
Тарихтың қойнауында есімдері ел жадынан өшпеген, бірақ ресми жылнамаларда сирек кездесетін айтулы тұлғалар бар. Солардың бірі — Сібір қазақтарының рухани көсеміне айналған Жақұп молла мен оған пана болып, елдің ертеңін ойлаған Қошқарбай батыр. Атам Смағұлдың айтуымен бізге жеткен бұл шежіре мен дастандар — тектілік пен имандылықтың, батырлық пен білімнің тоғысқан нүктесі.
Тектінің тұяғы: Ноғай биінен қалған аманат.
Жақұп молланың тегі тереңнен тамыр тартады. Ол — Пайғамбар(с.ғ.с) әулетінен тараған сейіттердің ұрпағы әрі ноғайдың атақты Әмин биінің бел баласы. Тағдырдың жазуымен Әмин би қастандықпен уланып қаза тапқан соң, жас Жақұп Барабы (Барабинск) өңіріндегі нағашыларын паналайды. Ол Қошқарбай батырдың қолына түспей тұрып-ақ, өз бетінше көп оқыған, Құранды жатқа білетін қари, бірнеше тілді меңгерген аса білімді ғұлама болған. Осындай зерек те текті баланы Қошқарбай батыр бауырына басып, өз ұлындай асырап алады.
Иман нұры: «Қотаным адал» ұғымының ақиқаты.
Жақұп молланың білімдарлығын жоғары бағалаған Қошқарбай батыр оны қазақ арасына молла етіп сайлап, халықтың рухани тізгінін ұстатты. Сол тұста Сібір қазақтарының арасында діни сауаттың төмендігінен «Қотаным адал» деген жаңсақ ұстаным қалыптасқан еді. Халық «өз қорамда өлген мал — өз несібем» деген түсінікпен арам өлген малды да талғамай жей беретін рухани тоқырауды бастан кешіп жатқан-ды. Жақұп молла елге адал мен арамның аражігін ажыратып, имандылықтың шынайы негіздерін үйретті.
Рухани реформа және ұлттық тұтастық.
Молланың уағызы мен батырдың айбыны біріккенде, халықтың мұсылманшылығы артып, шариғат жолына бет бұрды. Жақұп молла тіпті соғыс кезінде тұтқынға түскен қалмақ-жоңғарлардың(сібір халықтарының) мұсылмандықты қабылдауына мұрындық болып, олардың қазақ руларына сіңісіп, халықпен біте қайнасуына зор үлесін қосты. Бұл — дала демократиясы мен ислам құндылықтарының тамаша үйлесімі еді.
Орта жүздің рухани пірлері.
Жақұп молладан тараған ұрпақтардың барлығы да бойына карамат дарыған, ілім қуған әулие-ғалымдар болып өсті. Олар Орта жүз қазақтарының рухани ұстаздары мен пірлеріне айналды. Бұл әулеттің қасиеті мен киесі халық арасында аңызға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Молла тұқымынан шыққан хазреттер мешіт-медресе салып балаларды оқытқан.
Сарыарқадағы зияткерлік мектеп және зұлмат жылдар.
Жақұп молланың соңынан ерген ұрпақтары — «Молла-тұқымы» атанған хазіреттер Сарыарқа өңірінде зияткерлік-рухани мектептің негізін қалады. Олар мешіт-медреселер салып, халықтың сауатын ашып, шәкірт тәрбиеледі. Алайда, жиырмасыншы ғасырдағы коммунистік режим бұл текті әулетті аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратты. Хазіреттердің жазған қолжазбалары мен құнды еңбектері өртке оранып, мешіттері талқандалды. Тірі қалған ұрпақтары бас сауғалап, тегін айтудың өзінен қорқатын қасіретті күндерді бастан кешті.
Қараөзек пен Құлынды даласы: Тарихтың тірі куәсі.
Бүгінде Қошқарбай батырдың ұрпақтары Ресейдің Омбы облысындағы Қараөзек ауылында ата-баба аманатын арқалап, Құлынды даласына дейінгі кең алқапта тарихи жадыны сақтап отыр. Қазақ руларының Қараөзек пен Новосібір облысының Құлынды даласына (Кулундинская степь) дейінгі кең алқаптағы көші-қоны — тек жер иелену емес, Жақұп молла салған имандылық жолының өшпес ізі.
«Әулиелер ордасы»: Өшпеген рухқа тағзым.
Жақұп молладан тараған, бойына керемет дарыған ғұлама-хазіреттер мәңгілік тыныс тапқан киелі орын бүгінде Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Жалтыр стансасы маңында орналасқан. Халық арасында «Әулиелер ордасы» немесе «Тоғыз әулие зираты» деп аталатын бұл ескі қорым — қазақ халқының рухани ағартушыларының мәңгілік мекені. Осы уақытқа дейін қалың қауым бұл киелі орынды ұмытпай, арнайы барып Құран бағыштап, медет тілеп келеді. Бұл — тарихи шындықтың уақыт сынынан өткен жеңісі әрі бүгінгі ұрпақ үшін рухани тағзым мен имандылықтың алтын діңгегі.
Халық арасында «Әулиелер ордасы» мен ондағы хазреттер туралы аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Көбіне зиарат етушілер мынадай кереметтерді айтады: Көптеген адамдар ол жерге барғанда бойын билеген үрей мен мазасыздықтан арылып, ерекше бір тыныштық табатынын алға тартады. Тілектердің қабыл болуы: Ниет етіп барған жандардың қиын істері оңалатыны немесе науқастардың құлан-таза айығып кеткені туралы оқиғалар жиі кездеседі. Ғайыптан хабар: Кейбір зиаратшылар түсінде аян алу немесе іштегі шешілмей жүрген сұрақтарына ойламаған жерден жауап табу сияқты құбылыстарды бастан кешіреді. Баршамызды Алла оңдап, бабалардың әруақтары қолдап, әулиелердің шапағаты тие берсін.
Марат Аманжолұлы, теолог






