әл-Фарабидің ой-тұжырымдары жинақталған «Негізгі ой түйіндері» атты трактаты
НЕГІЗГІ ОЙ ТҮЙІНДЕРІ
- Нәпсі мен тәннің саулығы және сырқатының ұқсастығы жайында
Нәпсінің де тән сияқты саулығы мен сырқаты болады. Нәпсінің саулығы – оның өзі мен бөліктерінің түрлі жай-күйде үнемі жақсылық пен көркем істер тудырып отыруы, ал сырқаты деген үнемі жамандық пен жауыздық істер тудыруымен ерекшеленеді.
Тән саулығы деген – тән мен оның бөліктерінің жай-күйі жанның игі немесе қаскүнемдік істерді емін-еркін түрде жүзеге асыруға мүмкіндігі мол болуында. Тәннің сырқаты – тән мен оның бөлшектерінің жай-күйінде жанның керекті істерді жүзеге асыруда әлсіздік танытып, дәрменсіз қалуында.
- Нәпсінің артықшылығы мен кемшілігінің ерекшеліктері жайында
Нәпсінің артықшылығы арқасында адам жақсылық пен көркем мінез көрсете алады. Ал кемшілігінің кесірінен жамандық пен жерігіш істер жасайды.
- Әкім мен дәрігердің жан-тәнді емдеудегі ұқсастығы және әкімнің дәрігерден артықшылығы жайында
Дәрігер адам денсаулығын қалыпты табиғи түрде сақтап қалуға тырысады. Әкім қала тұрғындарының салауатты өмірі мен әлеуетінің қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты болады. Демек, дәрігер тәннің, әкім болса қала тұрғындарының мінез-құлқына, әлеуметтік тіршілігіне жауапты болғандықтан, өз істерінде ортақ серіктес болып саналады. Бірақ та қала тұрғындарының жан дүниесіне жауапты әкім адамның тән саулығына жауапты дәрігерге қарағанда едәуір қадірлілеу.
- Тәнді емдеуші дәрігер мен әкімнің ұқсастығы жайында
Тән емдеушісі – дәрігер, нәпсі емдеушісі – қала әкімі, басқаша айтқанда, олар патша мен саясаткер сияқты. Дәрігер науқасты емдегенде оның жақсы не жаман істер жасағанына қарамайды. Оның мақсаты – науқасты сауықтыру. Ем алған адамның нәпсісі тән қабілетін дұрыс істерге жұмсай ма, әлде бұрыс істерге, яғни жауыздыққа жұмсай ма – оған дәрігердің еш қатысы жоқ. Мәселен, көз дәрігері көзді емдейді. Көзі емделген адам онымен әсем де жақсы нәрселерді тамашалай ма, әлде көріксіз, ұнамсыз нәрселерге көз сала ма? Дәрігер ауруды емдеуде алдына ондай мақсат қоймайды. Бірақ саясаткер мен патша азаматты жамандықтан алыстатып, жақсылыққа жетелеуге жауапты. Сондықтан саясаткер өз мамандығы бойынша, патша биліктегі құзыреті деңгейінде түрлі амалдар жасап, адамның күші қай жерде, қай нәрсеге сәйкес жұмсалу керектігін және кімнің қандай іске лайық еместігін анықтап, нәпсінің бір игі мақсатқа қызмет жасауында тәннің қабілетін арттыру үшін шаралар қолданады. Осыған орай патшаның да, саясаткердің де міндеті – құрылысшы мен жұмысшылардың белгілі бір құрылыс жобасын жүзеге асыруы сияқты қаладағы барлық кәсіп иесінің кәсіби қабілетін арттырып, қала тұрғындарын игілікті іске жұмылдырып, бақыт сыйлауы тиіс.
- Саясаткер мен дәрігердің тән һәм нәпсіні тану қажеттілігі жайында
Дәрігер тән мен оның ағзаларының кесел-дертін тануды қажетсінеді. Өйткені сол арқылы кеселдің себебін, қалай болғанын анықтап, емдеу жолын ұсынып және тәннің жалпы жағдайын бақылап, тән мен оның бөлшектерінде пайда болып жатқан ахуалдан хабардар болып отырады. Сондай-ақ саясаткер мен патша да – нәпсінің емдеушісі іспеттес. Патша нәпсі мен оның бөлшектерін, кемшіліктерін танып, оның кеселі мен жалпы жағдайынан хабардар болып, нәпсінің қандай ерекшеліктері адами жақсылықтарға дәнекер бола алатын жағын қамтиды. Осы сияқты қала тұрғындарының теріс мінез-құлқының түзелуі үшін амал-айла қарастырып, қандай ұтымды тәсіл қолдану керектігін ойлап, олардың көркем мінезге дағдылануына ықпал етеді. Сондықтан патша мен саясаткерлер нәпсілерді өзгерту үшін алдымен оны танып алуы тиіс. Дәрігер қажет деңгейде тәнді тануға қажетсінсе, ағаш шебері түрлі ағаштарды тануға қажетсінеді, темірші де темірдің ерекшелігін танып-білгені секілді жұмыс нысанын тану патша мен саясаткерге де қажет.
- Зат, оның түрлері мен бөлшектері жайында
Заттардың екі түрі бар: жасанды және табиғи. Жасанды заттар: кереует, семсер, айна, тағы сол сияқтылар. Табиғи заттар: адам және барлық жанды нәрселер. Жасанды және табиғи заттар екі нәрседен пайда болады: 1) материя; 2) түр. Жасанды заттың материясы ағаш кереуеттің төртбұрышты не дөңгелек түрінде беріледі. Ағаш материясы кереует үшін сәйкестендірілсе, заттың түрі де соған сай жасалады. Табиғи заттың материясы – қарапайым элементтер (су, топырақ, жылу, от). Әрбір табиғи заттың болмысына сай: олардың жынысы, материясы, бөлшектері мен түрлеріне қарай атау берілген.
- Нәпсінің үлкен күштері мен бөлшектері жайында
Нәпсінің тегеурінді күштері мен бөлшектері бес түрлі болып келеді. Олар: 1) нәрлендіру ( – тағамдарды күшейтетін қуат); 2) түйсіну ( – бес сезім мүшесімен болмыстарды түйсіну қуаты); 3) елестету ( – қияли бейнелерді елестету қуаты); 4) қоздырушы қуат ( – нәпсінің сұранысын тудыратын қуат); 5) сана ( – жалпы ұғымдарды түсіну, сөзге айналдыру қуаты).
Мәселен, нәрлендіру қуаты түрлі тағамдарға ықпал жасап, оның бар түрін өзгертіп түрлендіреді. Тағамдардың үш түрі бар: алғашқы, ортаншы, соңғы. Алғашқысы – нан, ет сияқты тағамдар. Олар қорытылған соң бастапқы түріне қайта оралмайды. Тағамның соңғы түрінде толық қорытылғаннан кейін өзгерісі соншалық – тәннің бір бөлшегі оны өз бойына сіңіріп, өзіне ұқсатып жібереді. Сондықтан қорытылған тағамды ет бөлшегі өзіне сіңірген болса – етке, ал сүйекке сіңісіп кетсе сүйектің бөлшегіне айналады.
Ал ортаншы тағам екі түрлі: бірі – асқазан, ішек-қарында өзгерген тағам түрлерінен қан пайда болатын бөлігі, екіншісі – қан.
Нәрлендіру қуатының түрлері: қорытушы (), таратушы (), тудырушы (), сіңіруші (), сақтаушы (), ажыратушы () және айдаушы () болып жіктеледі. Қанды тәннің әр бөлшегінде өзгертіп, тәннің сол бөлшегіне айналып кетуіне дайындайтын қуатты нәрлендіру қуаты деген дұрыс. Қорытушы қуат алғашқы тағамды асқазан мен ішектерде өзгертіп, қанға айналуға дайындайды. Сонан соң сол қорытылған тағам бауырдың көмегімен қанға айналады. Таратушы қуат – тағамның арқасында өсе алатын тәннің барлық бөлшегіне қажет мөлшерде қорек жеткізіп беретін қуат. Тудырушы қуат соңғы тағамның екінші түрі қанның өзіндей өзге болмысты тудыруын қамтамасыз етеді. Бұл қуаттың екі түрі бар: бірі – жаңа сәбиге материя беретін аналық қуат, екіншісі – оған түр беретін аталық қуат. Осы екеуінен түрі оларға ұқсайтын басқа жан пайда болады. Сіңіруші қуат – тағамды бір жерден басқа бір жерге таратып, нәрленуші затқа жеткізіп, оған сәйкесе сіңісіп кетуін қамтитын қуат. Сақтаушы қуат – асқазанда қорытылып жатқанда тағамның сақталуын қамтитын қуат. Ажыратушы қуат – қорытылған тағам қалдықтары мен тән бөлшектері керек қылған бөлігін бір-бірінен ажыратып отыратын қуат. Айдаушы қуат – тағамның түрлі қалдықтарын бір жерден екінші жерге айдайтын қуат.
Түйсік қуаты баршаға белгілі бес сезім мүшесінің бірімен сезе алады. Қиял қуаты – түйсіктен алған түрлі белгілер мен әсерлердің сезгендерін сақтап, әрі қарай бір-бірімен араластырады. Кейбірін өзге түрлерінен ажыратады. Араластырып, ажыратып жасалған сезімдердің кейбірі шынайы, кейбірі жалған болып шығады. Қиял қуатының қосу мен ажырату әрекеті ұйқы мен ояу кезде бірдей кейіпте болады. Қиял қуаты мен нәрлендіру қуаты ұйқы мен ояу кездерде біркелкі іспен айналысады. Бірақ өзге қуаттар ұйқыда қызмет атқармайды. Жандылардың талас-тартысы нәпсінің сұраныс күштеріне бағытталып жатады. Мысалы, нәпсінің тойымсыздығы, оның бір нәрсеге құмарлығы, ұнамды не жиіркенішті, өтіну, қашу, тарту, кешіру, алыстау, ризалық, қорқу, беттеу, қаталдық, мейірім, достық, ашу, армандау және басқа нәпсінің сұраныстары жандылардың алуан түрлі нәпсісінің құбылыс-әрекетін тудырады.
Қоздырушы қуат жандылар нәпсісінің барлық сұранысын тудырады. Бұл қуаттың құралдары тән мен оның бөлшектерінің іс-қимылын жасайтын қуатының барлығын қамтиды. Мәселен, қол қуаты шабуыл жасауға, зақым келтіруге, ал екі аяқ жүруге, тағы басқа тәннің бөлшектерін сондай әрекеттер жасауға итермелейді.
Адам сана қуаты (ойлау мен сөйлеу қуаты) тудырған жалпы түсінігінің арқасында ойшыл болып, түрлі білім мен кәсіпке қол жеткізеді әрі жақсы-жаман істерді бір-бірінен ажырата алады. Бұл қуаттың екі түрі бар. Олар: 1) практикалық сана; 2) теориялық сана. Практикалық сананың екі түрі болады: 1) орындаушы; 2) ойлаушы. Сондықтан адам «теориялық сана» арқылы күнделікті тұрмыста қолдана алмайтын, бір күйден екінші бір күйге ауыстыра алмайтын нәрселерді ұға алады. Мәселен, 3 – тақ сан, 4 – жұп сан. Біз 3 санын өзгертіп, жұп және 4-ті өзгертіп тақ қыла алмаймыз. Осы сияқты біз төрт бұрышты ағашты дөңгелек етіп өзгертсек те ол ағаш болып қала береді.
«Практикалық сана» бір-бірінен ажыратылатын нәрселерді бір түрден екінші бір түрге ауыстырып, өзгертіп пайдалануға болатын жағдайға ықпал етіп, дәнекер бола алады. Сананың орындаушы қуаты көптеген қиындық-кедергіге қарамастан түрлі кәсіптерге қол жеткізуді көздейді. Мысалы, сауда-саттық, егіншілік, дәрігерлік, кеме жасау, т.б. деген сияқты. Сананың ойлаушы қуаты – бір істі жүзеге асырғысы келгенде, ол іске асуы мүмкін бе, әлде мүмкін емес пе, ал мүмкін болса, қалай жүзеге асырған тиімді екенін ойластыратын қуат.
- Адамның артықшылығы мен залымдығы жайында
Артықшылық құлықтар және ойлар деп бөлінеді. Артықшылығы бар ойлар – ақылмен ұға алатын бөліктер. Мәселен, даналық, парасат, зеректік, алғырлық, жақсылық ойлау. Олар – нәпсінің артықшылығы. Мысалы, пәктік, батырлық, жомарттық, әділдік. Адам залымдығының түрлері де осы сияқты өз орнында, өз бөліктерінде белгілі мақсаттарға сәйкес көрініс береді.
- Адам нәпсісінің артықшылықтары мен сұрқиялықтарының пайда болуы жайында
Құлықтардың артықшылықтары мен сұрқиялықтары адам нәпсісінде іс-амалдардың жүруі барысында толассыз қайталануымен дағдыға айналып, орнығады, содан құлық пайда болады. Аталған іс-әрекеттер жақсылық болса – ол артықшылығы. Ал жамандық болса, адам нәпсісінде сұрқиялық орнығады. Кәсіптер де солай. Мәселен, біреу жазушылыққа іс-амал жасап, дағдыға айналдырса, ол кәсіп оның нәпсісінде орын алады. Оның нәпсісі жазушылықта теріс істерге ден қойса, онда жаман құлық пайда болып, жазушылығы да соған сай өрбиді. Ал жазушылығы жақсы істермен дағдыланса, оның амалы игілікті істердің ұйытқысына айналып, сондай жақсы әдет орнығады.
- Генетикалық қабілеттілік жайында
Ол – артықшылық та емес, сұрқиялық та емес, болмыстың көрінісі. Адам жаратылысында артықшылық немесе сұрқиялыққа ие болмайды. Өйткені тоқымашылық не жазушылық адамның табиғатына байланысты емес. Бірақ адам жаратылысынан артықшылыққа не сұрқиялыққа ие болуы ықтимал. Сондай қабілетіне қарай адам өзге істерден гөрі біреуін оңай орындай алады. Біреуге жазушылық өзге істерге қарағанда оңайлау көрінеді. Сондықтан адам ең әуелі өзінің қабілетіне ыңғайлы іске ұмтылып, ынта танытады. Қарым-қабілетіне сай істі жасауына кедергі болса, басқа істі қарастыруға мәжбүр болады. Алайда адамның табиғи қабілеті артықшылығы емес. Ал табиғи қабілеті жақсылыққа жұмсалып, оның қайырымды істері қайталана беріп, соңында дағдыға айналып, нәпсісінің бір бөлшегінде орнықса әрі сол бойынша игі істер жасала берсе, бұл үрдіс әдетке ұласып, «артықшылық» пайда болады. Өйткені адамның табиғи қабілеті арқылы жүзеге асатын істері артықшылық не сұрқиялықпен байланысты болмайды.
Адамның табиғи жағдайы өзгеше атауға ие емес. Кімде-кім адамның табиғи қабілетіне орай оны артықшылық немесе кемшілік деп атаса, тек қана сөз жүзінде ортақтасқан болады. Ондағы артықшылық немесе кемшілік мағына жағынан бірге бола алмайды. Артықшылық немесе кемшілік толассыз іс-амалдың нәтижесінде әдетке айналған жағдайда мақтауға не даттауға лайық болады.
- Адамның табиғи қабілетін ұштамаса, барлық артықшылық пен сұрқиялыққа қол жеткізуі мүмкін еместігі жайында
Табиғи қабілетіне орай толық мағынада адам барлық жақсы дағдылар мен ойларға қол жеткізуге лайық және дайын деп айту өте қиын. Өйткені адам табиғи қабілетімен барлық пән мен кәсіптерді меңгере алмайды. Сондай-ақ табиғи қабілеті арқылы барлық жаман істерді жасауы екіталай. Ақылға салып қарағанда табиғи қабілеттің екі істі де толықтай жүзеге асыруы неғайбыл. Демек, әр адам кәсіп пен артықшылықтың белгілі не шектеулі бір түріне қабілетті және соған дайын. Басқаша айтқанда, тұлға сол кәсіп пен артықшылыққа лайық дайын бола алады. Ал енді бірі өзге кәсіп пен артықшылыққа, кейінігісі үшінші бір кәсіп пен артықшылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
- Адам болмысының илаһи және жабайы түрлері жайында
Адам болмысының ерекшелігі мен табиғи қабілетіне нәпсінің сұраныстарынан туындаған құлықтар қосылғанда, ол артықшылыққа не сұрқиялыққа бейім болады. Дағдыға айналған құлықтар нәпсіде нық орныққан соң артықшылық не сұрқиялық сипаттармен толыға түседі. Содан соң оны адам нәпсісінен ажырату не жою аса қиынға соғады. Осы орайда жақсы қасиеттерге қол жеткізу мүмкіндігі пайда болып, оны толассыз қайталай берудің нәтижесінде әдет етіп нәпсісіне орнықтырса, мұндай адам өзгелерге қарағанда артықшылыққа ие болып, ізгі қасиеттердің биігіне көтеріледі. Өткен заманның ғұламалары ондай адамға «илаһи», «құдайлық» атауын берген. Осы құдайлық адамдарға қарама-қарсы жандар барлық жаман істерді жасауға дайын болып, әрекеттерін үздіксіз қайталай берсе, әдетке айналады. Ол нәпсі сұранысының бірі болып орнығады. Соның салдарынан адамда жамандық бой көрсете береді, нәтижесінде 53
оның нәпсісіндегі жауыздықтар өзгелердікінен асып түседі. Көне заманның данагөйлері ондай адамның бойында жамандықтың түрі көп болғандықтан оған арнайы бір ат қоймаған. Көп уақытта ондай жамандықтарды айуандық, жабайылық деген сынды атаған. Әлбетте, «илаһи», «айуандық» болмыстар ел ішінде аз кездеседі. Сондықтан кейбір кезде алғашқы түрі пайда бола қалса, оның орны әрбір саясаткерден жоғары тұрады, оның істері жалғыз бір қалаға қызмет жасаумен шектелмейді, бәлкім, барлық қала оның ұсыныс-шаралары арқылы реттеліп, жақсарады. Осылай шын мәнінде ол «патша» саналады. Ал әлдебір жағдайда екінші түрі ел арасынан шығып қалса, ол ешқашан бір қалаға басшы не қызметкер болуға лайық емес, бәлкім, барлық қаладан қуылуы керек шығар.
- Адамның табиғи қабілетінің жақсылық пен жамандыққа бейімделуі жайында
Адамның табиғи қабілеті мен ерекшеліктерінің жақсылыққа не сұрқиялыққа бейімдігі кейде мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Сонымен ондағы қалыптасқан әдет толықтай өзгеріп, оның орнына өзгеше бір ахуал нәпсісінде орнығуы ықтимал. Ендігі бір жағдайда дағдыға айналған жағдай күйрей бастағанда ондағы қуат әлсірей түсіп, толық жойылмаса да, қарқыны бәсеңдейді. Тағы бірде адамның жай-күйі соншалықты қалыпты болғандықтан жойылуы немесе өзгеруі мүмкін емес болып, оның қуатында ешқандай төмендеу байқала қоймайды. Дегенмен сабырлылық танытып, нәпсіні жаман істерді жасамауға көндіруі мүмкін. Оған табандылықпен тосқауыл болуы тиіс. Ол үшін де жаман әдеттерге қарсы тұра алатындай өжеттік қажет. Өйткені әдет болып қалыптасқан адамның сұрқия құлқына қарсы қуатты түрде әсер ету керек.
- Ұстамды адам мен қайырымды адам арасындағы айырмашылық жайында
Ұстамды адам мен қайырымды адам арасында айырма бар. Өйткені ұстамды адам қайырымдылықпен айналыса отырып, жаман істерге де араласып, белсенді ықпал ете алады. Бірақ ол тойымсыздық ниетін тоқтату үшін өзін қатты тежеп, қиналып барып жақсылық жасайды. Ал қайырымды адам істеп жүрген игі істерін нәпсідегі дағдыланған игілікті сұранысына орай көңілді, өз қалауы бойынша қуана-қуана атқарады. Ол үшін ешқандай да қиналмайды, жақсылық жанына азап береді деп мұңаймайды, керісінше, одан ләззат алады. Ұстамды адам мен қайырымды адамның арасындағы айырма өмірден көрген тауқыметтен ұстамды болған адам мен өмірде ешқашан тауқымет көрмеген адамның ұстамдылығы сияқты. Тағы бір мысал, тақуа адам мен ұстамды адам арасындағы айырмашылықты айтқанда тақуа адам тамақтануда, ішіп-жеуде және үйленуді шариғатқа сай өз қалауымен орындайды. Бірақ ұстамды адамның іс-әрекеті шариғатқа сай болса да оның нәпсісінің қалауы емес. Сондықтан ұстамды кісі көбінесе мінез-құлқы қайырымды адамдар сияқты болса да нәпсісінің құлы емес.
- Мақтауға лайық жақсы адамнан гөрі қала басшысының артықшылығы жайында
Табиғатында жамандыққа ешқандай бейімі жоқ жақсы адам мен ұстамды адамның арасында айырма бар. Сондықтан қала әкімінде жақсы мінез бен ниет үстем болса, ол ұстамды адамнан көш ілгері. Сондай-ақ әкім ұстамды болып, істерін шариғатқа сай істесе, табиғатында жақсы адамнан да артық. Өйткені ұстамды адам да, жақсы адам да бір рет қадамын шалыс басса, оны сақтандыруға жауапты қала басшылығы бар, оның екінші рет қателікке ұрынып, өзгелерге зиян келтіретіндей әрекетке баруына жол бермейді. Сондықтан әкімнің артықшылығы – қала тұрғындарының барлығын қамтуында. Ол бір рет қателесіп, шалыс басса, оның қатесі қаланың көптеген тұрғынына зиянын тигізеді, сол себептен мемлекет басшысының табиғатындағы жақсылық оның нәпсісінде патшалық құруға тиіс. Әкімнің қала тұрғындарының істеріне жауапты болуының өзі оған айтарлықтай марапат пен міндет жүктейді.
- Қалаларда зұлымдықты қалай жою керектігі жайында
Қала тұрғындарының зұлымдығын жоюдың екі жолы бар: бірі – тұрғындардың нәпсісіне жақсылық орныққан жағдайда жоюға болады; екіншісі – жамандықтан арылу үшін қала тұрғындары ұстамды болуға тиіс. Кімде-кімнің нәпсісінде артықшылық бола тұра зұлымдықты жоя алмаса, яки кімде-кім ұстамды бола тұра жамандыққа қарсы шыға алмаса, қаладан кетуі керек.
- Адамның өз табиғатына тән емес істерді жасай алатынының ақиқаты жайында
Адам табиғатына тән істей алатын істерге қабілетті. Сондықтан олардың теріс істерді жасауы қиын, бәлкім, мүмкін емес. Бірақ кез келген адам табиғатына қарсы, нәпсісінің сұранысына сай қайырлы не жауыздық істерді үздіксіз қайталап, дағдыға айналдырған соң оны оңай орындай алады. Бірақ ол істі қайталау арқылы нәпсісінде орнықтырып, мінез-құлқына айналдырып, бұрынғы әдеттерінің орнына қою керек болады. Сонда жаңа амалдарды орындау мүмкін болмақ. Өз табиғатына теріс келетін істерді орындау адамға қиын болса, оны қайталаумен әдетке айналдырып, оңай орындай алады.
- Асыра орындау мен жеткіліксіз істеудің екі шегінің ортасы жайында
Жақсы амалдар екі шектің ортасында тұрады. Екі жаман шектің бірі – асыра істеу, екіншісі – жеткіліксіз болуы. Қайырымдылық нәпсінің екі шегінде асыра сілтеушілік пен жетіспеушілік отырса, ол оңды емес. Мәселен, тақуалық – ашқарақтық пен аштық секілді екі шектің ортасы. Ашқарақтық асыра сілтеушілік болса, аштық – астан мүлдем мақрұм қалу, нәр сызбау. Мұның екі шегі де сұрқиялық болады. Осы өлшем бойынша жомарттық қасиет ысырапшылдық пен сараңдықтың ортасында тұрады. Батырлық көзсіз батырлық пен қоянжүрек қорқақтық ортасында болады. Даналық артық сөз бен бос сөз ортасында тұрады. Кішіпейілділік тәкаппарлық пен сорлылық арасында болмақ. Еркіндік мақтаншақтық пен сұмырайлық арасында болмақ. Байсалдылық асқан ашу мен немқұрайлылықтың ортасында тұрмақ. Ұят ұятсыздық пен сүмсіктіктің ортасында болмақ. Достық жаулық пен жағымпаздық ортасында тұрмақ. Барлық артықшылық осылай болады.
- «Аралық» пен «ортасы» ұғымдарының мағынасы, бірі тұрақты, екіншісі салыстырмалы сипатқа ие екендігі жайында
Мұндағы тұрақты сипатқа ие аралықтың мысалы – 6 мен 10 және 2 сандарының аралық қатынасынан анықталатын нәтиже. Аталған мысалда 6 санынан 10 артық, ал 2 одан кем болғандықтан, 6 саны екі шектің ортасында тұр. Осылайша кез келген санның 6 санымен аралық қатынасы осыған ұқсас болмақ. «Ортасы» деген осы мағынада: ешқашан артып не кемімейді. Өйткені 10 мен 2 санының ортасында барлық уақытта 6 саны тұрады. Бірақ «салыстырмалы ортасы» түрлі заманда түрлі нәрселердің мөлшеріне қосылуына байланысты көп не кем болады. Мәселен, сәби мен ересек еңбекқор жұмысшының тамаққа сұранысы әртүрлі болғандықтан екеуі тұтынатын ас мөлшері, қою-сұйықтығы, ауыр-жеңілдігі жағынан көп айырмасы бар. Түрлі денелерге байланысты ауаның ортасы да түрленіп тұрады. Осылайша тамақ пен дәрі-дәрмектің орташа күйі тәннің жағдайына байланысты қабылданғанмен анықталады. Өйткені дененің өткен-кеткен уақытта ауруға шалдыққанына, тұрған қаласы мен ұстанған түрлі әдет-ғұрпына байланысты тамақ пен дәріні аз не көп мөлшерде қабылдайды. Яғни қолданыс мөлшері өмір барысындағы түрлі өзгерістерге орай түрленіп тұрады. Бұл орташа жағдайдың ахуалы іс-қимыл, мінез-құлық, нәпсінің сұраныстарында да көрініс береді. Өйткені іс-амалдар орындаушының ынтасына, істің межесіне, орындалатын уақыты мен мекеніне орай өзгеріп отырады. Ашуланудың да орташа күйі кімге, қай мақсатта, қай уақыт пен қандай мекенде ашулануына байланысты болмақ. Сондай-ақ түрлі жағдайларға қарай даттаудың да орташа деңгейінің көп түрі болады. Мәселен, ұрып-соғу және жазалаудың да орташа мөлшері оның саны мен сапасына, кімнің кімді соғатынына, жасалған қылмысқа және жаза бергенде қолданылатын құралға 57
сәйкес белгіленеді. Сондықтан әр іс-амалдың орташа күйі сол істі тудыратын ортасына әрі сол істерді өлшеп, анықтап, қорытатын нәрселерге де байланысты болып келеді. Ешбір істің орташа күйі деген болмайды. Бірақ та бір істің орташа күйі, мәселен, бес нәрсемен анықталуы мүмкін, енді бір істің орташа күйі бестен артық не кем нәрсемен айқындалуы ықтимал.
Бұл еңбек мемлекетті басқару негіздері, отбасының дәстүрлі жүйесі, көркем мінезге ие болу, қала тұрғындарының бақытқа бет алуы жөніндегі әл-Фарабидің ой-тұжырымдары жинақталған «Негізгі ой түйіндері» атты трактаты қарастырылған. Шығыстанушы-ғалым Ислам Жеменей Отырар ойшылының бұл еңбегін Асан Мәлікшаһидің парсы тіліндегі тәржімасын негізге алып, араб тіліндегі түпнұсқасымен салыстыра отырып қазақ тіліне аударған.