

Қоңырқожа Қожықовтың Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ғылыми қызметкер болып, сирек қорды толықтыруға өлшеусіз үлес қосқанын білесіз бе? Ал оның жеке ісі мен қолтаңбасы қойылған құжаттары Ұлттық кітапханасының архивінде сақталғанын естігенсіз бе?
Мектеп ашу ісі
Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы Перовск уезінің «Хан ағашы» деген жерде, қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалы көл ауылындағы «Қожық» қыстауында дүниеге келген. Қорасан қожаларынан тарайтын, ата-бабасы Сыр бойының рухани өмірінде маңызды рөл атқарған әулеттен шыққан ол Ақмешіттегі орыс-бұратана мектебінен бастап, Ташкент мұғалімдер семинариясына дейінгі білім сатыларын үздік бітірген санаулы қазақ жастарының қатарына енді. Қоңырқожа Қожықов, Санжар Асфендияров және Сұлтанбек Қожанов – Серали Лапиннің атақты күйеу балалары. Олар Лапиндер әулетінің қыздарына үйленген.
Семинариядағы жылдар оның тағдырына айқын жол салды. Осында жүріп ол түркі-мұсылман халықтарының бірлігі мен жаңғыруын мақсат еткен жәдиттік бағытқа ден қойып, Исмаил Гаспринскийдің ойларымен сусындады. Сол кезеңдегі империялық саясаттың оқыту ісін орыстандыруға бағытталғанын көріп, ол білім беру жүйесін ұлттық арнаға бұруды ең басты міндетім деп қабылдады. Осы жігерлі ұстаным оны кейін Түркістан, Перовск, Әндіжан аймақтарында жаңа үлгідегі мектептер ашуға, жас буынға жаңаша бағдар беруге жетеледі. Оның ағартушылық қызметі тек сабақ беру ісімен шектелген жоқ. 1912 жылы ол қазақ балаларына арналған алғашқы «Әліппенің» бірін жазып, оқу-ағарту саласына тың серпін әкелді. Оның қаламынан туған бұл еңбек жәдиттік педагогиканың қазақ жеріндегі нақты көрінісі болды. Ал бір жыл өткен соң, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлымен бірге «Қазақ» газетінің қалыптасуына атсалысуы – оның қоғам алдындағы орнын одан әрі айқындады.
Қоғамдық-саяси белсенділік те Қоңырқожа Қожықовтың өмірінен тыс қалмады. Түркістан өлкесіндегі қазақтарды біріктіріп, мүддесін қорғауды мақсат еткен «Көшпенді» (Иллиятия) ұйымына жетекшілік етуі, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына кандидат ретінде ұсынылуы, Қоқан автономиясы үкіметінде жауапты қызмет атқаруы – оның ұлттық мүдде жолындағы адалдығының айқын дәлелі. Ал кеңестік кезеңде Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының негізін қалаушылардың бірі болуы – оның ағартушылық жолының жаңа тарихи белесі еді.
Шежірелік деректерден оның тектілігі, ата-бабасының Кенесары ханмен қызметтес болғанынан көрінсе, өмір жолы – қай кезеңде де халық тағдырына бейжай қарамаған қайраткердің бейнесін айғақтайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек қорын толықтыруға жеке үлес қосуы, қолжазбаларды жинап, зерттеуі – оның ғылымға да елеулі еңбек қалдырғанын дәлелдейді.
ХХ ғасырдың зұлмат саясаты оның өмірін де айналып өтпеді: 1930 жылдары бірнеше рет қудалануы, ақырында 1938 жылы атылуы – тұтас буынның тағдырымен сабақтас трагедия. Дегенмен 1957 жылғы ақталуы оның тарихи әділдігін қайтарып, есімін қайта жаңғыртуға жол ашты.
1918 жылы Сырдария қазақтарының съезінде Алаш автономиясына қосылу мәселесі талқыланғанда, Қоңырқожа Қожықов та қатысып, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге куә болды. Ол Ташкенттегі шағын банкте инспектор болып жұмыс істеді, қазақ зиялыларын кеңес қызметіне тарту ісінде белсенді болды. 1918 жылы ашылған Қазақ педагогикалық курстарында мұғалімдік қызмет атқарды, кейін Қазақ халық ағарту институтында тарих пен географиядан дәріс берді. Қ.Қожықов халық ағарту ісіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми қоғамдар мен ұйымдарда да жұмыс істеді. 1920 жылдары ол «Ақ жол» газетінің редакциясына кіріп, өлкедегі ұлттық мәселелерді жариялап, халыққа жеткізуге атсалысты. Жер реформасы, су пайдалану, шаруа қожалықтарын ұйымдастыру жұмыстарына белсенді араласты. 1922 жылы Қытайдан оралған қазақтарды Жетісуға орналастыру және аштыққа ұрынғандарға көмек көрсету міндеттері оған жүктелді. 1925 жылы Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгертуге ұсыныс жасап, бұл идея съезде бірауыздан қабылданды.
Қ.Қожықовтың ғылыми және зерттеушілік еңбектері оның педагогикалық қызметімен тығыз байланысты болды. Ол Қазақ ағарту институтында дәріс беріп қана қоймай, Мемлекеттік ғылыми комиссия жанындағы «Талап» қоғамының мүшесі ретінде өлкенің тарихи және мәдени мұраларын зерттеуге белсенді қатысты. Жетісу өңіріне бірнеше экспедиция жасап, көне қорғандар мен ескерткіштердің орнын анықтады. Орхон жазуы мен Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарлары сияқты тарихи нысандар туралы еңбектер жариялады. Араб, парсы және шағатай тілдерін жетік меңгерген ол осы тілдердегі тарихи және әдеби шығармаларды қазақ тіліне аудару арқылы ел мәдениетіне елеулі үлес қосты.
Қ.Қожықов мәдени мұраны сақтау ісінде де белсенді болды. Ол Алматыдағы тұңғыш ұлттық мәдениет институтының, өлкетану мұражайы мен өнер училищесінің ашылуына атсалысты, тарихи ескерткіштер мен кесенелерді мемлекет қарауына алу жөнінде бастама көтерді. 1936 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалында еңбек етіп жүріп, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды жинауды ұйымдастырды. Сол мақсатта Түркістан, Сайрам, Қарабұлақ, Ташкент, Орал, Қазан қалаларына іс-сапарлар жасап, «Шахнама» мен Сүлеймен Бақырғанидің қолжазбаларын тапты.
Ұлт көшбасшысының
архивтегі дара қолтаңбасы
Қазақтың көрнекті тұлғаларының бірі – Қоңырқожа Қожықов Ұлттық кітапханада қызмет атқарған. Қоңырқожа Қожықовтың Ұлттық кітапхана архивінде сақталған жеке ісінің құрылымын, мазмұнын, ерекше құжаттарын және олардың тарихи маңызын қарастырып көрейік:
Қоңырқожа Қожықовтың жеке ісінің сыртында мынадай белгілер көрсетілген: №1 л. істер тізімі, 1 112-нөмірлі жеке іс, 27-бума.
Сыртқы мұқабада орыс тілінде: «Личное дело Ходжикова Конгыр Ходжи» деп жазылған. Жеке іс 15 беттей. Жеке істің құндылығы, әсіресе мына жайттан анық көрінеді: оның бірнеше бетінде Қоңырқожа Қожықовтың өз қолымен жазылған өтініштері мен жеке қолтаңбасы сақталған. Ескерте кету керек жеке іс қағазы орыс тілінде жүргізілген.
Жеке істің 1-бетінде Қоңырқожа Қожықовтың жұмысқа қабылдау туралы өтініші жазылған:
Өтініш
«Өзіңіздің қарауыңыздағы Мемлекеттік көпшілік кітапханаға қызметке қабылдауыңызды сұраймын. Құжаттар қосымша ұсынылады» деп Қоңырқожа Қожықов қолтаңбасын қойған.
15.03.1936 ж.
Кітапхана директоры өтініштің сол жақ бұрышына қолын қойып, «15 наурыз 1936 ж. бастап сирек кітаптар бөлімінің ориенталисті етіп тағайындалсын, жалақысы … рубль» деп жазған.
Жеке істің 4-бетінде Қожықовтың өз қолымен толтырған өмірбаян парағы (анкета) жазылған.
АНКЕТА
Қаз КСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасының қызметкерлері үшін
1. Тегі, аты, әкесінің аты: Ходжиков Конгыр Ходжа
2. Қызметі: Шығыс кітаптары бойынша ғылыми қызметкер
3. Туған күні, айы және жылы:1880 ж.
4. Ұлты: қазақ
5. Партиялығы: партияда емес
6. Білімі: Мұғалімдер семинариясында оқыған
7. Әлеуметтік жағдайы – қызметкер
8. Басқа партияларға қатыстылығы: жоқ
9. Әскери қызметі: жоқ
10. Революцияға дейінгі қызметі: Әкімшілік басқару комиссары
11. 1917 жылдан бастап қызмет: Шағын қарыз инспекторы
12. Отбасы жағдайы: Үйленген
13. Көзіңізге қарап отырған (асырауыңыздағы) адамдар бар ма: жұбайым және ұлым
14. Шетелмен байланысы: жоқ
15. Сотқа немесе тергеуге тартылуыңыз: Болды: ГПУ-де, еркін жер аударудан ерте мерзімде босатылды
16. Төңкеріске дейін ата-анасының қоғамдық жағдайы: Мал шаруашылығы
17. Ата-ананың материалдық жағдайы – сол уақытта және қазіргі: ештеңе, орташа
18. Қашан және қайда келдіңіз, қайда және кім болып жұмыс істедіңіз: 1933 ж. Қызылорда ауданындағы КСРО-ға қарасты қой өсіруші
19. Әлеуметтік жағдайы: Малшы – шаруа
20. Әскери міндетке қатысы: жоқ
21. Тәуелділер саны: екеу
22. Кітапханадағы еңбек өтілі: 1-ші жыл
23. Үй мекенжайы: Қаскелең көшесі, 86 үй
22 / ІІІ/ 1936 ж. қолы қойылған және (Ходжиков) деп жазылған.
Жеке істің 5-бетінде Мемлекеттік көпшілік кітапхананың ғылыми қызметкері (қазіргі ҚР Ұлттық кітапханасы) Қоңырқожа Қожықов Қазақстан бойынша сирек және құнды кітаптар, қолжазбалар мен ерекше жәдігерлерді жинау және сатып алуға жіберілді деп жазылған. Оған дәлел ретіндегі төмендегі куәлікті назарларыңызға ұсынамыз:
КУӘЛІК
Мемлекеттік көпшілік кітапхананың ғылыми қызметкері Ходжиков Конгыр Ходжа шын мәнінде ҚазЦИК Ғылым Комитетімен бекітілген маршрут бойынша Қазақстан туралы сирек, құнды кітаптар, қолжазбалар және ерекше жәдігерлерді жеке тұлғалардан да, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардан да жинау және сатып алу мақсатымен жіберілген. Бұл Қазақстан үкіметі бекіткен Мемлекеттік көпшілік кітапхана туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Мемлекеттік көпшілік кітапхана Ходжиков К-Х-ға өзіне жүктелген міндеттерді орындауда қажетті көмекті көрсетуін сұрайды.
Мәлімдеме 1936 жылдың 20 маусымына дейін жарамды.
Директордың м.а. //Симакова//
Хаттама секретары (қолтаңба)
Жеке істің келесі бетінде Қожықовтың қызметтік іс-әрекеттері айқын көрінеді: мұнда Кеңес Одағы бойынша көрмеге қатысуға берілген куәлік, сол сапарға қатысты бұйрық, Кеңес Одағы бойынша көрмеден қайтып келгені туралы бұйрық, сондай-ақ еңбек демалысына кеткені және оралғаны жөніндегі бұйрықтар сақталған. Бұл құжаттар Қожықовтың кәсіби қызметін, мемлекеттік міндеттерге қатысуын және еңбек тәртібін нақты көрсетеді.
КУӘЛІК
Бұл куәлік ГПБ-да қызмет ететін ғылыми қызметкер Қожықовқа берілген. Куәлікте көрсетілгендей, ол «Құқықтық және өнер істері басқармасына» «Кеңес Одағы бойынша көрме» жұмысына қатысу үшін 1 ақпан 1937 жылға дейін жіберілгені расталады.
Негіздеме: ГПБ дирекциясының және № О–35 санымен Упр. п/д арасындағы … мәселелер жөніндегі бұйрық, қолтаңба және мөр арқылы расталады.
Директор Искалиев
Құжат жүргізуші хатшы
Адиссонов
Жеке істің 12-бетінде оның әр жылдары атқарған ғылыми-ағартушылық еңбектері мен құрастырған кітаптары, брошюралары және жариялаған мақалалары туралы төмендегідей мәліметтер берілген:
Ходжиков
1905 жылы Самарқандта өзбек тілінде: «Жаңа әдісті мектеп (мактаб) деген не және одан қандай пайда» атты брошюраны құрастырды және басып шығарды.
Сондай-ақ сонда Түркістандағы тұңғыш мұсылман оқырман залының жарғысын өзбек тілінде құрастырды.
Сол жерде қолжазба еңбек: «Жаңа әдісті мактабтарда оқытуды меңгеру методикасы». Еңбек ұжымдық болды (мен және Бехбуби).
1912 жылы қазақ тілінде және араб қарпімен «Қазақ мектептері үшін әліппе» деген уақыт жағынан бірінші оқулықты құрастырды.
1935 жылы «Қазақстанның өткендегі тарихы шетелдік дереккөздерде» (1-том) атты ұжымдық еңбектің жасалуына қатысты.
Әртүрлі уақытта және әртүрлі журнал мен газетте сан алуан мәселелер бойынша мақалалар. 1936 жылы Қаз. Ұлт. Мәдениет Институтының жинағында «Жетісудағы көне ескерткіштер» деген мақала. 1924 жылы «Ақ-Мола» газетінде «Түркістан республикасындағы аудандастыру мәселелері» деген мақала және т.б.
05.02.1937 ж. деп қол қойған және (Ходжиков) деп жазған.
Қоңырқожа Қожықовтың Ұлттық кітапханада сақталған жеке іс материалдары оның ағартушылық қызметін, оқулықтар мен әдістемелік еңбектер құрастырудағы рөлін, Түркістан мен Қазақстандағы мәдени-ағарту ісіне қосқан зор үлесін дәлелдейді.
Қоңырқожа Қожықов өзінің еңбек жолында кітапхананың сирек және құнды қорын толықтыруға айрықша еңбек етті. Ол ғылыми қызметкер‑ориенталист ретінде Қазақстанның әр аймағында іссапар мен ғылыми‑іздестіру экспедициясына қатысып, сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинаумен және сатып алумен жүйелі түрде айналысқан.
Қ.Қожықов кітапханада 1933 жылғы қаңтардан 1937 жылғы шілдесіне дейін Сирек кітаптардың ориенталисі қызметін атқарды. Кітапхана мұрағатында Қ.Қожықовты «ҚазОАК Ғылым Комитеті бекіткен маршрут бойынша Мемлекеттік көпшілік кітапханасы туралы Қазақстан Үкіметімен бекітілген Ережеге сәйкес Қазақстан туралы сирек, құнды кітаптарды, қолжазбалар мен бірегей туындыларды (уникум), жеке адамдардан, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардан жинау және сатып алу үшін іссапарға жіберу» туралы құжат сақталған. Іссапар 2 айға созылды. Ғылыми-іздестіру экспедициясы барысында Қ.Қожықов Сайрамнан Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазрет Султан аль-Гарифин» қолжазбасын әкелді. Қолжазба XVI–XVII ғасырлармен белгіленген, 532 хикметті қамтиды, солардың ішінде 397 хикметі (112–489 б) Бақырғани жазған. Ал алғашқы 111 беттегі хикметтер Қ.А. Йассауидің «Диуани Хикмет» мінәжатынан алынған тараулар.
Қоңырқожа Қожықов Ұлттық кітапхананың сирек қорына әкелген Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазрет Султан аль-Гарифин» атты қолжазбасы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар Комитетінің шешімімен «Әлемдік мұра» реестріне 2003 жылы енген.
1938–1940 жылдары сирек қордың қалыптасуына Қоңырқожа Қожықов бастаған бірқатар зерттеушілер орасан үлес қосты. 1935 жылы жарық көрген Қ.Қожықовтың «Жетісудың көне ескерткіштері» атты еңбегі Ұлттық кітапхананың сирек қорында сақтаулы. Қазақ ұлт мәдениетін зерттеуші ғылыми институтының еңбектері атты жинақтың (1-том, 42–50-беттер) ішінде жарияланған. Орыс тілінде Ходжиков К.Древнейшие памятники Семиречья // Труды Казакского института национальной культуры. Т.1. – Алма-Ата; Москва, 1935. – С. 42-50.
2023 жылы және 2024 жылы Алматы қаласында, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры «Қоңырқожа Қожықов. Шығармалары» кітабы мен «Қоңырқожа Қожықов – Ұлттық элитаның көрнекті өкілі» атты жинақты шығарды. Аталған еңбектерді дайындау барысында зерттеу жұмыстары мен деректік материалдарды жүйелеу ісінде Сәуле Құлахметқызы Қожықова әкесі Құлахмет Қожықовтың қолжазба естеліктеріне сүйене отырып, Қоңырқожа Қожықовтың өмірі мен қызметіне қатысты құнды деректерді ғылыми айналымға енгізді. Әкеден қалған осы жазба мұралар негізінде Қоңырқожа Қожықов туралы бұрын толық қамтылмаған мәліметтер терең зерттеліп, «Арыс» қорынан жарық көрген екі жинақтың мазмұнына енгізілді. Осы орайда Қожықовтар әулетінің мұрасын түгендеп, ұлт игілігіне айналдырған Сәуле Құлахметқызы Қожықованың еңбегін ерекше атап өтіп, атқарған зор жұмысы үшін шынайы алғыс білдіреміз.
Сонымен бірге Ұлттық кітапхана қорында мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар да бар. Атап айтсақ, 2007 жылы 31 наурызда Сыр бойы газетінде шыққан Гүлжазира Жалгасованың «Қожықовтар әулеті», Ұлттық кітапхана қоғамдық ақпараттық-сараптамалық журналының 2010 жылы шыққан №2 санының тең жартысы Қоңырқожа Қожықовқа арналған, 2010 жылы «Алматы ақшамы» газетіне шыққан Ө.Өтеуліұлының «Қожықов қайраткерлігі», 2013 жылы 16 қарашада Сыр бойы газетінде шыққан Бақыт Тоқтамұратқызының «Қожықовтар қолтаңбасы», 2017 жыл 9 қазанда Егемен Қазақстан газетінде шыққан Бейбіт Қойшыбаевтың «Қожықов әліппесі», 2018 жыл 30 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан Бекен Қайратұлының «Қожықовтар құндылығы», 2023 жылы 14 қарашада «Жас Алаш» газетінде шыққан Асылан Тілегеннің «Қожықовтар қазынасы» тағы да басқа көптеген мақалаларды кітапхана қорынан тапсырыс беріп оқи аласыздар.
Қоңырқожа Қожықовтың «Қазақ мектептеріне Әліпби» атты оқулығы «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының сирек қорында фотокөшірме және микрофильм түрінде сақтаулы:
1) Фотокөшірме нұсқасы РФ 249 шифры бойынша сақталған, 89 бет саны бар. Мәтін қазақ тілінде, араб әрпімен жазылған. Орынбор қаласында 1912 жылы басылып шыққан.
2) Микрофильм нұсқасы РМ 513 шифры бойынша сақталған. 48 кадр. Мәтін қазақ және араб тілдерінде жазылған. Орынбор қаласында 1912 жылы басылып шыққан.
Тектілік пен тағдыр тоғысқан әулет
Қожықовтар әулеті қазақ мәдениеті мен өнер тарихында терең із қалдырған ерекше отбасы. Әулеттің негізін қалаушы Қоңырқожа Қожықов – Алаш қозғалысының белсенді өкілі, ағартушы, ғалым және қоғам қайраткері ретінде танымал тұлға. Қожықовтар әулетінің тарихында білім мен өнерге жақындық, ұлттық дәстүрді сақтау басты орын алғаны анық.
Қоңырқожаның жары Ләтипа Қожықова – сән және қолданбалы өнер шебері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одағының мүшесі. 1892 жылы қазіргі Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында туған. Әкесі Мұңайтпас болыс болып, ауылда «Хан» мектебін ашқан, ал Ләтипа сол мектепте білім алған. Ләтипа мен Қоңырқожа мұғалім болып қызмет істегенде танысып, өзара махаббат арқылы өмірлік серіктес болды. Әлеуметтік айырмашылыққа қарамастан, олар үйленіп, Орта Азияны шарлап, балаларын тәрбиелеу арқылы өнер мен мәдениеттің дамуына үлес қосты. Ләтипа Қожықова қазақ драмасы мен опера театрында еңбек етіп, сахна костюмдерін жасап, Мәскеудегі қазақ өнерінің алғашқы онкүндігінде Қазақстанды танытты. Ол шәкірттерін өнерге баулыған шебер ана ретінде ұлдарына ұлттық мәдениетке деген құрмет пен білімге ынтасын сіңірді.
Қожықовтар отбасының ұлдары – Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет және Сұлтанахмет – өз саласында көрнекті шығармашылық жол бастаған тұлғалар. Қожахмет Қожықов – Қазақстандағы тұңғыш суретші-график, карикатура және плакат жанрының негізін қалаушы. Мәскеуде жоғары көркемөнер шеберханасында білім алып, елге оралған соң ұжымшар тыныс-тіршілігін бейнелейтін және ұлттық дәстүрді дәріптейтін картиналарды жасады. Ол Қазақ мемлекеттік драма және опера театрларының алғашқы суретші-безендірушісі болып, көркемсурет галереяларының қалыптасуына ықпал етті. Алайда 1938 жылы репрессияға ұшырап, кейін денсаулығына байланысты 1944 жылы босап шықты. Азаттық алғаннан кейін «Қазақфильм» киностудиясында декораторлық жұмыстар атқарды, жүзден астам сатиралық линогравюралар және акварельдік туындылар жасаған.
Құлахмет Қожықов – сахна көркемдеуші, кино суретшісі, кескіндемеші және қазақ дәстүрлі өнерін зерттеуші. 1932 жылы қазақ драма театрында шығармашылық жолын бастап, «Абай», «Еңлік-Кебек» спектакльдерін безендірді. Ол ұлттық кинематографияның маңызды туындылары – «Абай әні», «Алып туралы жыр», «Жамбыл», «Алдаркөсе», «Қыз Жібек» сынды фильмдердің қоюшы-суретшісі болды. Құлахмет Қожықовтың ғылыми-танымдық фильмі «Қазақтардың қолөнері» және Республикалық ұлттық қолданбалы өнер мұражайының директоры ретіндегі еңбегі оның өнерге деген адалдығын дәлелдейді. Нұрахмет Қожықов қазақтың алғашқы мүсіншілерінің бірі болып, көптеген скульптуралық жұмыстарды өмірге әкелді. Соғыс жарақатына қарамастан, өнерге деген сүйіспеншілігін тастамады. Сұлтанахмет Қожықов (1923–1988) – қазақ киносының көрнекті режиссері, «Қыз Жібек» фильмінің қоюшы-режиссері. Майданнан оралған соң Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында оқып, «Қазақфильмде» режиссер әрі көркемдік жетекші болып қызмет атқарды. Оның фильмдері қазақтың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, адамгершілік құндылықтарын көрсету арқылы ұлттық мәдениетті әлемге көрсетті.
Алайда олардың еңбегі әлі толық зерттеліп біткен жоқ және зерттелуі тиіс, себебі әрбір туынды, әрбір шығармашылық із – қазақ мәдениеті мен ұлттық руханияттың айнасы. Осыған орай Ұлттық кітапхана мен Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институты бірлесіп Н.Дәулетова атындағы залда 2025 жылғы 25 желтоқсан күні Ұлттық кітапхананың құрылғанына 115 жыл, хәкім Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, көрнекті ағартушы, ғалым, этнограф, мемлекет және қоғам қайраткері және Алаш ардақтысы Қоңырқожа Қожықұлының туғанына 145 жыл толуына орай «Сирек мұраларды жинау, сақтау және ғылыми айналымға енгізу мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді. Бұл іс-шарада Қоңырқожа Қожықовтың ұрпағы Сәуле Құлахметқызы Қожықова қатысып, әулеттің тарихи-рухани мұрасы мен Қоңырқожа Қожықовтың өмірлік жолына қатысты естеліктерін айтады.
Айгерім МҰРАТҚЫЗЫ, Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің топ жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
https://anatili.kazgazeta.kz/





