Сыр-сұхбат

Академиялық ғылым дамымай исламтану мүмкін емес

 Орыс академиялық шығыстану мектебінің осы саланың зерттеушілері арасында өзіндік орыны бар. Ол, әсіресе, Шығыс халықтарына деген ұстамды көзқарасы мен тиянақты қарым-қатынасымен ерекшеленеді. Батыс шығыстанушылары ислам тақырыбын кезектегі зерттеу нысаны ретінде ғана қарастырса, ресейлік ғалымдар Шығыс халықтарының көне мұрасын, жазба ескерткіштерін зерттеуге ден қойып, сол халықтардың рухани мәдениеті жайында түпнұсқалық дәйектер арқылы түсінуді мақсат етіп келеді.

Ресейлік исламтанушы Станислав Михайлович Прозоров 90-ыншы жылдарға дейін зерттеушілерге жабық болып келген Ресей мен КСРО дәуіріндегі ислам тарихы тақырыбын алғаш көтергендердің бірі. Академиктің бастамасымен алғаш рет «Ислам» энциклопедиясы басылып шықты. 78 жастағы ғалым елу жылдан бері Ресей ғылым академиясы Шығыс қолжазбалары институтында еңбек етеді. Ғалыммен әңгімеміз осы мектептің қалыптасу кезеңдерінен басталып, бүгінгі күнгі Ресей, Қазақстан мен Орта Азиядағы ислам дамуының мәселелері төңірегінде өрбіген еді.   

-Ресей қоғамын сергелдеңге салған ХХ ғасырдың нысаналы оқиғалары, барша халықтың қалыпты өмірінің күрт өзгеруіне, әлеуметтік қақтығыстарға жеткізіп, рухани құндылықтардың ауысуына, атеизмнің өршіп, халықтың дәстүрлі діні мен сенімінің түп қазығы дінбасыларын қудалауға ұшыратты.

Нәтижесінде дін жалғастығы үзіліп, дәстүрлі құндылықтардың ұмытылуына,  өзге мораль мен  бөтен идеяларға қарсы тұра алатын имунитеттің жоғалуына алып келді. Асылын айтсам, ХХ ғасыр Ресей мемлекеттілігінің мықтылығы сынаққа түскен ғасыр болды.

    Сындарлы ғасырдың соңына қарай, катаклизмнің ауыр салдарын сезіне бастадық. Қоғам, оның ішінде мемлекет басшысынан бастап, зиялы ғалымдар, дінбасылар да сыртқы күштерге идеологиялық жағынан қарсы тұра алмай қалдық. Бұл күш, Ресей мұсылмандарын көздесе де, еліміздің бірегейлігін жоюға бағытталып, шетелдік ислам орталықтарының насихат қызметінің мол қаражатымен қаруланып, жақсы ұйымдасқан, қоғамды ішінен ірітуге әрекет еткен күш еді. Ал, саусақпен санарлықтай академиялық исламтанудың өкілдері ислам миссионерлеріне лайықты бәсекелес болуға және орталық биліктің ішкі сыртқы саясатына мысқалдай болса да ықпал ете алмайтындай еді. Сол кезеңнің ірі саяси тұлғасы Е.Примаковтың осы мәселе жөнінде Ташкентте өткен жабық жиында «Біз исламды зерттеуіміз керек» деген сөзі бұл саланың жаңа қарқынмен дамуына көп әсерін тигізді.

 Шынында, халқының көпшілігін мұсылмандар құрайтын, оңтүстігінде ислам мемлекеттерімен шектесіп жатқан елде исламтанушылар  мамандарын даярлауға арналған бағдарламаның болмауы ақылға симайтындай. 80-ші жылдардағы сыртқы саяси факторларға байланысты елімізде исламтанумен шұғылданатын мамандардың қажеттігі туындап, осы саланы зерттеуге осылайша мән берілді.

-Бұл кезінде империялық Ресей шығыстанушылары бастап кеткен арнаның жаңа саласы емес пе? Орыс исламтануының артықшылықтары мен ерекшеліктері қандай?

    Ресей исламына тән нәрсе – түрлі этностар мен конфессия өкілдерінің қоян-қолтық бірге өмір сүруінен туындаған діни сенімге деген тағаттылық, төзімділік пен  интернационализм деп айтуға болады. Бұл ретте ресейлік мұсылман дін басыларының үлесін айта кету керек. Олар ислам нормаларын жергілікті халықтың салт-дәстүрлеріне қарай бейімдеп, сол арқылы мұсылмандар қауымдастығының өміршеңдігін қамтамасыз ететін деңгейде дамытып келеді.  Зерделей келе, мыңдаған ғасырлар бойы православия мен исламның бір мемлекетте қатар өмір сүруінің бағасы жоқ тарихи тәжірибесін пайымдадық. Оның қадірін білгенге, қазіргі күнде ислам-христиан ара қатынасының күрделі тұстарын басынан кешіп отырған мемлекеттерге көп пайдасы тигізетін тәжірибе.

     Академиялық исламтанудағы үлкен жетістік, әрине, көп томдық «Ислам на территории бывшей Российской империи» атты Энциклопедиялық сөздіктің баспаға дайындалуы дер едім. Бұл түп нұсқаларға негізделген, ислам дінін зерттеудегі жаңа методологияға сүйенген айырықша жоба. Қазір 5-ші шығарылымы жарық көрді, алтыншы томы әзірленіп жатыр.

Энциклопедиялық жұмыстар кеңес исламтанушыларын және мұсылман ғалымдарды ресейдегі ислам тарихын зерттеуге ынталандырған маңызды факторлардың біріне айналды. Ең бастысы, академиялық сипат алып, ресей мұсылмандарының ислам әлеміндегі лайықты өз орынын алуына үлкен әсерін тигізді. Ислам әлемінде ондаған жылдар бойына Ресей мұсылмандары «периферийлік және маргинальдық» деп есептелінетін. Энциклопедия материалдары Ресей дәстүрлі ислам ілімінің, Ресей суфизмінің, әсіресе ресейлік исламның жаңашылдығының тереңдігі мен кеңдігін көрсетіп берді. Ресей исламы бүкіл әлем алдында өзінің рухани тұлғаларымен діни ілімдерімен, мектептерімен, өзінің православтармен бірге бір мемлекет шеңберінде жасай алатын жемісті тәжірибесімен жарқырап шықты.

    Өкініштісі, орыс қоғамына ислам туралы ғылыми білім ұсынатын академиялық исламтанушыларының негізгі міндетіндегі батыл қадамы – кәсіби дайындығы жоқ «исламтанушылар» санының (көбіне, саясаткерлер, мәдениетанушылар, философтар)  артуымен де қатар келіп тұр. Бұдан бөлек, ағарту жұмыстарына ислам тақырыбындағы басылымдардың қара нөпірі теріс қызмет көрсетіп жатыр. Оның көптігі мен мазмұнының бұлдырлығы соншама «көзі қарақты» деген адамның өзі адасып кетеді. Мұның қатарына БАҚ пен Интернетті қосыңыз. Кейде Ресейдегі мұсылмандардың санынан «исламтанушылардың» саны артық сияқты әсер қалдырады. Жарияланып жатқан мақалалар авторлары мен сұхбаттардың  кейіпкерлерінің ғылыми атақ-дәрежесі, лауазымы жер жарады. Өкініштісі, кәсіби исламтанушы болмаса да ислам туралы бояуын қоюлатып үсті-үстіне төпелеп жазудан жалықпайды. Мұндай «абыройсыз» іске саясаткерлер мен сөзі сатулы көсемсөзшілер және  ислам «қорғаушылары» өз үлестерін қосуда.

-Бұл тек қана ресейде емес, көршілес республикаларда да жаппай орын алған көрініс екеніне көзіміз жетіп отыр. Беймәлім күштердің сан ғасырлардан бері халықтың діни сенімінің қалқаны болып келе жатқан дәстүрлі дінімізді жоққа шығаруға деген талпысы белең алып келеді.    

–   Ғалым ретінде кейбір аудиторияларда болғанымызда, 50 жыл өмірін осы ислам тарихының бүге-шүгесіне дейін зерттеп ресейлік исламтану бастауларында тұрған біздерге сенімсіздікпен қарайтындар жоқ емес. Мұны білімсіздіктен туған надандық дер едім. 12 ғасырда өмір сүрген  ислам ілімдары аш-Шахрастани «Кімде кім өз мазхабына ғана көзсіз сенсе, сол адам басқаларды дінсіз деп айыптайды» деген хадисі еске түседі. Осы ұлағатпен бүгінгі күннің жағдайын түсіндіруге әбден болады. Егер кімде кім мұсылман еместің пікірін жоққа шығарса, онда ол өзін қолдамайтын өзге діндес бауырларының да пікіріне төзбей, олардың сенімін жоққа шығарады. Исламның  арғы-бергі тарихы осы бір жайттың жиі қайталанғанының куәсі болып келеді.

Еуразия кеңістігінде бірде-бір ағым дәстүрлі мазхабты терістеп, өзінікін жөн санауға ешқандай негіз жоқ. Бүгінде үрдіс алып келе жатқан «таза» ислам іздеу әрекеті  жүрекке қонбайтын іс. Исламнан діндес бауырлардың арасын ажырататын емес, бір-біріне жақындататын қағидаттарын іздеу керек. Ол – мұсылманның бес парызы. Оның нақты өмірде қалай орындалып, халық қалай ұстанып жүр дегенді түсіндіру үшін ислам тарихына жүгіну керек.

Қазіргі күнде бір дінді бір ғана ұлттан тұратын мемлекет жоқтың қасы.  Ислам діні Араб түбегі жартыаралында пайда болған кезде пұтқа табынушылармен күресіп, Алланың бірлігін, пайғамбар оның үмбеті екенін бекітті. Исламның осы өңірде пайда болуы бұл бір қоғамның пісіп-жетіліп, бір идеологиялық үлгіден екіншісіне өту эволюциясы деуге болады. Бұл жерде әлеуметтік өзгерістермен бірге осыған дейін басымдық берген қоғамның сенім жүйесінде өзгеріс басталды. Бұл өте қиын  әрі күрделі процесс еді. Ислам пайда болған жерінде орнығып, енді араб түбегінен асып кеткенде бұл «үлгі» басқа тарихи сана деңгейіндегі, құдайлық беделдердің басқа иерахиясы бар өзге халықтың дүниетанымымен бетпе бет келді.  Мұсылман әлеміне аяқ басқан халықтардың мәдени, дәстүрлік және отбасылық, құқықтық қарым қатынастары  әртүрлі тарихи даму сатысында еді.

     Осы аумақтарда жергілікті, исламға дейін қалыптасқан діни дәстүрлерін жоққа шығармай, озығын жаңа ислам заңдарымен біріктірген «аймақтық» ислам пайда болды. Бұл, әсіресе, мәдени дәстүрі ертеден қалыптасқан ірі аймақтарда белең алып, ислам жаңаша түрге боялды. Халықтың дүниетанымының жалпы нормалары жергілікті жердің дәстүрлерімен ұштаса келе,  ислам өз дініне айналды. Олар да, Алланың бірлігін танып,  мұсылман атанып, ислам әлемінің бір бөлшегі ретінде бес парызын орындап жүр. Ислам Орта Азия мен Қазақстанда осылайша пайда болды. Енді одан «таза» ислам іздеуге болмайды.

-«Таза ислам» іздеу процесі басталып кеткен жоқ па?

    Исламның ішкі тарихына үңілмес бұрын шығыс халықтарына тән билік болмысының табиғатын түсіну керек. Бұл өңірде сан ғасырлар бойына авторитарлық ойлау жүйесі тарихи қалыптасқан. Мемлекет, не қауым болсын оның сақталуына осы беделді тұлғалар қатты әсер еткен. Жанымыздың билеушілерін де осы тұлғаның айналасынан іздеу керек. Бұл елдерде рухани биліктің тізгіні нақты бір  құрылымның емес, бір рухани басшының қолында болған. Сол тұлға ислам нормаларын айқындап, ілімді ғалымдар Құранды қалай тәпсірлеп, оны өз елінің тарихымен байланыстырып, халықты ізіне ерткен. Өзіндік жол мұрагерлік арқылы жалғасып келген. Сол тұлғалардың әулеттері халықтың рухани сұраныстарына жауап беріп, айналасына халықты топтастырып, іргелі мемлекетке айналдыратын. Олар тек қана діни емес, әлеуметтік, моралдық, отбасылық нормаларды да айқындайтын. Осының бәрін шариғат аумағынан шығармай, ислам қағидаттарына қылаудай сызат  түсірмей жеткізе білді. Бұл де «юре емес, де факто».

Бұл ретте рухани көшбасшылар жарқырап жанған шырақтай жанып өз үлгісімен халықтың имандылыққа ұйыта білді. Олардың қызметін ел билеуші саясаткерлермен салыстыруға болмайды. Олар басқа мәселені шешеді, олар ғұмыры қысқа, сол себепті көп нәрсені үлгеріп қалуға тырысады, алайда терең ілімді діндарлар мәңгілік туралы, өздерінен кейін не болатынын не қалдыратынын ойлайды. Мәңгілік мейірім мен сүйіспеншіліктің дәнін сеуіп, соның жемісін ұрпағының алаңсыз жеуіне жол ашады. Діналып жүруші тұлғалардың рухани кемелдікке қол жеткізіп, халықтың жүрегінде қалуы да осының көрінісі. Мұндай беделді ағартушылардың жолын халық сөзсіз мойындаған.

     Бұлардың институтының бұзылуы, оған мүдделі күштердің әдейілеп халық санасынан жоюы қоғамдағы тұрақсыздыққа алып келді деуге болады. Бұл соңғы ғасырлар бойына жүріп келе процесс. Оның салдары  бүгінгі күнде біліне бастады. Тіпті, бұл өңірлерде ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан сынақтардың салдарынан осы институт жоғалып кетті деуге болады. Олардан қалған «елес» бес қаруын асынып келген миссионерлерге қарсы тұра алмай, басқа діндердің екпін алуы осының нәтижесі.

        Егер адамдар бір нәрсеге сенбесе онда бақташысы жоқ тобырға айналады. Екінші жағынан олар ғасырдан ғасырға дейін бір нәрсеге сеніп келді. Осы «беделге» сызат түсіп, не ол сахнадан түскен кезде орнына басқалар келіп, «сендер дұрыс өмір сүрмегенсіңдер» деп өздерінікін тықпалайды. Өз дегенін жүзеге асыру үшін жақсы ұйымдасқан, жоғары дайындығы бар діндарларды жібереді. Оны тыңдаған жас санамен емес жүрекпен қабылдайды, оның дұрыс-бұрыстығын тексеріп жатпайды. Оны ара жігін ашу үшін де білім керек. Ал, жоқ нәрсені қайдан алады?!

    Білімсіздіктен кеткен қателікті тек қана ағартушылық арқылы түзетуге болады. Кезіндегі коммунистік партияның басқару жүйесіндегідей бюрократтық сорақы тәсілмен емес, ағартушылық пен насихат арқылы  ғана. Бір мұсылман әлемінде өмір сүргенімізбен әр халықтың тамыры терең тарихы бар, қалыптасқан өмір салты, соған лайықталған ислам аясынан шықпаған сенімі бар. Күштегендерге, «біздікі болмаса басып аламыз» дегенге жол берілмеуі керек. Ендігі жерде жаттанды, декаративті түрде түзу жолдан қиыс кеткендерді тура жолға салу мүмкін емес. Алдағы уақытта дерек көздерін оқып танып, дәстүр мен салтты, көне мұраларыңыздың зерттелуіне көңіл бөлгенде жол қысқарады. Ислам ағартушыларының өмірін зерттеу арқылы адамдардың жүрек көзін ашу қажет. Онда да менікі дұрыс деп исклюзив етіп күшке салмай, дұрыс таңдауды халықтың өзіне салған жөн.  Бір мұсылман әлемінде  сан түрлілік бар, осы сан түрліліктің арасында өзіңді, өз мәдениетіңді сақтауға оны одан әрі дамытуға мән берудің дұрыстығана көз жеткізген жөн. Егер дін аралық дүрдараздық орын алса, білім мен дін түгіл халықтың қалыпты өміріне де қауіп төнеді. Ал ащы шындықты айтқанда, өзін өзі жоюға алып келеді.

Егер тәтті жеміс жегіңіз келсе, оны өсіру керек. Оны жылдар бойы баптап мәселеп өсіргенде ғана жемісін көресіз. Бүгінгі ұрпаққа өткеннің ащы дәмін сезінуіне тура келіп тұр. Бұдан шығатын қортынды, дәстүрлік ұстанымдарға басымдық беріп, оның рухани өкілдерін идеаландырмай беделін көтеріп, өзге ағыммен бәсекелесе алатындай мүмкіндікке қол жеткізу керек.

Кеңестік кеңістіктегі мұсылмандардың санасын сарсаңға салған – баххабизм бағытындағы ислам екені белгілі. Оларға салса, бүкіл ислам әлемі бір қалыппен, солардың үлгісімен жүруі керек. Бірақ ол мүмкін емес. Сауд Арабиядағы ислам үлгісі басқа өңірде өміршең емес екенін түсіндіру керек. Мен осы салада жұмыс істегеніме жарты ғасырдан асты, көршілес барлық республикаларда болдым. Өкіншке орай, шетелдің діни білім беру орындарына жіберген жастарымыздың 99 пайызы сырттан келгендердің ұстанымын  алға тартып, солардың тілінде сөйлейтін болды. Білім беруге жіберген кезде де олар ол жақтан оралғандағы жан-күйіне және сеніміне мән берілмей ме деп қаламын. Біздің Кавказда қаншама адамдар осы «аурумен» ауырып жүр. Қазіргі заманның қиындығы, жұмыссыздық дағдарыс жастардың екі қолына бір жұмыс тапай бос жүргені де мәселені тығырыққа тірейді. Тіпті, кейбір жерлерде жастардың қолына ақша ұстатып, уағызға шақырады. Осылайша, жат ағым мысқалдап кіріп, ол санасына үймелеп, уақыт ете келе қаруға айналдырады.

Академиялық зерттеушісі ретінде біздің дінбасыларына кінә қоятыным бар. Олардың көбінің өресі таяз келіп, жат ағымдарды уағыздаушылардың фундаменталды білімінен кемшін түсіп, қалыс қалып отыр. Бүгінгі жанымыздың билеушілері жағдайдың сындарлы екенін түсініп, өз мүдделерін аса зор дайындықпен, ұстанымымен қорғауы керек еді. Бұл жерде тек діни білім аздық етеді, басқа да ғылымнан хабары болуы шарт. Кеңес кезінде әуелі «отанды ойла, содан кейін жеке басыңның мүддесі» деген сөз болған. Қазіргі күнде дінбасыларының  өз басының қамы, жеке амбициялары сосын барып мұсылман қауымының жайын ойлауы қалыптасып, игілікті іске кері әсерін тигізуде.

-Білімнің аздығынан болар, діни ортада Құран мен Мұхаммед хадистерін айтылған кезде діншіл халықтың анығын білмей  алаңдауы табиғи жайт.  Академиялық ғалым ретінде не айтар едіңіз?

-Исламда ешқашан «Мұхаммед айтты, бітті» деген болған жоқ, Діннің амалдарын Мұхаммедтің өзі өзгертті. Ислам 13 ғасырдан бері  жасап келеді. Бір мектеп болған жоқ. Хадистерді алайық, олар Мұхамедтен кейін 2-3 ғасырдан кейін пайда болды. Бұл жерде субьективті адами факторды естен шығармау керек. Ханфилердің, Маликилер мен Шейіттердің өзінің ұстаныма сай келетін  хадистері бар. Егер сіз өзіңіз бір мазхабты танып, бір жолды бағыт етіп алдыңыз делік, тіпті жақсы, бірақ мұны басқа мазхабтағылардың қабылдауын талап, біреуге таңбаңыз және оған көнбегенді кәпір демеңіз. исламның бейбітшіл келбеті осы жерде пайда болады. Ал өзгелердің өзінікін тықпалауы осы қағидатқа қарсы келіп тұрған жоқ па?

                                           Әңгімелескен Айгүл УАЙСОВА

Санкт-Петербор қаласы

Ұқсас мақалалар

2 пікір

  1. Сұхбатты окып шыктым. Айгүл қолың талмасын! Келешек ұрпақ рахметін айтатындай еңбекпен айналысып жүрсің! Бала-шағаңның рахатын көр,шығармашылық табыстар тілеймін!

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button