Білген Шайыр айтады

Сұлу сырдың сүлейлері

Сұлу сырдың сүлейлері

«Даңқы кеткен ту алыс, суындай Сырдың қаптаған»-деп Кенжеқожа Қалмырзаев дәріптеген Қуаныш Баймағанбетов ақынның артында көптеген мұрасы қалыпты. Ол Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Аманкелді атындағы кеңшарда туған. Ерте сауатын ашқан. Теміржол  жұмысшысы (1919–1925), бастауыш мектеп мұғалімі (1925–1945), кітапхана меңгерушісі (1945–1960) болып  істеген. «Мәрия – Мағауия» дастаны 1926 жылы «Әйел теңдігі» журналында басылды. «Ақындар шашуы» (1927),  «Ленин» (1928) жинақтарында өлеңдері шықты. 1929 жылы «Кедей жыры» деген атпен өлеңдерінің жинағы  жарық көрді. «Аңламас батырдың оқиғасы», «Сағит пен Сағат», «Қаңғыбас Сандыбадтың ертегісі», т.б.  дастандарында ерлікті, достықты, махаббатты жырлайды. Иса Байзақовпен (1925), Айтбай Дүйсенбаевпен (1957)  айтыстары бар. 1948 жылы республикалық ақындар айтысының бас жүлдесіне ие болды. «Шаһнама», «Мың бір  түн» оқиғаларының ізімен жыр жазған. Соғыс жылдары жазған «Тас жарған шындық» атты поэмасы заман мен  адам мәселесіне арналған. Ауыз әдебиетінің үлгілерін, Сыр бойы ақындарының, Отан соғысы жауынгерлерінің  өлеңдерін жинауға көп еңбек сіңірді.

Қ.Баймағамбетов жинаған ауыз әдебиеті үлгілері «Стамбек», «Қым-қиғаш», «Жүсіп – Зылиқа», «Мария –  Мағауия», «Мұса пайғамбар», «Сандыбадтар жер сапары», «Андамас батыр оқиғасы», т.б. қисса-дастандар ҚР ҰҒА-ның Әдебиет және өнер институтының қолжазба қоры мен Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы.

 

Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері

 

Сыр суы сырғып аққан Тянь-Шаньяннан,

Сарқылмас сағасы арна, сан заманнан.

Басы-тау, аяғы-Арал байтақ дала,

Ел-суын емін-еркін пайдаланған.

 

Суретті сұлу Сырдың бойындағы,

Толғайын білгенімше ойымдағы.

Жаз болса жасыл орман гүл безенген,

Қуанған соны көріп ой ырғағы.

 

Екі ұлтты Сырдың суы аралайды,

Өн бойын Өзбек, Қазақ жағалайды.

Жағалай жапырақты жасыл орман,

Орманда аңдар өсіп балалайды.

 

Бойында сыр суының түрлі қызық,

Сырды айтсам желдей есем, жырды ағызып.

Атақты аттары бар мұралары,

Айтайын білгенімше атын тізіп:

 

«Қасасар», «Жетімасар», «Күмісқорған»,

«Құлыке» ескі мұра көптен қалған.

Қаланың Ақ мешіттей крепосын-

«Жай екен,-дейді үлкендер-Қоқан салған».

 

Түркістан ел аузында ескі мұра,

Атақты аты мәлім Қорқыт бұ да,

Сыр бойы сақтап мәңгі, орын берген-

Құндақтап қойнына алып біржолата.

 

Аңырап Асанқайғы Келес келген,

Асқар тау асып талай белестерден.

Жер шарын тауысқанда, қойнын ашып,

Келгенде: «Келес-кетпес» кеңес берген.

 

Арқа, Сыр бәрін кезген Асанқайғы,

Тарихта тараулар көп Асан жайлы.

Келеске келіп марқұм опат болған,

Келестей таппаған кең Асан жайды.

 

Сан сүлей сұлу Сырдың саласы бар,

өн бойын өрлей салған қаласы бар.

Күнбе-күн күндей күліп гүл жайнаған,

Бетпақ шөл бақытты көл даласы бар.

 

Бал тамған таңдайынан ақын да өтті,

Жаппас та Жанқабылдай батыр да өтті.

Қан құмар хан Кене мен ол Наурызбай:

«Қырылып, сонан қорқып қашқан»-депті.

 

Нысанбай асқан ақын жүйрік жүзді,

Тарихта орны қымбат мұның бізге.

Хан Кене күшпен зорлап алып кеткен,

Ақындай қыздың жауыз жүрген дүзде

 

Асқанда ала кеткен Ала тауға

Алмаса айтқан тілін ажал сауда

Күш беріп соғысқанда жырлап түр деп

Айқайлап түседі екен қан бояуға

 

Шешенің шек болмаған шеберінде

Өрт, жалын от болыпты өнерінде.

Тілі деп Нысанбайдың түпке жеткен

Хан Кене айтып кеткен өлерінде.

 

Жауынгер Жалбыр, Мәмбет Сырды жайлап,

Қан төкпей жауын жеңген тірі байлап.

Ардақта батырлардың атап атын,

Үлкендер отыратын айтып, сайрап.

 

Қыстаубай өткен батыр Шәмекейден,

Ел үшін қанда көйлек күнде киген.

Қыпшақтан төлеу төлеп, өліп ақыр.

«Боқты өлең» деген жерден орын тиген,

 

Қарабай, Қарымсақ пен Көккөз батыр,

Тарихтың таңбасындай көп сөз жатыр.

Қамалын Қоқандардың жеті бұзған,

Жасқанбай жауды жойған ноян батыл.

 

Бұдабай Сыр бойының сүлейі еді,

Ақынның аса күшті дүлейі еді.

Өшпейтін өрен жүйрік сөз қалдырған,

Шешенің шеңбері кең біреуі еді.

 

Бұдабай ұлы жүйрік Сыр бойында,

Өлген жоқ оның сөзі ел ойында.

Айтысып Қарлығаштай қызды жеңген,

Қалмады не шешендер жер қойнында.

 

Орта жүз Шашты руы Қыпшақтағы,

Біледі бүкіл қазақ бұл уақтағы.

«Жеңілген жері жоқ,-деп –еш ақыннан»,

Сыр халқы сынап әбден шын мақтады.

 

Күлдірлеп Күдері өтті, Таспаменен,

Айтысқан талай жүйрік қасқаменен.

Айтысып Ұлбикемен-үздік шыққан.

Тең таппай теңесуге басқаменен.

 

Бұл Сырда пәрмен жорға Палман да өтті,

Еш болып есіл сөздер арманда өтті.

Палау қыз, Жұбатқан қыз, Қызтумас пен

Айтысып сан думанда самғап өтті.

 

Қайнаған аузан ашса өлең қаптап,

Ұстаған не жүйрікті бір-ақ аттап.

Не пайда, қағазда жоқ қалған сөзі,

Бар аздап жұрт аузынында жүрген жаттап.

 

Ақын деп ел мақтайды асып кеткен,

Жол жорға, жортақыны басып кеткен.

Үйлерге Палман барған жолай алмай,

Ақындар байшыл, бишіл қашып кеткен.

 

Кеншімбай кені жырдың өткен Сырда

Айтысқан Ақсұлудай қызбен бұл да.

Тек қана мен Сыр бойын айтып тұрмын,

Әйтпесе, жоқ демеймін ақын Қырда.

 

Әнші әйел қандай еді Қараторғай?

Қонбады әні жерге дала толмай!

Сылдырап сұлу Сырмен қосылды әні,

Қазірде бағалы әндер санаулы ондай.

 

Жорықбай жойқын жүйрік өтті кеше,

Жырында болдық-айтқан әлденеше.

Бейне бір жаттап алған төл сөзіндей

Айтулы ақын еді ол тым өзгеше

 

Сексенге жасы келіп тақалғанда,

Қай жерге қаймықпаушы еді апарғанда.

Оқ сөзі өзін ұрды, өлді жаудан,

Қахарман кәрі тарлан аталғанда.

 

Кетеде Шараяқтың Омары өтті,

Өлгенше өлең, жырды жоғары етті.

Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,

Тұрымбет бес Бозқұждан бұлар да өтті.

 

Топ бастар Тұрмағанбет тұлпар еді,

Самғаған самұрықтай сұңқар еді.

Астасқан бүкіл Шығыс тарихымен.

Сөзіне сырын сезген іңкәр еді.

 

Баласы Қадырберген Қаңлы Жүсіп,

Нақыппен сөз жарысқан бірдей түсіп.

Бәйге алған жүйріктер көп Сыр бойында.

Жиында жүлде бермес сөз жарысып.

 

Таубайдың Жүсібі өтті төмендегі,

Ерімбет Қарасақал Шөмендегі.

Сарыбай Әзілкеш пен әм Құлназар,

Шегебай, Бәйім, Сайын өрендері.

 

Сарыбай, Сәдір өтті, Бекішпенен,

Жері жоқ жедел сөзге жетіспеген.

Аралда Жаңаберген өтті және

Бұлармен ақын талас етіспеген.

 

Белгілі барлық Сырға Балқы, Базар,

Әйгілі Шөмендегі ақын Назар.

Әлібек, Асқар жырау Молдахмет,

Тұрманды тұлпарлар ед топтан озар.

 

Бұлардың әрқайсысының дәрежесі,

Берілген көпшіліктен бар бағасы.

Әр жерде аңсағанда айтылып жүр,

Сұлу ән Тасбергеннің «Маңрамасы».

 

Жиенбай жыр бұлағы Кетедегі,

Шәкірт қып көп шайырды жетеледі.

Баласы қазірде бар Рүстембек,

Демейді: Жиенбайдан бөтен еді.

 

Баласы Ешнияз Жүсіп ақын,

Адам аз білмейтұғын Жүсіп атын.

Қалам мен домбыраға бірдей еркін,

Жел сөзден жері жоқ ед қысылатын.

 

Шіркін-ай, домбырамен сайрап тілі,

Ән қандай, әсер қандай айтқан жыры.

Мазарап саннан саңлақ әнмен күйге

Ешнияз Жүсібінің тұған ұлы.

 

Атақты Орта жүзде Нартай ақын,

Адам аз білмейтұғын Нартай атын.

Айтысқан ақындарын жеңген жүйрік.

Өлмесе емес еді қартаятын.

 

Нартайдың ағасы еді Мансұр ақын,

Айтуға арзан сөзді арсынатын.

Айтысып қыз Дәмедей қызды жеңген,

Анықтап айтсақ шынын, аршып атын.

 

Қажымұқан жер жүзінің палуаны,

Айтайын риза болсын «аруағы»

Қабыры Сыр бойында, Қырда туған,

Қандай ел Қажымұқанды танымады.

 

Керейттің тіл шебері Келдібайы,

Белгілі барлық жүзге мұның жайы.

Бітірген нардың пұлын, ердің құнын,

Аз сөзбен елдің дауын, келсе ыңғайы.

 

Үш жүз боп аста, тойда ел білгенде,

Топ-топ бол ұру-ұру көрінгенде,

Жүйрік ат, күшті палуан, атқыш мерген,

Осылар ұлттық дәстүр біздің елде.

 

Сүлейлер, міне осылар Сыр бойында,

Жатпаған сұлу Сырдың кім қойнында?

Көл қаптап көктей өсіп теңіз болмақ,

Жойылмас бұлар қазна ел ойында!

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button