Ғалымның хаты

Ысмайыл атаның әкесінің ұстазы Сөксөк ата жайында

Сексек ата

Сексек ата жайлы бала күннен білетініміз, ол ешкінің пірі. Ешкі баққандар оған сиынып, дұға айтып жолын ашады дегенді еститінбіз. Қазір де солай. Балаларға төрт түлік малдың пірін айтқанда, ешкі атасы – Сексек ата да айтылады. Ел арасында, әсіресе біздің оңтүстікте Сексек (Сөксөк, Сүксүк, Сюксюк) ата жайлы аңыздар өте көп. Олардың көпшілігі Сексек атаны тұрбаттық Ысмайыл атамен байланыстырады. Бірі Сексек атаны Ысмайыл атаның шәкірті етсе, бірі оны балаларының бірі етеді. Сексек атаның тарихи тұлға екенін 1987 жылы америкалық ғалым Дэвин Ди Уис жаһанға жария етпегенде, осылай халық қиялынан туған аңыз болып қала берер ме еді. Ол Кабул архивінен Ысмайыл атаның ұлы Ысқақ қожаның «Хадикат ал- Арифин» атты еңбегін тауып, ол туралы «Түркстанды исламдандырудың Ясауи аңызы» атты мақала жазды. Мақалада Ысқақ қожа еңбегінен оның тариқатқа кіруі жөнінде:

» Мен, Ысқақ қожа тариқатқа өзімнің қазғиртлық атам Ысмайыл ата арқылы кірдім, ол өзінің әкесі – Ыбрайым ата арқылы, ал Ыбрайым ата – Қожа Ахмет Ясауидың Сопы Мұхамед Данышпан атты халифының шәкірті Сөксөк ата арқылы кірді»- деген үзіндіні келтіріп, Сөксөк атаның тарихи орынын анықтайтын мәліметті жария етеді.

Ясауитану ғылымына жаңа серпін берген мақаладан соң, ұмытылып мұрағат сөрелерінде жатқан қолжазбалар, ата-бабаларынан мұраға қалған, жеке адамдар тықпыштап сақтап жүрген насабнамалар жарыққа шыға бастады. Осы насабнамалардың барлығында дерлік айтылатын, Ысқақ бабтан таратылатын аңызды зерттеу үшін дүние жүзінің бірнеше елдерінің ғалымдары қатысқан үлкен жоба іске асырылды. Сол жоба бойынша дайындалған екі томдықта жария етілген насабнама нұсқаларындағы Сексек ата туралы мәліметтерді қарастырып отырып, ғалымдар айтпаған бір ойдың жетегінде кетіп отырмын. Айтайын…

Алдымен, түсінікті болу үшін насабнама нұсқаларының бірнешеуінен үзінді келтірейін.

«… Қожа Ахмет Ясауидың бір муриді болды, Зарнұқи деген. Оның аты Махмұд қожа еді. Ол өзінің 14 жасар ұлы Мұхамед Данышпан қожаны Қожаның хилуетханасына берді. Мұхамед Данышпан онда 12 жыл хадим (қызметкер) болды, 40жыл хилуетте болды, 110 жыл өмір сүрді. Оның 3000 ізбасарлары болды. Оның таңдағаны Әулие Мәлік болды. (Қыдыр, Ильяспен сұхбаттас болған).

(Тарихнама «Қайалық редакциясы», Қоқанда ескілікті кітаптарды сатушы Юсуфхан Қадыровтан сатып алған ташкенттік профессор Шадман Вахидовтағы қолжазбадан).

«…Сонан соң оған Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқи келді. Ол Ахмет Қожа Ясауи атаның қызметінде, хилует орындап 40 жыл болды. Сонан соң шайх Ахмет Қожа оған рұхсат етіп: -Енді Отырарға бар, сонда суфра ұста,- деді. Сопы Мұхамед Данышпанның бір муриді болды – Сүксүк қожа деген. Ол Ясауи қожаның алдында 12 жыл қызмет етті, 112 жыл өмір сүрді, 70жыл Қыдыр, Ильяспен сұхбаттас болды».

(Сафи ад-Дин Орын Қойлақи өсиетнамасы» деп аталатын қолжазбалардан. Мұсахан Әбутәліповтың нұсқасы негізге алынған).

Жоғарыдағы насабнама қолжазбалары нұсқаларының үзінділерін және басқа нұсқаларды салыстыра отырып, оқиғалар барысын былайша орналастырдым. Татика хан деген лақаппен белгілі Шах Мұхамед Отырарда 1080 жылдан 1137 жылға дейін, 57 жыл хан болды. Оның 3ұл, 1 қызы бар еді. Ұлдарының ішінен үлкені Абд ал-Халиқ Арслан деген лақап атпен Отырардың ханы болды. Қызының аты Фатима Бану еді. Оны Мұхамед қожа Зарнұқиге күйеуге берді. (Қараспан редакциясы, Акбархан Суйархановтың қолжазбасы негізге алынған, Әндіжан облысы).

Осы жазбадағы Мұхамед қожа Зарнұқидың баласы Махмұт қожа Қожа Ахмет Ясауидың муриді еді. Ол 14 жасар ұлы Мұхамед Данышпан қожаны Ясауи қожаның хилуетіне берді. Онда ол 12жыл, Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанша оған қызмет етеді, 40жыл хилуетте болып, 110жыл өмір сүреді және 3000 мурид ертіп, орнын Әулие Мәлікке тапсырады. (Бұл Қайалық редакциясында).

Тап осылай Ясауи қожаның алдында 12жыл қызмет етіп, 112жыл (110жыл емес)өмір сүріп, 3000мурид ертетін және орнын Әулие Мәлікке тапсыратын Сүксүк қожа деген бар (бұл Сафи ад-Дин Орын Қойлақи нұсқаларында).

Осы мәліметтер жоғарыда көрсетілген нұсқалардағы екі адам: Сопы Мұхамед Данышпан мен Сүксүк қожа екеуі бір адам, Сопы Мұхамед шын аты болса, Сүксүк қожа лақабы деген ойға жетелейтіні анық.

Қараспан редакциясында Қожа Ахмет Ясауидың өмірден өтуі жайында мынадай әңгіме бар.

– Біздің Сопы Мұхамед Данышпан (жуып жатқан кезде) менің сүйегімді ұстасын, ал Абд ал-Халиқ хан мен Әмірзада Тайиб су құйсын. Сосын жиналғандармен қоштасып жатып:

-Алланың атына айтылған намазда өздеріңді жоғалтып алмаңдар, жылаушы болмаңдар. Өлім алланың үкімімен келе жатыр. осыны айтып аллаға жанын тапсырды. Осы әңгіме басқа нұсқада:

  1. Және, сол шайхтың өмірден өткен мезгілі, Дәл бес жүз алпыс екінші жыл еді.
  2. Өмірі жүз жиырма беске жеткенде, Ерте мен кешкі намаз арасындағы зікірде.
  3. Ахиретке барарда өсиетін қалдырды, Денемнен жаным кеткенде жуындырсын.
  4. Абд ал- Халиқ пен Сопы Данышпан, Бұл тілекті адамдар еске алсын.

(«Насабнама-и манзума» өлеңмен жазылған еңбектен, авторы Абд ал-Лазиз ибн Катта қожа, қоқандық).

Осы екі әңгімедегі Сопы Мұхамед Данышпан алдыңғы әңгімелердегі Сопы Мұхамед Данышпан Зарңұқиден басқа адам, Қожа Ахмет Ясауидың туысы, ағасы Сәдір қожаның ұлдары: Зарнұқидің аттасы Сопы Мұхамед Данышпан (бір нұсқаларда Зохид делінеді) мен Абд ал-Халиқ шайх. Аттастардың қабіріне келсек, Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғаннан кейін оның орнына отырған туысы Сопы Мұхамед Данышпанның бейіті Жаңақорған ауданындағы Аққорғанда. Ал, Отырардағы сопыханадағы мазар Сопы Мұхамед Зарнұқидің әкесі Махмұд Зарнұқидікі болуы мүмкін. Осы жерде тағы бір дерекке жүгінейін.

«…Сосын Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқи келді. Ол Ахмет қожа атаның қызметінде хилуетте 40жыл болды. Сонан соң Шайх Ахмет Ясауи (Оған алланың рахымы болсын) Сопы Мұхамед Данышпанға: -Енді, сен Отырарға барып сыпыра тұт,- деп рұхсат берді. Мұхамед Данышпан ата Отырарда 40 жыл болды. Мұхамед Данышпан атаның Сайдик қожа деген муриді болды.

Ясауи Ахмет шайхтың Мұхамед Данышпан деген муриді болды, оның баласының аты Мұхамед Данышпан еді. Ахмет қожа Ясауи ата оны өзінің сыпырасына қабылдады, ол оған он бес жасынан қатысты. Ол он жыл сонда қызмет етті және жүз он екі жыл өмір сүрді.» (Сібір нұсқасы, Орталық Азияны исламдандыру және киелі насабнамалар, 1-том, 491бет).

Қараңыз, не болып кетті, Сопы Мұхамед Данышпан бірінші, екінші, үшінші (атасы, баласы, немересі).

Сонымен жоғарыда көрсетілген нұсқалар үзінділерін салыстыра отырып, не айта аламыз? Сопы Мұхамед Данышпан үшінші Сексек ата дегенге тоқтауға бола ма? Міне, осылай бас қатырыңыздар…

****

Насабнама бойынша Сексек қожа Ясауи алдына 14 жасында келіп, 12 жыл қызмет еткен, яғни 1166-шы жылы Ясауи қайтыс болғанда ол 26 жаста еді. Сопы Мұхамед Данышпан 1222-щі жылы қайтыс болды деген дерекке осыны салсақ (26+56) 82 жаста болады.Енді салыстырайық. Шыңғыс хан әскерімен қиян-кескі атыс-шабыспен Үргенішке дейін барып қайтқан Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқидің орнына 82 жасар қаусаған шал Сексек атаны әзер қоюға болатын шығар. Ал, оның ұстазы Мұхамед Данышпанды (оның жасы ең кемі жүз шығар-ау) қойып елестету қиын екенін шамалаған шығарсыз.

Сөксөк атаның мазары, зияратжайы Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауыл округіне қарасты шөлді аймақта, биік төбенің басындағы тегістіктегі ескілікті қорымда. Сөксөк атаның тарихи тұлға болғанына байланысты бір қосымша мәлімет. Ташкентте, политехникалық институтта 30 жылдан аса ұстаздық етіп,90-шы жылдары елге оралған марқұм, профессор, техника ғылымының докторы Түнқатар Қолдасов әңгіме арасында: «Зияратжайда жертөледе кітапхана, астыртын жер асты жолы болуы керек» – деп айтқан екен. Өмір көрген, үлкен ғалым адам ойдан шығарып, бос сөз айтпаса керек.

***

7 жыл бұрын жазылған поста айтылған хаттан соң Ысқақ ата кешені Ысмайыл атадан бөлініп, мемлекеттік маңызы бар киелі орындар тізімінен түсіріліп, облыстық маңызы барларға қосылып мемлекеттік қаржыдан алыстатылғаны белгілі болды. Жедел түрде өңір тұрғындары атынан Мәдениет министрінің атына хат қайта жазылды. Министр жергілікті ұсыныстар бойынша тізім жасалынған, өзгерте алмаймыз деген сырғытпа жауап берді.

Хатта айтылған Ысмайыл ата тарихына қатысты әлемдік ғалымдардан Девин ДиУис, Бахтияр Бабажанов, Әшірбек Момыновтар осы жылы мамыр айында өз еңбектеріндегі Ысмайыл ата тарихи ескерткіштерімен, жұртымен танысып қайтты. Ал, ғылыми-танымдық конференция өткізу әзірге арман болып тұр…

1.Тұрбат ауылындағы Ысмайыл ата тарихи-архитектуралық

кешенінің тарихы жөнінде қысқаша баян

«Қазақстанның 100 киелі орындары» тізіміне енген Тұрбат ауылындағы Ысмайыл ата тарихи-архитектуралық кешенінің тарихы ХІІІ ғасырда өмір сүрген Ысмайыл ата Ыбрайым ата ұлынан басталады. Ол кісі осы өңірде қожа Ахмет Ясауи ілімін жалғастырып, халықты иманға, дінге шақырып, соңынан ерткен ұлы тұлға.

Ысмайыл ата және оның ұрпақтары Ясауи тариқатының ерекше туыстық тізбегін құрып, бірнеше ғасыр бойы Түркістан мен Мәуреннахр, Қорасан мен Үндістанда исламды насихаттап, даңқ арттырған. Олардың тарихы жайлы орта ғасырдың атақты ғұламалары Әбдрахман Жами, Әлішер Науаи, Қожа Ахрар, Фахриддин Али Кошифи т.б. жазған мәліметтер біздің заманымызға дейін жетіп отыр.

ХІҮ ғасырдың соңы, ХҮ ғасырдың басында Мәуреннахр сайыпқыраны Әмір Темір Ысмайыл ата және оның ұрпақтарын рухани ұстаз ретінде мойындап, Тұрбатта бір емес үш кесенелер кешенін тұрғызды. Олар:

  1. Ысмайыл ата тарихи-архитектуралық кесенелер кешені. (Онда Ысмайыл ата, Жебірейіл ата, Қошқар ата кесенелері бар.)
  2. Ысмайыл атаұлы Ысқақ ата тарихи-архитектуралық кешені, Ысмайыл атадан екі шақырым оңтүстікте. Қазіргі кезде тек Ысқақ ата кесенесі сақталған. Басқа нысандар өткен ғасырдың соңында жойылған.
  3. Ысмайыл атаұлы Қажы ата кесенесі, Ысмайыл атадан үш шақырым шығыста. Кесене жоқ, Баспана ішіндегі мәйіт басындағы сағана сақталған.

Бұл тарих жөнінде осы өңірде ХІХ ғасырда өмір сүріп, болыс болған ғұлама Молда Көбей Тоқболатұлы «Ысмайыл ата туралы аңыз» атты еңбегін жазды, оны этнограф-ғалым Әубәкір Диваев орыс тіліне аударып, 1901жылы Ташкентте шыққан, «Туркестанский сборник» жинағының 440-шы томына енгізді.

Бұл тарих туралы ХХғасыр соңында жерлесіміз, белгілі жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов та жазды. Ол әсіресе Ысмайыл атаның ақын ұрпағы Хусайын Атаий туралы жазып, оның ғазалдарын қазақ әдебиетіне жақындатып, қосуға үлкен еңбек сіңірді.

Ысмайыл ата және оның ұрпақтарының тарихы туралы басты жаңалықты 1987жылы американың ғалымы Девин ДиУис ашты. Ол Ауғанстан астанасы Кабулдағы Ұлттық Мұражай қорынан Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ қожаның «Хадикат ал-арифин» еңбегінің бір нұсқасын тауып, ол туралы «Түркістанды исламдандырудың Ясауи аңыздары» атты мақала жазып, ғылым әлеміне таратты. Бұл Ясауитану ғылымы ушін үлкен жаңалық болды.

Жаңалық соңы, Қазақстан, АҚШ, Өзбекстан, Германия, Нидерланды, Швейцария ғалымдарының қатысуымен үлкен жоба жасалып, Ысқақ ата еңбегі басты нысаны болған «Орталық азиядағы киелі насабнамалар» атты екі томдықтың жарыққа шығуымен жалғасты. Жоба жетекшілері Америка ғалымы Девин ДиУис пен Қазақстан ғалымы Әшірбек Момыновтың Ысқақ қожа жазған «Хадикат ал-Арифи» еңбегінің Кабул нұсқасы мен жоба барысында табылған басқа сегіз нұсқаны салыстыра отырып, зерттеуі Ысмайыл ата оның ұлы Ысқақ қожаның елі- Қазығұрт халқы үшін қуанарлық жәйт болғанын ерекше атап, өздеріңізге жеткіземіз.

ІІ. Киелі орындардың туристік әлеуетін арттыру жөнінде ұсыныстар

Көршілес Өзбекстан Республикасында туризмді дамыту бойынша соңғы кездегі қарбалас қимылдар бізді біраз ойға қалдырып отыр. Біздің ойымызша Өзбекстандағы тарихи-архитектуралық нысандарға шетел туристерін тарту үрдісіне ілесуіміз керек. Өйткені біздегі тарихи-архитектуралық нысандар атам заманнан бері Өзбекстанмен байланысты болған. Мәселен, туристер көп баратын Ташкенттегі Зеңгі ата кесенесіндегі Зеңгі ата мен Тұрбаттағы Ысмайыл ата замандас, ХІІІғасырда өмір сүрген. Екеуі де Қожа Ахмет Ясауи ілімінің жалғастырушылары. Біздегі Ысмайыл атаның дәрежесі, атағы Зеңгі атадан артық болмаса, кем емес. Сондай-ақ, туристер көп баратын Сүзік ата негізінде Ысмайыл атаның 9-шы ұлы Қажы атаның шөбересі болады. Өзбекстандықтар оны Қожа Ахмет Ясауидың қызы Гаухар Хұштәжінің баласы Сүзік ата- Мұстафақұл деп отыр. Шындығында, Ясауидың немересі Сүзік ата-Мұстафақұлдың мәйіті мен кесенесі Сайрамда. Ысмайыл атаның тағы бір ұрпағы, Ферғанада тұрып, Әмір Темірді алдына келтіріп, өзін пір ретінде мойындатқан, Тұрбаттағы ата-бабаларының басына кесенелер салуға себеп болған Қожа Баязидтің кесенесі Өзбекстанның Ферғана облысы, Бувайда ауданы, Мазар қыстағында тұр. Ысмайыл ата мешітіне жұма намазына кеңес дәуірінің өзінде адамдар Ташкенттен арнайы келіп тұратын. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Өзбекстандық академик-жазушы Ғафур Ғұлам: «Ысмайыл ата кешені кеңес дәуіріне дейін үлкен зияратжай болған»,-деп жазыпты. Жалпы Ысмайыл ата есіміне өзбекстандықтар үлкен құрметпен қарайды. Ташкент қаласындағы үлкен көшелердің бірі оның есімімен аталады.

Міне осындай байланыстарды ілік етіп, Өзбекстанға келіп жатқан шетелдік туристердің маршрутына біздің киелі орындарды косуды жүзеге асыру қажет.

Бұл үшін алдымен Ысмайыл ата мен оның ұрпақтарының танымалдығын арттырып, жарнамалау мақсатында Халықаралық ғылыми-танымдық конференция өткізілуі қажет. Бұл шараға Ысмайыл атаұлы Ысқақ қожаның «Хадикат ал-Арифин» еңбегі басты нысаны болған халықаралық жобаның қатысушылары Девин ДиУис (АҚШ), Анке фон Кюгельген (Швейцария-Германия), Бахтияр Бабажанов(Өзбекстан), Михаил Кемпер(Франция), Альфрид Бустанов(Россия) сияқты шетелдік ғалымдар шақырылса жөн болар еді. Сондай-ақ, жобаны ұйымдастырушылардың бірі, қазақстандық Ясауитанушы ғалым Әшірбек Момынов аталған іс-шараны ұйымдастыруға араластырса, жұмыстың сапасына оң әсер етеді деп ойлаймыз.

Сонан соң, Өзбекстан мемлекетімен келісім жүргізіп, ол елдің туристік маршруттарына өзіміздің киелі орындарымыздың маршрутын қосуды шешу керек. Мысалы, бұл маршруттың басын былай бастауға болады. Алматы-Термез жолының Ташкенттен шыққанда 50-ші шақырымда 17 шақырым шеттегі Тұрбаттағы Ысмайыл ата кешені- 70-ші шақырымда Шарапханадағы Орбұлақ шайқасының батырлары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батырдың ескерткіші қойылған демалыс орны -90-шы шақырымда Қазығұрт тауы(Нұх пайғамбардың кемесі монументі, Ақбура зияратжайы)- Шымкент(Сайрамдағы сансыз бап). Бұл маршрутты әрі қарай Отырар, Түркістан, Таразға қарай жалғастыруға болады. Әрине, бұл жұмыс оңай емес. Басты мәселе, біздің киелі орындарымыздың көрік-келбетін, ондағы инфраструктуралық құрылымдар мен сервистік қызмет дәрежесін Өзбекстандағыдан кем болмайтындай етуіміз керек. Бұл өте ауқымды жұмыс, үлкен қаржыларсыз және Үкіметіміздің тікелей қатысуынсыз шешілмейді. Осы жұмыстарды орындау мемлекетіміз үшін үлкен абырой және екі мемлекет арасындағы шынайы бәсекелестік еліміздегі туризм саласын жаңа халықаралық деңгейге көтеруге себеп болар еді.

ІІІ. Ұсыныстарға байланысты туындайтын Ысмайыл ата, Ысқақ ата

Кешендерінің мәселелері

А) Ысмайыл ата тарихи-архитектуралық кешені

Кешен соңғы рет 2003-2006жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жөндеуден өткізілген. Қазіргі кезде кесенелердің қабырғасының күйген қыштары күнделікті үгітілуде және атмосфералық әсерден кей жерлері ылғалданып, ойыла бастаған. Осы процестерді тоқтатып, қалпына келтіру қажет. Кешен аумағының абаттандыру жұмыстары осындағы мешітке түскен садақа есебінен жергілікті тұрғындар күшімен жүргізілуде. Осы жұмыстарды, тұрмыстық қажетке пайдаланатын қосымша құрылыстарды маман архитектор, дизайнерлердің қатысуымен қайта қарап шығу да бір мәселе.

Қақпаға кіре берісте Ысмайыл атаның замандасы, Ысмайыл ата тарихының бір кейіпкері Мәнді ата шайхтың бейітіне силикат кірпішпен әрленіп, үстіне табиғи ақ тас қойып сағана орнатқан. Сол кісінің аты-жөні, өмір сүрген мезгілі жазылған белгітас қойылуы тиіс.

Б) Ысқақ ата тарихи-архитектуралық кешені

Өткен ғасырларда Ташкентке қарай жүретін күре жол болған Ысқақ ата кесенесі алдынан өтетін ескілікті жол бұл күнде шетте қалып, қараусыз күйге түскен. Сол жол асфальтталынып, жарықталып, заман талабына сай жөндеуден өткізілуді қажет етеді. Оның ауқымы да көп емес, кесене арқылы жаңадан салынған мектепке баратын бұл жол, бары-жоғы бір шақырым төңірегінде.

Ысқақ ата кесенесінде жақын кезеңде бұзылып, жоқ етілген ғимараттарды: кіші кесене мен медресені қалпына келтіру, қосымша тұрмыстық қажет үшін пайдаланылатын құрылыстар мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс деп ойлаймыз. Медресе ғимараты қалпына келтірілген жағдайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қатысуымен шағын медресе жұмысын жандандыруды қолға алуға болады. Бұл кесене төңірегіндегі тіршілікке жан кіргізетін амалдың бірі.

Құрметті мырзалар! Еліміздегі туризм саласын өркендету бойынша көтерген мәселелер мен ұсыныстарымызды терең зерттеуді өтініп, оң шешім қабылдауларыңыздан үміттенеміз.

Қазығұрт ауданы тұрғындары атынан:

Төле Ағабеков, Тұрбат ауыл ардагерлері кеңесі төрағасы

Бектаев Намазбай, Тұрбат, ауылдың төбе би,

Құтымбетов Аман, Шарбұлақ, ауылдың төбе биі

Рсынов Лес, Шарбұлақ ауыл ардагерлері кеңесі төрағасы

Қалдияров Жанай, Казығұрт ауыл ардагерлері кеңесі төрағасы

Полатов Еркін, Ысмайыл ата мешіті имамы,

Тағы басқалар, барлығы 20 адам қол қойған.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button