Болыс болған Шомат қожа
Айқожа ишанның 250 жылдығы қарсаңында өткен ғылми конференцияда Дахан Шөкширұлы Жәмшінің «Қожа ұрпақтарының Солтүстік өңірге мекендеуі» атты баяндамасы.
Сен неге қарамайсың, жаман болыс,
Кеше де болған жоқ па ед ағаң болыс?
Үлкенге сәлем-тағзым қылмап па еді,
Шомат пен кешегі өткен Шопан болыс.
Астыңа сүннет атын мінгізермін,
Көкшеде басын қосса тамам болыс. (Нұртазаға)
Иә, Ақан серінің осы Нұртазаға деген өлеңінде аты атылған Шомат болыс қожа тұқымынан.Шомат әрі қожа, әрі қажы екен. Қожа, қажы атына сай әділ, елге жайлы болған деседі, кей деректерде. Шомат біраз жыл болыс болып, болыстықтан кеткісі келсе керек. Сондай оймен жүргенде біреулер ренжітсе керек. Сонда, Шомат қарауылдар өздерің сайладыңдар,өздерің болыстықтан алмасаңдар, өзім кетем депті. Ел ағалары жиылып келіп, райыңнан қайт, тағы бір мәрте болсы бол. Біз оған дейін болыс болатын кісімізді дайындап алайық деп, райынан қайтарған дейді. Ел ауызындағы әңгімеде. Не деседе осал адам болмаған деп, білген жөн. Шомат Әжі қожаның ұрпағы дейді.Оны төмендегі күйеу баласы Ақан серінің өлеңінен білетін боласыздар.
Ақан серінің үйленуі
Әкесі Қорамса Ақан серіге Ноғай Қарауыл ішіндегі Бадырақтың Бекбасының Бәтима есімді қызын атастырады. Бәтиманың үлбіреген уыз пішіні, тал бойына жарасқан ақыл-парасаты, әнді сүйген нәзік сезімі, бал қылығы Ақан серіні үйіріп алады. Ақан сері Ақсу мен Қоскөлдің арасын жол қылып, күн демей, түн демей жосылып, ай қалқыған мақпал түнде бозторғай сілкінген боз таңға дейін Бәтимамен сырласады. Бірте-бірте Біржан сал секілді Ақан сері де бұл өңірді әнмен тербейді. Қайыншылап жүріп, Терелер ауылында, Сұлушоқыда Қоңыр атты тоқ бәйгеге қосады. Қоңыр ат ешбір атты маңына да ілестірмейді. Бұл Ақан серінің Құлагердің алдында мінген сәйгүлігі. Бірақ, сәйгүлікке қызыққан Жүсіп төренің ішінде сөнбейтін қызғаныш оты тұтанады. Қысқасы осы қоңыр ат Жүсіп төренің кермесінде мерт болады…
Сол кездерде қыс түсе сүзек індеті жұртты қынадай қырып өтеді екен. Желегі желкілдеп, алдағы мамыр айында ұзатылайын деп отырған Бәтима кенет осы дерттен дүние салады. Үміті үзілген ақын мұң шерге батады.
«Уақыт – емші» екі жыл өткен соң Ақан сері Шомат қажының Бәтимасына/ Фатима дегенде жазбалар кезігеді/ көз салады. Қорамса Ұлыкөлді жайлап отырған Біржан салға:
– Шырағым Біржан, Ақаныңның жүзіне шырай кірді. Бір келіп кетсең, Ақаның жүзіңді көріп, лебізіңді естіп, одан сайын көтеріліп қалар еді, – деп сәлем жолдайды.
Біржан сал Керей еліне белгілі Данияр ұстаға Ақанға лайықтап жасатқан, ақ күміс жапқан қырғыз ерін ала келеді. Онысы Қоңыр атқа жараса кетеді. Бірнеше күн ән салып, осылай Ақанның құлазыған көңілін көтеріп, қайта сергітеді. Біржан сал ауылына қайтатын күні Ақан серіге тобылғы сабы алтынмен бунақталған сегіз өрім қамшысын береді. Ат төресі Ақсеркешінің кекілінде желкілдеген үкіні Қоңыр аттың кекіліне тағады. Қыран құс қондыратын қызыл аршадан жасаған балдағын да беріп кетеді.
Қабағы ашылып, көңілі көтерілген Ақан сері:
«Салқоңыр, тізгінің бос, жолың ашық,
Баратын жерім шалғай, жерім қашық.
Үстінен Айыртаудың қарайын бір,
Көзіме көріне ме сүйген ғашық?»
– деп атқа қайта қонады.
«Басыңда кәмшат бөркің жарқырағын,
Иығыңда алтын шолпың жалтырағын.
Сыпатың жұмақтағы хор қызындай,
Үніңнен айналайын қалтыраған» – деп Бәтимаға ән арнайды.
Қорамса Бәтиманы айттырып құда түседі. Шомат қош алады. Бірақ, мерзімді уақтта қызын ұзататын айтады. Кесімді уақыт болғанда Қорамса бастаған құдалар келеді. Осы кезде Шомат қожа күйеу баласын сынамаққа ақынсың ғой: -«Балам әу деп, жібер» депті.
Сонда Ақанның айтқаны:
-Атаңыз Əжі қожа келген кенттен
Үш жүздің баласы қолы жеткен.
Азырақ дəрежеңді көтерейін,
Нəсілің келе жатқан Қожа Ахметтен.
Қыз алған бізден бұрын Шəмші төре,
Əзілхан күйеу болып ол да өткен.
Бірі бай, бірі купец граждандар
Не керек байдың малы, арам тектен.
Олардай бай граждан болмасақ та,
Келеміз біз де қалмай қалың топтан.
Біз-дағы қазақ осал емес,
Сіздердей асыл текке қолы жеткен, – дегенде, болды балам. Жарайсың деп, қойғызыпты.
Осылай Шомат қажының Бәтимасына үйленеді. Бәтима Ақан серінің қараңғы көңіліне сәуле шашып, мұңды жүзіне шырай береді. Қоңыр атпен Ақан сері айдарынан жел есіп бір бекзатқа айналады.
Тұлпарын жиі-жиі таңасырып, қу құрсақ етіп ашықтырады. Ат моншасына бұлаулап, қамау терін алдырып, артық етінен арылтады.
Әбден бабына келген Қоңыр атты Көкшетаудағы Балуан Шолақтың: «Кешегі сентябрьдің базарында, сындырдым Карон палуан қабырғасын» деп айтатын Сентябрь жәрмеңкесінде бәйгеге қосады. Қоңыр ат бәйгеден жеке келеді.
Келесі жылы жазда Көкше жерінде Шұғыл Бәйгес деген әкесіне ас беріп, екі жүз аттың ішінен бәйгеде Қоңыр ат алдына қара салмайды. Бәйгесіне он жылқы, кілем жапқан ақбас атан, елу қой алады.
Көп ұзамай, Бәтимасы босанып, Ақан сері жиырма үш жасында перзентті болады
Аққошқар – Сайдалы асынан мол олжамен оралған Ақан серінің отбасында тағы бір перзент дүниеге келеді. Үміті мен Дәмелісінен кейін Бәтима ұл туады. Нәрестенің атын Ибраһим қояды. Оны кейін бәрі еркелетіп, «Ыбан» деп атап кетеді.Өкініштісі Ыбан тілсіз, мылқау болды.
Көп кешікпей Бәтима дүниеден өтеді. Ақан сері тағы да қайғы-мұңға батады.
Ақан сері жайлы қысқаша..
Қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын Ақан сері Қорамсаұлы –. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында 1843 жылы туып, сол ата мекенінде 1913 жылы Бұлақ басы, Құлагер құдығы деген жерде дүние салған.
Ақанның Арғын ішіндегі Қарауылдағы арғы аталарының бесінші тармағындағы Құдайқұл ақын, әнші болса керек. Өз әкесі Қорамса елге белгілі бай әрі ұтымды саудагер, адамшылығы жағынан да қадірменді мінезімен жақсы атанған кісі болыпты.
Ақанның шын аты “Ақжігіт”, кейін ата-ананың еркелеткен атымен елге әйгілі Ақан атанады. Айша деген апасы, Мұхамбет, Рамазан, Айберген атты інілері болған. Ақан 13 жасқа дейін үй тәрбиесінде болып, ауыл молласынан сабақ алыпты. Одан кейін Уәли Ахун деген кісінің Қызылжардағы медресесінде үш жыл оқып білімін арттырыпты.
16-17 жасында әнші, ақын, домбырашы аты шығып, кешегі шәкірт жігіт серілікке бой тастайды. Ақанның өнерін таныған Қорамса ақсақал қолынан келген ақылын айтып, қаражатын аямай: “Сері болсаң мырза бол, бәйге, жүлде секілді табыстарыңды алған жерде таратып, таза бол”, – деп әкелік ақылына көндірген.
Ақан әні кең даланы күңірентіп, Сексен көлді толқытып, Есіл-Көкше аймағына кең тарай бастағанда Қоңыр аттан айрылған Ақан Құлагерді кездестіріп, мал да болса, адамдай достасып кетеді. Құлагерді Көбей-Қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан, аузымен құс тістеген жүйрік болады. Құлагердің туған жері Қамысақты өзенінің кең даласындағы “Қамал шоғы” деген ат жалындай ақ қайыңдар түбі дейді.
Алғаш атастырғаны Бәтима сұлу тойға жақындағанда өліп кетті. Алып қашып үйленген жары Тінәлі қажының қызы Ұрқия үш айдан кейін шешек шығып дүниеден озды. Өзі ұнатқан Шомат қожаның қызы Бәтима (Фатима) он жыл отасқанда екі қыз, бір ұл көрді. Фатима да ерте кетті, үлкен қызы да солай көп тұрмады, жалғыз ұлы Ибраһим (Ыбан) мылқау болып туды. Ақтоқтымен болған хикаясында бір дастандық дүние бар. Ақан ғашықтарының бәріне өлең шығарып, тамаша әндер арнап кетті. Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айырықша ықпал еткен.
Ақан сері жайлы жазғандар, зерттегендер көп. С.Жүнісов екі томдық «Ақан сері» роман жазды. Бірақ,Кәкімбек Салықовтың айтуынша Ақанның ең ірі, тұңғыш зерттеушісі Мағжан Жұмабаев дейді. Осы жазбағада М.Жұмабаев тың жазбалары пайдаланылды.
Түйін: Жоғарыда жазба Ақан серіні дәріптеу емес.ақан онсызда дүйім қазаққа танылған. Солтүстік өңірдеде қожа ұрпақтары өмір сүріп, абыройға ие болғанын паш ету. Осы Шомат қожаның ұрпақтарын іздестірдік өкініштісі таппадық. Ал,Ақан серінің мылқау баласы Ыбаннан екі қыз болған дейді. Бірақ олардың кейінгі ұрпақтары белгісіз. Сұрастырдық, бірақ нақтап іздегенде ешкім болмады. Сарыарқаны дүбірлетіп, әнге бөлек ғашық жырын жырлаған Ақан серіде қожаның күйеу баласы. Әрі сері болсада, қайын жұртына жайлы, жағымды болған дейді, жергілікті жұрт.