Бір суреттің сыры

Мазасыз кісі

Кәмел достың рухына арнау

Мазасыздықты екі мағынада қарастыруға болады. Бітіріп жатқан түгі жоқ, соған қарамастан екі иығын жұлып жеп жау қайдалағандар әр ауылда бар. Сонысына қарамастан әлгі пысықай жұрт көзіне түскіш. Жора-жолдастың суын табуға келгенде алдына қара салмай озғындап кетеді. Жиын-жиналыста мінберде құзғын сұңқылға басқанда сай-сүйекті сырқыратады. Сөйтіп жүріп бақай арамдыққа басады. Әне біреу ішіп қойыпты, жеп қойыптыға басады.. Өзінің де жамсауы таза емес, бірдеңе-сірдеңені өңешішен өткізіп жіберген. Даурықпаға басқанда ес түсі қалмайды. «Біздің кісінің арқасында дамыған елу елдің қатарына жеттік.»- дегені әсерлі шығып жатады. Бұндайларда ұйқы аз, күлкісі де қожыраңқы келеді. Нағыз мазасыз қазақ осындай-ақ болсын!.
Арамыздан кеткеніне жыл толған асыл азаматты еске алғанда, қоғамда өріп жүрген пысықайларды, әпер бақан ұр да жықтарды, айқайшылдарды шағын мақалаға кірістіруде қисын бар. Қәмекең жай ғана күйбеңшіл емес, ойсан мазасыз кісі еді. Жоқтан жау, болмастан дау тілегендей күйіп-пісетін шыдамсыздығы дұшпанға айбар, досқа демесін еді. Мазасыздығы өзіне жарасып тұратын. Қоңыр кескінді, мығым денелі оның сөз саптасы тасты жарып шыққан бұлақ бастауындай көмейінен лық-лық төгіліп жатар еді. Мап-майда жұмсақ үнінде қатқылдықтан да байсалдылық сарыны басым түсіп, даукесті ықтырып жіберер еді. Сондағы оның сөзсарыны: « Біз осы дербес елміз бе? Ел болсақ тілімізді неге түзмейміз? Дәстүр-салтымызды, дінімізді неге ұстанбаймыз. Баяғы бағынышты құлдық психологиядан арылатын уақыт жетті» – дегенге саятын.
Бұл теңсіздікті ол жалындаған жиырма жасында көтерген еді.. Ондай ұран біздің өңіміз тұрмақ түсімізге де кірмейтін. Мекепте құлағымызға сіңген: «Ленин ата – біз ұлан, одан туған бақ күнім, сенің нұрлы шұғылаң, бізге әперген шат ғұмыр» – деген тақпақты бертінге дейін ыңылдап айтып жүрдік. Елуінші жылдарда «Есеп» партиясы құрылғаны еміс-еміс құлағымызға жететін-ді. Расы керек, соған мән беріп жатпайтын едік.
Әдебиетке жақындығымнан болар, Бүркіт Ысқақов поэзиясындағы ұлттық сарын мені елең еткізген еді. «Елін сүйген ерлер» партиясына бүйрегім бұра бастаған-ды. Соның әсерімен жазған екі-үш өлеңімді әдебиеттегі ұстазым Асан Жұмаділдинге оқытқанда: . «Сенің халықшыл болған неңді алған!? – деп тіке бетіме ұрған еді.. Өлең жазғанды қойып кеткенім содан болатын. Прозаны қаузағанда саяси тақырыпқа жоламайтын едім. Кейінде ғой шетімізден «қайраткер» боп шыққанымыз. Соларың бүгінде жағымпаздықтың жалған ұраншысы боп шықты. Аузы айтқанымен, қолы қимылдамайды. Кәмелдің қолы мен аузы қатар жүретін еді. Деген қыршын жасында отаным деп отқа түскен елжанды азамат сексен төрт жасаған ғұмырында «қайран елім, қазағым» деуден еш жаңылмай кетті.
Ол – барынша ел жанды азамат еді. Батырға лайық беттілігіне, қайсарлығына баға жетпейтін-ді. Бір бет алған жағынан өлуі бар қайтпайтын. Қазақ халқының абызы Шортанбай жырау ғұмыр кешкен құтты өңірде дүниеге келген Кәмел, бейнелеп айтқанда данагөй жыраудың қоржынынан қалып кеткен асыл жәдігердей көзге ыстық көрінеді. Шортанбай жыраудың рухы демесіндеген Кәмел Жүністегі ғұмырының денін жыраудың асыл мұрасын туған халқына қайтаруға жұмсады. Елеусіз қалған жыр дастандарын тірілтті.. Тарих шаңдағында қалып бара жатқан әдеби мұрасын қағып-сілкіп қалың елімен қайта табысырғанын қай көзден жасырамыз. Шортанбай жырауға арнап қалыңдығы екі елі «Соңғы абыз» романын жазды. Романда соңғы абызға байланысты тың дерек молынан. Шортекеңнің кіндік қаны Арқа даласына тамған еді. Кейбір ел ішіндегі білгіштер «Шортанбай Арқада тумаған» деп дау шығарады. Бұл қате тұжырым. Жыраудың ата жұрты Түркстан болғанда, кіндік қаны тамған жері Арқа даласы. Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда мәңгі тынымдаған жырау рухы қазақ елімен бірге жасай бермекші. Шортанбай шығармашылығы тар аяға симайды. Зар заман өкілі боп табылатын жыраудың даналық ойлары бүгінгі ұрпақтың рухани кемелденуіне ықпал ете бермекші. «Қайтсек қазақ боп қаламыз»» деген сұраққа жауапты жырау толғауларынан табуға болады.
Жарықтық Кәмекең ұлы жырау үшін не көріп, не естімеді дейсің! Көп нәрсе ішінде кетті. Шортекең мұрасын заман сүзгісінен өткізіп қайта қалыптауға ақ тер, көк тер болып жүренде: «Шортанбай сарт, сен де сартсың» – дейтіндер өзінің ауылдастары еді. Бір жолғы отырста маған мұңын шағып: «Шортекеңе аудан атын алып беруге атсалысаңшы» – дегені бар. Бұл – келешектің ісі, Шортанбай жырау аудан атына сұранып тұр. Ерте ме, кеш пе, жүзеге асатын жағдай. Ауылдық аяда, тар шеберде қала берсек, ұлттық рухымыздың жайдақталып кететінін ойлайтын уақыт жетті. Әлеуметтік қиындықтарға байланысты күнкөріс күйбеңімен болып кеткен өтпелі кезеңде ұлтық идеологияның құралы болып табылатын әдебиет пен өнерді шетқақпайға ұшыратып Шортанбай сынды тұлғаларды ұмыт қалдырудың қисыны келмейді.
Кәмел Жүністегі әмбебап талант. Оның қаламы өнікті, таланты өрісті болды.
Қазақ даласының бір пұшпағы Шет өңірі атыс-шабысты көп көрген шерлі өлке. Кешегі ақ пен қызыл шарпысқан алағай-бұлағай кезеңнің шындығын ашып көрсеткен тағы біздің Кәмекең болатын. Отыз екінінің (1928-1933ж) аштығында Шет ауданының қырық мыңға жуық тұрғыны аштықтан қырлып кеткенін, түп қазықта бес-ақ мың қазақ қалғанын нақты құжаттар арқылы дәйектегені былай тұрыпты, қай жерде, қай шұңқырда қанша мүрде үйінді боп қалғанын кейінгі буынға жеткізген де осы мазасыз кісі болатын. Шолақ белсенділердің қай жерде қанша кісі атқанын дер кезінде қағазға түсірген де Кәмекең еді.
Өлке танушы зеректігін былай қойғанда, өнерге құсы түскіш Кәмекең күй өнеріне де жақын болды. Тәттімбет дәстүрын дамытушы шертпе күйшілер Әбди, Сембек, Итаяқ, Қыздарбек, Әбікен Хасенов, одан берідегі Бегімсал, Дәулетбек, Орал Исатаев бәрі-бәрін қарымды қаламымен жырдай толғады. Туған жездесі, дәулескер күйші Садуақасов Дәулетбектің күйшілік талантына дем берген де өзі еді. Кәмкеңнің ұлттық өнерге, оның ішінде күйшілерге ықыласы өзгеше болатын, соның айқын дәлелі-күй аспабына әуестігі еді. Құттыханасының бір қабырғасы домбыра үлгілерімен көз тартады. Домбыраға құмарлығы ұлтық өнерге деген махаббатының белгісі десе болады.
Тұрғылас достың бір қыры – оның жазушылығы болатын. Рас, ол әдебиетке кеш келді. Өлең өлкесін біраз ширлап барып прозаға кешеңдеп келгеніне қарамастан, өндіре еңбектенген ол сүбелі роман, повестер жазды. Соның нәтижесінде қаламынан «Құба белдер» трилогиясы туындады. Одан бергі кезеңде ондаған хиқаят, жүздеген әңгіме жазды..Бұның сыртында, саяси өткір тақырыпта жазылған серпінді мақалалары қаншама десеңші. Оны айтасың, не бір дарынды таланттардың тісі батпаған тақырыпты қаузаған да осы мазасыз кісі болатын. «Ер Едіге» романын қалың оқырман таласа-тармаса оқығанын көзіміз көрді.
Кәмел дос қанды көз қырандай қайтпас қараның нақ өзі еді-ау, шіркін! Деген қылшылдаған уытты кезінде Отаны үшін отқа түскені, түрме теперішін көргені мінез қалыбынан байқалатын. Жайшылықта сабырлы ол басынан сөз асырмайтын тарпаң болатын. Осы ғадетін өзіне емеуріндегенімде, жұмсақ жымиыспен арқамнан қаққаны бар. «Қиянаттың қыл бұрауына түссең, көрер едім әуселеңді» – дейтін еді. Қатарластары оның шалт мінезінен ықтап кететін-ді. Ет жүректі пенде бірінші кезекте өзінің шыққан тегін білуге тиісті. Қожа әулетінен екенін тым дабыралауға жоқ ол «қазақпын, қазақ ішінде қожамын» – деп жұмсақ жымиятын-ды. Кешегі кеңестік кезеңнің қоржынынан шыққан біздің буын мұсмылмандықты әуестікпен қабылдады. Меккеге сапарлап қайтқан Кәмел қажы «әркімнің өз тағаты өзіне, дін даңғазаны көтермейді» – деп жұмсартып отыратын-ды.
Қомақты іс тындырмаса жүре алмайтын бейнетқорлығында қапы жоқ еді Соның бір айғағы, дәлел-дәйегі орнықты «Қожалар шежіресін» жазып шыққаны болатын.
Қайда да жеңіл қарпуға жоқ ол ауырға арқасын тосудан еш тайқымады. Мазасыздығы сол – үнемі жоқ ізеп жүретін еді. Қарақан басының қамынан бұрын ұлтымыздың болашағы үшін тер төкті. Кіндік қаны тамған Шет өңіріне деген перзенттік махббатынан айнымай кетті. Туған даласы ата қонысын жалықпай жырлап өткен ұлт жанды тұлға Кәмел Жүністегі келшекте Ақсу-Айулыда тас мүсінге айналып ел жүрегінде мәңгі қалады деген сенімдеміз. Тындырған ісі, жазған еңбектері ұрпақ санасынан өшпекші емес.
Өмір КӘРІПҰЛЫ
Шет ауданы.
АБЫЗ
Жаныңа жақын, әкемдей қамқор, ағамдай ақылшы болған адам туралы естелік жазу қандай ауыр?! Айлар аунап, жыл өтсе де, Сіздің жоқтығыңызға сене алар емеспін, Кәмел аға!
Өз әкемнің қазасын балалықпен сезінбеген шығармын. Сіз кеткенде, жаным жабырқап, жүрегім езілді. «Балам» деп, базынасын айтатын, «Бауырым» деп, қамқорлығын сезіндіретін ағеділ Ағаның жоқтығы қандай ауыр?! Сіз өлген жоқсыз! Кеудемнен күмбез тұрғызып, жүрегіме жерлеп алғанмын.
Сіз Арқаның абызы едіңіз!
Сіз ұлт руханиятының жоқшысы едіңіз!
Сіз ақиқаттың қорғаны, маржан ойдың орманы едіңіз!
Сіз қазаққа бердіңіз, алған жоқсыз!
Сіз – 58-ші статьямен айыпталып, ХХІ ғасырға аман жеткен жалғыз қазақсыз!
Сіз – осы бір ауыр статьяның тауқыметін асқан қажырмен жеңген жігерлі жансыз!
Сіз – көне дәуірден көшелі ой жеткізіп, дала жәдігерлеріне тіл бітірген Әулиесіз!
Сіз құндылықтың жоқшысы, арғымақтың топшысы едіңіз!
Сіз кеше бар едіңіз, бүгін жоқсыз!
Дауасыз дертке шалдығып жатқаныңызды естіп, көңіл сұрай барғанымда да дүниенің сөзін емес, Алаштың арманын толғадыңыз. Сонша әлсіз күйде жатып, ұзақ әңгіме тиегін ағытқанбыз. Сіз:
– Анау Едіге, – дедіңіз әлсін-әлсін демігіп. Мен тыңдаудан жалықпадым.
– Шіркін, өмір берсе, сол Едігенің кесенесін қалпына келтіремін деп едім. Ұлытаудағы Едіге шыңында ер Едігенің кесенесі болған. Пирамида тектес сол кесене кешегі Кеңес дәуіріндегі солақай саясат салдарынан бұзылған. Мәйітке қол тиді. Мен соны Ұлытау облысының әкімі, ұлт руханиятының жанашыры Берік Әбдіғалиұлына аманат еттім. Мына кітабымды жеткізіп берерсің. Сонда жаздым барлығын. Менің арман-аманатымды бір орындаса, сол азамат орындар, – деп едіңіз.
Мен сол сәтте бұл жалғыз Берік Әбдіғалиұлына ғана емес, маған да жүктелген қастерлі парыз екенін түсінгенмін. Сол жолы бұрынғы әдетіңізбен батаңызды беріп шығарып салдыңыз. Қоштасарда:
– Шоқаннан қол үзбе, қатысып тұр. Бауыр болыңдар! – дедіңіз. Бұл сөзіңізде де ауыр салмақ жатқанын мен сол сәтте сезбеген екенмін.
Бұл кезде қалың қазақ Сіздің дертіңізге дауа сұрап, тілеуіңізді тілеп жатқан. Қаламдас ініңіз Ерсін досым әлеуметтік желіде жарияға жар салып, Сіздің дертке дауа болар алмас іздеп жатыр еді. Алмас Семейден табылған. Бірақ, бұл кезде Сіз табытта жаттыңыз көсіліп… Бәрі кеш еді. Біз кешігіп жүреміз ғой. Ажал жарықтық кешікпеді. Арқа жұрты ақырған ақпанда аһ ұрып, асылын жоқтап, төріңіздегі өзіңіз жинаған домбыралар өз-өзінен күңіреніп күй толқытқан. Аудан орталығындағы Шортанбай бабаңыздың тас мүсінінің қабағына қатқан мұз да еріп, жансыз бейненің жанарынан жас сорғалапты сол күні.
Жапанда жалғыз қалғандай күй кештім. Жаназада сапқа тұрған қалың қауымның ортасында тұрсам да, өзімді жалғыз сезініп, жаным жабырқады. Қайтейін?! Жөн сұрап барсам, жол сілтейтін Әке өзіңіз едіңіз. Еркелетіп «Бекім» дейтін аға-бауырым Сейіл еді… Араларыңызға он күн салып, екеуіңіз де фәниден бақиға оздыңыздар. Қасиетті қара домбыраңыз бен Сейілдің гитарасының ішегі үзілді. Сейіл кеткенде сұлу әннің ең ғажап қайырмасы орындалмай қалғандай күй кешкенбіз. Сіз кеткенде кеше мен бүгіннің арасын жалғап тұрған алтын жіп үзілді ғой, Аға!
…Ақсу-Аюлыға жол түспегелі біраз болды. Сол ауылдың аумағында Сіз тапқан, Сіз көрсеткен ескі қорым бар еді ғой. Бұл қорымға жазықсыз оққа ұшқан боздақтар жаппай көмілгенін Сіз дәлелдеп едіңіз. Сол жерден бұрын күңіренген азалы үн естіліп тұрады деуші еді. Сіз кеткелі бұл үн сап тыйылыпты. Орталарына Сіз барған соң, тынышталған болар…
Ал, біз Сізді сағынып, Сізді іздеп жүрміз…
Бекзат Алтынбеков
АЗАТТЫҚ ҮШІН АЛЫСҚАН
2013 жылы Қарағанды облыстық тарихи өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Алаш ұранды арыстар идеясы – Тәуелсіздік» атты тарихи-танымдық кездесу кеші болып өтті.
Кездесуге 1960-1962 жылдары құрылған «ЕСЕП партиясы – елін сүйген ерлер партиясының» көшбасында жүрген, 16 кітаптың авторы, Шет ауданынан келген белгілі жазушы Кәмел Жүністегі қатысты. Кәмел ағамыз басқа ұлттың бодандығында болған халқының бас бостандығын аңсап, тілі мен дінінің жоғалып кетпеуін, елі мен жерінің жаттың қолында қалмауын тілеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей сол жолда күрескен адам. «Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей соңына түскен КГБ адамдары «ЕСЕП» партиясының белді мүшесі Кәмел ағамызды құрықтап, соттап жібереді. Жастық жалынды щағының төрт жылын Сібірдегі түрмеде өтеп қайтқан. Ағамыз кеудедегі намыспен ғана емес, қаламын да қару етіп күрескен қаламгер. Қолына қалам алып, халқының азаттығы үшін күрескен Шортанбай, Дулат сияқты жыраулардың айтып кеткен өткір жырларын ақсақалдардың аузынан жазып алып, бүгінгі күнге жеткізген.
Кәмел аға сөзінде: – Кешегі Кеңес заманында ұлттық намысымыз үшін аянбай күрестік. Қазақтың саны азайып кетті. Үлкендер «Бізді кәпірлер билеп алды, өлгенде бұлар бізге жаназа да шығартпайды» деп жылап отыратын еді. Соны көргенде жүрегіміз ауыратын. Досым Зейнолла Игілікұлы екеуміз «ЕСЕП» партиясының мүшесі болдық. «Жас қазақ», «Жас Алаш» деген атпен үнпарақтарды қаладағы оқу орындарына тараттық. Жазу машинкамызды Аюлы тауындағы үңгірге жасырып қоямыз. Соңымызға түскен КГБ-ның тыңшылары ақыры бізді ұстап алды. «Отанға опасыздық жасау» яғни 58-ші баппен сотталып кеттім. Лагерьде төрт жыл бойы жендеттерден зорлық-зомбылық көріп, шыбын жан үшін арпалысқан жылдарым өтті.
Заманында атын атауға болмайтын Шортанбай жырау туралы жазған «Соңғы абыз» кітабым дер кезінде шықты. Баяғы «ЕСЕП» партиясының белсендісі болғаннан кейін бе, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде де «Сен соның бастаушысы, демеушісі соның идеологысың» деген айып тақты, – деп ел, жер тарихы туралы тереңнен қозғады.
Кәмел Жүністегінің әңгімесін Зейнолла Игілікұлының жары Рымкеш Нұрғалиқызы сабақтаған еді. Рымкеш апайдың айтқан естелігін қаз-қалпында бергенді жөн көрдім.(авт.)
– Манадан Кәмел ағаларың айтып жатыр ғой, ұйымымызда бес адам болды, соның 4 – еуі ер адам, біреуі мен едім. Содан қалған Кәмел аға және мен. Саят, Құрал, үшіншісі менің жолдасым Зейнолла өмірден өтті. Менің міндетім-ол кісілердің үнпарақтарын, «Есеп» партиясының жоспарларын машинкаға басып беру болатын. Шет ауданының орталығы Ақсу- Аюлының күнгей жақ беткейінде кәдімгі үңгір бар, біз машинкамызды сонда тығып қоятынбыз. Жаз айында бүкіл ауылдың қыз-жігіттері серуен құрған болып, тауға барамыз. Жеке барсақ көзге түсіп қаламыз деп сақтанғанымыз ғой. Кәмекең айналаны бақылап тұрады. Зейнолла марқұм екеуміз шеттеп кетіп, әлгі үңгірге түсіп, жазу машинкасына қағазымызды басып алып, түк болмағандай әндетіп қайтатынбыз. Ол кезде жаспыз, ұсталып қаламыз деп ойламаймыз. Күндердің күнінде (соңына аңдушы түскен соң) қоймайды екен, КГБ – ның агенттері ізге түсіп, 5 желтоқсан күні Зейнолла марқұмды қалаға шақырды. Азаматым аудандық әскери іс бөлімінде штаттан тыс қызмет ететін, яғни әскери дайындық сабағынан берген соң бүкіл ауданның әскерге баратын балалардың құжатын дайындап, мед комиссияның бақылауынан өткізіп, апарып, алып қайту жұмысымен жүретін. Сондай іссапарға барасың деген желеумен Зейнолла марқұмды қалаға жіберді. Екі күн өткен соң «ұсталыпты» деген суық хабар жетті. Желтоқсанның 10-ы күнінен бастап қазіргі Қарағандының, бұрын сбербанк дейді ғой, соның астында КГБ -ның мекемесі болған, соның жертөлесіне қамаған. 14 күні 4-5 адам, ауылдың бір белсенді азаматтары күндізгі 11-ден сағат 4-ке (16.00) дейін үйін тінткен. Ауылдың шағын үйі ғой, соншалықты тінткенін айтамын-ау. Тінткенде ақыры «Жолдастарға ашық хат» деген үнпарақты тауып алады. Анасы болушы еді, қалған қағаздарды әлгі адамдар сау етіп келіп қалғанда, марқұмның бөлмесіне кіріп, үстелдің үстінде тұрған қағаздарын кимешегінің астына тығып, пешке салып жіберген екен. Біреуі байқап қалып, әлгі лаулап жанып жатқан оттан жанған қағаздың күйіндісін шімшеуірмен тартып алған.
Студенттерге арналған 14 парақ болатын үнпарағымызды біз Ақсу -Аюлы орталығынан салуға сақтанып, ұсталып қалмайық деп Ақшатау поселкесіне баратынбыз. Онда кішкентай кукрузник самолет ұшады, сол жерде конвертке салынған үнпарақтарымызды барлық оқу орындарына жібереміз. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа, ЖенПИ-ге, Ауылшаруашылық институтына, Орал, Қарағанды қалаларындағы оқу орындарына жібердік. Осы қағаздың бірін қолдарына түсірген соң біздің соңымызға түскен. Біраз жұмыстар атқарылды. Жолдасым үш жылға айдалып кетті, 3 жыл жазасын өтеп келген соң өмірі қиын болды. Жұмыс орнын сегіз рет ауыстырды, кез келген уақытта «Сіздер жұмыстан босадыңдар» деп бұйрықты қолға ұстататын. Неге деп сұрамайтын едік. Қандай жұмыс болсын таңдамай істей бердік. Кішкентай сәбилі болғанда да қиналдық. Жарым 50 жаста көз жұмды. Қазір 3 балам бар. Әрине, осы күнге жеткеніме тәуба деймін.
Ата-бабамыздың армандап кеткен егеменді ел болу үшін алдыңғы толқын ағалар жас ғұмырын арнады, шалғайда айдауда жүрді. Біз бүгін осындай күрескер ағалардың рухына тағзым етеміз.
Жұлдыз ТОЙБЕК

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button