Әзіреті Ысмайыл атаның өмір сүрген уақыты жөнінде
VIII ғасырдың екінші жартысында Арабстаннан Түркістанға «ислам ашып» келген Әзірет Әліден тарайтын үш ағайындының кішісі Әбдіжәліл бабтың он үшінші атадағы ұрпағы Ысмайыл ата Ыбрайым ата ұлы Қазығұрт өңіріндегі Тұрбатта өмір сүрді. XIII ғасырда сол жерде туып-өсіп, Қожа Ахмет Ясауидың діни ілімін жалғастырып, халықты ізгілікке, дінге, иманға бағыттап соңынан ерткен Ысмайыл ата Ыбрайым ата ұлы Тұрбаттың атын шығарып, даңқын асырды. Ата ілімін жалғастырған оның ұрпақтары діни ілімнің атадан балаға өтетін туыстық тізбегін құрып, өте ықпалды силсилаға айналдырды. Дүниеге ислам дінін таратуда аса белсенділік танытып, бірнеше ғасыр бойы Мәуренахр мен Түркістанда, Қорасан мен Үндістанда халықты соңынан ерте алды.
Заманында дүниені тітіреткен Мәуренахр сайыпқыраны Әмір Темір Ысмайыл ата және оның ұрпақтарын пір ретінде мойындап, құрмет көрсетіп, Тұрбатта бір емес, үш архитектуралық кешен салды. (1. Ысмайыл ата кешені, онда Ысмайыл ата, Жебірейіл ата, Қошқар ата кесенелері бар. 2. Оның үлкен ұлы Ысқақ ата кешені, онда Ысқақ ата кесенесі бар, басқа құрылыстар бұзылған. Ысмайыл ата кешенінен оңтүстікте, екі шақырым жерде. 3. Оның тоғызыншы баласы Қажы ата, оның ұлы Молда қожа кесенесі, біздің заманымызға жетпей бұзылған. Ысмайыл ата кешенінен үш шақырым шығыста.)
Ысмайыл ата және оның ұрпақтары туралы мәліметтердің негізі бізге жазба әдебиеті жақсы дамыған нақшбандия тариқатының өкілдері арқылы жетті. XV ғасырда нақшбандиялық ұлы ақындар Әбдрахман Жами, Әлішер Науаи, сол замандағы ең атақты шайхтардың бірі Қожа Ахрар, атақты «Рашахат» кітабын қалдырған Кошифийлер ол және оның ұрпақтарына үлкен баға беріп жазды.
Сол заманда Мәуренахр жерінде кең тараған нақшбандия тариқаты өкілдеріне өздерін мойындатып, олардың руханият саласында басым болуына жол бермей, көп жерде басымдық танытып,Ясауи тариқатының намысын жыртқандар осы Ысмайыл ата силсиласының сопылары еді. Бұл жөнінде нақшбандия тариқатының өкілі Шихаб ад-Дин ибн бинт Әмір Қулал өз еңбегінде мынадай мәлімет қалдырыпты: «Сайид Әмір Қулал (бұл кісі Нақшбандийдың ұстазы, Әмір Темір ең алғашқы жорығын сол кісінің батасымен бастаған) түрік шайхыларымен кең байланыста болған. Бірақ, оның ұлы Әмір Омар (1401 ж.қ.б.) мен Ысмайыл ата муридтерінің арасында әжептеуір қақтығыстар (таяқтасып, жарақат салуға дейін) болған» (Макамат-и Сайид Амир Кулал, 101аб бет, ИВ РУз №3804). (Ясауи тағылымы, Түркістан 1996 ж., 76 бет.)
Екі тариқат арасындағы тартыс жоғарыдағы оқиғадан екі ғасырға жуық уақыттан кейін өмір сүрген нақшбандия шайхы Лутфулла Чустидің (ө.ж. 1571-1572 ж) еңбегінен де көрініс тауыпты. Ол өзінің сопылық қызметін Ферғана, Самарқанд аймақтарында жүргізген және ұрпақтан ұрпаққа өтетін туыстық шайхтыққа үзілді-кесілді қарсы болуымен көзге түскен екен. Оның еңбегінде Ясауи тариқатының туыстық дәстүрдегі тізбегінде болған Ысмайыл атаның ұрпағы Абд ал-Қадыр Тұрбатиймен болған бақталастығы жөнінде дерек беріліпті. Артында көпсанды ізбасарлары бар, өз заманының беделді шайхы Абд ал-Қадыр Тұрбатий өз жақтастарымен Мәулене Лутфуллахтың алдына, оны жеңу үшін келеді. Дереккөз Абд ал-Қадыр Тұрбатийдың жеңіс орнына, оба індетіне шалдығып, өз бабалары қабірінің жанынан орын тапқанын жазыпты. (Тұрбат – Ысмайыл ата: Аңыз бен ақиқат, 47-48 бб.)
Қазіргі кезде Нақшбандия дерекшілерінің осал тұстары байқала бастады. Бұл әсіресе Ясауи тариқаты өкілдері туралы мәліметтерге байланысты айқын көрініс тапты. Олар шамасы
Ясауишылар туралы көбінесе ұзынқұлақтан жеткен хабарларды қағазға түсірді, сондықтан шындықтан алыс мәліметтердің шындыққа балану жағдайлары орын алды. Ал, ол мәліметтер аса беделді ғұламалардың аузымен айтылғандықтан қазіргі заманғы ғылым айналымына енді.
Осы себепті, ғылымда айналымда жүрген деректерде Ысмайыл ата туралы мезгілі жағынан бір-бірімен қабыспай, екі-үш ғасырға дейін айырмашылық беріп жататын мәліметтер бар.
Дәлел айтайын:
- Өзбектің ұлы классик ақыны Әлішер Науаи өзінің «Насойим ул-мухаббат» кітабында: «Ысмайыл ата Қожа Ахмет Ясауидың Ыбрайым ата деген інісінің ұлы,» – дейді. Ясауидың өмір сүрген уақыты – 1103-1166 жылдар, яғни мына дерек бойынша Ысмайыл ата ХII ғасырда өмір сүріп, Ясауимен замандас болған.
- Фахриддин Али Кошифийдің «Рашахат айн әл-хаят», Мұхамед Әлім әл-Әлауидың «Ламахат мин нафахат ал-құдс» кітаптарында Ысмайыл ата дүниеге келгенде Ұзын Асан атаның алдына апарып, оның омырауына салғаны айтылады. Ұзын Асан ата әйгілі Зеңгі атаның (қ.б.ж. – 1258) шәкірті. Бұл дерек Ысмайыл атаның өмір сүрген уақытын ХIII ғасырдың соңына алып келеді. (Тұрбат – Ысмайыл ата: Аңыз бен ақиқат, 180 б.) Мұндай деректер өте көп. Соның ішінде ең сорақысын келтірейін.
- Әлішер Науаи өзінің «Мажолисун – нафойис» кітабында ақын Атаий туралы мынадай дерек айтады: «Мәулене Атаий Балхыда өмір сүрді. Ол Ысмайыл атаның перзенттерінен болады…». Атаий ақын Әмір Темірдің немересі Ұлықбек дәуірінде өмір сүрген. Оған дәлел, Атаий ғазалдарында Ұлықбектің ұлы Әбділәтіпке, тағы басқа сол кездегі шахзадаларға айтылған жолдар бар. (Тұрбат – Ысмайыл ата: Аңыз бен ақиқат, 40,46 бет). Ұлықбектің өмір сүрген уақыты – XV ғасыр. Бұл дерек Ысмайыл атаның өмір сүрген уақытын сенуге келмейтіндей етіп, XV ғасырға дейін созады.
Ысмайыл ата тарихына байланысты төңкеріс деуге лайық ақпаратты 1987 жылы Американың ғалымы, Индиана университетінің профессоры Дэвин Ди Уис таратты. Ол Кабул Ұлттық Мұрағатынан Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ қожаның «Хадикат ал-Арифин» атты еңбегінің қолжазбасын тауыпты. Ол туралы «Түркістанды исламдандырудың Ясауи аңыздары» деген мақала жазып, ғылым әлемінің айналымына салады.
Мақала Ясауитану ғылымына үлкен жаңалық, сілкініс әкеліп, қозғалыс тудырды. Нәтижесінде, америкалық ғалым Дэвин Ди Уис пен қазақ ғалымы Әшірбек Момыновтардың бастауымен Өзбекстан, Қазақстан, АҚШ, Германия, Швейцария, Голландия, Ресей ғалымдарын қосып, үлкен жоба ұйымдастырылды. Жұмыс барысында еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарына, Өзбекстанның Ташкент облысына экспедициялар ұйымдастырылып, халық арасынан өте көп қолжазба, насабнамалар жиналып, оларға сараптама жасалды.
Жоба нәтижесі «Орталық Азиядағы исламдандыру және киелі насабнамалар: Ысқақ баб мұрасы риуаяттар мен шежірелер дәстүрінде» атты екі томдық дүниеге келді. Аталған еңбекте Ысмайыл ата ұлы Ысқақ қожаның «Хадикат әл-Арифин» атты еңбегінің Кабул нұсқасы мен Өзбекстан республикасы шығыстану институты қорындағы тоғыз қолжазба нұсқалары егжей-тегжейлі зерттеліп, бұрын ғылым әлемінде айтылып жүрген Ысмайыл атаға байланысты деректерге түзетулер енгізілді, олар:
- Осы күнге дейін ғылымда Ысмайыл атаны Қожа Ахмет Ясауидың Ыбрайым ата атты інісінің ұлы деп келінген еді. Қожа Ысқақ еңбегі Қожа Ахмет Ясауидың он бірінші атадағы бабасы Ысқақ баб пен Ысмайыл атаның он үшінші атадағы бабасы Әбдіжәліл баб арқылы табысатын өте алыс туыс екенін көрсетіп, анықтық енгізді.
- Ысмайыл атаның Қожа Ахмет Ясауиға байланысатын рухани тізбегі ғылымда: Ысмайыл ата – Сейіт ата – Зеңгі ата – Хәкім ата – Қожа Ахмет Ясауи түрінде қабылданып келді. Қожа Ысқақ еңбегінің қолжазбаларында бұл жөнінде мынадай деректер жазылыпты: «Мен Қазғиртлық атам Ысмайыл ата арқылы тариқатқа кірдім. Ол өзінің атасы Ыбрайым ата арқылы, Ыбрайым ата Қожа Ахмет Ясауидың Сопы Мұхамед Данышпан атты халифының шәкірті Сөксөк ата арқылы тариқатқа кірді».
Жоғарыда аталған еңбектің зерттеу тақырыбы Ысқақ бабтан тарайтын аңыз болғандықтан Ысмайыл ата жайлы мәлімет аз, оның ұлы Ысқақ қожаның «Хадикат әл-Арифин» еңбегінің 90 пайызы ашылмаған күйінде қалып отыр. Осы мәселеге ғалымдарымыздың қызығушылығын тудыру мақсатында заманында халық арасында «әулиелердің мөрі» атанған Ысмайыл атаның өмір сүрген уақытының өзім жасаған нұсқасын ортаға тастап көрейін. Ол үшін Ысмайыл ата өмірін анықтауға тікелей, жанама әсер ететін мәліметтерді тереміз:
- Зерттеу еңбек Ысқақ қожа еңбектерінің мәліметтеріне сүйеніп, Ысмайыл атаның 1334-35 жылы немесе 1314-15 жылы қайтыс болған деп шамалаған екен. (1-том, 21 бет)
- Қолжазба деректерінде, насабнамаларда Ысмайыл ата 120 жыл өмір сүрді деген дерек көп кездеседі.
- Ысқақ ата еңбегінде ходженттік шайх Маслахатдиннің қартайған кезінде Ысмайыл ата жас жігіт еді деген мәлімет бар (1 том, 441 бет). Ал шайх Маслахатдин қартайған шағында монгол шапқыншылығынан Үргенішті қорғаған (1220 ж), кубравия тариқатының негізін құрушы Нажметдин Қубромен замандас.
- Ысқақ қожаның еңбегіндегі бабасының ұстазы Сөксөк ата насабнамаларда 14 жасында Қожа Ахмет Ясауи алдына қызметке келіп, ол кісінің алдында 12 жыл болғаны айтылады. Сонда Сөксөк атаның туған жылы – 1140жыл болады. (1166 жыл Ясауидың қ.б.ж.) -14-12)
- Көбей Тоқболатұлы 1889 жылы жазған Ысмайыл ата туралы аңызында Ысмайыл ата Әмір Темірге дейін 100 жылдай бұрын өмір сүрген, қалмақтар (монголдар) шапқыншылықпен келген кезде (1219 ж.) 20 жаста болған. (Ол замандағы діни әңгіме-аңыздардың барлығында дерлік діні бөлек жаудың барлығын қалмақтар деп атау қалыптасқанын білеміз.) (Тұрбат – Ысмайыл ата: Аңыз бен ақиқат, 106 бет)
Енді бар мәліметтерді салып, жоғарыдағы деректермен салыс-тырып көрейік:
1315(қ.б.ж.) – 116 = 1199жыл, бұл жерде 116 = 120-4
120 – насабнама, аңыздарда айтылатын өмірі;
4 – Қолданыстағы күн жылымен хижрадағы ай жылы арасындағы айырмашылық 120:30 = 4;
1315 – зерттеу еңбектегі Ысмайыл атаның қайтыс болған жылының біздің есебімізге дұрыс келетіні;
Сонымен, біздің есебіміз бойынша Ысмайыл атаның туған жылы – 1199жыл, қайтыс болған жылы – 1315 жыл. Бұл есеп жоғарыда келтірілген мәліметтердің ешқайсысына қайшы келмейді.
Меніңше, осы есеп дұрыс сияқты. Аспаннан алған жоқпын. Сіз не дейсіз?
Кәрім Аппазов