Іле өңіріндегі қожалардың шежіресі
Ысқақбек Тұрдыбекқажыұлы, шежіреші

Компютерге теріп жазып, баспаға ұсынған, Серікжан ЫСҚАҚБЕКҰЛЫ
Ысқақбек Тұрдыбек қажыұлы 1945 жылы қазан айында Күнес ауданының Кеңсу деген жерінде дүниеге келген. 1951 жылы қыркүйекте алты жасында Кеңсу Жалши мектебіне оқуға түсіп, жастайынан білім қуған. 55-57 жылдары Аралтөбе орталау мектебінен толықсыз ортаны, 1958 жылы қыркүйектен 1962 жылы тамызға дейін Күнес аудандық 1-орта мектебінен толық ортаны үздік нәтижемен тамамдап, 1963 Жылы Іле педагогикалық мектебінен бір жылдық оқытушының білімін жетістіру жоғары техникум класынан оқып, ағарту саласына қызметке орналасқан. 1964-1989 жылдары Алмалы бастауыш мектебі, Қарабұлақ бастауыш мектебінде және Кеңсу малшы перзенттерінің жатақты мектебінде оқытушы, ғылми меңгеруші және мектеп меңгерушісі болып, табаны күректей 25 жыл халық қалауында қызмет істеген. Бастауыштан Толықсызға дейін барлық пәннен сабақ отумен бірге, оқыту, тәлім-тәрбие, мектеп басқару жұмыстарын белсенділікпен істеп, мектеп, ауыл, аудан, аймақ жағынан «Үздік оқытушы», «Үздік мектеп басқарушы» болып талай рет сыйланған. Озаттық материалы аудан көлемінде таратылып үлгі болған. Әрі аудандық Оқу-ағарту мекемесі тілшы ұсыныс етіп, үлгі сабақ өткізіп, кескін таспасы таратылған.
1989 жылы көкекте Кеңсу ауылдық үкіметке ұйымның ұйғаруы бойынша кәсібі алмасып, ауылдық партия көмитетінің үгіт және ұйымдық қызметтерыне жауапты болып істеген. Бұл барыста да аса жауапкерлікпен қызмет істеп, әр жылы ауыл, аудан жағынан «озат қызметкер» болып сыйлық алумен бірге, аймақ жағынан бір рет «үлгілі партия мүшесі», бір рет «озат партия қызметкері» болып сыйланып, еңбекақысы бір дәреже өсіріліп, «мемлекеттік еңбек озаттары сөздігіне» есімі енгізілген. Ол бір кезек ауылдық партия комитетінің алқасы, 4 кезек ауылдық партия және халық құрылтай уәкілі, 2 кезек аудандық партия құрылтайының уәкілі болып сайланған.
Ол шөгел, тындырымды, кішпейіл, қарапайым, бұқарамен жанасқыш, ынтымақтың үлгісі болудай асыл қасиетімен халық бұқарасының және партия мен үкіметтің сеніміне, алқауына ие болып отырған. 2003 жылы оқу-ағарту және әкімшілік салада 39 жыл істеп, жиыны 30 реттен астам марапат төрінен көрініп, құрметты демалысқа шыққан. Демалысқа шыққаннан кейін әдебиетке әуестігін жалғасытырып, өмірден топтаған тәжірибелері мен рэал болмыстан туындаған ой ирімдері негізінде аздап өлең жазып, бір бөлімін газет-журналдарға жариялады. Мысалы: «Алпыстың асуынан асып барам», «Апамның қара сандығы», «Кеңсуым», «Тәңір жазасы» қатарлы өлең-толғаулары баспа бетінен жарық көрді. Оның сыртында өзінің кешірмесі және бір талай өлең-толғау, поэмалары, сапар естеліктері бар.
Ол әкесі Тұрдыбек қажы қалдырып кеткен дерек бойынша «Жарбайқожа шежіресін» жинап, жазып құрастыру үшін бірнеше жылдан бері жапалы еңбектеніп, Іленің бас-аяғын бірнеше рет аралап барып, ауыл ақсақалдарымен жолығып, бытырап жүрген Жарбайқожа ұрпақтарының басын қосқан «Жарбайқожа шежіресі» деген шағын шежірені құрастырып, баспадан шығаруға елеулі еңбек сіңірді.
Ол ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, балаларын оқытып, жақсы тәрбиелеп, жарамды адам етіп, қоғамға есе қосты. Құдай берген сегіз баласын техникумнан университетке дейін оқытып, қоғамның әр саласынан еңбектендірді.
Қазақтың тарихшы ғалымдары, шежірешілері «Қазақ тарихын», «Қазақ хандарының тарихын», сондай-ақ, бір бөлім үлкен ру-тайпаларының тарихи-шежіресін жинап, зерттеп жазды. Осы негізде жақынғы жылдардан бері барлық рулар өз тарихи шежіресін жинауды жаппай қолға алып, алды баспаға басып таратуда. Мысалы, Іледегі найман тайпасының бір тармағы болған қызай руы да әрбір кіші рулардың өзді-өз шежіресін жазып алды да тұтас қызай руы «Қызай шежіресін» басып шығаруды қолға алды. «Албан шежіресі», «Суан шежіресі» деген тарихи шежірелерде шыға бастады. Ал, осы үлкен рулардың ішіндегі әр түрлі себептермен араласып, отырақтасып қалған басқада рулар қаламнан қағыс қалып, кейбіреулері кірме болып ата жөнін біле алмай қалғандары бар болып, қайсы ұлысқа, қайсы тайпаға, қайсы руға тән екендіктерін қалай байланысатындықтарын ұқпай дағдаруда. Кейбіреулері «Қыз ұрпағы − жиен» деп шежіренің соңына көңілі үшін тіркелуде, кейбіреулері шетте тұрып қала берді.
Біз үш жүзге кірмейтін, қазақ халқын құрайтын негізгі тайпалардың бірі болған қожа тайпасының бір тармағы − Ярқожадан тарайтын қожа тайпасының бір руы болып табылатын Жарбайқожа руы болып, Іленің жоғарғы және орта ағарындағы қызай, суан руларымен бірнеше жүз жылдан бері қарай біте қайнасып, бірге өмір сүріп келеміз. Бұрын қызай мен суанның әрбір руының ішінде бірнеше шаңырақ қана болса, қазір өсіп, бір-бір ауылға айналды. Бірақ, қайсыбір ауыл болсада, өзі тұрған ауылға тән болмай, өздерінің тегін сақтап келді.
Үлкен әкеміз Сәрсе Балқанұлы және әкем Түрдыбекқажы Сәрсеұлы сауатты, кітапты көп оқитын, көзі ашық, көкірегі ояу, сұңғыла кісілер еді. Біз ес білгеннен бастап, әптиектен сабақ беріп, әрі жаңаша оқуға кіргізіп, сауаттана бастағанда-ақ от басында қисса-дастан оқытып, көрген-білгендерінен әңгіме айтып беріп, көз аямызды, ой өрісімізді кеңейтіп отыратын. Әр күні кеште бір үйге жиналып, үлкен-кіші бас қосып, бәйіт оқып, үлкендердің әңгімесін тыңдаушы едік. Үлкен үй мен біздің үйге қонақ көп келуші еді. Үлкендер көбінше бұрынғы өткен күндердегі көрген, естігендерін, әсіресе, рулар шежіресін көп әңгіме етісетін. Бізде әкеміздің тізесіне басымызды қойып, тыңдап жатып ұйықтап қалатын едік. Сол бір асыл шежірені көп тыңдай бергендіктен миымызда елес қала беретін. Сонымен бірге әкелеріміз ата жөнімізді, руымызды жүйелі түрде өзімізден тартып Ярқожаға дейін жалғастырып айтып беріп, жаттатып қоятын. Балалар бас қосып отыра қалған жерде кімнің баласысыңнан бастап, түп атамызға дейін (он бес ұрпақ) кезек-кезек бала бас сайын бәсекелестіріп, айттырып шығушы еді. Кім мүдірмей дұрыс айтып шықса, үлкендерден мақтау алатынбыз. Әзір ойласам сол білікті әкенің бізге үйреткен өнегесі бізді тұғырда баулығаны екен-ғой. «Жақсы әкенің аруағы жаман ұлға қырық жыл азық» дегендей, сол кездегі естігеніміз, көргеніміз, үйренгеніміз «Тасқа басқан таңбадай» болып, жадымызда сақталып, бүгін себі тиіп отыр.
Әкем өткен ғасырдың 80-жылдары өмірінің соңында қызай шежіресін үлкен жақтан жинақтап, фольклор зерттеу қоғамына берген болатын. Сол қатарда қожа руының шежіресі деп Іле облысы көлеміндегі Жарбайқожа ұрпақтарының деректі шежіресін де жазып қалдырған еді, әрі Қазақстан жерінде де аталас туыстардың дерегін білдіріп, жүйелі шежіре жазуды маған аманаттап кеткен болатын. Мен осы дерек бойынша 2003 жылдан кейін шежіре жинауға кірісіп, Іленің бас-аяғына бірнеше рет барып, ауыл бас сайын аралап, білікті қарттармен жолығып, материал жинап жазуға кірістім. Қандас туыстардың барлығы да құшақ жая қарсы алып, шежіреге мұқтаж екендіктерін, бұл жұмысқа ат салысатындығын білдірді. Сөйтіп, 2009 жылы Нарат қалашығында Жарбайқожа ұрпақтары уәкілдері бас қосып, басшылық алқасын, ақылшылар алқасын, ұйымдастырып, іске жүйелі кірістік. Бұл жұмыстың ауыр басын көтеруді мен міндетіме алдым. Кейбір ауылдар да көне көздер таусылып, ендігілер үлкен әкесінен ары асып айта алмайтын күйге түсіпті. Қазақстанда оқушы балалардың жеті атасына дейін білу қажеттілгі туып, ата-анасын қысымдайтын болыпты. Кейбір от басындағы ата-аналар толық біле алмай қиналыпты. Шындығында «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» емеспе?! Міне, бұл − ендігі ұрпақтардың шежіре білуге қаншама ынтызар екендігін ұғындырады.
Рулық атабұтар шежіре компасқа ұқсайды. Шежіре білсеңіз адаспайсыз. Қай жерде, қай елдің ішінде қандай туысқандарыңның бар екендігін біле аласыз. Егер атабұтар шежірені білмесең аңғырыттыққа ұшырап, жаза басып елдің күлкісіне қалып жүресің. Аталас туысының қыздарын білмегендіктен жеңілтектікпен «Құдағи», «Құдаша» деп сайқы-мазаққа ұшырап жүргендерді әр жерден кезіктіріп жүрміз. Тіпті, жеті атаға толмай қыз алысып, елінің мәңгі нараздығына ұшырап жүргендер де жоқ емес. Сондықтан, қолыңыздағы шежірені оқып, үйреніп, ұрпақтарға жетік ұғындырып, ынтымақты, береке-бірлікті, татулықты, бауырмалдықты, бір-біріне көмектесуді ізгі іс етіп, бірлікте алға басуды жебеуіміз керек.
Тегін білу − тектілік,
Жетеліге деп біліп.
Жетім болам демесең,
Жеті атаңды жет біліп.
Қожа тайпа ұлысың,
Тек қуғыш елдің ұлысың.
Бәрінен де ардақта,
Ұлы отанның ұлы ісін.
Жұңго Шинжияң Қазағының ішінде де қожалардың бір бөлім рулары бар. Олар Абақкерей, Қаракерей, Қызай, Суан руларының ішіне қоныстанып қалған. Олар Қазақстанның қожалар шоғырлы қоныстанған жерлерінен жоғарыдағы рулардың кейбір ауылдарының ұсыныс етуімен дін оқыту жолымен бастабында бірді-екілі шаңырақ келіп, өсіп-өніп, қазір руларға, ауылдарға айналып отыр. Мысалы, Сарыкерейдің ішінде Сарғалдақ қожаның баласы Пірәлі, Бегәлі қожалардың ұрпақтары бар. 1780 жылдың басында Абақкерей Әбілпейізханнің үш баласын (Көгадай, Сәмен, Жабағы) төрелікке әкелгенде, қожа ұрпағынан Сарғалдақ қожаның Пірәлі, Бегәлі деген екі баласын да бірге әкелген екен. Қазіргі Алтай, Тарбағатай көлеміндегі қоныстанған қожалар негізінен осы екі қожаның ұрпақтары. Ал, Сарғалдаққожа − Шайқыбұзырықтан тараған Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи ұрпағы.
Ал, Іледегі қожалар − қожа тайпасының бір тармағы болған Ярқожаның ұрпағы боламыз. Күнестің Кеңсу деген жерінде өткен ұлы әкем Сәрсе Балқанұлы, әкем Тұрдыбек қажы Сәрсеұлы қатарлы кісілер сауатты, көзі ашық, сұңғыла шежіреші адамдар еді. Ұрпақтарына (бізге) рулық тегімізді түсіндіріп кеткен. Әрі атадан балаға жалғасып келе жатқан жазбаша деректері бар болатын. Ол кісілердің айтуында: бабамыз Ярқожа деген кісі мөлшермен XIV ғасырдың соңын ала арабтың байырғы үлкен қалаларының бірі болған қазіргі Сирия мемлекетінің Шамшәріп қаласынан шығып, ислам дінін тарату, дамыту, бекемдеу мақсатымен Орта Азияға келіп, онан қазақ ру-тайпаларының ішіне тұрақтап тамыр тартып қалып, Ярқожа атанған.
Ярқожа арабтың Құрайш қауымынан болып, пайғамбардың Әшым-ұмия әулетінен болған Шам қаласының тұрғыны екен. Сол кездерде Шам қаласынан да дін таратуға басқа жерлерге адамды көп жіберіпті. Бұл деректің шындығын қорғастағы Омарбек Ахыметұлы, Жәркенттегі Мұхтарқан Серғазыұлы сақтаған шежіре деректері растады. Қазақстандағы сайтқожа ұрпағы болатын қожалардың тарихын зерттеуші, Сейітомар Саттаров жариялаған қожалардың тарихи шежірелеріне негізделгенде, Ярқожа-Хазіретәліның ұлы Мұхаммет-Ханапиадан таралатын Исхақ бап әулеттерінің ішінде Ярдил Шайх баба бар, Ярдил Шайх ـ Ярқожа болып аталып келеді делінеді.
Ярқожадан төмен қарай таратып, 8 – ұрпағына келгенше бір атадан төтелей таралады. Бұл аралықтағы 8 буынның бұтарлануын қазірше білмейміз. Ярқожа ұрпағы бізге дейін 18−19 буын болады. Уақыт есебімен 3-4 буынды бір ғасыр деп есептегенде алты ғасыр мөлшері болады. Ал, 8-буынға келгенде Жарбайқожа деген кісіден Қожамқұл, Пірімқұл, Құдайқұл, Балтабай, Сейсіп деген бес ұл туған. Осы бес атаның ұрпақтарын толық тарата аламыз. Олар дін оқыту және басқа да әр түрлі себептермен суан, қызай және басқада рулардың ішіне бытырай қоныстанып, жиырма шақты шағын ауылдарға бөлінеді.
Ярқожадан таралатын арғы ата-бабалардың есімдерінің соңындағы Шайх, Баб, Сопы, Молда деген лақап бар. Олар діни атақ немесе лауазымдар есептеледі. Оған қарағанда ислам дінін уағыздаушылар екендігін түсіндіреді. Бергі буындардың ішіндегі адамдардан көп адам ата-баба дәстүрін жалғап, ислам дінін берік ұстанып, уағыздап келгені мәлім. Күнестің шығыс өңіріндегі Балқан ұрпақтары 3-4 ұрпақ мешіт ұстап, имәметшілік істеген, бала сүндеттеген. Олардан Сымағұл молда, Сәрсе молда, Тұрдыбек қажы имам, Келдібек қажы, Махмұт имам,Әбдіжапар имам деген кісілер,үш ұрпақ адамдар. Жәркент, Қорғас өңірінде болған Қасен имам, Иса молда, Жыңса молда, Мәртеппай мәзім, Бұратала тақуа жыңда болған Нұрмұқамет Нүсіпұлы имам, Рапық Жүніс ұлы имам, Іледе өткен Еспер, Кеспер қатарлы кісілер де бұрын-соңды бала оқытып, дін сауатын ашып, мұсылманшылық жолдарын үйретіп, ескіше сауат ашып, ағартушылықпен шұғылданған адамдар еді. Сондай-ақ, діни қисса-дастан, қазақтың тұрмыс-салтын бейнелейтін қисса-дастандарды көп жинап, көшіріп жазып сақтап, өз кезінде халықтың мәдени, рухани қажетін қандырса, жаңа заманда қазақтың мәдени-мұра қазынасын байытуға өзіндік үлестерін қосты. Ал қазір, Рамазан Әбдірақпан ұлы, Әбдіжапар Махмұт ұлы, Дохтырай Ерсейт ұлы қатарлы бір қанша азаматтар мұрагерлік етіп жалғастырып келеді
Ярқожаның өзінен тартып, 7- ұрпағы Есболатқа дейін 7 буыннан таралатын ұрпақтарды алда жалғасты іздестіріп табуға тура келеді. Ярқожа бабамызды үлкен бір бәйтерекке ұқсатуға болады. Алда біз осы ұрпақ жаппай аттанысқа келсек, Ярқожаның толық тарихи шежіресін жинап тұрғызарымызға кәміл сенемін. Ары кетсе, келесі ұрпақтар, осы үлкен бәйтеректі толық көретін болады.
Жарбайқожа ұрпақтарының қоныстануы
Деректерге негізделгенде мөлшермен XIV ғасырдың соңында Ярқожа бабамыз ислам дінін нығайту, бекемдеу мақсатымен араптың Шәмшәріп қаласынан шығып, Ортаәзияға келеді. Әлдімен, Өзбекстанның Ташкент қаласына келіп, тағы басқада қалаларын аралап, одан Қазақстан жеріне өтеді. Қазақстанның сыр бойындағы Яса қаласы (Түркістан), Сауран және басқада қалаларына, Еділ бойына дейін барып, ислам дін шариғатын уағыздайды. Жетісу өңірлеріне дейін аралайды. Ярқожадан бері қарай 8-ұрпағына келгенде, Жарбайқожаға дейінгі ұрпақтары осы өңірге таралады. Ал, Жарбайқожадан таралатын Қожамқұл, Пырымқұл, Құдайқұл, Балтабай, Сейсіпқожа ұрпақтары Іле өңіріне таралады. Қожамқұл мен Балтабай екеуі саудамен айналысады, Орта Азияның Ташкент, Самарқан, Бұқара қалаларынан қазақ даласына қажетты киім-кешек, ішпек-жемек, тұрмыстық бұйымдарды түйемен керуен ұйымдастырып, тасып сауда жүргізеді. Аңыздарға қарағанда, жүз түйелік үлкен сауда керуені болған дейді. Саудасын жүргізетін жер-жерде уәкілдік орындары болыпты. Көптеген қызметшілері болған дейді. Сөйтіп, Қожамқұлбай атаныпты. Қожамқұл өзі бес ағайынды болып, әр қайсысы балалы-шағалы, жанды-жақты болыпты. Қожамқұлдың Жиенбай деген ұлының тоғыз баласы болып, бәрі де ұрпақты болып, өсіп-өніпті. Ұрпақтары ислам дінімен сауаттанып, тұрған ортасында, ислам діні жолдарын үйретуші, уағыздаушы болыпты. Үш жүздің ру-тайпалары ішінде, Іле өңіріндегі ұлы жүзден таралатын суан тайпасы мен орта жүз найманнан таралатын қызай рулары ішінде недәуір жоғары беделге ие болыпты. Әрбір ауылдарда киіз үй медресесін ашып, дін оқуын жүргізіп, шәкірт тәрбиелепті. Олардың көрнектілерінен Жәркент, Қорғас өңірінде жасаған Иса молда, Жыңса молда, Омарбек молда, Қасен имам, Мәртепбәй молда, Әзімбай мәзім, және Күнес өңірінде болған Сымағұл молда, Сәрсе молда, Тұрдыбек имам, Махмұтбек имам деген кісілерді атауға болады. Міне, осы кісілерден оқып, дін мағлұматына ие болған адамдар өз рулары ішінде мешіт салып, дінді онан ары дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келгені мәлім.
Ярқожадан төтелей таратқанда былай болады: Ярқожадан − Мекырай шайх; Мекырай шайхтан − Жебіраһіл; Жебіраһілден − Мекаһіл; Мекаһілден − Қорасан сопы; Қорасан сопыдан − Барат сопы; Барат сопыдан − Араб туады, Арабтан − Есболат туады, Есболаттан − Жарбайқожа туады. Бұл аралықтағы сегіз буында немесе сегіз ұрпақ Қазақстан жерінде өсіп-өнуде. Олардың таратылуы қазірше бізде болмады. Мұны жалғасты іздеп-зерттеп, табуға тура келеді. Бұл шежіре кітабымызда Ярқожаның Жарбайқожадан бергі қазірге дейін туылған балаларға дейінгі таратылуы толық қамтылып жазылды.
Жарбайқожаның бес баласының ұрпақтары Іле өзенінің орта ағысы − Жәркент, Қорғас өңірінен өрге қарай Құлжа ауданы (Желіжүз), Күнес басына дейін тарыдай шашылып бытырай қоныстанған.
Жарбайқожа мөлшермен (1740-1810) жылдар аралығында жасаған адам. Ал, Қожамқұл Жарбайқожаның үлкен ұлы болып, (1760-1830) жылдар аралығында Жәркент өңірінде тұрақтап тұрып, суан руынан некеленіп, ұрпақты болған. Сүйегі Жәркенттің Сарыбел ауылының шығысындағы Тышқан өзенінің сағасының шығыс жағындағы Ақсай аузындағы қожа әулеттері қабырыстандығына жерленген. Сол қабырыстандықта бірқанша Қожамқұл ұрпақтары бар, Қожамқұл бабаның сүйегі де сол жерде. Жәркент Сарыбелдегі қазіргі Қожамқұл ұрпақтары ата-бабаларымыздың осы көне қабырыстандығына ескерткіш орнатуды ойластырып отыр екен. Қазір Қожамқұлдың Жиенбай деген баласының ұрпақтарынан Талқаш, Шақшақ, Көбік, Нарбота, Шақкөз, Өмірбай ауылдары Сарыбел, Панжим ауылында тұрады. Жиенбәйдің Жақып деген баласынан таралатын Досеттің Әбіл, Әбілқан деген екі баласының ұрпағы да Сарыбелде. Ал, Қожамқұлдың бір баласы болған Байжан ұрпақтары да суан ішінде тамыр тартып, Жәркенттің жеміс-жидек совхозы, Панжим деген жерлерде мекендеп келген. Бұл ауыл 1916 жылдағы бүкіл қазақ еліндегі қоғам жағындағы аумалы-төкпелі толқуларда жан сауғалап, Жұңго жеріне өтіп, Қорғастың Қараойдеген жерлерінде қоныс аударып отырған. 1956 жылдан кейін қайта көшіп, өздерінің ата мекені Жәркент өңіріне отырықтанған. Осы кезде, Жиенбайдің Талқаш деген баласының ұрпақтары, Шақкөз, Өмірбай ұрпақтары да Қорғастың Кеген, Қараой деген жерлеріне өтіп, 40 жылдай отырып, елуінші жылдардағы паспорт арқылы көшірілген шетел азаматтары қатарында көшіп, Сарыбел деген өңірге қоныстанған.
Ал, Балтақожа, Құдайқұл ұрпақтарының бір бөлімі Жәркент өңірінде қалып, бір бөлімі Қорғастан өтіп, Алмалы, Қараой, Кеген деген жерлерде отырып, қайтып, өз мекендеріне барған. Бұлардан Балтаның 1-әйелінен туған Өмірбек, Темірбек ауылы, Балтаның 2-әйелінен туған Малыбай, Дәуренбек, Ережеп ауылдары, Каулы, Көмеш, Жолдас деген атаның ұрпақтары, сондай-ақ, Құдайқұлдан таралатын Тотықожаның ұрпағы болып келетін Дуанбек, Молдабек, Шокалай, Бесбай деген аталардың ұрпақтары және Қожақымет ұрпақтары Жәркенттің Пәнжим, Алтыүй, Алмалы өңірлеріне бытырай қоныстанған. Олар Суанның Сатай, Мырзагелді, Әпсүгір, Дуан, Молақ, Солтанқұл, Елшібек, Қошқар, Шегірек, Қараменде, Құдайберді, Ақша, Бөлек қатарлы руларымен және ұлы жүз, орта жүздың, кіші жүздің сол өңірдегі руларымен де қыз алып, қыз беріп, қат-қабат жұрат-жегжат болып, бірлікте өмір сүріп келген. Жапада, рахатта да бірге болған, небір ауыр күндерді бірлікте бастарынан кешірген. Елін, жерін жат елдің сұғанақтығынан қорғаған. Жоңғар шапқыншылығына, шар россияның үстемдігіне, кеңес үкіметінің езгісіне, дүние жүзілік 2-соғыста неміс фашистеріне қарсы жан аямай қарсы тұрған. Ел танитын егей азаматтарда, көп қамын жеген көшбасшыларда, ел қамын жеп, елге басшы болған, ел құрметіне бөленген, абыройлы, беделді, тар жерде ақыл табатын, қалың халықтың көңіл төрінен орын алған ардақты ел басылар да өткені мәлім. Солардың бірі Темірбек Балтабайұлы 1880 жылдардың басында дүниеге келген. Зерек те өжет, жүректі де батыр екен, азамат кезінде орыс тілін үйреніп, пысықтығымен үкіметтің назарын аударып, 1840 жылдары ел билеу ісіне араласады. Суан елі де қазақтың басқада ру-тайпалары сияқты Жоңғар шапқыншылығына әр уақыт ұшырап тұрғандығы мәлім. Сол жылдардағы моңғұл шапқыншылығында, суан елі де Тарбағатай жеріне үркіп барып, қаракерей, қызай елімен араласып отырыпты. Сол тұста суан елінің бір бөліміне болыс болып, бір қанша жыл міндет атқарыпты. Қазір, Темірбектің болыстық күміс мөрі Алмалы ауылындағы Темірбектің шөбересі Мұхтарқан Серғазы ұлының отбасында сақтаулы. Мөрде: «Темірбек Балтабайұлы (1844 жыл)» деген арабша жазу мен цифр бар. Ол кісінің күмістелген камар белбеуі Жәркент ауданының музейханасында сақтаулы екен. Темірбек бабамыз суан елін қайтадан өз мекені Жәркент өңіріне көшіріп әкелуде, елді орнықтыруда өз үлесін қосқан елбасылардың бірі болыпты. Балтаның бәйбішесінен туған балалары Өмірбек, Темірбектер жылқысына қоңырау тағып қойатындықтан, қоңыраулы жылқы кезіксе, ұрылар батынып алмайды екен. Бұл жылқыны алатын болсақ, олар қайда барсақ та тауып алып, сазайымызды береді деп қорқады екен.
Өмірқан Нұрбайұлы 1880 жылы Сарыбелде туылып, 1953 жылы қайтыс болған. Қазан төңкерісінен кейін Сарыбел, Шежін қатарлы үш ауылдың бастығы болып, ел тыныштығын қорғау, бекемдеу, егін-мал шаруашылығын дамытып, халық тұрмысын жақсарту үшін жиырма жылдан артық уақыт тер төгіп, халық үшін қызмет істеп, ел құрметіне бөленген ел басылардың бірі болыпты. 1937 жылы басталған екінші дүние жүзілік соғыс өрті бүкіл кеңес одағы жерін қаптағанда, елді, жерді қорғау үшін азаматтар алдыңғы шепке аттанғанда, Жәркент өңіріндегі әр ұлт азаматтары мен бірге, Қожамқұл, Құдайқұл, Балтабай ұрпақтарынан да көптеген азаматтар алдыңғы шепке аттанды. Көп сандысы майданнан оралмады. Аз сандылары соғыста жараланып, мүгедек болып қайтып келіп, өмірінің соңына дейін шамасы келетін жұмыстарды істеп, дүниеден өтті. Олардың арасынан соғыс ардагерлері, батырлар да майданға келді. Айтар болсақ, совет одағының батыры атағын алған, Хамит Қожабергенұлы Көбіков. Сарыбел ауылдық орта мектептің аты Көбіков атымен аталып, мектеп ауласында Хамит батырдың музейі қойылыпты. Хамит батыр 1916 жылы Сарыбелде туылып, 1973 жылы алматы да қайтыс болған. Соғыстан аман оралып, өмірінің соңына дейін көптеген қоғамдық қызметтер істеген екен. Хамит батырдың ұрпақтары сақтаған Хамит батырдың суретінің астыңғы жағында: «Кеңес жоғары приздиомының 10 сәуірдегі указы бойынша Хамит Қожабергенұлы Көбіковке Ұлы отан соғысы кезіндегі ерекшелігі үшін батыр атағы берілді» десе, жоғарғы жағына: «Сталинград түбіндегі Днепр, Одер өзендерінің жағалауындағы Берши мен Прага көшелеріндегі жан алып, жан беріскен, қан төккен шайқастарда патриоттық асқан сезімінің үлгі атағына шексіз сүйіспеншіліктің ғажайып амалын көрсетті» деп жазылған.
Ұлы отан соғысында, құрал ұстауға жараған азаматтар түгел алдыңғы шепке аттанған. Жиенбайдың бір баласы болған Көбік атаның бел баласы Қожабергеннің Нұрхамит, Хамит бастаған тоғыз ұлы түгел соғысқа барып, көбі майданнан қайтпаған.
Жиенбәйдің үшінші ұлы Жақып атаның немересі болып келетін Әбілдің Қалтабай, Ботабай, Нұрсағат, Жатқанбай деген 4 ұлы бірдей отан соғысына барып, екеуі мүгедек болып келіп, екеуі майданнан келмей құрбан болған, Әбілқанның Әбенжан, Ақан, Байтілеу деген үш ұлы бірдей отан соғысына барып, Ақан жараланып, мүгедек болып қайтып келіп, Әбенжан мен Байтілеу соғыстан оралмаған. Қалтабай Әбіл ұлының 1942 жылы алдыңғы шепте жүріп, жалғыз ұлы Естайға жазған хатында ел-жұртты, отбасын былай деп еске алады:
Артымда қалды босағам,
Құдай қосқан қосағым.
Бірге жүрген жасымнан,
Аманбысың, Әшімқан.
Үйден шықтым қапыя,
Жолбарыстай атыла.
Карындасым сағындым,
Айналайын Рақима.
Енді сөзді бастайын,
Көп қайғыны тастайын.
Айналайын Естайым,
Қалдың ғой артта жастайын.
Есіме түссе Естайым,
Өксіп-өксіп жылаймын.
Көз жасымды тыймаймын,
Өксігімді баспаймын.
Аман болсам ажалдан,
Осы тұрған тажалдан.
Бір күн барып қалармын,
Жаным қызым Ажарқан.
Кештім неше сулардан,
Өттім қалың нулардан.
Аман болсам барамын,
Жаным қызым Гүлдәрқан.
Менен жайды сұрасаң,
Хабаровскіде тұрамын.
Күні-түні құдайдан,
Естайымды сұраймын.
Ауылдағы бәріңді,
Аман етсін құдайым.
Бұл хатты 60-шы жылдан бері соғыс жылдарындағы алдыңғы шептегі азамарттардың ауылға, ел-жұртқа, бауыр-туыстарына деген шынайы сағынышының естелігі етіп, Естай Қалтабайұлы сақтап келген, сол бір қиын-қыстау, күйзелісті көңіл күйді елестетеді.
Жиенбайдың Талқаш деген баласынан таралатын Мұғыжанның немересі Метербай Байшалұлы 1920 жылы Сарыбелде туылып, 2006 жылы 86 жасында Сарыбелде қайтыс болған. Ол да 1939 жылы қиыр шығыстағы совет армиясына қатынасып, жапон жиәнгерлігіне қарсы соғысқа қатынасып, 1946 жылы соғыс аяқтағанда, туған жеріне аман-есен қайтып келген. Кескілескен қиян-кескі соғыста ерлік көрсетіп, соғыс ардагері деген даңқты атаққа ие болған. Өмірінің соңына дейін, ауылдық кеңес төрағасы, мал шаруашылық саласында облыстық мал емдеу санитарлық дезенфексия бөлімінде еңбектенген.
Жиенбайдың бір баласы Шақшақ атаның ұрпағы Өмірқан Нұрбайұлының Нұрмұқамет, Жақан деген екі ұлы да арт-артынан отан соғысына қатынасып, отан қорғау үшін аянбай қан-терін төккен. Нұрмұқамет Өмірқанұлы 19 жасында 1942 жылы алдыңғы шепке барып, небір қиянкескі шайқастарға қатынасып, төрт рет жараланып, жарасы жазыла сала майданға кіріп, соңында бір жақ қабырғасын алдырып, мүгедек болып, соғыс аяқтасқанда қайтып келіп, лейтенант шенді соғыс ардагері болып, өмірінің соңына дейін заң саласында судия болып істеп, 73 жасында қайтыс болған.
Орта жүз найманның 8-ұрпағы болып келетін шағырдың екінші әйелі. Ұлы жүз Бәйдібек байдың Нұрила (Домалақ ана) деген әйелінен туатын қызай анадан туған Итемген, Меңіс, Бегімбет, Дербіс деген төрт ұлды қызай ананың атымен «төрт қызай» немесе «қызай елі» деп атайды. Қызай елі де қазақтың басқа ру-тайпалары сияқты Жоңғар шапқыншылығына бірдей ұшырап, «Ақтабан шұбырынды» күндерді басынан өткізген. Бармаған жер, баспаған тауы қалмаған, Сыр бойынан бері қарай шығыста Аякөз, Көксалаға дейін көшіп-қонып, жаумен жағаласып өмір өткізеді. Қазақ ханы Абылай жоңғарларды тыныштандыру соғысында Манчиң үкіметімен тізе қоса отырып, 1757 жылы Жоңғарларды тыныштандыру соғысын түбегейлі аяқтатады. 200 жылдан артық жалғасқан қазақ-ойрат соғысы аяқтайды. Аякөз, Көксаланы және Зайсан көлінің жағасын ұзақ жыл мекендеген қызай елі Зайсаннан өтіп, 1777 жылдар маңайында алтайдың Ертіс өзенінің бойына, Жеменей жеріне көшіп келеді.
Қызай елі Жетісудан Шығысқа қоныс аударып, Зайсаннан Жеменейге көшіп өтіп, Алтайда екі-үш жыл тұрып қалады. Алтайдың қысы қатты, қары қалың, ауа райы құбылмалы болғандықтан малы жұтап, арып келген елге ауыр тиеді. Көреген көшбасшылардың бастауымен 1780 жылы Алтайдан көшіп, Тарбағатайдың Тоқта-Барлық өңіріне қоныстаныпты. Бұл өңірге Сарарқа мен Жетісуда іргесі бөлінбеген қаракерейлер мен матайлар ілгерінді-кейінді келіп орналасқан еді. Қызайларда келіп аралас отырады. Бірақ, Жоңғарлармен соғыс аяқтап, ел есін жиып, мал мен басы тез өседі. Мал мен басы көбейген сайын қазақтың өз ішіндегі рулар ара қақтығыс жиілеп, ел іргесінен дау-шар кетпейді. Ел ішіндегі қақтығысынан мезі болған қызай елі 70 неше жыл мекендеген тоқта-барлықты тастап, әуелгі ата мекені Ілеге 1855 жылдан бастап қоныс аударады. Аралықта Бұратала жерінде 10 неше жыл тұрақтап, тіршілік етеді. 1881 жылы қызай елінің басшыларының кеңесімен және сол кездегі өкіметтің рұхсатымен Ілеге көшу бекіміне келіп, бірнеше жыл ішінде Іле өңіріне келіп біржолата қоныстанады. Қызайдың бір баласы Меңістің ұлы Тәңірбердіден таралатын немесе Тәңірбердінің 2-ұлы Құдайназардың «үш жетім» деп аталатын Жолымбет, Есенкелді, Солтанкелді руларының соңы 1888 жылға дейін, Күнестің күнгейіне толық орналасып болады.
Мұхтарқан Серғазыұлының айтуында қызай елі Тоқтабарлық өңірінде отырған мезгілде, Іле өңіріндегі суан елі де Тарбағатай жеріне шапқыншылықтан үркіп айналып барған дейді. Осы кезде, Қожамқұл, Пырымқұл ұрпақтары да, қызай елімен араласып, қыз алып, қыз берісіп, қарым-қатынас жасаған екен. Қожамқұлдың ұлы Жиенбейдің Жақып, Әділ, Балқан деген балалары мен Қожамқұлдың інісі Пірімқұлдың немгресі Сымағұл қызай елі Тоқтабарлықтан Ілеге қоныс аударғанда қызаймен бірге кетіпті. Ал, қалған Қожамқұл, Пырымқұл, Құдайқұл, Балтабай, Сейсіп ұрпақтары суан елімен бірге Іле өңіріне қайта көшіп келген дейді.
Қызайдың Ілеге қоныс аудару барысындағы жағдайлар туралы, біздің шежіреміздің міндеті болмағандықтан, жоғарыда қызай елінің басқан іздері жөнінде қысқаша шолып өттік. Төменде, қызаймен бірге келген аталарымыздың көші-қоны жөнінде аз аялдаймыз: .
Қызай елі қызай ананың ата мекені Ілеге қоныс аударуда үш бағытқа бөлініп, көшіп түсіпті. Бірінші бағыттағы ел Боқаш болыстың (Тәңірберді) бастауында Тәңірберді рулары Сайрам көлін жағалап, Талқының кезеңімен асып, Кеңсайді бойлап, Іле өңіріне келген. Екінші бағыттағылар Сасан болыстың бастауында Бегімбет, Дербіс елі Тақия Жыңнан аттанып, Көрсай асуымен асып (қазіргі Жың − Құлжа − Қорғас темір жолы линиясы) Қас өзені алқабына келіп, одан кейін Қастан өтіп, Абыралы тауының күнгейіне келіп, Күнес өзенінің өңтүстігіне келіп орналасқан. Үшінші бағыттағы ел Бәйеке болыстың бастауында Тілеуберді, Тілеуқабыл, Итемген (Айтқұрман) рулары алғаш Үрімжі өзенінің басына дейін барып, одан кейін қайта батысқа қарай қайтып, Құтыби, Санжы, Манас, Сауан өңіріне келіп, Ілеге асып түсетін жол іздеп, бірер жыл сол маңда қыстап қалады. Келесі жылы жаз шыққанда жол тауып Қас басындағы Арасанның батыс іргесіндегі «Сатылы» деген асудан асып түседі. Шіде, Шолуты деген батырлар жол шарлап, көш бастап ерекше ерлік көрсетеді. Қазіргі Нарат асуының шығыс жағында «Шіденің асуы» деген жер аты қазірде бар. Шіде батыр Нараттың Шақпы жайлауының басындағы Адуынгер жайлауына бітік ағаштың арасынан жол жасап жылқы асырған екен. Шолуты деген жер аттары да Шолутының атында қойылған деген сөз бар. Бәйеке болыстың бастауындағы ел Қас өзені мен Күнес өзенінің күнгей тауының етегінде бірнеше жыл қыстайды. Бірақ, бұл араның қары қалың, жері түгіл, қысы қатты болатындықтан орнығып отыра алмай, Тоғызтарау ауданы мен Текес ауданының аралығындағы Ешкілік тауының күнгейіне, Текес өзенінің орта ағарына және өңтүстік тауына, Қорғас, Шапшал, Өртекес (Моңғұлкұре) өңіріне дейін қоныс аударып орнығады.
Сол кезде Іле өңірінде Құлжа және Құлжа Төңірегінде өңтүстіктен келген Тараншылар Егіншілер) болып, Текес, Нылқы, Моңғұлкұреде моңғұлдың Арбынсұмұн (Қаста) рулары, Текесте Зұрғансұмұн ауылдары бұрыннан қоныстанған екен. Бұдан тыс, азырақ албан және қырғыз ауылдары бар екен. Бәйеке, Нүсіп болыстар, албанды ортаға алып отырамыз, ұры-қарылары мал ұрлап, шекарадан өткізе береді, дау-жаңжал көбейіп, ел іргесі тыныш болмайды деп, албандардың шекара жағын орап орналасып отырған екен.
Сасан болыс бастаған Бегімбет, Дербіс елі бұрынырақ Күнеске келіп, Күнестің суын шекара етіп, батысы Текес өзені, өңтүстігі жырғалаң өзенінен өрге қарай, Нарат, Қонжан, Саршоқыға дейін Күнестің сөлтүстік өңірін өз ішінде бөлісіп орналасып отырады. «Жуан Тәңірберді» келсе, Күнестің күнгейі бізге орын болмайды, суды шекара етсек, жер шекара дауы болмайды деп осылай орналасыпты.
Тәңірберді елі Білікшіден өрге қарай, Жалыңқұл Жартоғанға дейін бөлініп отырыпты. Бір бөлімі Көкқамыр тарғалаң келіп, арғы бет − Құсемшекке мал қыстатып, ал, Солтанкелді бір жыл Тоғызтарауға өтіп қыстап, жері жазық, безігір, ықтасыны аз болып, киізұймен шыдамай, Көкқамырға қайта көшіп барыпты. Көктемде мұз түспей өтеміз деп, ары-бері тасынып жүргенде Солтанкелдінің Қожабек руынан Жамантон Жанқораз деген адам мұз ойылып кетіп, суға ағып өліпті. Сол кезде Күнестің күнгейін Тілеубердінің Торғай руы мекендеп жүрген кез екен. Тәңірбердінің басшылары Торғайды Тілеубердіге көшіріп, орнын алуға бірлікке келіп, Күредегі Манжу үкіметіне 9 жамбы тарту етіп, бұйрық шығартып келіп, Торғайды көшіріп, Күнестің күнгейін босатып алады. Шіде батыр елін бастап, Сарбұлаққа барып орналасыпты. Қазір, Күнестің күнгейінде «Торғай бейіті» деген көне қабырлар бар.
1888 жылы Тәңірбердіден Құттымбет, Байназар (Қоңырбай, Қазымбет) Құдайназар (Жолымбет, Есенкелді, Солтанкелді) рулары немесе осы рулардың бір бөлімдері Күнестің Тәсөткел Қаумен түбегінен өрге қарай, Ластайға дейін, тіпті Қойтас Арасан суына дейін орналасады. Ел бастап келгендер Құттымбет Кәдірсіз ақалақшы, Жолымбет Ыстанбек мампаң, Есенкелді Бұқашай мампаң, Солтанкелді Қоңыз зәңгі, Бижан зәңгі,Тілеужан деген кісілер екен.
Тәңірбердінің баласы тоғыз болып, олар, Көкқамыр, Қас өзені аумағы, Күнес өзенінің солтүстік күнгейін иеленіпті. Жиенбайдың Жақып деген баласы қызай Тоқта-Барлықтағы уақытында Есенкелдінің немересі Шағырай руынан Тіленші деген кісінің Бура деген жалғыз қызын алып, сол ауылмен бірге көшіп-қонып жүрген екен. Жақыптан 5 ұл туып балалы-шағалы болыпты. Шағырай ауылы Көкқамырдың Құлысты, Тосын деген жерлеріне қоныстаныпты. Жақып бабамызда сол ауылмен бірге ірге теуіпті. Ол кезде, Көкқамыр изен-жусанды, бетегелі, қара от, түгін тартса май шығатын, татқаны тамақ болатын, құйқалы жайылым екен. Әрбір сайдан қамыс-құрақ шығып, бұлақтары сылдырлап жататын, шұрайлы өңір болғандықтан, жердің сауырына Есенкелдінің Кененбай деген баласынан тарайтын мықты ауыл Шағырай орналасыпты. Қары жұқа, жайылымы кең жайлы мекенде мал мен бастары тең өсіпті. Жақып бабамыздың 5 ұлы үйлі болып, жақсы қоныстарға ие болыпты. Жақыптың Досмырза деген ұлына 3 мың қарабас қой, мың көгала жылқы бітіп, тосынның құр өзегін мекендеген. Досмырзаның шұңқыр жұрты деп аталатын өңір қазірде солай аталады. Досмырзаның Рақым, Шырақым деген екі ұлы ел мата таба алмайтын уақытта байлықпен шылғауына шағи орап бір жақ үшін етігінің қонышынан шығарып қояды екен. Екеуі де мырза атаныпты. Аттарының аяғына күмістен білезік салыпты. Құс салып, ит жүгіртіп, салдық құрыпты. Досмырза деген кісі сүйекті денелі адам болып, қайтыс болар шағында нылқыдан үш атқа кезек мінгізіп, Көкқамырға әрең алып келген дейді. Жақыптың 3-ұлы Ілиас та малды болып, шұрайлы жайылыстарды иелепті. Досмырзаның шұңқыр жұртының өргі жағы «Ілиас бастауы» деп аталатын кең қойнау бар. Жақыптың 4-ұлы Нияздың жұбайы Аяулы деген анамыз Матай Тайлақ бидің қызы болып, бұл кісі өжет, шешен, өткір болған кісі екен. Гоминдаң кезінде «қара шығын» деген алман-салық көбейіп кетіп, мал басы азая бастағанда, бір жүз ұрғашы тоқтыны санақтан жасырып алып қалып, содан мал өсіріп, бай болып, коллективтесуде фермаға 800 қой, 150 ірі қара және қора-құрылысын пәйге сындырып қосып берген. Нияздың жалғыз ұлы Қарабай деген кісі, шаруа қор, іскер болып, малға ие болып өсіріп, мырза болып өткен. Шұңқыр жұрттың асты «Қарабай қорасы» деген жерлер малға жайлы қоныстар еді. Досмырзаның кенже қызы Рахат Өмірұзақ ауылындағы Сымағұл деген кісіге ұзатылған. әжесіне тартып, ауылдағы әйелден шыққан биі болады. Сол ауылдың дау-шарларын басқалардың алдына апармай, сол кісі бітіреді екен. Рахат деген кісі ұрт тілды, өткір адам екен. Дадай ақалақшы болып тұрғанда, туысы Құрман Әлімбайұлы мал ұрлап әкелді деген жаламен Сымағұлдың үйіне әкелініп, би-болыстар жиналады. Сол кезде Құрманның алдына орамал жайып екі тоқаш нан қойылады. Мұны көрген Дадай ақалақшы «шала қазақ» деп сындырмақшы болып, Рахатқа: «аруақ атқыр, бауырыңның алдына екі тоқаш қойғызғаның не?» дегенде Рахат былай депті: «Кім біледі, аруақ атқыр, бұтында қатқан тері шалбары бар қалмаққа ұқсап келіп отыра қалған соң, қойғаным ғой!» деп, дадай ақалақшының тегінде бар мінін тартынбай бетіне айтқан екен.
Жиенбайдың бір баласы Әділден Бедел, Жүніс деген екі ұл туып, Әділ де Солтанкелдінің Көбес деген баласының ауылынан қыз алып, Көбеспен бірге көшіп-қонып, Көкқамырға Көбес ауылымен бірге, Қызылбұлақ, Батбақты, Қазаншы, Шолақай деген жерлерде қоныстанады. Жүніс Солтанкелдінің кенже ұлы Тұрдығұл ауылынан қыз алып, сол ауылмен бірге Күнес басы Кеңсу деген жерге барады. Қазір, Әділдің ұрпақтары Көкқамыр мен Күнес басы Кеңсуда тұрады. Беделдің ұрпақтары қала жағалап оқып, әр салада қоғамдық қызметтерге қатынасқандары недәуір бар. Олардан Омарқан Қабдоллаұлы ақын болған, Тұрсын Омарұлы бәжігер, базар басқарушы, қисагер, мырза болып өткен адам еді. Еркінбек, Төлеу, Ырсбек деген кісілер зейнетке шыққан, өкімет қадірлеп отырған халық құрметіне бөленген адамдар еді.
Жиенбайдың бір баласы Балқан Тоқта-Барлықта қызайдың бірінші ұлы Итемгеннен туған Айытқұрман ауылынан Тәуірбек деген кісінің қызымен некеленіп, Мәмежан, Ақымжан деген екі ұл, Момақан деген бір қыз көреді. Бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін және сол жерде Солтанкелді Қонысбай Қабылдың қызы Какіш анамызбен некеленіп, ол кісіден Сәрсежан, Әсемжан деген бір ұл, бір қызды болады. Әрі үлкен әйелінен туған Момақан деген қызын Солтанкелді Шәкіл руынан Тілеужан Шодыұлына беріп, қызай ауылдарымен жұрат-жегжат болады. Қызай Тоқта-Барлықтан қоныс аударғанда, 2 − 3 үй болса керек, қызай мен бірге көшеді. Қызы Момақан мен күйеу баласы Тілеужанмен бірге көшіп отырады. Тілеужән білікті, жайлы жігіт болып, ауыл көшін бастаушылардың бірі болып, сүйеніш болады. Ілеге түсіп, Көкқамырға келгенде, Балқан бабамыздың Жақып, Әділ екі ағасы «Бақа, қайда бармақсың? Бізбен бірге бол!» дегенде, ол кісі: «Момақаным қайда барса, мен сол жерге барамын, бір Ілеге келдік қой, хабарласып тұрармыз» деп, Күнес басына елмен бірге көшіп, Кеңсуға келіпті. Тілеужанмен бірге, Кеңсудің Қаракұнгей деген жерінде бірнеше жыл киіз үймен отырыпты. Малтабар, Шәкіл руы ішінде жер бөлісі болғанда, Саркезең, Көлденеңбұлақ деген жерлерден қыстау, көктеу, күзеулік, Шұңқыржұрт, Жолсай деген жерлерден жайлау алып отырыпты. Бір мезет Саршоқының қарсысындағы Үңгірқораны қыстап, арасан сайының аузына мал қыстатыпты. Өміробада «Сәрсенің көксайы» деген шұрайлы жайлау, әр жерде «Сәрсе қонған» деген өрісі малға жайлы қоныс, жұрттар бар. 1940-1958 жылдары Аралтөбенің теріскей бетін иеленіп, 50 му жоңышқалық жер ашып, қора-жай салып, мал өсіріп ауқаттанды. Мәмежан ел танитын беделді адам болған екен. Көп ұзамай қайтыс болады. Ақымжан да ақкоңыл малшы болыпты. Жалғыз ұлы болып, одан ұрпақ болмай дүниеден өтті. Сәрсежан ел кеңсуға келгенде, ашамайға мініп келген екен. 1883 жылы Тоқта-Барлықтың бергі бетінде туылып, 1966 жылы Кеңсуда дүниеден өтті. Сол кісінің жасымен есептегенде, елдің Күнес басына келгеніне тұп-тура 120 жыл болады екен. Сәрсежан Қонысбай Түндебай деген кісіден жасында дін оқып, өздігінен үйреніп, дін жөніндегі, ислам шариғаты туралы бірталай мол мағлұматқа ие болып, Сәрсе молда атанады. Ауылдардың ұсынысымен бала жинап оқытады. Үлкен ұлы Тұрдыбек те 7 жасынан бастап әкесінен дін сауатын ашып, бір жағынан үйреніп, бір жағынан әкесіне көмектесіп, бала оқытады. Сәрсе молда аздаған мал бағумен бірге жасында аушылықпен шұғылданып, айтулы мерген болады. Кейіндеп, нағашысы Досбайдың шақыруымен Нарат жерінде Доспайдың саудасын жүргізеді. Сөйтіп, мал жинап, коммуналасқанда қаржыгер болып, қомақты мал өткізеді. Сәрсе молда ислам жолын мықты ұстанып, бір тоға, ешкімге залалы жоқ қайырымды, момын адам болады. Бір мезет малтабар, шәкіл руының мешітіне имам болады. 4 ұл 6 қыз 10 ұрпақты болып, ұлдары мен қыздарының барлығын дін оқытып, құран танытып, исламнің бес парызын орындайтын, аллаға құлшылық ететін адам етіп тәрбиелейді. Сәрсе молданың үлкен ұлы Тұрдыбек қажы, екінші ұлы Келдібек те қажы болып, ел құрметыне бөленген адамдар еді. Сәрсе молда өзі, екі ұлы Түрдібек қажы, Махмұтбек, немересі Әбдіжапар Махмұтұлы − үш ұрпақ имам болып, мешіт ұстаған адамдар. Тұрдыбек қажы мол білімімен, халыққа, өкіметке жағымды инауатымен дүниеден өтті.
Мәмежаннің үлкен ұлы Бейсебай Көкқамырдағы нағашысы Көбес Жәкібай ауылына 1940 жылдары төрт ұлымен көшіп барып, тіршілік етеді. 1956 жылы Бұраталаның Жың ауданында «Бажияху Сиыр фермасы» құрылғанда, төрт ұлы барлығы сол фермаға малшы болып, өтіп кетеді. Қазір олардың ұрпағы 12 семиа Жың ауданы Бажияху егіншілік алаңында егіншілікпен (мақта) шұғылданады. Жиенбайдің осы Балқан деген баласының ұрпағы қазір 40 отбасынан асып, Күнестің Кеңсу ауылы, Жың ауданының Бажияху деген жерінде тұрады.
Қожамқұлдың үлкен ұлы Мадиярдан Бегалы, Сары деген екі ұл туады, Бегалінің баласы Қожаамберді, Сарының балалары Жұмабай, Қопаш деген адамдар қызай елімен Тоқта-Барлықтағы уақытта араласып, қызайдың Бегімбет, Дербіс деген ауылымен құдандалы болады. Бегалінің бір қызын Шүңгіл Бәйділда алып, Шүңгіл Имаштың қызы Қауын деген анамызды Қожамберді алады. Қызай Тоқта-Барлықтан Ілеге қарай қоныс аударғанда, Бегімбет, Дербіс ауылдарымен бірге көшіп-қонып, Ілеге түскеннен кейін бұрынғы ата мекені Жәркент өңіріндегі Тышқан өзенінің жағасындағы Сарыбелге барады. Кейін Сарқамыс асуынан асып, Бұратала өңіріне үш жыл отырады. Бегімбет, Дербіс елі Күнестің теріскейіне орнығып алғаннан кейін, 1911 жылы нағашысы Иманбек, жездесі Бәйділда (Бәйділда 115 жас жасап, қызайда ең ұзын өмір сүрген адам) бастаған ішінде Шүңгілдің ақсақалдары бар 12 адам Бұраталадан көлік апарып, көшіріп алып келеді. Сонда Әкімжан Қожамбердіұлы 20 жаста екен. Олар Күнестің теріскей бетіндегі талды, Жарөткел деген жерлерді мекендеп қалады. Бұрынғылардың сүйегі Жарөткел қабырыстандығында жерленіпті. Ал кейінгі ұрпақтары Бегімбеттің Жарас, Шүңгіл, Дербістің Сады руларымен қат-қабат құда-жұрат болып, осы рулардың ішінде, Күнестің Қарабура, Талды, Бестөбе деген жерлерінде бытырап отыр. Бұл ауылдан Әшім, Әбдірасұл деген кісілер азаттықтан кейін ауыл-қыстақ қызметыне араласқан, Бисүлтан деген кісі ауыл бастығы, Тұрсыбай деген кісі ауыл бастығы және аудандық санақ мекемесінің бастығы болып, Әкбар Әкімжанұлы ағартушы болып, өнімді қызметтер істеп, ел алқауына бөленген азаматтар болып, дүниеден өтті. Қазіргі жастардан бір қанша ұл-қыздар жоғарлап оқып, қоғамға шығып, оқу-ағарту және басқада салаларында үкімет қызметкері болып істеп келеді. Сыдықбек Жұмабайұлы «Үш аймақ төңкерісінің» алғашқы қозғаушы басшыларының бірі батыр Әкбар Есбосынұлымен жолдас болған, 1935 жылғы «Дүңген үріккен» деген бейкүна халыққа забыр салған, Дүңгендер бүлігін тыштандыруда Күнестен үкімет жағынан ұйымдастырылған қарулы қосынға қатынасып, ақсудың «Жақарық» деген жерінде дүңген бүлікшілерінің қоршауында қалып, ерлікпен қаза табады. Тұрсыбай Сабыржанұлы 1946 жылы «Үш аймақ» армиясына қатынасып, гоминдаң кертартпашыларына қарсы соғысқа барып, 10 жыл алдыңғы шепте ерлік көрсетіп, даңқпен оралып, өмірінің соңына дейін халық қызметын жауапкерлікпен істеп, ел есінде қалды.
Қожамқұлдың інісі Пірімқұлдың ұрпағы Күнестің Нарат деген жерінде тұрады. Пірімқұлдан Есжан, Шолпақ деген екі ұл туып, Есжан ұрпақты болмай қайтыс болып, Шолпақтан Сымағұл деген бір ұл туады. Қызай елі Тоқта-Барлықта тұрған уақытта қызайдың Меңістен таралатын 5-ұрпағы Тұрдығұл, Қожабек деген руларымен араласады. Сымағұлдан Қасен, Құсайын, Момынжан деген екі ұл, бір қызы болып, Момынжан деген жалғыз қызын Қожабектің 3-ұрпағы Ерменбай деген кісіге ұзатады. Ал, Құсайынға Тұрдығұл Бижан зәңгінің қарындасын алып береді. Сөйтіп, қызай елі Тоқта-Барлықтан Ілеге ауғанда, осы ауылдармен бірге көшіп-қонып Күнес басына Нарат деген жерге келіп орналасады. Сымағұл деген кісі 1844 жылы Тоқта-Барлықта туылып, 1935 жылы Нараттың Ластай деген жерінде қайтыс болып, Ластай қабырыстанына жерленеді. Сымағұл деген кісі ескіше оқып, дін және ислам шариғатынан недәуір білім алып, бала оқытып, «Сымағұл молда» атанады. Тамыр ұстап, ем-дом жасайтын, тәжірибе топтап, кейбір құбылыстарға кесім жасайтын, талма ауыруларға ем жасап сауықтыратын, жылан тарымдап, жылан шаққан адамға ем жасайтын адам болып, елдің құрметіне бөленіп, дүниеден өтіпті. Екі ұлы Қасен мен Құсайын да айтулы, мықты азамат болып, ержетіпті. Қасен әнші, домбырашы болып, жүрген жерін думанға бөлеп жүреді екен. Жүректі мерген болыпты. Күнеске келгеннен кейін Жолбарыс атыпты. Әбілғазы Қасенұлы да ақкөңіл, қалжыңбас, ершікеш, қайратты кісі болыпты. Қадыр, Әнуәрбек деген Құсайынның екі ұлы да палуан болыпты. Асқарбек Қадырұлы айтулы шипагер болған. Емшілікті кәсіп етіп, ел қажетыне жараған кісі еді. Болатбек Әнуәрбекұлы қырық жылдан артық Нарат ауылында, ағарту және қоғамдық қызмет істеп көрнекті нәтиже жаратқан. Ауылдық жайылым басқару қызметынде жақсы істеп, Нарат ауылдығының жайылым басқару пүнкитін Шинжияң бойынша үлгілі жайылым пүнкиті етіп құрып, өзі «мемлекеттік үлгілі жайылым қызметкеры» деген даңқты атаққа ие болған. Күнестің шығысындағы моңғұл, қазақ шекара дау-шарын шешуде өлкеге бірнеше рет уәкіл болып барып, іскерлік, өжеттігімен ерекше рол ойнап, көзге түскен, халықтың алқауына бөленген азамат. Қайсы бір қызметты шынайы жауапкерлікпен тындырымды істеп, өкіметтің сенімді қызметкері болып, сан рет мадақтауға ие болып сыйланған. Бұл ауыл Нараттың Қараой, Иінтал, Көкөзек өңірін мекендеп келеді. Нәсілбек Қадырұлы 1955 жылы Қазақстанға қайын жұртымен бірге Қоныс аударып, Талдықорған Қарабұлақ ауданы Ешкіөлмес ауылында тұрады. Пырымқұлдың ұрпағы қазір 30 отбасы болды.
Жарбайқожаның 3-ұлы Құдайқұлдың Шәнішқожа деген баласының 3-ұрпағы Сейітқожаның ауылы 15 отбасы Күнес ауданының Кеңсу ауылының Қазақмәлі қыстағында тұрады. Сейітқожанің Әбділда қажы, Оқас қатарлы жеті ұл болып, «Жеті қожа» атаныпты. «Жеті қожа» − ағайындылар қызайдың Солтанкелді руының болысы Естеместің ауылымен бірге отырады. Әбділда қажы деген кісі 1935 жылы Естемес болысты қажыға атқосшы болып ертіп барған. Естемес болыс Мединеде қайтыс болып, сол жерге жерлеп, қажылық расымиятын өтеп, әрі өзі Меккені тауап қылып, қажылық парызын өтеп, қажы болып қайтып келген. Ол кісі, білімді, инабатты кісі болып, Әбділда қажы атанып дүниеден өтті.
Оқас Сейітқожаұлы жастайынан елгезек, пысық, өжет болып, «Үш аймақ» армиясына қатынасып, қосында шипагерлік міндет өтеп, 7 жыл армиада болып, қайтып келгеннен кейін шипагерлік кәсібімен шұғылданып, ел алқауын алып дүниеден өтті.
Жақыпнұр Оқасұлы тума ақындық дарынын танытып, әрі бұл өнерін дамытып, өлке, облыс, аймақ, аудан дәрежелі айтыстарға түсіп, айтыс ақыны атағына ие болып, Шинжияң қазағына танымалы халық ақындарының бірі болды. Ол айтыс өнерімен бірге жазба ақындық өнерін де ұштап, көптеген өлең, толғау, дастан жазып, баспа беттеріне жариялап келеді.
Құдайқұлдың бір баласы болған Бабақожадан таралатын Бағайдың ұрпағы Мәтқожа, Дәуленқожа, Бақырқожа, мөлшермен 1916 жылдардан бұрын Жәркент өңірінен өтіп, Бұраталаның Тақия-Жың өңіріне келіпті де, Қаракерейдің Мәмбетінен таралатын Шүңет ауылымен бірге отырып, 1916жылы Рақымжан Итекеқожаұлы Шүңет ауылының басын қосып тұңғыш зәңгі болады. 1920 жылдары Әбілмәжін Байқожаұлы жалғасты заңгі болады. Бұл ауылдан Нұрақымет Нүсіпұлы қатарлы кісілер халыққа ислам дінін үгіттеп ілгерінді кейінді мешіт ұстап имам болады, бала оқытады. Ал, 2-ұлы Көгейдің балалары Көкеқожа, Ыбырайымқожа, Бектайқожа, Молдабайқожалар Құлжа қаласына келіп, тараншы саудагері бай Әбділданың малын бағып, Текестің Қаражон Қапсалаң деген жеріне мал отарлатып, Сулы Алматы мен Ойманбұлақ өңірін қыстап, тіршілік етеді. Суан қызынан туған Көгей, Мағай, Молдабай деген үш ұлы азамат болып, саудагердың малын баға жүріп, не дауыр мал құрап, жер, суға ие болады. Біркездері Молдабайға мыңға тарта қызыл қой, жүзден астам ала жылқы бітеді. Сулы Алматы және Қарадала өңірінде «Күлтекше», «Қожабұлақ» деген шұрайлы жайлыстар қазірде солай аталып келеді. Азаттықтан кейін коммуналасуда бұл ауылдың бір бөлім семиалары Құлжаның Ойманбұлақ мал фермасына, бір бөлімдері Сулы Алматыға, Қорғасқа, Арасан ауданындағы көрпүстің көлденең қожалығына бытырай орналасып қалады. Қызайдың Торғай-Аманбай руларымен және қаракерей руларымен құдандалы болып тамыр тартады. Бектайқожа, Көгей, Мағай, Молдабай, Кеспер, Еспер деген кісілердің сүйегі Сулы Алматыдағы мазарға жерленеді. Бұл ауылдан Еспер, Кеспер деген кісілер дін оқып, ислам дін мағұлматын иелеп, өз ортасында имаметшілік істейтін қисса-дастандарды оқып, көшіріп алып кейбірін жатқа айтатын. Топ ішінде өлеңде айтатын ақындық дарыны бар танымалы адамдар болған. Кейінгілерден Қисабек Зәкіржанұлы, Айсабек Ақылжанұлы, Қорғас Нұрақынұлы қатарлы кісілер ауыл-қыстақ басшылық міндетін ұзақ уақыт атқарған азаматтар болумен бірге Дидарбек Зәкіржанұлы жоғары мектеп мағұлматын игеріп, әдебиет шаруашылығымен айналысып, бірқанша әңгіме-повесыт жазып, баспа бетіне жариялады. Әлен Кесперұлы ұзын жыл Ойманбұлақ мал фермасында ағартушылықпен айналысып, жатақты мектеп құрып, оқытушылық істеген, мектеп басқарған қарт ағартушы, пенсионер. Нұрақын Мысақанұлы айтулы атбегі болып, бәйге баптап, жорға мініп, ел көзіне көрініп өткен адам. Бір кездері Нұрақынның Қожагер аты алдына жылқы салмай жүргенде, суанның Әукен болысы Нұрақынмен дос болып қолқалап алады. Содан бастап ол кісінің бет-беделі жоғарылап, жер-суға ие болады. Нұрақынның баласы Қорғас оқымасадағы тума дарынымен айтыс және жазба ақын болып, айтысқа түсіп, өлең жазып баспа бетіне жариялап келеді.
Құдайқұлдың тағы бір баласы Қозжан бұрын Шелек, Жәркент өңірінде болып, одан туылған Тәңірберді деген кісі мөлшермен 1890 жылдары Жұңго жеріне өтіп, қызай ішіне келіп, Күнестегі қызайдың Бегімбет деген баласынан таралатын Бескөрік руының Барақ ауылына келіп тұрақтайды. Бұл ауылда бірнеше жыл тұрып, Сенбай деген баласы Қоныспайдан қыз алып, Қарағайлысудағы Қонысбай, Қарынбай руының ішіне барып орнығады. Сөйтіп, Сенбайдың Әбеу, Жүмәділ, Жәнәбіл деген балаларының ұрпақтары осы өңірдегі рулармен құдандалы болып, тамыр тартады. Бұл ауыл қазір 20 дан астам отбасы болып, 2000 жылдың басында Қазақстанға қоныс аударып, Есік өңіріне қоныстанды. Бұл ауылдан Байжұма, Марғұлан деген кісілер ұзақ уақыт қыстақ дәрежелі басшылық міндет атқарды. Жұмақын Әбеуұлы ауданның жер басқару, оқу-ағарту, әдылия орындарында мекеме бастығы міндетін атқарды. Нұрсұлтан облыстық почта-телеграфта ұзақ жыл істеп, өлкелік хабарласу серіктігіне аусып барып, бас алқа болып жауапты міндет атқаруда.
Жарбайқожаның 5-баласы болған Сейсіпқожа ұрпақтары тариыхтан бері Суан елінің ішінде Жарбайқожаның басқада балаларының ұрпақтарымен бірге әсіресе Балтақожаның ұрпақтарымен бірге Қорғас өзенінің екі жағасында Жәркенттің Алмалы өңірімен Қорғастың Кеген, Ақсу тіпті Сүйдүң-Көкдала өңірлеріне дейін қоныстанып тіршілік етіп келеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.«Қазақ шежіресі» (1-кітап), «Шинжияң жастар-өрендер баспасы» .
2.Нұрсұлтан Назарбаев, «Тарих толқынында», Бижиың, ‹‹Ұлттар баспасы››, 2005 жылы маусым.
3.Ибадұллаева Зылиқа Өмірбекқызы, «Қазақ даласындағы қожалар», «Мұра» журналы, 2002 жыл, 6 сан.
4.Қадыр Оразұлы, «Қожа туралы деректер», «Іле халық баспасы»
5.Сейтомар Саттаров, «Мұхтар Әуезовтың ата тегі » .2009 жыл «Жібек жоле баспасы» Алматы
6.«Суан шежіресі», Алматы, «Жалын баспасы», 2000 жыл.
АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН






