Білген Шайыр айтады

Тәуекел дариясына бойлағайсың

Құтан хазірет Әлібекұлы мұрасынан

Бірінші бәйіт

Бисмилләһир Рахманир Рахим!

Болады алуан шекер сөз ғиззаттан,

Болмай ма көрген кітап ғибраттан.

Құл болсақ Хаққа лайық,

Расулге үммәт, Ибраһим табылармыз хәм милләтінан159.

Жолымен шариғаттың ғамал қылып,

Құтылсақ парыз, уәжіп, бар сүннәттан160

Алданып бес күншілік дүние үшін,

Адассақ не боламыз шариғаттан.

Жұмсасақ қолда ұрлық, тілде ғайбат,

Махшарда бос қаламыз шапағаттан.

Жаратқан бір өзіңді Хақты ойламай,

Наүміт161 боп қалып жүрме рахматтан.

Ұмытып қияметтің жазаларын,

Көңіліңіз дүнияға рағибаттан162.

Мухлис мусаххар163  болып жүре берме,

Дос болып нәпсіге табиғаттан.

Ғылымның захир-батын164  жолын ашып,

Болмасақ Хал харап165 қой мағрифаттан.

Ақаид, таузих, талхис, усул166   оқып,

Арман не, пайдалансақ тағрифаттан167.

Жататын жалғыз басың жеріңді ойла,

Адам ата нәсілі заминге168  лайық боп баралсаң.

Ойлан көңіл, қайт райдан, қой гүнаһларды,

Ғарасат169   алдыңда – үлкен майдан.

Әмірін тұт, Хаққа мойныңды ұсын,

Заррадай170  ойыңда болса осылардан.

Сүннәтін қылмадық  бидғат171 істеп,

Боламыз Расулге үммет қайдан.

Амал қыл тіршілікте Хаққа лайық,

Үмітің болса беһуш172  нұр сарайдан.

Опасыз шіркін ғұмыр өткен күні,

Жатпай ма қоныс алып тәнің сайдан.

Ішейін қияметте тұнық шәрбат173,

Татқанша тазармаған бір лайдан.

Ойлансақ фәни174  қандай, бақи175  қандай,

Иесіз қалып жатыр мал талайдан.

Екінші бәйіт

Ойлаймын қияметті, ғазиз достар,

Кірісейік дін жолына шаһбаз176  заттар.

Болмай ма әлі-ақ бір күн, о, дариға,

Көміліп қара жерге ғазиз бастар.

Қалайша азабына біз шыдаймыз,

Тағат177  қылып тұра алмайды тау мен тастар.

Иланшы қияметтің барлығына,

Дәлел болып келген жоқ па аят настар.

Ғазиз достар, кітапқа көз салмаймыз ба,

Ғалымның насихатын алмаймыз ба?

Өстіп Алла берген ризығыңды,

Ажалдай жердің жүзін жалмаймыз ба?

Дем бітіп Ғазрайыл жаныңды алса,

Ішінде тар қабірдің қалмаймыз ба?

Ғаріп бас әлі-ақ түсер жайғаң торға,

Көмілер тәнің түсіп қазған орға.

Жалғанның үшбу фәни қызығына,

Жүрсең де жайлап мініп жүйрік жорға.

Адамды еліктірер мас қылып, алдап,

Дүние деген бар ғой бәшір сорға.

Тілінен нәпсі залым біз азамыз,

Ермесек табиғатқа біз тазамыз.

Тұтар деп тыңдаушылар мыңнан бірін,

Кітаптан көргеннен соң сөз жазамыз.

 

Айрылып қалар тәнің ғазиз жаннан,

Бақида қанымнан сөл кетер тәннән.

Сол кезде біздей ғаси178  бәндәларын,

Салғайда  фазылына179  Қадыр Мәннан180

Иләһи дем таусылып жан шығарда,

Иманды саламат ет Кәрім Ханнан181.

Момын қыл, Рахман Рахим падишахым,

Нәсіп ет пайғамбардың шапағатын.

Тасыған сен бір күні байқалдың,

Ойласаң жолы тұйық, мінген салдың.

Достарым, парасатпен көздерің сал,

Қандай болып шығады барар алдың.

Қапыда шіркін дүние кетті өтіп,

Мөлшерін кім біледі ажалдың.

Адам ата Хауа анадан бері қарай,

Опасын көрген кім бар дүние – малдың.

Япырмай, бес күншілік дүние үшін,

Алданып қызығына ғажапландың.

Ғамал қып махшар күні саясында,

Отырсаң не арман бар ғарыш талдың.

Жас уақыт, ден сауыңда қарманғайсың,

Ғарасат хәлін ойлап зарланғайсың.

Өлген соң өкінудің опасы жоқ,

Ғазизім, тіршілікте ойланғайсың.

Тұрғанда өнер, білім, қуат, ақыл,

Жеріне зейін, сабыр фарланғайсың.

Бишара өлім халін ойлағайсың,

Құмартып ғылымдікке тоймағайсың.

Ей, ғизат, һиммат бірлән белің буып,

Тәуекел дариясына бойлағайсың.

Алдымда жаһаннамның оты бар деп,

Бір қадам харам жолға қоймағайсың.

Күні-түні медресені мекен етіп,

Балықтай су ішінде ойнағайсың.

Мүбада іші кемел ер болған соң,

Уағдаңды үшбу қылған жоймағайсын.

Болады әлі-ақ бір күн дүние ойран,

Қиямет ахуаллары ғажап қайран.

Көшсең де аһ дариға арман бар ма,

Біреуін сегіз жұмақ қылсаң сайран.

Дүние кетер бастан әлі-ақ өтіп,

Ажал шәрбаты құлатар қалсаң жұтып.

Насухан182  бұзылмастай тәуба қылып,

Көңілді тазартайық дінді тұтып.

Тәубасыз өлеміз ғой жүре берсек,

Көп қызық таусылмайды көре берсек.

Жалғанда сол емес пе би болғаның,

Тәубемізге өзіміз ере берсек.

Түскен соң өкінеміз қара жерге,

Бармайды дүние малың жанмен бірге.

Ойлансаң үйренуге болмайды хал,

Тірлікте толтырған соң ішті кірге.

Ғазиз бас, сала берме аяқты өрге,

Иманды ақыретте шығар төрге.

Әзәлда183  жазған ризық, дәм таусылса,

Қараңғы кірмейміз бе қазған көрге.

Қалмай ма ажал кірсе тірлік сөніп,

Дем бітсе Ғазрайыл келер еніп.

Болады ғарасатта халің қандай,

Жалғанда жүре бердік ойнап-күліп.

Хуллатун, пырақ184  ат пен хорларына,

Тәуба қып шариғатқа тұрсаң келіп.

Көміліп қалмаймыз ба бір күн өліп,

Ғазрайыл тәннен жанды кетсе бөліп.

Мың қуаттан шүкір қылсаң бір

Хал артық, Секілді мың кемеден бір сал артық.

Ырыздық Алла берген таусылмайды,

Мың олжадан байырғы бір мал артық.

Қанағат ойламадық қолда барда,

Шықсақ деп күнде ойлаймыз биік жарға.

Қыл көпір, сират, мизан185  құрылғанда,

Түсіп кетсек қайтеміз тамық нарға?!

Не қызық көрмейсін бе бұл жалғанда,

Тәнің нешік Ғазрайл жанды алғанда.

Бір харіп жазарға халің бар ма,

Көз жұмылып, қозғалмай қол қалғанда.

Келеді әлі-ақ бір күн махшар тойы,

Болады сонда мәлім бәнда ойы.

Тас қайнап, жер қызарып сол заманда,

Күн келер төбемізге найза бойы.

Ериді қорғасындай тау менен тас,

Ағады қан аралас көзінен жас.

Періште үш мың жылдық жолға айдап,

Болады сонда нешік бұл ғарып бас.

Гүрзімен жүрмегенді айдап ұрар.

Тоқтатып талай жерде жауап сұрар,

Сүйретіп қылдан нәзік қыл көпірде,

Алдыңа мизан ғамал тағы құрар.

Осындай алдымызда ғажап барда,

Иманмен соған сақта ұят, арды.

Қызыл шоқ жанған отын дүрілдетіп,

Әкелер періштелер тамұқ нарды186.

Махшарда толып жатыр түрлі ғажап,

Салмайды Тәңірің саған бекер азап.

Дүниені ақыретпен салыстырсақ,

Фаһамләп қылмайсыз ба халді ғажап.

Жатыр ғой мойнымызда талай парыз,

Көп шығар ойлап тұрсақ шаштан қарыз187.

Жараңлар, қияметтің күні түссе,

Шығады тажал билан даббатул-арз188.

Адаспас шариғаттың жолын ұққан,

Тәубашыл тазартады кірді жұққан.

Опасыз фәни жалған деген осы,

Мың жасап өткен жоқ па хаким Лұқман.

Шаһид боп сахабалар жанды берген,

Қылышқа, найза, мылтық, тәнін берген.

Болам деп Аллаға құл, Расулге үммәт,

Дін үшін, дінін ойлап жанын берген.

Зарар ма шариғатқа құлақ салған,

Ойласаң жұмақ, тамұқ емес жалған.

Адам ата, Хауа анадан бері қарай,

Ғазрайл талайлардың жанын алған.

Не дауа ауру асса бір күн халдан,

Безесің қатын-бала, дүние-малдан.

Әзәлда жазған ризық дәм таусылса,

Құтылып қалар дейсіз кім ажалдан?

 

 

Төртінші бәйіт

Бисмиллә189  сөз бастадым әуел бастан,

Шалқар көл зеһін бұлақ аққан тастан.

Хикаят үшбу байт, жазған хатым,

Ғибрат құрбыларға, болсын дастан.

Қағазды қаламменен алдым қолға,

Көз салдым парасатпен оң мен солға.

Өмірді фисабилиллә190 жолға жұмсап,

Жетсем деп арманым сол ислам жолға.

Арман не ислам жолға барып жатсам,

Дариядан ағып жатқан шәрбат татсам.

Мысырдан хатым кәрдә191  фатиха алып192,

Ғылымға о дариға белден  батсам.

Дүниеге үшбу фәни қарамасам,

Шәһид193 болып жолда қалсам, жарамасам.

Бел будық сағымдай мұнарланған,

Түлкідей дүние  қуған, құмарланған.

Ақысын әлсіздердің әлділер жеп,

Харамға көңіліміз құмарланған.

Тәуап қып Байтулланы194  жеті айналып,

Мәккә мен Мадинаны араласам.

Жол болса кетер едім құстай ұшып,

 

Кетер едім керуенмен жүрген көшіп.

Қабірін Расулымның зиарат қып,

Арман не уа дариға жатсам құшып.

Ол жерге барар ме еді біздей ғаріп,

Жүрер ме еді сондай абзал жайға барып.

Бойымда қалмас еді еш арманым,

Ішіне кіріп тұрсам Қағба-и шәріп195.

Біз қонақ жиегінде, дүние бұлақ,

Айырар ажал келсе бастан құлақ.

Әзәлдан жазған ризық дәм таусылса,

Опасыз өтер бір күн дүние шолақ.

Бұл кезде алдап жүр ғой дүние бізді,

Алтын деп құтыртып мыс пен жезді.

Шариғат айтқан сөзді жеңіл ұстап,

Адасып басып жүрміз қисық ізді.

Бұл күнде сұм нәпсі жүр бізді алдап,

Жұмсап жүр құлдай қылып алған жалдап.

Ақылды данышпанды көре алмадым,

Алдыңғы келер істі тұрған болжап.

Соңынан нәпсі залым ергеннен соң,

Жұмсайды қызыметіне құлдай сабап.

Біз әлі мұның несін малданамыз,

Семіріп харам жесек жалданамыз.

Ойламай Хақтың ісін хақиқатын,

Сағымға мұнарланған алданамыз.

Істеуге хақ қызметін арланамыз,

Жоқ қылып қолда барды қарғанамыз.

Ішкенге мас, жегенге тоқ болсақ-дағы,

Сандалып ақыры бір күн зарланамыз.

Тәуба қып жүрген жан жоқ өлімін ойлап,

Жеміссіз қуағаштай өскен бойлап.

Миялы мәңгі суын ішкендей-ақ,

Рахатпен күні түні күлсек тойлап.

Төртінші  бәйіт

Сөзіме надан кетті құлақ салмай,

Өлімді ажал бар деп, есіне алмай.

Жолдас боп қабіріне бірге кіріп,

Арман не, еріп жүрсе дүние қалмай.

Дүние – бұлаңдаған қызыл түлкі,

Бәндәнің ажал келсе қалар мүлкі.

Адамды сұм дүние алдап ертіп,

Мазақтап ақырында қылар күлкі.

Болайық ғиндалла196  Алла құлы,

Адамның мұны аңғарар ақылы молы.

Нашарлар толып жатыр дүниеде,

Аларлық бір тілім нан болмас  пұлы.

Кейбіреу Қыдыр қонған дәулетті бай,

Сараңдар күйінеді өлсе бір тай.

Қырсы боп күні-түні дүние қуып,

Рахатпен іше алмай жүр үйінде шай.

Баласыз бала сұрап зарлап отыр,

Қайғылы көзден жас парлап отыр.

Дегендей бас аманның малы түгел,

Кейбіреу ұл мен қызды парлап отыр.

Дүниені қайыршы боп кезгендер бар,

Залым боп сезбегенді сезгендер бар.

Алладан ертеңді-кеш ажал сұрап,

Баладан пайдасы жоқ безгендер бар.

Дүниеде оқымысты ғалымдар бар,

Жайылған шуһраты197  мәлімдер бар.

Және де жан-тәнімен Хақтан безген,

Қан төгіп кісі өлтірген залымдар бар.

Ағайын, неге отырсың сен құбылып,

Жатқанын білмейсің бе жұрт дұбылып.

Жалмаған талайларды бұл қара жер,

Қалмай ма әлі-ақ бір күн көз жұмылып.

Ойынға бір тоймадың ойнап-күліп,

Шарық ұрып түнде жүрдің, ұйқы бөліп.

Патша болып сүрсең дағы мың жыл ғұмыр,

Дем бітсе қалмаймыз ба бір күн өліп.

Ағайын неге отырсың қалам алмай,

Білгеніңді Хафи зеһни198  ойға салмай.

Зар болып ақыр бір күн өкінерсің,

Аманат199 жан барында сөйлеп қалмай.

Сүрсеңде патша болып мың жыл ғұмыр

Қалмайсың ақырында бір күн өлмей.

(Тәмам)

 

Түсінік: Заманында «үш жүздің пірі» атанған Әлібекұлы Құтан хазіреттің шығармалары үлкен ғалым-әулие кісі болғанын дәлелдейді. «Мысырда білім алып, қажылықта Қағба шәріптің ішіне кірген. Мадинада Пайғамбардың қабірін зиярат еткенде ғаламат оқиға болып, қасындағы адамдар оның кереметтерін көрген» деседі көнекөз қариялар.

 

 

 

 

159 Милләт – халық, ұлт, үмбет. 160 Парыз – міндетті амал. Оны орындаған адам зор сауап алады, ал орындамаған адам күнә артады. Парызға сенбеген адам діннен шығады. Парыз амалдары: исламды ақиқат діні ретінде қабылдау, күнде бес уақыт намаз оқу, рамазан айында ораза тұту, жылына бір рет малынан зекет беру, шамасы жетсе өмірінде бір рет қажылыққа бару.  Уәжіп – орындалуы тиісті амал. Оны орындаған адам сауап алады, ал орындамаған адам күнә артады. Уәжіпті мойындамаған діннен шықпайды, бірақ ауыр күнәға батады. Уәжіп амалдары: үтір намазын оқу, айт намаздарын оқу, пітір садақа беру, құрбан  шалу. Сүннет – ынталандырушы әрі толықтырушы амал. Оны орындау сауап. Сүннетті орындамаған адам ақыретте жауапқа тартылмайды, бірақ Пайғамбарымыз салләллаһу аләйһи уә сәлләмның шапағатынан құр қалуы мүмкін. Сүннет амалдары: әр жақсы іске бәсмәләні айтып кірісу, Құран оқудан бұрын тағаузды оқу, түшкіргенде шүкір сөзін айту, сәлемдесу, т.б. 161 Наүміт – үмітсіз. 162 Рағибат – тілеу. 163 Мухлис мусаххар – шын ұйықтамау. 164 Захир-батын – жария-құпия. 165 Хал харап – хал кету, бұзылу.

166 Ақаид, таузих, талхис, усуль – шариғат ғылымдары, пәндері. 167 Тағрифат – таныстыру, түсіндіру. 168  Замин – (жер, егін, бақша) – жәннат. 169 Арасат алаңы –өлгеннен кейін адамдардың және барлық жандылардың қайта тіріліп жиналатын алаң. Бұл жерге мәуқиф және махшар деп те айтылады. «Қиямет күні сахабаларымның әрқайсысы қабірлерінен тұрған кезде қайтыс болған елдерінің барлық мұсылмандарының алдына түсіп және оларға нұр және жарық шашып, оларды Арасат алаңына алып келеді» (Хадис шәриф – Тирмизи). Қияметте адамдар Арасат алаңында елу мәуқифте (жерде) тұрғызылады. Әр мәуқифте мың жылдан қалады (Қадызада Ахмед). Арасат алаңында машақат (зорлық) және қиындық тартатындар кәпірлер мен пасықтар (күнәһарлар) болады. Олардың жағдайлары өте қорқынышты күйде болып, күн найзаның биіктігіндей тас төбеде тұрады. Әркім жасаған күнәлары бойынша терлейді. Кейбіреуі тізесіне, кейбіреуі алқымына, кейбіреуі төбесіне дейін терлеп, қара терге түседі (Имам Биргиуи). 170 Зарра – атом, тозаң. 171 Бидғат – дінде негізі жоқ жаңа құлшылық пен діни жоралғы. Яғни Құран мен сүннетте негізі жоқ, шариғат амалы деп енгізілген жаңалық. Ондай бидғаттар Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен таза дінді бұзатын болғандықтан, тыйым салынған, онымен амал жасауға болмайды. 172 Беһуш – сезімсіз. 173 Шәрбат (шербет) – жәннаттың ішімдіктері. 174 Фәни (пәни дүние) – өткінші, жалған мағынасында қолданылып, бұл дүниенің мәңгі еместігін анықтайтын ұғым. Фәни – бақиға қарама-қарсы мәнде қолданылып, адамның баянды рухани құндылықтарға ұмтылмай осы дүниедегі баянсыз, жалған дүниеге алдануымен түсіндіріледі. 175 Бақи – мәңгілік өмір, ақырет өмірі. Әл-Бақи – Алла тағаланың есімі. Мағынасы: Алла тағала мәңгі-бақи бар болады, Оның соңы болмайды. Бақилық – о дүниелік. Бақилық болу – қайтыс болу. 176 Шаһбаз – сабаз, жігіт. 177 Тағат – сабырлық. 178 Ғаси (асы, ғасы, аси) – күнәкар, бұзық. 179 Фазыл – рахым-шапағат. 180 Мәннан – игілікті беруші. 181 Ханнан – шексіз мейірімді, рақымды. 182 Насухан – шын ниетпен. 183 Азалда – мәңгі бәқиде. 184 Пырақ (бурақ, пірәқ) – Пайғамбар с.ғ.с. мінген қашырдан кішірек, есектен биіктеу жануар. 185 Мизан – Алланың әділ таразысы. 186 Нар – от, дозақтың оты, тамұқ. 187 Қарызды қайтару – парыз. Адами және заңдық тұрғыдан алсақ та борыштан дер кезінде арылған жөн. Қайтарылмаған қарыз бақилыққа барғанда да әрбір адамның алдынан шығатыны айтылады: біріншіден оқылмаған қаза намаздармен оразалар. Қаза намазы – белгілі бір себептермен уақытынан кешіктіріліп оқылған намаз. Намаздың қазасын өтеу – уақытында оқи алмаған намазды кейінірек оқу. 188 Даббатуль арз – қиямет жақындағанда жерден шығатын хайуан.

189 Бисмилләһ – «Алланың есімімен» деген мағынада. Ислам дінінде әрбір істі Алланың атымен бастау маңызды болып табылады. Өйткені Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Алланың атымен басталмаған әрбір сөздің немесе маңызды істің жалғасы жоқ не үзілген», – деген [Ахмад]. Қазақ тіліндегі «Әуелі «бисмилла» деп сөз басталық, Алланың хақ жолынан адаспалық» деген нақыл сөз осыдан қалған. 190 Фисабилиллә – Алланың жолында. 191 Хатым кәрдә – бітіру, шариғат емтихандарды бітіру. Медресе – (араб. – «дәріс оқитын орын») – орта мектептің және мұсылман рухани семинариясының рөлін атқаратын мұсылмандық оқу орны. Қатым (хатм) – аяқтау. Құранды қатым қылу – Құранды бастан-аяқ оқып шығу. 192 Фатиха алып – батасын алып. 193 Шәһид – Алла жолында мерт болған жан. Шәһидтер пайғамбарлар мен шыншылдардан кейінгі дәрежені иемденеді. 194 Байтулла (Қағба) – Алланың үйі. Қара тас – Қағбаның бір бұрышында жерден шамамен 130-140 см. жоғары, көп бөлігі қабырғаның іш жағында орналасқан тас. Ол тастың жаннаттан түсірілгендігі және алғашқы кезде ақ болғандығы туралы деректер бар. Тарихи деректерде Ибраһим мен оның ұлы Исмаил пайғамбарлар Қағбаны тұрғызуды бастап бұрышына жеткен кезде, Ибраһим (с.ғ.с.) сол бұрыштың ерекше болуын қалайды. Сөйтіп, Исмаилге осы бұрышқа лайықты бір тас әкелуін бұйырады. Бірақ лайықты тас таппай қайтқан Исмаил кенеттен сол бұрышқа бір тас қаланып, Ибраһимнің құрылысты жалғастырып жатқанын көреді. Ибраһим пайғамбар оны Жәбірейіл періште жаннаттан алып келгенін айтады. Ол туралы деректерде «Ол алғашында ақ тас болған. Сосын қарайған. Оны қарайтқан Адам ұлдарының күнәлары» деп айтылған. Ол тас қазіргі кезде Қағбаның Зәмзәм тараптағы бұрышына қойылған. 195 Қағба енөк ,йү іттеисаҚ .тарамиғ шығңұт ығадныро ілретсақ аса нітете қылышлұқ ытрұж намлысұм – )бук – ةبعكلا.бара( үй деп аталады. Меккедегімасжид ул-һарамда (Қасиетті мешіт) орналасқандықтан «әл-бәйтүл-һарам» (қасиетті мешітте орналасқан төртбұрышты үй) деп те аталады. Алла Тағаланың уахиімен (тек пайғамбарларға келетін Алла Тағаланың аяндары) Ибраһим (с.ғ.с.) Пайғамбарға ұлы Исмаилмен бірге Зәмзәмнің жанынан Қағбаны көтеру бұйырылған. Қағбаның солтүстік-шығыс қабырғасы 12,63 м, ал солтүстік-батыс қабырғасы 11,03 м, оңтүстік-батыс қабырғасы 13,10 м, оңтүстік-шығыс қабырғасы 11,22 м, ал биіктігі 13 м. Жалпы көлемі 145 шаршы м болған тастан қаланған құрылыс үй. Үсті қара жамылғымен жабылған, жамылғы (кисва) жыл сайын қажылық маусымында жаңартылып тұрады. Құбыла – Қағба орналасқан тарап. Намаз оқыған кезде жүзді Қағба тарапына бұру «құбылаға қарау» деп аталады. Намаз оқыған кезде құбылаға қарау намаздың шарттарына (сыртқы парыздарына) жатады. 196 Ғиндалла – Алланың алдында. 197 Шуһрат – танымалдылық. 198 Хафи зеһни – жасырын мағынасы бар сөздер. 199 Аманат – «амн» (қауіпсіздік, тыныштық) деген сөзден туындаған «амана» сөзі, «иман» (сенім) сөзімен түбірлес. Ол – көп мағыналы сөз, негізінен, «сенімділік» және «сеніп тапсырылған зат не сенім артылған міндет» дегенді білдіреді. Жаратушы алдындағы пенденің кез келген міндеті және адамдардың бір-бірінің алдындағы міндеттері, өздеріне сақтауға берілген нәрсе болып табылады, оларды қайтару, яғни орындау қажет. Жалғыз Аллаға ғибадат ету және Исламның барлық бұйрықтары мен тыйымдарын орындау ұлы аманат (әл-аманат әл-кубра) саналады.

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button