Жарық нұрдың сәулесі

Тау ішінде әнінің шығу тарихы

Қалжан қожа Нұрмұхамедов 1885 жылы Түркістан қаласына қарасты Ортақ елді-мекенінде туылып, 1942 жылы «халық жауы» болып Ресей жерінің Архангельск облысына айдалып кетіп, сол жақта Халықтық ішкі істер комиссариаты (НКВД) ашқан лагерде қаза болған. Ерте жетім қалып түркістандық Исламбай деген байдың жалшысы болған. Өзінің етжеңділігі арқасында 1902 жылы медреседе оқып, сауатын ашқан. Кеңес үкіметі орнаған соң әртүрлі жұмыстар атқарып жүріп қаланың локомотив депосына кіріп, сондағы орыс жұмысшылармен тамырласып, орыс тілін жетік меңгерген. Осының арқасында қазақ және өзбек жерлестеріне таптырмас тілмаш болып тірліктерінің дұрыс жүруіне септігін тигізіп отырған. 1921-1931 жылдары Кеңес үкіметі қабылдаған НЭП – жаңа экономикалық саясаттың арқасында Қалжан қожа бағбаншылық, диқаншылық, малшылықпен айналысып жұмыстары өрге басып, көп ұзамай ауқаттылар қатарына іліккен. Түркістан өңірінде алғашқы болып мақта егіп, соны саудаға шығарып дәулетіне дәулет қосыла түскен. 1919-1920 жылдары болған үлкен ашаршылықта жетім қалған, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 500 баланың тамағын, киім-кешегін көтеріп қайырымдылық жасаған. 1926 жылы СредАзБюроның Жер иелену бөлімінің жауапты қызметкері Раушан қожа Әбенқожаұлы халықты ұйымдастырып Сыр өзенінен су тартып Түгіскен тыңын көтеріп, кешегі шөлді жерлерді суландыру мақсатында Қандөз каналын қаздырудың жобасын жасайды. Бұл жұмыстарды атқару үшін ол әртүрлі ұлт өкілдерінен 600-дей адамды тартып қазу жұмыстарын бастап жібереді, алайда сол халықты тамақтандыру жағы қиынға соғады. Сол кезде кедейліктің кермек дәмін ұмытпаған, көшпенділіктің болашағы жоқ екенін бұрыннан сезіп жүрген, отырықшылықтың елге келтіретін пайдасының әлдеқайда көп болатынын жете түсінген Қалжанқожа, сөзге келмей бұл үлкен бастамаға белсене араласып кетеді. Сөйтіп каналды қазуға кіріскен жұмысшылардың ас-ауқатын – ұн-майын, қант-шайын, 40 пар өгіз тартқан арбаларға артып жіберіп, жалғыз өзі көтереді. Бірақ, Раушан қожаның бастамасы Рүстем, Қансейіт деген қаскүнемдердің кертартпа әрекеттерінен тоқтап қалады. Тек 39 жыл өткен соң ғана, кезінде Раушан қожа мен Қалжан_қожа көтерген бұл бастама ақыры Зұлпыһар Мұсахановтың қайта көтеруімен канал 1960-шы жалдары іске асырылып, Жаңақорған ауданында Сауран, Түгіскен, Өзгент, Задария, т.б. совхоздар ұйымдастырылып, бара-бара бұл өңір Сыр бойындағы ірі күріш өндірілетін аймаққа айналып кетеді. Қалжан қожаның көмегі көптеген адамға тиген. Көмек болғанда да ол «Балық берме – қармақ бер» деген халық қағидасына сай, мүмкін болса еті  тірі азаматтарға диірмен салып беріп, мақта егуді үйретіп, т.с.с. көп уақытқа күнкөріс көзі болатын бастамаларды қаржыландырып отырған. Қалжан қожаның тағы бір ерекшелігі ел жақсыларын, халықты түзу жолға салатын азаматтардың жағдайын да жасауға атсалысып отырған. Мысалы, Шымкенттің маңында, бүгінгі Ленгір қаласының төңірегінде өмір сүрген Қаратай шешен деген кісі түрлі дау-дамай, тартыстардың дұрыс шешімін табуда алдына жан салмаған ұқсайды. Сол Қаратай шешен әр жылы күзге салым Түркістанға барып «Қалжан қожа, менің биылдық сыбағамды бер» деп, екі түйеге қысқы азығы мен басқа да бұйымдарды артып еліне қайтып кетеді екен (ғалым Әсілхан Оспанұлының әңгімесі).

Осы секілді игілікті істердің басы-қасында жүрген Қалжан қожа Нұрмұхамедұлы туған өлкесінде жаңа, заманауи өндірістер тұрғызуды көздеп Мәскеуден арнайы инженер алдыртып, Түркістан қаласында мақта өңдеп, мата шығаратын тоқыма фабрикасын тұрғызуды қолға алады. Алайда оның орнына бай-құлақтарды таптық жау көрген қызыл белсенділердің құрығына ілініп бүкіл дүние-мүлкі кәмпескеге ұшырап, үй-ішімен 1930 жылы Әндижан жаққа жер аударылады. Ол жерде де Қалжанқожа қарап отырмай түйешілер артелін құрып КСРО -ның Памир тауларындағы Ауғаныстанмен шекарасын күзеткен қызыләскерлерге керуенімен азық-түлік тасып, 30-шы жылдардағы «коллективизация» салдарынан арып-ашып, сенделіп кеткен халықтың еңсесін көтеріп, хал-ахуалын жақсартуға әрекет жасайды. Бірақ, бастамасы енді-енді өрге басып хал-ахуалдары біршама жақсарып қалғанда Қалжан қожға мұнда да тыныштық болмай 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, «халық жауы» деген жаламен Түркістан әскери округінің әскери трибуналы оны 6 жылға бас бостандығынан айырады. Содан Ресейдің солтүстігіне айдалып сол жақта өмірден өтеді.

Қалжанқожа Нұрмұхамедов із-түссіз жоғалып кетсе де оның көзін көргендердің есінде есімі аңызға айналып кетеді. Соның бірден-бір айғағы: «Бай болсаң – Қалжандай бол» деген мәтел сөздің оңтүстік өңірінде әлі күнге дейін айтылып жүргені.

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ «ТАУ ІШІНДЕ» ӨЛЕҢІ ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

2005 жылы Түркістан қаласында Қалжан қожаның әулеті аталарының әруағына бағыштап үлкен ас берді. Сол жиында Сәкен Сейфуллиннің атақты «Тау ішінде» әнінің дүниеге қалай келгені жайлы әңгімені естудің сәті түсті.  Оны кезінде Қалжан қожаның жақсылығын көрген кісінің ұлы, бұл күндері сақалы ағарған қария баяндап берді. Әннің тарихы мынадай екен: Бір күні оның әкесі Түркістанға базарлап келеді де, мініп келген атын ұрлатып алады. Содан Қалжанқожаға келіп «Қожеке, мен жаяу қалдым, атымды кім ұрласа да осы Түркістанның ұрысы алды, соның орнын толтыр» дейді. Қалжанқожа сөзге келмей «Анау тұрған аттардың ішінен қалағаныңды ал» дейді. Әкесі аттарды айналып қарап шығып ішінен бір ақбоз атты таңдап мініп еліне қайтып кетеді.

Көп ұзамай әкесінің үйіне Сәкен Сейфуллин түсіп, бірнеше күн қонақ болып, жұрттың көңілін өнерімен көтеріп қайтадан жолға шығатын болады. Әкесі қадірлі қонағын баяғы Қалжанқожа сыйлаған ақбоз атқа мінгізеді де, баласына сыбырлап «Анау таудың етегіндегі шоқыға дейін шығарып салып, сосын ақбоз аттың үстіндегі күміс ерді сыпырып ал, қазақтың баласы ғой ары қарай жайдақ мініп кете берсін» деп тапсырады. Содан бұлар жолға шығып кетеді.

Ол кездері қазақтың салты бойынша қонақты екі-үш шақырымдай жерге дейін шығарып салу міндет. Біраздан кейін ауыл алыста қалып, Сәкен қараңғыда қоршап тұрған биік таулардың ұшар басын тамашалап бара жатып, тамылжыған жаздың түннің рахатына малынып, мұрын жарар мүңкіген гүлдердің иісіне масайып, өбіп есіп тұрған кешкі самалдан көңілі тасып, бұрын-соңды естімеген бір әдемі әнді шырқай жөнеледі. Бұл атақты «Тау ішінде» болатын. Міне, осылайша, «кісінің тірлігі кісімен» деген ескі сөзге сай, Қалжанқожаның серілікпен бере салған ақбоз аты тағы бір серінің қолынан өтіп Сәкендей серінің осындай өлмес әнінің дүниеге келуіне септігін тигізеді.

Бір қызығы, қарияның айтуынша, ол әлгі әкесі айтқан шоқыға жеткен соң, күміс ерді сыпырып алуға Сәкен Сейфуллиннен ұялып, бұл қымбат бұйым баяғы Қалжанқожаның ақбоз атының үстінде кете беріпті… Қазақ деген неткен сері халық десеңші!

Ералы ОСПАНОВ, суретші

 

Тау ішінде

Мен келем тау iшiнде түнделетiп,

Аймақты күңiретiп өлеңдетiп,

Астымда ақбоз атым сылаң қағып,

Жалтақтап, құлақтарын елеңдетiп.

Қайырмасы:

Ақбоз ат – менiң тұлпарым,

Шалқыған көңiл сұнқарым,

Көкiрек керiп жұттым мен

Ауаның жазғы жұпарын.

Ах-ау, сүмбiл шаш!

Тәттi сөзiң, қара көзiң,

Бiлгейсiң келгенiмдi жалғыз өзiң.

Ән салдым есiп майда, жаяулатып,

Ырғалтып шырқап, толғап, баяулатып,

Толқындай мың құбылған әнiмдi естiп

Тыңдарсың кiрпiк қақпай ояу жатып.__

 

Ұқсас мақалалар

2 пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button