Білген Шайыр айтады

Ер Мағзаманның әлім-шөмекей-аспан елін жаудан қорғағаны туралы сөз

Әлім-Шөмен-Аспандар,

Жау тиген соң бүлінді.

Сыңсып жатқан қалың ел,

Нысанаға ілінді.

Жүздеп, мыңдап боздақтар,

Жау оғынан қырылды…

Бейбіт жатқан қалың ел,

Осындай іске ұрынды.

Қалың шүршіт жырынды.

Семсерлері жарқылдап,

Ішке қарай сұғынды…

О, оқушым, тыңдаңдар,

Жалғастырам жырымды.

Ала ауыз боп батырлар,

Бірігуді ұғынды…

Аспан-Жақаш батырың,

Қалың әскер жинады.

Әлім-Бақаш батырың,

Қалың әскер жинады.

Жаудың қалың әскері,

Қамап жанды қинады.

Жаудың қалың әскері,

Жеріме мынау симады.

Жау Аспанды қоршады,

Жау Шөменді қоршады.

Жау Әлімді қоршады.

Қоршаған соң жау келіп,

Елде үрей басталды.

Бақаш батыр жинады,

Жиырмадағы жастарды.

Жақаш батыр жинады,

Он тоғыздағы жастарды.

Әлім-Шөмен бірікті,

Жауды сөйтіп ірікті.

Іріккен соң шүршіттер,

Бастамады бүлікті.

Дұшпан қалың қол жиды,

Жинағанда мол жиды.

Таң атқан соң қалың қол,

Алға қарай жылжиды.

Әлқисса. Осы кезде Жақаш батыр мен Бақаш батыр әрі ақылдасып, бері ақылдасып Мағзаман батырға хабар жібергізді. Әлім-Шөмен еліндегі болған қырғыннан хабар жеткен соң Ер Мағзаман атқа қонды.

Қызылкүрең тұлпары,

Алға қарап ұмтылды.

Тұяғынан қара жер,

Тілімденіп жыртылды.

Айлық жерді Қызыл ат,

Бір-ақ күнде жүрді кеп.

Сөйтіп күші сарқылды.

Сарқылғанмен Қызыл ат,

Күшін қайта толтырды.

Мағзаман келсе далада,

Жер қайысқан қол тұрды.

Шауып келіп Мағзаман,

Жау батырын өлтірді.

Сонан ұрыс басталды.

Ер Мағзаман семсермен,

Шайқасып жүріп жау менен,

Тәубесіне келтірді.

Мағзаманға бір кезде,

Жиырма шүршіт жабылды.

Ақырғанда Мағзаман,

Жүретін жер тарылды.

Он шүршіт барып жер құшты,

Он шүршіттің басы ұшты.

Мағзаманға бір кезде,

Отыз шүршіт жабылды.

Ақырды сонда Мағзаман,

Шүршітке жер тарылды.

Он бесі кетті қаңғалап,

Ашуланған Мағзаман,

Он бесін кесті жаңқалап.

Мағзаманға бір кезде,

Қырық шүршіт ұмтылды.

Онының басы қырқылды,

Оны қорқып шыңғырып,

Жүректері жыртылды.

Ұрыс болды біртүрлі,

Мағзаманға бір кезде,

Елу шүршіт жабылды.

Елу шүршіт қоршады,

Мағзамандай батырды.

Мағзаман сонда ақырды,

Мағзаман батыр көмекке,

Жолбарысын шақырды.

Жолбарыс келіп көмекке,

Шүршіттерге атылды…

Мағзаманды бір кезде,

Алпыс шүршіт қоршады.

Зулап келіп бір шүршіт,

Мағзаманға қол салды.

Мағзаман қалды қылғынып,

Қолында семсер тұр сынық.

Семсермен жауды ұрғанда,

Қалыпты семсер шарт сынып.

Жолбарыс келді ақырып,

Секіріп келді шүршіттің,

Желкесіне тісін багырып.

Шүршіт жаман өкірді,

Жолбарыс келіп тістелеп,

Елуін жұлып өлтірді.

Мағзаманды бір кезде,

Алпыс шүршіт қоршады.

Қоршаған соң алпысы,

Мағзаман әбден шаршады.

Жолбарыс келді көмекке…

Мағзаманға бір кезде,

Жетпіс шүршіт жабылды,

Жолбарыс келді көмекке,

Шүршіттерге сол кезде,

Кең дала да тарылды.

Қалың қолын шүршіттің,

Оң жақтан кеп жапырды.

Аударды сонда жолбарыс,

Он мыңдаған шатырды.

Қалың шүршіт таныды,

Мағзаман деген батырды.

Мағзаман сөйтіп шүршіттің,

Қара таңын атырды.

Қан қылды аппақ тақырды.

Қан болған соң ақ тақыр,

Мойындады шүршіттер,

Мағзамандай батырды.

Мағзаман сөйтіп шүршітті

Қайғыға қалың батырды…

Әлқисса. Мағзаман қызыл жолбарысымен шүршіттермен соғысып жатқанда шүршіт әскерінің соғысқа дайындығын көрмекке келген шолғыншы қазақ сарбазы Мағзаманның жолбарысымен қалың шүршітке ойран салып жатқанын көріп таң қалады да Әлім – Шөмен – Аспан батырларына соғыс барысын жеткізеді.

Шолғыншы сарбаз сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

-О, Әлім-Шөмен сарбазы!

Мағзаман жүр соғыста.

Қалың шүршіт жан-жағы.

Семсерін сілтеп жалғыз жүр,

Жаудың оғы қаңғып жүр.

Мағзаманды бір кезде,

Жиырма шүршіт қоршады.

Ұрыс сап жаудан құтылды.

Мағзаманды бір кезде,

Отыз шүршіт қоршады.

Мағзаман одан құтылды.

Отыз шүршіт өлген соң,

Қалған шүршіт құтырды.

Қалың шүршіт қоршады,

Мағзаманнан ұтылды.

Елу шүршіт қоршады,

Елуін қанға батырды.

Алпыс шүршіт қоршады,

Қоршады да ойлады:

«Мағзаман енді шаршады…»

Шаршаған жоқ Мағзаман.

Мұндай жойқын ұрысты,

Мағзаманға бұрын салмаған.

Мағзаман екен ақылды,

Жолбарысын шақырды.

Жетпіс шүршіт қоршады,

Мағзаман сонда шаршады.

Шаршаған соң Мағзаман,

Жолбарыс кеп ақырды.

Қалың жаудың желкесін,

Кеудесімен басады.

Жаудың місін осылай,

Жолбарыс кеп басады.

Ойран салды жолбарыс,

Ойран салды Мағзаман.

Қозғалмасақ болмайды,

Басқа түсті тар заман.

Ер Мағзаман шайқасса,

Жауын алмай қоймаған…

Әлқисса. О, қадірменді оқушым. Әлім-Шөмен-Аспан әскерлері ен даланы дүркіретіп, қалың шүршітке үр-а-лап тиіседі. Ер Мағзаманның адуынды шабуылынан үрейленіп қалған жау соғыс даласын тастап қашады. Бейбіт елге тиіскен жау бес мың өлігін тастап қашыпты. Сөйтіп Ер Мағзаманның ерлігі қалың Аспан еліне, Әлім-Шөмен еліне, қазақ даласына аңыз боп тараған деседі…

МЕҢДІБАЙ ӘБІЛҰЛЫ

БЕС ТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ I том

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button