![](https://kozhalar.kz/wp-content/uploads/422467181_122187323132008839_625053126140933218_n-1.jpg)
Алла Тағалаға мінәжат
Дүниеден өтер уақытта я Рахман,
Боларын біле алмаймын қандай заман.
Сақтай көр пазылыңменен біз ғаріпті,
Шерінен Әзәзілдің есен-аман.
Денеде неше жылдай тұрған жанды,
Саларсын өлер уақытта қандай хәлде.
Құдая асан қылып шығара көр,
Аманат денедегі шыбын жанды.
Құдая әркім болса өзіңе құл,
Жан берерде хәліне түссе мүшкіл.
Қылмасаң өзің Рахым, Паруардигар,
Қиямет қатерінің әуелі бұл.
Қылмасаң өзің рақым әрбір құлға,
Зәредей ықтияры болмас құлда.
Қабірге не сауаппен барасың деп,
Сұраса періштелер орта жолда.
Білмеймін бар екенін қандай сауап,
Айтармыз мағлұм емес қандай жауап.
Бола көр өзің жәрдем Паруардигар,
Пазылыңмен аз тағатты көпке балап.
Алла деп, қабірстанға қалсақ барып,
Тұрсалар сұраушылар қаһарланып.
Алла бір, Расул бары хақ дегізе көр,
Құлыңды біздей ғаріп пазылыңа алып.
Ғаріптің қабыл болса бұл тілегі,
Қабірдің бұл жаһандай болар кеңі.
Құлыңның жарылқаған қабірстаны,
Деген сөз бар жәннәттің бір бөлегі.
Ия Алла, қиын емес пазылыңа алсаң,
Қамқор жоқ сенен бөлек қайда барсам.
Құдая үмітім бар рахметіңнен,
Қиямет таң атқанын білмей қалсам.
Құдая руз маһшар болған уақытта,
Исрафил ахбар сүрін үрген уақытта.
Қыла көр достарыңның қатарынан,
Қабірден я Алла деп тұрған уақытта.
Болар деп қандай заман қайран қалып,
Тұрғанда біреу шат боп, біреу налып.
Құдая қаһарыңнан мақсатым бұл,
Жамалын Хабибіңнің көрсем барып.
Я Алла қабыл айла ахзарым,
Рауа боп даргаһыңнан қажеттерім.
Қыла көр біз ғаріпке шапағатшы,
Сүйікті Хабибіңнің чаһарярын.
Расулулла Құданың әмірін алып,
Тақтына шапағаттың мінсе барып.
Шапағат үмітім бар қылама деп,
Мүбәрәк біз ғаріпке көзін салып.
Дал болып тұрған уақытта ақыл қайран,
Деп айтса, я үмбетім келдің қайдан.
Қылғай деп бұл дәулеттен бізге нәсіп,
Үмітім бар жаратқан бір Құдайдан.
Атам бар һәм анам бар, бабаларым,
Бар дос, әһлі әулет, пірадарым.
Мүбәрәк ән Әзіреттің құзырында,
Үмітім бар олардың көрсем бәрін.
Сираттан сау – саламат өтіп аман,
Алла деп жәннат сарай болсақ рауан.
Расулдың үмбеттері келеді деп,
Жүгіріп алдымыздан шықса рауан.
Илаһы бихурматы исмі затың,
Һәм және құрметінде сипат атың.
Құлыңның біздей ғаріп я Илаһым,
Бұл қылған қабыл айла мінәжатын.
Етектен көп адамдар мықтап ұстап,
Сираттан өтеді деп бізді бастап.
Көңіліне бейшаралар тоқ санайды,
Кетер деп қияметте қалай тастап.
Қылмасаң өзің Рахым Жаппар Құдай,
Дүниеден ақырет ісі емес оңай.
Сираттан оларды алып өтпек түгел,
Боларын білмеймін өзім қандай.
Қылмаса Тәңірім Рахым асан қылып,
Болмайды қияметте оңай сеніп.
Жамиғ пайғамбар мен әулиелер,
Дүниеден деген емес кеттім тынып.
Тұрғанда бұл дүниеде Қызыр әлі,
Уайымның ортасында халықтың бәрі.
Болған жоқ бұл дүниеде қатері жам,
Ән Әзірет – екі әлемнің пайғамбары.
Көбейіп күннен-күнге қайғы қамы,
Көзінің жылауменен кетпей намы.
Жатамыз таң атқанша ғафлатпенен,
Қам сүттің аузымыздан кетпей дәмі.
Қарамай қатасына құлдарының,
Жарылқа, я, раббана бәрін аның.
Болсада күнәһім көп, сауабым аз,
Үмітім рахметіңнен көп дүр сенің.
Көбейіп қарасынан шаштың ағы,
Көздерім нашар болды және тағы.
Боларын қандай заман біле алмадым,
Өмірдің болып қалды ақыр шағы.
Жігіттік мүсінінің бәрі кетіп,
Барамыз алпыстан һәм және өтіп.
Аяқты үзеңгіге салып тұрмын,
Алланың даргаһына такия етіп.
Болса да Қызыр жолдас бұл дүниемен,
Пенденің үміті ол дүниемен.
Иманның нәсіп қылып абыройын,
Құдайым аттандырғай бұл дүниеден.
Қыздар һәм ұзатылса өз үйінен,
Барғанын жақсы көрер көп бүйіммен.
Алдымнан қыз әйелдер шыққан уақыт та,
Оларға жолықсам деп абыроймен.
Бұл сөздің тымсалына қарағанда,
Біздер һәм қыз мысалы бұл ғаламда.
Мысалы жасауы көп қыздай қылып,
Сауаппен барғыза көр Құда анда.
Ақшасы көп адамдар барса базар,
Бұйымның көңіліндегі бәрін алар.
Жоқ болса әр адамның қаражаты,
Адасып ақылынан аң-таң болар.
Сауабы көп адамдар көрге барса,
Пазылына Паруардигар және алса.
Алдында хур-ғұлман қызмет қылып,
Аң-таң боп ғажап емес қайран қалса.
Бұл уақыт та һәм сайлдер елге тарап,
Алады әр біреуден хабар сұрап.
Сауаптан қияметте кедей болса,
Таба алмай ешбір нәрсе болар хараб.
Барсада ата менен анасына,
Аға-іні һәм және баласына.
Ала алмай зәредей сауап ешбірінен,
Халайық расуа болар арасында.
Жеткіссе бұл мақсатқа Хақ Жаратқан,
Адамдай болып барсақ сауап артқан.
Келді деп бір жақсы адам үстімізге,
Мүминдер хошшуақ болса бұрын жатқан.
Меһірбан карам айлап ұлық патша,
Жеткізсе бұл дәулетке инша Алла.
Қайғының көңіліндегі бәрі кетіп,
Қабірде болар еді құп тамаша.
Әмір болып жаратқан бір Құдайдан,
Қабірге барған уақытта дүние жайдан.
Мүминде бұрын жатқан жеркендіріп,
Бұл бәле дегізе көрме келді қайдан?
Бұл уақытта һәм бейнамаз жаман адам,
Мәжіліске жетіп барсаң қойып қадам.
Қылғандай мысалындай болса керек,
Бір құмалақ бір қазан сүтті харам.
Жақтырмай отырғаның бірде-бірі,
Сөйлесуге күрмеліп келмес тілі.
Мал жаның лажсыздан аман ба деп,
Асығып құтылғанша тартпас ділі.
Бір намазхан жақсы адам ашық жүзі,
Муруатлық мулайм шырын сөзі.
Әр мәжіліске кез келіп жолы түссе,
Қадірлі инша Алла болар өзі.
Бұлай деп біз айтқанмен ай жарандар,
Қалайтын әр мәжілістің адамы бар.
Басында сәлдесі бар сопы көрсе,
Жек көрер әр нәрседен кәпір адамдар.
Есітіп ғалымдардан білдім аны,
Адамның пасық, фажыр ең наданы.
Олардың сухбатында көп надандар,
Балықтай суда жүрген кірер жаны.
Әр жерде бірдей емес жанның бәрі,
Бірдей қып жаратқан жоқ Жаппар Ғани.
Бағзылар тауфиқланып ғибрат сөзге,
Бағзылар тауфиқланбай кетер ары.
Көріп ем «Абаса» ның тәпсірінен,
Басқа һәм кітаптардың әр бірінен.
Ер-қатын, аға-іні, ата-оғыл,
Маһшарда қашады деп бір-бірінен.
Агаһ қып, құлдарына Паруардигар,
Мүбәрәк каламында берген хабар.
Олардың бір-бірінен қашпағында,
Деп айтқан екі түрлі себебі бар.
Бір себебі жолықса сауап сұрап,
Не деп, жауап беремін тұрса қарап.
Кінәмді бір себебі көрмесін деп,
Қашпақты бір-бірінен қылар талап.
Уайым сол уақытта қардай жауып,
Ақылы қайран болып кетер ауып.
Жақсы деп қашқанымыз жолыққаннан,
Болған соң бере алмайтын жауап тауып.
Қылмаса өзі Рахым Паруардигар,
Осындай алдымызда әңгіме бар.
Қорлық жоқ мұнан жаман қияметте,
Бірінен-бірі қашса қадірдандар.
Рахым қып Карамыңмен я Зул Жалал,
Құлыңды біздей ғаріп пазылыңа ал.
Қуанып қалар еді қадірдандар,
Құдайым жеткізді деп хурсантланып.
Құдая я патша, я Карим,
Мейірбан я Рауфу, я Рахим.
Болмаса Рахметіңнен бір дарамат,
Зәредей сенімім жоқ амалыма.
Әуелде жаратыпсын Алла өзің,
Келетін не шадым бар менің өзім.
Жатсам тұрсам болады көңіліме тоқ,
Құлыма мейірбанмын деген сөзің.
Ораза, намаз һәм зекет, хайр-ихсан,
Ғаріптерге рахым қылса инсан.
Маһшарда инша Алла күнге жарар,
Істесе ықыласымен әр мұсылман.
Илаһы бихурматы исмі атың,
Һәм және құрметінде сипат затың.
Еш Рахметіңнен наумид қылма,
Құлыңның қабыл айлап мінәжатын.
Икрам ишан назымдары. Құрастырып аударған: С.Саттаров, Қ.Абытов, Шымкент 2023. 304 б. алынды