Білген Шайыр айтады
Қасиет қонған Қожалар
Асқар Дүйсенбі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын - композитор
Мақтасам жетер ме екен тіл қатпары,
Бойымның қызар оттай бұрпқап қаны.
Жарықтық Қожекеңдер құт дарыған,
Мұхаммед пайғамдардың ұрпақтары!
Сұлу Сыр, болған мекен тау етегі,
Жер түгіл, жол берердей әуе тегі.
Әулие, Баптар көрсе ақ шапанды,
Сүрініп дін мұсылман тәу етеді.
Қадірің артқан ғажап бабама тым,
Белгілі Яссауиден маған атың.
Қазақтың даласына сендерсіңдер,
Алланың алып келген аманатын.
Ұлтыма қанық сенің қасиетің,
Жұртыма тараған дін, өсиетің.
Төріне шығарса әкем қожекем деп,
Алдыңда анам мәңгі бас иетін.
Азанның әуенмен таң сыздаттың,
Жамалын жарқыраттың жансыз бақтың.
Түркістан түгел ұйып құлақ түрген,
Кенісің киелі өлке сансыз баптың!
Сұлуын баптап мініп тұлпар аттың,
Бұлақтай қайнарынан бұрқап ақтың.
Алаштың даласына арай әкеп,
Қазақтың баласына дін тараттың.
Тұсында хан мен сұлтан әр төренің,
Үйіне келсе бедел, мәртебе едің.
Тербелген бесігісің ілім қонған,
Ғұлама ишан, қари, қәлпелердің.
Шықпады дінде сенен оза алар жан,
Тұншықты қастық ойлап, көзі аларған.
Ғалым да, жазушы да, қайраткер де,
Тарихта аз шықпаған қожалардан.
Киесін сөздің ұстап алты айналдың,
Мәделі, Майлықожа салты-ай нардың…
Әуезов Мұхтарлармен ел мақтанған,
Бір өзі неге тұрар Қалтайлардың!
Дүниенің төрт жағында бар танысы,
Шетінен мырза көңіл, марқа кісі.
Бүгінгі қожалардың бақ-дәулетті,
Аз емес бай-бағылан қалталысы.
Ешкімнің еріп кетпес еркіне еніп,
Ол жайлы сырды осылай шертіп едік…
Қожалар – досқа адал, қасқа – қылыш,
Семсердей алтын сапты серті берік.
Ауырсаң қожекеңдер үшкіретін,
Көз тиес тұмар оқып, іс білетін.
Қашушы ек тым-тырақай бала күнде,
Көшеден қожа көрсек піштіретін.
Иллаһи, мұсылман ғып әр қазақты,
Жасайтын сендерсіңдер бар ғажапты.
Туса да баласына ат қойғызып,
Бата алған ер болсын деп арлы, азатты.
Толғадым жырымды айтып, төкпеледім,
Желкенін көкке жайып көп кеменің.
Қожалар – бар жақсыңды тізіп шыққан,
Жоқ шығар мен пақырға өкпелерің!