де «Алла», «Алла» деп зікір салуды бастайды. Сол зікір үстінде әр сопы Алламен бетпе-бет келеді. Себебі әр адам тек зікір үстінде ғана «Бар» болып тұрады. Осы «Бар» болу мәнін шамалы түсіндіре кетелік.
Тілімізде: «Өткен шақ», «Осы шақ», «Келер шақ» деген ұғымдар бар. Егер мән берсек, біз өткен шаққа иелік ете алмаймыз. Сол сияқты, келер шақ та біздің құзырымызда емес. Біз тек осы шаққа ғана иелік етеміз. Нақтыласақ, жұтқан ауамызға ғана иелік етеміз. Себебі, шыққан ауа – өткен шақтың, ал жұтатын ауа – келер шақтың еншісіне жазылады. Зікір сол жұтылған ауа кезінде салынады. Сонда бетпе-бет келетінің де Алла, жүрегіңнен шығатын сөз де Алла, тіпті «hу» (hу – Алланың аты) деп шығарған демің де Алла болады.
Бірде нақышбанди тариқатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишанға мүриді:
– Хазірет, зікір салып жүрмін, бірақ жетісіп керемет көріп жүргенім шамалы, – депті. Сонда Пірі:
– Зікір салғаныңызға қанша уақыт болды? – деп сұрапты. Мүриді болса:
–20 жылдан асты, – депті. Сонда хазрет:
– Енді 20 жыл АЛЛА деп ”ЗІКІР” айтқызып қойғанына шүкір айтпайсыз ба?! Одан артық қандай керемет керек?! Қаншама адамдар жүр, Алла деп айтпақ бұлай тұрсын, Алла мен шаруасы жоқ», – деген екен.
Кезінде мен де зікір туралы өлең жазған едім. Оқып көрелік:
«Алланы еске алсаңыз зікір болар,
Дей алмаймын ол жанға шайтан жолар.
Үнемі «Алла» дейтін адамдар бар,
Тура жолды тапқандар міне солар.
Зікір салсаң Алланы ұғынасың,
Ұғынған соң төгілер көзден жасың.
Алла бар, өзің жоқсың, көкірегің,
Түскендей алай – түлей бейне жасын.
«Алла» деп іздейсің сен ақиқатты,
Ұқпайсың оны айтпасаң ешбір затты.
Зікірсіз бар өмірің босқа өтер,
Шерменде боп сандалып таппай Хақты.
Алла мәнін мынадан ұғыналық,
Алланы айтпаған жан болар ғаріп.
Адасса сәби егер «Мама!» дейді,
Сол сөзден сәби жанын біл сен танып.
Сол сөзде тұр сәбидің сағынышы,
Сол сөзбен өртеніп тұр, жалын іші.
Жанұшырып іздейді анасын ол,
Қорқыныштан бозарып қашып түсі.
Жалғыз сөзден ұғасың соның бәрін,
Жалғыз сөз ашып тұр ғой сәби халін.
Зікірден басталады барлық таным,
Сол сезім Алланы айтқан менің жаным.
Мынандай тәмсіл де бар зікір жайлы,
Бір жігіт ғашық бопты көріп айды.
Ай дегенім патшаның жалғыз қызы,
Ғашықтықтан жігітті басты қайғы.
Перизат жас жігітке болды арман,
Дәрмен жоқ бірақ ешбір келер қолдан.
Бейшара кедейге кім қызын берсін,
Өтердей бар өмірі салып зарлы ән.
Күннен – күнге жігітті қайғы басты,
Еріткендей қайғысы қара тасты.
«Сіз бұған қандай ақыл қосасыз» деп,
Әулие жанға бір күн сырын ашты.
Әулие жан айтты оған тиіп себі,
«Алладан басқа сөзді ұмыт» деді.
Зікір салды ол «Алла» деп, шынында да,
Құдіретінде Алланың жоқ қой шегі.
«Алла!» «Алла!» дейді екен қайда жүрсе,
Таңданғандар көбейді бұрын күлсе.
Зікірді кім де болса салар еді,
Келер қуат бұл сөздің мәнін білсе.
Алладан басқа сөзді айтпайды ол,
Біртіндеп ашылады жігітке жол.
Екі адам сөйлессе егер бір – бірімен,
Айтатыны тек қана болады сол.
Зікір біртін басады жігіт зарын,
Дәріптейді жұрт оны бейне дарын.
Бір күні патша ағзам да есітеді,
Қол астында сондай бір жанның барын.
Жігітті патша өзіне шақыртады,
Ашылуға таяп тұр жігіт бағы.
– Тақуа сендей жанға қыз беремін,
Сеніңкі, – дейді және – Патша тағы.
Бұл сөзге жігіт мүлде таңданбайды,
Қалауына нәпсінің алданбайды.
Қызды да ауызға алмай қояды ол,
Бір кезде шынымен – ақ болған қайғы.
Дейді жігіт – Зікірдің тиді себі,
Зікірсіз тұра алмаймын мүлде тегі.
Мүмкіндік маған тағы туса егер,
Қалауым қыздан да зор болар еді.
Дей алман қамымды өзге менің жейді,
Зікір салып Алла деп өлсем мейлі.
Бәрін Алла берерін білсем егер,
Қызды мүлде ойламас едім, – дейді.
Ұқсаңыз қызды қалау нәпсіге тән,
Зікір салсақ Алланы табады жан.
Құлақ салған сіздерге алғыс шексіз,
Әлі де тамылжытып саламыз ән».
Басы ашық жәйт. Алла Тағала өзі жаратқан 18 мың әлемді әруақ арқылы басқарады. Соған сенген, яғни иман келтірген мұсылмандар – тақуалар деп аталады. Бұл тұрғыда Құран Кәрімде: «Олар (тақуалар) көмес (бил ғайып) әлемге иман келтіреді», – делінеді. Құран Кәрімде айтылатын сол ғайып – әруақ әлемі. Біз де өз қалауымызды сол әлемнен аламыз. Бұл тұрғыда Ақтамберді жырау:
«Бала берсе тезінен, —
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы,
Артылып туса өзімнен!» – дейді. Атақты жыраудың осы толғауындағы Пір (Ишан) мен Шілтенді бір ұғым деп қабылдауға болады. Себебі олар – әруақ иелері. Ал әруақ – Аллалық қызметке дайын тұрған әскер. Оған Батырлар жырындағы:
«Сол уақытта батырға,
Атса, мылтық өтпеді,
Шапса, қылыш кеспеді —
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Қолтықтан сүйеп, демеді», – деген жыр жолдары дәлел бола алады. Сондай-ақ:
«Алпамыстың Пірі еді,
«Баба Шашты Түкті Әзіз.
Бүркіт болып келеді,
Қолтығынан демеді», – деген жыр жолдарынан әруақ әлемінің, яғни Пірдің (Ишанның) шексіз мүмкіндік иесі екенін аңғаруға болады. Ал Шілтенге келсек, Ғайып ерен қырық шілтен сөзі бір емес үш тілден құралған тіркес. Атап айтар болсақ, «ғайып» араб тілінен алынған «жоқ болу», «көзден таса болу» деген мағынада, «ерен» сөзі көне түркі тілінен алынған «ер» сөзі, ал «шілтен» болса, парсы тілінен аударғанда «қырық тән, немесе қырық дене» деген ұғымды береді. Шілтенді өзіміздің шілде сөзіне саятындар да бар. Себебі, шілде де қырық күн. Байыбына барсақ, мәселе тілдік атауда емес, негізгі мәнде. Ол мән – әруақ әлемінің ғайып екендігі. Егер біз соған жүгінсек, көмек те сол жақтан әп-сәтте келе қалады. Тіпті Қызыр пайғамбардың өзі бас болған қырық әулие (шілтен) шылауыңда жүреді. Біздің: «Қырықтың бірі – Қызыр», – деп қоятынымыз сондықтан. Сондай-ақ Батырлар жырында:
«Қалмақтар атқан қалың оқ
Жаңбырдай болып тиеді.
Еті түгіл баланың
Терісіне кірмеді
Ғайып-ерен қырық шілтен,
Баланы қолдап демеді», – делінеді. Мұндай жағдай жырдың бірнеше жерінде қайталанады. Мәселен, бірде:
«…Ғайып-ерен, қырық шілтен
Қылышты қолдан қағады», – делінсе, тағы бірде:
«…Ғайып-ерен қырық шілтен
Баланы жолда ұстады», – делінеді. Және де:
«…Ғайып-ерен қырық шілтен,
Көтерді жерден қауғалап», – десе, тағы бірде:
«…Ғайып-ерен пірлерім,
Бұл бәледен өзің қақ», – дейді. Міне осылайша, жырдың өн бойында Алпамыс батыр Ғайып-Ерен Қырық Шілтен – пірлерге жалбарынып, көмек сұрайды. Пірлері Алпамысты үнемі қамқорлығына алып жүреді. Соған орай 40 саны қазақы ұғымда қасиетті сан санатына кіреді. Бұл тұрғыда ұлттық ұстаным ретінде сақталып қалған:
«40 жас – қырдың басы; бір күн жолдасқа қырық күн сәлем; бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама; ана қырық шырақты; қызға қырық үйден тыйым; әйелдің қырық жаны бар; қырық шейіт; қырық қабат; қырық құрақ; қырық жамау; ханда қырық кісінің ақылы бар; отыз күн ойын, қырық күн тойын; қырық ру; қырық өтірік; сәбидің алғашқы қырық күні (қырқынан шығуы атап өтіледі); өлген адамның «қырқын беру» сияқты дәстүрлер қамтылған.
Осы тұрғыда Абдулла ибн Мағсудтан р.ғ. жеткен рубаятта былай делінеді: «Алла елшісі с.ғ.с. айтты: «Алла Тағаланың әулиелерінің ішінде үш жүз (300) таңдаулы пендесі бар, олардың табиғаты хазіреті Адамға а.с. ұқсайды. Қырық (40) пендесі бар, олар хазіреті Мұсаға а.с. ұқсас. Жеті кісі (7) хазіреті Ибрахимге келеді. Бес кісі (5) табиғаты Жабрейіл а.с. періштеге ұқсайды. Үш кісі (3) Микайил а.с. періштеге ұқсаса және бір кісі (1) Исрафил періштеге ұқсайды. Уақыты келіп, осы кісілердің бірі о дүниелік болған жағдайда, Алла үш кісінің бірін алып орнына қояды. Ал егер үш кісі опат болса, жеті кісіден алып қояды. Міне осындай тәртіппен бұл үрдіс Қияметке дейін жалғаса береді. Алдыңғы үш жүз әулиені – Ахиар, қырық әулиені – Абдал, жеті әулиені-Абрар (Жеті тылсым иелері), бес әулиені – Аутад, үш әулиені – Ғаус десе, соңғы ұлық әулиені – Қутыб уа ғаус деп атайды. Бұл жамағат әрбір істе бір-бірінің рұқсатына мұқтаж болғандықтан бірін-бірі таниды. Сонымен қатар төрт мың (4000) әулие бар. Барлық жер-жақанның ашылу құпиясы, әлемдегі адамзат баласын алмастыру мен орналастыру, дарын мен қәбілет беру және көтермелеу мен төмендету осылардан болар. Себебі рухани үкім соларға тән. Бірақ олар бір-бірін танымайды. Бұл әулиелердің дәрежесі мынадай: пенделерге Алладан ризық алып береді, жауын жаудырып, жерден бәлені кетіреді. Осы ұлық зат иелері болмаса жер бетінен адамзат атаулы бір мезетте жоқ болады!».





