«Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары»
Қожа Ахмет Иасауи
Қожа Жүсіп Хамаданидің үшінші халпесі еді. Туған жері – Иасы. Ол Түркістандағы танымал қала. Қожа хазіреті есімінің соңындағы лақабы осы қалаға байланысты алынған. Ол кісінің қабірі сонда. Түркістан халқы оны қожа ата Иасауи деп атайды. «Ата» сөзі ноғай тілінде «әке» мағынасын бергенімен, оны түркілер шейхтардың ұлыларына қолданады. Қожа Ахмет хазіретті ұлы кереметтер мен жоғары мәртебе иесі еді.
Балалық шағында Баба Арыслан (Арыстан баб) хазіреттің назарына іліккен. Бізге жеткен әңгімелерге қарағанда, Арыстан баб пайғамбар (с.а.у.) нұсқауы негізінде қожа тәрбиесімен айналысады. Ол кісімен бірге жүру, оның қызметінде болу қожаға өрлеу мәртебелері жолын жеңілдетті. Арыстан бабтың тірі кезінде қожа Ахмет оның қызметінен қол үзген емес. Баба дүниеден өткен соң қожа Ахмет ол кісінің өсиетімен Бұхараға келіп, қожа Жүсіп Хамадани қызметінде сопылық жолын тәмамдап, мүршидтік кемел мәртебеге жетті. Кейінгі шейхтардың кейбірінің жазбаларында былай делінгені қожа Ғұбайдулла Барқи және Қожа Хасан Андақи дүние салғаннан соң халпелік кезегі қожа Ахмет Иасауиге тиеді. Бұхара халқын дағуат етумен айналысып жүріп, біраз уақыттардан соң ғайыптық аянмен Түркістанға баруы ләзім болады. Кетер кезінде барша шәкірттеріне қожа Абдулхалық Ғыждуаниге ілесулерін өсиет етеді. Содан кейін Иасыға бет алады.
Қожа Ахмет Иасауи – түркі шейхтарының көшбасшысы. Түркістанның басым көпшілігі осы кісі тариқатында. Осы әулеттен көптеген ұлы тұлғалар шыққан. Егер оларды мұнда атап шықсақ, өз алдына жеке бір кітап болады. Қысқаша шежіресі де жетерлік. Одан кейін қожа Жүсіп Хамаданидің төрт халпесінің төртіншісі ұлы, халпе Абдулхалық Ғыждуаниді атау керек, оны жоғарыда айтып өттік. Қожа Ахметтің төрт халпе-орынбасарлары болған. Оларды қысқаша баяндаймыз (сәттілік Алла Тағаладан).
Мансұр ата
Қожа Ахметтің алғашқы шәкірттерінің бірі. Бұл кісі Арыстан бабтың бел баласы. Ол сыртқы және рухани ілім иесі болып, алғашында әкесі Арыстан бабтан тәрбие алып, ол кісі қайтыс болғаннан кейін оның әмірімен қожа Ахмет хазіреті қызметінде болады. Көркем тәрбиесін алып, әулиелік мәртебеге жетті.
Абдімәлік ата (Алла Тағала рахмет етсін) Мансұр атаның баласы. Әкесі дүниеден өткен соң әке орнын басып, шәкірттерді тәрбиелеу және Хақ жолына мүридтерді жетелеумен айналысты. Тәж қожа (Алла Тағала рахмет етсін) Абдімәлік атаның баласы және Зәнки ата хазіретінің әкесі. Таж ата тариқат пен ақиқат ілімін игерген соң әкесінің тәрбиелеуімен кәмілдік мәртебеге жеткеннен кейін шәкірт дайындауға әзір болды.
Сайд ата
Ахмет Иасауи хазіретінің екінші халпесі болып, хазірет нұсқауымен шәкірт тәрбиелеумен айналысты.
Сүлеймен ата
Қожа Ахмет Иасауидің үшінші халпесі. Ол түркі шейхтарының үлкендерінен. Оның дәруіштер хәлі жайлы түркі тіліндегі «Хикмет сөздері» Түркістан өлкесіне танымал. Олардың бірі, халық туралы жақсы пікірде болуға және әр уақыттың қадірін білуге шақыратын мына бір даналық «Әркімді көрсең Қызыр біл, әрбір түнді қадыр біл».
Нәпсіге тыйым салуда айтқан тағы бір даналығы «Барша жақсы біз жаман, бәрі бидай біз сабан», яғни барша жұрт жақсы, тек біз жаманбыз, баршасы бидайдай тек біз сабанбыз демекші.
Хәкім ата
Қожа Ахмет Иасауи хазіретінің төртінші халпесі. Ол алғашқы үш халпеден кейін қаншама жылдар бойы тура жолға бастаушы, негізгі болып халықты Хаққа дағуат етті. Тұрған жері мен жерленген жері Хорезм өлкесіндегі Аққорған атты жер. Оның қабірі де танымал.
Әли ибн Хусейн Сопының еңбегі «Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары» кітаптан алынды.