«Аруаққа сиынатын қазақ болайықшы!»
Аппақ ишанның немересі хазірет Құрбанәлі қажы Бақиболлаұлы Ахмед ишанмен сыр-сұхбат
Құрбанәлі Бақиболлаұлы Ахмет ишан 04.04.1955 ж. Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Ташкенттегі Ислам институын аяқтаған. Одан соң Бұхарадағы «Мирараб медресесінде» фикх ілімі мен араб грамматикасынан сабақ беріп, 1988-1998 жылдары Ташкенттегі Ислам институтында сопылық (суфизм) туралы лекциялардан дәріс оқыған. «Мазхаб мәнісі», «Намазнама», «Ілімге ілесу», «Рухнама», «Тариқатнама», «Пірі бардың не қамы бар», «Аруақ – Алланың абылхаяты» атты бірнеше кітаптардың авторы. «You Tube» сайтында дәстүрлі Ислам мен жаңадан пайда болған діни ағымдар туралы, заманауи дін мен рухани үндестік және т.б. дәрістердің циклі бар.
Халқына рухани жолды көрсеткен атақты Аппақ ишанның немересі, ата-бабамыз салған игі дәстүрлі дінімізді дәріптеп жүрген теолог-ғалым. Төменде Құрбанәлі қажы Бақиболлаұлымен сұхбатымызды ұсынып отырмыз..
-Сіз Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы орталығындағы кезінде медресе болған, қазір тарихи мұражайға айналған тарихи кешенді салдырған, халқына рухани жол көрсеткен, атақты Аппақ ишанның немересісіз. Қалай ойлайсыз, қазіргі кезде сопылық ишандық мектептер керек пе?
–Шариғат пен тариқат арасындағы айырмашылықтар сопыларымыздың айтқан нақылдарынан алынған сөздер. Шариғат «жыланды өлтір», – дейді. Тарихатта «жанды, аруақты ренжітпе» деген жауап беріледі. Жыланның уы зиян келтіретін нәрселер харам, мәкрух, күнә жауыздық, адамзатты тозаққа апаратын нәрселердің бәріне шариғат тиым салатыны сияқты, мемлекетімізге, ұлтымызға қарсы келетін нәрселерге тиым салу бұл дүниенің заңы. Дүниеде заң қандай қажет болса, шариғаттың керектігі сондай деңгейде тұрады.
Енді тариқатқа келсек. Тариқатта «сен дұшпанымсың, сен жамансың, сен харамсың, сен күнә қылып жатсың» деген т.б. сөздер айтылмайды. Қандайда бір күнә, жауыздық «рухани кесел» деп есептеледі. Әр нәрсеге жеңіл қарап, оны емдеуге тырысады. Тариқат адамы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ды «рухани кеселді емдеу үшін келген» деп түсінеді. Тариқат адам баласын құртып, өлтіріп, жойып салу үшін емес, сол аурудың, күнәнің, жауыздықтың түпкі негізі неден шығып жатқанына мән береді. Мынау дүниеге деген махаббаттан ба, әлде жүрегіндегі күнәлардан ба, шайтаннан, тажалдан келіп жатыр ма соның бәрін зерттей отырып, түбірімен оны өзгертуге әрекет қылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)-ның бір хадисінде: «Менің шайтаным мұсылман, момын болды» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шайтанын өлтіріп жүрген жоқ, қайта оны «момын мұсылман» қылды. Яғни адамның жүрегінде болып жатқан жауыздықты жақсылыққа ауыстырды. Хазіреті Омар (р.а.) Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)-ды өлтіремін деп, қылышын көтеріп келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Омардың (р.а.) өзін де, қылышын да әбілхаятқа (адамға ем беретін, ләззат, салауат жақсылық беретін қуатқа) айналдырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Омарды (р.а.) пайғамбарлық дәрежесіне көтерді. Араб халқы өз заманында адам кейпіндегі «жабайы аң» боп есептелді. 360 пұты бар, бір-бірімен қырылысып, өз баласын тірідей өлтіріп, басқа қауымды да қырып кете беретін еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың бүкіл санасын, ахлағын, болмысын өзгертіп әлемдегі мәдениеті ең жоғары халыққа жеткізді. Бұл нәрсе діннің – қызметі, бұл – тариқаттың қызметі. Мінезін өзгерте отырып, дүниедегі ең мейірбан, ең махаббатты, ең сауатты, ең көп жақсылық жасайтын елге айналдырды. Міне, осы тариқат болады. Тариқат жыланның уын әбілхаятқа, яғни мәңгілік өмірге алып келетін хаятқа ауыстырды. Қиямет күні адамдар, балалар жыландармен, шаяндармен ойнайды. Сондай бейбітшілік заман болады. Қойдың үстіне бозторғай жұмыртқа қояды, арыстандар өгіздермен ойнайды, қасқырлар қойлармен жүреді деген сөздің мәнісі осы. Біз санамызды ауыстырып, бейбіт өмір сүріп, патриотизмнің шын мәніндегі мейірім-махаббатын көрсететін бір қазаққа айналсақ, міне осы «тариқат жолы» деп аталады. Бұның өзі «асыл шариғат». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алып келген шариғаттың асылы осы еді. Хазіретті Омарды (р.а.) өлтіргеннен кейін заңменен қорқытып ұстау үшін шариғат қалды. Сол адамзаттың ішіндегі шайтанын періштеге ауыстыратын мектепті «сопылық мектеп» деп атайды. Сол үшін біздің даладағы аталарымыз, сопыларымыз «жаным менің, құлыным менің» деп бір-біріне көркем мінезбен қарады. Соғыс кезінде біздің елге әр түрлі ұлттар келді. Сонда қазақ халқы нанын бірге жеп, «сен анаусың, мынаусың» деп бөлмеді. Міне, бұл сопылықтың тәрбиесінен туындайды. Сондықтан, бұл «сопылық тәрбиесі» Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)-ның, сахабалардың, табиғиндардың біздің дәстүрлі мұсылмандығымыздың жолы.
-КСРО құлаған кезде уахабизм, хизбут-тахрир, таблиғ жамағаты сияқты түрлі ағымдармен күресіп, Имам Матуриди ақидасымен, Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабы және тариқатты яғни дәстүрлі дініміз Исламды қорғауға белсене атсалысып келесіз. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның рухани баға жетпес асыл қасиеттерін бағалай отырып, елді бейбітшілікке шақырудасыз. Көптеген кітаптардың авторысыз. Қазіргі уақытта немен айналысудасыз?
–Бұхарадағы «Мирараб медресесін», Ташкент ислам институтын бітірдік. Ишанның баласымыз. Әкеміз де, анамыз да сопы, ишан болғандығы үшін, мен де Хазірет Пірімізге барып, қол бердім. Тариқаттың кішкентай бір ләззат халуаттарын көргендей болдық. Содан ұстазымыз: «Балам, сен адамдарды тәубаға өткізіп, осы уағыз-насихаттарыңды айтып жүресің», – деп бізге тапсырма берді. Бұл уәзипаны қылмаймыз, қолымыздан келмейді десек те, үш рет бұл бізден емес «руханияттан болды» дегеннен кейін, жасамауға ләжіміз қалмады. Имам Матуриди ақидасымен, Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабы және тариқатқа яғни дәстүрлі дінімізге қызмет етіп келеміз. Бұл мәңгілік қызмет. Мейлі адамдар бұл жолға түсініп келсін, келмесін бір адам болса да тәубадан өтіңіз деп қоямыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында «хақ жолын» сопылық деп атамаса да бұл жан-дүниенің тәрбиесі мен материалдық (тән) дүниені бірге тәрбиелеу керек екендігін түсіндіреміз. Адамдарды жауыздық кеселінен емдесек, оның жүрегіне махаббатты кіргізіп, еліне, жұртына, ағайын-туыстарына, халқына деген мейірім-шапағатын ұялату мақсатыменен қызмет етіп келеміз. Аллаға шүкір, аз ғана болса да нәтижелерін көрудеміз. Дүниеден өткенше осы қызметімізді жауапкершілікпенен халыққа көрсете береміз.
–Сіз ғылыммен айналысып, халыққа рухани лекциялар, сұхбаттар жүргізудесіз. Сіз «Сопылардың ақидасы» атты кітап шығардыңыз. Осы төңіректе біраз ой өрбітсеңіз?
-«Сопылық ақидасы» пайғамбарларымыздың, бүкіл амалдарымыздың ақидасы. Ақидада Алланың жалғыз екендігін тану. «Қул һуАллаһу әхад, Аллаһус–самад, ләм иәлид уә ләм юуләд, уә ләм иәкул–ләһу куфуан әхад». Сопының ақидасы осы болады. «Сопылық ақидасы» біз қаншалық Аллаһу Тәбәрәка уә Тағаланы мадақтасақ Алланың достарын да ұлықтап, олардың қызметін халыққа жеткізу. Біз христиан әлеміне ұқсап Иса ғ.с.-ды Құдайға серік қылып қоспаймыз. Иса (ғ.с.) Алланың елшісі, жердегі көлеңкесі, рухы, Алланың қолы екендігін түсіндіреміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның хадисінде: «Қай бір пендені Алла сүйетін болса, сол пенде Алланың қолы болады, Алланың көзіне, тіліне айналады. Ол Алланың тіліменен сөйлейді, қолыменен әлемді жаратады, көзіменен көреді, назарыменен қарайды. «Сіздердің қолдарыңыздың үстінде Алланың қолы тұр» – деген аяттың мәнісі осы. Біз Аллаға ешқашан серік қоспаймыз. Бірақ Алланың есім-сипатын, аманатын көтеретін жалғыз инсан адам ғана. Періште де, жын-жыбыр, тау-тас та Алланың есімін көтеріп жүре алмайды. Алланың достары «Құдай емес, Құдайдан жүдә емес». Алланың патшалығы бар, бүтін әлем Алланың есім-сипаттарынан тұрады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) патшалығы бар, сол Алланың есім сипаттарының қасиеті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұры арқылы әлемді толтырады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұры, әруақпенен әлемге таралады. Сондықтан, мына әлемді әруақтар жинақтайды. Ал әруақ материалдық әлемді жаратуда. Сондықтан, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сопының ақидасы. Ең сұлу амал не дегенде? Әрбір нәрседен Алланы, әр заттан Пайғамбарымызды ( с.ғ.с.), барлығынан әруақты көріп тұру. Әруақсыз ешнәрсе бомайды. Қазақ елінің ішінде Елбасын көріп тұрамыз. Әрбір үйдің ішінде Президентіміздің нұры, жарығы жанып, еңбектері көрініп тұрады. Барлық амалдардарды басшымыздан көре білуіміз керек. Біз президентті жамандамаймыз. Шешең немесе әкең жаман болса да, сен солардың арқасында күн көріп отырсың. Біз оларға рахмет айтамыз. Міне, сопының ақидасы. Аллаға, Пайғамбарымызға, руханиятқа байланысты екеніңді сезіну және оған сену. Елбасынан бастап, министрлерге, әкімдерге, аудан, ауыл әкімдерінің қызметтерін сезініп, солардың жақсылығын көре білу, барлығына шүкір айтып, алғыс жаудыру, «Елім, Отаным, үйім» – деп өмір кешіп қол жеткізуің міне, осы «сопылық ақидасы» боп саналады. Сопы «ешкімге ренжіме, ешкімді ренжітпе» -деген қағидаменен өмір сүреді.
-Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» өте жақсы айтылған. …«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» – делінген. Қазақ халқының салт-дәстүрі ислам дінімен етене байланысты. Қазіргі уақытта сананы өзгерту, жаңарту ауадай қажет. Сіздің өз пікіріңіз?
–Қазіргі таңда сананы өзгертуіміз керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» өте орынды айтқан. Біз жүз жыл бойы атеистердің мемлекетінде өмір сүріп, ата-бабамыздың санасынан түгелдей ажырап қалдық. Біздің санамыз уақыттың өтуіменен өзгеріп отырады. Ол ойымыздағы неше түрлі ақпараттарға байланысты болып жатқан нәрседен туындайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шарифтерінде: «Сендердің амалдарың ниетіңе байланысты» – дейді. «Сен неге Құдайға сенбейсің?» – деген сұрақ қоямыз Сол сұрау адамзаттың ниетінде тұр екен. Ол неден шығады? Ол сенің ойыңа, пікіріңе, түсінігіңнен пайда болады. Ал түсінік неге байланысты? Ол сендегі 100 миллиард клеткаңда болып жатқан ақпарат кеңістігіңе байланысты. Сен анадан туылып, балиғатқа жетіп, нені естіп, нені жедің, ойландың, соның барлығы 100 миллиард клеткаңда шайтан кейпінде тұрады. Яғни жаман ойлағаның, көргенің, естігенің бәрі шайтан түрінде болады. Соның барлығы санада қалып қояды. Сондықтан, қазіргі кезде адамзаттың санасын бұзу үшін түрлі музыкаларды пайдалануда. Харам нәрселерді жегізуде. Ал «жаңарту дегенде» нені ұғынуымыз керек? Тіпті идеологияда адамның санасын улайды. Сананы неменеге айырбастауға болады? Адам баласында бес сезім бар. Біз ойымызды, қиялымызды бәрін бақылауда ұстап, осыған өте мұқият болуымыз қажет. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. «Рухани жаңғыру» дегенімізде осы мәселені түсінуіміз керек.
-Аппақ Ишан – руханият әлемінің дарабоз әулиесі. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда атамыздың 150 жылдығына аруағын ардақтап ас бердіңіз. «Алтынның сынығы» болған ишандар әулетінің ұрпағысыз. Сіз сонда «Әруаққа сыйынатын қазақ болайықшы» дегенсіз? Осы сөздің мәнісін ашып берсеңіз?
–Біздер неге мұқтажбыз? Біз ауаға, тамаққа, суға бәріне зәруміз. Денедегі 100 миллиард клеткаға мұқтажбыз. Дененің әрбір бөлшегі періште. Сол періштенің жаны бар. Біз сол періштелердің жиынтығымыз. Ішіңде мииллиардтаған періштелер тұрады. Қазіргі кезде адам баласы материалдық дүниеге, атақ-мансап қуып, соған сиынуда. Алдыменен адам баласы өзі пайдаланып отырған жан-дүниесін тануы қажет. Соны танысаң әруаққа қызмет қылғаның, сыйынғаның. Әруақты танымасаң материалист болғаның. Яғни мансапқа, ақшаға, қызметіңе, санаңа, нәпсіге сиынып тұрсың. Бұлардың бәрі руханиятқа мұқтаж. Руханият бәрін жаратушы. «Әруаққа сыйыну деген» Аллаға бас июдің алғашқы баспалдағы. Сонда Құдайыңды танисың. Мына материалдық әлемнен бөлек басқа бір дүниенің бар екендігін білсең Алланы сезінгенің. «Әруаққа сыйынатын қазақ болайық» дегенде, Құдайға серік қоспақшы емеспіз. Бұл ата-бабаларымыздан келе жатқан халқымыздың нақыл сөзі. Бұл әулиелердің қағидасы. Соныменен, Аллаға, әруаққа шүкір демей, Құдайыңды танымайды екенсің.
-Тариқаттағы «нәпсі тәрбиесі» туралы кеңінен айтып берсеңіз?
– «Нәпсім менің бәлә-дүр, жанған отқа сала-дүр» демекші, нәпсінің қиянаттары көп. Адамзатты азаптайтын азап періштесі болады. Нәпсі адамзатты жаһаннамға түсіретін тозақ оты. Нәпсінің өзіңе жасап отырған жамандықтары болады. Нәпсі деген не? Нәпсі ДНК болып жан-дүниеңізге материалдық түрде жаратылды. Атаның белінен ананың жатырына түсіп, 100 миллиард қанды сорып клетка болып, дүниеге келді. Оқыды, тоқыды, ішті, жеді. Бәрін көріп отырып, бәлиғат жасына жетіп, ақылы кәміл адам болды. Адам баласында ой, сезім, ақыл, түсінік пайда болады. Жасап жатқан істеріңнің, күнәларыңның, сауаптарыңның жиындысынан бір періште пайда болады. Мұны «нәпсі» дейді. Осы нәпсі сені жаһаннамға апарады. Нәпсі іс-әрекеттеріңмен күнә, жауыздықты, жамандықты ойыңа салып отырады. Ал сол нәпсіні тазартып отырсаң тақуалыққа, жақсылыққа шақырады. Аллаһ Тағала ешкімді азаптамайды. «Алла мені неге қинайды?» деп жала жаппа. Алланың аманаттарын, рахметтерін алып отырып, сен өз нәпсіңе өзің қиянат жасадың, жаһаннамның отын жаратыпсың. Мұны өзің түсінбейсің. Сол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер нәпсінің кеселіне жолыққансыңдар, сол аурудан біз сендерді емдеуіміз керек», – дейді. Сопылықтың мәні осында. Нәпсіңдегі болып жатқан кеселді біз емдеуіміз қажет. «Сол нәпсіні тазалаған адам әлбетте жеңіске жетеді». «Ал нәпсінің айтқанын жасаған адам тозақтың азабында қор болады», – деп Алла Тағаланың аятында айтылып отыр. Бүкіл дене мүшелеріңнен кіретін нәрселер жан-дүниеңе әсер қылады. Сол үшін жауап бересің. Нәпсіге қарсы күрес қиямет қайымға дейін жалғасады. Бір мысқыл сауап амал жасасаң, бұл дүниеде оны көрмей өтпейсің. Бір мысқыл жаман амал қылсаң да бұл дүниеден оны көріп өтесің. Сол үшін молдалар, сопылар психолог болады. Олар сендердің жан дүниелеріңді тазалауға әрекет қылады.
-Көптеген халықаралық, республикалық конференция, жиындарға қатысып жүрсіз. Содан алған әсерлеріңізді айтып берсеңіз?
– Әсерлеріміз өте жақсы. Түркияда да, елімізде де көптеген конференция, жиындарға қатыстық. Өзімізде де сондай конференциялардың болуына әрекет қылудамыз. «Конференцияға араласу» деген сөздің мағынасы «іздену» дегенді білдіреді. Біз ел, халық боп іздейміз. Бір-бірімізді шақырамыз. Ізденіп жүріп бір түсініктерге келеміз. Біреулер тура, дәл айтады. Түркияда Қожа Ахмет Яссауи Піріміздің құрметіне арналған конференцияға қатыстық. Біз түркі халқына өте дән риза болдық. Қожа Ахмет Яссауи Пірімізді ЮНЕСКО дәрежесіне көтеріп, «Яссауи жылы» деп, оның рухани еңбектерін, қызметтерін біздерге талдап, түсіндіріп берді. Өте керемет. Бізде де Мәшһүр Жүсіп Көпейдің, Аппақ ишан бабамыздың, Бекет ата Пірлеріміздің конференциясын өткізсе екен дейміз. Сонда халықтың санасына, болашақ ұрпаққа ата-бабаларымыздың іс-әрекеттерін насихаттап, бойларына рухани құндылықтарын сіңірер ме едік? Осындай конференциялар қазір болып жатқан радикализмге, уахабизмге, салафизмге қарсы күресіп, тек қана Алладан келе жатқан фәйіз, берекет, тек қана аят Құран, хадис те, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)-ның жолында ғана емес, ол илаһи фәйіздердің одан кейін де келетін үмметтердің ішіндегі әзиздерден, әулиелерден де келетінін түсіндіруіміз қажет. Сонда аят, хадиске жабысып, тоқтап қалмай, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мирасқорларынан әсер алуымыз керек болады. Мүштахидтеріміздің, мәзһаб ғұламаларымызды түсінсек, біз радикал, салафит болмаймыз. Міне, біз осыны ұғынып алуымыз керек.
-Сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да рухани мұра болып келе жатқан рухани шежірелерді қазақтың зиялы ойшылдары, ақындары мен жыраулары жақсы білген. Сопылық әдебиет дәстүрлері қазақ сөз өнерінде және шығыс шайырлары аталатын Рудаки, Науаи, Фирдоуси, Хафиз, Омар Хаям, Физули, Сағди қазақ әдебиетінің өкілдеріне қатты әсер етіп, зор ықпалын тигізді. Әдебиетіміздегі сопылықты руханият жағынан түсіндіріп берсеңіз?
– Қазіргі кезде әдебиетіміз халқымыздың санасынан ажырап қалды. Әдебиеттен алыстап кеттік. Біз халқымыздың құнды дүниелерін мешіттің мінберлерінде айтуымыз керек. Сөз, әріп – бұл Алладан болған бір әскер. Адамның жүрегіне жететін, адамзаттың сай-сүйегін сырқыратып, әсер ететін сөз болады. Сөз әскерін біз көп пайдаланып келеміз. Сөз әскерлерімен адамның санасын жаңартуға болады. Сөз әсерлерімен жүрекке кіре аламыз. Сол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сұхбат кезіндегі сөздер әлбетте саған ықпал етеді» – делінген. Алланың «иллаһи махаббаты» ғана әсер қалдырады.
Бір кездесуде Өзбекстандағы бауырларымыз әдебиет жөнінде сұрақ қойды. Сонда оларға Әлішер Науаидің «Құстар тілі» кітабын, ақынның өз сөзіменен жеткізіп берген едім. Бұрынғы заманның адамдарында қазіргідей ақпараттар жоқ. Ол кездегі халық тек қана әдебиет арқылы бір-біріне сөзін жеткізген. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.), сахабалар да адамдардың жүрегіне Алланың сөздерін әдемі жеткізіп, қатты әсер қалдырған. Сол үшін әдебиет өте қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сен өзің сөйлеп тұрған жоқсың, әрбір айтқан сұхбатың адамдардың жүрегіне әсер қылатын бұл уахи». Мысалға, музыка тыңдағанша, неге қазақтың жырауларын пайдаланбасқа? Бала күнімізде Қожа Ахмет Яссауидің, сопы Аллаярдың, Шәді Төренің хисса-дастандарын жатқа білген анамыз біздің санамызға сіңіріп жіберді.
Біздің мешіттің мінберлерінде аят-хадистермен бірге жырауларымыздың, батырларымыздың, дүниежүзілік әдебиеттің, шығыс шайырларының шығармаларын айтып отырса, «нұр үстіне нұр болар» еді. Әрбір мұсылманның жүрегіне әдебиет арқылы иманды кіргізе білсек, бұл керемет тәсіл болары анық. Бұрын халқымыз әдебиетті пайдаланды, ал қазіргі кезде осы әдебиетіміз ауадай қажет. Рухани азығымыз «әдебиетімізді халқымыздың жүрегіне жеткізсек деп», жазушыларымызға, шығыс танушыларымызға үміттенемін. Сонда ғана біз халқымыздың әдебиетін түсінсек, әруағын құрметтесек біз салафит, уахабит болмаймыз. Әдебиетіміздегі рухани нәрселерден ажырап, жан-дүниеге әсер қылатын дүниеден айрылып қалғанымыз үшін осындай мәңгүрт күйге түсудеміз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, әрқашанда әруақты қастерлейтін рухы биік қазақ болайықшы.
-Әңгімеңізге көп рахмет. Ата-бабамыз салған дәстүрлі жолымызды жаңғыртып, халқымызды рухани нәріңізбен сусындата беруіңізге тілектеспіз.
Әңгімелескен, Лаура-Ләйлахан Айтқожақызы
Сұхбат автордың «Аппақ Ишан Ата»атты кітабынан алынды