Үшір, хараж, зекет, қырық парыз, иман хақында айтылған нақылдар
Икрам ишан Қасымұлы (1860-1923ж.ж.)
![](https://kozhalar.kz/wp-content/uploads/422566067_122186816600008839_411059762998026673_n.jpg)
Алланың құдіреті мол өзі Қадір,
Біреуді шат, біреуге қылмас жәбір.
Құдіреті барша жанға бап-барабар,
Жат етсең қайсы жерде болар хазыр.
Мысалы шах сияқты жаратқан Хақ.
Болғанмен көрмей қалмас қайсы бір жақ
Сипаты Самиғ, Басар каламдағы,
Кім мункар діннен шығар болса мұтлақ.
Жіберді пайғамбарды жол көрсетіп,
Бізге һәм бұйырған соңына ер деп.
Түсірді арамызға Каламулла,
Істерді жақсы жаман мұнан көр деп.
Құранда бәрі ақиқат айтылған сөз,
Қанеки оны оқуға бар болса көз.
Исламның бес парызын әуел білмек,
Адамдар ақылы бар ойланып тез.
Бірі бұл бес парыздың әуел бастап,
Хақты бір біл көңілден кетпей тастап.
Екеуі намаз оқып, руза тұтмақ,
Төртінші зекет бермек бұған жастап.
Бесінші хажға бармақ келсе шама,
Көңілге мұнан бөтен қиял алма.
Баршаға парыздығы сабит болған,
Құран аятынан дәлел аңа.
Білуге бір зарлысы қырық парыз,
Басына әр пенденің бұл бір қарыз.
Бесеуі ілгергімен өтіп кетті,
Жетеуі иманда екен қылдым арыз.
Намазда он екісі болынған яд,
Үшеуі ғұсылда екен бұл һәм қият.
Төртеуі таһаратта деп айтыпты,
Төртеуі таяммумда қылған абад.
Екеуі амру мағруф нахи мункар,
Ілім һәм хайыз нифас қосылдылар.
Бәтамам қырық болып осыменен,
Баршаға Хақ әмірі болғай изһар.
Бұлардың баршасына аят енген,
Құранда Алла Тағала хабар берген.
Баршасын тамам қылып санап алар,
Құранды бастан-аяқ оқып көрген.
Иманды екі түрлі деп айтады,
Муфасил, мужмалмен деп айтады.
Пендеге мұны парыз ажыратпақ,
Болмаса мүжтаһидтер неге айтады.
Мағынасы муфасилдің бұл дүр және,
Бар демек ең әуелі Алла Тағала.
Екінші періштені бар деп біліп,
Кітапқа иқрар болмақ күллі әмме.
Куллһум пайғамбардың бәрісіне,
Қарамай иқрар болмақ мағынасына.
Бесінші ақыретке мойынсұнбақ,
Алтыншы жақсы-жаман әр ісіне.
Әр істі жақсы-жаман Хақтан біліп,
Тұрмақлық не көрседе шүкір қылып.
Күнінде қияметтің яумул жаза,
Ақиқат тұрмағымыз бір тіріліп.
Мағынасы муфасилдің тамам өтті,
Мінеки мужмалға нәубет жетті.
Жамағат бұл тұғрыда ғапыл болма,
Осындай мүжтаһидтер зікір етті.
Аллаға иқрар болмақ әуел бірі,
Екінші есіміне тамам күллі.
Үшінші сипатының баршасына,
Иқрар боп біліп тұрмақ пенде ділі.
Алланың үкімінде болса әрне,
Һәм және әркәнінің баршасына.
Деп тұрмақ иқрар болып мойынсұндым,
Иманның бұл аталар мужмалына.
Иманның ең қысқасы мұны білмек,
Әмірін не қыл десе қылып тұрмақ.
Нәрсені қылма деген қылмай жүрсе,
Болады бұл да Хаққа мойынсұнбақ.
Я, Алла жақсылықты айла нәсіп,
Ішінде жәннат сарай тұзым шашып.
Көп керек мұсылманға қырық парыз,
Басына әр пенденің бұл бір қарыз.
Іс тұтқан шариғатпен пенделерге,
Айтамын білгенімді қылып арыз.
Аятта ешнәрсе жоқ айтпай қалған,
Демеңдер ешбіреуін сірә жалған.
Ихраж, зекет біреуін тастаған жоқ,
Білуге пенде үшін бәрін салған.
Әуелі тұғрысында үшір хараж,
Әмірінде бұл тариқа болғай риуаж.
«Уасқу маан» деген аятта бар,
Жақсылар ғапыл болмай көзіңді аш.
Аққан су екі түрлі болар баян,
Біреуі үшір, біреуі харажға аян.
Ілгергі мүжтаһидтердің үкімі осы,
Бұл сөзге бір зәредей қылма күмән.
Оннан бір «үшір» деген көрсең қарап,
Харажға тоғыздан бір берген жүріп.
Суы бар баршасының орныменен,
Айтамыз бірін-бірін қылсаң талап.
Жаңбырмен үшірлісі қазған құдық,
Ойыңда бұл сөздерді көрме бұзық.
Һәм және бұлақ суды жерден шыққан,
Бұларға оннан бірге мойынсұндық.
Және де теңіз болса кеппейтұғын,
Ішінен бір шаһардың өтпейтұғын.
Бұларға үшір уәжіп деп айтыпты,
Айтпаймыз адамдарға жетпейтұғын.
Жер мына уа хараж бұйрық білсең анық,
Ілгері үлкен патша қазған арық.
Және де құдықпенен жер суғарса,
Харажлық жер ішінен қазып алып.
Үшінші хараж төлеп тұрған жері,
Бұлақтың тап сол жерде болса көзі.
Бұларды һәм харажға жіберіпті,
Ілгергі мүштаһидтің айтқан сөзі.
Мысалы әрбір түрлі болса егін,
Үкім жоқ жібер деген жүда тегін.
Бір кітап «Һидаяту саълук» атты
Айтыпты бір мүжтаһид ұлық затты.
Кісінің уалиулла біреуі айтты,
Адасқан кімраларға шарапатты.
Ішінде бір мәселе қалдым көріп,
Қарашылық жерге ексе жүзім, өрік.
Дарағы миуаламай жетілгенше,
Жүрсін депті жеріне хараж беріп.
Егер жүзім орнын біреу бұзып,
Алғанын бидай сеуіп көрсе қызық.
Оғанда жүзімдей қып хараж берсін,
Имамдар деп айтыпты хатқа сызып.
Айтыпты сол кітапта қылып баян,
«Фатауа хазана» да бар деп аян.
Ол жердің халал болмас егесіне,
Харажын шығармаса алған заман.
Фатауа бір кітапта шымырташы,
Бұлайша мұсылманға қылған қашы.
Фатуалы мүжтаһидтің кітабынан,
Бұл һәм бір ұлығ кітап дәрежесі.
Бір адам әсел миуа тауып алса,
Болмаса баудың күйті анша.
Мысалы даладағы аңдай депті,
Әр адам дұрыс екен пайдаланса.
Үкімет тұрса егер оны көріп,
Ешкімге тиме десе жол көрсетіп.
Үшірді мұны алған төлейді деп,
Кітапқа салған екен үкім етіп.
Жақсылар мұның бәрі кітап сөзі,
Демеңдер дәлдеп тартыпты кеп кезі.
«Уанфақу минаттойбат ма касабтум»,
Құранда Құдайымның айтқан өзі.
Бұл аят «Һидаяда» болған нақыл,
Кітапта жоқ қой бұл деп қалма қапы.
Бір тіллә жүнгер шыққанның танабына,
Кірсеңдер берейін деп талабына.
Танабтың айналасы жүз алпыс кез,
Мұныңда ойланып қой санағына.
Есеп қып бір тілләні көрдік талай,
Миымыз ашып кетті санай, санай.
Күмістің жүретұғын төрт сом екен,
Ұйғарып қоя салдық соған қарай.
Хараждың біраз сөзін айтып ада,
Азырақ баян қылдық бұл арада.
Бұларды қандай адам аларлығын,
Ләпсінен мүжтаһидтер берген садр.
«Мабсут», «Мұхит», «Қазыхан» – үш кітап бар,
Жамиғ болып фатауилер қылған изһар.
Болсада басқа жерден көп мәселе,
Бұлардың айтқан сөзі үкім болар.
Ішінде бұл тариқа риуаяттар,
Зекет, үшір, пітір мен садақалар.
Баршасы имам хақы деп айтыпты,
Имамның бермесеңде хақы болар.
Мәселе басқа адамға берсең бөліп,
Мурдай қияметке барсаң өліп.
Баршасын қияметте төлейсіңдер,
Сөзіне бұл адамның тұрсаң көніп.
Және де шарх урада самили зай,
Шығарған неше кітап жазып қабат.
Шығарушы Мәуләна Ахмедаддин,
Бұлайша өз ләпсінен жазыпты хат.
Қауымның арасында болса имам,
Хараж, зекет, садақа, пітір тамам.
Тірісі құрбандыққа неке қияр,
Жақсы бәрі соның болар тамам.
Тағы да үшірменен болса нәзір,
Бәріде имамына қылсын хазыр.
Егерде бұған бермей бөлектесе,
Есепке алар Тәңірі Раббым Қадір.
Дегенде имамшы тыңдаңыз баз,
Мешітте жамағаттық бар болса саз.
Айт намаз, жұма намаз азан айтып,
Оқылып бес уақыт тұрса намаз.
Бұлардың оқып тұрса бәрін тамам,
Болады имамшы осы адам.
Басқаға рұқсатсыз беріп болмас,
Бұл сөзге пәтуа депті күллі имам.
Адамның бұл күндегі қылған ісі,
Тұрсада еш нәрсеге жетпей күші.
Надандық күніндегі қиялменен,
Барады болмай кетіп бір дұрысы.
Азырақ кітап көріп пайымдаймыз,
Кінәдан ісі келсе тайынбаймыз.
Өзіміз тура амал қылмасақта,
Айтуға ауамдарға тарынбаймыз.
Құдая бұл сөзімді қылып қабыл,
Көрсеткіл хидаят қып бір тура жол.
Екен деп кітап сөзі әркім тұрса,
Қалмасақ сауабынан болғаны сол.
Расулдың бір хадисі болған бұлай,
Пендеге ризық берсе Жаппар Құдай.
Адамға халал нәсіп аздан аздан,
Келер депті бір жолы ғани қылмай.
Харамнан егер пенде жиса нәсіп,
Қарқындай сел боп аққан келер тасып.
Болғанда рузы маһшар бұл байлықтан,
Егесі құтыла алмас анша қашып.
Зекетсіз мал дейді екен осы малды,
Расулдың хадисінде бәрін салды.
Үшірсіз, харажсыз егінде сол,
Пендеге берме Құдай бұл ахуалды.
Жаранлар бұл сөзімді қылма айып,
Бұл емес кітап сөзі ілім ғайып.
Баршасы бұл жұмыстың болса тәуекел,
Үстінен жаһаннамның кетпес тайып.
Калима мұсылманға беріп жәрдем,
Жолына тауфиқ, инсап қоядур қадам.
Аштырып ғапылдықтан екі көзін,
Пендеге жақсы деген айла қылсам.
Құдая баршаға күллі әлем,
Түсіріп әмір еттің Құран кәләм.
Хақында исмизаттың һәм Құранның,
Илаһы нәсіп айлай дар ислам.
Ішінде мұсылманның біз бір нашар,
Бұл пендең азаб қылсаң қайда қашар.
Саламат кетер уақытта иманыма,
Жеткізбе Әзәзілден ешбір ашар.
Алдымда Әзәліл тұр жайып торын,
Алмаймыз есімізге дұшпан зорын.
Атыңнан айналайын Жаппар Құдай,
Бұл пендең әрне қылсаң қойды қолын.