Әбу Бакр Мұхаммед ас-Сарахсидің «әл-Мабсут» еңбегі

Кәмшат ПӘРІМБЕКОВА, ҚР МАМ Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, Астана қ.
pkamshat@bk.ru
Ғалымдар өмірі – көркем шығармаға, тарихи оқиғаға өзек бола алатын өнегелі өмірді сипаттайтын тұлға танудың бір ажырамас бөлшегі. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында орта ғасырларда өмір сүрген Орта Азия ғұламаларының біршамасының еңбектері сақталуда. Соның бірі, қарахан дәуірінің көрнекті өкілі, ортағасырдың белігі мұсылман құқықтанушысы Мұхаммед ас-Сарахсидің «әл-Мабсут» еңбегі.
Ең алдымен, Орта Азиядағы ұлы ғалымдарының бірі атанған Мұхаммед ас-Сарахидің өміріне үзік ақпаратпен бөлісетін болсақ, туған жері мен жылына байланысты нақты мәліметтер жоқтың қасы. Орта ғасырларда өмір сүрген бұл ғалымның толық аты жөні: Әбу Бакр Мұхаммед Әби Сахл Амад Шамс ал-Аимма ас-Сарахси. Ол «Ғұламалар әлемінде оны «Шамс ал-Аимма» (Имамдар жарығы) деген лақап атымен танымал». Осыған орай лақаптар мен ғылыми атақ дәрежелеріне келер болсақ ғылыми дәрежелер әркімге беріле бермейтіндігі жайында айта кеткеніміз жөн. Өйткені орта ғасырлардағы ғалымдардың ғылыми деңгейіне байланысты ғалымдар әлемінде бір-бірін ғылыми лақап аттарымен атаған. Бұған мысал келтірер болсақ: «Бүкіл әлемге әйгілі Ибн Сина (Авицена) – «Даналардың басшысы» атымен танымал болған, әйгілі философ әл-Фараби – «Екінші ұстаз» немесе «Шығыс Аристотелі» сынды атпен танымал болса, табиғат зерттеушісі Әбу Райхан әл-Беруни – «ұшы-қиырсыз білім теңізі» деген секілді халық қойған лақап есімдер кең тараған.
«Шамс ал-Аимма» (Имамдар жарығы) атты лақап атпен халық арасында кеңінен танылған Мұхаммед ас-Сарахси VIII-IX ғасырлар аралығында өмір сүрген мұсылман реннесансының көрнекті өкілдері, мұсылман құқығы бойынша бірнеше еңбектердің авторы Имам Ағзам және шәкірті Мұхаммед Шайбаниден кейінгі орын алған бірегей ғұлама болып табылады. Өз заманының озық ғұламасы Шамс әл-Аимма ас-Сарахсидің ұстазы Шамс әл-Имма әл-Халуанид болған.
Енді мұсылман ойшылы Мұхаммед ас-Сарахсидің өміріне қысқаша тоқталып кететін болсақ, туған жылына қатысты нақты мәліметтер жоқтың қасы. Шамамен 1009 (1011) жылдары Иран мен Түркменстан елдері аралығында орналасқан Серахс қаласында туылған. Ал бұл қала жайлы толығырақ айта келер болсақ, Мешхед пен Мерв қалалары аралығында орналасқан. Бүгінгі күні Серахс қаласы – Ашхабат облысының Тедшен өзені алқабындағы ауыл болып табылады.
Мұхаммед ас-Сарахси білім мен ғылымның орталығы атанған Бұхара, Мерв қалаларында білім алып, өз білімін шыңдады. Мәселен, Мерв қаласын алатын болсақ, ортағасыр кезеңінде бұл шаhарда 12 кітапхана орналасқан. Осылайша, білімнің қайнар көзі болып табылатын бұл қалада ғұлама-ойшылдар небір жаңалықтарды шығарып, келешек ұрпаққа құнды мұраларды қалдырды.
Баршамызға белгілі, ғалымдар өмірі – «тар жол тайғақ кешу»-ден тұратын жан-жақты ілімді қабылдауды талап ететін өмір бағыты. Себебі, ортағасырлық ғұламалар Ислам діні арқылы көптеген ғылым халдерін сабақтастыра отырып, дүниенің шындығына жетуге тырысып бақты. Өздері өмір сүрген заманда адамдарға тура жолды нұсқауға көмектесіп отырды. Бірақ, бұл әрекеттер сол замандағы өмір сүрген тұлғаларға ұнамады-мыс. Нәтижесінде, әр түрлі жазаларға кесілді.
Осы орайда, кейбір деректерде Мұхаммед ас-Сарахси ел билеушілеріне қарсы шыққаны үшін 2 жыл абақтыда отырған. Абақтыда отырғанда «әл-Мабсут» еңбегін жазып шыққан.
Мұсылман дәуірінің гүлденген шағында әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Беруни, әл-Ғазали секілді ғұламалар көптеген еңбектерді дүниеге әкелді. Себебі, аталмыш кезеңде білім мен ғылым өркендеп кемеліне келген кезеңі болды. Осы орайда, Ислам діні – білім мен ғылымның қайнар көзі, мөлдір бұлағы.
Ислам – ғылым мен түсінік діні. Қазақ халқының бас ақыны Абай өз еңбектерінде «Алланың бір аты – ғылым!» деп жазады.
Алланың бұйрығымен ғалымдықтың жүгін көтеріп, ғылымның жолын қуып, артында өз сөзі мен ісін қалдырған Имам ас-Сарахсидің мұсылман әлемінде алар орны орасан. Оның ғылымға ерекше көңіл бөлгендігін: «Аллаға иман келтіргеннен кейінгі ең басты парыз – білім алу», – тұжырымды ойларынан байқауымызға болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Мұхаммед ас-Сарахси абақтыда болса да көптеген еңбектерін шәкірттеріне айтып отырып жазғызған. Нәтижесінде, абақты күзетшілері Мұхаммед ас-Сарахсидің ғалымдығы мен көрегендігін көріп, барынша жазасын жеңілдетіп, жағдайын жақсартуға тырысқан деген деректер бар-мыс. Осылайша, Мұхаммед ас-Сарахсидің шәкірттері Ұстазының дәрістерін, айтқан сөздерін жазып алып отыруға мүмкіндік алды. Бұл көрініс, әрине, «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тағылымды сөзді толықтырады.
Мұхаммед ас-Сарахсидің ең танымал және көлемі жағынан үлкен еңбегі – «әл-Мабсут» 30 томнан тұрады. Бұл еңбек араб тілінде ХІ ғ. екінші жартысында жазылған. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорындағы Мұхаммед Сарахсидің «әл-Мабсут» еңбегінің 10, 11, 28, 29, 30 томдары бар. Жалпы жинақ кітабы 1220 парақтан құралған.
Мұхаммед ас-Сарахси. «әл–Мабсут». 25 том
«Әл-Мабсуд» көп томдық еңбегінің алғашқы 7 томы дәрет алу қағидалары, намаз, отбасы мәселелеріне қатысты болса, 8-16 томдары аралықтарында қаржы мәселелері, оның айналымы, сауда-саттық, жалға беру, мал-мүлік құқықтары жөнінде қамтылған. Сондай-ақ бұл томдарда бұзақылық, жаза, әскери және моральдық құқық, адамдар серіктестігі секілді тағыда басқа сұрақтар жөнінде кездестіруге болады, ал 17-ші томы ажырасу мен куәлік мәселелеріне арналған. Еңбектің 30-шы томында туған (сүттес) бауырлар аға-әпке арасында некенің тыйым салынғандығы туралы мәліметтер қамтылған. Ал қалған томдарында елшілік, бейбітшілік, серіктестік, насихат, қарыз, рухани мұра, күнделікті тұрмыстағы тыйымдар мен рұқсаттар тағы да басқа сұрақтар жөнінде баяндалған.
Бізге жеткен ас-Сарахсидің шығармаларына тоқталатын болсақ, оның 13 шығарманың авторы екенін білеміз. Ол алтауын шәкірттеріне зынданда отырып жазғызған. Оларға: «Усул фиқһ», «Шарху зияду зиядат», «Шарху жамил кәбир», «Мухит» және тағы басқалары жатады. Бұл еңбектердің барлығы араб тілінде жазылып, кейбіреулері әр уақытта өзге тілдерге аударылғандары да болған.
Жалпы, ғұлама Мұхаммед Сарахсидің «Сарахси негіздері» атты еңбегін Әбу әл-Уафа әл-Ауғани жарыққа шығарған. Бұл тұлға туралы тоқталып өтетін болсақ, 1310 жылы Ауғанстандағы Қандағар қаласында дүниеге келген белгілі мұсылман құқықтанушысы және хадистану сыншысы болып табылады. Сондай-ақ, ол Ханифа мазhабының көрнекті өкілдерінің шығармаларын зерттеп құнды еңбектерді дүниеге әкелді. Мұхаммед Сарахсидің «Сарахси негіздері» атты еңбегі Ислам дініміздегі фиқh негіздерін байланысты жазған.
Бұл шығарма туралы араб ғалымы Камал Абдул-Азим әл-Аннани зерттеп-зерделеп 1971 жылы Бейрут қаласында еңбегін жарыққа шығары.
Сонымен қатар, түрік ғалымы Мустафа Жеват Акит 10 жылдан астам Мұхаммед ас-Сарахсидің мұраларын зерделеу үстінде. Қазіргі таңда, Мұхаммед ас-Сарахсидің қолжазбаларын түрік тіліне аударумен айналысуда. Сондай-ақ, түрік ғалымы Мұстафа Жеват Акидің қолында Мұхаммед Сарахсидің 22 дана қолжазбасы бар. Әрине, бұл мұраларды зерттеу үлкен шыдамдылық мен сабырлылықты қажет ететін үлкен еңбек болып табылады.
Өкінішке орай, Мұхаммед ас-Сарахсидің абақтыда отырып шәкірттеріне жаздыртқан еңбектері әлі белгісіз. Сондай-ақ, Мұхаммед Сарахсидің ілімін жалғастырған шәкірттерінің есімдері белгісіз болып отыр. Алайда, оның ұстаздары мен жерлестері туралы ақпарттар бар. Атап айтатын болсақ, Бурхан ад-Дин Абдулазиз бин Омар Бин Маза, Рухнуддин Масуд бин Хасан ал-Касани, Махмуд бин Абдулазиз ал-Узгенди сынды-ойшылдар.
Мұхаммед ас-Сарахси Марғинани қаласында (Өзбекстан Республикасы) 1094 жылы қайтыс болғандығы жөнінде деректер бар.
Қорытындылай, келе халық даналығында «Өткен күнде белгі бар, ізденушісі болса, Келер күнге тәңірі жар тілеушісі болса» дей келе, әлемдік тарихтағы тұлғаларды жіті зерттеп-зерделеу арқылы тарихи кезеңдердің жаңа бір қырын ашуымызға мүмкіндіктің орасан болатындығы айғақ.
Қолданылған әдебиеттер:
- https://www.muftyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2014-08-04/ С. Тәжібаев. Ханафи мазхабының ғұламасы – Шамсул-Аимма Әбу Бакр Мұхаммед ас-Сарахси.
- Книжное собрание на арабском шрифте Национального центра рукописей и редких книг. Каталог. Нур-Султан, 2021.
АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН







