Білген Шайыр айтады

Палман ақын

(ХІХ ғасырда өмір сүрген)
Палмұхаммед (Палман) ақын Сайыпназар ахунның немересі.
Сайыпназар ахуннан Мәделі, одан – Ермұхаммед (Ереке), Палмұхаммед
(Палман) ақын, Есмұхаммед (Есіркеп), Ғалыш туған.
Палмұхаммед халық арасында Палман ақын атымен қалған. Қиыннан
жол тауып, сөз тауып кететін, от ауызды, орақ тілді, суырып салма айтқыш
адам болыпты. Палман ақынның айтқандары кезінде хатқа түсіріліп
отырмағандықтан, айтқаны айтқан жерде қалып, көбісі ұмыт болған.
Бізге жеткендері тек кейбір жұрнақтары ғана. Солардың бір сыдырысы
төмендегідей:

Бірде Палман ақын көрші ауылдан келе жатса алдынан атыз жағалап,
балық арқалап келе жатқан адамдар кездесе кетіпті. Палман олардан:
– Бұл балықты қайдан ауладыңыздар? – деп сұраса, олар сол жерге
жақын бір көлдің атын айтыпты.
– Балық көп, судың бетіне шығып жатыр, – деп жөндеріне кете беріпті.
Балық – жеңсік ас. Палман ақын да «ең болмаса бір-екі асымдық балық
ала кетейін» деп көлге қарай тартады. Көлге жетем дегенше күн батады, қас
қараяды, маса қаптайды. Содан балық түгілі бас қайғы болып, тас қараңғыда
түртінектеп атының басын кері тартады. Қайтар жолында шанышқыға
ілініп, өліп жатқан бір балықты кездестіріп ала кетеді. Алайда түнде қалың
қамыстан жол таба алмай біраз адасады. Масаға таланады. Сөйтіп ертеңіне
ауылына әзер жетеді.
Сонда ақыннан көршілері «қайда болдыңыз?» деп сұраса Палман ақын:
– Қу тамақ, құлқын тамақ, құзғын тамақ,
Палманды алып қалған жалғыз шабақ.
Түнімен қамыс кезіп, ел таба алмай,
Сазамды тартқызды ғой маса талап.
Найзасын тұс-тұсынан салған кезде,
Құтылдым өзімді-өзім әзер сабап.
Жыртылып шалбар-көйлек сау-тамтық жоқ,
Бәйбіше, бүгін өзің берші жамап, – деген екен.
***
Палман ақын өзі кедей, дүние жинамаған кісі екен. Мінезі тік, бетке
айтатын ақын болыпты. Өзі қайым айтысқа да шебер екен. Бірде бір ауылда
«Қарлығаш деген ақын қыз бар екен» деп естіп, сол қызбен айтысуға іздеп
барады. Сондағы қызды айтысқа шақырып айтқан өлеңі:
– Мен болам, қарындасым, Палман шайыр,
Қарлығаштың құйрығындай тілім айыр,
Қарлығаш, кел екеуміз айтысайық –
Айтыссаң кешіктірмей жауап қайыр, – депті.
Сонда қыз Палманмен айтысудан қаймығып айтысудан бас тартыпты.
***
Бір тойда Зорымбай ақын бір ақын қызбен айтысады. Зорымбай ол
қызбен бұрын да айтысып, жеңе алмай кеткен екен. Екі ақын түн ортасы
ауғанша айтысып, бірін-бірі жеңе алмайды. Қыз бір сөздің ретінде
Зорымбайға:
– Қожеке, екі көзің тостағандай,
Шап беріп мұрыныңнан ұстағандай,
Иегің мен танауыңның екі арасы
Екі ауыл түгел сиып қыстағандай, – дейді.
Оған Зорымбай ешқандай жауап қайтара алмай, «мұрным қанап кетті»
деп, есік жаққа мұрнын жууға кетеді. Сол жерде Палманда отыр екен.
Зорымбай оған:
– Палеке, не жауап айтамын? – деп сыбырлайды.
Палман мұнысына:
– Өз сөзін өзіне бұрып айт, – деп бір ауыз өлең сыбырлап үйретеді.
Зорымбай мұрнын жуған болып, орнына келіп отырысымен:
– Әрине, менің көзім тостағандай,
Шап беріп мұрынымнан ұстағандай.
Иегім мен танауымнан сонша қорқып,
Ішінде балаң бар ма тастағандай? – деп, қызды осы бір
шумақ сөзбен тоқтатқан екен.
***
Ел аралап жүрген Палманға бір ауылдың ақсақалы ұрғашы нарша
сыйлапты. Ол наршаны ұстап бағып-қағу оңайға түспейді де, Палман ақын
оны базарға апарып сатып, алған пұлына үйіне шай-қант, өзіне паршадан
тігілген шапан сатып алады. Содан ауылына келе жатып бір танысының
үйіне соғады.
Келсе, үйіндегі меймандар бағлан қозының балбырап піскен етін
алдарына алып жатыр екен. Олар Палманды тамақтарына шақырмайды.
Палман босағада отырып қалады. Қонақтар – екі төре жігіт екен, өздері
тамақтарын жеп болған соң, Палманға қалған тамақтан ет асатпақшы
болады. Содан екі мейманның үлкені Мансүр төре:
– Пәлеке, көптен көрмедік, табаққа жақындаңыз, өз қолыммен ет
асатайын, –дейді.
Палман, ол асатпақшы болған, бір кесек ет ұстаған қолына қарап:
– Қарадым төре інімнің қабағына,
Ағасын шақырмады ол табағына.
Жантаққа жаңа қойған қара үлектей,
Тастады бағланды тамағына.
Базарға сатып қайттым қара нарша,
Пұлына алып кидім шапан парша.
Екі інім төрде отырып ағасына,
Қолыма ет асатты балаларша.
Бұл күнде үлкен сыйлар кісі бар ма,
Ауызында жас баланың тісі бар ма?
Әкесі бұл төренің аштан өлген,
Бұл күні аштан өлген кісі бар ма? – дегенде екі төре орнынан
ұшып тұрып:
– Аға, төрге шығыңыз, бізден білместік болды, – депті.
Сонда Палман ақын:
– Отырмаймын, кетемін, – деп орнынан тұрғанда олар жалынып-
жалпайып төрге отырғызып, кешірім сұрап, ақынды жөн-жосығымен сыйлап
жіберген екен.
***
Тағы бірде Палман шайыр Палау деген қызбен айтысып оны да жеңіпті.

Сол ұзақ айтыстан бізге жеткені мына бір шумақ өлең:
– Атымыз ұқсас екен Палман, Палау,
Сенің де көңілінде арман бар-ау.
Күйеуің сенің қалқа мазаң ба еді,
Не себепті, қарындас, жүзің жадау? – деген екен.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button