Жарық нұрдың сәулесі

АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫ – МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАР

Алла Тағала адамзатты өз қолымен топырақтан жаратса да, оның жер бетінде өсіп-өнген ұрпақтарын тура жолға салуға келгенде, көп кедергіге ұшырай берді. Олай болатыны, адамзат жаралғанда, оның көкірек қуысынан шүкірлік пен күпірлік қатар орын алған. Олардың көбі «Шүкірлік – Алланың рахметі болса, күпірлік – әзәзілдің азғыруы» екенін білмеді. Міне, сол әзәзілдің азғыруы салдарынан Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылып кетіп еді. Бүгінге дейін сол шүкіршілік пен күпірлік екеуі ұдайы арпалысып, кезекпе-кезек жеңісіп, итжығыс түсумен келе жатыр. Жер бетіндегі алғашқы қылмыс сол алғашқы тұрғындардың баласы Қабылдың өзінің бауыры Әбілді өлтіруінен басталса керек. Содан бері жаһан жүзінде ұрыс-соғыс, атыс-шабыс, дау-жанжал бір сәтке тоқтаған емес. Адамзат қауымы қатты азғындап, шектен шығып кеткен кездерде Алланың қаһарына ілігіп, талай рет жазаланды. Жаратқан иеміз осы үшін кезінде неше алуан апат жіберіп, топан су қаптатып, жер бетін күнәдан тазартты. Бірақ онымен толық жөнге келген адам ұрпағы жоқ. Құдіреті күшті Алла Тағала сосын оларды хақ жолына салатын пайғамбарлар жіберуге көшті, Қасиетті кітаптар түсірді. Бірақ онымен де кемеліне келіп, оңалып кету болмады. Міне, осының алдында христиан дінін уағыздай келген Иса пайғамбардың дүниеден өткеніне бес-алты ғана ғасыр болып еді. Ал адамзат қауымы тағы дағдарысқа ұшырап, кетеуі кетіп бара жатты.

Осының бәрін көріп-біліп отырған Жаратушы жер бетіне тағы бір қасиетті кітап түсіріп, өзгеше тұрпатты, тағы бір пайғамбар жіберуді ұйғарды. Ол кітап бүгінге дейінгі барша кітаптардың рухын бойына сіңірген аса киелі жазба болуы керек.

Жаңа пайғамбар адамзатқа деген ақтық білімдерді, соңғы ескертулерді ала келген, ең ақырғы құтқарушы болуға тиіс еді. Ол адамзат нәсілі ең бір азып-тозған, күпірлікке көп ұрынып, күнәға белшеден батқан, пендешілігі мен қатыгездігі асқынып тұрған аса қиын атырапқа жіберілсе керек. Жаратушыға аян болғанындай, VI ғасырда Қызыл теңіз жағасын жайлаған Арабия түбегі дәл сондай қиын өлкелердің бірі еді. Ібіліс те үнемі қасиетті жерлерді төңіректейді ғой, бұл кезде әбден іріп-шіріген арабтар азғындықтың шегіне жетіп, құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған. Кешегі Ибраһим пайғамбар тұрғызатын қасиетті Қағба аяқ асты болып, көрінгеннің жын-ойнағына айналған. Ол кезде пұт-құдайларға табынатын арабтар азғындай келе, зинақорлыққа салынып, бір-бірімен әйел айырбастайтын, еркектер бір әйелге ортақтасып, топты некеге отыратын, қыз баланы туа салысымен жерге көметін дәрежеге жетіп еді…

Сонымен, таңдау жасалды. Адамзатқа келетін жаңа дін – Ислам мен ең соңғы пайғамбардың мекен-жайы Арабия болмақ. Бұл аймақтың дін орталығы атануға басқа да шарттары жетерлік: Тоғыз жолдың торабы, үш құрлықтың ортасы. Бұған дейін де талай дәуір пайғамбарлар келіп-кетіп жүрген, ғарышқа шығар қақпасы бар, Жаратушының оң назарында тұрған өлке… Міне, сонымен, Алланың жерге жіберетін елшісі, ең соңғы пайғамбардың да дүниеге келетіні мезгілі жетіп еді. Сол бір Алланың ықылас нұры жауған Мекке шаһарында арабтың құрайыш тайпасы, хашим руына жататын Абдулла ибн Абд-әл-Мүттәлібтің шаңырағында болашақ пайғамбар шыр етіп жерге түсті…

Өзгелерден ерекше болып туған нәрестеге Алла тағала әу баста-ақ өзгеше белгі салып қойған-ды. Бала бойында өңгеде жоқ айрықша нышандар байқалғанымен, ол қырық жасқа толып, кемел ақылдың иесі болғанша, ешқандай аян берілген жоқ. Өйткені, болашақ пайғамбар халықтың қалың ортасында оң-солын танып, өмірдің қыр-сырына қанып, әлі де көптеген сындардан өтуі керек еді… Міне, сол күткен күн де жетті. Бұл 610 жылы 40 жасқа толған Мұхаммедтің рамазан айында, Мекке қаласының маңындағы Хира тауына шығып, Жаратушыға жалбарынып жүрген кезі-тін. Оразаның он жетісіне қараған түнде, таң алдында Мұхаммедке Алладан алғаш рет аян келді. Алланың әмірін жеткізіп тұрған көрікті, жас жігіт бейнесіне енген Жебірейіл періште еді. Оның тұңғыш түсірген аяты Алланың адамзатты қандай жомарттықпен жаратқанын баяндаған «Алақ» сүресі болатын.

***

Осы ретте дағыстандық белгілі теолог Михаил Вагабовтың: «VII ғ. басындағы бұрынғы діндердегідей мифтік образдарға емес, жер бетіндегі дүниеауи адам келбетінде көрінетін сондай ұлы әрі әулие тұлғаға зәру араб қоғамы дәуірдегі өзінің әлеуметтік, экономикалық және рухани шындығымен бірге Мұхаммедті, – өзінің де пайда болуы аңыз болып өрілгеніне қарамастан, – түсіністікпен қарсы алды», – деп атап көрсетуіне тарихи шындық бар еді.

Сондықтан да Мұхаммед адамзат тарихында өзіне дейінгі бірде-бір ірі тарихи тұлға қол жеткізе алмаған биік тұғырдан орын алды. Оның ілімі сол дәуірдің барлық ірі тарихи оқиғаларына ықпал етіп қоя салған жоқ, сонымен бірге дәл қазіргі таңда да жер шарындағы миллиардтан астам мүшесі бар мұсылман қауымдастығының сана, психология және тұрмыс салты жағынан бір-біріне сәйкес әлеуметтік-саяси һәм рухани әлеуетінің тұрақты сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Автордың пікірінше, ол мұсылмандардың бастапқы идеялардан бастап, түпкілікті наным-сенімі жүйесін қалыптастырудағы көзқарастарына да өзінің әсерін таңбай қалған жоқ.

«Пайғамбар әулеті жайлы әлемнің алуан тілдерінде жазылған сан түрлі зерттеулер жетіп артылады, – деп жазды Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Бүгінгі таңда Мұхаммед пайғамбардың өміріне ғана қатысты мыңдаған жинақтар жарық көрсе, Иран Ислам Республикасында Әзірет Әлидің ғұмыры, қызметі мен ұрпақтарына арналған 12 томдық арнайы есімнамалық энциклопедияға дейін басылып шықты. Араб, парсы, түркі тілдерін айтпағанда, ағылшын, неміс, француз және испан шығыстанушылары жазған пайғамбар әулеті туралы еңбектерден тұтас кітапхана құрастыруға болады».

Біз философиялық ой-пікір тарихында сонау ертедегі антикалық дәуірден қазіргі заманға дейінгі аралықтағы адамзат тарихында политеистік, яғни көп құдайлы қоғамнан біртұтас абстрактілі бір құдайға табыну көзқарасына көшуге шақырған көптеген аса көрнекті тұлғалардың болғанын білеміз. Ал іс жүзінде араб әлеміндегі көп құдайлықтың тамырына балта шауып, қандастарын бір ілімнің жетегіне ергізіп кеткен, ислам дінінің әлемнің төрттен бір бөлігін жаулап алуына негіз қалап берген Мұхаммед Пайғамбар болды. Осының нәтижесінде ол адамзат тарихындағы ең көрнекті, ең беделді, ең алдыңғы қатарлы тұлғаға айналды. Ол күллі адамзат баласына дүние тұрғанша өшпес, өлмес, өте зор, тәлімі мол рухани мұра қалдырып кетті. Оның кемеңгерлігі өзіне дейінгі пайғамбарлар сияқты атқарған тірліктері кейінгі жұртқа қиял-ертегілер сарынына толы аңыз әңгімелер түрінде ғана мәлім болған жоқ, сол заманғы араб әлемі куә болған нақты тарихи-табиғи әрекеттері бойынша кеңінен танылды.

Зерттеуші ғалымдар Мұхаммед Пайғамбардың тұлғалық құбылысы оның қоғамға үш қырымен – өлімге қайыл өзекті жан, Алланың елшісі және адамзат тарихындағы ең соңғы пайғамбар ретінде келіп кіргенімен айшықталады деп есептейді. Пайғамбардың бұл және бұдан да басқа функционалды міндеттерінің бәрі Құранның көптеген аяттарында мәңгілік ақиқаттар тұрқында атап көрсетілген.

Мұхаммед Пайғамбардың пайда болуы мен оның планетарлық миссиясы бүгінгі таңда жай риторикалық акциденцияның, яғни құр қыздырма қызыл сөздің арқауы болып табылмайды, ол керісінше жаһандағы екі өркениеттің – ислам мен батыс дүниесі арасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан текетіреске байланысты болып жататын кең ауқымды оқиғалардан туындайтын терең объективті себептер мен субъективті факторлардың әлі де бар екенін білдіреді. Бұл тайталаста мұсылман ойшылдары айрықша маңызды орынды Ақиреттің соңғы Пайғамбарының Алладан алған планетарлық миссиясына береді. Солар сапындағы ямайкалық мұсылман автор, ғалым-уағызшы Билал Филипс осыған байланысты «Исламның басты мақсаты мен мәні бүкіл адамзатты игілікке жеткізу болғандығына қарай, Мұхаммед барлық адамдарға жіберілген әмбебап пайғамбар болды. Алла Құранда бір мәндес терминдердің көмегімен «Біз сені адамдардың бәріне тек хабаршы және жеткізуші етіп жібердік, бірақ адамдардың көп бөлігі білмейді», «Сен: «О, адамдар! Мен – сендердің барлығыңа Алланың жіберген елшісімін» деп айт», деп мәлімдеді», – деп жазды.

Америкалық ғалым Майкл Харт өзінің «Тарихтағы өз рет-реттерімен қойылған ең ықпалды жүз тұлға» атты іргелі кітабында алдын ала жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің танымалдылық рейтингісі бойынша Мұхамед Пайғамбардың талассыз, айқын басымдылық ұпайымен бірінші орыннан табылғанын ерекше сүйсініспен атап өтеді. Оның осы кестесін бұдан әрі екінші орындағы Исаак Ньютон, үшінші лектегі Иса пайғамбар, төртінші басқыштағы Будда, он бірінші белестегі Карл Маркс, он бесінші сатыдағы Владимир Ленин бастайды. Ал Майкл Харттың осы зерттеуінің нәтижесіне сілтеме жасаған америкалық белгілі неофит, психология докторы Роберт Фрэйджер «Батыстың осы заманғы жетекші тарихшыларының бірі Мұхаммед Пайғамбарды адамзат жылнамасындағы ең ықпалды адамдар тізімін бастату үшін таңдап алды. Ол әлемдегі ұлы діндердің бірінің негізін қалаушы ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар діни және қоғамдық-саяси көзқарас тұрғысында орасан зор табысқа жете алған тарихтағы жалғыз тұлға еді. Мұхаммед философ, шешен, уағызшы, заң шығарушы, жауынгер, қолбасшы және саяси қайраткер болды. Ол – әлемнің барлық мұсылмандары еліктеуге тиіс нағыз үлгі», – деп атап көрсетті.

Ислам дәстүріне сай, Мұхаммедтің есіміне міндетті түрде «Алла оған разы болсын» деген тәріздес эвлогияның қоса айтылуының өзі Пайғамбарды жақтаушылардың пікірлері мен әрекеттерінде оның айрықша рөл атқаратынын айғақтайды. Бұл сипаттамалық тілек Алланың Елшісі бақилық болып кеткеннен кейінгі «тура жолды төрт халифтің» тұсында пайда болып, қалыптаса бастады.

Мұхаммедтің трансценденталды миссиясын ғұлама ғалым, теңдессіз теолог, «дінге жан беруші» Әбу Хамид Әл-Ғазали өз жазбасында: «Осы дүрбелеңнен кейін Алла Өзінің Қайырымдылығы, Қуаттылығы, Мейірімділігі мен Ізгілігі арқасында қанатты періштелерді жаратты. Содан соң Ол өзі кімге белгілі болса, соларды бақытты етуге шешім шығарды, бұлар пайғамбарлар еді, – оларға Алланың нұры жаусын, – адамдар соңыра өзіне шағым айтып жүрмеулерін көздеп, бұларға бақыттылық пен бақытсыздық жолдарын түсіндіріп берулері үшін пайғамбарларды жұмсады. Ол ең соңынан біздің Елшіміз Мұхаммедті (оған Алланың рахматы болсын) жіберіп, оны өзінің хабаршысы әрі ескертушісі етіп белгіледі. Ол пайғамбарлықты өзінің шегіне дейін жетілдіре жеткізіп, бұдан артық жақсартуға орын да, мүмкіндік те қалдырмады. Сондықтан Ол оны ғалам пайғамбарлары кезегін жабушы етіп жасады», – деп баяндады.

Арада қаншама ғасырлар өткенімен, Мұхамед Пайғамбардың ілімі өзінің орасан зор күші мен әлеуетін жай сақтап қоя салған жоқ, ол сонымен бірге ықпал ету аясын кеңейте келіп, қазіргі заманғы геосаяси өмірдің ең басты факторларының біріне айналды. Бұған батыстың да, шығыстың да ислам әлемін зерттеушілері ешбір күмән келтіріп отырған жоқ, оның айқын екені соншалықты, ол халықаралық қатынастарда да әрдайым ескеріліп отырады. Соңғы жылдары бүткіл бүтін дүниеде Мұхаммед Пайғамбардың тұлғасына мән беру өсіп келеді, бұл бір жағынан қазіргі заманғы ғаламда болып жатқан әлеуметтік-саяси оқиғалармен тығыз байланысты болса, екінші жағынан мұсылманның жаңғыру дәстүрі жағдайындағы ой-пікірде ислам позициясының нығая түсуінен және конфессиялық өмір аясындағы Батыс пен Шығыс мүдделері текетіресінде басымдық ала бастауынан көрінеді.

Мұхаммедтің мұсылман ой-қиялы мен өмір салтындағы жеке тұлғалық құбылысы ешқашан ислам теологтары мен философтарының қаперінен тыс қалған емес. Қазіргі заманғы авторлар оның харизматикалық образына ұдайы назар аударумен келеді. Осы ретте белгілі үнді дінтанушысы Сафи ар-Рахман әл-Мүбәракфури өзінің «Мухаммад» деген кітабында: «Әлемнің Әміршісіне, Аллаға мадақ! Оның өте лайықты елшілері мен ислам туын көтеріп әкеткен ақ пен қараға, өз отбасының мүшелері мен жақтастарына, өздерін ислам шақыруына арнаған имамдарға, билеушілерге, адамдарға, оның соңынан шын ниетпен ерген Құдайдан қорқатындар мен тақуаларға, сондай-ақ оның жолымен жүріп өткендердің барлығына жіберілген Оның соңғы пайғамбары, шыншыл да сенімді Мұхаммед Ақирет күнінің өзіне дейін рахманға және бейбітшілікке бөленсін», – деген тілекті бекерден-бекер айтып отырмағанын пайымдауға болады. Қазіргі заманғы ислам авторларының бірі Мұхаммад бин Жамил өзінің «Пайғамбардың қадыр-қасиеті» деп аталатын еңбегінде осындай ойлардың орманын шайқайды.

Ғалымдар пікірінше, Мұхаммедтің пайғамбарлық қызметінің бастапқы кезеңдегі принципті жаңа идеялары кейін Құран мен Суннаның негізін қалайды, олар мұсылманның рухы біртектілігі мен өзінің басқа идеялар алдындағы басымдығын әлі күнге дейін сақтап келеді. Сондықтан ислам тарихын оның негізін салушы және Мұхаммед пайғамбардың іс-әрекеттерімен байланыстыра зерттеудің методологиялық маңызы бар.

«Біздің пікірімізше, жаңа дінді кездейсоқ «ислам» деп атаған жоқ, олай болатыны, бұл діннің тап осы әлеуметтік-философиялық рухының мәні «сенушілердің өздерін өздері Алланың билігіне беруі» дегенді айқындайтын «ислам» сөзімен берілген. Мұхаммед осындай тәсілмен өз жақтастарын бір қауыздың ішіне кіргізіп, жіпсіз байлап қойды. Соған сәйкес, шексіз де шүбәсіз берілгендік, басқаның бәрінен бас тарту және Аллаға шексіз тәуелді болудың абсоютті сезімі жаңа монотеистік діннің түйінді тұстарының бірі болды. Мұндай таңдау сол кездері идеялық жағынан азғындыққа ұшыраған, жәһилдік тұрмыс салтын ұстанған, есепсіз шапқыншылық пен өзара қырқысу үстемдік құрып тұрған араб қоғамы үшін қажеттілік те болған еді.

Мұхаммед осындай жабайылық пен надандықтың тамырына балта шауып, түбіріне от қоюға бел буды. Оның мұндағы тарихи жеңісі, – басқа да зор жетістіктерін айтпағанда, – өзінің жаңашыл идеялары арқылы араб тайпаларының басын біріктіріп, біртұтас араб рухы мен конфессиялық біркелкіліктің формуласын жасап шыққанында жатыр. Осы ретте фон Грюнебаум жазғандай, «Пайғамбар арабтарға өз үстемдіктеріне деген зор сенім ұялатты, әскери жорықтарды осы діннің өзіндік нәсілдік үстемдіктеріне апарып теліді, исламға ұйыған арабтар өздерін дүниетанымның, содан кейін ғаламдық мемлекеттің орталығындай сезінді, олар өздерін таңдаулымыз деп есептеді, сондықтан өздеріне тиген билікті де заңды нәрседей көрді». Бұл жерде автордың кейбір ойлары дұрыс, бірақ оның тезисімен толық келісуге де болмайды, өйткені, мұндай контексте жақтаушылары табылатын әлемдегі кез келген дінді осы өлшем тұрғысынан қарастыруға болатын еді.

***

Үндістандық мәшһүр исламтанушы ғалым, теолог және жазушы Сафи-ар-Рахман әл-Мүбәрәкфуридің өзінің «Мұхаммедтің өмірі» деген өмірбаяндық кітабында атап көрсетуінше, Жаратушы иеміз асыл текті етіп жаратқан Алланың елшісі және Ақиреттің соңғы Пайғамбары Мұхаммедтің толық тек-жұрағаты «Мухаммад бин Абдулла бин Абд әл-Мүттәліб бин Хашим бин Абд Манаф бин Құсай бин Киләб бин Мүрра бин Қаб бин Луай бин Ғалиб бин Фихр бин Мәлік бин ән-Нәдір бин Кинана бин Хұзайма бин Мүдрика бин Илияс бин Мүдар бин Низар бин Маадд бин Аднан» деп аталады. Оның пікірінше, Аднан Исмайыл бин Ибраһимнің ұрпағы болып табылады. Алайда, Исмайыл мен Аднанның арасын қанша ұрпақ бөліп тұрғанын, Аднанның өзінің алдындағы ата-бабалары қалай аталғандарын қазір ешкім де айтып бере алмайды. Ал Пайғамбардың анасының аты-жөні «Әмина бинт Вахб бин Абд Манаф бин Зухра бин Киләб» екен. Демек, Киләб Мұхаммедке әке жағынан – алтыншы, анасы жағынан бесінші баба болып шығады.

Негізі, әулеттің бұл бабасының шын есімі бір кездері Хәкім не Урва болған сияқты. Ал «ит», «төбет» деген мағына беретін Киләб деген лақаб атау оған аңшылық иттерге шектен құмарлығы үшін таңылып кетіпті.

Аңыз бойынша, Меккенің негізін інжілдің патриархы Ибраһимның баласы Исмайыл қалаған. Ол кейін журхум болып өзгеретін амаликит тайпасының бастауында тұрды. Уақыт өте келе, журхум тайпасын хузаъа тайпасы ығыстырып жібереді, ал хузаъаның орнын кейін Пайғамбар шыққан кұрайыш тайпасы басып алады.

Құрайыш сол кездегі араб тайпалары арасында өте жоғары орында тұрды. Тайпа өзінің бастауын Фихр бин Мәлік пен ән-Нәдір Қинананың біреуінен алатын еді. Олардың біріне кейін «құрайыш» деген лақаб ат жапсырылыпты. Бірақ неге бұлай аталғаны, оның қандай мағынаға ұйитыны туралы нақты мәлімет жоқ.

Бір айтарлығы, тайпа қайраткерлерінің бәрі елге аты танылған белгілі кісілер немесе көсемдер болған. Дегенмен, бұлардың арасындағы ең танымалы, айрықша беделдісі, өзгеше орны бары соңыра «Құсай» деген лақаб ат алатын Зейд еді. Құсай құрайыштар арасында Қағбаны өзінің қорғауына алып, оған қызметшілік еткен бірінші адам болды. Осылай Қағбаның қорғаушысы, сақтаушысы, күзетшісі міндетін атқарды. Қызметінің шылауында қасиетті, киелі жерді кім көрінгенге ашып берген жоқ. Бұрын айналадағы құмды-шөлді, таулы-тасты өңірлерде басқа тайпалармен бірге көшіп-қонып жүрген руластарын Меккеге ертіп әкелген де Құсай болды. Ақыр соңында осында қажылыққа келгендердің шөлін қандыру (сикая) мен тамаққа тойдыру (рифада) секілді жақсы дәстүрді де бастап берді. Бұл үшін алыс жерлерден тәуап ету үшін арнайы келгендерге бағыштап, өзінше құнарлы ауқат, құрма мен жүзімнен тәтті сусын дайындады. Оларды былғарыдан тігілген меске құйып, салқын жерде ұстады.

Құсай осы жылдары Қағбаның теріскей бетінен үй тұрғызды. Бұған «Дар ән-надва» деген ат қойды. Мұнысы «мәжіліс үйі» дегенді білдіретін еді. Ол құрайыштардың бөлек жиналып, кеңес құратын орны болды. Мұнда, бұдан бөлек, жас жұбайлардың некелері қиылып тұды. Жалпы, үй барлық қоғамдық маңызы бар мәселелер шешілетін қоғамдық орталыққа айналды. Бұған қоса, Құсай соғыс істеріне жетік қолбасшы ретінде де кеңінен танылды, бұл жерде онсыз бірде-бір ұрыс қимылдары жүргізілген жоқ, онсыз ешкім ешбір шайқасты өз бетінше бастап кете алмады.

Құсай өз заманында жомарт та ақылды адам ретінде жұрт назарында жүрді, өз тайпаластары арасында үлкен беделге ие болды. Одан тараған Хашим да өз дәуірінің аса белгілі, беделді кісілері қатарынан орын алды. Ол құрайыш тайпасынан шығатын, өзінің атымен аталған «бани хашим» («хашим ұлдары») руының басында тұрды. Бабаның тағы бір ерекшелігі, ол да тура Құсай секілді қажылық сапарына келген мүсәпірлердің шөлін қандыру мен тамаққа тойғызу ғұрпын қатаң сақтады. Хашим қайтыс болғаннан кейін бұл міндет оның інісі әл-Муттәлібтің қолына көшті. Осылайша бұл дәстүр ислам діні шығып, тарағанға дейін осы әулеттің еншісіндегі тірлік болып қала берді.

Расында Меккедегі өз замандастары арасында Хашимнің ықпалы мейлінше зор еді. Ол нанды үгітіп, оны сары маймен араластырып, сарид деген тағам жасап, жұртты сыйлады. Осы үшін жұрт оған Хашим, яғни «араластырушы» деген лақаб ат қояды. Ал шын аты Әмр (Әмір) еді. Осында жылына екі сауда керуенін ұйымдастырып, бірін – Йеменге, екіншісін Сүрияға аттандырып тұруды да Хашим бастап берген екен. Оның Асад, Әбу Сайфи, Надлә және әл-Мүттәліб деген төрт ұлы, аш-Шифа, Халида, Даифа, Руқаййа және Жәнна деген бес қызы бар-тын.

Осы заманға дейін жеткен куә жазбаларда оның бір жолы Сүрияға бір сауда ісінің жайымен барып, қайтарында Йасрибке соғып, бану әди ән-наджжар тайпасының қызы Сальме бинт Амрге үйленгені, соның салдарынан онда бірқатар уақыт тұрғаны айтылады. Сосын Хашим екіқабат әйелін үйінде қалдырып, тағы да шаруа жайымен Сүрияға аттанады. Бірақ Газда жүргенінде кенеттен опат болып кетеді. Ол дүниеден өткеннен кейін қажыларға су беру мен оларды тамақтандыру міндеті оның өзімен бірге туған бауыры әл-Мүттәліб бин Абд Манафтың қолына өтті. Ол өзінің кеңдігімен ерекше көзге түсіп, руластарының арасында үлкен құрметке ие болды. Жомарттығы соншалық, оны құрайыштар «файйад» (шетінен төгілуші) деп атайтын

Хашим бақиға аттанған 497 жылы Йасрибте қалған Сальма көп ұзамай ұл туып, оның есімін өзі Шайба деп қояды. Себебі, баласы ақ шашты болып өмірге келіпті. «Шайб» деген сөз самайды ақ басқанын білдіреді екен. Бала осылай Йасрибте жесір қалған анасы мен нағашы әпкелерінің қарауында өсе береді. Әкесінің Меккеде тұратын бауырлары сырт жерде осындай бір інілері өсіп келе жатқанын білмейді. Өйткені, ол жаққа бұл жайында хабар берілген жоқ еді. Ондағылар тіпті Сәлманың өзін де танымаушы еді. Бала жеті не сегіз жасқа толғанға дейін бұл құпия сақталады. Содан кейін әкесінің інісі әл-Мүттәлібке хабар беріліп, ол артынша жетіп келеді.

Баланы көрген әл-Мүттәліб жылап жібереді. Оны қатты құшақтап, алып кетпек болып, түйесінің артына отырғызады, бірақ бала анасынан рұқсат алмайынша, кете алмайтынын айтып бас тартады. Сосын Мүттәліб бірінші рет көріп тұрған жеңгесі Сәлмадан Шайбаны өзімен бірге жіберуді сұрайды: Бірақ әйел бұған көнбейді. Сол кезде Мүттәліб: «Ол әкесінің мұрасын алуға және Аллаһтың үйінде тұруға бара жатыр ғой», – дейді. Сонда ғана анасы жөнге келіп, рұқсатын береді. Осыдан кейін әл-Мүттәліб інісін Меккеге алып келеді. Онда жеткендерінде, әл-Мүттәлібтің түйеге мінгестіріп алған баласын көрген жұрт бірден: «Бұл – әл-Мүттәлібтің құлы, яғни, Абд әл-Мүттәліб», деп шешім қабылдайды. Соны естіген әл-Мүттәліб оларға: «Қара басқырлар, бұл – менің бауырым Хашимнің баласы!», – деп қайта-қайта айтты. Бірақ балаға таңылған сол лақап ат – Абд әл-Мүттәліб деген есім көпшіліктің санасында қалып қойды. Осылайша баланың Шәйба аты біртіндеп ұмытыды. Бала есейгенше, көкесі әл-Мүттәлібтің үйінде тұрды. Ал әл-Мүттәліб Йеменге жол жүріп, Рамданда аяқ астынан қайтыс болғанда, Абд әл-Мүттәліб оның орнын басып, руластарына ата-бабаларының істегендерін жасай бастайды, жұрт оған Абд әл-Мүттәлібтің ешбір ата-бабасы көрмеген құрметті көрсетеді және оның адамдар арасындағы беделі зор болады.

Әл-Мүттәлібтің қазасынан кейін Науфәл Абд әл-Мүттәлібті бұл құқықтан айырып, оның міндеттерін өзі атқармақ болып құрайыштардан әкесінің туысқанына қарсы тұруға көмектесулерін сұрайды, бірақ олар: «Біз сендердің істеріңе араласпаймыз!», – деп бас тартадыі. Сол кезде Абд әл-Мүттәліб бану ән-нәжар руындағы нағашыларынан көмек сұрап хат жазады. Соның артынша Әбу Саъад бин Ади деген нағашысы Меккеге сексен аттылы жасақты басқарып, әл-Абтах дейтін жерге келіп тоқтайды. Абд әл-Мүттәліб оны қарсы алып: «Иә, нағашы, үйге кел!», – дейді, бірақ ол: «Жоқ, Алланың атымен ант етемін, мен мұны Науфәлмен жолықпайынша істемеймін!», – деп жауап береді. Осыдан кейін ол әл-Хижрде құрайыштардың ортасында отырған Науфәлді тауып алады. Әбу Саъад барған бойда қынабындағы қылышын суырып алып: «Қағбаның Раббысымен ант етемін, егер сен менің жиеніме одан тартып алғаныңды қайтармасаң, онда мен сені мына қылышпен тура мойныңнан шабамын!», – дейді. Науфәл бірден: «Мен оған мұны қайтардым!», – дейді. Сол жерде Әбу Саъад ақсақалдарды оның айтқанына куә етіп алып, Абд әл-Мүттәлібтің үйіне барады, онда үш күн тұрады, одан кейін умра жасап, Йасрибке оралады. Кейінірек Науфәл Абд Шамс пен Абд Манаф рулары хашимиттерге қарсы келісімшартқа отырады. Хузаъа руының адамдары бану ән-нәжардың Абд әл-Мүттәлібті қолдайтынын көргенде, олар: «Ол бізге де сендердің ұлдарың болғандай дәрежеде ұл бола алады және оны қолдауға біздің хақымыз көбірек», – дейді. Олардың бұлай айту себебі, Абд Манафтың шешесі олардың руынан еді. Осыдан кейін олар Жиналыс үйіне келіп хашимиттермен бірге Абд Шамс пен Науфәлге қарсы одаққа қосылады. Соңынан осы одақ Меккені алуға көп негіз болады.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі тарихшылар кейін Абд әл-Мүттәлібтің адам баласының ішіндегі ерекше көркемі екенін жазды. Бойы да өте ұзын болыпты. Меккеде оны жұрттың бәрі қоғадай жапырылып сыйлаған. Құрайыштардың көсемі ретінде Меккеден аттанатын керуендерді жабдықтап, жүкпен қамтамасыз ету де Абд әл-Мүттәлібтің мойнына жүктелді. Бұдан бөлек, ол өзінің адамгершілігімен және жомарттығымен көпке танымал еді, сол үшін жұрт оны Файяд, яғни «шектен тыс құюшы» деп те атаған. Ол өз дастарханындағы асын жоқ-жітіктерге ғана емес, сонымен бірге тіпті аң-құстарға дейін жеткізіп беретін болған. Сондықтан айналасындағылар оны «жазықтағы адамдарды, тау шыңындағы аңдар мен құстарды асырушы» деп әспеттеген. Осындай жақсы қасиеттерінің нәтижесінде оған әйгілі Зәмзәм құдығын тазалау құрметі берілген. Ал құдықты Меккеде құрайыштарға дейін тұрған жұрт бұл жерден кетерлерінде тас пен күл-қоқысқа толтырып кеткен екен.

Бізге дейін жеткен тағы бір аңызда Абд әл-Мүттәлібтің күші басым дұшпанға қарсы тұрып, оны Құдайдың көмегімен жеңіп шыққаны айтылады. Бірде оған Абраха әл-Ашрам деген қолбасшының Қағбаны қирату үшін брнеше пілді жетелеген алпыс мың сарбаздық эфиоп армиясын басқарып Йеменнен Меккеге қарай келе жатқаны туралы хабар жетеді. Абд әл-Мүттәліб қолына іліккен жауынгерлерін алып, Мұздалифа мен Мина аралығында  жатқан Мұхассир деген вадиге, яғни қураған өзен арнасына келгенде, серіктерімен бірге бір  күтпеген оқиғаның куәсі болып, аңтарылып тұрып қалады. Сөйтсе, енді шабуылға шығуға дайындала бастаған эфиоптарға Алла орасан зор үлкен құстарды жіберіп, қалт тоқтатады. Басқыншы жауға аспаннан шүйлігіп тиіскен қанатты қаһармандар оларға қатып қалған саз тастарды жаудырып, тас-талқанын шығарады. Содан кейін тоз-тоз болған эфиоптар әскері артқа қарай бытырай қашады, әнаһардың табанында қаншама сарбаз жер жастанып қала береді.

Абд әл-Мүттәлібтің өміріндегі Қағбамен байланысты оқиғаларына зәмзәм көзінің ашылуы мен пілдердің қатысуымен Меккеге жасалған жорық жатады. Алғашқысында ол түсінде зәмзәм көзін тазалау жайлы әмір алады және оған оның орны нұсқалады. Абд әл-Мүттәліб сол жерді қазып, журһумдардың Меккеден қашуға мәжбүр болғанда жасырып көміп кеткен заттарын тауып алады. Ол жерден қылыштар, сауыттар және алтыннан жасалған екі қарақұйрықтың мүсінін алады. Осыдан кейін қылыштар мен қарақұйрықтың мүсіндері балқытылып, Қағбаға есік жасалады, артынан қажылыққа келгендерге зәмзәм суы беріле бастайды.

Зәмзәм көзі ашылғанда, құрайыштардың оған қажыларға су тарату үлесіне өздерін де қосуды талап етіп, Абд әл-Мүттәлібпен тартыса бастайды. Бірақ ол бұған келісуден бас тартып: «Мен бұлай істемеймін, өйткені, осы үшін мен таңдалдым!», – деп мәлімдейді. Сонда да олар Абд әл-Мүттәлібті мазалауларын қоймай, ақыр соңында өздеріне қазылық ету үшін бану саъд руындағы көріпкелдерге бармақшы болады. Алайда, Алла оларға жол бойында-ақ зәмзәммен айналысу тек Абд әл-Мүттәлібке ғана тиесілі екенін көрсетеді. Осыдан кейін Абд әл-Мүттәліб, «егер Аллаһ оған он ұл беріп, олар оны қорғай алатындай жасқа келсе, онда олардың бірін Оған Қағбаның жанында құрбан етуге» нәзір атайды.

Мұны айтқан Абд Әл-Мүтттәлібтің кейін шынында он ұлы болды. Олар әл-Харис, әз-Зубайр, Абдулла, Әбу Тәліб, Хамза, Әбу Ләхаб, әл-Ғидак, әл-Макуам, Сафар және әл-Аббас деп аталушы еді. Басқа мәліметтер бойынша, олар он бір болған, ал он біріншісінің аты Қасам делінеді. Тағы бір деректерде олардың саны он үш делініп, кейбіреуінің аттары Абд әл-Қағба және Хажәл деп айтылады. Сондай-ақ Абд әл-Қағба бұл әл-Макуам, Хажәл бұл әл-Ғидак, ал Қасам деген адам олардың балаларының арасында болмаған деген де тұжырымдар бар. Сондай-ақ мәліметтерге сай, Абд әл-Мүттәлібтің Умм әл-Хаким (әл-Байда), Барра, Атика, Сафийа, Аруа және Умайма деген алты қызы болған көрінеді.

Күндердің күнінде Абд әл-Мүттәлібке баяғы антын орындайтын да пәйт келеді. Сол кезде ол ұлдарының қайсысын құрбандыққа шалуы керектігін анықтау үшін жеребе тартып көреді. Ал жеребе – соқыр, ол сол он ұлдың ішіндегі ең жарамдысы, ең қажеттісі, әкесінің ең сүйікті перзенті Абдулланы таңдайды. Сонда Абд әл-Мүттәліб сертін жүзеге асыру үшін ұлын ертіп, Қағбаға тартады. Бірақ мұнда отырған құрайыштар, әсіресе, Абдулла мен оның әкесінің бауырлары бұл істі тоқтатуды жабылып өтіне бастайды. Бұған ұйып қалған Абд әл-Мүттәліб шынымен мынау әулекі әрекеттен бас тартуға ұйғарым жасайды. Бірақ Құдайға берген уәдені басқа нәрсемен қайтармаса болмайды. Құрайыштар кеңесі сонда ақылдаса келе, анттан аттағалы тұрған әке үшін мұның ұлы орнына жүз түйені құрбандық ретінде таратумен аяқталатынына тоқтам жасайды.

Осылайша, Пайғамбар құрбандыққа шалынуға белгіленіп қойылған, бірақ сол зауал зарпынан аман кетіп, жұрағат өрбіткен екі адамның, екі атаның – Исмайыл мен Абдулланың тікелей ұрпағы болып шыққан. Екеуі де өз орындарына басқа нәрселердің қойылуы арқылы өлімнен құтылды. Бұлардың біріншісінде көктен қошқар түсірілсе, екіншісінде жүз түйе тартылды. Сөйтіп, болашақ Пайғамбардың сүйікті ұлы туралап келген ажал оғынан аман қалады.

Пайғамбардың өмір жолын жазушылар – сира саласының оқымыстылары Расул Алланың шапағатты нұры Абд әл-Мүттәлібтен әйелі Фатима бинт Омарға өткен деседі. Фатима бұл кезде Абдуллаға екіқабат болатын. Ал Ахли-китаб (Жылнама жазушы адамдар) жарық жалғанға жаңа уағызшының келетін сәтін тағатсыздана күтіп отырды. Сол түні олар бүгін қасиетті Меккеде соңғы пайғамбардың әкесі өмірге келетінін айтып, бір-бірлерінен сүйінші сұрасып жатты. Олардың қолдарында Яхия пайғамбардан қалған тоқылған қамзол бар еді. Кәпірлер оны осы жүн нымшаның киіп отырғанында өлтіріпті. Сондықтан мұнда қасиетті Яхияның қаны қатып қалыпты.

Қасиетті жазбада соңғы Пайғамбардың әкесі Яхия пайғамбардың тоқыма киімі – жуббадағы қатқан қан жібіп, жерге тырсылдап тама бастаған кезде туылатыны жазылған екен. Міне, сол сындарлы сәт келіп жетті – көріпкел уағызшылар осы нышан-белгіні көрді де, Абдулланың дүние есігінің табалдырығына келіп тұрғанын біле қойды. Алайда, кейін олардың біразы қызғаныш пен көре алмаушылықтан талай рет Абдулланы өлтіруге әрекет жасап көрді, сол үшін қаншама пәлекет ойлап тапты, ол тек мейірімі-шапағаты мол, рахымы күшті Алла Тағаланың арқасында ғана аман қалып отырды. Кейде Жаратушының қорғауы соншалықты анық болғаны сондай, оны байқамау әсте мүмкін емес еді. Мұны Абдулланың өзі талай рет сезінді, көзімен көрді. Сондықтан күндердің күнінде осылардың бәрін әкесіне жайып салып, ақылдаспаққа ниет етті.

«О, әкем менің! – деді Абдулла сонда ерекше тебіреніп тұрып. – Мен қайда барсам да, белімде ойнап тұрған нұрды көрем. Осы сәуле мен жүріп келе жатқанда құдды бір бұлт секілденіп, төбемде көшіп келе жатады. Оны да көрем. Содан кейін аппақ шапақ ақырын төмен түсіп, тағы беліме келіп қонақтайды. Қайда барып, қай орынға отырсам да, жер маған ұдайы: «Эй, Абдулла, сәлем етемін. Нұр Мұхаммед саған аманат ретінде берілді» дейді. Мен қурап қалған ағаштың түбіне отырсам, ол заматында жасыл түске боялып шыға келеді. Ал сол жерден кетсем болды, ағаш қайтадан қурап қалады. Әке, бұл нені білдіреді? Бұл не?» Осыны айтқан жасөспірім әкесінің жүзіне тіктеп, әлденеден үміттеніп қарады.

Бұған Абд әл-Мүттәліб бірден жауап қатпады. Ол аз-кем ойланып барып, тамағын кенеп: «Ұлым менің, бұл – сен үшін өте бір қуанышты хабар, – деп бір тоқтады. Сол кезде оның тамағына өксік тығылып, көз жанары шыланып қалғандай сезілді. Бірақ тез қатайды. – Шынтуайтында, сенің беліңнен адамдар мен жындардың патшасы, тірі мен өлінің басын қосып ұстайтын күллі әлемнің пайғамбары туады. Сенің айтқандарыңның бәрі соны айғақ етіп тұр. Мен де осындай нышандарды біраздан бері байқап, бақылап жүрмін». Бірақ екеуі бұл әңгімені бұдан кейін басқа ешкімге айтпауға келісті.

Абдулла осылайша кәмелетке толып, біртіндеп ер жетті. Ол өзінің керемет түрімен, адами жағынан тазалығымен құрайыштардың арасындағы аса көрнекті тұлғаға айналды. Көп ұзамай туыстары мен таныстарының бәрі оған қыздарын күйеуге бергілері келіп, ынта танытып жатты. Біраз көсемдер мен падишахтар Абд әл-Мүттәлібке өз қыздарын келін етіп беруге ықыласты екендерін білдірді. Бірақ ақылды ақсақал әліптің артын бағуды жөн санап, бәрін кейінге қалдыра берді.

Сөйтіп жүргенде, Абдулланың жасы жиырмаға толды. Ол сондай көрікті, көркем болып өсті. Көрген жұрт оны сұлулығы жағынан өздеріне ертеден аңыз болып жеткен Жүсіп пайғамбарға қатты ұқсатты. Абдулланың маңдайынан пайғамбарлықтың нұры тәрізді сәуле ұшқындап тұрушы еді. Бойжеткен қыздардың көбі оған бір көргеннен ғашық, ынтық болып қалатын. Олардың әрбірі оны өзінің болашақ күйеуіне балап, соны арман етті. Лекин, әрбір жолы Абдулланың тілек білдірген қыздарға жақындауына аспаннан кенеттен пайда бола кететін алып денелі періштелер қақпайлап әкетіп, жол бермеуші еді. Сол көктің қанатты күнәсіздары алдын кес-кестеп, оны қыраттар қапталындағы мешеу балбал тастарға да қарыс қадам жібермей қойды. Сондай кезде сол пұттардың өзі қатарласа әуенге салып: «Эй, Абдулла, сен бізге жақындама. Одан да өзіңдегі пайғамбардың нұрын сақтап қал. Оның даңқы зор. Ол – Соңғы уақыт пайғамбары. Соның ықпалымен пұтқа табынушылар түгел құриды, жоқ болады, жер жастанады» деп шуылдасып кететін. Сондықтан Абдлла өзінің өңге тайпаластары секілді қыр басында қалқайған сол меңіреу тастарға жақындап бара алмай-ақ қойды. Ақырында оның бұл ниеттен біржола бас тартуына, нәтижесінде өз бабасы Ибраһим пайғамбардың бірыңғай құдайға құлшылық ететін діні жолын ұстануына тура келді.

Осылай әлемнің әміршісі болатын перзенттің дүниеге келетін мәуріті біртіндеп, жыл санап жақындай түсті. Бір күні Абдулланың айрықша қасиеті барын, оны қандай келісті келешек күтіп тұрғанын естіп алған желкілдеген жетпіс жігіт Шамнан Меккеге қарай суыт тартты. Олардың мақсаты Меккедегі Абдулланы өлтірмей, кері қайтпау болды. Осындай қара ниетпен сапар түзген қарақшылар жаяулатып күн жүріп, түн жүріп, ақыры Меккеге де жетті. Бірақ олардың бәрінің бір жерге түсуі қиын еді. Өйтсе, көзге түсіп, күдік шақырар еді. Сондықтан олар қаланың сыртына орналасып, ішке деміл-деміл жаушылар жіберіп тұрды.

Соңыра Шамнан келген «шайтандардың» ойға алғандары оңғарыла кететіндей ахуал туды – өзін аңдыған көп қаралы топтың жақын маңда тұрғанынан қаннен-қаперсіз Абдулла бір өзі садағын асып, аңға шықты. Сол-ақ екен, әлекедей жаланған әулекі лек семсерлерін қайтара қайрап, із кесіп, оның соңына ілесті. Тап осы уақытта құм ішінде Абдулланың жасы үлкен достарының бірі әрі туысы, құрайыштың зухра кланының лидері Абд Манаф бин Вахб бір топ серіктерімен бірге қатарлас жерде аң аулап жүрген екен. Олар Абдулланың соңына түскен жігіттердің жақсы пиғылмен жүрмегендерін анық аңғарып, тез арада туыстарына көмекке келмек болады. Бірақ қарсы жақтың қарасы тым көп екенін сезіп қалғаннан кейін артынша бұл ойларынан айнып, бір шетте оларға алыстан көз салып қарап тұрады. Осы уақытта ешкім күтпеген бір сойқан оқиға орын алады. Кенет аспан жарылып кетердей болып күркіреп, көктің жүзі найзағай тіліп өткендей болып жарқ-жұрқ етіп қақ бөлініп, жоғарыдан жердің адамдарына мүлде ұқсамайтын бурыл ат мінген әлдеқандай бір кісілер топырлап түсе қалды да, олай-бұлай бірер рет шауып өтіп, әлгіндегі жетпіс жігітті солайымен түгел тұрған жерлерінде жайратып салады.

Осы көріністі шалғайдан шамалап қарап тұрған Вахб бастаған топтың адамдары аң-таң болды. Олар ойға сыймас мына жағдайдан кейін біраз уақыт тіл мен жақтан айырылып қалған жандардың жайын кешті. Алайда, көргендерін ешкімге айтпайтын болып серттесіп, дереу қалаға қайтады. Ал Вахб үйге келгеннен кейін де көпке дейін тынши алмай, айдалада көз алдында болған жайды қайта-қайта елестетіп, терең ойға батады. Ол өзі куә болған көріністің бекер, Абдулланың тегін адам емес екенін түйсініп, соған көңілін бұра бастайды. Ақыр соңында келген шешімі қызы Әминаны осы Абдуллаға күйеуге беру болып шығады. Сосын отбасы мүшелерін түгел қасына жинап алып, өзінің көргендері мен соңғы ұйғарымын жеткізеді. Мұны қош қөрген әйелі содан кейін Абд Манафтың өтінішін арқалап, Йасрибтен Меккеге шұғыл аттанады. Ол барған бойда Абд әл-Мүттәлібке отбасы шешімін жеткізеді, қыздары Әминаны Абдуллаға күйеуге бергілері келетіндерін айтады. Ал Абд әл-Мүттәліб бұған дейін әйелі Фатимадан Абд Манаф бин Вахбтың үйінде Әмина ныспылы сұлу да ақылды әрі қарапайым және көркем мінезді қыздың өсіп келе жатқанын, оның өз ұлдары Абдуллаға әбден лайықты екенін талай мәрте естіген болатын. «Сол кезде, шынтуайтында, бұл маңайда Әминадан асқан ақылды да ару қыз жоқ еді», – деп жазады сол заман тарихын зерттеуші бір ғалым өзінің кітабында. Осыдан кейін Абд әл-Мүттәліб екі сөзге келмей, бірден ұсынысты қабыл алды. Артынша екі жас бір-бірімен атастырылды.

Бірақ содан кейін де олардың үйлену тойлары бірден өте қойған жоқ. Олардың осы бақытты мезетті күтулеріне әлі табаны күректей төрт жыл бар еді. Пайғамбардың анасы Әмина бинт Вахб құрайыш тайпасының бани зухра («Зухраның ұлдары») руынан шыққан Абд Манаф бин Вахбтың қызы еді. Әкесі Абд Манаф Йасрибті мекен еткен өз кланының көшбастаушысы болды. Қызы Әмина отбасында жастайынан керемет тәрбие алды, бұған қоса теңдессіз сұлу болып өсіп келе жатты. Оған бұл жағынан да құрайыштар арасында пара-пар келетін бойжеткен жоқ еді, содан соң арғы жағы мықты, тектілігі жағынан да алдына ешкімді түсіре қоймады.

Алланың елшісінің жарық дүние есігінен аттаған сәті жайында да арқауынан аңыз өріліп тұратын әңгімелер көп. Оның туған түнінде орын алған күшті жер асты дүмпулері Персия астанасы – Ктесифондағы патша сарайын теңселтіп жіберіп, онда 1000 жылдан бері тоқтаусыз жанып тұрған қасиетті алауды өшіріп тастағаны жайлы тағы бір хикая бар. Бұл, әрине, кездейсоқ бола салған жоқ: күндердің күнінде Мұхаммедтің кінәсінен осы оттың ізімен ежелден келе жатқан парсы патшаларының бағы бастарынан тайып, династиясының оты біржола өшіп тынды, мұндағы дүние де түгел алмасып кетті.

Сонымен, қос дүниенің жарық күні – адамзаттың асылы, пайғамбарлар сұлтаны, екі жаһан сардары Мұхаммед ғалайс-салам Жер бетіне келетін сәт те туды. Ол 571 жылдың 20 сәуіріне, аптаның дүйсенбісіне тура келді. Бұл раби ул-аууал айының 12-ші жұлдызы еді. Болашақ пайғамбардың өмірге келу салтанаты оның анасы Әминаны шексіз шаттық пен қалтқысыз қуаныштың рахман нұрына бөледі. Шаранын қолына алып, кеудесіне тигізіп тұрып, ол өзінің барлық қайғы-қасіретін, тағдырға деген өкпесі мен наласын – бәрін ұмытып кеткендей күй кешті.

Біздің дәуірімізге дейін жеткен тарихи жазбалар мен аңыздарда екі жаһан сардары – Ақиреттің ақырғы Пайғамбарын жалғанның жарығына әкелген кезінде Әмина анамыздың ешқандай ауырсынуға тап болмағанын, оны сол сәтте ыңғайсыздық пен қорқыныш сезіміне берілмегенін жеткізеді. Хикаяларға сүйенсек, оны сол мезет Перғауынның әйелі Әсия, Иса Пайғамбардың анасы, тазайын Мәриям және көктегі барлық періштелер жебеп жіберген сияқты. Соның алдында Әмина анамыз тәтті түс көреді, онда енді дүниеге келетін ұлдың атын «Мухаммад» деп атау туралы аян беріледі. Осы мәуріт Әмина бинт Вахбтың баяндауында қағаз жүзіне былай түсіп еді: «Босануға жақын қалған кез екен деймін. Мен кенет әлдеқандай қатты шыққан дауыс естідім. Менде сол сәт толғақ басталды. Сосын әуеде ұшып жүрген ақ құс құлдырап төмен келді де, мені қанатының ұшымен сипап өтті. Осыдан кейін бойымдағы қорқыныш пен діріл басылды. Бұл кезде қатты күйіп-жанып жатыр едім. Сосын қатты су ішкім келіп кетті. Сол-ақ екен, дәл жанымда сүт, шәрбат секілді аппақ сусыны бар ыдыс пайда болды. Маған біреу шәрбат берді, оны ішіп салдым. Ол әселден де тәтті әрі салқын еді. Сусынды ішкесін шөлдегенім бірден басылды. Сосын жарық көрдім, үйдің іші самаладай аппақ болып кеткені сонша, жарықтан басқа ештеңе көрінбей қалды. Сол кезде көп әйелді көрдім. Олардың бәрінің бойлары биік, ал жүздері құдды күн сияқтанып жарқырап тұрды. Әйелдер тез қоршап алып, маған қызмет көрсетуге кірісті… Содан соң көзімнің алдынан шымылдық биік көтерілді. Мен шығыстан батысқа дейінгі бүкіл жер бетін көрдім. Тағы үш ту көрдім. Олардың бірі шығыста, келесісі батыста, ал үшіншісі Қағбаның үстінде желбіреп тұр екен. Оның жанына көп періште жиналып қалыпты. Сол кезде жарық әлемге шыққан Мұхаммед әуелі сәжде (жерге тағзым) жасап, сұқ саусағын жоғары көтерді».

Пайғамбардың әкесінің қарындасы Сафия тәтесі оның туған кезін былай суреттейді: «Мұхаммед туған кезде бүкіл әлемді жарық сәуле жайлап тұрды. Ол жерге түскен бойда сәжде жасады. Сосын жерден басын көтеріп алып, анық дауыспен: «Алладан басқа Құдай жоқ, мен – Алланың елшісімін» деді. Мен оны шомылдырмақ болғанымда, құлағыма: «Біз оны жуындырып жібердік» деген дауыс келді. Ол тіпті кіндігі де кесіліп туылды. Жергөкке орамақ болып жатқанымда, екі жауырынының ортасына жазылған «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі» деген жазуды оқыдым».

Толғақты Абд ур-Рахман бин Ауфтың анасы Шифа бинт Амр қабылдады. «…Әмина өзінің ұлын туған сәтте оның құрсағынан себезгі сәуле шығып, соңынан жер бетін Сүрияға дейін жарық етіп жіберді, – деп жазды Сафи-ар-Рахман әл-Мүбәрәкфури. – Ол босанғаннан кейін қуанышты  жаңалықты жеткізу үшін ұлының атасы Абд әл-Мүттәлібке арнайы хабаршы аттандырды. Мұны естіген қария бірден мәжіліс үйіне келіп, немересін қолына алып көрді. Сосын оны құшағына қысып ұстап Қағбаға барды, сол жерде Аллаға сансыз шүкірлік айтып, Жаратқан иеге ғибадат етті, осыдан кейін нәрестеге Мұхаммед деген ат берді, осылайша оның барлық армандар мен үміттердің шырағын жағатын аяулы азамат болып өсуіне тілектестік білдірді, ал арада жеті күн өткесін, арабтардың дәстүрі бойынша, немересін сүндетке отырғызып, жұртқа мол дастархан жайды».

Осыдан кейін Әмина қайта күйеуге шыққан жоқ. Жаңа туған нәрестені күтімге алу Абдулланың тірі кезінде өзі күңдіктен босатып жіберген, қазір осы отбасында қызметші болып жүрген эфиопиялық әйел Умм Айманға жүктелді. Ол көп жылдан кейін ислам дінін қабылдап, Меккеден Мединаға көшті, кейін Алланың елшісі қайтыс болғасын бес не алты жылдан кейін дүние салды.

Болашақ пайғамбарды өз анасынан кейін емізген бірінші әйел Әбу Ләхаб азаттық берген Сувайба деген келіншек болды. Ол Мұхаммедті өзінің Масрух есімді ұлымен бірге тамақтандырды. Бұл әйел Пайғамбарға дейін Хамза бин Абд әл-Махзумиге де омырауынан сүт берген екен. Демек, бұл екеуі Алланың елшісінің емшектес бауырлары болып саналады. Әбу Ләхаб бұған дейін өзінің күңі болып келген әйелге азаттықты марқұм Абдулланың ұлы өмірге келгеніне қатты қуанғаннан берген екен. Алайда, кейін Мұхаммед өзінің жаңа дінін ел арасына таратып жүрген кезде оған қатты қарсылық көрсетіп, барынша ымырасыз жауы атанатын да осы Әбу Ләхаб болды.

Сол заманда арабтар арасында белгілі отбасылардың жаңа туған балаларын құмды даладағы бәдәуи әйелдерінің асырауы мен тәрбиесіне уақытша беру үрдісі кең етек жайған. Бұл, сірә, бөбекті отырықшы жұрттың арасына тарап жататын кейбір жұқпалы аурулардың ошағынан алысқа апарып, ортаға шыңдап-шынықтырып, қайта әкелу ниетінен туса керек. Мұнда сондай-ақ сәбилердің кішкентайынан таза араб тілін меңгеріп шығуларын көздейтін шара болғанға да ұқсайды.

Бұл жолы Меккеге құмдағы бану сад сад бин бакр бин хавазин тайпасынан бір топ әйел келіп, асырауға алып кететін балалар іздестіреді. Бірақ баланың туғалы әкесіз жетім екенін білгеннен кейін олардың ешқайсысы Мұхаммедті алғысы келмейді. Олар, әрине, сол сәтте бұл сәбидің болашақ Пайғамбар екенін білген жоқ. Дегенмен, біршама уақыт өткесін, бір әйел қайта оралып келіп, шақалаққа қол созады. Оның аты-жөні Халима бинт Әбу Зувайб еді. Басқа балалардан ешкім еншісіне тимегесін қайтып келіпті. Бірақ арада көп жыл өткеннен кейін ол жұрттың бәрі қызыға да, қызғана да қарайтын қасиетті әйелге айналды. Асыл туған Халиманың тегі Әбу Зувайб атанған әкесі Абдулла бин әл-Харис бар-тын, ал күйенің ныспысы әл-Харис бин Абд әл-Узза болатын. Ерлі-зайыпты екеуі бір тайпаның өкілдері болып шықты. Отбасында Абдулла, Аниса және Жудама деген үш бала тәрбиелеп өсіріп отырған. Осыдан бастап олардың барлығы Пайғамбардың емшектес бауырларына айналды.

Алланың елшісі үйлерінде болған кезінде оның өкіл анасы мен әкесінің бастарынан біраз жақсы жағдайлар өтті. Мұның бәрін олар кейін Алланың жіберіп тұрған нығметі деп есептеп жүрді. Бұған мынадай бірнеше мысал бар. Бірде Халима елде қатты қуаңшылық пен құрғақшылық болып тұрған кезеңде өзінің ең кіші ұлы мен Мұхаммедті ертіп, Меккеге келеді. Керуенге ілескен оның жанында аштықтан бұратылған ұрғашы есек пен бір тамшы да сүт бермейтін түйе болады. Халиманың қатты ашыққан ұлы түнімен жылап шығады. Ал таңертең әйел Мұхаммедті жанынан шақырған кезінде түйенің желіні бірден толып кетеді. Мұны байқаған әйел дереу оны сауып алып, екі баланы да, өзін де жақсылап тойындырады. Сол жолы олар бан сад тайпасы мекендейтін далаға қайтарда, есектің үстіндегі Халима бір қолымен Мұхаммедті ұстап келе жатады. Осыған қарамастан, есек түн ішінде бағытынан ешбір адаспай, құстай ұшып отырады. Оның жылдам жүргені сондай, қаладан қайтқандар мінген басқа есектер оған жете алмай, артта қалып қояды. Ал үйге келгеннен кейін айнала шөлдің ортасындағы еш оты жоқ жерді жайлап отырған бұлардың қойлары күнде өрістен тойып келе бастайды. Халима мен Харис қойларды екеулеп сауып, оны балаларымен бірге өздері де ішті, қойларға да берді. Содан кейін қойлар ағыл-тегіл сүт беретін болды.

Болашақ Пайғамбарды асырау мерзімі біткенше, бұл отбасы Алланың шапағатына бөленіп тұрды. Тура екі жылдан кейін Мұхаммед тамаққа қарайтын болғасын, Халима оны емізуді тоқтатты. Осы жылдардың бәрінде Алланың елшісінің сүт-анасы оны жылына екі рет өзінің анасына апарып қайтып жүрді. Бұл дәстүр, тәртіп еш уақытта бұзылған жоқ. Ал емшектен шығарған кейін баланы тағы да анасына апарып тұрып, оның бұрынғысынша өз үйінде қала беруін өтінді. Бұл сәбидің өздеріне тек игілік пен жақсылықтың келуіне себеп болатынын пайымдаған келіншек Пайғамбардың анасынан оның аяғына тұрып кеткенше жүре бергенін қалайтынын айтты. Мұны ол Меккеде сол уақытта қайта-қайта өршіп тұрған оба ауруынан баланы сақтандырумен де түсіндірді. Әмина біраз ойланып отырып, ұлының аман болуын көздеп, Халиманың тұжырымдарымен келісетінін білдірді. Соның арқасында бәдәуи келіншек Пайғамбарды құм ішіндегі тұрағына қуана-қуана алып қайтты.

Бірақ содан кейін Халиманы да, оның күйеуі Харисті де қатты шошындырған оқыс бір оқиға орын алды. Олар Пайғамбардың көкірегінің қақ айырылып жарылғанын көргенде тіл-ауыздары байланып, не істерлерін білмей қалды. Сондықтан баланы аман кезінде анасы Әминаға апарып беруге ұйғарым жасады. Оқиға былай болған еді. Жағдаятты жеткізуші Анас бин Мәлік бірде Алланың елшісі далада басқа балалармен ойнап жүргендерінде оған Жәбірейіл періште келіп, құшақтап тұрып, жерге шалқасынан жатқызып жығып, қолын көкірегіне салып жіберіп, оны қақырата ашып, жүрегін суырып шығарып, одан бір түйір қанды алып тастап, «бұл – сендегі шайтанның үлесі» деп, жүректі алтын табаққа салып, оны Зәмзәмнің суымен жуып, орнына қайта қойып, екі бөлікке бөлініп қалған көкіректі қайта жауып, қайтадан көкке ұшып кетіп қалғанын баяндайды. Осы уақыт аралығында басқа балалар Халимаға жүгіріп барып, «Мұхаммедті өлтіріп тастады!» деп айғайлайды. Мұны естіген ересектер тайлы-таяғы қалмай Мұхаммед жатқан жерге жетеді. Оларға баланың түрі өзгеріп кеткендей болып көрінеді. Осыған орай Анас: «Мен оның сол кезден кеудесінде қалған тыртықты көрдім» деді.

Осы оқиғадан кейін Пайғамбар Меккеге оралды. Бұл кезде оның жасы төртке келіп еді. Ол анасымен тағы екі жылға жуық уақыт бірге тұрды. Осыдан бастап ол анасынан бөлек, атасы Абд әл-Мүттәлібтің тәрбиесін көрді. Екеуі де оған жақсы қарады, әсіресе, хашимит кланының лидері болып табылатын атасының қамқорлығы ерекше-тін. Ол осылай желкілдеп өсіп келе жатыр еді, алты жасқа келгенінде, күтпеген жерден анасынан айрылып қалып, тұлдыр жетім атанды. Бұл оқиға Мекке мен Йасриб арасындағы әл-Абваб деген жерде орын алады.

Осыған байланысты «Субул әл-Худа ва ар-Рашад» деген кітапта Ибн Аббастың мына әңгімесі келтіріледі: «Алланың елшісі өзінің анасы Әмина бинт Вахбпен бірге тұрды. Оның жасы алтыға толған кезде анасы мұны ертіп, бану ади тайпасындағы туыстарына қыдырып барды. Пайғамбардың күтушісі Умму Айман да олармен бірге болды. Үшеуі жолға екі түйемен шықты. Олар Йасрибке келгеннен кейін ән-Набиғаның үйіне түсіп, онда бір ай уақыт жатты».

Алланың елшісі өзінің бала шағында Йасрибте қандай хәлді кешкенін кейін өзі естелік қылып айтып та берді. Пайғамбар Мединадағы хиджражан кейін Бану Адия ибн ән-Наждара төбешігіне қарап тұрып, оны танығанын білдіріп, былай деді: «Мен тап осы жерде, осы төбеде ансарлар балаларымен бірге ойнап едім. Мен сондай-ақ төбеге қонған құстарды сол балалармен бірге қуғанмын». Бұдан кейін Пайғамбар сол уақытта өзі тұрған үйді нұсқап: «Біз мұнда анамызбен бірге қонақта болғанбыз. Осы үйдің ауласында менің әкем Абдаллахтың бейіті де бар. Мен Бану Адия су қоймасының суында өзімді жақсы ұстап тұра алғанмын (жүзе білдім)», – деді.

Сол уақытта оған иудейлер жиі келіп, ұзақ қарап кетуші еді. Осыған байланысты Умм Айман мынаны жеткізді: «Мен бір жолы олардың (иудейлердің) бірінің: «Ол осы умманың (қауымның) Пайғамбары, бұл жер – солардың тұрағы» дегенін естідім. Мен осы естіген сөзімді есімде сақтап қалдым».

Келесі «Әл-Хасаис әл-Кубра» деген кітапта имам ас-Суюти былай дейді: «Әбу Нуайм айтып еді, «Алланың елшісі: «Бірде маған иудейлердің қатарындағы бір кісі қайта-қайта қадала қарап тұрып: «О, балақай, сенің атың кім?» деп сұрады. Мен: «Ахмад» деп жауап қайтардым. Ол сосын менің арқамды ашып көрді, содан кейін: «Бұл – осы умманың Пайғамбары» дегенін құлағым шалды. Бұдан әрі ол менің анамның бауырларына келіп, осыны жеткізді. Ал олар өз кезегінде мұны менің анама баяндады. Мұны естіген анам қатты қорқып қалды, сосын біз Йасрубтен қайтып кеттік» деп айтты деп».

Умм Айман тағы мынадай әңгіме шығарады: «Бір жолы Меккеде түске таяу маған иудейлер қатарынан екі ер кісі келіп, Ахмадты көрсетуді сұрады. Мен баланы алып келдім, олар оны қарап шықты. Содан кейін Пайғамбарға шамалы қарап тұрып, бірі екіншісіне: «Ол – осы умманың Пайғамбары, бұл жер – осылардың тұрағы. Жақын арада бұл қалада ұлы оқиғалар болады, қан да төгіледі, тұтқын да алынады» деді. Мен олардың айтқандарын түгел жадымда сақтап қалдым».

Осыдан кейін Пайғамбардың анасын шынында да ұлымен бірге Меккеге қайтуға шешім етеді. Алайда, олар әл-Абваб деген жерге келгенде, Әмина бинт Вахбтың жағдайы күт нашарлап сала береді. Біраздан кейін жантәсілім етеді. Пайғамбардың анасы тап осы жерге жерленеді. Сосын Умм Айман Мұхаммедпен бірге Меккеге оралады.

Тағы бір мәнбеде қаралы оқиғаның Әмина ана мен болашақ пайғамбардың Йасрибте жатқан Абдулланың бейітінің басына барып, Меккеге қайтып келе жатқан жолында, екі шаһар арасын жалғаған Абва деген жерде қайтыс болғаны сөз етіледі

Сол заманның белгілі бір шайыры кейінірек:

«О, Абвада мәңгіге дамыл тапқан,

Бұл бір ізгі кісі еді әлімсақтан.

Тең келер жан жоқ оған дүниеде,

Бақшасында райханның пәрін шашқан», – деп тебірене жырлаған екен.

Сол жер бетінде теңдессіз жан саналған асыл ана Әмина соңғы демі бітіп, жарық әлемнен кеткелі жатқан апыл-ғапыл шағында жанына Мұхаммедті шақырып алып, қолын сипап жатып: «Өмірде өлмейтін адам жоқ. Дүние солай жаңарады, көне кетеді, соны келеді. Бір күні мен де өлемін. Бірақ сен секілді саф таза әрі жақсы баланы өмірге әкелген менің даңқым, атым ешқашан өшпейді», – деді. Соны айтып біткен бойда денесінен жаны шығып, жантәсілім етіп жүре берді.

Кейін арада талай жылдар өткесін Алланың елшісі анасы бейіті басына барып, тәжім етеді. Бұл туралы «Ас-Сира әл-Халабия» деген кітапта былай деп жазылды: «Умра әл-Худайбия» деген ат алған кіші қажылық (умра) кезінде Алланың елшісі анасы жерленген әл-Абваб деген жерден өтіп бара жатқанында: «Шынтуайтында, Алла маған өз анамның бейітіне келуге рұқсат етті» деді. Ол қорымға жақындап келіп, оның маңайын тазартып жөндеді, соңынан оның жанында тұрып, көзіне жас алды. Мұны көргесін онымен бірге болған басқа мұсылмандар да жылады. Соңғы жағында Пайғамбардан неге жылағаны сұралғанда, ол: «Мен оны аядым, сосын жыладым» деп жауап берді.

Пайғамбардың әкесі де, анасы да пұтқа табынушы мәжусилердің сұрпынан болған жоқ. Олардың екеуі де Құдайдың жалғыз екенін дәріптейтін Ибраһимнің дінін ұстанды. Осыған орай «Субул әл-Худа ва ар-Рашад» деген көне кітапта былай делінген: «Аш-Шайх: «Мен Мұхаммед Пайғамбардың әзиз анасы Әминаның бір құдайға сеніп, аманатын тапсырғанын айғақтайтын асарлар (аңыздар) таптым», деді».

Жәһилиет кезеңінде қайтыс болған әрбір адамды кәпір болып өмірден өтті деп айта  алмайсың. Өйткені, олардың арасында Құдайдың жалғыз екеніне сеніп, көп құдайлық салтты ұстанғандардан алшақ жүргендер аз болған жоқ. Олар Ибраһим Пайғамбардың дінін ұстанып, бір құдайлық сенімге ұйыды. Мұндай саналылар қатарына Зайд ибн Амра ибн Нуфайла, Кайс ибн Саад және Варакаибн Навфал сияқты адамдар кірді. Олардың жұмақ тұрғындары болатыны шешіліп қойған еді. Бұған Пайғамбардың хадисі де айғақ болады. Ендеше, солардың сапынан Пайғамбардың анасының табылғаны таңғаларлық нәрсе емес. Өйткені, бір құдай жолынан ауытқымаған олардың көпшілігі жазба адамдарынан естіген «Осындай ерекшелік белгілері бар Пайғамбардың әл-Харам жерінде пайда болатын мерзімі жақындады» деген мәлімдемелеріне иланды. Пайғамбардың анасы басқаларға қарағанда, мұның бәрінен біршама көп хабардар болды. Ол өзінің екіқабат кезінде және ұлын туған сәтінде адамды талассыз бір құдайлық ұстанымға әкелетін таңғажайып белгіні байқады. Одан әрі Аш-Шейх былай деді: «Шынтуайтында, Пайғамбардың анасы қайтыс болар кезінде Ибраһим Пайғамбардың дінін және Құдіреті күшті, Рахымы шексіз Алланың өз ұлын ислам дінімен бірге жіберілгенін білетінін айтты». Оның сондай-ақ өзінің пұтқа табынуын қойғанын атап өткені де келтірілді.

Пайғамбардың анасы Ислам тарихында айрықша орын алады. Ол әлемде бірде-бір әйел қол жеткізе алмаған бақытқа – күллі әлемде тыныштық пен бейбіт өмірдің шаңырағын құру үшін арнайы жіберілген ғаламның соңғы Пайғамбарын дүниеге әкелудің зор құрметіне ие болды.

***

Осылай әкесінен тумай жатып, анасынан алты жасында жетім қалған бала Мұхаммед тағдырдың алдынан тосқан теперішті тепкілі соқпағында жақсы ширап, шыңдалып өсті. Оны әдепкі кезде атасы Абд әл-Мүттәліб өз қолына алып, біраз тәлім-тәрбие берді. Оны сүйікті келінінің тосын өлімі енді бірден күрт қартайтып жібергендей болды. Бұдан алты жыл алдын сүйікті ұлы Абдулладан айырылғанда, бір қанаты қайырылып қалғандай болып еді, енді екінші қанатынан да айырылғандай жағдайға түсті. Біріншісінде қаза қанша ауыр тигенмен, ұлының артында келіні мен немересі қалғанын медет тұтып еді, енді келіні де кеткесін, өзінің едәуір шау тартып қалғанын айқын сезінді. Ендігі бар уайымы немересі кішкене есейе түскенше тірі жүре жүруге ауды, ең болмаса оңы мен солын танығанынша қасында бола тұруды армандады.

Абд әл-Мүттәліб кішкентай Мұхаммедке қолынан келгенше жақсылық жасап қалуға, ештеңеден мұқтаж етпеуге тырысты. Оған өз балаларына қарағаннан да артық қарады. Соның бір белгісі, ол өзінің төсегіне өзінен басқа ешкімді отырғызбаушы еді, бірақ Мұхаммедке келгенде, бұл тәртібінен жаңылды, оны қайта жетелеп әкеліп, отырғызып қояшы еді. Сүйікті де сүйкімді, ақылды да пайымшыл болып өсіп келе жатқан немересі не істесе де ақтарыла қуанды, не десе де иланды. Ол Мұхаммедті шынында өте үлкен, жарқын болашақ күтіп тұрғанына да ешбір күмәнданған жоқ, немересі жайында жұрт арасында айтылып жүрген әңгімелердің негізсіз емес екенін де жақсы білетін. Ұлы Абдулламен осы хақында болған сырласуды ұмыта қоймады. Алайда, бұл қуаныштың, бұл жарастықты күндердің ғұмыры ұзақ болмады, арада небәрі екі жыл өтіп, немересі сегізден екі ай және он күн асқанда, Абд әл-Мүттәлібтің дәсәуілгі қаупі расқа айналып, фәни дүниемен қоштасты.

Бұдан кейін болашақ Пайғамбарды әкесінің туған інісі Әбу Тәліб өз қамқорлығына алды. Ол кембағал кісі еді, балалары да көп-тін, соған қарамастан, інісіне өте жақсы қарады, оған атасының орнын жоқтатпауға тырысты. Бұл отбасында да Алланың жәрдемі анық білініп жүрді. Соның арқасында былайғы жағдайда бір кісі ғана тоятын тамаққа бұл үйдегі барлық жанның толық қанағат тұта алатынындай сәттің сайпы келді.

Мұхаммед біртіндеп оңы-солын танып, есейе бастаған кезде көкесі оны кәсіпті тез меңгеріп кетуі үшін өзімен бірге сауда соқпақтарына алып бара бастады. Бірінші сапардың сәті Сүрияға сүрлеу түсірді. Құрайыш ағайындарының керуеніне ілескен Әбу Тәлібке бұл сапардың басты маңызы ағасынан қалған жалғыз ұлды, жастай жетімдік қамытын киген інісін қолға алынғалы тұрған кәтепті тірліктен түңілдіріп алмау керек болды. Бұл кезде Алланың елшісінің жасы он екіде, дәлірегі, туғанына он екі жыл, екі ай және он күн толған еді. Шыны керек, жықпылды жолға Пайғамбардың өзі сұранып шыққан болатын. Себебі, алыс сапарға, ұзақ уақытқа кетіп бара жатқан көкесімен қоштасу оған өте ауыр тиді. Сондықтан ағасы ақыры тәуекел етіп, өзімен бірге шалғай шартарапқа ала кетті.

Құрайыштардың сауда керуені Басраға жақын жерге тоқтап, дамылдап тұрған кезде бұларға сол кездегі христиан білгірлерінің бірі, Бахира есімді монах арнайы ат басын бұрып келді. Ол осы керуенмен ілесіп келгендердің бәрімен түгел жүздесіп шығып, соңынан Алла елшісіне қайырылып қайта соқты. Оның қолынан ұстап тұрып: «Бұл – әлемнің әміршісі, бұл – Әлем әміршісінің елшісі, Алла оны әлемге ізгілік нұрын себу үшін жіберген!» деді ашық дауыспен. Жұрттың бәрінің көзі сол кезде он екі жасар балаға қарай ауды. Көпшілік қарап тұрмай: «Сен мұны қайдан білесің? Мұны саған кім айтты?» деп, шуылдасып сұрақ қойды оған сосын. Ал монах оларды жаппай таң қалдырып, бұл сұраққа мынадай жауап қайтарды: «Шынтуайтында, сіздер мына таудың аңғарына жақындай бастағаннан оның тап алдынан кездескен жолдағы барлық тас атаулы мен ағаштар бұтақтары жерге дейін иіліп тағзым етті және мұны олар тек осы балаға ғана жасады, олар тек пайғамбарларға ғана осылай құрмет көрсетер еді! Бұдан басқа, мен оның арқасында, иығынан сәл төмен жерде, екі жауырыны ортасында алманың көлеміндей пайғамбардың мөрі тұрғанын да өз кітаптарымыздан оқып біліп жүрміз». Осыны айтқан ол Мұхаммедтен жейдесін шешіп, арқасын көрсетуді сұрады. Бірақ мұны ол жалпы көпшіліктен жырақтау, оңаша тұрып жасатты. Монах осыдан кейін қатты риза болып, мәз-майрам болған жанның түрімен жиналған жұрттың жанына келді.

Осыдан кейін Бахира керуенмен келген құрайыштардың барлығына сый-сияпат жасап, дастархан жайып, өзінше құрмет көрсетті. Соның бәрі біткесін, ол Әбу Тәлібке келіп, інісін өзімен бірге Сүрияға алып бармауды, оны осы жерден сенімді біреумен жедел елге – Меккеге қайтарып жіберуді өтінді, олай етпесе, болашақ Пайғамбарға иудейлер мен византиялық христиандардың қастандық жасағалы отырғанын айтты. Мұны естігесін Әбу Тәлібте де жан қалмады, сол сәтте құрайыштармен ақылдаса отырып, Мекке мекеніне Алланың елшісін алып кететін сайдың тасындай екі жігітті белгілеп алып, оларды қайтар жолға суыт салып жіберді.

Мұхаммедтің жасы жиырмаға толғанда, Үкәз шатқалында бір үлкен жәрмеңке өтті. Оған Мекке мен оның айналасындағы шөлейт өңірлерді жайлайтын барлық тайпалары мен руларының адамдары қатысып, сауда-саттықтың базарын қыздырды. Бірақ жәрмеңкенің екінші күні дүрілдеп жатқан кезде аяқ астынан бір тайпалар өкілдері арасында ұрыс-керіс  басталып кетті. Мұның аяғы кәдімгіде» қарулы қақтығысқа ұласты. Текетірестің әуелде неден туындап, қалай тұтанып кеткені қазір белгісіз, бірақ бұл олардың арасында бұрыннан ұшқындап жүрген кикілжің мен келіспеушіліктен от алып кеткен болуы ықтимал деген болжам көбірек айтылады. Бұл қырғында бір жағындағы топты құрайыштар ме кинаналар құраса, екінші жағындағы топта кайстар мен айләндар болды. Шайқастың жан алып, жан берісетіндей болғаны сондай, екі жақтан да біраз адам ажал құшты. Бұл соғысқа Алланың елшісі де қатысуға мәжбүр болды. Ол ұрыс кезінде ағаларына садақтың оғын жеткізіп беріп тұрды.

Соңынан екі жақ ымыраға келіпті. Келіссөз барысында тараптар өздерінің шығыны мөлшерін анықтап алып, кісісі аз өлген жақтың қара жамылғандар жағына өтемақы төлеуі керектігі жөнінде мәміле жасасты. Осыдан кейін екі жақтың тайталасы тоқтап, бейбіт қатар өмір сүруге пәтуаға келді. Бұл Пайғамбардың бірінші рет ұрыс қимылдарына қатысуы болды.

Осы өткінші соғыс толық біткеннен кейін құрайыш тайпасының бану хашим, бану әл-мүттәліб, бану асад, бану зухра және бану тайм рулары өзара одақ құру жөнінде ахли кесілімге келді. Оны өздері «Ар одағы» (хильф әл-фудуль) деп атады. Бұған мына жағдай тікелей себепкерлік етті. Зубайд тайпасының бір кісісі Меккеге өз тауарларын әкеліп, оны әл-Асу бин Ваиль ас-Сахмиге өткізеді. Бірақ бұл кісәпір заттарды алғаннан кейін олардың тиесілі ақысын төлемей қояды. Мұның орнына абдал-дар, бану махзум, бану сахм, бану ади деп аталатын төрт рудың адамдарын көмекке шақырып, әлгі көпеске қарсы айдап салады. Сонда бұлардың бірде-бірі оқиғаның мән-жайынан толық хабардар болмай жатып, сырттан келген қонаққа жабыла кетеді. Лекин мынадай қарадай қорлыққа шыдамаған ол сосын жар басына шығады да, жұрттың бәрі еститіндей етіп болып жатқан жайды баяндап, елдегі салауатты адамдардан бәрінің ақ-қарасын айырып, мәселені оңынан шешіп беруге жәрдем сұрайды. Көпестің шақыруына бірінші болып әз-Зүбәйр бин Абд әл-Мүттәліб үн қосады. Ол тайм руының басшысы Абдулла бин Жуданның үйінде жоғары аталған одақты құруға қатысатын бес рудың жетекшілерімен жолығып, туындап отырған түйткіл мәселені ортаға салады. Сол жерде бәрі одақ құру хақында ұйғарымға келеді. Осы жасасқан келіссөзде Меккедегі тәртіпке толық жауап беру, барлық әділетсіз істерге белсене араласу, соның ішінде рулары осы бестікке кірмейтін адамдар тарапынан зәбір-жапа шеккендер болса, оларға да көмек көрсетіп, өздерінен тартып алынған мүліктерін қайтартып бергізу, алдамшы жолмен өзге біреудің алып қойған тауарларын иесіне қайта табыстау секілді бірқатар құқықтық шаралар бар еді. Бұлар сөйлесе келгенде, меккелік тұрғын жағынан тап осындай әлімжеттік жасалып отырғанына анық көз жеткізеді. Сосын олар кідірмей, бәрінің бүлдіргісі болып отырған әл-Асу бин Ваиль ас-Сахмидің үйіне шұғыл тартады. Барғасын мәселені оңай шешеді. Қуатты құрайыш тайпасының бес көсемі суыт келіп, суық жүзбен сөз бастағанда-ақ үйдің қожайыны баратын жеріне дейін барып қойған болатын. Зәр-иманы қалмаған ол екі көзге келместен, өзі иемденіп кеткісі келген арам дүниелерін өзінің егесіне қайтарып беруге асықты.

Осы «Ар одағы» құрылатын құрылтай жиынына әкесінің бауырларының алғауымен Алланың елшісі де қатысып еді. Ол мұны кейін өзі ислам дінін уағыздауға кірісе бастаған уағында: «Маған Абдулла бин Жуданның үйінде сондай одақтың құрылуының куәсі болуға тура келді. Мен исламда осындай келіссөз жасасудың орайы келіп жатса, оны ешқандай да қызыл түйелерге айырбастамаған болар едім, міндетті түрде соған қосылар едім» деп атап көрсетті.

Өзі өмірге келмей тұрып әкесінен айырылған Пайғамбар әуелі анасы Әминаның, содан кейін өзін уақытша асырап алған сүт-анасы Халима мен өкіл әкесі Харистің, сосын қайтадан өз анасының, ол қайтыс болғасын атасы Абд әл-Мүттәлібтің, ал ол да бақилыққа кеткесін әкесінің інісі Әбу Тәлібтің тәрбиесінде болғаны жоғарыда біршама айтылды. Бұл – айғақ. Бірақ оның да өзіне дейінгі барлық пайғамбарлар секілді балалық шағында қой баққаны айтылған жоқ. Иә, ол да кезінде қой баққан. Алдымен бәдәуилер арасында жүрген шағында емшектес бауырларымен бірге қоралы қойды күзетті, өріске өргізіп апарып, тоқ етіп тойындырып айдап қайтып жүрді. Меккеге оралғасын, өз отбасына көмектесу үшін бірнеше каратқа бала шопан қызметін атқарды. Бірақ ол мұнысын кейін ешқашан қорлыққа санамады, керісінше мақтан тұтты. Қой баққан уақыттың еркіншілігі мен азаттық сәттерін де ұмытпады. Сондықтан ол өзінің пайғамбарлық қызметі жаңа басталып жатқан уақытта: «Қой бағып жүріп, өсіп-жетілмеген бірде-бір пайғамбар жоқ» дегенді ерекше бір сүйсінген кейіп пен дауыс ырғағында айтты. Бір жағы, бұл пайғамбарларды бала шағында төзімді де ерікті етіп жетілдірудің өзіндік бір қалыптасып қалған мектебі іспеттес болды.

Пайғамбардың он екі жасында ағатайымен бірге Сүрияға керуен сапында барғанын әлгінде сөз еттік. Алайда, сәті келмей, қалаға барып тұрған жерінен кері қайтқан Мұхаммед саудаға соның алдында-ақ араласып кеткен еді. Ол бұл тұрғыдағы кәсібін ас-Саиб бин Әбу ас-Саиб деген досымен бірге бастаған болатын. Олар бір-біріне сай қосылған нағыз сенімді әріптестер ретінде тарихта қалды. Алланың елшісі бұдан кейін де сауда істерінде өзін өте әділ де адал, шыншыл да шынайы қалпында таныта білді. Ол жалпы барлық тірлікте де адамгершілікті бәрінен жоғары қойды. Адалдық оның өмір сүру дағдысының нормасына айналды. Тап осынысы үшін оған «Әмин» деген күния жапсырылды.

Осылай сауда-саттықтың үлкен тәжірибе мектебінен бала жасынан бері өтіп келе жатқан Пайғамбар жиырма бес жасында құрайыш тайпасының ең бай және танымал әйелдерінің бірі Хадиджа (Хадиша) бинт Хувайлидке жалданып, Сурияға баратын сауда керуенімен оның заттарын апарып сатып қайтатын болды. Тарихта даңқы қалған бұл сапар сол бойда оның өмірін күрт өзгертіп жіберді. Алланың елшісінің тұсаукесері сәтті болғаны сондай, оның әкелген табысы Хадиджа анамыздың бұған дейінгі алып келген қазыналары көлемінен екі еседен астамға асып түсті. Осы кезге шекті өзге көпестерге көп сомадағы ақшаны сеніп тапсырып, одан болар-болмас қана түсім шығарып отырған кісіге бұл бір аспаннан шұға жауғандай әсер берді. Расында Хадиджа осы кезге қадар сауда сапарынан осыншалықты мол көлемде табыс тауып көрмеген екен. Мына жағдай оны айран-асыр етіп, көл-көсір қуанышқа кенелтті.

Пайғамбар бұл сапарға Хадиджаның қызметші әйелі Майсараны бірге ала кетіп еді. Мұхаммедтің аса ұқыпты да мұқият, адал да таза адам екенін өзінің қожайына сол да айта келді. Майсара Алланың елшісінің өте жоғары адамгершіліктің егесі екенін де аузына суы құрығанша таңдана айтып берді. Бұдан бөлек, ол Мұхаммедтің төңірегінде бірқатар ғажап құбылыстардың көрініс бергенін байқағанын, атап айтқанда, оны екі періштенің ылғи күйіп тұрған күннің аптабынан қорғап жүргенін көргенін баяндады. Бұлардың бәрін ерекше ынта қойып естіп отырған Хадиджа өзінің Пайғамбарды бірте-бірте жақсы көріп бара жатқанын сезді. Сосын уақытты көп созбай, өзінің ең жақын құрбыларының бірін Мұхаммедке елші етіп жөнелтіп, оған өзінің тұрмысқа шыққысы келетінін жеткіздірді. Бір ғажабы, Алланың елшісі бұл ұсынысты өзі де көптен күтіп жүрген адамша бірден қапысыз қабылдады. Сөйтті де, ол бұл жаңалықты әкесінің бауырларына тездетіп жеткізді. Мына хабар оларды да ерен қуантып тастады. Бұдан кейін көп ұзатпай, ағалары Хадиджаның ағасы Амр бин Асадпен кездесіп, құда түсті.

Арада біршама уақыт өткесін, Амр қарындасы Хадиджаны Пайғамбарға хашимит руы өкілдерінің және құрайыш тайпасы ақсақалдарының қатысуымен ұзатты. Бір деректер бойынша, хашим әулеті қалың малға жиырма, тағы бір мәліметке сай, алты ұрғашы тайлақ алып келіпті. Той салтанаты кезінде күйеу баланың ағасы Әбу Тәліб сөз алып, әкелген сый сыңайын айтып, інісіне осыншалықты лайықты жанның өмірлік серік болып жолыққаны үшін рахымы мен шапағаты күшті Құдайға шексіз алғыс сезімін білдіреді.

Үйлену тойы Пайғамбардың Сүрия сапарынан оралғанына екі айдан сәл асқан кезде өтті. Осы кезде Хадиджа анамыздың жасы қырықта, яғни Пайғамбардан он бес жас үлкен еді. Алланың елшісінің енді қосылып жатқан жұбайы бұған дейін екі рет күйеуге шыққан болатын. Бірінші мәрте Атак бин Аиз әл-Махзум деген азаматпен некеге тұрды, бірақ ол көп ұзамай ауырып қайтыс болып кетті, содан кейін Әбу Халә ат-Тайми деген кісімен өмір жолын жалғастырды. Соңғы некеден бір ұл туды, алайда, тағы бірқатар мезгіл өткесін бұл да бақилық болды. Бұдан соң да құрайыштардың көптеген ақсақалдары Хадиджа анамызға құда түсіп келді, бірақ бұлардың бірін де қабыл алмады. Ал Алланың елшісімен кезіккенде, өзінің керек етіп жүрген өмірлік серігі осы жігіт екеніне шүбәсіз сенді. Шынында да ол адами һәм әйелдік бақыт дегеннің не екенін Пайғамбарға күйеуге шыққасын барып ұғына бастады. Ол Мұхаммед ғалай-с-саламға өмірінің соңына дейін сүйсініп өтті, оған барлық адами қалып жағынан барынша адал болды, күйеуіне барлық кездерде де ылғи қолдау мен қошемет көрсетіп отырды, оның айтқанының бәріне имандай иланды. Хадиджа анамыздың бірі кезінде Пайғамбар басқа әйел алған жоқ, оның бірінші қосағы бар баласының анасы болды, тек коп дінінен шыққан мысырлық Мәриям ғана кейін Ибраһим деген ұл туып берді.

Асыл туған Мұхаммед пен Хадиджаның отбасылық одағынан алдымен әл-Қасым өмірге келді, одан кейін Зайнаб (қазақтар оны «Зейнеп» деп атайды), сосын Рукайя (Ұрқия), сосын Умм Күлсім (Үммі Гүлсім, Гүлсім), сосын Фатима (Бибі Фатима), соңынан Абдулла жарық дүниенің есігінен аттады. Екі ұл бала да кішкентай кездерінде шетінеп кетті, қыздар түгел азаматтық жасқа жетті, бәрі де тұрмыс құрды, олардың бәрі әкелерінің пайғамбарлық құзырына көтерілгенін көрді, барлығы да аналары Хадиджаның үлгісімен мұсылмандықты қабылдады, Меккеден Йасрибке (Мединаға) көшті. Тек аналары ғана Йасрибке жете алмай кетті. Қыздардың арасында Фатимадан басқалары түгелдей әкелерінен бұрын өмірден өтті. Кенже қызы Фатима Пайғамбар бақилық болғасын жарты жылдан кейін Аллаға аманатын тапсырды.

Пайғамбардың жасы отыз беске толған кезде селдің тасқыны салдарынан Қағбаның қабырғаларына қатты зақым келді. Мұның алдында храмды сұрапыл өрт шалған еді. Сондықтан құрайыштар ғимаратты қайтадан салып шығуға мәжбүр болған. Оны жөндерде оған табан ақы, маңдай термен келген таза ақшаны ғана пайдалану туралы шешім етілді. Соған орай жезөкшелер мен өсімқорлар тарапынан болуы мүмкін қайырымдылық көмектерінен алдын ала бас тартылды. Себебі, бұлардың әлдекімдерден күшпен немесе алдау жолымен алынған болуы ықтимал деп есептелді. Құрайыштар ең алдымен храмның қирап қалғаны үшін Жаратқанның жаза алып қалудан қорықты. Сол кезде әл-Валид бин әл-Муғира оларға: «Шынтуайтында, Алла әділ жолда жүргендерді құртпайды!», – деді де, қабырғадан бірінші кірпішті суырып шығарды. Сосын оған басқалар да қосылды. Сөйтіп, бәрі жұмысты қызу жалғастырып әкетті. Олар қабырғаның кірпіштерін түгел бұзып алып, храмның іргетасына жеткенше тоқтамады. Бұл іргетасты арғы бір замандарда Ибраһим пайғамбардың өзі қалап шыққан екен. Бір таңқаларлығы, содан бері қаншама ғасыр өтсе де, ғимараттың табаны аса көп бүліншілікке ұшырамай, негізгі сұлбасын жақсы сақтап қалыпты.

Бұл жұмыс толық аяқталғаннан кейін қабырғаның өн бойы қайта қалануы үшін әр тайпаға теңдей етіп бөлініп берілді. Құрылыс жұмыстарына Бакум ныспылы византиялық маман басшылық жасап тұрды. Ал қабырғаға қойылатын ауыр тастарды иықтарына салып тасушылар арасында Пайғамбар мен оның әкесінің інісі Аббас ағатайы секілді көпке белгілі кісілер болды. Ибраһим қалап кеткен іргетастың үстіне храм салып шығуға ақша толық жетпейтін болғасын, ғимараттың теріскей бетін бұрынғыдан сәл төмендеу етіп жіберді де, бұл жерді жартылай дөңгелек қалыпқа келтірді. Соңына қарай Қара тасты орнына қоюдың кезегі келген кезде бұл міндетті атқаруға барлық тайпалар айрықша мүдделілік танытты. Сондықтан оған қатты талас басталып кетті. Бұл келіспеушілік төрт-бес күнге дейін толық созылды. Осы уақытта тайпалар арасында қақтығыс туындап, қантөгіске апаратындай хәл пайда болды. Сол кезде жағдайдың қалай ушығып бара жатқанын пайымдаған құрайыштар ақсақалдарының ең үлкені Әбу Умайе бин әл-Муғира әл-Махзумиге «осы сәтте храмның қақпасынан кім бірінші болып ішке кірсе, мұның шешімін айту мұрсатын соған берейік» деген бейкүнә ой келді. Мұны басқалар да қолдап әкетті. Олар солай дуылдасып жатқанда, қақпа айқара ашылып, Қағбаға, құдды бір келісіп алғандай, Алланың елшісі кіріп келе жатты. Мұны көрген іштегілер: «Бұл – Әмин, біз таңдаудың осыған түскеніне разымыз, бұл – біздің Мұхаммед!» жамырасып қоя берді. Ештеңеден хабары жоқ Пайғамбар жандарына келгеннен кейін олар арадағы келісімнің жайын оған айтып берді. Мәселенің мәнін білгесін Пайғамбар шапанын жерге төсеп, оның үстіне Қара тасты жайғастырып қойды да, барлық тайпаның өкілдеріне шапанның етегінен ұстап, жоғары көтеруді тапсырды. Бұл бір табылған ақыл болды. Осылайша жиналғандардың барлығы да тастың орнына қойылуына үлес қосты. Ал Мұхаммед Қара тас бұрынғы орнына апарылғаннан кейін оны өз қолымен тұғырына қондырды. Қазіргі таңда Қара тас Қағбаны айналып өтетін жер – матафаның үстінде бір жарым метр биікте ілініп тұр.

Пайғамбар бала жасынан өзінің ойшылдығымен, пайымшылдығымен, адалдығымен елден ерекшеленіп тұрған. Ол есейген сайын ардақты адамға тән барлық жақсы, үздік, озық қасиеттердің бәріне ие бола бастады. Осы тұста оның батылдығы, шешімталдылығы, бір сөзділігі, алғырлығы, іскерлігі, тапқырлығы, тиянақтылығы, мұқияттылығы, әділдігі, сенімділігі, мейірімділігі айқындала түсті. Ағасы Әбу Тәлібтің куәлік етуінше, ол барлық уақытта туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болған, қарастығы жоқ кісілерге ылғи қамқор қолын созып отырған, меймандарға айрықша ықыласпен құрмет көрсеткен, қайғыға душар болған адамдарды ешуақытта айналып өтпеген, жәрдем сұраған жандардың бәріне шамасы келгенше қамқорлық жасаған.

Алла оны Пайғамбар болуға барлық жағынан дайындаған сияқты. Оның бойында бірде-бір пәндәуи жаман қасиет пен әдет болмаған, не нәрседе болса да үлгі-өнеге көрсете алатындай толымды тұлға етіп жаратқан. Түр жағынан да еркек біткеннің ажарлысы, сұлуы ретінде жұрттың жадында жақсы сақталып қалған. Мінезге аса бай болған. Өзі айта беретін «көркем мінез» оның ең алдымен оның өзіне тән еді. Пұтқа табынушыларды ес біліп, етек жапқан шамасынан жақтырмаған, олардың адасып жүргендерін кішкентайынан пайымдай білген. Сондықтан олардың шалған құрбан малдарының етінен ауыз тиіп те көрмеген. Өмір бойына бірде-бір рет аузына шарап алмаған, көңіл көтеру кештеріне қатыспаған, бұдан да басқа жаман салт-ғұрыптардың бәрінен аулақ жүрген.

 

***

 

Йасрибке келген уақыт жаңа мұсылман күнтізбесінің басы болып саналды. Ол арабша «хиджра» деп аталды. Бұған дейін арабтарда біртұтас күнтізбе болған жоқ, оны әркім өзінше жүргізіп келді. Бірақ араб державасы пайда болғаннан кейін мұндай әртектілік қолайсыз бола бастады, халиф алыстағы облыстардан келген есепті оқи отырып, оқиғаның нақты қандай уақытта болғанын бағамдай алмайтын хәлге жетті. Сосын ұзақ ойланыс пен талқылаудан кейін жылдың басталуы ретінде мұсылмандардың Йасрибке келген кезі – 622 жылдың 24 қыркүйегі алынды. Бұл уақытқа дейін қаланың аты Медина, дәлірегі, Мадинат-ат-Нәби – «Пайғамбар қаласы» болып өзгертіліп қойылған еді.

Мұхаммед Мединаға келгеннен кейін көп ұзамай зор беделдің иесі болып шықты. Бұрын ол тек діни топтың көшбасшысы ғана саналып келсе, енді саяси лидерге айналды. Бұл бірақ бірден бола салған жоқ. Қалада арабтың хазрадж және аус деген екі тайпасы мен еврейдің кайнука, надир және курайса деген үш тайпасы тұрды. Мұхаммедке өзінің ресми мәртебесі мен құқықтарын анықтап алу үшін солармен келісуге тура келді. Иудейлерді есепке алмағанда, барлық тараптар бір-бірлерімен соғыспауға, сырттан келген жауға бірлесе қарсы тұруға және ортақ мәселелерді шешіп алуда Мұхаммедтің беделіне бағынуға келісім жасасты. Пайғамбар осылайша Мединаның жоғарғы соты секілді лауазым тізгінін ұстады, оған жеке адамдар арасындағы даулар мен тайпалар арасындағы араздықтан туған мәселелерді шешіп отыру құқығы берілді.

Меккеліктермен келісімде мұсылмандар қажеттілік болған жағдайда басқа кландар өкілдері де кіре алатын жаңа орта ретінде атап көрсетілді. Мұнда отбасылық-туыстық қарым-қатынастардың ешқандай мәні болған жоқ – ең маңыздысы әркімнің Пайғамбарға жақын болып, оның ынта-ықыласына бөлену саналды. Енді бұл жердегі қауымдастық өмір бойы бір-бірлерімен жауласып келе жатқан хазрадж, аус және құрайыш тайпалары болып бөлінген жоқ, олар ансарлар, яғни жергілікті мұсылмандар және мұғаджырлар (қажыға барған), яки Мұхаммед пайғамбардың соңына еріп келгендер болып аталды.

Арабша «умма» деп аталатын мұсылман қауымы арасында Мұхаммедтің билігі шексіз болды. Ол бір өзі барлық діни және азаматтық заңдарды құрастырып шығарды, қауым мүшелері арасындағы мүлік бөлінісін анықтады, салт-дәстүрлерді орындау рәсімі бойынша жаңа ережелер жасады, намаздар санын белгіледі, жеке және отбасылық өмір жайының нормаларын қалыптастырды. Бұлардың арасында бәдәуилер ортасында баяғы кездерден бар әдет-ғұрып көріністері аз болған жоқ, сонымен бірге оларда бұрын қолға алынбаған дәстүрлер де өз орындарын тапты. Уммада ежелгі қандық кек қайтару үрдісі сақталып қалды, кісі өлтірушіден айып алу салты да өзгерген жоқ.

Ислам Мединаның идеологиясы ғана емес, сонымен бірге оның күнделікті өмір сүру салтына айналды. Бұрын арабтарда Қағбадан басқа храм жоқ еді, енді Мұхаммед мүмін қауымның ғибадат ететін орны – мешіт те салдырды. Алғашқы мұсылман мешіті төрт жақ қабырғасы тең орналасқан, тас пен кірпіштен қаланған, пальмадан бағандары бар шаршы тәріздес үлкен ғимарат болды.

***

«Магомет үш жылға жуық уақыт өзінің жаңа ілімін туған-туыстары мен достары арасында, олардың да ықшам шеңберінде уағыздап жүрді. Алайда, 613 жылы ол көпшілік алдында уағыз жасауды бастап кетті, – деп жазды Майкал Харт өзінің «100 ұлы адам» деген кітабының алғысөзінде. – Бірте-бірте оның жақтастары пайда болды, ал Мекке билігі оған елдің ішін бүлдіруші ретінде қарай бастады. Магомет 622 жылы соңына түскен қауіптен қорқып, Мединаға (Меккенің солтүстігінде 200 миль жердегі қала) қашып барды, сонда айтарлықтай билік пен ықпалға қол жеткізді. Меккеден келген осы сапар жылына «хиджра» деген атау беріліп, ол мұсылманша жыл санаудың, пайғамбардың өміріндегі бұрылысты кезеңнің басы болды. Егер Меккеде оның соңынан санаулы ғана адамдар ерсе, Мединада олардың қатары едәуір көп еді, сондықтан мұнда көп ұзамай шын мәнінде өзін шексіз билеушіге айналдырып жіберген орасан зор ықпалға аяқ артты. Бұдан кейін бірнеше жылда Магометтің соңына ергендер саны күрт өскен кезде, Мекке мен Медина арасында әскери қақтығыста басталып кетті. Бұл соғыс 630 жылы Магометтің Меккеге жеңіспен оралуымен аяқталды».

Ол: «Магометтің жеке басының адамзат тарихына жалпы ықпалын қалай бағалауға болады?», – деген сауал қойып алады да, оған өзі былай жауап қайтарады: «Басқа әлемдік діндер сияқты ислам да өзінің жолын ұстанғандарға орасан зор ықпал жасап келеді. Сондықтан кітапта барлық әлемдік діндердің негізін қалаушыларға айрықша көңіл бөлінді. Осы ретте жер шарында христиандардың мұсылмандардан екі есеге жуық көп екеніне қарамастан, Магометтің Иисустан бұрын тұрғаны таң қаларлық нәрсе болып көрінетін шығар. Бірақ бұған екі негіз бар.

Біріншіден, Магомет Иисустың христиандықтың моралі мен философиясының негіздерін (бұл нормалар иудейліктен ерекшеленетін болғандықтан) қалап бергеніне қарамастан, Христостың христиандықты дамытуға қосқан үлесінен гөрі исламды зор екпінмен дамытуда анағұрлым маңызды рөл атқарды: христиандық құдай сөзін жасаудың негізгі үлесін әулие Павелге қосты, ол Жаңа Өсиеттің айтарлықтай бөлігінің авторы болып табылады және дінге сенушілердің қатарын көбейту үшін өте-мөте көп айлалы тірліктер жасады.

Магомет ислам теологиясы мен моралін (тұтастай алғанда) жасады. Ол сондай-ақ дінге сенушілер санын көбейтуде негізгі рөлді ойнады және ислам принциптерін өмірге енгізуде бірінші болды. Бұдан жоғары, мұсылманнның киелі жазбасы – Құранның, оның өзі сенгендей, құдай рухтандыратын кітаптың авторы болып табылады. Магометтің Құранға кірген барлық кәлималары оның көзі тірісінде-ақ жазылып бітті және ол қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай аяқталған және беделді формасына келді. Ал Христ ілімінің егжей-тегжейлі және нақты жазбасы сақталған жоқ. Әйтпесе, Киелі кітаптың христиандар үшін маңыздылығы Құранның мұсылмандарға маңыздылығына төмен болмағанына қарамастан, Мұхаммед идеяларының Құран арқылы тікелей ықпалы орасан зор болды».

Міне, сондықтан да Мұхаммед Пайғамбардың мұсылмандарға қатысты ықпалы Христ пен әулие Павел екеуінің жабылып христиандарға берген біртұтас ықпалынан күштірек шықты. Алланың елшісінің адамзат тарихына таза діни деңгейдегі ықпалы Христің ықпалынан аз болған жоқ. Бұдан бөлек, Ииусустан тағы ерекшелігі, Пайғамбар тек діни ғана емес, сонымен бірге қауымдық та лидер болды. Егер оның арабтардың жауынгерлік рухтарын жігерлендірудегі рөлін ескерсек, онда Мұхаммедті барлық уақыттардағы ең ықпалды дерлік саяси көсем деп есептеуімізге болады».

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ

Серік ПІРНАЗАР

 

ҮШ ХАЛИФТІҢ ҰРПАҒЫ кітабынан

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button