Білген Шайыр айтады

Мәделі қожа (дастанның жалғасы)

(жалғасы)

«Бір тұтам қу құйрығы» дейді халық,

Қулық пен абыройға ешкім болмас қарық.

Қошеметшіл қу атақ алғандарың,

Ақыры жақсы болмау айдан анық.

 

Әулетін Әздерханның аз деп айтар,

Қу атанған болмайды мәз деп айтар.

Қу-залым, опасыздар – ағайынды,

Ұялас бір бірімен сөз деп айтар.

 

Мырзаби қырғынында Асқар датқа,

Сырт беріп кеткен екен Ташкен жаққа.

Басында дүрбелеңнің болды деген,

Ие болып қалмайын деп жаманатқа.

 

Дау тағдырын шешуге дайындалып,

Істің ауыр екенін мойынға алып.

Асқар хабар күтуде баласынан,

Күніне он ойланып жүз толғанып.

 

Жәбек би Ордабасы маңында боп,

Мырзабиді қабылдау қамында боп.

Сыр бермей сырттан келген зекетшіге,

Қызмет еткен бектердің жағында боп.

 

Жәбек Асқар датқаға жедел жетіп,

Береді болған жайды әңгіме етіп,

Қазынашы да Беглербек құзырына,

Жағдайды хабарлайды мәлім етіп.

 

Асқар датқаны алдырып Беглербегі,

«Ойлаушы едім елге ие ер деп сені,

Есер қаптап кеткен бе ел-жұртыңды,

Баянда қалай дейді мұның жөні?»

 

Тік қарап Беглербекке Асқар датқа,

Есері жоқ демеймін дүйім халықта.

«Адам аласы – ішінде, мал аласы –

сыртында» деген сөз бар қазақ, сартта.

 

Не айып бар мал жайған момын халықта

Ел риза еңсені езбес алым-салыққа.

Сұмдық қой «қыздан зекет бергін» деген

Сыймайтын шариғат-заң, дәстүр-салтқа.

 

Осы бір жәйтті ептеп сынаған боп,

Бұл сойқан маған деді ұнаған жоқ.

Ордамның ойран боп құлағанын,

Есіттірді Жәбегім жылаған кеп.

 

Бұл істің біліп түгел мәні жайын,

Кең түрде өзіңізге баяндайын

Телі менен тентекті тезге салу,

Ісінен қызметімді аянбайын.

 

Деп Асқар айтып сөзін мәмілелі,

Беглербектен күтті тың әңгімені.

Бек айтты асханадан ас-су ішіп,

Еліңізге қайтыңыз енді деді.

 

Жетеміз біз де жедел артыңыздан,

Сіз жағдайды білгенше халқыңыздан.

Жан-жақты істің жайын анықтаңыз,

Кімдер екен іріткі сап, елді бұзған?!

 

Ой келіп көңіліне зымияндық,

Ойдағысын бүкпелеп рия қып.

Бұл жайдан тым хабарсыз емессің деп,

Бетіне баса алмады айтып анық.

 

Қараған боп қасы мен қабағына,

Ас-су іш те жет жедел Бадамыңа.

Деп жіберді Асқарды асханаға,

У қосқызып жейтін ас-тағамына.

 

Алаңсыз тамақты жеп мініп атқа,

Ташкеннен аттанды енді Бадам жаққа.

Жете алмай ел шетінен Еспесайда,

Жан тәсілім қылады Асқар датқа.

 

Ақ жауып аруланып Асқар датқа,

Жерленді Қызыр жатқан зияратқа.

Мырзабидің даулы ісін тындыруда,

Мәделі қолға алды енді сиынып һаққа.

 

Мырзахмет Мырзабидің өктемдігін,

Ауырлап ел арқаға көшкендігін,

Әулие-ата маңында Мырзахмет,

Қосынымен қоршауда қап кеткендігін,

 

Есітіп Құдиярхан Қоқандағы,

Су сеуіп басыңдар деп оталғанды,

Ағасы Моллабекпен Шадман қожа,

Мыңбасыны жіберді басалқалы.

 

Мұхаммад-Салық деген тарихшының,

Жаһаннама тарихы шын мен сырын,

Жариялап жаңа Ташкент тарихында

Баяндапты Мырза би озбырлығын.

 

Сіргелі, Қоңырат Шымкент маңындағы,

Рулар бас көтеріп тегіс бәрі,

Мырза би зекетшіні жасағымен,

Өлтірген деп кітапта жазылган-ды.

 

Сарбазымен Мырзахмет Беглербегін,

Осы деп сендердің де өлер жерің,

Құтылмастай қоршауға алғанында,

Моллабектер келтірген істің жөнін.

 

Мыңбасы Шадманқожа, Моллабек те,

Қарсы күш қолдана алмай қалың көпке.

Қабылдап қазақтардың талаптарын,

Бостандық алған дейді Мырзахметке.

 

Осылай тарихтағы деректеме,

Демес жұрт тың деректі керек неге.

Қазақтың бай тарихын жазу қиын,

Араб, парсы, түркіден бөлектене.

 

Кетсек те орыстанып, қытайланып,

Бастан бұлт тарқар бір күн жайланып.

Олжастың «Әліп және мені» сынды

Ат қазығын табуы һақ түбі айланып.

 

«Тарихы жаһаннама» — жаңа Ташкент,

Парсы тілде жазылған екен еңбек.

Парсы тіл дариясының айдынына,

Көсіле жүзе алмадым құлаш сермеп.

 

Қоқанның тарихын тек етіп ермек,

Өлең менен суреттеп болдым бермек.

Бетінен алпыс сегіз оқып алсын,

Талаптылар болса егер көзбен көрмек.

 

Бадам келді – Моллабек, Шадманқожа,

Алсын деп айыптылар әділ жаза.

Жанында бар Мырзаби қарт анасы,

Қаралы баласына тұтқан аза.

 

Мырзабиді өлтірген кім дегенде,

Таппады жауап берер елден пенде.

Көлденең көк аттыны тергеуге алып,

Ат ойпатты ой менен өрдегі елге.

 

Мәделі бұл жағдайдан хабарланып,

Шадманқожа мен Молдабекке барып.

Жауабын тізіп жырмен айтқан екен,

Бар жазаны өзінің мойнына алып.

«Қарағашты Ташкеннен

Мырзаби деген бек шықты.

Екі иінін жеп шықты,

Қатын менен қызыңнан,

Зекет бергін деп шықты.

Қоқанның бейбас бектері,

Жәбек бидің үйінде,

Қымызға тойып балқып ап,

Қазы менен қарта жеп,

Отырған кезде шалқып-ақ,

«Асқанға-тосқан» осы деп,

Бектердің бастарын кескенбіз,

Шариғаттың шарты ұнап».

 

Байқадық жауабыңды бізге берген.

Ер екенсің туылған түздегі елден.

Ханға қандай жауапты берер едің,

Жағдайды көзбен көріп тілге келген.

 

Дегенде Молдабекке қарап батыр,

«Өлген жанның басында — заман ақыр».

Тірлікте шариғаттан шалғай шығып,

Дер едім заман қайда бара жатыр?

 

Деп термелеп жыр менен жөнеледі,

Өлеңмен жауап беру өнері еді.

Тарихат-шариғаттан хабары мол,

Кемеңгер ақыл ойы терең еді.

 

«Бұл жерден үш жұрт өтіпті:

Парсы, дари, қызылбас,

Ақтабан ноғай, қалмақ-ай —

Төртіншісі біз едік,

Бізге де түсті салмағы-ай.

Бектеріңнің қорлаған,

Зорлығына шыдамай,

Көшті елім жапа-тармағай.

Адамға тән ар-ұят,

Бектеріңде қалмады-ай.

Атадан қалған жол ма еді,

Қу нәпсіге құл болып,

Хайуандай тоят алмақ-ай.

Біз білмейтін болмаса,

Шариғатта бар ма жол,

Қыздан зекет алмақ-ай?

Айт десең айтып берейін,

Ақ шындықты айтудан,

Тіл мен жағым талмағай.

Жазықсыз елді жазғырма,

Айыптың тұр алдыңда.

Мырза биді өлтірген,

Басын кесіп алмадай.

Кессең кес, кешсең міне бас,

Шариғат жолын сара дер,

Даңғыл жатқан сарнап-ай —

Жарлы менен байға да-ай,

Қара менен ханға да-ай!”

 

Мырзалар шариғаттың бұзып шартын,

Айтқан соң қарғыс-нағлат жалпы халқым.

Өлтіруге айыпты бір менмін деп,

Мәделі түйіндейді сөздің артын.

 

Сол кезде бас көтеріп азалы ана,

Ісіне перзентінің ызалана.

Алла алдында баламның кештім қанын,

Жүрмесін депті бір жан жазалана.

 

О, баста пайда болып озбырлықтан,

Халық қарғысын алыпты зұлымдықпен.

Деп әділ үкімін айтыпты ана,

Қаралап Мырзабидің тегін шыққан.

 

Моллабек пен мыңбасы Шадманқожа,

Мәделіге жоқ депті саған жаза.

Көтеріле көшкен елді қайтарғанда,

Ісіңді атқара бер депті таза.

 

Мырзаби дауы осылай тынса дағы,

Жалғасып Қоқан менен бір сабағы,

Мырзабидің туысы Мырзахметтің,

Көңілінде кек бар кетпес қуса дағы.

 

Өткен соң дүниеден Асқар датқа.

Мәделі орнын баспақ мініп атқа,

Деген сөз етек алып ел ішінде,

Жайылады ағайын жамағатқа.

 

«Асқардың жас тоқалы Ақбалдақ та,

Ойы бар деп Мәделіге қосылмаққа.

Мәделі де танытып жылы шырай,

Кет әрі дей алмапты асыл затқа».

 

Деп айтқан өсек тарап ел ішінде,

Айналып көп мәселе терісіне

Жәбек бидің тиіп бұл намысына,

Айналады жаңа дау өрісіне.

 

Анамның бар тисе егер – әмеңгері,

Айналып кетпесе егер заман кері.

Жол болсын жамағайын Мәделіге,

Басына бере ме деп адам тегі.

 

Әкемнің дәрежесін армандаған,

Мәделі деп ордамды ойрандаған.

Асқарды силайтұғын ұлықтарға,

Қыйғыштап мәселені қойған жолдан.

 

Сөзімнің айтыңдар деп дұрыс жерін,

Немесе шектен шыққан бұрыс жерін.

Салады ағайынның талқысына,

«Теріс дегі Мәделінің бұл істерін.

 

Ағасы Мәделінің Ысмайыл,

Жан екен сөзге шорқақ қарапайым.

«Адам деген әуірін бүйтемін» деп,

Ақбалдаққа аңдатқан сөз райын.

 

Ақбалдақ ару екен ақылы асқан,

Ағайын кешір депті жазым бассам.

Асқар датқа інісі Әлімге жұрт,

Неке қиып жеңгесін екен қосқан.

 

Жәбек би бітіспейді бұныменен,

Ақ орда көкке ұшуы күлі менен.

Терең кетсем әкемнің өліміде,

Болды дейді Мәделі тіліменен.

 

Бедел мен абыройын алға салып,

Әкемнің мерт болуы бектен анық.

Мәделі мақсатына жетпек дейді

Әкемнің амалдарын өзі алып.

 

Дау жайы барған сайын шиеленіп,

Аққа қара жағылып күйеленіп.

Ташкен асып Қоқанның мыңбасысы,

Мырзахметке жетеді жүйеленіп.

 

Оңай жау емес деп ол түз дегенің,

Жерден тапты көктен ол іздегенін.

Мәделіні тұтқынға алу жайлы,

Іске асырмақ көптен ол көздегенін.

 

Зұлымның алауыздық ұнағаны,

Ынтымақ ауыз бірлік туа жауы.

Тас-түйін түздің елін ірітетін,

Өзіне өзін салу бір амалы.

 

Жат жұрттықтар түз елге қадау етіп,

Түнде адаспас самала алау етіп.

«Бөліп ал да, билей бер» қағидасын,

Пайдаланған жанына жалау етіп.

 

Қазақтың біліп ең бір осал жерін,

Қарсы қойып руға рулы елін.

Жік-жікке бөліп тастап жегідейін,

Ішінен ірітудің білген жолын.

 

Қоқаны да, қытайы, орысы-да,

Қазақтың көзін тігіп қонысына.

Басып алып шырайлы кең даласын,

Байлығын тонау мақсат болмысында.

 

Тұтқындағы ой өрісі үздіктерді,

Мәңгүрт етіп көшпенді түздіктерді.

Мақсаты жұрдай ету тіл менен дін,

Елдік пенен ынтымақ, бірліктерді.

 

Мәделі бұл жағдайды біліп анық,

Жаулар мен күресуде жанын салып.

Қарсы шыққан орысқа, Қоқанға да,

Ерлігін ел көруде ауық-ауық.

 

Бұқар, Қоқан, Хиуаның қайшылығын,

Он ойлап жүз-толғанып қайсы бірін.

Түн ұйқысын төрт бөліп өткізуде,

Туғанын күтіп оңнан Ай-сұлудың.

 

Бұқарайы-шарипке бұрып ниетін.

Басқадан артық-ау деп құдіретін.

Тізе қосып айқасу жөн бе дейді,

Қайтаруға қадалған жаудың бетін.

 

Атасы Жүсіпқожа қызмет еткен,

Ерлігін бұхар елі құрмет еткен.

Әмірдің құзырынан қоныс алып,

Деп ойлайды бір жола көшіп кетсем.

 

Жәбек пен қырғи-қабақ болған жайын,

Дау сыңайы ұшқынған күн-күн сайын,

Басқа іс түсерінде сырт айналып,

Жаттан бұрын безер деп бұл ағайын.

 

Ер көңілді деп жүрген еліндегі,

Жігіттерді шақырып көңілдегі,

Бұхар барып қоныс көріп қайту үшін,

Зікір бас боп соңымнан ергін деді.

 

Мәделі Қоқандықтан күдіктенген,

Күн бұрын шығып кетіп жігіттерден,

Сырдария Шыназынан күтем депті,

Зікір басшы жігіттерді іріктелген.

 

Зікір палуан бас болып жігіттерді,

Еспе-Сергел бойына суыт келді.

Жәбектің жылқы, түйе, қара малын,

Соңына Мәделінің қуып келді.

 

Зікірге бекер бопты бұның деді,

Жәбектің қараң қыпсың күнін деді.

Адамның басы аман болса жарар,

Табамыз басқасының тілін деді.

 

Басы аман адамдары қалды депті,

Даладан біз айдадық малды депті.

Дүбірі дүрілдетіп кең даланы,

Қуғыншы келуі ықтималды депті.

 

Болса амал табылады адам аман,

Адам өлсе жоқ болар одан жаман.

Түгелдеп малдың басын тұрғын дейді,

Дайындап қайтаруға келген заман.

 

Жәбек қуып жеткенде қолыменен,

Ылайықты бұрынғының жолыменен:

«Батыр малың түгел» деп Мәделі ер,

Қайтарып берген екен малын келген.

 

Естияр елдің жақсы ағалары,

Өштесіп кетпесін деп аралары.

«Дауды қыз бітіреді» дәстүрімен,

Болуды құда-жегжат қалаған-ды.

 

Баласы Жәбек бидің Әділбекке,

Мәделі қызын беріп әйелдікке.

Қыз алысқан Жүсіп, Қонар балалары

Жеткенде бір шөбере, бір шөпшекке.

 

Қолайлы қоныс іздеп, сиынып һаққа,

Кетеді Мәделілер Бұхар жаққа.

Бір даудың басы тынды дегенде енді,

Бір даудың ұшығы түсті Жарсуатқа.

 

Жібек жол сілемімен Сыр жағалай,

Жарсуат – Дарбаза асып, Ташкен қарай.

Жүздеген түйелерге дүние артып,

Жаппастан шығыпты ірі саудагер бай.

 

Оралып жолды өтуді қиын көріп,

Ұлық пен мықтыларға сиын беріп.

Шығынын жолдан қайырып алады екен,

Кездессе орайына реті келіп.

 

Бұл жолы өтерінде Жарсуаттан,

Қуатын жігіт жоғын біліп арттан.

Қос үйірін қысырақтың қоса айдапты,

Маңында Ақдаланың жайылып жатқан.

 

Сайланған сайгүлікпен жігіттері,

Сіңіруге сырымтаны білікті еді.

Ташкеннің қасабына тапсырған соң,

Ет болып шенгектелді жіліктері.

 

Бұхардан қайтарында елден барған,

Суыт хабар естеді адамдардан.

Жаппастың бір ірі саудагері,

Есітеді олжа еткенін жылқы малдан.

 

Мәделі бұл жәйіттен хабарланған,

Саудагерді алдынан күтіп алған.

Керілген кең далада сыйға-сый деп,

Мал-мүлкін түгелімен тартып алған.

 

Мәделі бәрін оның алып келіп,

Таратқан дер халыққа бөліп беріп.

Бұл ерлігін дуалы ауыз азаматтар,

Суреттеген уағында көзбен көріп.

 

«Тізіліп қызыл түйе Кенереден,

Бұхар-шариф ерлері ере келген.

«Батыр, сауға» деп келген адамдарға,

Мәделі бір түйеден бере берген».

 

Деген сөз халық ауызында кеткен қалып,

Халық айтқан сөз ежелден кетпес қалт.

Ел тоймас, ер де тоймас деген сөз бар,

Ежелден бүлінгеннен бүлдіргі алып.

 

Жаппастың іске аспай сан айласы да,

Батырдың дау шешілген пайдасына.

Паралы айтыс-тартыс, жалақорлық,

Ұқсайды тақағандай тәубасына.

 

Қанайға бір жүз тіллә пара беріп,

Сүйенгендей датқаны қала көрін,

Жағдайын куә болу өтінеді,

Ісіне Мәделінің нала болып.

 

Сапаққа жеті қызыл түйе берем,

Бидің тілін тапқанды жүйе көріп.

Қожадан жүз түйені өндіре алсақ,

Аласыз және түйе иеленігі.

 

Деп Жаппас датқа, биді паралайды,

Ел ішін тегіс кезіп аралайды.

Мал жоғалттым дегенді куә тартып,

Дауды жеңу шарасын жобалайды.

 

Барады Түркістанның ұлығына,

Ұлық наразы Мәделі қылығына:

Мәделі, Қанай датқа, Сапақ бимен,

Жаппасты шақырады құзырына.

 

Мәделі ұлыққа алғаш айтып датын,

Куәсі болса алсын деп Жаппас хақын.

Көзімен көргендер тек куә болсын,

Деп шидемнен шығарып қойған сапын.

 

Дауды әділ шешіңіз тақсыр дейді,

Әділдік сізге ата дәстүр дейді.

Бұл Жаппастың жапқаны жала маған,

«Өзін – қой, мені – азулы қасқыр» дейді.

 

Мен қасқыр болсам егер, бұл да қасқыр,

Қасқырлықтан даулап жүр қара басқыр.

Қысырақты қырық бірдей жайлап алып,

Маған жала жауып жүр дейді тақсыр,

 

Ұлық қарап Қанай мен Сапақ жаққа,

Айт дейді ақ шындықты екі датқа.

Көз бен көріп қолыңмен ұстамасаң,

Нахақтан дейді ұлық жала жаппа.

 

Есіткенге болғанбыз тақсыр куә,

Тіліне бұл қожаның кеткен дуа.

Көз бен көріп қол менен тұтқан жоқпыз,

Куәлікке келсек те белді буа.

 

Деп Қанай сөз сөйледі сасқалақтай,

Жүз тайдырып ұлықтан басқа жаққа-ай.

Сапақ та Мәделіге қарай алмай,

Лажысыз бас изейді жауап қатпай.

 

Сол сәтте ұлық қарап Жаппас жаққа,

Әзалдан ақтық ұнар Жаппар хаққа.

Деп үшеуін шығарып жіберді-де,

Қарады Мәделіге тастап шақша.

 

Мәделі де шақшаны қулана алып,

Аузына насыбайды қағып салып.

Тілімен тістен сығып тызылдатқан,

Суы жеткен есікке бірақ барып.

 

Насыбай құрғап қалған тіл астында,

Қоймас деп ешнәрсені ылас қыла,

Шетіне текеметтің тастай салды,

Шақшасын ұлық жаққа ұзатты да.

 

Таңдана Мәделіге ұлық қарап,

Батырға сауал қойды тілін жанап.

Сарайға кіруіңе жол болсын деп,

Білдірмей қойынына тығып жарақ.

 

Тақсыр дауды шештіңіз әділ деді,

Бұған көңлім сенгентін кәміл деді.

Жалған куә көрсетсе жәбір деді,

Сапы тұрсын деп едім әзір деді.

 

Қанатып шынашағыы сапыменен,

Бұл жолы іс тынды деп сәтіменен,

Қайтадан қынабына салған екен,

Шидемге шыжымдағаи қатыменен.

 

Мәделіге ұлық, қарап басын шайқап

Сен де тегін емессің тұрмын байқап.

Бұдан былай тыныш жүр деген екен,

Қайратты жанға ұқсайсың шыли жайпат.

 

Бүлікті жасап Жаппас әу басында,

Ерінбепті сан жылдар дауласуға.

Дау тыныпты Түркістан шаһарында,

Шешіліліп Мәделінің пайдасына.

 

Мәделі даудан қайтып мініп атқа,

Бет алып келе жатса Ақбұлаққа,

Соңынан қуып жетіп сәлемдесіп,

Тіл қатады Сапақ би, Қанай датқа:

 

-Қожеке жасың кіші інім едің,

Бұрын көп айтқаныма жүріп едің.

Бұл елдің сіз бен бізден асары жоқ,

Дейтіндей уаж айтып жүгінемін.

 

Істеген ісің қожа өзіңе аян,

Сөз көбейер термелеп етсем баян.

Даудан бізге берген бұл сауғаң болсын,

Кел дейді жарасайық бері таман.

 

Мәделі сонда қарап Қанай жаққа:

– Кім қызықпас бастағы дәулет-баққа.

Бар еді менен жақын қандай досың,

Не себептен жерідің осы уақта?

 

Мен Датқаеке осында туып едім,

Саған келер жауларды қуып едім.

Бетіме бадырайып куә болдың,

Тіріңде – пір, өлгенде туың едім.

 

Жасымнан жақсыларға жуық едім,

Жамандарға зымстан суық едім.

Шаңырақты шайқатпай тұратұғын,

Сен-кереге, мен болсам-уық едім.

 

Қисайып қылған ісін мойнына алған,

Сен сияқтылардың мен бірі ме едім,

Қалған соң сөзі жерде өлді-ау деп ем,

Қабаттап кеп қалыпсың, тірі ме едің? —

 

Деп Мәделі сөз айтып датқаларға,

«Ылайық іс пе осы мақтанарға.

Үш жүздің баласында асарың жоқ,

Жүйелі сөзіңді айтып ақталарға»,

 

Дегенде көтеріп бас Қанай датқа,

Дауды қыз бітірген деп әр уақта,

Әйгілі Айымсұлу — Сапақ қызын,

Кенжехан алсын депті қалыңдыққа.

 

Осымен бір дау тынып арадағы,

Жазылып көңілдегі жаралары.

Айымсұлу қосылып Кенжеханға,

Халыққа аты аңыз болып таралады.

 

Мың тоғыз жүз жетніс үш міллет жылы,

Қоқанның тарихын жазған Нәбиұлы –

Мүһаммад Салих атты тарихшының

Дерегінен үзінді айтқан ірі.

 

Ұлықтың Мырзахмет зұлымдығын,

Шығарған алым-салық алуан түрін.

Қос пұлы, көк пұлы, түтін пұл деп,

Пұлы жоқтың тартып алған қыз бен ұлын.

 

Түркістан, Әулие ата, Шымкент жақта,

Салмағы ауыр салықтар батып халыққа.

Әр жерден бүлік шығарып дүрліккен ел,

Бет бұруда күреске мініп атқа.

 

Әмірге Мәделі айтып қоныс жайын,

Күн санап алға басқан орыс жайын.

Түркістанда қоқандық Мырзадәулет,

Айтады құтырғанын күн-күн сайын.

 

Байқаған бұл жағдайды Бұхар әмірі,

Шешеміз қоныс жайын дейді тәйірі.

Қалаған жерден қоныс берем дейді,

Алдымен шешіп алсақ мынау жайды.

 

Осылай Бұхар әмірі сөзді бастап,

Елдің жиып ерлерін мінген жақсы ат.

Сіздер менен біз болып Түркістанды,

Қоқандықтан құтқару басты мақсат.

 

Пайдаланып халықтың дүрліккенін,

Топтастырып ынтымақ бірліктерін.

Қамалын талқан ету қажет дейді,

Тоздырып Мырзадәулет жігіттерін.

 

Ұрымтал сәтті бұл бір пайдаланып.

Бізден біраз қосынды сайлап алып.

Қоңыраттың ерлерінен жиып сарбаз,

Осы іске бас бол дейді елге барып.

 

Мәделі Әмірдің бұл тапсырмасын,

Қабыл етіп қайтармай ықыласын.

Таңдаулы сарбазының тобын құрып,

Бұрады Түркістанға аттың басын.

 

Сыр бойы қоңыратынан жиып қолды,

Жасақ құрып жайпайтын оң мен солды.

Түркістан қамалына аттанады,

Жаратқан бере гөр деп өзің жолды.

 

Түркістан атырабында ереуілге,

Шыққан ел маңайынан теуіп ірге.

Қамалға қарай қанша ұмтылса да,

Ала алмай кейін қарай шегінуде.

 

Сарбазы Мырзадәулет тұзақ қыйған,

Шабуылын үдетіп тұтқиылдан

Аңғырт елді жатқанда абыржытып,

Мәделінің қолы да келді Сырдан.

 

Жігіттер аты сайлы жарағымен,

Хабары бар соғысу сабағымен.

Айқасты сарбазымен Мырзадәулет,

Аттан сап елге тайлы таяғымен.

 

Мәделі суырыла шығып жекпе-жекке,

Қайратын танытады қалың көпке.

Талайын терідейін жайылдырды,

Найзаменен аударып тастап шетке.

 

Қоқандықтар тығылып қамалына,

Қарсыласар қалмады шама дымда.

Қытайша зеңбіректен оқ жаудырып,

Қашудың кірісті енді амалына.

 

Шайқаста болған осы Түркістанда,

Қамалды қала етіп шыбын жанға.

Сарбазы Қоқандықтың сансырады,

Кері кетіп, баса алмай адым алға.

 

Қытайша зеңбіректің оғы дарып,

Мәделі елге келген жараланып.

Көрсеткен ерлігіне риза бопты,

Бұхардың Әмірі одан хабарланып.

 

 

Көзсіз ерен ерлікпен дараланған,

Еңбегі Мәделінің бағаланған.

Бұхардың Әмірінің жарлығымен,

«Батыр басы”, «Сүдірлік» амал алған.

 

«Озған едің алғанда,

Түркістан Шаһар қамалды.

Жекеге шыққан уақта,

Жеткерді оңнан самал-ды.

Жеке кіріп ат шаптың,

Батырлық бағың жамалды.

Бұхардан алдың ерлікпен,

Батыр басы амалды.

Арғымақ міндің патшадан,

Алтыннан жабдық баттасты.

Амалың жетті Сүдірге,

Бұхардың елі мақтасты»

 

Деп босқа Майлықожа жырламаған,

Мыңнан біреу Мәделідей туған адам.

Сауыт жыртып қарнына оқ дарығанда,

Шыбын шаққан құрлы да тыңдамаған.

 

Ақкөлдік Омар тәуіп оқты алуға,

Қалай деп батырға тіл қатқанында.

Аяқ-қолды байлауға әуреленбей,

Кірісе бер депті ішімді ақтаруға.

 

Тек қана Қалипаны шақыр дейді,

Жанымда отырғаны мақұл дейді.

Ерлігім Наурызбайдан қандай екен,

Көрсін сынап қалмастан ғапыл дейді.

 

Талабын Мәделінің әл қылады,

Қасына Қалипаны алдырады.

Пышақпен тіліп шелден оқты алғанда,

Басбармақ сәл қимылдап қалды дағы.

 

Осы еді Қалипаның аңдығаны,

Жара орнын тәуіпке тандырады.

«Қатын, қалай?» дегенде Қалипа да,

Депті «бармақ қимылдап қалды дағы».

 

Батырға бармақты айтып әзілдепті,

Дертіңнен шыбын тепкен жазыл депті.

Наурызбай қылышымен бармағымды,

Шапқанын етейін мен мәлім депті.

 

Тұрғанымда сабадан қымыз пісіп,

Тұтқын орыс қымыз деді көзін қысып,

Қымызды мен де оған бергенім жоқ,

Көз қысқан қылығына ерегісіп.

 

Бұл жайды шағынғанда ол Наурызбайға,

Орысты айдап келді қоймай жайға.

Қолыңды қымыз бермеген кесейін деп,

Қылыш сілтеді қарамай ай мен шайға,

 

Қолымды жедел тартып алғанымда,

Үшып түсті шынтақ бармағымда.

Сабаға басын тығып іш деп орысқа,

Қылышпен қиды мойнын қанғанында.

 

Кесілген шынтақ шоршып ойнай жатты,

Бас дөңгелеп тілін тіс шайнап жатты.

Басқа бәле тілден тек келетінін,

Көз көріп, ақыл сезіп ойлап жатты.

 

Қан ағып шығып жатқан жерден жайлап,

Киіз күйдіріп шынтақты алдым байлап.

Науан да атқа мініп кете берді,

Сыбағаны алдың дегендей қойған сайлап.

 

Қожеке, қылып тұрмын сізден қауіп,

Бәлені алмайын деп тілден тауып.

«Қалай, қатын?» деген соң айта салдым,

Көргенімді қоймастан жылы жауып.

 

Бауырының ерлік пенен әділдігін,

Дәріптеуде әсерлеп сөздің жігін.

Арманда кетті ғой деп жоқтайды екен,

Жеңілдетіп қайғымен шердің жүгін.

 

«Арқада өскен боз қурай,

Басына қонар боз торғай.

Орыстан барып мал алған,

Қонысына қондырмай.

Қырғыздан барып жан алған,

Қоқилатып оңдырмай.

Арманда кеткен бауырым-ай —

Кенесары, Наурызбай.

 

Еске алып бауырларын айтып жоқтау,

Өзіне береді екен өзі тоқтау.

Қырғыздан кегімді алып бермедің деп,

Батырға оқта-текте айтқан дер дау.

 

Сипаттап Қалипаның қылықтарын,

Көнбейтін өжеттігін ырыққа тым.

Әсерлеп қариялар баяндайтын,

Ақиқат пен аңызға жуықтарын.

 

Қалипа желеу таппай қағысарға,

Бозбалаша киініп танысарда.

Суды құйып қайнаған құмандағы,

Батырды сынап көрген табысарда.

 

Мәделі болғаннан соң қолын жуып,

Серігі су құйғанда кеткен тұрып.

Сол кезде күлкі қылып Қалипаны,

Еріксіз кеткен дейді үйден шығып.

жалғасы мына сілтемеде:

Мәделі қожа

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button