Кіші апам оң қолынан өнері төгілген ісмер еді. Кейінгі кезге дейін ауылдастары, түлкінің пұшпағынан плюшпен тыстаған тақия, алтайы қызыл түлкінің терісінен ішіне таза басылған киізден астар салып, сыртын жеңілдік үшін сәтеннен, не саржа, атласпен тыстатып түлкі тымақ, пүлішпен не ши барқытпен тыстатып, жеңілтек үй арасында киетін шапан тіктіретін. Сонымен қатар, біздің алдымызда өмір сүрген буынның ішкиімдердің де қазіргі киетін, костюм-шалбар мен көйлек-дамбалдардан ерекшеліктері болатын. Жоғарыда көрсетілген киімдерді сол заманда өмір сүрген адамдардың киюіне не себеп, дүкендерде дайын қазіргі заман үлгісінде тігілген киім сатуда тұрғанымен деген сұрақ кейінгі ұрпақтың санасына келуі мүмкін. Оған сол уақытта өмір сүрген адамдардың тұрмыс жағдайының ерекшеліктері мәжбүрледі. Ашып айтсақ, қазіргідей негізгі көлік автомашина емес, ат. Онда да, салт ат. Атпен жүрген жолаушы бір жағынан жылы жүреді, екінші жағынан қыстың қыраулы кездерінде суықтан зардап шегеді. Жылы жүреді деуге себеп, салт атты жолаушының жол бойы дене мүшесінің бәрі қозғалыста болғандықтан дене қозғалыс арқылы жылу шығарып, өзін өзі жылытады. Бірақ қыста арқаның қырық градусқа дейін төмендейтін суығы мен ертелі-кеш бір толастамайтын өкпек желінен адам тәнін қорғауға қозғалыстан пайда болған жылу өте қауқарсыз. Осыдан ат үстіндегі кісіні қақаған аяз бен бет қаратпай соққан желден қорғайтын жылы да ыңғайлы киім ауадай қажет. Міне, мұндай киім негізінен: киіз байпақ саптама етік, арасына жүн тартып етек-жеңін ұзын, шалғайын өте кең ғып тіккен шапан, артына құйрық салып, астарын қойдың қылшығынан шаң тозаңнан тазарған түбіт жінін жақсы басылған киізбен астарланған түлкі тымақ. Саптама етікке киіз байпақ жылылық үшін керектігі екінің-біріне түсінікті болса, етіктің қонышының тізеден жырта-қарыс жоғары және төмен қарай имектеу болуын, ал байпақтың қонышының етіктің қонышынан да бір сүйем ұзын болуын қыста атқа мініп, алыс сапарға жол жүрмегендер түсінбеуі мүмкін. Салт атпен жол жүрген жолаушының кей жағдайда жел артынан болмаса, атүстіндегі адамның қарсы алдынан жел соғып тұрады. Бұл аттың жылдамдығына қарай қатты да, баяу да болады. Дегенмен қыста қарсы соққан баяу да, қатты да болсын жел өте ызғарлы. Киген шалбар қанша қалың болса да, біраздан кейін одан пана шамалы. Міне, тізені суықтан қорғау үшін саптама етіктің қонышын тізеден жоғары қылып, байпақтың қонышын одан да ұзын қылу арқылы тізені суықтан қорғайды. Саптама етік жаяу жүріске ыңғайсыз болғанымен ат үстінде суыққа, әсіресе тізе мен қара санды суыққа шалдықтырмайтын бірден-бір киім. Атпен жүрген адамға ұзап жаяу жүрудің керегі де шамалы, өйткені, жүргінші аттан баратын жерінің дәл қасына, екі-үш адым жерге дейін жетіп түседі. Сондықтан, жаяу жүру оған аса қолайсыздық туғызбайды. Шапанға неге жүн тартылған. Бұл бірден жылылық үшін, екіншіден жүн мақтаға қарағанда уақыт өте келе мақта сияқты буылтық-буылтық болып, шапанның әржеріне жиналып жылылығын жоғалтпайды, табиғи жүн шаң мен кірді де аз ұстайды, қағып, сіліккен кезде жүнге жұққан бірлі-жарым кір-қоқыс түсіп қалады, яғни тазалық жағынан артықшылығы бар. Шапанның етегі мен жеңінің ұзын болып, өңірінің етек жағы кең болуы да, салт жүргіншіге ыңғайлы болуы үшін қажет. Өңірінің жоғарғы жағына бір ғана түйме тағады да төменгі жағы желбегей болады, Оның да өзіндік пайдалану кезінде артықшылығы бар. Шапанның ұзын етегін атта отырған адам астына салып, кең етегінің шалғайы мен тізені орай тақымына басып алады, міне, осы арқылы киімнің төменгі жағын толық қымтап денені, ұзын жең арқылы қолының басы мен білегін суықтан қорғайды. Киімнің қысқа жеңі, қолдың басы мен білекті суықтан қорғай алмайды. Себебі, ат жүрген сайын дене қозғалып, қолдың басы мен білек ашылады да суыққа шалдығады. Ал қалың қолғап, қолдың басқа атқаратын жұмысына кедергі келтіретінін айтпағанның өзінде аттың тізгіні мен шылбырын дұрыс ұстауды қиындатады. Шапанда жаға болмайды. Сыртқы киімнің жағасы бас киімнің төменгі жиегіне тиіп, бас киімді жылжытып, желке ашық қалып, суық тиеді. Желкемен қарақұсты түлкі тымақтың артына салынған жауырын ортаға дейін жабатын, құйрық суықтан қорғайды. Шапанды сегіз көздің (белдің) тұсынан кездеме белбеумен екі үш орап буынады. Белбеу, ертеден кешке дейін ат үстіндегі адамның беліне сүйеу, әрі жылылық сақтаса, киімнің жоғары көтерілмеуіне себеп. Шапанның кең шалғайы атқа мінгенде аяқты үзеңгіге салуға кедергі келтірмейді.
Мал жайылымының жағдайымен, бір жерде 3-4 күн ғана еру болып көшіп жүргенде, дәретхана сала беру, не оны келесі қонған жеріне апарып пайдалану мүмкін емес. Міне, көшпелі өмір салтында халықтың, дәретті ашық жерде ұсатуы жағдайдан туындаған қажеттілік. Мұсылман кіші дәретті ешқашан түрегеп тұрып ұсатпайды. Себеп, түрегеп тұрып далада не дәретханада дәрет ұсатқанда, дәрет аяқ киімі мен шалбардың балағына шашырайды және тәннен толық сыртқа шықпай, кейін киімге ағады. Дәретке отыратын жердің қатты тастақ не тақыр болмауын қадағалап, бос топырақ не құмдауыт жерге дәрет сындырсаң, кіші дәрет жан-жағына шашырап киіміңді былғамайды. Кіші дәреттің, киіміңе, денеңе тиюі – қабыр азабына себеп. Қысқа киіммен ашық далада әуретті сырт көзден жауып, жүреңнен отырып дәрет ұсату мүмкін емес. Осының орнын шалғайы кең шапан толтырады. Шапан жамылып, тысқа шыққан, таза жұмсақ жерге жүресінен отырып шапанның етегінің арт жағын дәретің тимейтіндей жерге жайып, алдын құбыладан басқа елсіз, жүргіншілер жоқ жаққа қаратып, жүресінен отырып қажеттілігін өтейді. Жерге төселген етек, алдымен әуретті сырт көзден тасаласа, суық пен дәретті шашырататын желден де қорған. Жұмсақ-құмды жерге жүрелеп отырып, кіші дәретті ұсатқанда, шалбардың балағы мен аяқ киімге дәрет шашырап киімді ластамайды. Тақуалар, «Орыстың тұрып сигені – тазалығы» деумен кіші дәретті түрегеп тұрып ұсатқанның киімінің балағы былғанатынын, тазалыққа мән бермейтіндігін меңзеген. Айтылған астарлы сөздің мағынасын дұрыс түсінбегендер, оны айтылуы бойынша түсінеді. Міне, бүгін де қолданыстан қалып бара жатқан қазақи киімдердің көлік ретінде жылқы пайдаланған заманда жан сақтап, қыста суықтан, жазда аңызақ ыстықтан қорғайтын пайдалы болғанын осы заманда біреу білсе де, біреу білмей қазақтың ұлттық киімінің заманында пайдасы мен қолайлылығының байыбына бармай, күстанаушлар да кездесіп жатады.
Кіші апам көркем мінезіне қоса, он саусағынан өнері төгілген ісмер кісі еді. Қашан көз жұмғанша қолынан ине-жібі түспей, іс тігіп отыратын. Әсіресе, жоғарыда сөз болған қазақтың ғасырлардың сынынан сүрінбей өтіп, ұзақ жолда, қысы-жазы салт атпен жүретін қазақ халқының ұрпақтарын қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғаған киім үлгілері жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейін ауыл тұрғындарының арасында сұраныста болды. Алайда, жыл он екі ай бойы мал соңында атпен салт жүретін халықтың өмір сүру салтына қандай киімнің үлгісінің жан-жақты толық жауап беретінін, ол киімдердің қандай артықшылығы мен пайдалы жақтары барын, бүкіл болмыс пен тіршілік орыстың өмір сүру салт дәстүріне бағындырылып, сол бағытта ғана жұмыс атқарған жеңіл өнеркәсіптің мамандарының түсінбеушілігіне, түсінуге деген талпынысқа ұмтылмауына әкелді. Киім тігетін жеңіл өнеркәсіп орындарының бірлі-жарымдары ұлттық үлгідегі киім тігуге талпынғанымен өкінішке орай олардың киім үлгілерін қалыптастыратын мамандары қазақтың ұлттық киімі оны пайдаланушының қандай қажеттіліктерін қанағаттандыруы керектігін дұрыс түсініп пайымдамайды. Бұл жауапсыздық еліміз тәуелсіз ел болғанына қарамастан әлі күнге түзетіліп, ел қамындағы азаматтардың санасына сіңбей келеді. Соның кесірінен қазақтың ұлттық киімдері деген атпен тігіліп сауда орындары арқылы ұсынылған дүниенің барлығы, оны пайдалануға тиіс адамдардың не тұрмыстық, не ұлттық ерекше талабын қанағаттандырмағандықтан, не киіп пайдалануға, не ата-бабадан мұра болып есептелетін мәдени жәдігер ретінде сақтап қадірлеуге жарамайтындықтан, бүгінгі таңда той өткізіп, өлік жөнелткендер үшін, жақын-жуығын, таныс- сыйласына еледі ретінде тарататын, одағай айтсақ «итке тастаған сүйектей ғана» құны бар қолдан-қолға, бұттан-бұтқа өтетін, бүгін біреу саған сыйласа, ертең сен екінші бір «екінші қатардағы» танысыңа құр қол бармас үшін апаратын кезекті керексіз сыйлығың ретінде пайдаланылады. Көпшілігіміз мақтанға, бос дабыраға көп мән беруге жақын болғандықтан торқалы тойда не қаралы қайғысында «пәленше пәлен шапан таратыпты» ғана үшін текке қажетсіз, шапанды базардан қыруар қаржы жұмсап алып, елге үлестіреміз.
Кейінгі кезде беті-қолыңды сүртіп пайдалануға да жарамайтын қол орамал тарату да салтқа кірді. Міне, күнделікті тұрмыста пайдаланылмайтын, текке керексіз мүлікке ақша жұмсап, шығындалатынымыз түсініксіз! Әрине, осы күні торқалы той мен қаралы өлікке жақын-жуық, тамыр-таныстар құр қол бармай, тиын-тебенін береді. Аталарымыз «Құдай біреу, кезек екеу» демеді ме? Егер сен бүгін той, не өлік жөнелтсең, сенің басыңа келген жағдай, жақын-жуық, дос-жарандарыңның да басына келеді. Міне, сенде қуаныш пен қайғыны олармен бірге көтерісіп, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші шама-шарқыңа қарай көмектесесің. Әйтпесе жақсылықтың өтелуі бір Жаратушы жалғыздан екенін еске сақтап, артынаң қайырын тілесек болар еді ғой. Жол алдым ды айту үшін ғана алған шапанға қарағанда. Ел қатарлы қолымызға шапан тимесе, өкпеміз қара қазандай болмай-ақ. «Түглен адамға жол берді» деген атақ үшін ғана не киіп, не әдемілік үшін рухани сұранысты қанағаттандырмайтын нәрсеге пұл жұмсап, ысырапқа жол беріп, күнә табатынымызды ойламай елдің салты осылай деп сылтау қыламыз. Өзінің сатып алушыларының алдында ешбір жауапкершілікті сезінбейтін, жауапкерлік жөнінде ойланып та көрмеген кәсіпкерлердің жағдайын жақсартқанға мәз болып жүрміз. Міне, сол кездегі күнделікті пайдалануына жарамды киім-кешектің сауда орындарында болмауы, он қолынан өнері төгілген Кіші апам сияқты кісілердің тігетін киіміне сұранысты арттырады. Ол кездерде елдің негізгі бөлігінде дүние байлығы болмағанымен рухани байлығы мол болды. Ауылдастар бірінің бірі жетпей жатқандарын «рахмет, Алла риза болсын» деген бір ауыз бата-тілегіне ырза болып, ақысыз-пұлсыз көмектесе салатын. Егер жақын-жуығыңа, тіпті танымайтын пендеге жасаған қайтарымсыз жақсылығың одан бұл өмірде қайтпаса Алладан қайтады деген жақсы үмітпен әрбір адам мұқтаж адамға көмек қолын созуға дайын тұратын. Міне, осындай ізгі ниетті мұсылманның бірі Кіші апам еді. Ол кісі ауылдастарына, шапан, кәмзол, түлкі тымақ, тіпті шалбар, көйлек сияқтылар тігуден қолы бір босамайтын. Ол кісінің ою ойып, әшекейлеп тіккен сырмақтары мен бітпестері екі үйдің бірінің төрінде төселіп жатқанын жиі керетінмін. Біз отау болып шыққанда арнайы тігіп сыйлаған сырмағы, ақ киіз бен қара киізді оюлап, әшекейлеп тіккен киізі кейінге дейін төрімізде жатты.
Ауданбай қажы АХМЕТЖАНҰЛЫ, зейнеткер