Бір суреттің сыры

Жалаңаяқ әздер ұрпағы

13 маусымда, азанда, Жұмабай Омарұлы Жәнібеков кенеттен өмірден өтті. Иманы саламат болсын…

Бұл жаңалықты бауырымнан естігенде есеңгіреп қалдым. Себебі мұндай біртуар азаматтың менің өмірімде алатын орыны ерекше болатын. Ойлап қарасам алғашқы рет 23 жыл бұрын кездесіппіз, содан бастайын.

2000 жылы Қызылорда қаласынан Шымкентке Жұман деген кісі келіпті. Іс сапарымен. Жұмысы біткен соң әкем Әсілхан Оспанұлыға телефон соғып үйіне барыпты. Әдеттегідей шай ішіліп, әңгіме болыпты. Екеуі де қожа, Жалаңаяқ Әздердің ұрпақтары екен. Жұман ағам сол себеппен арнайы іздеп келіпті. Бұл кезде мен тірліктеріммен қалада жүргенмін. Әкем үйге, келініне телефон соғып мені сұрапты. Таппаған соң, келе сала бірден хабарлассын деп өтініпті. Кешке таман келсем әйелім мені әкем іздеп жатқанын айтты. Әкем маған: «Қызылордадан Жұман деген көкең келді. Жалаңаяқ қожа екен, әулетіміздің шежіресін жинап жүр. Өзіңдегі деректеріңді апарып бер. Тоқтаған жері «Шымкент» қонақ үйі, барып таныс» – деді.

Айтты – бітті. Қағаздарым ішінен жазғандарымды таптым да, далаға шықтым. Әкем бізден бір аялдама жерде тұратын, ал қонақ үй қарама-қарсы үш аялдамаға жетпей орналасқан. Екі аттап, бір басып бардым. Айтылған бөлмені сұрап таптым. Есікті қақсам қараторы келген, шашы түзу, жылуарлы денелі кісі есік ашты. Жасы ол кезде 47-де болатын. Мен болсам қырыққа келдім, өзім ақшылмын, шашым болса ұзын және бұп-бұйра, арықтаумын. Қысқасы, екі түрлі адамбыз.

Ішке кіріп жайғастық. Жұман ағамның сөйлеуі қарапайым, салмақты екен. Әңгіме ескі таныстар арасындағыдай оңай кетті. Алдымен ол өзін таныстырып, сосын жалаңаяқ қожалардың шежіресін жинап жүргенін айтты. Біздің бар екенімізді Түркістанда тұратын, соғыс ардагері Жолбарыс Нұрмұхамедовтан алыпты. Ол кісіні де біреулерден сұрап жүріп танысыпты. Уақыты келіп Шымкентке де жетіп, әкеме барыпты. Әңгімелескен соң, әкем менің ағайындарымыздың шежіресін жазғанымды айтты. Мен расында да қолым жеткен деректерді жинастырып, А-3 көлеміндегі қағазға түсіріп қойғанмын. Жұман ағам бұған өте риза болды. Себебі барған жерінде көпшілігі шежірені тек ауызша ғана баяндап береді екен.

Үйге шақырып едім, рахмет айтып бас тартты. Әңгіме жалғасын тапты. Сөйтсек сегізінші атамыз бірдей болып шықты – Сары қожадан Сейітрақым мен Сейітқасым туған. Алғашқыдан олар тарапты, екіншісінен біздер шықтық. Бұл кезде мен Абылай хан туралы кинороман жазып жүргенмін. Оның ішінде бабамыз Жалаңаяқ Әздер туралы да екі кездесу бар еді, соны айттым. Сары қожа оның ұлы болатын. Жұман аға бұған таңғалып қалды. Бабамыз туралы Шәді-төре Жәңгірұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Көкбай Жанатайұлы, Шоқан Уәлихановтар хаттап кеткені жайлы айттым. Тіпті Жалаңаяқ Әздер Абылай ханның пірі болғаны туралы, атақты хан оның мүриті екенін шөпшегі Шәді-төре жазып кеткен дедім. Жұман ағам бұларды білмейді екен. Себебі мұндай деректер оның қолына әлі түспепті. Содан білетіндерім жайлы маған жазып берші деп өтінді. Мен уәде бердім. Көп кешіктермей 11-12 беттік мақала жазып салып жібердім. Жұман аға ол жазбамды шежіре кітапқа енгізді. Сонымен қатар әкем Әсілхан Шымкенттегі газеттерге бастырғаны және бар. Осы кездесу арқылы Жұман ағамның інісіне айналдым.

23 жылға созылған таныстығым арқасында Жұман ағамның өтінішімен басымнан талай істер өтті. Тіпті көп жылдар бойы іздеп жүрген Жалаңаяқ Әздер бабамыздың моласын да тауып алдық. Содан қай жерден мәлімет шықса, сонымен бөлісуге асықтық. Ақыры, ойда жоқта, маған Жылтырақ-Ата әулие туралы Шымкенттің «Замана» газетіне шыққан мақала түссе кетті. Оқып отырсам мақала соңында Жылтырақ-Ата қасында Жалаңаяқ әулие жатыр деген хабар бар екен. Жүрегім жарыла жаздады! Сол мезетте Жұман ағама қалтафонмен хабарласып баяндап бердім. Ол кісінің қуанышы менікінен бірнеше рет артық болды! Ақыры Созаққа үшінші күні барамыз деп келістік те, жолға қамдана бастадық. Алайда екінші күні кешке ағам хабарласты: «Өкпелеме, мен шыдай алмай барып келдім!» деп. Бұған мен өте қуандым – осы азаматтың арқасында қожаның бір бөлігі өзінің бабасын тауып алғаны ерекше жаңалық. Егер Жұман ағам бастамаса қайсы бір жалаңаяқ қожа бабасын қашан іздер еді.

Жұман ағам өзі барған Созақ ауылында тарақты руының қариясы бар, сол үйге міндетті түрде бар деп кеңесін берді. Расында да Тәуекел ата жәй бір шал ғана емес, нағыз деректер жинаған ақсақал болып шықты. Бала кезінен естіген көптеген әңгімелерді құлағына құйып сақтап қалыпты. Олардың ішінде Жалаңаяқ бабамыз туралы да мен естімеген әңгімелер бар болып шықты. Жұман ағам қалай айтты, тура солай болды.

Содан соң екі рет танитын ағайындарды жинап ас бердік. Бірінші асқа Созақтан 60 шақырымдай жердегі Шолаққорғаннан ешкім келмеді. Хабар Исақожа ұрпақтарына айтылған болатын. Сөйтсек бұл ауылда олардан бөлек бірталай жалаңаяқ қожалар да тұрады екен. Олардың ішінде Тұрсын, Аманжол, Тастыбай деген үш ағайынды қариялар бар болып шықты. Бойлары 2 метрге жуық, арқалары шөксе де еңселі және биік көрінетін. Шолаққорғанға бұрындары барған Жұман аға олар туралы естімеген екен. Әйтпесе осы ауылда Исақожадан тарайтын аудан әкімі Созақбайдың жалаңаяқ қожа екеніе естіп барыпты. Сонда ол кісі үйіне шақырып өзінің әулеті туралы баяндап беріпті. Ал енді көрші тұрған басқа жалаңаяқтарға келсе, оларды да Жұман ағам тауып алған деп ойлаған шығар. Ел ішінде шежіре жинағанда осындай немқұрайлық жағы да болып тұрады. Мысалы, «Жалаңаяқ Әздер – Абылай ханның пірі» кітабымды жазғанымда сол Шолаққорған ауылында Үббі Тастанов деген Социалистік Еңбек Ері болған азаматты ешкім де маған айтпап еді. Содан кітапқа енбеді. Әйтпесем ұрпақтары сол ауылда тұрып жатыр. Бұл азаматты барлық жалаңаяқ қожалар таныды екен. Мен өзім Шолаққорғаннан өткенде «Үббі Тастанов көшесі» деген жазуды талай мәрте оқығаным бар. Кейін, Сүлеймен Тәбірізұлы шығарған «Созақ өңірі» кітабында Үббі Тастановты «Қара Қожаға жатады» деген екен, «Қазақ халқы – Қожа әулеті» кітабына енгізейін деп шолаққорғандық ағайындардан сұрасам ол өзіміздің жалаңаяқ руынан шыққан екен!

Жұман аға туралы естеліктерімді айтсам әңгімені тауысу қиын. Ағамдай кең ойлайтын, өмірді түсінетін, терең ойлы замандастар аз болады. Ұстамдылығы, маңызды мәселені орнымен көтеретін, керекті тігінен қойып ашып айтатын тұлғалар санаулы. Несін жасырайын, Жұман ағамды көпшілік «Дуана қожалар» қоғамының басшысы деп қабылдады, алайда ол басшының орынбасары ғана болып өтті. Бұл қоғам ашылған кезде Дуана қожалардың басын құрайтын болып тіркелді. Екі-үш кісі басшылық жасап, ақыры Жұман ағама сіз қолыңызға алыңыз деген соң кірді орынбасарлыққа. Бірақ ол үшін бұл қоғам тек Дуана қожалардың ғана басын қосатын емес, бүкіл Қожа әулетінің тарихын жинайтын, өткенімізге көз салуды қолға алатын орталық болып шықты. Әсіресе жастардың қожалардың мұрасымен танысуына ерекше көңіл бөлу туралы көп айтатын. Қызыққанға айтайын – қазақ ішіндегі қожалар 11 әулетті құрайды. Алайда әркім өз әулетіне көбірек қызығады, ал жалпы орталық болу жағына күш салу керек. Ағам осы бағытта көп еңбек етті.

Осыған орай Жұман ағаның ерекше істі қолға алғаны жайлы айтып өткім келеді. Алматыдағы Қазақ Ғылым академиясының кітапханасында Қожа әулетінен шыққан ақындар мен жыраулардың көптеген қолжазбалары сақталып қалыпты. Соларды араб, латын және бүгінгі әріптерден тергізіп кітап етіп шығарамын деп ағам көп жұмыс жасады. Сонда жұмыс жасайтын бір ғалыммен келісіп, шартқа отырып, соларды дайындауға кірісті. Бір миллион теңге аванс та берді амалын тауып. Алайда ол ғалым бастаса да, қосымша ақша түспеді деп алысқа шаба алмады. Рас, бұл жерде үлкен демеушілік ететін қаражат болмады. Тіпті көмегі тие ма деп өзім бір бай қожаға да барып айттым, алайда ол бизнесіме қожалар ісін қозғағаным кесірін тигізеді деп кешірім сұрады. Одан да басқа қалталы азаматтар бар ғой, алайда оларды танымаймын да, ақыры бұл жоба тоқтап қалды. Том-том болып шығатын ақын-жырауларымыздың мұрасы Қазақ халқымен таныса алмай қалды. Реті келген соң бұл сөз сазгерлерін атап өтіп кетейін:

Құл Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Жүйнеки, Атайи, Шәмши Мәулана, Шортанбай, Мәделіқожа, Майлықожа, Жүсіпбекқожа, Күдеріқожа мен Таспақожа, Заман қожа, Кенжеқожа, Рахмет Мәзқожаев, Қуаныш Баймағамбетов, Жарылқасын қожа, Нақып қожа, Барат қожа, Серәлі қожа, Асан қожа, Жолбарыс қожа, Исабек қожа, Кейкі қожа, т.б.

 

Сол кезде бұл жобаның көркемдік жарнамасын сызып та бергенім бар. Жұман ағам оны қуана қабылдады. Алайда арманы өнбеді…

Тек 2020 жылы «Күдеріқожа мұрасы» атты ақынның алғашқы жеке кітабын ғана, оның туғанына 200 жыл толған себепті дайындап өз қаражатыма шығардым. Жұман ағаммен бір жыл бұрын осы туралы ақылдасып, ол Қалтай Мұхамеджановтың әулетінен деректер беретіндермен таныстырып, кітап дүниеге келді.

Бүгінгі күні Қожа әулетінің тарихын, келуі мен елге танымал болуын, қоғам ішінен алған орынын, қазақ мәдениетіне қосқан үлестері туралы кітап жазып отырмын. Осы еңбегімнің ең үлкен жанашыры асы ағам Жұман болатын. Ағам барынша көмегін беріп, қолы жеткен деректерді ұсынуға асығатын. Менің бар ойым – кітап шықса, ең болмаса макетін оған көрсетсем болды. Себебі соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп жүрді. Бірақ  сонда да Жұман ағам қарап отырмады. Мысалы, 21 наурыз күні Әбд-Жәлел-баб (лақабы Хорасан-баб) басына шақырды мені. Сол жерде құдайыға келген ағайындарға баяндап берді не жасап жатқанымды. Ойы – бұл кітап ауылдарға жетпейді, тек Алматы, Астана, т.б. ірі қалаларда ғана саудаға түседі. Сондықтан аламын дегендер қәзірден бастап тізім жасап қойса, мен алып әкеледі деп айтты. Сол кезде арнайы мал сойып, Құран түсіріп, тұсаукесерін өзіміз де жасаймыз деп хабарлады. Жетісайдан кедген ақын Оразқожаға бата бергізді. Өмірде кең ойлау деген тура осындай болса керек. Болатын қуанышты көптің қолына салудың өзі де ерекше өнер. Әттең мен жазып шығарып үлгермедім. Себебі бірнеше маңызды деректер қолыма әлі де түспей отыр. Онсыз кітап толық болмайтын көрінді. Оның үстіне өзім суретші болған соң арасында қаражат табамын деп те көңілім басқа жаққа бұрылып отырғаны бар…

Есіме алсам, Жұман ағам өткен істерге ерекше көзқараспен қарайды екен. Шежіре сақтаушы Абдуллатиф (Ләтіш) Абдухайымұлын туралы ерекше ілтипатпен еске алатын. Ләтіш ата өзінің шежіресін түп-тамырына дейін жатқа біледі екен және танысқан адамнан руын сұрап, бірталай деректерді баяндап беріп таңғалдырып отырған.

Жұман аға өмірінің басында физика саласында білім алған соң, ауызша және хатталған әдеби шығармаларға ерекше қызығатын. Ондағы деректерге ой жүгіртіп, мәліметтерді зерттеп көретін. Кейде маған керек болады деп қолына түскен кітаптарды беретін немесе біреу арқылы салып жіберетін. Қалай дегенмен Қызылорда мен Шымкент арасында әжептеуір алшақтық жатыр.

Адамның өзінің жинаған байлығы болмаған соң, ол амалсыз қалталы адамдардан жақсылық бола ма деп үміттенеді. Сеебі көптің жақсылығына көмегін ебереді деп. Мысалы, «Дуана қожалар» кітабының дайындалуы мен басылу жағында Жұман ағам көп уайым шекті. Себебі тарихқа қарасты деректерді жинастыру, Дуана қожаның төрт ұлынан тарайтын тармақтардың шежіресін жинастыру бірталай уақытты алды. Сосын маған өтініш жасағанда мен ойымды білдіріп шежіре кітапты өзімше жасаймын дедім. Өзімше дегенім – Дуана қожалардан шыққан үлкен тұлғаларды ашып көрсету керек болды. Олардың қатарында небір әулиелер, ақындар, күйшілер, қоғам қайраткерлері бар. Солардың өмірі мен өнерін ашып көрсетіп, артынан шежіре жіберемін дедім. Бұл жастарға тәрбие болады. Алайда біраз қариялар түсінбестен қарады. Сонда Жұман аға түсіндіріп, көндірді. Оның үстіне кітап түгелдей түрлі-түсті болатыны оны қымбат етті. Содан жұрт қымбат кітапты ала алмай қалады деген уайым да пайда болды.

Көркемдеп жазуым, дизайнын жасау біраз уақытты алды, алайда басты соққыны көмек беремін деген бай қожалар жасады. Себебі басында Жұман аға 1500 дана шығарамыз дегенде, байлар 3 000 дана керек деп, соны шығарамыз деген хабарын жеткізді. Бұған дейін де кітапты санатып, алам дегендер 5 мың теңгеден деп Жұман аға қаражат жинауға кіріскен. Бай қожалар көмектеміз дегендері үлкен қуаныш сыйлады. Алайда олар тек күтіңдерге салды.

Содан «шыдай тұрыңдар» ұзаққа созылды. Бірнеше жыл өтті. Жұман аға оларға бәрібір бармады, өзім ғана жүгірдім, бірақ ақыры сенім өшті. Сол қиын кезде анамның айтатын «Адамның ісі адаммен бітеді» деген сөзі өмірге асты. Бір досым маған айтты – қарызға ақша берейін, шығар, сосын кітапты көрген адамдар сатып аладыв деп. Сатып қарызыңды қайтарасың деген сөзіне ере алмадым. Ақыры ол ақшам қайтпаса да зиялы іске беріп отырмын, қарыз емес қой дегені көңіліме қонды. Содан кітап бағасын қайтадан санатсам құны 8 500 теңгеге шығып кетіпті. Содан 10 мың доллар алуым керек болды. Бұл жағдайды естіген бір азамат 3 мың доллар беріп жіберіпті. Соның арқасында 7 мың доллар алып, кітапты шығардым. Кітаптың біразын Қызылорда жаққа Жұман ағаға жіберіп, қалғанын Шымкент айналасында таратып шықтық. Кім кезінде алдын-ала 5 мың берді, солар осы бағамен алды, ал кейінгілерге айттым – кезінде бермедіңдер, енді ағайын шығынын жауып 10 мыңнан аласыңдар деп. Алды, сөйтіп қарыз да қайтты. Біздің шежіре кітабымыздың шығу тарихы осындай ауыр болды. Біреу Жұман аға мен атқа мініп шапан жамылды деп ойлатын шығар, біздікі тек шыққана риза болдық. Қазір басқа рулар 2-3 мыңдық шығыны бар кітап шығарып оны 10-20 мыңнан сатып жатады. Бұл тағы шежіре кітабы! Біз бұлай масқара болмадық. Әлі күнге дейін қолына тимегендер «Дуана қожалар» кітабын сұрап отырады, бәрібір жетпеді. Шынымды айтамын – егер осы істің басында Жұман аға болмаса, мен жасамас едім бұл еңбекті.

Бұған қарағанда «Жалаңаяқ Әздер – Абылай ханның пірі» кітабымның жолы жеңілдеу шықты. Бұл жағынан Жұман аға тек ғана қуанышын көрді. Егер шыққан кезде коронавирус қаптап кетпегенде, Созақ ауылында ағайындарды жинап таратпақ еді. Бірақ, індет біткен соң денсаулығы сыр бере бастады. Таяқпен ғана сүйеніп жүретін жағдайға ұшырады. Соңғы кезде Жетісай жақтан Хайрулла деген емші бауырымыз табылып, көмек берді. Таяқты тастап серуендеп шығатын болды! Бұл үлкен қуаныш еді. Сөйтіп жүргенде ауруханаға кенеттен жатып қалды. Ойда-жоқта ентікпе пайда болыпты. Демалуы қиындаған соң дәрігерлер көмектесіп, он күндей сонда жатып үйіне шықты. Сөйлессем жақсы болып қалдым деді. Алайда күтпегенде кенеттен үзіліп кетті…

Серуендеп келемін деп шығып, оралып подъезге кіргенде құлап жатқанында бір өтіп жатқан бозбала көріп, қалтафонымен жеңгемізбен хабар беріпті. Бірінші қабатта тұрған соң есікті ашып қараса созылып жатыр екен. Жып-жылы екен, бірақ үзіліпті…

Бұл жаңалық есеңгіретіп жіберді. Жұман аға жалаңаяқ қожалардың алды болатын, ал енді Қожа әулетіне түгелдей келсем – ерекше қадірлі, терең ойлы тұлға болып дүниеден өтті. Ағамыз істі ұйымдастыру жағынан, көптің басын қосып орта мәселені көтеруге келгенде алдына жан салмайтын. Мұндай, көпті ойлайтын, кең салалы тұлғалар өмірде өте сирек кездеседі. Қожалар үшін жасаған еңбектерім осы Жұман ағамның құрметіне еді. Соңғы кезде жазып жатқан, бітіруге жақындаған «Қазақ халқы – Қожа әулеті» кітабымның шын жанашыры, қолынан келген көмегін аямайтын біртуар азамат осы ағам болатын. Қожа әулетінің адамдары өздерінің қазақ халқының алдындағы жауапкершілігін түсіне білсін, дұрыс жүрсін, әулетке көлеңке түсірмесін деп жаны ауыратын. Кейде оған сыртынан қарап шын ишандар осы Жұман ағамдай болған шығар деп ойлайтынмын.

Бүгінгі күні оның өткенімен танысайын деп өмір деректеріне қарасам, оқу саласында қызмет еткенін түсіндім. Сол кезде Жұман ағамның маған айтқан бір естелігі есіме түсті. Онда Қожа әулетінің тарихына алғаш рет қалай бетін бұрғанын баяндап беріп еді. Бірде облыстық тексеру мәселесімен ауылдағы бір мектепті көруге барыпты. Барлығы да дұрыс, үйреншікті іс, бірақ түнде демалуға жатқанда ұйқысы келмей қойыпты. Жата қалса бір үрку сезім келе беріпті. Содан тұрып ары-бері жүріп, қайтадан төсекке жатса, қайтадан қобалжу басталыпты. Ақыры әбден шаршаған соң көзі ілініп кетіп, алдына бір ақсақалды қария келіпті. Бұл әруақты тұлға оған төрт адамның есімдерін атапты. Ертелеп тұрған соң тездетіп қайтуға кірісіпті. Бұл кезде үйдің иесі шай ішпедіңіз деп сасып қалыпты. Ондағысы мектептен бір жаман іс көріп кетпекші деген ойы екен. Жұман ағам оған барлығы да дұрыс, тек бір түс көрдім, соны тезірек анама айтамын деп жолға шығып кетіпті…

Үйіне жетіп, анасына айтып беріпті көргенін. Сонда анасы: «Саған Дуана қожа бабаң келіпті. Айтқан төрт есімі оның төрт ұлы – Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақмұхаммед. Сен солардың тарихын жина дегені ғой» – депті. 2000 жылы Шымкентке бізді іздеп келгені осы көрген аянның арқасы екен. Ақыры соның нәтижесінде «Дуана қожалар» мен «Жалаңаяқ Әздер – Абылай ханның пірі» кітаптары жарыққа шықты.

Алла алдынан жарылқасын…

Р.S.

Жұман ағаның бір ерекше арманы іске аспай қалды. Ол 17 адамнан деректер жинап Түркістан мен Кентау арасындағы Құсшы әулие – Дуана қожаның моласы екенін анықтаған. Дерек бергендер бірін-бірі танимайтын, жан-жақта тұратын азаматтар. Олардың ішінде Қазақстанда тұрып жатқан, Қарақалпақстаннан көшіп келген, Ауғанстаннан елге оралған азамат та бар болып шықты. Бір жетісайлық апай тіпті басына барып құдайы да жасапты. Осы деректерді жинастырып, ойымызды талқылай зерттеу жариялағанда, айдалағы бір қартайған қожа жүігіріп келіп, басына барып, қарсы әрекеттерге кірісіп кетті. Содан дау-дамай шықты. Сөйлесейік десек оған құлақ аспайды, бар дәлелі «мен-ақ барлығын білемін» дегені. Өзі кезінде тура біз айтқан ойды да Қызылордаға келіп Жұман ағаға айтып берген еді. Сонда мен ол туралы өз қолымен жазып берсе ғана келтіремін дегенмін. Себебі оны кезінде әкемнің құқын қорғап сотқа да беріп жеңгенмін. Сонымен ол шу шығарып сыртпен жүрді. Жұрттың көзінше жасаған былықтары арқасында жексұрын болған ол бұл істі уақытша тоқтатуға итермеледі. Дау шешілмей – іс жасалмайды ғой. Бір күні бұл мәселеге тағы да ораламыз деп жүргенімде Жұман ағамыз қайтпасқа кетті…

 

Ералы ОСПАНҰЛЫ

суретші, зерттеуші, Шымкент

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button