Аға туралы бір үзік сыр

Балтақожа ағам туралы жазуды қолға алғанда ұзақ ойландым… Ия, Балташ ағам біздің ең жақын туысымыз. Айқожа ишанның немерелері Мырзахметтен менің атам Мәжитқожа, інісі Сейдахметтен Жапар мағзым атам туылған. Айқожа бабамыз туралы шежіреде барлық балалары, ұрпақтары жөнінде толық жазылған. Мен бұл жерде Балтақожа ағаммен қаншалықты туыстық жақын екенімізге тоқталдым.
Мен Мәжит атамның баурында өскендіктен ол кісілердің бір-біріне деген мейіріміне, құрмет ізетіне қанық болып өстім. Ол кісілердің бір-бірін құрметтеуінің, туысқандық мейір шапағатының қаншалықты зор болғанын жеткізуге сөзім жетпейді ау… Ол кезде бала болсақ та атамның ағасын алдына хан көтеріп, әкесіндей құрмет тұтатынын көріп өстік. Жапар атам өз заманында ата жолымен төңірегіне имандылықтың дәнін еккен, терең білімділігімен, шипагерлігімен елдің құрметіне бөленген дара тұлға болатын. Дегенмен, әжелеріміз жасы кіші болса да атам Мәжитті үлкен үйдің ұлы «Ақжігіт» деп атап, өмірлерінің соңына дейін алдынан көлденең өтпей, жиын тойдағы барлық тірліктің тізгінін қолына беретін.
Сол сыйластықтың дәлелі шығар деп ойлаймын, атамның бетіне қарап отырған ұлы Балтақожаның жеңгеміз Рәзияны әуелі үлкен үйге қара шаңырақтың босағасына түсіреміз деп, ол кезде Өзгент совхозында тұрамыз, үйге әкеліп түсіргені. Қыстың кезі болатын, беташар той, жастардың вечері, құдалығын өткізіп мамамдар сол үйдің шаруасын жайлап, 1 айдай жүрді ау. Оның алдында 1965-66 жылдар шамасында болу керек, әкеміз қызмет бабымен Жаңақорғанға көшіп келгенде де атама қызмет жасасын деп үйінің жанына көшіріп әкелген болатын.
Әкеміз Әмір де Балтақожа ағамды туған інісіндей көріп, Балташжан деп еркелетіп өтті. Соңғы сапарға аттанар кезінде де Балташжан деп ағаны іздеп жатты. Балтақожа көкемнің өзінің де ағасы мен жеңгесі Ардаққа деген құрметі ерекше болды. Тіпті, менің өзіме және бауырларыма деген көзқарасынан бізге деген ерекше ықыласты сезетінбіз. Дүниеден өткенше отбасындағы, әулеттегі әрбір жиын тойда, келелі мәселелерде інілерім Әпен, Нүркен, Сабыр, Қадырлардың алдында арқа сүйер, ақылдасар асқар тау ағасы, жанашыр тілекшісі болып өтті. Көп мәселелерде әсіресе Әпен, Нүркен інілеріммен ақылдасып отырушы еді. Балташ ағам тек бізбен ғана емес, әулеттегі барлық ағайындармен етене араласып, алыста жүрген туысқандармен хабарласып, ағайын арасын байланыстырып отыратын, шын мәнінде үлкендікті алып жүрген кісілікті Аға болды.
Балтақожа көкем қапсағай денелі,жүзінен мейірім шашып тұратын, келбетті кісі болатын. Ешкімге дауыс көтеріп қатты сөйлегенін естімедім. Бір көргеннен ақ кісіні ақ жарқын мінезімен, әдемі әзілімен баурап алатын. Рәзия жеңгеміз де биязы мінезді, кішіпейіл жан болды. Екеуінен өрбіген 4 қыз, 2 ұл дүниеге келді. Өкініштісі, Рәзия жеңгеміз кішкентайы Болатының жас кезінде дүниеден ерте озды. Қанша мықты болса да орта жолда сыңарынан айрылған оңай ма, ағамыз өмірдің біраз теперішін көрді…
Дегенмен, қанына сіңген тектіліктің арқасында Балтақожа көкем Жапар атамның киелі қара шаңырағында барлық қиындықтарды еңсеріп, өмірден өзінің еншісін ойып тұрып алды деуге болады. Анасынан жастай қалған ұл-қыздарын ешкімнен кем қылмай жеткізді. Оқытты, тәрбиеледі, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырды. Соңынан ерген бауырларына қамқорлық жасады. Ел сыйлаған үлкен әулетте алдындағы ағаларына ізетті іні, кішілеріне қамқор аға, ағайынның арқа сүйері болды. Көпшілік құрметтеген, елдің абыройлы азаматы болып өтті.
Балташ ағамыз есейген шағында Алла жеткізгені шығар, Ажар жеңгемізбен жарасымды жұп құрды. Өмірінің соңына дейін Ажар жеңгеміз ағамызды аялап, барлық жағынан көңілін тауып, жанына жалау болып, керемет сыйластықпен өмір сүрді. Алланың қалауымен екеуі бірге барлық мұсылманның арманы болған қажылық парыздарын өтеп, акбар қажы атанды.
Балтақожа ағамды елге танымал еткен қасиеті – сонау Айқожа бабамыздан жалғасып келе жатқан ата жолын ұстауы, бойындағы атадан дарыған ілімімен ел ішінде дертіне дауа таппай шипа іздеген, жолы байланып, қиналған жандарға емімен, дұғасымен керек болды. Алдына ниет қылып келген кісіге Құран ашып, жолының ашылуына Алланың кәламы – құран аяттарымен дем салып жеңілдетуімен қатар, Жапар атамның тәуіпшілік, шипагерлік ілімін де меңгергені болса керек.Мұндай қасиеттің кез келген адамға қона бермейтіні белгілі. Басы ауырып, желкесі құрысып келген талай жандарға Алла биологиялық жылу дарытқан қолдарымен дем салып, жандарына жеңілдік сыйлағанын ағамды білетін жандар түгел мойындайды.
Ия, ол кісінің емшілік қасиеті жөнінде Жаңақорған өңіріндегі ағаны білетін кез келген адам айта алады деп ойлаймын. Өзімнің де жас кезімде басым көп ауыратын. Сондай сәттерде мамам ағаға жетелеп әкеліп, дем салдыратын. Төбеңнен ұстаған қолынан тараған жылулық бүкіл өн бойыңа тарап, бойыңа жеңілдік беретін. Денең дел сал болып, әл-дәрменің кетіп, әлсіреп келгенде 1-2 демінен кейін күш қуатың қалпына келіп, бойың сергек тартып сала беруші еді.
Жас күнімде мына бір оқиға есімде сақталыпты. Біздің үйде бір бауырыма көз тиіп, қатты ауырды. Ойнақтап шауып жүрген бала демде еттен түсіп, тіпті орнынан тұруға шамасы келмей әбден әлсіреп қалды. Болса да дәрігердің емінен ешбір қайран болмады. Ол кезде өзім де баламын, детальдары есімде жоқ, бірақ Жапар атамның үйінде бір ту ешкіні сойып, баланы бірден ыстықтай сол ешкінің қарнына салып, қанша уақыт екенін білмеймін, үлкен ыдысқа отырғызды. Баланың бойы балқып, әбден терледі. Термен денедегі бүкіл зиян шығып кетсе керек, содан бала аттай шауып, құлан таза айығып кетті, – дейтін мамам.
Ағаның үйіне қай кезде барсақ та еміне шипа, жанына дауа іздеген қаншама жандардың кезек күтіп отыратынын көзіміз көрді, тіпті аудан көлемінен тыс шалғай жерлерден де іздеп келіп, ем алып жүргендерді көрдік. Жолдары жабылып, тығырыққа тірелген қаншама кісілердің қиналғанда жол іздеп барып, тірліктерінің дұрысталғанын білетінбіз.
Ағамыздың аз ғұмырында қаншама жандардың қиындығына араша болғанын өзі біледі. Бұл менің білгенім ғана.
Бұл фәниде мәңгі жасар пенде жоқ, бірақ әрбір пенденің артында қалар іздері – «бес күн» тірішіліктегі жақсы істері емес пе? Олай болса, ағамыздың есімін ардақтап, мәңгі есте қалдыру үшін көз көрген замандастарының, жақындарының естелігін жинақтап жатқан ұл-қыздарына, Ажар жеңгеме ризалығымды білдіремін.
Аяулы ағамыздың ұзақ жылдар бойы халыққа жасаған жақсы істерінің сауабын Аллаһым молынан жазсын. Артындағы ұрпағына, аяулы жарына, бауырларына берекелі ұзақ ғұмыр, ынтымақ бірлік тілеймін. Қасиет дарыған киелі шаңырақтың құт берекесі ешқашан ортаймасын деп тілеймін.
Қарындасы Шолпан Әмірқызы Мәжитова, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз.
Желтоқсан, 2024 жыл.
Балтақожа Жапарұлы туралы естеліктердің басын құрау ойымызда бар. Сол себепті жақсының шапағатын көргендер болса Ажар жеңгемізге хабарласуға болады. тел: +77016119054





