Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

М. Әуезов:Шортанбай Шығармалары

Жаңа бағытқа түсіп үстемдік алып кетіп  бара жытқан жуан шонжар мен жаңашыл сауда байына,есінен,мүлкінен,бұрынғы жоқ дәрежесінен айырылып,құлдилап бара жатқан,бұрынғы үлгідегі феодалдың мұңын әкеп,сол бұқараға көпшілікке шағады. Сол шағым үстінде онымен ұғыстыратын тіл таппақ болады.Соңы барып,жаңағы бұқара күйін қорғай өтеді.Бірақ сол көктей шаншып көп мұңның бәрін ең әуелі жоғарыда айтылған жаман ғаламаттар, ақыр заман ғаламатынша айтпақ болатын.

Шортанбай шығармалары Х1Х 5асырдың  60-70 жылдарынд кеп шыққан бір ағынды көрсетеді. Тарихи,қоғамдық жағынан алғанда,бұл түрдегі әдебиет шығармалары Х1Х ғасырдың алғашқы жарымында болған үлгілерден басқаша боп,өзгеріп кетеді. Өз тұсында болған қоғамдық,таптық,шаруашылық өзгерістердің нәтижесі әдебиетте бір Шортанбай емес,осының тұтасы болған Мұратты,кейінірек қалыптанған Абайды,тағы басқаларын да-бұрынғыдан басқаша,ерекше сарынмен жырлауға бейімдетеді.Үстем таптың жарымы алдыңғы дәуірдің өзінде де патша үкіметінің нық таянышы боп алған еді.Мына кезде сол тап түгелімен  жаңалықтың кілеміне түсіп,ұлық та,сәудегер де,бай да,жуан да өздері боп алған.Бектік қалпы,феодалдық құрылысы өзгеріп,ру тіршілігінің де іргесі ыдырай бастаған.Қазақ өлкесі бір жағынан отарға жер беріп,саудаға,жәрмеңке базарға малын беріп,өндіріс капиталының тұтынушысы болып,өз топырағында өндіріс капиталының агенті болатын сауда капиталыын,жылмаң капиталды да(ростовщический капитал) туғызып тастаған еді.Қазақтың бұрынғы феодалы енді буржуаланып,сәудегер юайға мал иесі,шен иесі,жер,су,мүлік,сома иесі-қанаушыға айналған.Бұлардың алдыңғы қатары,жаңашыл либерал буржуа кейпін алып,тіл білген,заң білген,ұлықпен отасқан,баласын орысша оқытқан,тілмаштықты мұрат қып базарға,қала үлгісіне бой ұрған топ боп бастайды.Бірақ алдыңғы дәуірде ру басы мен бектің біразы Исатайға ұқсап,өлкенің орталыққа қарсы арналған қимыл қозғалыстығына қатысқаны да бар еді. Сондай топ бұл күнде әлеумет майданында роль ойнамаса да,сол ескі күйді ұмытпай,жаңалықтың ешбірін қабылдамай,әлі де баяғы еркіндік,жеке билік дәреже,одан бергі көтеріліс-қозғалыстар ұранын ұмытпай,жадына тұтып отырушы еді.Олардың соңғы күйі жалғыз осылардың ғана күйі емес,көпшілік бұқараның да күйі болатын.Өйткені жаңалық неше алуан жолмен тұрмысына араласқанда,ауыртпалық салмағының бәрін бұқараға сала келген.

Жері кетуші,көп алым-шығын төлеуші, сәудегердің, жылмаң (ростовщический) капиталдың сорғысында боп (бұзауға ақша ап) қалушы,жем болушы сол көпшілік болатын.Ол жаңалықтан бірде-бір игілік көрген жоқ.Бірақ,барлық ауыртпалықты,қорлық пен езгіні көруші сол болады.Жаңалықтың игілігін көруші азғана ғана бай,жуан топ.

Сондықтан,әлі жаңалыққа түгел үйлесе алмай,есе ала алмай,бұрынғы дәрежесінен айырылып,шөгіп бара жатқан,аздаған феодал ескішіл ру басшылар,өзінің шетке қағылып қалуы арқылы тапқан наразылығын-жаңағы көпшілік бұқараның наразылығына әкеп қосады.

Міне,Мұрат пен Шортанбай бір жағы көпшілік бұқарамен байланысты боп,екінші жағынан көбінесе жаңағыдай наразы феодалмен байланысты боп-өлкедегі қоғамдық наразылықтың жаршысы болып шығады.Бұлар жоғарыда айтылған шаруашылық,әлеуметтік, саяси тұрмысқа кірген көп ірі жаңалық,өзгерістерге қарсы болумен бірге сол өз тұсындағы тұрмыстың ұсақ белгі,ұсақ өзгерістерін де жақтамайды.Шошынып, тыжырынып,немесе күрсініп отырып сынап,шенейді.

Сол үстегі хәлге ырза болмай,алдыңғыдан ерте бастан түңіліп,шошынып,артына қарай шегіне күңіренгенде,олардың аузынан шыққан создің бәрі «зар» боп,мұң,уайым,заман уайымы боп шығады.Уақытындағы көп зардың,көп детттің бірі боп дін жайыда  араласады.Дін әлсірейді деген уайымды шығарып,үй іші тұрмыстың бұрынғы феодалдық,рушылдық заманындағы қалпы згеріп бара жатқанын зар етеді.Осы сияқты жалпы күйлерді Мұрат пен Шортанбай екі алуан сарынмен баян етеді.

Мұраттың қалайша жырлағанын әзірше тексетмей өз тұсына қалдырып,біз енді Шортанбай шығармаларына көшейік.

Бұның жырының жалпы аты «зар»,зар заман.Жеке өлеңдерінің өзіне қойған аттары: «Тар заман», «Бала зар», «Опасыз жалған», «Осынша азды ел неден», «Байды құдай атқаны»деген сияқтылар болса, соның өзіде бұның тұсында,ы әдебиет бағыты қандай өріске бет алғанын көрсеткендей болады. Шортанбай жоғарыда айтылған ескішіл,феодал-жуанның көңілдесі,мұңдасы,санашылы боп көпшілік бұқараға қарай аяқ басқанда,ең алдымен діншіл,ескі салт-әдетшіл,ескі жоушыл боп кеп араласады.

Бұның осы ерекшелігі,шығармаларының ішкі мазмұны мен сыртқы қалпынан тұтас көрінеді.Көрінгенде,әсіресе Бұқармен салыстырған уақытта оқшауланып,өзгешеленіп кеткендей болады. Бұқар өз тұсында көншілік-бұқараға ұғымсыз,түсініксіз боп рнаулы өз тобына,өзінің тұстарына ғана сөйлесе,Шортанбай шамасы жеткенше сол көпшіліктің бас аяғына түгел ұғымды болуға тырысады.

Сондағы нық ұстаған таяғының бірі-дін. Қожа,молда, ишан, сопы атаулының ұғымындағы қараңғы наным-фанатизм діні.

Атамыз адам пайғамбар,

Топырақтан жаралды:

************

Малдан зекет бермеген

Аузына құдай кірмеген,-

деп «Бала зардың» ырғағын осыдан бастайды.

Қазақ әдебиетінде дін сарынын алғаш бастайтын  ақын осы Шортанбай болса,бұл өзі мұсылманшылықты исламның дін кітаптарынан алған адам болады. Ең алғаш жазып жырлаған,оқыған ақында осы болуға ылайық.Бірақ сонын кітап жолындағы ұстазы,үлгісі: Орта Азия мен иран,араб сопылары. Орта Азия топырағында Х11-Х111 ғасырларда жарыққа шығып кейінге көп ғасырларға желісін таратып келген «тас жауып» сарыны қазақ әдебиетінде Шортанбайды өз мүриті қып алған сияқты. Әрине бұның себебі құр ғана еліктеу емес.Бір кезде «сопылық» ақындығын туғызып өрістетіп келген Орта Азиядағы шаруашылық,қоғамдық,тарихи жағдай-Шортанбай тұсында қазақ топырағында да,өзіне лайықты жағдай тапқан болу керек.Ол жағдай жоғарыда айтылған,Шортанбай шығармаларын тудырған,Шортанбайдың салт-сана бағытын тудырған жағдай болады.

Осы жағынан қарағанда Шортанбайдың зар-замандарының көп үлгі,көп сарыны Қожа Ахмет Яссауидің «Дивани қиқметіне» ұқсайды. Сондағы сияқты Шортанбай да қазіргі өз тұсындағы өзгеріс,жаңалықтың барлығын «ақырзаман нышаны » деп көрсетеді.

Һәр нәрсенің болжалы

Бірте-бірте таянды.

 

Алдаушы жалған дүниенің

Алдайтұғын бұлы бар,- демектің барлығы,бұл дүниеден ақыр заман ғаламаттарын іздеу. Басы осыдан басталып,Шортанбайға сұмдық боп көрінген неше түрлі алуан «жаман» нышан,құбыжық белгілер кетеді.Соның бірі:

Зәкүн айтып қатын тұр

Қойнында жатқан еріне.

Зарланып тұрған әйелдер,

«Қосылғам жоқ» деп теңіме.

Тағы бірі:

Қайыр кетіп байлардан

Бұзауға ақша беріп тұр.

Пәлен теңге топырақ боп

Тиынға тиын болып тұр.

Ел билеген жұрттан тағы осындай белгілер көрінеді:

Елу басы-он басы

-Ол шайтанның жолдасы…

Ендігі байға мал бітсе,

Шайдан басқа асы жоқ,

Жақыныннан басқа қасы жоқ,

Ендігі мырзасы-

Залымдардың сырласы,-

боп шығады.

Жаңалық арқылы бұйыр,бақ,байлық алған әмірші таптың хәлі осы.Осылар үстемдік қылған заманның неше алуан бұрыңғысы үйлеспейтін жат,құбыжық кейпі осы.Сонымен қатар зі алғаш үйлескен,үн қосқан тобының мұңын көпке,бұқараға шақпақ боп келген,сол себебті бұқараға шаққанда әуелі сол бұқараның өзінің өз мұңын айтып,оның да қышыған жерін қаси кеттеді.

Онымен күйі қосылып,жалпы наразылықты айтпақ болған соң әуелі көптің жері кетіп,күйзеліп жатқанын айтып:

Кедей қайтып күн көрер?

Жаз жатақта жатқаны,

Жаздай  арық қазғаны

Күздей пішен шапқаны:

Ішіп жемдік болмайды

Оны-мұны тапқаны.

Аш-жалаңаш бейнетпен

Жүдеп арып,талады.

Бір ешкісі бар болса-

«Шығын» деп тілмәш алады.

 

 

Кедейге салып «шығынды»

Араны бидің тояды.

Қағаздатып бұзауын,

«Ноғайына» қояды…

деп жалшы,батырақтың таптық жоғын жоқтап та кетеді.

Бірақ бұларға қарап Шортанбайды төңкерісші, жаңа бағыттағы тап наразылығын білдіруші ,я тұтас бұқарашыл ақын деуге болмайды.

Жаңа бағытқа түсіп үстемдік алып кетіп  бара жытқан жуан шонжар мен жаңашыл сауда байына,есінен,мүлкінен,бұрынғы жоқ дәрежесінен айырылып,құлдилап бара жатқан,бұрынғы үлгідегі феодалдың мұңын әкеп,сол бұқараға көпшілікке шағады. Сол шағым үстінде онымен ұғыстыратын тіл таппақ болады.Соңы барып,жаңағы бұқара күйін қорғай өтеді.Бірақ сол көктей шаншып көп мұңның бәрін ең әуелі жоғарыда айтылған жаман ғаламаттар,ақыр заман ғаламатынша айтпақ болатын.

Қсиет кетті төреден

Әділдік кетті билерден.

деп кеп, бұрынғы жақсы би кетіп ендігі би азғындады демек үшін.

Кенеуі жоқ кей билер

Құр зорлайды тақпаққа,-

деп сөзінің түп мзмұнында бұрынғы ескі би,ескі хан,ескі заман дәуренді жақтайды.Бірақ ол оралмайды.Сондықтан  дініңді күт,тағы ескі тұрмыс салтыңды күт:

Атаңды сыйла анаңмен

Мекені іздеп таппаққа,

Ұмытпасаң тобаңды

Түскенің түзу соқпаққа,-

дейді.

Жаңа заман байын мінеп-шенегенде жалпы байлық,қанағыштық қалпын еске алып,жоғарыдағы бұқараның жоқшысы боп қана жырламай ма ,жоқ әлде:

Малдан зекет бермеген

Аузына құдай кірмеген

Қайыры жоқ сараңды,-

деп,немесе:

Қайыр кетіп байлардан

Бұзауға ақша беріп тұр,-

деп соның түбі:

 

Залым туған сұмырайлар,

Осылай жұртты еміп тұр,

Шолақ иттей діңкілдеп,

Бір-біріне жетем деп,

Аласұрып еміп тұр,-

дегенде айналып,сараң,мейірсіз байларды ғана аямай жамандау боп кете ме,онысын айыру қиын емес.Негізгі таптық тұрғысы бойынша бұл бай,қанаушы таптан әні алыс ақын емес.Ең болмаса қожа,молда есебінде бұқараны қанайтын бір тайпы.

Бұл байларды дін жолымен зекет беріп,мейірлі мырза болмайсың деп, бұрынғыдан өзгесін,сенен бұрынғының дәуренінде өзі де артық еді,-дейді.

Және осы жәйдің бәрін көпке жеткізе айтып,көптің наразылығы қып сөйлейді.Сол себебті өлеңнің түрі де бұрынғы үлгілерден басқарған,өзгерген болады.

Бұл шығармалар тұтасымен көп оқушы,көн тыңдаушыға арналған,сынау сөзбен,үгіт өсиет сөз.Өсиеті көбінде ескі дін үгіті.Сондықтан ең алдымен тілі мен әніне «пайғамбар» ,«зекет», «меке»  немесе: «Оллаһ ағызам құдай біледі» деген сияқты,болмаса үнемі «залым» деген сияқты сөздердің өзі де арнаулы үгіттік мақсұттан туған.Көппен ұғысу үшін бұл сөйлегенде ылғи ұғым тілімен сөйлейді.Бұқарша «ұқпасаң қой» дегендей қып,аламыш суреттерді көбейтпейді де,тізбейді.Сондықтан бұның жыры ескі жыршылар әдебиетіндегі шешендік,ағындылық,алып ұшпалық көріктерінен айырылған жабайы тақ-тақ өлең боп қана көрінеді.

Оның есебіне бұл ылғи қолға ұстатып,көзге көзсететін,күндегі өмір көрініс мысалдарын айтып,солардың сынын көбейте береді.Олар ақынның көпке ұғымды болам деген талабы үшін ең қолайлы.

Сол орнықты, тиімді, желілі мағынаға, таптық мұратқа әбден қалыптанып,нық байланып туған сөз болғандықтан,бұнда өлең ұйқас да орнықты өлшеулі қалыптарға соғылып отырады.Үнемі айнымайтын бір төсекпен келіп,не қысада ұйқасы көрініп тұрған болады.Сөздің сырт келісімін сонша қумайды.Оған ішкі мағына, мазмұн толық жетсін дейді.Сол себебті дыбыс күйлеу,шындықты тауып ұйқас үшін астын,үстін әкете беретін аллитерация,ассонанс  бұнда болмайды.

Бұл түр мазмұнымен үйлеседі.Барлығы жиылып кеп Шортанбай шығармаларын:ескілік үшін,жаңа жолмен,діншілдік жолмен,жаңа қауым жинап кеп алысамын деген діншілдер және азғын феодал тобының жыршысы айтқан сөз қып шығарады.

1933

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button